АРМАНБЕК ЖӘКЕЙХАН. ТҰТҚЫНДАЛҒАН ЖАНЫҢА ЖАРАЛЫҢМЫН...

САҒЫНЫШ

 

Толықсыған Ай алқа тағынғанда,

Себеп таппай жүрегім дамылдауға.

Сағынғаннан өзіңді шығар деймін,

Салып тұрған әнімнен жаңылғанда.

 

Сұлығымен сыр айтып солғын әннің,

Есіміңді жырлайтын болдым әр күн.

Сағыныппын шынымен деймін тағы,

Құлақ күйін таппасам домбырамның.

 

Сен тұрасың ішінде жанарымның,

Тұтқындалған жаныңа жаралыңмын.

Гүл бейнелім, қай жерде жүр екенсің,

Өптіріп желге әтірін тамағыңның.

 

Жансың-ау, бар қайғымды ұмыттырған,

Сен үшін кетем жанды қылып құрбан.

Сағынбайын десем де Күннің көзі,

Саған ұқсап кетеді күліп тұрған.

 

Түн көрпесін жамылған аспан ана,

Сенсіз мынау сияқты басқа қала.

Жанып ысып барар ем алып ұшып,

Ең болмаса емессің, Астанада.

АСТАНА СЕНІҢ ҚАЛАҢ

 

Хафиз сыйлаған екі шаһарға

Алматыны да қосып ал дедім.

                  Жүрсін Ерман

Білмейсің жәй күйімді ұғып,

Өзгеден асып туғансың.

Сен маған шәй құйып жүріп,

Өзіңе ғашық қылғансың.

                      А.Жакейхан

Астана мамыр кеші, саялы бақ,

Құшағын маған да ыстық жаяды нақ.

Күнде еңкейіп барады, күңіреніп,

Күрең үйге шынтағын таянып ап.

 

Көшелерден көрінбей, бақта да біз,

Сырымызды тек іштей ақтарамыз,

Мен өзім деп айтпаймын неге екенін,

Сағынып жүр деп қоям Астанаңыз.

 

Деймін, иә Астана сағынып жүр,

Жанардан жас, қаламнан тамызып жыр,

Көп гүлдер де көңлімді тарта алмайды,

Көрікті емес жалғызға бағы құрғыр.

 

Жанарыма мұң салып, көңілге алаң,

Сағынады ол неліктен дедің маған.

Алматыны Лариса қызға берсе,

Аяулым-ау, Астана сенің қалаң.

 

Биік қойып басыңды, бағаңды елден,

Бақытым деп Тәңірден маған келген.

Шәй құйылған кесемді ұсынғанда,

Астананы, Алтыным, саған бергем.

 

ҚАРАША

Жағып кеткен сезім бар кезінде сен,

Сен себепкер, түн бойы көз ілмесем.

Қармаппын ау қолымды мезгілден кеш,

Ардақтым-ау жүре бер өмірде есен.

 

Бақытыңды тауыпсың, кеше көрдім,

Мен қайтейін, қайғымды еселермін,

Салқындығын сеземін бүгін қатты,

Кеше біздер қыдырған көшелердің.

 

Бәрі бәрі жаманға санаса да,

Бәлкім бұл күз толы ма тамашаға.

Сар жапырақ, сары ала сезімдерді,

Аманаттап барамын қарашаға.

 

Қош жапырақ, моншақтар күзгі досым,

Сенде үнсіз жылайсың, үздігесің.

Енді ешқашан бір жерде айтылмайды,

Екі жаққа айрылған біздің есім.

 

Көкейімнен кете алмай, тұрып тұнып,

Түсіме кеп жүрсең де күліп кіріп.

Қарашада түскен қар қара жерге,

Ақ сезімді жіберер ұмыттырып.

 

«АУЫЛЫМ-АЛТЫН БЕСІГІМ...»



Жазира даланың төсінде,
Кір жуып,кіндігім кесілген.
Балалық шағымды іздеймін,
Жүк артқан түйелі көшіңнен.

Есімде алаулы кештерде,
Қозы,лақ жататын жамырап.
Туған жер қойнында қалды ғой,
Ауылым,киелі шаңырақ.

 

Шығыстан бозарып ататын,
Алтын еді ауылдың таңыда.
Бұл күнде кім ойнап жүр екен,
Мен өскен қараша үй маңында.

 

Күн батып кешқұрым болғанда,
Ақ үйдің будақтап түтіні.
Тамылжып әндеткен орманда,
Құлаққа келетін құс үні.

 

Айқара ашатын есігін,
Келгенде алыстан сағынып.
Ауылым ей алтын бесігім,
Аңсадым өзіңді сарылып.

 

МЕН СІЗДІ ҰНАТАМЫН

 

Бақыттың түсірмейік біз бағасын,
Сізді аңсап енді жүрек сыздамасын.
Сізді ешкімге көрсеткім келмесе егер,
Демеңіз неге мені қызғанасың?

 

Себебі бар, себебі қызғанатын,
Жаныңыз жаурап жалғыз мұздамасын.
Іздеп тапқан жартысын жүрегімнің,
Басқалар рұқсатсыз ұрламасын.

 

Себебі сізді қатты ұнатамын,
Сол үшін жүрегімнен гүл ашамын.
Сізді аңсап қызарып батып кешім,
Сізді.аңсап атуда әр құба таңым.

