СҰЛТАНҒАЗЫ САНЖАР. ЕҢ СОҢҒЫ РЕТ САҒЫНДЫМ ҚАЙ КҮНІ МЕН

***

— Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

— Бәрі тозған, әлі де тозары анық.

Әлі ауылды көресің, көркейтеді

деген мендік көңілде боз ала үміт.

 

Ауылда қалған қайда!..

Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?

Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,

Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?

 

Қала - мұнаралы...

Көгіндегі көк туы — тұман әні.

Көк түтіннен қашқанда,

Қоңыр жолдан,

Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?

 

Ұнайтын ауылымның кеші маған;

Еркелеткен жалғызын есіл анам.

Егін салып

Ентіккен

Еңкіш шал мен

Еміренген кемпірді

Есіме алам...

 

Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп

Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.

Сағат санап,

Сан қойды санап жүр ме,

Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.

 

Қарттары жоқ, кімдермен кеңесеміз,

Онсыз-ақ ақылдымыз немесе біз —

Жылдан жылға жиделер жүз түп артып,

Қалың тоғай сиреді демесеңіз.

 

— Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

— Бәрі тозған, әлі де тозары анық.

...Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,

Ойнамайды төсінде Қожа нағып...

 

ЖОҒАЛУ ЖӨНІНДЕ ЖЫРСЫМАҚ

 90 ж батырлары – аналар

 

Шарбағына көршінің артылам кеп,

Ал жеңгей нан бере ме?

Ол күмән боп.

...Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,

Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.

 

Айтамын күз деп соны,

Сол күздің жібімейтін мұз боп шері

«Жарты нанды қайтар», – деп жеңгей сосын,

Кеш кірместен келетін іздеп сені.

 

Қайғырсаң жоқты қайғыр,

Тоңазымай таңдар да атты қайбір.

Орнына енді ойсырап олқы түскен,

Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.

 

Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»

Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»

Бір нан артық аламын бүгіндер мен,

Сұрап қалса берем деп бір балақай.

 

Шешем солай өмірге өкпеледі...

Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.

Нан іздетпей анаңа, менен сұра,

...Менің анам нан іздеп кеткен еді.

Содан соң оралған жоқ

 

ЕСІЛ КҮЗ

 

Қараңғы қайғыдан түнімен,

Қайта алмай, көңілді мұңайтам.

Сағынып қалыппын шынымен,

Шынымен, шынымен,

Шын айтам.

 

Шын ба?, – деп таң ата ойланып,

Жалғанға өзіңсіз сенермін.

Сен неге келмейсің айналып,

Жерді енді домалақ деген кім.

 

Әр жерден іздедім, әр күннен,

Ал жүрек сенімен бір жүр шын.

Тапқан да шығармын, бәлкім мен,

Жоғалтқан шығармын,

Кім білсін.

 

Еске сап ескіні күз осы, ә,

Өткенді аңсаймыз несін біз.

Елеңдеу бар шығар ұзаса,

Бұл жолы біз жоқпыз.

Есіл күз.

 

КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРҒА ЕСЕП

 

Шопан атай шынымен "кеміс" дерсің,

Төлді әкелме, – дейді, – өлсе, өрісте өлсін.

"Шохасынан" көрмеген қызықты енді,

"Мотосынан" көріп жүр неміс көршім.

 

Атам әлі тұрғандай шалдау адам,

Жанына еріп мен жүрем мал қамаған.

Күнде анасын сағынып жүр аттасым,

Айырылғаны бар еді ол да анадан.

 

Көрші ұлдардың құлағын бұрапты ағай,

Алма ағашы қисайып, құлапты оңай.

Қара бие жалтақтап жүрді кеше

Құлыны өлген қораға бір аптадай.

 

Жыр жазғаным енді кеп мазақ қой бұл,

Астаң-кестең, алқынған азапты ой құр.

...Бағың жанып, бай болып кетпесең де,

Бақыттырақ болған да ғажап қой бір.

