ТҰРАРБЕК МЕРЕЙ. ҚАН ДӘМІНЕН СОҢ...

Жай адамның қиялы жетпейтін, тірі жан ұғып түсінбейтін, жер бетіндегі адам атаулыға беймәлім, әйтсе де ең аяулы сәт - ол әлденеден қоштасар уақытта ғана орын алатын. Шындық па, өтірік пе, ақиқат па, жалған ба оның ара жігін ажырату пенде сорлыға бұйырған бақ емес-ті... Ол да осындай беймәлім бақытқа толы сәтті құшты ма екен? Көп ойланды...

         Таң арайлана атып келеді. Жас жапырақтың құшағында мөлдіреп жатқан шықтай таза салқындық. Суықтау және солғынды дала. Күн әлі де биіктенген тұрпайы ғимараттардың арасынан арпалысып шыға алмай жатыр. Қала іші сол баяғы бәз қалпы. У да шу, асығыстық пен арпалыс жарыса қайшыласқан қу көшелер, жанға да құлаққа да бір сәт тыныштық бермейтін көліктер, гүрілдеп жатқан тәкәппар қаланың кескіні.

         Таң атысымен үстіне ақ майкасы, бұтына тізесі алдыға екі елі шығып кеткен көк трикосын киіп балконға шықты. Үйдегі лас ауадан кейін тынысы бірден ашыла кетті. Аяғы жалаңаш. Еденнің сызы табанына мұздай қадалса да, оған әсер етпейтіндей, бейне алға қадам басып бара жатқан өзінің аяқтары емес, өзге біреудікі секілді. Оларды сондай бос, әлсіз сезінеді. Қабағы қатулы, жүзінде аса салмақтылық пен бейғамдық бар. Шегір көзі сондай сабырлы болғанымен жан жағына сыймай, атылып шыққалы тұр. Ол қашанғы әдеті бойынша сол балконға шығып шылымын тұтатпақшы. Екі қолы қарт адамның жансыз қолдарынша өзіне бағынбай дірілдеп, тұтатқанша тағаты қалмайды. Көзін шығыстағы шырайлы күнге бір атты да, сыртқы ауамен терең бір тыныс алды. Кейін шылымын бұрқ еткізіп лезде жандырды. Осы сәтте ғана ол  қара басындағы барлық уайым-қайғыдан бір сәт айыққандай еді. Қандай бақыт шіркін! Осы сәт оның жанына майдай жағатын. Тек осы сәтте ғана дүние тоқтап қалса және бір асықпай ойға бататын едім дейді.

Шылымын жанған бойда құшарлана бір сорды да көк түтінді таңның салқын да пәк ауасына қарай майдандастырып, зұлымдық пен ізгіліктің айбатты арыстандарынша арпалыстырып қойды. Енді ғана түн лебінен босап шыққан боз даланы бір сәт ластауға кірісті. Сол баяғыша зұлымдықтың иісі мүңкіп, мұрыныңды тұмшалап, қышыта жөнеледі. Бірақ ол түтінді шығарып жатқан пенде оны сезбесе керек. Сезген болса да, ол одан жасқанбайтын айықпас ауруға шалдыққан...

