ШАМИЛЬ НЕСІПБАЙ. ТЫМ БОЛМАСА СЕН КҮЛІП ЖҮРШІ, АЛМАТЫ

ӘЖЕ

 

Сұрғылт қайғың мен жүз ашудан,

Көрдің ғой қарттығыңда көресінді.

Жабырқаған сәттерде біз асылған,

Әжеу! Сенің иығың неге сынды?

 

“Өлсем…” деме, неге Алла дұға берді,

Ажалдың аты құрып кетсін әрі.

Иығына сыйдырған мына әлемді,

Сендей асыл әженің жоқ сыңары!..

 

Тағы да деп айтпашы “қаусырадым”

Сиреньдей жассың әлі, көп көрерің.

Сен жаққансың ғаламның бар шырағын,

Әжеу, неге өмірге өкпеледің?

 

Төтеден салып қалған шынжырды кеп,

Ренжітсе қайтем тағдыр жан әжемді?

Саған құлап иығын сындырды деп,

Тепкілегім келіп тұр қара жерді.

 

Сәбимін ғой жүруді кеше білген,

Сен саямсың қап-қалың шиедейін.

Апатай, тұршы қане төсегіңнен,

Екінші иығыңа сүйенейін.

 

ЖОҒАЛҒАН ЖОЛДАСҚА

 

Қайдасың өскен досым қатарласып?

Тұрайық тым болмаса хат алмасып,

Ажалды аузыма алман , бірақ ертең,

Бізді де бір-бір төбе жатар басып.

 

Төнсе де қара дауыл басқа неткен,

Дүниені сілкіген достар өткен,

Исатайын сағынып ат үстінде,

Махамбеттің айтқаны босқа деп пе ең?

 

Біз қашан бел буамыз хал сұрауға,

Хақым бар өлең жазып қамшылауға,

Ажал да ажарлы боп көрінеді-ау,

Жаныңда досың тұрса жан шығарда.

 

О, жолдас, ол сый үшін бірақ, бірақ,

Достығың болу керек қуаттырақ!

Достығың тұру керек бүр атқылап,

Достарда болу керек бір мүддемен,

Бір-ақ мұрат.

 

Қайдасың өскен досым қатарласа?

Жүрейік ең құрыса хат алмаса,

Оны да доғарармыз, доғарасың,

Тізімінде тойыңның аталмасам.

 

АЛМАТЫМ

 

Сенің кеудең кімге өкпелі?

Тауыңның да дірілдеп тұр бөктері.

Сан сарсаңға салсаң да, сабылтсаң да,

Сені сүйер жан көбін білмеп пе едің?

 

Алматым,

Бізге де бір қарайлашы,

Қан жұттың ғой онсызда талай ғасыр.

Дүрсілін жүрегіңнің жиілетсең,

Қанша жүрек тоқтайды…

(соны ойлашы).

 

Тигізіп сансыз күнә өз кеселін,

Қалғандаймын қойнында боз көшенің.

Алматы,

Құбылдың сен неге бұлай?

Мен ауылдан келгенде өзгеше едің…

 

Алайда еш бір жанның жоқ обалы,

Адамдарың күңгірт қой тоба, бәрі

Тым болмаса сен күліп жүрші, Алматы

Сенен мейірім жоғалса не болады?

 

ЖУСАННЫҢ ЖҰПАРЫ ЕМЕС

 

Аль-Фарабидің даңғылынан кең ауылымдағы қуысым!

Әкем де сонда шешем де сонда екінің бірі туысым,

Кептелістерінен кептеліп ойым, тарылып кетті тынысым.

Қызыл да жасыл жалтырақтары құрысын!

Мен қалада жүр екенмін ғой жыр үшін..

 

Таласып-тармасып, арманның етегіне жармасып, ергенмен,

Жусанның жұпары емес зауыттың түтіні шықты кеудемнен,

Ауылдың сарқыты ғана оңған жүзіме өң берген,

Жапырағымен сорамды сүртіп, топырағымен емделгем,

Көкем де сонда жерленген!..

 

Қасіретпенен қатігездіктің көп пе әлде мұнда саны тым,

Сәулесі түспей жанашырлықтың, қалғандай шіріп қамытым,

“Қалада қал” - деп шығарса бірде жан — үкім, мұңға орайды тағы түн,

Туған жер!

бірақ ақын ұлыңның өзің деп тұрған  шабытын,

Өшірмес ешкім қағылмайынша қарағайыңнан табытым!

 

МАЙКА

 

Тұңғыш ұлыңды айтасың жиі

Жиырма жыл бойғы айқасың — күйік.

Өстім ғой Мама, мен де көрейін,

Марқұм көкемнің Майкасын киіп.

 

Ажалдың тиіп ұшқан алауы,

Дәм-тұзы біткен тыста жол әлі..

Көкем шіркіннің тағдыры шығар,

Мына Майканың қысқа жолағы…

 

Сөзіңді естіп сілкіп жыр мені,

Сағыныш билеп, бұлқып жүр демім.

Тозған киімді шүберек қылмай,

Көзіңнің жасын сүртіп жүр ме едің?..

 

Күйік мұң болып жағылғанда алау,

Жараңа Майка — таңылған жамау.

Осы матамен бірге сөгілді,

Көкем қайтқалы қабырғаң, Мамау!..

 

«Қаза тапқанда егілген дала,

Қарап тұрғандай көгімнен балам..

Тастамай киген Майкасын шешіп,

Молаға кетті кебінмен ғана..»