ШОХАЕВ МУСТАФА. ТАҒДЫРЫМА КЕШ ЖОЛЫҚТЫҢ НЕЛІКТЕН?!
ШЫДАЙЫН ДЕСЕМ...
...Дейді елім, «енді күрсінбе,
Жалғанда кім бар келіскен?
Одан да мұңсыз жүрсін де
Пейішке кеткен періште.
Жас болсын, кәрі, бәрі де
Жөнелмек келсе кезегі.
Әр сынды шақтап әліне,
Берді өмір, пенде төзеді!
Қайғырып көзге жас алма,
Өлі жоқ одан тірілмек?..
Бір шындық - құдай қашан да
Сынайды сүйген құлын көп.
Сабыр ет, қайтып келмейді,
Бауыры бүтін кім бар» деп..
«Бәрін де әсте емдейді,
Дәрігер-уақыт, жылдар кеп».
Сол үшін жүрмін шүкір қып,
Бауырым еді-ау тым ерек.
Жылайын десем - күпірлік,
Шыдайын десем, жүрек – ет.
МЕНІҢ ӨМІРІМНІҢ КЕҢІСТІГІ
Менің өмірімнің кеңістігі – сезім мен ойдың арасы екен,
Сезімім - шын қалауым, ал ойым оның бағасы екен.
Біріксе болды, тірілтіп жасушаларымды,
Балаша асыр саларымды,
Көрерсің, бақылап қарашы, әкем!
Қанның да жүгірмегі тынымсыз байлаулы осы екеуге,
Екеуі таптырмас дүние адамға дос етерге.
Шылбырым - ақылыма, тізгінім сезімімде,
Бақыттың өзі мүлде,
Басымнан кете алмайды орыным осы екен деп.
Уақыт өзгергенмен заңдылық өзгермепті, қаз қалпында.
Құдайға бетпе-бет бермесең де, ойша берген, пендежан, жазба антыңнан.
Аяқты берді теңселмесін деп,
Жүрек пен миды беріпті, ешкімнің мүмкіндігі шектелмесін, өлшенбесін деп.
Осы екеуін басқара алмайтын - азған тұлға.
Біреуі құдай қозғап белгі беретін қадірлім,
Біреуі құдайды танытар бағалысы бағымның.
Екеуін дараладың деп аппақ құдайым налыма,
Бар мүшемнің шүкір етемін барына.
Сақтап, қорғай гөр әр бөлігін жаным мен тәнімнің!
МЕНІ ҚҰДАЙ СӨЙЛЕТЕДІ
Ми қатпарында, қалтарысында жүрек дейтұғын қойманың,
Сығылып жатыр, сығымдалып та үлгерген екен ойларым.
Қайсысын ақ деп ұғамын?
Қайсысын көппен бөлісем?
Қайсысын алып көкей түкпіріне тығамын?
Әділін білсең бар үкіміңмен келісем.
Ауызды берген құдайым сөзге құрал қып,
Ақындығын да құп алдық.
Ақылдан туған өлеңдеріммен бөліссем, десең "несі мін?"
Оқырмандар бар, отырғандар бар жай ғана сырттан бақылап,
Біреуіне де сол жақсылардың тимесе екен кесірім.
Ыстық қайрат та, нұрлы ақыл да, жылы жүрек те бар менде,
Бірақ қолдандым әр түрлі қылып әр жерде.
О, баста, құдай мөрі бар басқан ақ маңдайыма "пенде" деп,
Көбелек мінез көп көз бояғанда көлбеңдеп,
Сөз жазбақ болсам елге деп,
Ойланып қалам, "ақыл бар ма екен менде" деп.
Сонда да бірақ тәуекел жеңер көп ойды,
Ақын еместің айтпағы менен қайтқанда сұрағы оңай-ды.
Бес-алты жолды қиыстырам да, қол ұстатқызып шумақтарымды туған көп,
Жан азығы деп беремін,
Тілімді бірақ құдайдың тілі демедім.
Танық дүниенің анығын ұғып-білмегенмен,
Қазақы тілімді құдайдың өзі сөйлетеді деп сенемін.
ЕҢ БОЛМАСА...