         Өне бойы тым рахат сезім алып тұр. Соңғы бір айда бұлай  керемет дем алған емес. Таңғы салқын тауықтай қаңқа төсіне теңіздің майда толқындарындай соғылады кеп. Бес алты күннен бері жуылмай, киізденіп қалған шашын сол таң самалы келіп еркелете тарайды да, жер астынан тартып шыққан қара тамырдай қырланып әжім түскен бетінен де сүйіп кетеді. Кеудесінен де, қалтырап, әлденеден жасқанған қолдарынан да, аппақ та буынсыз нәзік алақанымен бір белгісіз ару құшақтап, аймалап жатқандай сүйектері босап, боп боз болған денесі ери түседі. Осы тұрған сәтінде астында тұрған алты қабат ғимаратты жоқтай сезініп тек қалықтап тұрғанын сезетін. Дүниемен ашық та оңаша қалған жетінші қабаттан мынау шегі де шеті жоқ әлемге тамсана қарайды. Аппақ бұлттардың арасындағы таңғажайып әлемге саяхаттағалы тұр. Және оған ол жаққа баруға ешкім ешқандай ақы сұрамайтындай елестейді. Тым еркін сәт! Ол осы сәтте бұл дүниені қатты сүйді. Бұл жалғанның да азда болса шындығы барын ұққандай. Жарық дүние оған енді туған сәбидің көзіндей тұп-тұнық, бейкүнә болып көрінсе де, дәл сондай бейкүнә ғажайып, беймәлім сұлулық болып қала берді. Осы уақытқа дейін бір сәтке де ұнап көрмеген мынау дүниеге қимастықпен қарайды.

         Оның бұл арадан бір елі де артқа шегінгісі жоқ. Алдындағы пәк дүние оның жанарына жіпсіз байланып, өзінің мөлдір құшағына тартады. Аспан бұрынғыдай емес. Алқызыл бұлттар, күннің сәулесіне шомылып бара жатқан мұхиттың түсіндей шексіз аспан барлығы дерлік күнделікті құбылыстан болмысы бөлек, ерекше. Ол мына қызыққа таңырқай отырып екінші шылымын тұтатып, ерініне байлады. Шабыттанып бара жатқандай. Әйтсе де мынау денесі өзінікі еместей сезінеді. Неге екенін өзі де түсініп болмайды. Оның соңғы өткен ауыр да арпалысқа толы бес күні қазір бір секундқа да миына кіріп шықпас еді. Ойлауға да мұршасы жоқ. Шегіліп жатқан шылым қайдан шығып жатқаны белгісіз. Қуыс кеудеге мақсатсыз кіріп, мақсатсыз шығып жатыр. Әйтсе де бір құмарлық бойын жайлайды. Тұрған тұрысында сәбидей балғындық, бейғамдық белең алған. Көкте қалықтап тұр. Күллі әлемнің құшағында!

         Кенет парасаты биік аспан мен тобырлы күйбең тіршіліктің майданы -жердің арасын шылымның түтінімен жарысып тұрып жынды адамша салыстырды. Жер беті мен шексіз аспанның соңына дейін баруға көзі жетпесе де, бір көзін сығырайта қысып, бас бармағымен өлшеп көрді. Сәл қарап тұрды да іштей мысқылдап күліп қояды. Пенде көзге анау айтарлықтай алыс емес екен ғой деді әлдекімге. Бірақ осы бармақтай ғана аралықта қандай алпауыт ұғымдар, қаншама сарынды сыр жатыр, қаншама айтып тауыса алмайтын айырмашылық бар десеңші!? Ол да бір шылым өшіп біткенше ойланатын ой шығар-ау деді. Аспанның аты аспан, жердің аты жер не дегенмен. Екеуі ешқашан түйісе де, сүйсе де алмас еді. Бармақтай жақын болса да, жер аспанның орнын баса алмайды, ешқашан!

         Аспан ол періштелердің ғана мекені. Сондай таза, сондай іңкәр сезімге толы, аппақ, бейкүнә бұлттардың арасында ғұмыр кешуге ғана арналған өлке. Дәл менің Эльдам жүретіндей жер! Ешқандай да арам ойсыз ауа, жаныңа жылулық сыйлайтын ақша бұлттар бәрі, бәрі сонда! Ондай жерге жер бетінде құмырсқаша өріп жүрген зұлымдық пен надандық сасыған лас пенделер бара алмайды. Мүмкін емес дейді. Джейк осы сәтте өзінің де ол жерге бара алмайтынын сезді, анық сезді. Әйтсе де бәлки барып қалуға болар ма деген ой да қара басынан алыс емес-ті. Ол жағын ойлап көрген...

