Бүгін Алаштың классик ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы қаласына «Еңбегі сіңген» қайраткер – Заида Елғондинованың туған күні!
Кезінде 16 жасар ақынға «Болашақ қазақ поэзиясының Еңілікгүлі сен боласың!» – деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев ақ батасын берсе, халқымыздың классик ақыны Хамит Ерғалиев: «Заида қарағым, өзіңді өзіңе танытайыншы! Абай тағына жетіп қайырған классик ақын екеніңді ұмытпа, қызым!» – деген екен!
Халық жазушысы Әбiш Кекiлбаев ақын Заида Елғондинованың шығармашылығы жайында: «Жуырда Заида Елғондинованың қарасөзбен жазылған поэтикалық новеллаларын оқығанда қатты қайран қалдым. Қазақ жанының мұншама сезiмталдығын, қазақ сөзiнiң мұншама дәлдiгiн, қазақ көзiнiң мұншама байқампаздығын, қазақ парасатының мұншама тереңдiгiн бұған дейiн жете аңғара алмай, жете бағалай алмай келгендей болып, қараптан-қарап абыржып қалдым», – деп толғанып, таңырқаған екен.
Ақынның жүрегін ұғыну үшін, ақын өлеңіне үңілу керек. Ақын Заида Елғондинованың өлеңіндегі әлем – жұмбақ әлем! Осы бір жұмбақ әлемге сапар шегіп көрелік!
ӨЛЕҢ САЛҒАН СУРЕТТЕР ЖЫМИЯДЫ,
АЙ ТУҒАНДА АЛБЫРАП ЖАМАЛЫМДА...
«Жер бетінде алғашында адам баласы поэзия тілінде сөйледі» деп жазды Польшаның ғажап әдебиет зерттеушісі Ян Парандовский. Иә, поэзия тілінде сөйлеген адамзат күйкі тірліктің күйбеңімен алысып жүріп, поэзия тілінен айырылып, қарасөзбен сөйлей бастады. Дегенмен, поэзия тілі ақын деген ерек те бөлек халықтың тілі болып сақталды.
Өмірді поэзиясыз елестету мүмкін бе?! Поэзиясыз ғұмыр сұр түстен арылмаған, бейнебір түссіз әлем іспетті. Алланың жаратқан әлемі сансыз ғажап түстерге толы. Ал сол таңғажайып әлемді қасиетті сөзбен суреттеу – қазақтың тамаша классик ақыны Заида Елғондинованың талайына бұйырды. Ақын Заида Елғондинова үнемі ізденеді. Адамзаттың қайталанбас күніндей, табиғаттың қайта тумас құбылысындай ақын өлең аралында құпияға толы, жұмбақ сезім иірімдерін көркем де кестелі сөзбен зерлеп, астарлы оймен, терең толғаныспен жеткізеді.
Сарғайған жапырақта көктемнің жүрегі лүпілдеп,
Шашымнан су жаңа сөздерім төгіліп.
Түндерде ұйықтатпай, жұлдыздар күңкілдеп,
Жапырақтар қарайды тереземнен егіліп!
Жапырақтың тыңдадым жүрегін,
Көктемнің көзімен қараған.
Жап-жасыл боп кетті бұл өмір,
Бір дауыс естілді даладан! – дейді ақын.
Көктемнің жүрегі сарғайған жапырақта лүпілдейтінін кім сезіп еді?! Ақынның мойыл шашынан су жаңа сөздердің төгілгенін кім көріп еді?! Көктемнің көзімен қарап, жапырақтың жүрегін кім тыңдап еді?! Жап-жасыл өмірдің жасын бейнесін кім сомдап еді?! Иә, осыншама ғажайып әсерді ақынның бір шумақ өлеңінен аласың. Қиял әлемінің қиянға өрлеген қырандай асқақ бейнесі ақынның жырында жаңғырып, жаңа стильмен айқындала түседі. Бұл құбылыс ақын Заида Елғондинованың Поэзияға үнемі жаңа да соны жаңалықпен келетінін, Поэзия әлемінің «Алтын ғасырын» жиырма бірінші ғасырда қайта жаңғыртып келгенін аңғартады.
