Алаш көсемі:Әлихан Бөкейханұлы рухына
Пролог
Дәуір
Тереңдерге тербеп қалам барам ба,
Өткен күннің қайтпағандай меселі.
Ой жүгіртсем запыранды заманға,
Қатал уақыт ,қасыретке «бес елі»
Қоңыр елді салған сансыз азапқа,
Зар жетеді жылдан алыс айлардан.
Заман болған қайран біздің қазақтар,
Басыбайлы патшалы елге байланған.
Қаймана ел қасыретті тартты көп.
Талағандай тағылары түздің аш.
«Дала -ереже» тырнағы да батты көп,
Бекініс сап бекітілген мызғымас.
Сең соққандай сандалған да кешегі ел,
Ескі тарих шежіресі бар таңнан.
Заман бопты ел билеген есерлер,
Казак-орыс қылышынан қан тамған.
Солай, солай соққы көріп кетілдің,
Құсаланды талай ерлер ей,Алла-ай.
Туған жерде күйін кешіп жетімнің,
Өзі жерлерін өзімдікі дей алмай.
Жалтақтаумен өтті азап сан жылы,
Қабағына қарауменен қасқырдың.
Қолында еді қалың елдің тағдыры,
Думадағы думандатқан –Тақсырдың.
Меньшевиктер менменсумен болған соң,
Соқпағына түсті қазақ ұзын күн.
Патша құлап тақтан түсіп онан соң,
Күні туды империя-Қызылдың.
Империя басталды мың жыр басы,
Айы оңында көсемсіген тұлғаның.
Сорайғанмен «коммунизм» сұлбасы,
Тарих айтты қанша қарық қылғанын.
Әлихан
Самалдайын тербетеді жай леп бір,
Жайлап жырын толқытқанда ақын да.
Сонау алыс ғасыр жақтан ой кеп тұр.
Алып адам қақында.
Ілгеріге бастаған-ды ел көшін,
Атағы да алыс жаққа шырқады.
Туған жері Қарағанды өлкесі,
Ұлы іс жасап Бөкей ханның ұрпағы.
Ақтоғайдай кең алқапта туған ұл,
Арғы тарих айта берсек сыры нақ.
Петерборда білім жолын қуған ұл,
Орманшылық мамандықпен білім ап.
«Дала-ережесін» сөгіске алып жай нықтай,
Алғаш елдік пікір айтқан бұл дана.
Қатаң патша қаһарынан қаймықпай,
Қарсы шығып губернатор мырзаға.
Озбырлыққа бірден қарсы шығуы,
Көрініпті азаматтық кезінде-ақ.
Отаршылдық жолға қарсы тұруы,
Студенттік сонау жастық өзінде-ақ.
Болар елдің баласындай боп тегі,
Інжу-маржан сөз асылын жиғаны.
Қазақтың көп фольклорын зерттеді,
Ұлы Абайдың жақұттарын жинады.
Елдік үшін, теңдік үшін күресіп,
Еңбектенді ,жатқан емес жайын да!
Швецовтің экспедициясына ілесіп,
Еңбек жазды «қой өсіру» жайында.
Елдік деген оның басты ойынша,
Еркіндіктің ең негізі бар екен.
Саяси сан көзқарасы бойынша,
Тұтқындалған тарихы бар Әлекең.
Болашағы билеп алаш санасын,
20-ыншы ғасыр дара ойшылы.
Басын қоссам деген қазақ баласын,
Түбегейлі арман жатты ой түбі.
Алашорда
Ура,Ура деген жалған ұран бар,
Билікшіл бар жасырынған төр үшін!
Революция жасаған сан қырандар,
Есімімен жаңғыртқан шақ ел ішін.
1917-інші жыл еді.
Көптен бері осы сәтті күтіп ед,
Алаш ұлы, аңсағаны бұл еді,
«Алашорда» деп құрады үкімет.
Бітпейтұғын шаруасы жоқ дау іспен,
Елге есімі тарап көңіл жайланды.
Ал Әлихан бар көпшілік дауыспен,
Алашорда басшысына сайланды.
Өр рухпен ерлер алға басар нық,
Бірлік- бекем, жұдырықтай жұмылды.
Көп кешікпей бағдарлама жасалып,
Алаш атты партия да құрылды.
Жазылмаған дала заңын еңгізбек,
Қазақ үшін бар мәселе айтылмақ.
Алты алаштың тұрмысына негіздеп,
Жария етті жобаларын айқындап.
Ең әуелі «Мемлекет қалпы» бар,
«Негізгі құқық», «дін ісі» деп танылар.
«Жергілікті бостандық» тың шарты бар,
«Билік һәм сот» «ел қорғау» да жағы бар.
«Салық» жайлы «жұмысшылар» қақында,
Ең бастысы барша елдің қамы бар.
«Ғылым-білім үйрету» бар артында,
«Жер мәселесі» негізгі боп табылар.