         Ал жер беті ше? Екі ғана жолда өмірін арнап жүрген лас пенделердің мекені. Бар жоғы екі ақ жол! Зұлымдықты бейғам, алаңсыз іске асыратындар мен әділеттілікті ғұмыр бойы баз кешіп, іздеумен өтетіндер! Болды, осымен бітті. Тек осылай алма кезек орындала беретін қамшының сабындай ғана қысқа алгоритм. Бір ғұмыр осымен өтеді. Жер басып жүрген әр адам сол екі санатқа да жатады, жоқ, тіпті міндетті түрде жатады! Бірақ зұлымдықты көр соқырлықпен іске асыратындар көп, ол өзінің ісіне бей-жай қарап, бір сәт болсын өзгені мүлде ойлауға тырыспайтындар. Ал біреуден зұлымдық көрсе бітті, әділеттілікті жасқа солған жанарамен іздейтіндер де жетіп артылады. Бір қызығы осының бәрі бір ғана адамның басындағы мәселе.

         Бұл ой үстінде екінші шылым шегіліп болып, үшінші шылымның бір жарқ етер қысқа ғұмыры басталған-ды. «Адамдар қызық...» дейді дауысын әлдекімге гүрілдете сөйлеп. Әділеттілікті іздеп шарқ ұрады. Ғұмырын арнайды, қан қақсап еңірейді, жылайды, ботадай боздайды. Кімнен көрерін де жақсы біледі. Адамнан! Басқа кімнен көреді? Бірақ, аң емес, өзі де адам емес пе? Сонда әділеттелік кім үшін керек? Әділет деген ұғымның өмірде жоқ екенін білмейді-ау сірә! Болмаса ол әрқашан екі ұдай болып бөлініп жүретінінен де бейхабар-ау сорлы пенделер. Ол өзінде бұрындары сол сорлы пенделердің қатарына қосатын.

         Мәселен, әділдік болса деді жанына қарап. Екі адам арқылы іске асқан жасанды әділетсіздіктен бұрын, өмірде жаратыла біткен әділетсіздіктер бар емес пе? Мәселен, неге дүниеге келген мың адам аман-есен сау келеді де, біреуі ғана ауру болып туылуы керек? Ал жарық дүниеге келмей жатып өліп кеткен сәбилер ше? Тірі қалған күннің өзінде неге мың бала ата-анасымен бақытты ғұмыр кешеді де, ал бір бала неліктен жетім өсуі керек? Неге біреулер жала жабылып он бес жыл түрмеде отырады, ал өмір бойы бас бостандығынан айырылуы тиіс адамдар оны мына жақта күнде істейді?! Және олар неге жазаланбайды а? Неге біреулер шибөрідей қаптап жүрген жақындарының қадірін білмесе де олардың бәрі дін аман жүреді, ал біреуді соңғы үміті, жан дегенде жанының жалғыз жапырағынан айырады екен? Құдай бар болса, неге соның бәрін реттемейді? Осы сөзі шамадан тыс, қаттырақ шықты. Көзін белгісіз мөлдір мұң торлап, ауыр тамшылар, зілді жас ақты.

       - Эльдам менің... - деді кеберсіп қалған ерінінен үні үлбірей шығып.

       - Эльда? Е-е-е иә, сұңғақ бойлы кербез Эльда! - деді кенеттен біреу жанынан ойда жоқта пайда болып. - Қандай сымбатты қыз еді, түннен де қара шаштарына самал жел соққанда жартасқа соғылған әсем толқындардай бұйра шаштары аққу мойынына еркелей құйылушы еді. Мойынандағы тарыдай меңі неткен жарасымды еді, шіркін! Өзге түгіл өзінің де қолы тимесе керек. Көздеріне қарасаң шексіз іңәрлікті ғұмыр бойы ұғатындай, бейкүнә көзқарас еді ғой. Қандай сымбатты болса, дәл сондай жан дүниесі де сұлу, көркем, таза еді. Имандылығы бойына дарыған, ақылдылықтан бойына құйылған жинақылығына ешкімнің дауы да болмаса керек- деді белгісіз біреу. Джейк одан да бетер еңірей түсті. Өткен өмірін еріксіз еске алды. Оның жаңа шыққан көктемдей таза жанарын елестетті, мың қыз татымас кербездігін, тәуекелшілдігін, суықтығын.., бәрін, бәрін!