Сүйіктім, сен білесің бе,
Көктем менің күлкімді іздеді.
Ал күлкімді алып кетті,
Қайтқан құстың тізбегі!
Менің махаббатым,
Толқынның кірпігінде еді.
Ал махаббатыммен түсінісуім,
Жыр тілінде еді.
Иә, иә, менің жұлдыз жүректі махаббатым,
Теңізде жүзіп кетті.
Ал сенің жапыраққа
жазылған хатыңды,
Күз үптепті... – дейді ақын Заида Елғондинова.
Ақын жырының басты образы – ақынның күлкісі. Ару көктем ақынның күлкісін іздейді. Бірақ, бұл күлкі қайтқан құстың тізбегімен кетіп, ғайып болады. Өлеңнің осы бір екі жолында ақынның күллі ғұмыры жатқандай. Ақын Заида Елғондинова Күз бен Көктемді теңестіре отырып, туыстыра отырып, жұлдыз жүректі махаббатының теңізге сүңгіп кеткенін, ал махаббатының жапыраққа жазған хатын Күздің үптегенін, ақын махаббаты жыр тілінде ғана сөйлейтінін өлеңмен өрнектеп, қанық бояумен суреттейді.
Жапон поэзиясында басты идея – мәңгілік көктем ұғымы. Сонау XVII ғасырға сапар шегіп, поэтикалық хайку жанрын жандандырған Мацуо Басе деген ғажап ақынның поэзиясына үңіліп көрейікші.
Не успела отнять руки,
Как уже ветерок весенний
Поселился в зеленом ростке, - дейді арманшыл ақын Мацуо Басе.
Көктемгі желдің жасыл өскінге қоныстанып алғанын оқып отырып, қос ғасырдың шабытын шарықтатқан қазақ ақыны Заида Елғондинова мен XVII ғасырда Киото қаласында поэзияны зерттеп, хайку жазған Мацуо Басенің үндестігін, шығармашылық байланысын көріп, еріксіз таңырқайсың.
Шынтуайтына келгенде, поэзия ұлтқа да, дінге де, ділге де бөлінбейді, әлемде қанша тіл болса, сонша тілде сөйлейді және ғасыр мен дәуірдің, уақыттың асау ағысын кері ағызады.
Осы орайда, испанның ұлы ақыны, «жан музыкасынан гөрі, ерін музыкасы басым» жырлары әуезді, шегіргүлдердің жаны мен лалагүлдердің жүрегін жырлайтын Хуан Рамон Хименестің поэзиясындағы импрессионистік эскиздердің қанық бояуын көрсететін төмендегі өлеңі ойыңа еріксіз оралады:
Я знаю, наверно, -
я вечности древо
и кровью моею
накормлены звезды,
а птицы в листве -
мои сны и мечты.
И если паду я,
подрубленный смертью, -
обрушится небо.
Мәңгілікте жұлдыздар ақынның қанымен қоректенеді. Ақынның түсі мен арманы жапырақтағы құстарға айналады. Құс болып ұшып кеткен түстегі өмірін іздеген ақын мәңгілік көктемнің бейнесін қанымен қоректенген жұлдыздардан іздейді. Ал ақын Заида Елғондинова мәңгілік көктемді «шашында мәңгілік теңіз толқитын» махаббаттының беймағлұм бейнесінен іздейді.
Ақын Заида Елғондинованың поэзиясынан сюрреализмнің сарынын, модернизмнің ұшқынын, декаденттік өрнек пен авангардтық нақышты көреміз. Ақынның поэзиясы үнемі түрленіп, жаңарып, жаңа кейіпке еніп, жаңа образды сомдап, сұлулықты көркем тілмен, тың теңеумен, сұңғыла оймен, табиғаттың сансыз ашық бояуымен жұмбақтап береді.
Еһ, шіркін, жасыл күлкіңді Айға
ұрлатып алдың ғой...
Енді сенің күлкіңмен Ай күлетін
болды,
Айдың беті байқадың ба,
жап-жасыл шалғын ғой,
Сен сенесің бе, саған бер деп
Ай суретін берді.
Енді сенің көзіңнен тек жұлдыздар ғана төгілетін болды.
