АРЫЛУ
...Сағыныш мені таласа келіп,
Күнім еңкейсе қарашаға еніп.
Аттанып кетем ауылға қарай.
Аспаннан жұлдыз тарата беріп.
Таңдайыма кеп талғам бұрынғы
Әкем дарытқан жалғанды күнгі.
Бітіміне қарап танимын сосын,
Ақтанау айғырдан қалған құлынды.
Селеулеп қана сыз берсе таңым,
Желге жайылып, түзге өрсе сағым.
Аралап кетем дархан даламды.
Қойынымда бір күлше наным.
Жалғанның мына жұмағын көрмей,
Тайғанақ тағдыр тұрағын бермей,
Қол жайып ұза-а-ақ қорымда жүрем,
Әкем қасынан ұзағым келмей.
Кеудемнің қатқан құлпын ашқанда,
Көзімнен моншақ іркіп аспанға.
Ілкіден бір ой қозғайды келіп,
Көзім шалдырсам құлпысатарға.
Тағы бір көріп түлкі жалғанды.
Санама оны түртіп алғам-ды.
Бетімді сипап «әкбәрімді» айтам.
Үш рет оқып «құлхуалламды.»
Толқыны асау, теңіздей терең,
Телқара шешем мені іздейді екен.
Әкем мал баққан жер еді ғой бұл,
Әйтеуір елегзи берем.
Сәресі бітіп, күлгенде күнгей.
Көбесі кетіп көңілде бір күй.
Ақтарам келіп ақ тамақ өлең.
Өмір-ай,өмір,өмір – деп ылғи.
Арылып мына күәһар күйден,
Шерді қалдырып жүз атан түйген.
Тазартып болып тозаңын жанның,
Тау кесе айран сұратам үйден.
Күн жамбастаса қыратқа барып.
Ауылға қайтам, жыраққа барып.
Алдымда тұрад ақтанау құлын.
Екі аяғын суатқа малып...
ҚАРҒАЛЫ БИІГІНДЕГІ ОЙ...
Қанша заман тұр сенің көз алдыңда
Құлағыңда зары бар қай дәуірдің
Қанша рет көрік беріп бозаң қырға.
Мүк шалдырдың төбесін айдарыңның
Жуып өтті жүзіңді қанша көктем,
Қанша күз мүжіп берді қабырғаңды.
Қанша жауын төбеңнен ән сап өткен,
Қанша дүлей дауылдан жаның қалды.
Сыр ашсаңшы жылдардың сарынынан
Неге мұнша кешесің сары уайым.
Қанша жабу жапты екен кәрі құдаң
Қанша рет бүр атты ана кәрі қайың.
Анау өзен сарқылды неше мәрте
Сарқырады ал қанша қайта оянып.
Кәрі тарих көк тасқа көшеді, әне
Көкірегіңде жатыр ғой айғайы анық.
Мынау дала қарапты қабағыңа
Құлазып күн аунайды, қылғынып түн.
Уақытты салып алып табаныңа,
Көз алмайсың алыстан, кімді күттің?..
Жақпарыңа жылыстап жұтылар мұң
Не замандар арқаңа салған жүгін
Алақанымның көзімен оқып алдым
Әжіміңнен уақыттың жазған жырын.
Мен де алысқа қараймын көзімді сап
Бүгінгі жыр ертеңге басатайды анық.
Тарихымды оқыр ма өзім құсап,
Мен де бір күн кеткенде тасқа айналып.
* * *
Күз келді,
Биыл тағы жылады аспан,
Жасыл желек жайына тұра қашқан,
Ақын тұр қыр басында көкке қарап,
Қиқуына құстардың құлақ асқан.
Шық бүркеніп шатырлар таң сәріден.
Қосылмады теректер... ән салып ем.
Қырман тозып, қызығы тарқады да,
Қызғалдақтың нұр қашты өрт өңінен.
Көркем еді осы маң, көркем еді,
Есімде жоқ, кеш пе еді ерте ме еді.
Кіріп келіп тамсантқан көктем ару,
Көктем ару жүректі өртеп еді.
Сосын қырдан гүл теріп беріп едім.
Бұрымыңнан иіскегем жерімедің.
Құстарменен сен жайлы шырқадық көп,
О, махаббат, не деген керім едің.
Сиқырына малданып сан ғажаптың,
Уақыт өтіп кетіпті, аңдамаппын.
Көктем ару ол сүйді, мен де сүйдім.
Бірақ оны амалсыз жазға ұзаттым.
Бүгін міне сары күз сағыныштар,
Ақын отыр көктемге жаны құштар.
Ару жайлы бір әнді еске салды.
Төбесінен қиқулап тағы құстар...
КҮНДЕ СӘЛЕМ КҮТЕМІН ЫРҒЫЗ ЖАҚТАН...
Күнде сәлем күтемін Нұра жақтан,
(Серік Сатанов )
Күнде сәлем күтемін Ырғыз жақтан,
Күнге құрық тұрмайды жылжып жатқан.
Ен далаға еркелеп жатқан шығар,
Ерке өзен жағасын жыңғыл жапқан.