Ортақ еді жасына да кәріге,
Жобалары емес еді жасанды.
Келісіммен осылардың бәрі де,
Тек қазақтар мүддесі үшін жасалды.
Ел-жүректер уақытты қарсы алды,
«Оян қазақ» деп ұрандап ой салып.
Алашым деп аз болса да жар салды,
Жалаңаш қол жау қылышын тойтарып.
Төскейінде мал өрбіткен бар қазақ,
Арба шегіп,атандарын қомдаған.
Тілемеген халық еді жанға азап,
Қоңыр қалып, қой мінезді сол заман.
Асқар тауы,ұлы дала қорғаны,
Еншісі боп саналғанмен қыз-ұлдың.
Бұғауынан бұлқына да алмаған,
Буып алған-Қызылдың.
Ер Әлихан алған беттен қайтпады,
Тілемеді ол, жоғарыдан сый-мадақ.
Алаш үшін арналды бар айтқаны,
Қасына өңшең қайсар ерлер жинап ап.
Жыртық үйден азынаған тесіктей,
Ерлер ісін көре алмастар жасқады.
Жиырмасыншы жылдар келді кешікпей,
Пыш-пыш өсек елді іріте бастады.
Тергеу
Қолпаштады ер ісіне ел сенді,
Нәтижесін күтіп еді ақырғы.
Кесірінен жалған шолақ белсенді,
Әлекеңді жоғары жақ шақырды.
Қанша қазақ жақсы ісіне болды ырза,
Мұндай жанды айту парыз ер деуге.
Шүңірейген көкшіл көзді бір мырза,
Әлиханды алды бастап тергеуге.
Үстелді ұрды! бар қыспаққа алды да,
«Коммунистік іс жасамай жағымды.
Насихаттап жүр екенсің халыққа,
Пан ислам, пан түркистік ағымды»
«Большевиктік жолға емес шын өрге,
Бастамастан былғағандай іргесін»
«Іштей ылғи, іріткі сап бұл елге,
Қорғап жүрсің феодалдар мүддесін.»!
Елдің қамы жанын қарып барады,
Елемейді басқа қауіп төне ме!
Хас батырдай кірбеңдемей қарады,
Кремльдік төреге.
Шындықты айтты бір арнадан аспады,
Тайсалмады бәзбір қорқақ жасықтай.
Мүдірмеді жасқанбады саспады,
Ал Әлекең жауап қатты асықпай.
«Діннің жайын білмей жатып бүгін сен!
Дікеңдейсің бұл қылығың мазақ па?
Исламның тарихына жүгінсең,
Мың жыл бұрын таралыпты қазаққа.
«Өзгелерге көрмегенбіз жәудіреп,
Алтай астық, Алатауға барып біз!
Өркендеген өз бетімен жаужүрек,
Біз ежелден Түрік тектес халықпыз.!»
Бұл қаралау! Көңіліме қонбайды,
Зерттеу жасау жыры, әдебиетіне.
Ешкім қолын сұғып тартып алмайды,
Әрбір ұлттың ұлттық мәдениетіне.
«Мекенінде қарқындауға байып та,
Кім қызбайды туған өлке халқы үшін.
Өз жерінде дами түссе айып па?
Рухани мәдениет қалпы шын.»!
!Қажет едім қойдай қоңыр мына елге,
Мүшесі емес едім солшыл топтың да!
«Жалған жала жауып тұрсың мына ерге!
Онда ешқандай саясилық жоқ мұнда!»
«Сендейлердің болу керек жазасы,
Қаза бермей әр нәрсені дау үшін.
Жойыласың! көп кешікпей сөз осы,
Бәрібір сен, қассың «халық жауысың»
Ақиқаттың айнытпастан басын да,
Жасымастан жігерін де қайрап өр.
Кеткен екен дәл жетпіс бір жасында,
«Халық жауы» деп атылып қайран ер!
Эпилог
Империя қабырғасы сау етіп,
Құлаған шақ болды бәрі «жалған» боп.
Әлиханды атқанымен «жау» етіп,
Ер рухын өлтіре де алған жоқ.
«Тар жол,тайғақ» кешкен сол бір шағында,
Туарына сенген елім жарық-Күн.
Әлихандар тұрғанында арындап,
Жоя алмаған өр рухын халықтың.
Өткен күннің еске түсер сарыны,
Тарих шешсе шежірелі тонын да.
Үзілмесін мұндай ерлер тамыры,
Жанын қиған ел елдігі жолында.
Елдік, елдік деумен мәңгі өтті де,
Тас атқандар болса да сан тасадан.
Арманына айтпа бірақ жетті ме....
Ерен ерлік жасаған жан осы адам!
«Мәңгілік ел» -келбетіне сендік те,
Өткенді екшеп сараласақ бағалап.
Риза болып тәуелсіздік елдікке,
Рухы жүр Ата жұртын жағалап.