Күн батқанда жаңбыр кешіп барасың.
Білесің бе, менің жүрегім енді егілетін болды,
Тоқташы! Шашыңда сенің теңіз толқиды,
Қайда көшіп барасың?! - дейді ақынның жұмбақ жүрегі. Махаббаттың көзінен жұлдыздардың төгілетіні – әрине, сюрреализмнің айқын көрінісі! Ай бетінде шалғын кешкен махаббаттың шашында теңіздің толқуы, күлкінің жасыл түсті болуы - сансыз бояудың үйлесуі мен сансыз теңеу, метафоралардың астармен берілуі, ақын ойының еркіндігі мен шексіздіктің нышаны іспетті!
Осы орайда, испанның ғажап ақыны Хуан Рамон Хименестің тағы да бір сөзі ойыңа еріксіз оралады: "Модернизм – ХІХ ғасырда буржуаз әдебиетінде жоғалған сұлулықпен жаңа жүздесу болды".
Иә, ақын Заида Елғондинова ХХІ ғасырды ХХ ғасыр әдебиетінің "Алтын ғасырымен" қайта қауыштырып, сұлулық ұғымын кең арнада, шексіз де шетсіз, еркін де соны биікке көтереді.
Өлеңнен салған аралымда,
Уақыттың сәулесі ойнап жанарымда.
Өмір сүріп жатырмын,
Мезгілдің алынбас бір қамалында.
Жүрегімде жасын ойнап, тебіренемін,
Алатаудың ақ нұрлы самалында.
Өлең салған суреттер жымияды,
Ай туғанда албырап жамалымда.
Ақын Заида Елғондинова өлеңнен салған аралдың тұрғыны. Жанарында Уақыттың сәулесі ойнайды. Ақын мезгілдің алынбас бір қамалында өмір сүрсе де, Алатаудың ақ самалында тебіренеді. Ал Ай туғанда ақынның ақ жүзінде өлең салған сұлу суреттер жымияды. Ақын мен өлеңнің біртұтастығын ақын Заида Елғондинованың әр өлең жолынан анық байқауға болады. Ақын әлеміне терең сүңгіген сайын, поэзия әлемінің, жер ғаламшарының төрттен бірін құрайтын алып мұхиттың тереңдігінен де асып түсетінін сезініп, қайран қаласың. Ақын шабыттанып, қиял әлемінде транстық әсерде болғанда, жердің күллі күйкі күйбеңі аяқ астында қалып, биікке самғайды. Расында да, ақын уақыт өмір сүрмейтін құпиялы әлемнің шымылдығын ашады. Осы орайда, француздың сюрреалист ақыны Робер Десностың төмендегі өлең шумағын ойыңа оралтасың.
В послеполуденном глубоком сне моем
Сто тысяч лет прошли быстрее, чем мгновенье,
И вновь реален мир, и плоть обрел я в нем,
Покинув смутные глубины сновиденья, – дейді Робер Деснос.
Робер Деснос ұйқылы-ояу жатып бір сәтте жүз мыңдаған жылдардың өтіп кеткенін көреді. Түсінен айығып, тәніне қайта оралады. Ақын ернінде өткен ғасырлардың табы қалады. Өзінің жербетілік ғұмырының осы ғасырда ма әлде өткен дәуірлерде ме деп дүдәмал күй кешкен ол өз ғасырынан адасып қалады. «Менің жадымдағы жанартаулар атқылап, жанымның шаңын сүртіп, ғасырдың әжімді жүзінен жарық нұр көремін» дейді. Бұл сюрреалистік өлеңде ғасырдың жұмбағы мен дәуірдің тылсымы жасырулы. Ал, ақын Заида Елғондинова:
Теңіздің алтын толқынында,
Жұлдыз тамырлы гүлдер өседі.
Күннің жасыл жарқылында,
Олар өмір сүреді, Айдан төсегі.
Менің жүрегім басқа ғаламшарда,
Мен Ай егізімін!
Түндерде айналамын жасыл шарға,
Мен әжімімін Жерорта теңізінің! –дейді.