 

 * * *

– Атаң көрінеді.

– Ура!

 

Салқын-салқын самал кеп қарсы беттен,

Біздің үйдің бақытын жаншып өткен.

Бізден гөрі көрші ұлдар бақыттырақ,

Апасының дәмді еді борщы неткен.

 

Жесір – әйел.

Жетім – ұл. 

Ал, күз – өңір,

Жүрегіңе бар мұңды еңгізе кіл,

Бір түн түнеп шығам деп мәңгі қалды,

Жаратқанға жарасқан жалғыз өмір.

 

Сеніп қалып анамдай елеске құр,

Ұмытпаумен, сақтадым оны есте бір.

Соңғы отынның отына мұңлы-үңілу,

Салқындықты үйрену емес пе бұл?

 

Салқын-салқын сондай бір өмір еді,

Мына ағайын не ұғып, не біледі.

Бір-бір құшақ шырпыдан арқалап ап,

Атам келе жатқандай көрінеді.

 

– Анам көріне ме?

– Жоқ!

– Туү....    

 

ЭПИТАФИЯ

 

Көкіректің қатқан шері,

Кетпесін деп көктемде еріп

Қайғылардың аққан селі,

Қалған шығар өкпемде өліп.

 

Сорасы ақсын аспанның да,

Көзі ағарып жаңбырдың.

Мен әкеден жас қалдым да,

Бұлтын көрдім тағдырдың.

 

Бұлт та өкпелеп бірдеңеге,

Бұртиятын құйттай қыз боп,

Оянбадық бірге неге,

Бірге әкемен ұйықтаймыз деп.

 

Енді әкесін сағынбай ма,

Жалғыз өзі оянды өр ұл.

Бастағы әсем бағым қайда,

«Баянсыз hәм аяулы өмір»

 

Жаңбыр қайтып маған келді,

Жалғыз өзі.

Жоқ ешкім.

Әкем соңы – тәмәм болды,

«Әке-а-у-у» деген емеспін.

 

ЭЛЕГИЯ

Уақыт теңескен күн

 

...Ауыл. Күз. Түн. Құшамын ыстық сені,

Жан білмейтін жолдарға түстік соңы.

«Пәленшенің» қорасы кенет құлап,

«Түгеншенің» өртеніп қыстық шөбі.

 

Таппай қалдым содан соң тағы адасып,

Қайда кеттің, қайдасың, бала ғашық.

Қораны ашып қалып ем қара атты іздеп,

Жолдар-ай, ұзақ жолдар ала қашып

 

Көргенім жоқ түкті де, көрмеймін де,

Жан анам жүр жанымда (өлмей бірге)

«Ура, алақай!» деймін ғой, ол шын болса,

Бүгінгідей, көкем-ау, шөлдеймін бе?

 

Шөлдеймін бе – тақыр қып жерді бұл күн,

Түсіме еніп сұрайды немді құрбым?

Сағаттар артқа қарай жылжыса да,

Өткеннің оралмасын енді білдім.

 

Сағат сыңсып жылайды жетімсіреп:

«Өмірден сұра бәрін, өтінші» – деп.

Бірінші рет көрейін мен әкемді,

Он екіні соғып тұр екінші рет.

 

Ұйықтап қалыппын.

* * *

 

Жыл қайда жылы жаңбырлы,

Кейінгі жылдар жаз салқын болып барады,

Кейінгі жырлар одан да суық hәм мұңлы.

 

Қазекең айтпақшы жан қайғы,

Аяулы өмір, қаяулы көңіл дейміз ғой,

Баянсыз бақыт, аяусыз уақыт алдайды.

 

Бала күн еді, жер қатып, мұз боп үлгерген,

Қоп-қоңыр қозым үсіп өлгені есімде,

Тағдырда туыс болмасын сонда білгем мен.