Эльда әр күні өзінің оқуынан шыққасын скрипкасын арқасын асып алып дайындыққа баратын. Ол өмірді, Құдайды қалай сүйсе, өнерді де дәл солай жан тәнімен сүйетін! Сол дайындығынан соң үйге кешірек келіп, тым ерте жатып қалатын еді. Шаршағанын жалғыз әкесінің құшғанына еркелей отырып басатын.

         Эльда әкесіне еркелеп отырғанда өзінің муызкант болатыны жайлы, сол музыка арқылы адамдарға рухани азық беріп, рухани әлемнің қаншалықты құдіретті екенін ұғындырам деуші еді. Дәл қазір оның артындағы есігі ашық тұрған бөлмеден қызының ең соңғы «Өмірді сүю» атты танымал туындысы шырқалып тұр. Джейк оны мәңгілікке жалықпай тыңдап өтер еді. Тек сол ғана оның жанына медеу сыйлайтын ерекше музыка! Әйтпесе Джейк оған дейін музыканы ешқашан сүйген емес. Осы сәтте төртінші шылым қолындағы құшақта тербетіле бастады. «Музыканы сүю керек!», деп аспанға қарап дәл осылай айқай салды. - Ол шексіз махаббат пен рухани әлемнің азығы! Тым болмаса менің Эльдам үшін сүйіңдерші...

Екеуі бірге отырғанда Эльданың өзі үшін қызық әңгімелері басталатын. Әкесінің құшағына кіре отырып мынау шетсіз, шексіз әлемнің де бір жаратушысы барын, құдайдың бар екенін айтатын. Сендірігісі келетін. Құдаймен бірге құдай жаратқан: әділдік, мейірімділік, ізігілік, махаббат секілді құдіретті ұғымдардың барын жалықпай сөз етуші еді. Және дейтін Эльда әкесінің көзіне тіке қарап:

- Арғы дүниеге барғанда бізді жұмақ пен тозақ тосып тұр, кімде кім ізгі амал жасап, әділ жолмен жүріп, ешкімге ешқандай зиян келтірмей жақсылық жасап өтсе, сол жұмаққа кіреді, егер керісінше жаман адам болса тозақ күтіп тұр - дейтін түсіндіре сөйлеп.

- Біз екеуміз жұмаққа кіреміз, ол жақта бәрі керемет. Құдай мейірімді, тек өзіңіз шын сеніңізші, екеуміз бірге сол жақта кездесеміз солай ма? Джейк:

 - Қойшы қызым, кім барып көріпті ол жаққа - десе болды,

-  Әкета-а-й, - деп еркелей түсетін. - Сенбесеңіз қойыңызшы, - деп артқа өтірік бұртиып отырып алушы еді. Джейк сонда қызын құшағына ала түсіп еркелетіп, жұпар аңқыған тәтті шаштарынан құмарлана иіскейтін. Кейін -жарайды сендім, екеуміз де жұмаққа кіреміз, жақсы, солай ма? – дегенде,

          - Бұйырса әрине! - деп Эльда қайта көктемдей жадырап шыға келетін. Ал Джейк жұмақ тұрмақ Құдайдың барына сенбесе де, қызының нұрлы жүзіне қарап отырып барлық айтқан әңгімелерін жалықпай тыңдап, сенгендей күй танытатын. Бірақ мән берген емес. Джейктің оның ойына, ісіне, сеніміне ешқандай шектеу қоймағаны қызын асылындай жақсы көргендіктен дер едің.

