ХАМИТ ЕСАМАН. САУСАҒЫНДА САҚИНАСЫ БҮР ЖАРҒАН...

 

* * *

Көздерінде күміс түстес шық тұнып,

Нәзік назын қылығымен ұқтырып;

Көктем болып күлімдейтін кіршіксіз,

Ол да мендей ақын еді тұп-тұнық.

 

Ақ бұлттардан өлең жасап алатын,

Жұлдыздармен жаны егіз болатын.

Ақ періште сияқты еді көктегі,

Мұңаятын, жер таба алмай қонатын.

 

Күлімдейтін Күн елінен келгендей,

Күнікейдің өзі сәлем бергендей.

Періштені жырлағанмен мен құсап,

Перілерге жақын емес ол мендей.

 

Шағалалар қанаттарын қаққанда,

Бақыт жайлы ән салатын бақтарда.

Жауап жазып отыратын өлеңмен,

Тағдырынан келіп жеткен хаттарға.

 

Кербез ғана керілетін кер маралдай,

Сияқты еді ашылмаған аралдай.

Арзу айтты ол ақ гүлдерге бір күні,

Жер бетінен сүйетін жан таба алмай.

 

Жауқазын боп жерде өмір сүрмейтін,

Аспан жақта,

Тек аспанда гүлдейтін.

Кей түндері өлең оқып бергенмен,

Менің де ақын екенімді білмейтін...

 

ЕҢЛІКТІҢ ӘНІ

 

«Аужар айтам, жан қалқа бүгін анық,

Таңға асатын торыны мініп алып.

Ақ жүзіңнің сәулесін ән етуге,

Ауылыңды бетке алам құбыла ғып...»

 

Бұл әуен секілді бір халық әні,

Ешкім оны көрген жоқ танып әлі.

Еңлік қыз салады осы әуенге,

Әйтеуір, ол біреуді сағынады.

 

Бұл жырдың жөні де бар жазылатын,

Сол ақын қыз көзінен наз ұғатын.

Ырғағына өлеңнің дала билеп,

Елтитін осы әуеннің сазына түн.

 

Бар ауылды аралап жыр кетеді,

Тыңдағанның көкейін гүлдетеді.

Сол әнге Еңлік қыз салады ылғи,

Жер сызып кестеленген бүрме етегі.

 

– Ашылмай келе жатқан шындығы әлі,

Ойпыр-ай, бұл соншама кімнің әні... –

Ешкімге жауап қатпай, сол Еңлік

Сүйетін ақын дейтін сұңғыланы.

 

Тұрған сәт дүниенің басы гүлдеп,

Өмірлік өлеңім бол, ғашығым,-деп-

Шолпан жұлдыз туғанда ақын жігіт,

Қызбенен серт байласты жасырын кеп.

 

Болар ма тап осындай жігітте епті,

Куә етіп айдын көл мен тұнық көкті;

Таң ата ақсұңқардың асылындай,

Еңлікті өзімен іліп кетті.

 

Қош айтысып ауылы еркесімен,

Қайырылды сұлу ән келтесінен.

Өзі әнге сап айтатын әлгі өлеңі,

Ертесіне шығыпты сөмкесінен.

 

Кеу-кеулесіп айтысып болған істі,

Бүкіл ауыл бас шайқап, таңданысты.

Анасы үнсіз жылап, ал әкесі –

Қызына отыр тілегін арнап ішкі.

 

– Жігіт емес жаны жат, заты бөтен,

Оқыдым қызға жазған хатын, әкем.

Күйеудің кеудесінде құдірет бар,

Бұл өзі кәдімгідей ақын екен! –

 

Әкесі сірә бұған тамсанады,

Тербетеді даланы таң самалы.

Ауылы әбігерге түсіп жатыр,

...Еңлік қыз жат жерде ән салады.

 

Басқа салды, салғасын, көнді бәрі,

Қыз кеткенде сыналар елдің ары.

