ОЛЖАС СӘНДІБЕК. ОЛ КЕЗДЕР ҚАЙТАЛАНБАС КЕЗЕҢ ЕДІ...

***

 

Өгей санап өзіңді бұл ғасырға,

Сыр айтуды қойдың-ау жырға, сірә.

Мың мәселе тоғысып бір басыңа,

Мұңның өзі айналған мұңдасыңа.

 

Тәуелсіз ел – Тәуелсіз бола алмауы,

Мемлекеттің мұншалық тоналғаны,

Жайсыздықтың бәрі де қоғамдағы,

Аяздай боп батады саған тағы.

 

Әр сынақты қарсы алдың,

                                  қамықпадың,

Атқан сайын сан қырын танытты әр күн.

Ұлыңды алам дегенде Әзірейіл,

Құдайға жүз күн жылап алып қалдың.

 

Кеудеңде тулап соғып асау жүрек,

Жалғанды жақтырмайсың жасанды деп.

Көре жүріп,

                        бәрін де сезе жүріп,

Жыр жазбай қалай жүрсің,

                                       О. Сәндібек?!

 

 

***

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Әкем тірі болған соң, «баламын деп»,

Өзімді жүрмін алдап.

 

Өмір бұл

Алдасу көп, арбасу көп,

Сатқындыққа бір барсаң қанға сіңбек.

Жанымды шүберекке түйіп жүрем,

Былғанып қалмасын деп.

 

Махаббат,

Сұлу сезім жырлағаным,

Кей кезде ойға батып мұңданамын.

Сендерге үлгі болуды ойлаймын да,

Сендерден үлгі аламын,

 

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Есейтіп жібереді-ау сендерді де,

Уақыт бір күн аунап.

 

***

Мына қоғам қай қоғам?

Мылқау қоғам,

Үйіріліп басынан бұлт аумаған.

Мына қоғам қай қоғам?

Керең қоғам,

Байлығының бақытын көре алмаған.

 

Бәрін көрген алайда шырғалаңның,

(Басындағы бақытын ұрлаған кім?).

Жартасқа кеп күнде айқай салғанменен,

Зарын тыңдар бір жан жоқ бұл қоғамның.

 

Ешкім әкеп бермейді сұрағанын,

Және ешкім көрмейді жылағанын.

Сатып алып көрмеген қалағанын,

Татып әлі көрмеген ұнағанын.

 

Айқай салды шілдеде,

                                           ақпанда да

Алаңға әкеп барлығын атқанда да,

Көрмеді,

естімеді

шыр-шыр етіп

сәбилер отта өртеніп жатқанда да.

 

Отқа өртенген сәбилер көп жылады,

Отқа өртеніп жатқанын көрді бәрі.

Жан ұшыра шыңғырған періштелер,

«Сендерді Құдайға айтам» деп жылады.

 

Шырылдатып сәбиді от қармады,

Отқа өртеніп сәбидің кетті арманы.

Жан ұшыра шыңғырған періштелер,

«Сендерді Құдай атсын», – деп қарғады.

 

Әр көкейдің жиналған сұрағы көп,

Кімге айтады, ал оны ұғады деп?!

Заңға салса, қамайды «сынады» деп,

Шенеуніктің қарны бар,

Құлағы жоқ,

 

Тым ұзақ, бұл не деген бес күн еді,

Тағдыр ма?

Мына қоғам кешті нені?

Жылады.

Айқайлады.

Отқа оранды.

Тағы да ешкімді ешкім естімеді..

 

 

ӨЗЕН ӨЛДІ

Ол кезде Сырдария асау еді,

Ашуын жарға соғып басар еді.

Аңыздағы алты бас айдаһардай,

Көбігін қаһарлана шашар еді.

 

Ол кездер қайталанбас кезең еді,

Айтуға жетер ме екен сөз өнері?!

Көргеннің көзі тойған, Сырдария

Түбінен тулап аққан өзен енді.

 

Ерекшелік болған мен көлемінде,

Аса құштар емес-ті еленуге.

Асау толқын ағызып кете алмайтын

Жайын ұйықтап жататын тереңінде.

 

Тереңнен көтеріліп арасында,

Көрсеткісі келгендей шамасын да.

Суатқа келген аңды түгел жұтып,

Жайын ойнақ салатын жағасында.

 

Екі жағы өзеннің жайылым еді,

Егін екті,

мал бақты ел, жай біледі.

Жағалай қонған елге дарияның,

Балығы да суы да байлық еді.

 

Бұл күнде өзен де жоқ, жайын да жоқ,

Жоқтау жоқ жоғалтқанды, уайым да жоқ.

Қолы қан, жүрегі тас бұл адамзат

Өзенді өлтіруден тайынған жоқ.

 

Ол кездер қайталанбас кезең еді,

Айтуға жетер ме екен сөз өнері?!

Көргеннің көзі тойған, Сырдария ең

................................................

... Өзен өлді.