          - А-а-а, айтпақшы есіңде ме? Ол саған әке, өмірде түбі әділдік бар, ол түбі орнайды деуші еді ғой соңғы сөзінде, сол орнады ма, қалай ойлайсың?

- Жоқ... - деді бәсең үнмен

- Қалай дейсің?

- Жоқ, дедім ғой мен саған, ешқандай да әділдік орнаған жоқ!

- Әрине орнаған жоқ, себебі сен өзің орната алмадың, жалпы адамдар әділдікті ғасырлар бойы орната алмаған. Қызық, өздері ойлап тапқан, бірақ оны қалай іске асыруды білмейді. Әділдік деген ұғым жәй ғана сандықтың түбінде ешкімге көрсетпей ұстап, қарайып қалған алтын секілді, қадірсіз. Әділеттілік деп құдіретті ұғымды сөзбен тәрбиеге араластырғанда сондай! Ал ол санаға кірді ме жоқ па? Ешкімді қызықтырмайды!

         - Жап, ауызыңды! - деді Джейк солқылдай түсіп.

         - Шындығына келсек, әділеттілік ы-ы-ы... тағы қандай ұғымдарың бар еді, солардың барлығын сорлы пенделерді босқа адастырмай адамзат санасынан шегеріп, жойып тастау керек-ау деймін. Адамзат онсызда оларсыз ғұмыр кешіп келеді. Барына ғана сенеді, жалған үмітпен алданып соны күтеді, ал ақиқатына келгенде сол зұлымдықтың төңірегіндегі қасіретті ұғымдармен-ақ қанша ғасыр өмір сүріп келген жоқ па? Әйтсе де көрсоқырлықпен өз зұлымдығын біреуге асырып болып, біреуден қорлық көрген сәтте әділеттілікті іздеп жалған үміт отын сөндірмей жүру үшін ол байқұс ұғымдарды жоймаған да дұрыс шығар. Джейк, білесің бе, сен өте дұрыс істедің, мынау тар жалғандағы рухани жалғызғыздықтың падишасына айналдың, әділеттілікке орын тар қоғамда өз қалағаныңды іске асыра алдың!

- Мен осы өмірде ақыры әділдік болмағасын сондай іске бардым. Білесің бе? Мен әділдікті өмір бойы күттім, Өмір бойы түсінесің бе?! Мен қалаған, мен естіп өскен әділдік, мейірімділік деген ұғымдар алдымнан ешқашан шыққан емес! Сол себепті де қаншама қыздары бар отбасылардан алмай, менің жалғыз қызымды алды! Сол үшін маған ендігі аспан айналып жерге түссе де бәрібір!

Осы сәтте манағы өзі салыстырған аспанға көз жасын сүрте қарап қойды.

- Дұрыс айтасың, енді сенің өміріңде жаныңа шуақ шашар кім қалды, әрине ешкім... Меніңше саған мына өмірде ешқандай қызық қалған жоқ сияқты

- Ал өмір сүру үшін міндетті түрде қызық керек пе еді?

- Ендеше, осынау азғындыққа толған қоғамда әділетсіздіктің құрбаны болып күн кешіп жүре бер – деді тіптен сенімді болып алған белгісіз.

- Жоқ, мен керісінше ендігі өзгені құрбан қылдырам...

- Сен қазіргі сәттен-ақ құрбан болып кеттің Джейк. Сенің есіңнен өзіңнің не істегенің шығып кетті-ау деймін. Саған енді мына жалған тарлық етеді. Оданша тыныштық тауып жатсаңшы.

Азғындыққа тартқан бұл жағымсыз дауыс әуелде Джейктің сол жағынан шығып, сол жағынан ескен самалдай ғайып болды... Джейк ойдың отына одан да бетер кісенделе түсті... Осы сәтте соңғы бесінші шылымды зорлап, бауыздап өмірін аяқтаған болатын.