Жатқан шығар ақ көбік аспанға атып.
«Аттандатып» жүруші ем аттандатып.
Жайлайтын ем жағаңды, жайнайтын ем,
Дүниеде сол екен тапқан бақыт.
Ақ толқын ақ маржан боп тізіліп қап
Кім мендей толқыныңның үнін ұқпақ?!
Балпаңдап балалығым жүрген шығар
Тереңіне құлаштап жүзіп ұрттап.
Күт мені асау толқын алысқалы,
Жетемін жалын құшып жарысқалы.
Айдының аймалайды түсімде ылғи
Қайтейін, қамыт тірлік қалыспады.
Ой Ырғыз,ой-хой Ырғыз, алтын аймақ,
Арнаңнан алыстағам тағдыр айдап.
Бір келдім, мына өмірге бір кетемін,
Жырларым қалса болды жағаңда ойнап.
ҚАЙРАН ЫРҒЫЗ
Сан сағымы есімді алып тірліктің.
Қанжар сермеп, найзамды да сүңгіттім.
Алқам-салқам өмірменен алыстым,
Нұр боп шығып батып жатты мүлгіп күн.
Пенделікпен артыппын-ау бекер сын.
Сөйтсем мені күнде күткен екенсің.
Тұра келіп қала жаққа аттанып,
Жұмағым деп сені аңсаппын, не етерсің?
Көкпарына қызу кіріп жалғанның,
Ат тұяғы батты талай... алдандым.
Өлермендік өмір заңы екен-ау.
Елемей түк.
Ере бердік, таңғалдым.
Зырлауық күн асып талай қырды сан,
Жетемін деп бір қараға тырмысам.
Қарым талып қала жақтан қайтам да.
Қайран Ырғыз жусаныңды мың құшам.
Аунаймын да топырағыңа түлеймін,
Қала жақтан естілгенше дүлей үн,
Атқа қонып сосын айыл тартам да.
Дала жақтан қарымтаға жөнеймін.
Қайрап солай жусаныңа жігерді.
Мына жалған мың сынайды шын ерді.
Ақтөбеде сары даламды жыр етем,
Мені тәңір тек сол үшін жіберді!..
* * *
Сағыныштан ба?
Құлағыма құлынның үні келіп,
Кей кештерде тұрады күңіреніп.
Тағы бір күн батады көкжиекке,
Тағы бір ай келеді түніме еніп.
Сол дауыстан селт етіп арагідік,
Таң таярда кірпікті алам іліп.
Шым батып бара жатып сәлден кейін,
Оянамын түсіме дала кіріп.
Шығам барып мың сайдың аңғарынан.
Тораңғысы төгілген жан-жағынан.
Сұңқар ұшқан биікте отырамын,
Сонда мен бар әлемге аңғарылам.
Жанайдан жырға айналам ұшамын да,
Өлең, айтшы мен сені тұсадым ба?..
Ертең бір қыр басында қалып қоям,
Мәніндей мәңгілік мұң құшағында.
Сағыныштан:
Құлын даусым ап – анық естігенім.
Білем, білем таң атса кеш кірерін.
Өлең де, әлем де әлі жаңарады,
Мен дәл осы қалпымда ескіремін.
Өлімнің тырнағына тати ма адам,
Келед де әкетеді қапиядан.
Далама арнап қалдырған өлеңімді.
Тек өзім, қайта келіп оқи алам...
БІЗДІҢ ЖАҚТА
Зау-зау көкпенен таласқан,
Ақ бұлттардан әрі асқан.
Кеудесін құрсап ақ сауыт,
Ақ шәлі басқа жарасқан.
Етегін сәндеп кестемен,
Бұлағы салған есті өлең.
Тектілік болған тұғыры,
Тәкәппарлығынан түспеген.
...Таулар жоқ біздің ауылда.
Басында сағым сандалған.
(Басымды сүйеп сан барғам)
Арқасын әбден кептірген,
Аңазақ есіп аңғардан.
Жыңғыл өсетін шеңгелмен,
Жидесі маңғаз тербелген,
Мен ғана аңсап жусанын,
Иісімен жұпар емделгем.
...Қырлар бар біздің ауылда.
Жал-жал жындысы жарды ұрып.
Жағасы жатар жаңғырып.
Көбікті маржан күмістей,
Тізетін күнде сән қылып.
Түлен түрткендей түрге енсе,
Таудай толқыны түрігелсе,
Тартып кететін тереңге,
Тақымың титтей сыр берсе.
...Теңіз жоқ біздің ауылда.
Қамысы базар құстарға.
Сағынып келіа құшқанда
Қылғынып кейде қалады,
Алқымнан аптап қысқанда.
Саяздан балық ұратын,
Сазына үйшік құратын.
Көктемде шалқып,жаз бойы.
Балдырға бөгіп тұратын.
Көлдер бар біздің ауылда
Ауылда менің азығым.
Болса да қысы жазы мұң,
Әлемді шарлап кетсем де,
Айналып соғар қазығым.
Құмдауыт қырға иеміз.
Құмығы көлдер киеміз.
Әйтеуір осы ауылды,
Жусан екеуміз сүйеміз.