БАҚЫТЖАН АЛДИЯР. ТАСТЫ ЖАРЫП ӨСТІ ӨЛЕҢІМ...

 

ӨМІРБАЯН

 «Өтемістен туған он едік...»
                                   Махамбет
 


Атадан туған алты едік, 
Алты бөлек жалқы едік. 
Кілең шеккі жеп өстік, 
Бір емшекті тарта еміп. 

Алты бірдей жетімек, 
Апыл-тапыл жетіп ек. 
Қақты бізді әруақ, 
Бақты бізді өкімет. 

Жерді еңкейіп емгенбіз, 
Елге ербиіп ергенбіз. 
Дәрменсіздік дәнінің
Дәмін татып көргенбіз. 

Құлатпадық күйді епті, 
Ұнатпадық күйректі. 
Аңшы әкеміз адымды
Аңдап басуды үйретті. 

Дәмін сездік аш тілдің, 
Бәрін кездік тас, қырдың. 
Қабыланмен қағысып, 
Қанын жұттық қасқырдың. 

Иен дала, ерен дүз, 
Иесі біз дегенбіз. 
Алан сүтін ішкенбіз, 
Аю етін жегенбіз. 

Әкеден ап үлгіні, 
Тұтынғанбыз пірді ұлы. 
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні. 

Тезге салып төте сын, 
Түзетті өмір қатесін. 
Әл-дәруан көргенбіз
Әкеміздің әкесін. 

Көндіге алмай ізге бір, 
Күреңіткен күз-көңіл. 
Пісте сатты шешеміз... 
Пісірді ғой бізді өмір. 

Дара қондық әлемге, 
Бала болдық бар елге. 
Жан емеспіз деуші едік, 
Жатыры бір, жаны өңге. 

Жас еді деп тым әлі, 
Жұрт өтірік жылады. 
...Бейіш жақтан боп шықты, 
Бесінші ұлдың тұрағы. 

Алтау едік, бес қалдық, 
Алла барын еске алдық. 
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық. 

Көлге көзде жас тұнбай, 
Кеудені езге бастырмай, 
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай. 

Тон ішінде жетіліп, 
Көп ішінде бекідік. 
«Жетім қозы – тасбауыр...» 
Дегеніңіз өтірік! 

Тоқтамайтын көші ұдай, 
Тағдыр ғой бұл, досым-ай. 
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай. 

Жаныма ұйып мұң ұяң, 
Жылағым кеп... жымиям. 
...Жібісеңші сен де енді, 
Зарпы ойламай зымиян, 

Ей, тасбауыр Дүнием!

 

ТАСТАЯҚ

(«Маэстро» Исрайыл ағама)


Тасқаяқтай қағыстырып Тағдырым,

Тас қалада таз кепешпен қаңғыдым.

Тастаққа өнген төретамыр тәрізді

Тасты жарып өсті өлеңім – жан гүлім.


Тасасында Тірлік атты күйбеңнің,

Талай рет саз балшықтай илендім.

Меңгергенім – тас болу һәм мас болу,

Ия, айтпақшы…

Тастаяқты үйрендім.


Тас пен таяқ етіме әбден өткесін,

Тастаяққа тіпті менің кетті есім.

Тас-талқан боп талайлардан жеңіліп,

Талайларды талқандадым…

Сөкпесін!


Тас пен таяқ үйреншікті зат қой деп,

Заһар іштім бар айтарым «ап қой» боп.

Інілермен ойнадым мен тәтті ой кеп,

Ағалармен ойнадым мен ақкөйлек.


Бильярд деп атайды оны несіне?!

Тас пен таяқ, алты бұрыш – несібе.

Тәлтек басып қайтатынмын үйіме,

Таз кепешім түсіп кетсе есіме.


Енді жүрміз ұтылсақ та саспай-ақ,

Баяғыдай болмай қалды тастаяқ.

Басымызда ию-қию басқа ойлар,

Басқа ойынға бара жатыр жас таяп…


Деп көсілсем…

Аға, бізге арайсыз

Аянышты көзбен неге қарайсыз?!

Әзілім ғой…

Тастаяғым орнында!

Не ғой, аға…

Бір нетуге қалайсыз?!…

 

* * *


Қайран да қайран, сері күндерім,
Қайрылмай ұшқан басымнан.
Сен едің ерке елігім менің,
Мен едім саған ғашық жан.

Сүйемін деуге батылым бармай,
Сүймеймін деп те айта алмай,
Жат болмай яки жақының болмай,
Үн-түнсіз жүрдім байқалмай.

