ӘУЕЛБЕК ҚУАНДЫҚҰЛЫ. ҚИМАСТЫҚПЕН ҮЗІЛЕДІ ЖАПЫРАҚ

АҚСАҚ ЕЛІК

 

Көптің біреуі көріпкел ме екен?

Көрген түсімді жорып бер, көкем.

Жайылған жансыз кілем далада,

Түсімде кілең елік пен бөкен.

 

Бөктерлеп шығып қырат-белдерге,

Бас қояды ылғи суат жерлерге.

Жұмыр жалғанның ғажабы осы,

Көрген сәтінде жұмақ дер пенде.

 

Еліктіреді есімді алып,

Күн болса барады бесіннен ауып.

Төсінде қалған қара жотаның,

Ақсақ бір елік есімде анық.

 

Амалы қалмай, сірә да, нендей,

Орнында солай тұра да бермей.

Құлашын керіп, аяғын сермеп,

Құздың басыннан құлады мендей.

 

Қырдың басына бір адым өрлей,

Тұмары желдей, жұмағы жердей.

Ақсақ бір елік асқақ кейіпте,

Құлады мендей, құлады мендей.

 

Өзге бір жолы, сірә дә, қалмай,

Тағдырын тағы кіналағандай.

Тұралағандай жалған тірліктен,

Өмірді солай сынап алғандай.

 

Қаймыққан да жоқ, жасқанбады да,

Жанардан титтей жас парлады да.

Аспандады да көз салып елге,

Ажалдың түсті тас қармағына.

 

Жоқ, ажалдың өзі сескенді, білем,

Атыңды қайтейін ескерілмеген.

«Аруақ» деді құлар ардында,

Қалған салтпенен көшпенділерден.

 

Аяусыз мына ғарып ғаламда,

Тіттей де болсын жарық табам ба?

Ақсақ еліктей жанымды қиып,

Асқақтығымды алып қалам ба?

 

Көптің біреуі көріпкел ме екен?

Көрген түсімді жорып бер, көкем.

Жайылған жансыз кілем далада,

Түсімде кілең елік пен бөкен.

 

ЕССІЗДІК

 

Адалдықтың айырмай жік арасын,

Адамдықтың құлатып мұнарасын.

Жүрегімді мәңгіге бере салдым,

Жүрексіз бір қыз келіп сұрағасын.

Бастапқыда жүрсемде «қарындас» деп,

Басқа сезім болды ғой, сірә, басым.

Түңгі ызғарда айтатын сырларымды,

Жұлдыздар естіп қойып жыламасын.

 

Қисынсыздау алданып армандарға,

Шырақ деп ұмтылыппын жаңған шамға.

Тасасында қалдым ғой тарландардың,

Таудай биік таласып талғамдарға.

 

Аңғалдық-ау, аңғалдық аға деген,

Аға десең бар іске бара берем.

Жалғанды жалғыз сүріп өтсем бе екен?

Аға деген сөздегі жараменен.

 

Жаңылысып менде де жарығым-ай,

Кім ойлаған болар деп бәрі бұлай.

Қарындасты тағдырым қыламын деп,

Болып қалдым жалғыздың жары Құдай.

 

Қызғанышқа қимайтын қарындасым,

Құшағыма сыймайтын қарлығашым.

Ағаң қалған қарама аралдарға,

Аға бер өмір атты ағындасың.

 

Сырларымды жүрседе сұрап әркім,

Сендей жан табылар ма ұға алатын.

Естелікке есімің көп жазылған,

Ессіздік болған шығар бұ да бәлкім.

 

Тұмша мұңға тұншығып биік арман,

Тұман басқан жанымды күйік алған.

Менің топас басымның кінәсі ғой,

Сенің томпақ бетіңнен сүйіп алған.

 

Өксігімді басатын бар ма амалым?

Өзіңсің деп айтарда таңдағаным.

Аңғармайда қалыпты аңғал көңіл,

Аға деген сөзгеде зар боларын.

 

Жүре бермей...

Жалғыздықты жаныма жарастырып,

Тағдырдың таңдауына талас қылып.

Бақытымды іздейін менде де енді,

Көшедегі кемпірге бал аштырып.

 

***

 

Кім ойлаған айлардың жоғаларын,

Уақытпен бәрінің тоналарын.

Өкпеңді маған енді артпашы деп,

Өткен күндер былғайды орамалын.

 

Қош, қаңтар, ақпан қысым менің!

Неге алыстап кеттіңдер түсінбедім.

Сыртым күліп қарсы алады көктем айын,

Ешкімге сездермеген ішімде мұң.