...Бұл ауылдың қыздары Еңліктей,

Ән салмайды сызылып ендігәрі.

 

КҮЗГІ МҰҢ

 

Сарғайып жатты кешегі жасыл жапырақ,

Мүлгіді сосын айналадағы атырап.

Қайтқан құстардың қанат суылына қаныққан,

Шайырлар бүгін күз жайлы өлең оқымақ.

 

Бетке алып көне сәкіні,

Кілең шайырлар күз жайлы өлең оқыды.

Кенет бұлттардың жыр тамшылады көзінен,

Ол да бір қазақ ақыны.

 

Басылмай көңіл тұманы,

Отырмын жалғыз жазға бағыштап дұғаны.

Біз жақтан құстар біржола кеткен секілді,

Олардың қайта оралатындығы шүбәлі.

 

Кеткендей болды қанатына байлап көктемін,

Мен де өлең оқып, сезімді келмей шектегім.

Әлден уақытта мамырға қарап күрсініп,

Қарашаға қарай мұңайып қана беттедім.

 

Күзді қарсы алдық...

Шайырлар сірә шайқады,

Байқалып қалды әлі де бар-ау айтары.

Біз жақтан ұшқан әз құстар өзге көктемге,

Біз жаққа күздің келгенінен хабар айтады,

Күзгі мұң...

 

ФӘНИ

 

Мекені қырық түрлі құлшылықтың,

Иесі түбірі жоқ тіршіліктің.

Қабылына өлтірткен Абылдарын,

Фәнидің дидарынан түршігіппін.

 

Ол келген күн бәрін де күйретеді,

Туа біткен бишідей билетеді.

Тәрк етеді бөрілік болмысыңды,

Икемделсең иттікке үйретеді.

 

Талқандайды тәжің мен тағыңды да,

Түгел өртеп жіберер бағыңды да.

Құландай құйрық-жалсыз күн кеш мейлі,

Таппайсың жеритұғын қағыңды да.

 

Таты кетпей тамұқтың таңдайыңнан,

Бес батпандық бейнетің балдайыңнан.

Айдан аппақ көңілің кірбің тартар,

Тәңір танып сүймесе маңдайыңнан.

 

Фәни-ажал, солған гүл, семген тамыр,

Жердің бетін өлшеусіз көмген қабір.

Бір құтқарса құдірет құтқарады,

Ол да әуелде бір өзің сенген Тәңір.

 

* * *

 

 Некесіз-ақ басыма бақ қондырған,

 Жүрегімді үнсіз ойға шомдырған.

 Ізгі нұрдан жаралғандай дидарың,

 Періштенің өзін естен тандырған.

 

Дәм татқызар жұмақтағы жемістен –

 Артық емес сенен сірә періштең.

 Ұмыттырдың қырық жылғы қайғымды,

 Қырық өрім шашты қызбен сеніскен.

 

Қырық қызды сүйген екем ұнамды,

Қырық қызға айттым жырмен дұғамды.

Айналайын соның бәрін білсең сен,

Ешқашанда кешпес едің күнәмді.

 

Кінәлімін,

Қайтем жүрек көнбесе,

Тәтті дәмнен татқысы кеп шөлдесе.

Көзіңе енді шөп салмауға сөз берем,

Қырық күндік той жасайық ендеше.

 

Жаным сені ақын мәңгі сүйсінші,

Қырық шырағыңа жүрек күйсінші.

Қажеті жоқ пенделердің біздерге,

Некемізді періштелер қисыншы.

 

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

 

 Маған қарай айдайды жел күз бұлтын,

 Жапырақтар тартты содан қызғылтым.

 Алтын түймелі бір ару аңсатып,

 Қызыл іңір боп басталды біздің түн.

 

Қыр астында қызыл кірпік күзім тұр,

Бұл дүние жылытпады жүзін бір.

Бұрымдының бұрымына қоса өрер,

Қырларға енді қаптамайды қызыл гүл.

 

Зілдей болып мұң басқанда еңсені,

Жиілейді көңіліңнің кемсеңі.