          Белгісіз біреумен сырласып біткесін. Балконның үстіне бейне бір енді ұйқыдан тұрған адамдай маужырай көтерілді. Самал жел үдей түскен сәт. Терең тыныс алды. Айналаға көз тастады.  Айналада не сол тәкәппар қала мен улы қоғамның баяғы таз қалпы. Ештеңе өзгермеген! Бағанағы таза сұлулықтың барлығы көз алдынан бұлдырап, сағымдай алыстап кете барды.  Көзіне ыстық жас келді. Істеген ісіне өкініп те көрді, мақтанып та көрді. Әйтсе де олардың ешқайсысы оны тұсаулап ұстай алмады. Ол осы тұрған сәтінде астындағы жеті қабат ғимаратты жоқтай сезінді, тек әуеде қалықтап тұрған қуыс кеуде пендедей. Кенеттен ессіз күйде жерге қарай қанаты жайылмаған құстың балапанынша секіре кетті. Аз ғана уақытқа жолдама алып кең дүниенің құшағында еркелеп барады. Ары бері бос кеңістікте аунап көрді. Болды бітті. Қас-қағым сәтте жерге тастай жабысып, өз ішінде атылған бомбадай шашылып кете барды. Көз алды қара түнек...

Бірден өлемін деп ойлаған еді, әйтсе де олай бола қоймады. Жарық дүниеге келу қандай қиын болса, кету де мүлде оңай шаруа емес екен. Жүрегі соғып тұр ма, жоқ па ол жағын білмейді. Денесін сезген жоқ, көзі қарауытып дүниеден алыстап барады. Өне бойы ток соққандай шаншылып, әр жерде бөлке болып шашылып жатқан ішкі органдарына тамсана қарайды. Көз алды бұлдырап қана көрінеді.

Ол осы уақытқа дейін мұндай органдарды Эльданы зорлап, артынша өлтіріп кеткен сол бір бес жігіттің іштерін ақтарып көргенде тамашалаған. Қандарының дәмін де көрген. Тым тәтті еді. Қалай ішетін, қалай оның сұйық болып тұрып, қалай ұйып қатып қалатынына тамсана қарап еді. Ал қазір соңғы рет аузына қанның дәмі келді. Өзінің қаны! Іштей тым қышқыл сияқты, дәмсіз екен деді. Өзінен өзі жиіркенді. Бірер минуттардан кейін адамдар маңайына қаптай бастады. Дабыр-дүбір сөйлесіп жатыр: «Бірден өліп қалды ма? Ананы қараңдар қан, қан! Ішін қарашы қалай ақтарылып кетті! Жынды ма, қандай адам өз өзіне қол жұмсайды Құдайым-ау?!». Джейк мұның бәрін естіп жатты. Әйтсе денесінен сау ештеңе қалмаған, тіпті басын да көзін де ары бері қозғалта алмайды. Бірен біреу мәйітін көтеріп алатын болса, Джейктің денесі өлген қозыдай былқ-сылқ етіп ар жаққа бүктетіле беретіндей еді...

Джейк соңғы демімен аспанға қарады. Құдайға сенуге тым кеш болса да ішінен бір сөздер айтып жатыр: «Әділдік... Құдай » - дейді дызылдатып шыдатпай бара жатқан шыбын жанын шүберекке түйіп.

-Енді мен соңына дейін әділдік болмағанын қалаймын! Егер арғы жақта нағыз әділдік болатын болса мен Эльдам айтқан жұмаққа кіре алмай қаламын, егер ол жақта да осы өмірдегідей әділдік болмайтын болса бір нәрсе қылып Эльдама жетемін, міндетті түрде! Әділетсіздіктен айыра көрме!

Қан дәмін көрген соң, кімнің жолында құрбан етсең де, тіпті әділдіктің жолында болса да, бұл дүниеде жер басып керек емес. Мейлі ол кімнің қаны болсын, өзгенікі ме, өзіңдікі ме, бәрібір! Бастысы ол – қан