Қайтарып өзім меселімді оймен,
Қаншама қайғы жастандым.
Шаттыққа шала мас едім ғой мен,
Сырымды саған ашқан күн.

Көрген жан біздің ақ арманды аяп,
Қарайтын күдік көзімен.
Жанымыз бірге жаралғандай-ақ,
Мен сен ем, ал сен өзім ең.

Жанымның бітпес жарасын жалап,
Жүргенде қамап шер шемен,
Адуын жылдар арасында қап,
Адасып кеткем мен сенен.

Тыйдық та жанның алып-ұшқанын,
Ұйыққа бәрін батырдық.
Өзіңе деген сағыныштарым,
Шығарған мені ақын ғып.

Көктен де сені іздедім, жаным,
Жерден де сені іздегем.
Жылдардың санап тізбегін қалың,
Үмітімді ешбір үзбегем.

Жүректі мынау жұбатпады ақ түн,
Жасай да алмай жаныма ем.
Жөніңді сұрап жылап бараттым,
Жолыққан жанның бәрінен.

Өрекпіп көңіл өртінен жырдың,
Қап-қара таңба қалды арда.
Есіміңді айтып тентіреп жүрдім
Кабактар менен барларда.

Етті де тағдыр боз басымды әлек,
Ой менен қырға қуды арман.
Жұттым ғой сенің көз жасың ба деп
Ап-ащы мөлдір улардан.

Жалғанға жетпей жасық үндерім,
Жамадым қайғы жаныма.
Жоғалтып алған асылым менің,
Жолықтың маған тағы да.

Жанымның жарық көгін мекендеп,
Жұлдыздай жанған бағым ең.
Түсім бе әлде өңім бе екен деп,
Түсінбей жүрмін әлі мен.

Түбіне кейде шым батып кетем,
Арылмай сол бір сиқырдан.
... Мына бір түсім тым бақытты екен,
Оятшы, жаным, ұйқымнан...

 

МЕНІҢ ҚҰЛАГЕРІМЕ

«Әркімнің өз Құлагері болады…».

                                           Сәкен сері Жүнісов

Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,

Көңілім көп кещеден жырақта өлді.

Уақыттың бәйгесінен Құлагерім

Құдай-ай, құлап келмей жылап келді.

 

Құлагер құламады, жылады кеп,

Құдайдың қандай қиын сынағы деп.

Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,

Тым құрыса, жұбатсамшы бір-ақ рет.

 

Тұрады тұлпар Құла тұралаған,

Туатын жан едік-ау бір анадан.

Жануар, сен – жылқы едің, мен – жалқы едім,

Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған.

 

Жануар, сен де жүйрік, мен де жүйрік,

Жүрекке мұң да жидық, шер де жидық.

Қазаққа болсын деп ек қаз-қаз басқан,

Малшынған маңдайымыз терге жидіп.

 

Сен жоқта жабылардың жел сорды іші,

Ер жоқта кеще шешен – ең сорлысы.

Ішінде жүйріктердің – сен соңғысы,

Ішінде ақындардың – мен соңғысы.

 

Қанатты саған бермей құсқа берген

Құдайдан айналайын ұста келген.

Балтасын Батыраш бар ұстап өлген,

Батырда Бақытжан бар дұшпаны өрген.

 

Жануар, кетейікші осы арадан,

Жан ұғар аттайықшы босағадан –

Қотыраш қан қыстамас құтты іргеден,

Батыраш балта ұстамас Қособадан.

 

Көп кеще мен Бөріні жылатты Айға,

Сені де мазақ етті шұнақ тайға.

Қазаққа жүйрік осы тұрақтай ма?!

Жануар, кетейікші…

                                   Бірақ қайда?!

 

ТАСТАҒЫ ӨЛЕҢ


Тас көшелер. Тас тұлғалар. Тас үйлер,
Тас үйлерге тағдырларын тасиды ел.

Тас қаланың тасасында қап қойған,
Тастай берік қайран көңлім, жаси бер.

Тас қаланың төріндегі тас қамал,
Тас қамалда отырады қасқалар.
Тас тұлғаға толы сол бір қамалды,
Тастай қашқам, қалмаған соң басқа амал.

Тас-талқан ғып мақсатын һәм мұратын,
Тас қалада теңселіп жүр бір ақын.
Тәспісінен жаңылысқан дүние,
Тастан жұмыр жырына елтіп тұратын.

Тас тағдырын талақ еткен жас арай,
Тас бағанды құшақтайды мас ағай.
Тасқа сен де таңыларсың дегендей,
Тас тұғырдан телміреді тас Абай.