Күн сияқты күлімдеген көрікті ең!
Көңілімді ауырлаттың желіккен.
Жарығым – ау, жараласаң жүректі,
Тағдырыма кеш жолықтың неліктен?!
Кештеу бүрлеп, ерте солған бақ гүлім,
Құмарымды қажай берді – ау тәтті үнің.
Таң нұрына бөлене бер таранып,
Тағдырыма жазылмаған шаттығым.
Ерке сезім есті алады, бәрі анық,
Төзіміме өзім жүрмін таланып.
Бар күнімнің шырыны деп ұққан ем,
Көп тоқтамай кеткенің бе жоғалып?
Не жасаймыз, нендей ем бар, көндіктім.
Бәрі де алыс екендігін мен де ұқтым.
Жүрегіңе сақтап қойшы, ажарлым,
Бұл жырымды – бәйек болған мендік мұң.
Күлкілі боп көріне ме өлеңім?
Жарлы жүрек - бірақ оның дәлелі.
Бақытты боп күліп жүрші, тәтті – ақ қыз,
Қызғалдақтың қызылындай әдемі.
Қайтем ішке сыя алмады сырым бар,
Төмендетпей ұстап қалды құнымды ар.
Жүрегімді сыйлаған ем алмадым,
Ең болмаса, естелікке жырымды ал.
ӨТІНІШ
Көздеріңе тұсаулап мөлдір күнде
Тағы да бір жүректі көндірдің бе?!
Өміріме өкпемді тиып салдың,
Көңіліме сезім боп сен кірдің де.
Тағдыр сыйлап кезекті сезім сынын,
Қайтем енді сия боп езілсе үнім?
Көп күдікті жаныма жүктеп бердің
Тәкәппарлау кербезім, өзімшілім.
Ақындығым жетпеді тіл қатуға,
Батылдығым өтпеді тыңдатуға.
Өзге түгіл өзіме қимайтұғын
Айналдың – ау арымдай қымбатыма
Тығырыққа тіреді-ау бөз жігерім
Қалауыма көнбеді-ау өз жүрегім
Көздеріңе ғашық боп қалмап па едім
Көзбен онда барлығын сездіремін.
Қайрай, қайрай өзімді кетілемін
Сен де құрбым сыншының жетігі едің
Сағыныш бол, сыным бол, мейлі, бірақ
Өкінішке айналма өтінемін.
КҮН
Мен – адам, мынау бес күнді,
Келгенше шамам тілдеймін.
Алаламайтын ешкімді,
Бола алар екен күндей кім?
Бола алар екен кім күндей?
Бойыңды қорғап суықтан.
Жасаса игі іс, білдірмей,
Сұрамасаң да жылытқан.
Жаныңа нәр мен нұр берген,
Жарығы оның - ғажабы.
Шалқаймас көкте тұрғанмен,
Төменде оның назары.
Қамқорлар күндей болмаған,
Сұрамас істің өтемін.
Әттең-ай, күші сонда да,
Жарты әлемге тек жетеді.
Танытар бізді киім бе?
Іздесең бейнең болмыста.
Барлығын бірдей сүюге,
Алып күнде де қол қысқа.
Таппасаң сәтте қиын сан,
Бүркеп тұр онда мені түн.
Жарты шардамын, бұйырса,
Он екі сағатым сенікі!...
АДАМДАР МЕН НАДАНДАР
Адамдар еркіндік деп алаңдайды,
Надандар еркіндікті арамдайды.
Адамнан наданы көп қоғамдарда,
Еркіндік құндылыққа саналмайды.
Адамның келеді екен жайсаң бәрі,
Наданның бола ма екен ой салмағы.
Адамның балағына кір жұқпайды,
Наданның шалшығына қойсаң дағы.
Адамдар аузым бар деп лепірмейді,
Наданға ауыз бітсе «от үрлейді».
Адамның қолы небір ғылым ашса,
Наданның қолы қамсыз өтін, мейлі.
Адамның екі аяғы көкті асады,
Наданның екі аяғы боқ басады.
Адамдар бергенде ұлтын қарық қылып,
Надандар елдің мүлкін ап қашады.