Ей, ару қыз, мен сізді ұнатамын.

 

ЕСКІ ДОСҚА

 

Бердібек досым…

Еске алдым елді сағыныш көп жүдеткесін,

Қолбайлау болып қу тірлік соға алмай жүрмін.

Сеземін келмедің деген елдің өкпесін.

 

Сеземін сағынғанын да бауырдың мені,

Естелік еске оралып тәуір күндегі.

Жырақтап кетіп қойнынан туған ауылдың,

Самайдан сүйер сағынтты сауырдың желі.

 

Естеліктердің жанымда елесі қалып,

Аласұрамда тұрамын мен осы нағып.

Алабас атты көрдің бе аттанған шақта,

Жіберген едім босатып, өресін алып.

 

Сағынышым ай санадан күлкіні айырған,

Қытығы келген құнандай үркіп айылдан,

Ағадан сәлем айтарсың інімді көрсең,

Ұсақ бұйратта қиқулап жылқы қайырған.

 

Аттандырғанды деп ауыл саған сенемін,

Әппақ үмітті әлі ақтап барам, сеземін.

Түсімде дәйім бозбала шағымды көрем,

Дүрбі сап жүрген басында Аралтөбенің.

 

«ДЖУЛЬЕТТА»

 

Үскірік желі, далада Ақпан,

«Верона»  емес, Арқаның.

Ақ ұлпа қар мен самала жапқан,

Сұлбасын сұлу қалқаның.


Жиналған халық, бар сәнді құрып,

Наурызнамаға* кешкілік.

Алдымнан шығып қарсы алдың күліп,

Сырғаңның үні естіліп.


Сабырымды ұрлап, тағатымды алған,

Қара көз, құлын мүсінді ең.

Сен мені ұқпай барасың қарғам,

Сүйемін деймін ішімнен.


Парис* пиғылға құрық салайық,

Құлып салайық екеулеп.

Екеуміз сосын тұрып қалайық,

Хан* тауын мәңгі мекендеп.


Көзімнен бәрін байқамай қалсаң,

Дәлелдің қанша керегі.

Жульеттамын деп айта бер, қалқам,

Ромеомын ғой себебі.

 

Верона-екі тайпаның өмір сүрген жері

Наурызнама-Ромео мен Жульетта жолыққан сауық кеш

Парис-Жульеттаны жар етіп алмақ болған жан.

Хан тауы-Ромеоны жер аударып жіберген өңір

 

АУЫЛҒА САҒЫНЫШ

 

Біздің ауыл жағасы Қаракөлдің,

Әлі есімде, мойнында ана белдің.

Ағам келе жататын ала таймен,

Мен ол кезде жас болдым, бала болдым.

 

Жүрген кезде есейер шақты армандап,

Жылдар жылжып, арада Ай жатқанды аунап.

Санам гүлдеп оқуға аттанғанмын,

Ағам мінген ала тай ат болғанда.

 

Сол кеткеннен ауыл да, Анам да алыс,

Көңілде күз күңреніп, санамда қыс.

Сағынысып сәл ерте қайтатынбыз,

Біздің жаққа асығып барарда құс.

 

Көңілімнің көгінен бұлт арылып,

Айлар аңсап жеткенде, жыл сағынып.

Ақ жаулығы адалдық айнасындай,

Анам күтіп алатын құрсағы құт.

 

Естелігін өткеннің жылға (ы)сырып,

Күндерім-ай жоғалған құмға сіңіп.

Көбелегін көгалдың қуған шақты,

Керегенің көгіне жүр жасырып.

 

ЖЫР АРУ

 

Басы бар, аяқ-қолы бар,
Ән көрдіңдер ме аққұба?!

Ж. Жақыпбаев

 

Көзінің қара мойылы-ән,
Қара қас, қасаң қабағы.
Сағалы Сырдың бойынан,
Жыр көрдім мөлдір жанары.

 

Жыр көрдім, мөлдір жанары,
Алдында емес, күн сұлу.
Жыр өзен болып ағады,
Жырласа ару, Сыр сұлу.

 

Тыншымай тулап, ет жүрек,
Арасында қап елестің.
Жолықсам қайта деп тілеп,
Көңілімнен кетпей көмескі үн.

 

Жұматай болса жолығар,
Ән көрдің бе деп аққұба.
«Басы бар, аяқ-қолы бар»,
Жыр көрдім, аға, пәк бұла.

 

Жолынан жүрді тосып Ай,
Қол создым көкке құлаштап,
Жыр Ару көрдім осылай.
Бір Ару көрдім тым асқақ.

 

***

Біз тілдескен жалғыз сөз «Сәлеметсіз!»

Ибалылық, басқадан әрі емессіз,

Бұрын қайда жүргенсің деймін, Құдай,

Әлде, жолықтырмаған әлем ессіз.

 

Тәтті мұңды жүргенде мен жастана,

Жанарыңды қадама сен басқаға.

«Сені сүйем» дегеннен сембес жағым,

Сені сүйем демей сен сөнбес қала.

 

Сәулесіндей ақ жүзің таң нұрының,

Жүрегімді қытықтап әр қылығың.

Жамалыңа тамсанып өмір кешсем,

Жанарыңа жазылып бар ғұмырым.