 

Тәуір ме деймін кешегім,

Жыр жазбай жүріп жаралы жүрек едім ғой,

Әжем айтпақшы; ит қапқан соң не сорым.

 

Тағы да тұман тұмшалап алып алдымды,

Мал құрлы көрмей келеді жазым суытып,

Жыл қайда жылы жаңбырлы.

 

БАСҚАҒА СЕНІ ҚИҒЫМ ЖОҚ

 

Сағындым деп хат жазсаң не етті,

Хат жазсаң не етті

Сүйдім деп?

 

Сен үшін ояу ақ алмас таңым,

Түн болсын..

Мейлі, таңертең.

Нөмірді тер де хабарлас, кәні!

Жан алмас.

Қорықпа, ақ еркем.

 

Бақылап барып қайтшы сен хәлін,

Жүректің дағы әлі кем?

Мен сияқты...

Айтшы сен бәрін,

Шаршадым деші бәрінен.

 

Шалдықтым деші, шалындым деші.

Шағылдым деші, шынарым.

Сап-сары күзде сарылдым деші,

Сағындым деші, сыңарым.

 

* * *

Сезім жаққан өшті рас оттың әні,

Көшті де армандары.

Мен сені ойлап көрген жоқпын әлі.

Жалған бәрі.

 

Көңіл күндіз шырқайды жарсала дүр,

Түнде болса зілдей мұң.

Ұнатудан қалғалы қаншама жыл.

Ал сүюден, білмеймін.

 

Ұмытқам қайғыны мен,

Сондықтан айта аламын кешірме деп.

Ең соңғы рет сағындым қай күні мен,

Есімде жоқ.

 

Бар дүние мұңымен,

Мені кел де табалай бер, табалай.

Сенсіз-ақ та шаттана алам шынымен,

Иә, сенсіз, бәрі оңай.

 

Сезімімнен кетсін мейлі қашып өң,

Басылмаса, басылмасын күйігі.

Сенсіз оңай барлығы да расымен,

Өмір сүру қиыны.

 

*  *   * 

Салқын кештер сезімдерге қорған боп,

Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.

Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,

Бәрі әйбәт.

 

Солған да жоқ жаралы жан - жарты гүл,

Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.

Сүймейсің бе деп сұрайсың...Ол түгіл,

Сағынған да жоқпын мен.

 

Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,

Өшіргенмін өткенде.

Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,

...Нөмірің де жоқ менде.

 

Сан сүрініп, жығылып,

Сапар біткен саған деген жолдағы.

Алматыға барсам, барам қыдырып,

Сенің үшін емес бірақ ол дағы.

 

Сүю деген келген емес әзірге ой,

Жыла мейлі, өкіріп.

...Айтқанымның бәрі де - рас,

Әзіл ғой!

Сүйем сені..

Өтірік.

 

***

Сенен де жақсы жігіт жолықпай шоң елде,

Қыз күтіп тұрса қайтер ең осылай егерде;

Қала.

Асфальт.

У-шу.

Қап-қара юбка.

Ресторан.

Iphone-ны қымбат менен де.

 

Шалға ұқсап сосын тұрысың,

Жүргеніңді, әсте қайдан біледі жыр үшін.

Вилласы несі,

Коттеджі несі ол айтқан,

Ауылда қалған қосты ойлап кетем, құрысын.

 

Қосылмай ешбір тобырға,

Ауылға қайту керек шығар, ә, соңында.

Түкті де ойламай көршім де жүрген жоқ па әне,

Басып ап түнде қорылға.

 

Галстук. Пальто.

Костюм мен жейде шаршатты,

Ауылдың тозған тоңдары әбден аңсатты.

...Несіне мені сүйесің деймін.

Мен деген,

Қойшы бір ұлмын малсақ-ты.

 

Көргенсің, - дейді ол ,- уды еміп

Тұрғам жоқ және сенен бір асқан қу көріп.

...Ешкімге нанбай, ауылды ойлап келемін,

Сіріңкем жанбай су болып.