 

Күн ұзарып, қою түн қысқаруда,

Ән салады-ау астана құстары да.

Ерімейді көңілге қатқан қайғы,

Еріп жатыр мұздар да, қыс қары да.

 

Көктем келді, о, пәлі көктем келді!

Гүл басады баяғы бөктерлерді.

Қыс қызына хат жазып жіберсем бе?

Ұстап алып көктегі кептерлерді.

 

Армандарда біртіндеп алыстады,

Жібермейді сондада намыс тағы.

Терезеден несіне қарай берем,

Көзім шалып қалардай таныс жанды.

 

***

 

Атың қандай жүрекке жағымды еді,

Көзің қандай алмас па, лағыл ме еді?

Өткен күзде күлкіңмен ұрлап алған,

Өзің келіп ашсаңшы бағымды енді.

 

Тіл қатсаңшы, сорлының жайын ұғып,

Торлап барат әйтпесе уайым-күдік.

Барда отырмын...

Сонда да есімде сен,

Даяшы қыз кетті әне шайын құйып.

 

Саған, білем, жігіт көп аңсары ауған,

Бір-ақ сұлу бірақ та, қаншама арман.

Бұл бір майдан, сұрапыл соғыс өрті,

Аман қала алармын қанша жаудан.

 

Үзілген үмітімді құрай қалып,

Міне, тағы күз келді жыл айналып.

Саған арнап, сағынып өлең жаздым,

Білмеймін, білмеймін ғой ұнай ма анық?

 

Мен осы алаңғасар жан шығармын,

Сағынбайтын жанды ойлап таусылармын.

Мен теңіз боп, тулауға ұмтылсамда,

Сен жетіспей тұрасың тамшы бағым.

 

Сүйген жанға баяғы соқыр әдет,

Көбелектей өртендім отыңа кеп.

Бір нәзік үн естілді...

сен бе десем...

Даяшы қыз күледі шотын әкеп. 

 

***

Әлденеге асығады әлдекім,

Әлем үшін жетпеседе дәрменім.

Әдемісін көздерінің айтсам ғой,

Сәуленің...

Дұлей жел де алайын деп сәл демін,

Күзгі бақта мұңға тынып қалғандай

Бір қайыры болады деп әрненің,

Көктемге ұқсас болғанменен күлгенім,

Ал, күз болса ғұмырым ғой бар менің.

 

Ал, күз болса ғұмырым ғой, ғұмырым,

Ғұмыр деген аяқталар бір ұғым.

Арқалатқан тағдырымның жүгі мың,

Сол үшін мен тірімін.

Ғұмырымның

Түні ызғар, күні мұң.

 

Ғұмырымның оты-сезім, оты-өлең,

Отымды мен байрақ қылып көтерем.

Сезім үшін жанды қиып мәңгіге,

Өлең үшін отқа күйіп өтер ем.

 

Ал, жапырақ тағдырым ғой, тағдырым,

Тағдыр деген ақтарылмас бар мұңым.

Көздің төгіп,

Күздің төгіп жаңбырын,

Жапырақша тәрк етесем бе тағдырды,

Өртке тастап барлығын.

 

Өмір-ағаш қайта көктер, гүлденер,

Топыраққа сіңіп жоқ боп мүрделер.

Күзде неге мұңайамыз білдің бе?

Бізгеде де күздің күні бір келер.

 

Өзегіне жаңа өмірдің отын ап,

Қимастықпен үзіледі жапырақ.

Адамдарға үлестіп берсем ғой,

Ағаштардың сезімдерін сатып ап.

 

***

Жасаурап жаны көз ілген,

Жана алмай кеткен көп ғұмыр.

Маржандай болып тізілген,

Мағжаннан қалған өтты жыр.

 

Алаулап жанып өрт кеуде,

Өлең сөз тізген мәрмәрдан.

Тармақтап жырлар төккенде,

Бармақтарыннан қан жауған.

 

Құлдырап келіп қырандай,

Құбылта соққан түлкіні.

Тарих терең Тұрандай,

Мағжан өлген жоқ бұл күні.

 

Мағжан өлген жоқ бұл күні,

Мағжанның жыры мәңгілік.

Әлі де терең сыр түбі,

Кеуде де тұрар жаңғырып.

 

Күн ұлы болған көктегі,

Күбірі оның найзағай.

Ғұмыры оның көп пе еді?

Арыстан еді Хамзадай.

 

Мен сенем деп жастарға,

Жырында жүрміз күнде естіп.

Рухсыздарға хас жанға,

Өлді деп айту білместік.