Тасқа айналу шығар, бәлкім, сыбағам,
Тасқа айнала алмай-ақ жүр бір ағам.
Тасқа соққан маңдайды аяп сонан соң,
Тастай суық сіміремін сырадан.

Тасқа тастап мінезімді шынылау,
Тасып-толып мәз болады қу мынау.
Тас бағанды құшақтайды мас ағай,
Ол да маған қарағанда ұлылау…

Беу...
Тасты жарып өскен гүлдей жырым-ау…

 

МЕНІҢ СОРЫМ

Кім бар оған ақын болып ту деген?!.

Гүлнәр

Титтейімнен өлең еді қуғаным,

Құйттайымнан сол жол белді буғаным.

Өкімет пен өкілетке өкпем жоқ,

Бар айыбым – ақын болып туғаным.

 

Бар айыбым – ақын болып жаралғам,

Мен ақын ем туған кезде-ақ анамнан.

Жиырмаға жетер-жетпес осынау

Менен асқан кім бар дедім ғаламнан.

 

Шенеунік боп көріп едім аз мәні,

Жұрт жабылып соттап құрта жаздады.

Бар айыбым – ақын болып туғаным,

Мына қыртыс маңдайыма жазғаны.

 

Ат деп, бақ деп айтқан бабам нақылын,

Әкім бүгін іздемейді ақынын.

Жалаңаяқ ақыныңды қайтсін ол?!

Аллам өзі қайырлы еткей ақырын.

 

Апа, менің ақындығым – айыбым,

Алла ақын деп жасар ма екен қайырым?!

Фаризаға мұңын айтқан Мұқандай

Сізге келдім, түсінерсіз байыбын.

 

Мен – ақынмын, менің сорым сол ғана,

Сия алмадым рамкаға да, формаға.

Көпшілікке күле алмадым зорлана,

Базбіреуге бола алмадым қолбала.

 

Ақын болып мұң шағамын Сізге мен,

Толқындарда төңкерілді жүз кемем.

Сізді көрсем алаулаймын жігіттей

Алғаш рет сүйісетін қызбенен.

 

Шығарып сап Қадағам мен Тұмаңды,

Тіршілікке көз сап тұрмын күмәнді.

Есенқұл мен Фариза апам жоқ енді,

Бұл Ажалға кім келесі ұнамды?!

 

Өлме, апатай, тілегім сол ең дара,

Өлеңдегі ең сүйкімді мең қара.

Маған ұқсап жазатұғын – Мен ғана,

Саған ұқсап жазатұғын – Сен ғана.

 

Арамызды шектеп жатыр он жастай,

Өзгелерден жүрем Сізді қорғаштай.

Қазағыма қадірсізбін, бір кезде

Қазақшаға қарсы болған Олжастай.

 

Қырыққа келдім, жоқ қазаққа өкпем де,

Қылт етсем-ақ қырын қарар көп пенде.

Қазығұртта қаза болды демесең,

Туыс түгіл туған ауыл жоқ менде.

 

Туыс болса іздемей ме жат ұлын,

Ауыл болса іздемей ме ақынын?!

Оңтүстікте мұң шағар жан қалмады.

...Алматы осы бізден қанша шақырым?!

 

Қия алмаймын, сия алмаймын үйге түк,

Сол мінезге үйді де алғам үйретіп.

Алматыңа мен де кетіп қалар ем,

Қайда барам «шылбырымды» сүйретіп?!

 

Гүлнәр апам, Гүлнәр ақын, Гүлнәр қыз,

Біз екеуміз жыр жолында кұрбанбыз.

Алдымызда күтер бізді сырдаң күз,

Мұң шағайық бір жалғызға бір жалғыз.

 

Жан-жүрегің жылайды ма сыңарсыз,

Бәлкім, апа, жалғыз емес шығарсыз?!

Ақын болып мұң шақтым кеп Сізге мен,

Өзіңіз де ақынсыз ғой, ұғарсыз...

ОРЫС ТІЛІ АПАЙ (баллада)

Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.

Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.

Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.

…Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас,
"Орыс тілі" апайымыз болатын.

Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын әрине.

«Аңғал қыз-ай, алданған ғой» десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге деп
Ойға батып кететінмін неше ауыр.

Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудің бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.

Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».

Сосын...
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?-деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.

Жылады-ай бір, жылады-ай бір жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.

Жан-жағымнан соққандай-ақ сан дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.

Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың не екенін.

Солай, досым, кімге ұстатсын қасқа-арман?
Әр тағдырда бір құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден басталған.