ӘСЕЛХАН ТОРБАЕВА. МЕН САҒАН ҚАРЫЗДАРМЫН, АНА!

***

Мен жалғыз емеспін анам бар,

Мен жалғыз емеспін, адамдар.

Жыласам жұбатар жанымды,

Сүрінсем алаңдар.

 

Сынақтар сындыра алмайды,

Дұшпандар қор қыла алмайды.

Себебі анам бар жанымда,

Жамандық болмайды.

 

Тағдырым күйрете алмайды,

Шашымнан сүйрете алмайды.

Анашым жалғыз дос қашпаған,

Басқалар алдайды.

 

Құласам демейді ботам деп,

Қуансам күлімдер ботам деп.

Жаратқан барымнан айырма,

Қалмайын анам деп.

 

Жаныма дем берер анам бар,

Жүрекке ем берер анам бар.

Көзімді сүртеді мөп-мөлдір,

Қолымен қабарған.

 

Жалаға қимаған анам бар,

Мен бақыттымын адамдар,

Анашым бет түзер құбылам,

Адамдар – адамдар.

 

***

 

Өшкен үмітімді қайта жаққаның үшін,

Ешкімнен кенде қылмай баққаның үшін,

Қиын сәттерде қасымнан табылып,

Жеңісті күндерімнің ақ таңы үшін,

Мен саған қарыздармын,ана.

 

Қуанышты күндердерімді көбейткенің үшін,

Жанға батқан қайғымды сейілткенің үшін,

Кеудемдегі тас болып қатқан кегімді,

Кешірімді бол деп жібіткенің үшін,

Мен саған қарыздармын, ана.

 

Тас бауыр қоғамда безінбегенің үшін,

Тізерлегенімде төзім бергенің үшін,

Көзімдегі жасты қолыңмен сүртіп,

Құшағыма қысып егілгенім үшін,

Мен саған қарыздармын, ана.

 

Айнадай сынып шағылмағаның үшін,

Пейілінен айналдым тарылмағаның үшін,

Барлық қатемді кешіріп, асыл анашым,

Құлыным деп қабыл алғаның үшін,

Мен саған қарыздармын,ана.

 

***

 

Қайран анам, арқалаған ауыр мұң,

Ауыр-ауыр сынақтардан ауырдың.

Соңғы кездер тез қартайып барасың?,

Кетпекпісің соңына еріп бауырдың.

 

Кетпекпісің тірілермен қоштасып,

Алмақпысың өлілермен достасып.

Білем,білем ата-анаңның алдында,

Бауырлармен отырмақсың бас қосып.

 

Тойындың ба, мына арсыз ғаламнан,

Суындың ба, әлде барлық адамнан?!.

Қара жерге асықпашы баруға,

Қара маған, айырма Алла анамнан.

 

Жылап жүріп күндер өтті зуылдап,

Жылап жүріп түндер өтті зуылдап.

Қай уақытта анамды мен қуантам,

Қай уақытта, кезбе бақыт бұйырмақ.

 

Бойындағы қайсарлығын мәрттігің,

Ойыңдағы ақылыңа тәнтімін.

Кек алма деп көп айтасың ешкімнен,

Кек алмаймын серт беремін алтыным.

 

Бекер белің иілмеген қисайып,

Өмір деген өтпес екен бір қалып.

Жаным анам сенсіз өмір мәнсіз бұл,

Күлімдеші келдім бүгін гүл алып.

 

***

 

Жан анама қарызым бар өтелмес,

Еңбегіне сұрамаған өтем еш.

Түн ұйқысын төрт бөлумен қараған,

Құшақтап ап жерге қоймай көтерген.

 

Аппақ сүттің еркелетіп емізген,

Тойындырып жылы, жұмсақ жегізген.

Суық тиіп калмасын деп үстіме,

Бар асылын құлыным деп киізген.

 

Құлап қалсам жүгіріп кеп тұрғызған,

Шаңын қағып бет—қолымды жуғызған.

Жылап қалсам жұбататын шырылдап,

Құшағына басып қысып сыйдарған.

 

Мейірімнің патшалығы жүрегі,

Аман болсын жан анашым тілегім.

