СҮЙІСКЕН ТҮН
Қала, жаңбыр, Астананың ауасы,
Сүйіскен түн, махаббаттар моласы.
Далабыңыз ерінімде балқиды,
Жанарыма жанарыңыз қарасып.
Сол бір кеште неге мұңлы күй кештің?!
Дәл бұлай сен сүймессің hәм күймессің.
Неге менің хаттарыма жауап жоқ,
Мен отырмын шарабыңнан құй десіп!
Үнсіз ғана жыладың да жантайып,
Бокалдағы кермек дәмім ортайып.
Сенің жасың төгіледі там-тұмдап,
Мен отырмын әр жасыңа қартайып.
Естеліктер, сол баяғы аңыздар,
Көз алдымда сұр көшелер, сол қыздар.
Мені көрген сәттеріңіз альбомда,
Сені көрген ырзамын тамызға!
Тамыз кетті, келді міне мұңлы өлең,
Мұңлы әуендер тыңдатуда түн неге?!
Есіл жақтан ұшып кеткен аққуым,
Сөйле, жыла, үндеме.
Жо-жоқ, кешір, бәрі бітсін дедім де,
Қорқыт сынды беттедім де өлімге.
Кек алайық кесірленіп жарығым,
Сені өксіткен өмірден!
***
Ол енді кетті, көңілде қалды жыл, сағым,
Оралдым қайта араға айлар, жыл салып.
Сүйген адамға дұрыс та шығар кейде осы,
Қатігез болу мұншалық?!
Бетховен тыңда, күйтабақ ойнап таңғы аста,
Таңғы асың сосын естеліктерге жалғасқан.
Жүруші едің шаң жуытпастан өзгеге,
Мінезі ауыр деген сөздерден қорғаштап.
Ұйықтадық бірге, ояндық бірге әуенмен,
Сағыныштарды арқалап қалдым сенен мен.
Өзеуреп жүрген сәттерде тағы кезіктің,
Ешкімім жоқ қой, ештеңем жоқ қой өлеңнен.
Ауылға кеттің, қалада жүрдім есіріп,
Көңілімдегі көңілсіздіктерді өшіріп.
Перронға қарай асыққан жоқпын білсеңіз,
Пойызым келді кешігіп.
Өтірік!
Махаббат деген күйтабақ емес – адасу,
Құрысын мынау шулы көшелер, қаласы.
Мен қайда барам?
Әрине саған, күте тұр!
Сен қайда ботам барасың?!
***
Ресторан,
Гүлдер,
Романтика, іңір, бақ.
Миледи отыр алдымда.
Бірдеңе дедің жанарың талып сыбырлап,
Пиджагымды ал, тоңдың ба?!
Аяулы сөздер, аялы сөздер айтылып,
Есілді қайтсақ жағалап.
Мелодия ойна, шақырайын қой тұрып,
Вальске сізді бола ма?!
Билей алмай, туфлиіңізді байқаңыз,
Әдемі бізден жұп шығар?!
Аралайықшы әлеміңізді айтсаңыз,
Арбатта қызық жоқ шығар?!
Көйлегің керім, өзің де керім, ұялма,
Тыңдайық сенен жыр деші.
Отау құрамыз, баламыз болар қиялдап...
Кетіппін енді күлмеші.
Жылдарым сосын Есілмен бірге жылыстап,
Шамам жоқ сүртер күз жасын.
Қинамашы енді ояну керек жұмысқа,
Көп іше алмаймын қысқасы...
***
Ертіс сенің балдырыңа буынып,
Қанды өзеннің ағысына жуынып.
Күншығыстың көкжиегін шаң басып,
Күбір-күбір сөздерменен ұлыдым.
Ертіс саған ағам кеткен, мен қалғам,
Жібіте алмай кеудедегі тоңдарды.
Шерің қоздап, дертің меңдеп қайғылы,
Сол қайғыны, өсек-жала, өтіріктен қорғадым.
Ол аяулы қайғы еді, күй шертіл,
Бұл түріміз сүйген түр hәм күйген түр.
Тауым жаққа қаршығамды сабалап,
Ауыл жаққа той жасаймын үйленіп.
Ерге сын деп, еркелеген, есірген,
Қарашаңырақты жүрегіме көшірген.
Ауыл қалды артымызда қарайлай,
Бірақ, шалалылығымды кешірген.
Сол кезеңдер, сол өзендер, тым аппақ,
Оңай емес таудан, тастан жырақтау.
Ата, сенің шылымыңның түтіні,
Келе берді-ау көз алдыма будақтап.
Салқар көштен сайғақ шығып, серт еніп,
Өмір үшін, өзің үшін өртеніп.
Дұрыс бәрі, тек жаныма батады,
Сауытымды майыстырып кеткенің,
Қабырғамды қайыстырып кеткенің.
***
Міне, бір бөлмелі пәтердегі құлшылық,
Бұл жүректің мүмкін емес тыншуы.
Осы өмірден ала-алмаған қандай өш,
Осы өмірге неге жүрміз қырсығып?!
Дала көрдім, қала көрдім, көргенім,
Ағыстарға қарсы жүздім, өрледім.
Жүрегімді жұлмалайсың бейуақта,
Жыртығымды жамап беріп сен менің.
Іңірдегі құстар сазын билетіп,
Мұң-зарыңды мұңлық болып иледім.
Құламайтын жерлерімде құладым,
Күйремейтін жерлерімде күйредім.
Жоқ, осымен таусылмайды бұл әуен,
Құлар болсам баяғыда құлар ем.
Жылар болсам баяғыда жылар ем,
Неменеге жетісемін мына мен?!
Өмір танып, өлең танып, ой танып,
Әкенің де, ағаның да жаны шірін жай тауып.
Аға, бәрін таста, қаңғыруды доғарып,
Комсомолға қайтайық!