Үнсіздік. Ауладағы әйел туралы ойладым. Күйеуімен ажырасқан. Жол апатынан қайтыс болған екеу… екі баласы… ұлдары…
Қазір жалғыз тұрады. Жұмысқа жарамсыз. Антұрған ауру да оңай емес. Бір қол, бір аяғы үздіксіз дірілдеп икемге келмей, ырқына көнбей күн ұзаққа тулайды. Әр дәрі ішетін мезгілде тұла бойы ток соққандай ауырады. Шыдатпайды. Не істерін білмей безек қаққанда аяп-ақ кетесің. Қолдан келер қайран жоқ. Осы кезде дегбірі қашып, дымы құриды. Көбіне өзіне ие бола алмай құлап қалады. Ондайда есін жиғанда ғана түрегеледі. Не өмір… мән бар ма? Білмеймін…
Адамға адам керек деген рас-ау деп ойладым. Күн ұзаққа терезеге телмірумен уақыт өткізеді. Таныс не кеуіліне жаққан біреуді көре қалса шайға шақырар еді. Бір басына түскен сонша тауқыметті ойлағанда аяп бас сұғатындар бар. Жайдары әйелдің өміршең әңгімесін тыңдағысы келетіні бар. Әйтеу, адам қарасы үзілмейтін.
Көбіне дастархан басында сол бір әйел ойыма жиі оралатын. Бірге біраз рет шай ішкеніміз бар. Содан болар. Кішкене ғана ауладағы бізге өмір барын еске салып тұратын кең жүрек секілді көрінетін. Тек шай үстінде емес, қиналғанда да жиі ойлаймын. Сынаққа уатылып сына қоймайтын, оны-мұныға тауы шағылмайтын елуді орталаған әйел мұны өзі білмейтіндей, бейқам. Домофон безек қақты. Күткен ешкім болмаған соң шошып кеттім. Кім екенін білуден бұрын безілдеген дауысты тезірек өшіргім кеп тұра жүгірдім. Тұтқаны көтергенде сұрауды күтпестен «ашыңызшы» деген әйел дауысы тым ащы шықты. Ойланып жатпастан тетікті бастым да, есікті ұзақ бұрап, ыңырсыта аштым. Әлден уақыттан кейін өң-түсі белгісіз, қарабайыр киінген әйел кірді. Күздің қара суығында бұл жүріс те тым оғаш көрінді. Әдетте, мұндай күнде тығыз шаруаң болмаса шыққың жоқ.
Жүзі солғын тартқан, арықша келген кісі екен. Үстінде қолпылдаған жейде, кең етек белдемше. Аяғына қоңыр түсті колготки киген. Күз секілді. Жаңа жауып өткен жауынның ізі байқалатын сұр тренчі мен қара бәтеңкесі біртүрлі, көзге қораш.
Танымай тұрыңқырап қалдым. Сөйлесе келе бұдан біраз бұрын мектеп бітірген оқушымның анасы екенін шырамыттым. Шай үстіне келген соң «мақтап жүреді екенсіз» деп жүгіре беріппін. Шалттатып оны-мұны әзірлеген болдым. Әйелдің жүзі сынық. Әдетте үйге арнайылап келушілер болмайтын не ескертетін. Бұл жүрісі ұнаңқырамады. Шешіліп сөйлемейді де. Ауық-ауық терезеге қарай береді. Біреуді күтіп отырған сияқты. Айтқандарыңа елп ете қоймайды. Ұната қоймадым. Суыт жүргенімен қоймай тым еркінси жүріп, маған мән бермейді де. Ішімнен булығып тұрғанымда бірден сарнап кетті.
–Сонымен, Гүлім туралы сөйлескім келеді… Үйіңіздің маңынан өтіп бара жатқам. Көшіп кетпегеніңіз жақсы болды… Сіз ренжімессіз. Ерте келгеніме, ескертпей келгеніме,- дегенінде кішірею жатқан жоқ еді. Әшейін, сыпайылықтың белгісі сияқты жүрдім-бардым айта салғаны білініп тұр. Жүзінде қысылу жоқ. Керісінше, тым суық жанар өңменіңнен өтіп барады. Жұтынып алып қайта сөйледі:
–Иә, әлгі… Шет-жағасын естіген шығарсыз. Гүлім ауырып қалды. Сөйтіп оқудан шықты. Міне, осы күзде 7 жыл болады. Емделмейтін көрінеді. Қыздар дуалаған екен. Солай…,- деп бір тоқтады.
Әйелдің дауысы қатқыл шықты. Созбақтап жатпай, қысқа қайырды. Арлана ма екен, кім білсін. Ал қызы туралы естігем… Обал. Бірақ неге маған келгенін түсінбедім. Не айту керек екенінің де ретін білмедім. Аузын буған өгіздей басымды шұлғи бердім. Көзіме көзін қадай қарады. Жүрексініп қалдым. Қорқынышты екен. Көзімді тайдырып әкеттім. Сосын қайта жалғады:
–Оқушы кезінде қалай оқып еді… Білесіз ғой,- дегенде үні жалынышты шықты. Қызының қиын тағдыры қайта есіне түскендей кемсеңдеді.
–Иә, үлгерімі жақсы болатын. Жатқа соғатын. Сөйтіп жүріп түсті ғой оқуына,- деп салдым да тілімді тістей қалдым.
–Түбіне жетті. Сол оқығаны үшін дуалады.
Үндемедім.
–Қазір тек Гүлімге қараймын. Анамын ғой. Менен басқасы қарауға батпайды да. Адамдар одан қорқады. Күтім қажет еткені өз алдына, кейде үйден шығып кетеді. Ондайда көрген адамды алқымынан алып, қылқындырып жатқаны. Ақыл-естен айырылған. Тірі өлік.
–Жақсарар әлі,- дедім. Әйелдің өңі жұбау тартты. Екеуміз де қайыры жоқ екенін білсек те іштей жақсыға иланғандай едік.
–Жеті жыл болды ғой. Көргенім осы. Жалғыз ұлым да осы қыз үшін үйленбей жүр. Жасы отыз беске кеп қалды. Әкелсе де бұла өскен қыз бұ тірлікке қайдан үйренсін. Оны да түсінем, бұны да түсінем. Қиналып кеттім. Өлсе деймін,- дегенде даусы зілдене шықты.
Шошып кеттім. Еш жүрексінбей, даусы дірілдемей айтты. Жүзіне қарадым. Әлі терезеге қарап отыр екен.
–Иә, иә, өлсе деймін. Дұрыс естідіңіз,-деді жайбарақат.
Мен орындыққа отыра кеттім. Басым мең-зең тартты, тап бір инемен шаншып жатқандай. Қолымды жоғары көтеріп сермей бердім. Доғар дегенім болу керек. Ол арасын өзім де анық білмеймін.
Әйелдің орнынан түрегеп есікке беттегенін сездім. Есік жабылды.
Алматы, 2024.