БАУЫРЖАН ҮСЕНОВ. МӘҢГІ АҢСАЙТЫН БІР АРМАН КЕРЕК ШЫҒАР ...

КӨГІЛДІР САҒЫМ

 

Жабырқасам, көзіме жас келеді,

Жанарларың бұлтсыз аспан еді.

«Ай, жеттім-ау» дегенде бұлың етіп,

Алдап кеттің сағымдай сәскедегі.

 

Қабылдамай, жанымның ымырасын,

Қаштың менен,

Көтермес мұны басым.

Күдерімді үзейін десем енді,

Көкжиектен тағы да құбыласың.

 

Аспан кезді баянсыз бағым менің,

Айдаладан арбаған сағым ба едің?

Самал болып есе алмай,

Саған қарай,

Шаруасы шалқайып шабылды ерің.

 

Бозторғай да атыңды айта берді,

Періштең не, кеудемде сайтан өлді.

Мәңгі аңсайтын бір арман керек шығар,

Сағым болсаң-сағым бол,

Қайтем енді...

 

САМҒАУ

 

Менің ұшқым келеді биік-биік,

Бұлттарменен тигізсем иыққа иық

Содан кейін түйіліп төмен қарай,

Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып.

 

Су-су болып жүгірсе жайран қағып,

Қара өлеңді сағынған қайран халық.

Таңдай қағып, сан соғып, шапалақтап,

Думан қалып жайына, сайран қалып.

 

Шамаң жетсе ұшқанға не жетеді,

Бәрімізге бір самғау қажет еді.

Ұшам десең, қылтиған қанатыңа,

Сөзі өтеді біреудің, көзі өтеді.

 

Шамам жетсе ұшар ем айдан әрі.

Мүмкіндік бар шолуға айналаны.

Ең жақсысы ол жақта естілмейді,

Ұша алмайтын «жандардың» байбаламы.

 

Өлең-мені биікке жалғап өт сен,

Өз обалым өзіме шаңға бөксем.

Армансыз-ақ өтер ем, әз халықтың,

Аспанынан бір рет самғап өтсем…

 

ШАБЫТ КӨКПАРЫ

 

Көңілдің көк дөнені ал, кісіне,

Жараспас жабы тірлік сал кісіге.

Соқтырып жөнелейін, мінсіз бүгін,

Шабыттың белі жуан, әлдісіне.

 

Сандалкөк-сауран тектес додаға кір,

Ой-қырды келтірейін тобаға бір.

Сүрінсең бұл сіркілде, атпазына,

Боп қалсын мәре болған оба қабір.

 

Серкені сексен қадақ бұйым көрмей,

Іс қылсам дос-дұшпаным күйінгендей.

Жеткенін шашып кетсем,

Мәселенки,

Долы жел құмнан құйып үйіргендей.

 

Па, шіркін, тартыс буы желіктіріп,

Жіберсем аспан астын бөріктіріп!

Көкпарды сағынған ел жер көшіріп,

Қол соқса қызығыма өліп тұрып.

 

Дүрмектің шамға көміп тамам бозын,

Келгенде, салса арулар маған көзін.

Қорғаған намысыңды қайран өлең,

Мен де бір жалғыз атты шабандозың.

 

Жалғыз ат, жалаң қылыш-ердің бағы,

Дәмелі бір бүркіттен елдің бәрі.

Сапары үзілмесе үйден шыға,

Салармын салымыңды зәңгірге әлі…

 

СҰҢҚАР–ҚИЯЛ

 

Сұңқар-қиял,

ал енді Самға, самға,

Сүйегіне иеңнің таңба салма,

Жеті қабат көкке кет,

Зарыққанда

Жерге келіп қонарсың анда-санда.

 

Томағаңды сыпырдым,

Жөнел, кәне,

Жұлдыздан да алып кет өлеңді әрі,

Кеуде жарып шығардай аласұрған,

Табылады жүрекке сенен дәрі.

 

Сұңқар-қиял

Сыйынған пайғамбарым,

Сеземісің сұрапыл майдан барын.

Қамал бұзар жиырма бес,

Келіп қалды

Жердің шарын бір рет айналмадым.

 

Сұңқар-қиял

Топшыңды жайға жаны,

Шамырқансын шабыттың тай қазаны

Мекеніне жасынның жете алды екен,

Жыр баптаған даланың

Қай қазағы.

 

Сұңқар-қиял,

Сия көк аспан мекен.

Қанатыңның қайғысы дастан ба екен

Сенің әрбір сәттерің төмендеген

Менің қызыл қанымды шашқанға тең.

 

Сұңқар-қиял

Бір сәт те төмендеме,

Өмірде де

Өлшем жоқ өлеңде де.

Төмендесең талқан қып сенімімді

Тұғырыңа қайтадан келем деме,

О, сұңқар қиял!

 

МУЗАҒА СЫР

 

Бозбала – өзі хан, өзі бай,

Бақыттан жайнаған көзі де.

Енесін іздеген қозыдай,

Емініп ұмтылды өзіңе.

 

Жаза алмай шекесін көмді тер,

Жия алмай ойларын шашылған.

Мейірім іздеп жүр сергітер,

Самал боп сипашы басымнан.

 

Құлын ем босаған желіден,

Құлдырап жүгірген қыратта.

Айырылмас дос болған сенімен

Сезімтал жанымды жылатпа.

 

Өзің ем мұңымды шағатын.

Қуансам өзіңе ұшқан ем.

Бекімей жатса да қанатым,

Қырандар көретін түс көрем.

 

Жастықтың қайғысыз күндерін,

Деген ем жазамын тасқа өріп.

Әйтсе де, көзімде тұр менің

Бір өлең мөп-мөлдір жас болып.

 

Сезімді оятқан гүл едің,

Күбірлеп айтатын сан дастан,

Сен маған көрінбей шынымен,

Өстің бе шыңдарға қар басқан?

 

О, муза, демі өрт, қыз ерін,

Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.

Мен сенің гүліңді үземін,

Тек өзім үзіліп кетпесем.