Ақын Заида Елғондинова өз ғасырынан адаспайды. Керісінше, ғасырдың тіршілігімен біте қайнасады. Алайда, Айдың егізі болған соң, жүрегі басқа ғаламшарды мекендейді. Ол ғаламшарда теңіздің толқынында жұлдыз тамырлы гүлдер өседі. Күннің жасыл жарқылында өмір сүргенімен, төсегі Айда. Ақын түндерде жасыл шарға айналады. Яғни, ақын жердің көзқарасымен әлемге қарайды. Жердің тынысын сезініп, жаны мен тәнінен өлең өсіреді. Бұл ақын шабытының шарықтауы. Қиялының өрге өрлеуі. Әлбетте, бұл ақындықтың тегеурінді қуатын аңғартады.
Әлемге аты мәшһүр суретші Марк Шагал өзінің атақты бір картинасында өзінің шабыттанған сәтін қаланың үстімен ұшып бара жатқан бейнесі арқылы берген екен. Сол сияқты ақын шабыттанғанда жердің үстімен ұшып, ғажайып әлемде уақытты бір сәтке тоқтатып, жер бетінде жоқ өлең елінде өмір сүреді. Бұл өлең елінің салты басқа. Мұнда ақын жүрегі мәңгілік гүлдеп, хош иісін аңқытады. Жұлдыздар ғазал төксе, Ай ақынның шашында демалып, жанарында көктемнің нәзік бейнесі тұрады. Бұл – ақын Заида Елғондинованың жыр әлемі!
Мен сендік емеспін,
Сенің оттай ыстық ерніңде күйіп кеткем.
Екі ғасыр Ай тілінде сөйледім.
Жасыл көзді тоғайларды сүйікті еткем,
Қызу қанды қызғалдақтан көйлегім!
Сен менің махаббатымның аласапыран толқынында,
Жол таба алмай, адасқан қайықтайсың.
Енді мен естімеймін,
Сенің махаббатыңның өксігін де, солқылын да,
Сен енді Айкезбесің! Ешқашан айықпайсың...
Ақын махаббат ұғымын ұлы асқақтықпен береді. «Екі ғасыр Ай тілінде сөйледім. Сенің оттай ыстық ерніңде күйіп кеткем», –дейді. Жасыл көзді тоғайларды сүйікті етіп, қызу қанды қызғалдақтан көйлек киеді. Сондай-ақ, ақын махаббатын аласапыран толқында жол таба алмай, адасқан қайыққа теңейді. Ақынның жауапсыз алғашқы махаббатынан Айдың жанары боталағанын, жусанның күрсінгенін, даланың мұңға батқанын көз алдыңа елестете отырып, ақын өлеңінің әр жолын шыдамсыздана, сабырсыздана оқығың келеді. Бір өлеңде қаншама сюжеттер көлбеп тұрады. Ақын Айдың бетіне алқызыл раушанмен өлең жазады. Бұл өлең жолдары Айдың жүзіне сыймағанын, ақ раушан гүлінің күлтесінен жас тамшылағанын тылсым тебіреніспен суреттейді.
Ақын жырында Түн де, Ай да, Жел де, тіпті Сағыныш та күйеді, сүйеді, іздейді, табады, сосын тағы да жоғалтып алады. Ақын поэзиясында суретші іспетті кейіпкерлер мен заттардың салыстырмалы позициясын, бейнесін, фон, жарық, түс контрасттарын, тіпті көлеңкелердің ракустарын айқындап суреттейді... Өлеңдерінде сөз, музыка және сурет бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сонымен қатар, ақын Заида Елғондинованың сюрреалистік поэзиясы арқылы түсті естисің, әуенді көресің, түсті өңіңде көресің, өңіңдегі өмірің түстің жұмбақ әлеміне жол тартады.
Әйгілі испанның суретшісі Сальвадор Дали «Сюрреализм ол – Мен!» деген екен. Шынтуайтына келгенде, «Сюрреализм ол – ақын Заида Елғондинова» дер едім. Себебі, өлеңді осыншама асқақ образбен астарлап беру, тың теңеумен теңестіріп беру, өлеңнің түсін естірту, әуенін көрсету тек ақын Заида Елғондинованың ғана поэзиясында көрініс табары сөзсіз құбылыс!
Аружан Биназартегі
Алматы қаласы