Арзу айтсаң аққуларға аққанат,

Сол болады дүниенің өлшемі.

 

Сүйгеніңді сүйдірмейді-ау бұл жалған,

Саусағында сақинасы бүр жарған.

Қызыл іңірден басқаны көрмеген,

Мен болармын мұңға жүкті мұндар жан.

 

Бұл дүниеде қызыл түсті Біз ғана,

Бізді ұғатын аймаңдай қыз Сіз ғана.

Қызыл гүлдер сыйлай алмай қамықтым,

Жар қызығын көрсететін қызға да.

 

Көзден ғайып қызыл дүние түбінде,

Еш мазмұн жоқ тасың түгіл, гүліңде.

Енді арғысы Аллаға аян тек қана,

Ескі мұңым есік қақты бүгін де..

 

ӘДЕМІ ӘЙЕЛ

 

Атқанынша көктемнің құба таңы,

Әдемі әйел өз-өзін жұбатады.

Сағынышы шашылып көзіндегі,

Кей түндері жүрегін жылатады.

 

Жанын арбап сол күні елес түнгі,

Мұңайды әйел...(оны ешкім демес мұңды.)

Үрпек бас шақ туса да үздіктіріп,

Кездестірген жоқ бірақ ол ешкімді.

 

Айтқан жоқ жалғыздығы жайлы өзгеге,

Айналған жоқ тағы да айкезбеге.

Күллі әлемнің тынышын алып келген,

Әдемі әйел әулие қай кезде де.

 

Күй кешеді кей күні шалқымалы,

Жар құшағын аңсайды...бар құмары.

Гүлдерменен жастығын ұзартса да,

Ақжағалақ аққудай шарқ ұрады.

 

Келсе де бір басына қанша қайғы,

Бір көктемін күтуден шаршамайды.

Гүл ашатын мезгілін күтеді ылғи,

Одан өзге ештеңе аңсамайды.

 

* * *

 

Күттім, күте шайыр болып шайқадым,

Оның бәрін әнеугүні байқадың.

Гүлдер гүлге арзу айтып ашылса,

Арзамды мен саған ғана айтамын.

 

Күттім... келдің сияқтанып жарық күн,

Айы болдың түнде адасқан ғаріптің.

Аққуыма оқ атылса беймезгіл,

Рас, мәңгі жас жұтам деп жабықтым.

 

Сен келем деп, мен күтем деп шаршадық,

Екеуіміз екі жақта ән салып.

Тағдырымыз жазылатын тақтада,

Бақытсыздық бола қоймас соншалық.

 

Бұл жалғанға назасы көп жандайын –

Аспан жалқынданбаса екен әрдайым.

Үкілім-ай ұшып кетпе... бақбақтай –

Бақытымнан айырылып қалмайын.

 

КӨКТЕМГЕ ХАТ

 

Қарс айрылып тұр бүгін көкірегім,

Өзіңе мені жақын етіп едің.

Маған қиын болып тұр жалғыздығым,

Күткен қыздай кешікпе, өтінемін.

 

Сен келгенде қалайын шуақты еміп,

Бәйітімді оқиын бұлаққа еріп.

Ал бүгінге жүрегім жабығуда,

Ғайыптан оны да өзің жұбат келіп.

 

Түзелер-ау десем де көшім көппен,

Қалған мезгіл мінезі тосын неткен?!.

Мен қимаймын жанымның жұбанышын,

Мен жоқтаймын өзіңді есіл көктем.

 

Ақкөйлек бір ақынның жырын ұғар,

Ару аз көктем мінез, қылығы бал.

Сары шаш күз – кәрі қыз оң жақтағы,

Сен бойжеткен сияқты ең бұрымы бар.

 

Өзіңменен кеткенде көп арманым,

Сезінемін бір өлең жоғалғанын.

Хат жазбай-ақ қояйын десем енді,

Кешір көктем...

Тасжүрек бола алмадым