Осы күнге аман—есен жеткізген,

Әуелі Алла анам—әкем білермін.

 

Жанашырым аман болшы бағыма,

Ана сендей кім түсінер жанымды ә.

Қартайыпсың белден қуат тайыпты,

Қырау шалып ақ түсіпті шашыңа.

 

Ұл-қызым деп еңбек еттің тыңбастан,

Бала жүрек оған куә күллі аспан.

Қадіріңді кеш ұғындым кеше гөр,

Жүрегімді жырлатқан һәм жылатқан.

 

***

 

Анашым бар асылым, 
Жанашыр мейірбаным. 
Нұрымсың дара шыңым, 
Шуағы күнім, айым. 

Ботам деп еркелеттің, 
Көз ілмей бесік тербеп. 
Жыласам ерте жеттің, 
Жылама құлыным деп. 

Адамның ең асылы, 
Ол менің жан анашым. 
Қараған қарашығы, 
Ешқашан жыламасын. 

Жанымда болшы аман, 
Жүре бер ортамызда. 
Өмірден жасымағам, 
Бір сіздің арқаңызда. 

Тағдырдың тасы биік, 
Қамқоршым өзің барда. 
Өтермін басымды иіп, 
Мен үшін алаңдама. 

 

***

 

Жылағым келді жұбатпа апа,

Жанымды алма сұраққа апа.

Жүректе қайғы көздегі жасым,

Өмірім - өлең бірақта апа.

 

Қасымда жүрген дос емес апа,

Өткенім құнсыз бос елес апа.

Өмірді сүрген қателеседі,

Қатені түзеу кеш емес апа.

 

Ұл - қызың барда күлімде апа,

Тіліңді алам бүгінде апа.

Ренжітіп алсам кешірші мені,

Бақытты болам түбінде апа.

 

***

 

Жыламашы, анашым,

Бәрі жақсы болады әлі, көресің,

Бір жарыққа шығам әлі сенемін.

Мейлі иттер табаласын, тістелеп,

Сен бар кезде мен барлығын жеңемін!

Қатар жүрер жеңіліспен жеңісім.

Жыламаймын енді мен,

Жыламашы енді сен.

Ана жайлы жаза алмасам жөнді өлең,

Мен қандай ақынмын?

Мен қандай адаммын?

Кір келтірсем атына,

Тілдемесін жат түгілі жақыным.

Іс түскенде басыма, теріс қарап отырған,

Сенгендерім сатып кеткен ақылман.

Құдай мені айырмасын ақылдан,

Бәрін,бәрін жүрегіме сақтадым,

Келмейді тірі жанға ақтарғым,

Келмейді ақталғым.

Анам сенсіз қалай өмір сүремін,

Тоқтамасын соғып тұрған жүрегің.

Жыламашы, жыламасын жүрегім.

Қызым кетті көкке ұшып ғайып боп,

Періште ғой менің аппақ көжегім.

Не көрді мына жарық әлемнен,

О, дүниесі ғажап болсын Тәңірден.

Жыламашы, анашым,

Көп жыладың мен үшін.

Соңғы кездер қатты білем қажыдың,

Сөнбесіңші, жанардағы жарығың,

Ар алдында қалай жауап беремін,

Жан алдында қалай жауап беремін.

Бүгін —ертең айырылсам барымнан.

Ана жаным өмір сүргің езілме,

Сөз беремін қарап тұрып көзіңе.

Кек алмаймын, кек алмаспын ешкімнен,

Серт беремін өзіңе.

Өмір сүрші тойым болар бұйырса,

Той төрінде елім—жұртым жиылса.

Ақ батаңды алармын,

Селдей аққан көз—жасымыз тиылса.

 

***

Құндақтап таза өсірген, 
Күн-түні сүйген бетіннен. 
Қатеңді əркез кешірген. 
Анадан абзал жан барма?!,
Анадан асқан досым жоқ!. 

Жыласаң және жұбатқан. 
Сарқылмас мейірім бұлақтан. 
Қаліңді біліп сұратқан, 
Анаңды сыйла тірінде, 
Анадан артық жақын жоқ!.