Адамдар игі іс жасап, доғармайды,
Надандар оны дағы көре алмайды.
Адамдар жоғын көптің тауып беріп,
Надандар барын бөліп бере алмайды.
Адамдар көргенін де сынап алар,
Надандар естісе де бір-ақ алар.
Адамның жинағаны алғыс, мақтау,
Наданның жинағаны күнә болар.
Адамның панасына жақсы ықтайды,
Наданның санасына шөп шықпайды.
Адамның баласына – байлық, бақыт,
Наданның баласына – өксік, қайғы.
Адамдар айда, жылда тек бүрлейді,
Надандар қызғалдақтай көп гүлдейді.
Адамдар алға қарап қымсынса егер,
Надандар артқа қарап «шефпін» дейді.
Адамдар «шын өмір» деп алаңдайды,
Надандар «бұл өмірді» арамдайды.
Адамнан наданы көп қоғам бағы,
Шөміштеп май құйсаң да жана алмайды.
ТЕМІР ӨМІР
Қара түтін, қара бұлттар, қара аспан,
Темірлерден дірілдейді шошып ел.
Әне, бірі, атып шығып таластан,
Қара жерді қақ айырды төсінен.
Жауып жатыр көктен қоймай нөсерлеп,
Жауын емес - мейірімсіз көк темір.
"Дұшпанымда кетпесе екен есем" деп,
Мылтық біткен нысана іздеп шепте жүр.
Зеңбіректер гүрсілдетер дамылсыз,
Сорлы ауылды оқтын-оқтын осып бір,
Ойрандауға жолдағысын, бәрі үнсіз,
Катюшалар соңғы әмірді тосып тұр.
Бір адамның киямын деп тағдырын,
Ойламайды тапанша оғы тигенде.
Тәуекелге тікті адамдар барлығын,
Бар үміті шлем менен шинелде.
Кесу үшін жаратылған пышақтар,
Темір білмес еш нәрсенің бітімін.
Есіл-дерті соғысқа ауған ұшақтар,
Бомбалардың сеуіп жатыр тұқымын.
Әр таң сайын өткен күнін қозғап бар,
Талай жанның соғыс жанын кемірген.
Елге келіп ел деп шапқан боздақтар,
Мадақталды жансыз қара темірмен.
Өмір-өлім арпалысқан, алысқан
Сәтте көкке самғатады құзғынын.
Адамдардың кінәсі жоқ соғысқан,
Темірлерде тіршіліктің тізгіні.
Темір жүрек, темір сезім бүгін де,
Темір адам көп тағдырмен ойнайды.
Қара да тұр, баста соң бар, түбінде,
Біреу сені балқытпасқа қоймайды.
Қара түтін, қара бұлттар, қара аспан,
Темірлерден бұқпаса екен шошып ел.
Ет жүректер босап шығып таластан,
Қара жердің қан жүгірсін төсіне...
КӨҢІЛДІ ЛИРИКА
Тіршілікке тірілер кеп кезек те,
Наурыз қысты шақырды жекпе-жекке.
Күнтізбесін құшақтап көктем келіп,
Кәрі қысты зорлықшыл тепті өзекке.
Қара жерді босатып мың кетпені,
Жатса дағы кәрі қыс мыңқ етпеді.
Қайратының қайтқанын мойындамай,
Аяз үрлеп, ауызы бір кеппеді.
Наурыз айы мерзімі жылдың қызық,
Күн келеді жақындап, шылбырды үзіп.
Күндіз билік қалмаған қыс тек түнде,
Қара бұлттың кетіп жүр мұрнын бұзып.
Қан жүгіріп бойына төңіректің,
Аяз кетіп, көктемнің желі кепті.
Дәурені өтіп, дәм кеткен тірлігінен,
Шатырларда сүңгілер еңіреп тұр.
Қарды қуды күн келіп салып әнді.
Көлеңкеде қалғанның жаны қалды.
Шашағымен қайырып қыр-белесін,
Қара жердің қырауын қағып алды.
Сенгенімен «Бес қонақ» жолдасына,
Қыс та көнді
мәңгі енді қалмасына.
Тұмау болған таулардың мұрны жібіп,
Бұлақ біткен оралды арнасына.