Бағып еді жайлы күтіммен. 
Тектілік дарып сүтімен. 
Жылатпандаршы өтінем. 
Анасыз қанша жетім бар?!,
Анасыз жарық күнің жоқ!. 

Анасыз жарық көрмес ең, 
Өмірге мынау келмес ең. 
Тайрандап жерде жүрмес ең, 
Өмірді мынау сыйлаған, 
Анадан асқан батыр жоқ!. 

Анасы бардың бағы бар, 
Жылатқан жандар жаңылар. 
Ағарған шашта ағы бар, 
Өлген соң жылап егілмен. 
Өкініштен асқан зарым жоқ!. 

Барыңда сыйлап, құрметте, 
Көтергін асыл жер - көкке. 
Үйінің өзі бір Мекке, 
Анаңды сыйла, анаңды, 
Анадан асқан жұмақ жоқ!

 

***         

Анашым, - сен мықтысың,
Мен тізерлеп жыладым.
Көр топырақ бір қысым,
Қара жерім тұрағым.

Құламайтын шынарсың,
Мен сынуға шақ қалдым.
Мүмкін іштей тынарсың,
Келмес шерді ақтарғың.

Білдірмеген наласын,
Қайғысының қыртысын,
Жол көрсетер данамсың,
Үлгі өзің түр-түсін.

Үміт еттің көп менен,
Ұшты арман күл болып.
Сабақ алдым өткеннен,
Есті жидым үлгеріп.

Қанатсыз құс жыларман,
Уайым-деген шырмауық.
Үміт үзбес тірі адам,
Келем мен де шындалып.

Шаншымашы жүрегім,
Сәл шыдашы өтеді.
Жаным-анам тірегім,
Кешір барлық қатемді.

 

***

Ақ жаулығын ешқашан кірлетпеген,
Аман шыққан сынақпен дүрмектерден.
Ана болу бір бақыт ана болу,
Ана бақыт келеді жөргекпенен.

Перзент үшін тас шайнап тау қопарар,
Қызың ханша, ал ұлың ханға балар,
Өз бүйрегін ботам деп кесіп беріп,
Көз жанарын қиятын жандар да бар.

Ұрпағым деп жасаған ар күзеткен,
Жалғыздықты тәңірден жарлық еткен.
Егілместен қайғыға қарсы тұрып,
Ұл-қызымды артымнан қалдыр деген.

Аналар бар, бар аналар үлгі аларлық,
Мың ғасырға жүк әрі жыр боларлық.
Жақсы ана болуда қиын екен,
Жақсы аналар аман болсын жүз жасарлық.

 

***

Ана,-кешірші, кешіре алсаң,
Өмірге кінә несіне артам.
Көздеріне қараймын үнсіз,
Қателігім көп есіме алсам.

Еркелеп, өмірді кеш ұғындым,
Тиіп жүр-ау, енді кесірі мың.
Еңіре
п кейде жылап аламын,
Тұтқасын ұстап есігінің.

Сыйладың маған жарық ғұмырды,
Бағымды тілер өзің ең бүгінгі.
Ана,-құшағына басшы,
Үнсіз тындайын көркем үніңді.

Ана бағыма тілеуқор өзің,
Жаныма керексің білемісің.
Аман бол, анам аман бол,
Мәңгілік жүрегімдесің.

 

***

 

Қанша жыл өмір сүремін,
Қанша күн қалды,-анашым.
Жыладым сосын түнерді,
Қайғыға батқан жанарым.

Тиелген саған жүк ауыр,
Қайраттың қажып мұңайдың.
Қиянат емес сірә бір,
Ісі ғой салған Құдайдың.

Әжімін неге көбейген,
Қабарған қолың тым жұмсақ.
Сырласу бақыт сенімен,
Қара шай ішіп бір ұртап.

Қартайдың білем әдемі,
Немере бағып шаршамай.
Жемістің шырын дәнегі,
Жап-жасыл мәңгі аршадай.

Жылатып тағы күлдірдім,
Бұл өмір- азап ғажабы.
Сүйе алдым тағы сүйдірдім,
Тағдырдың болар жазары.

Кімдерден қалған кең сарай,
Терезе есік бар мұнда.
Анашым сенің арқаң-ай,
Алаңсыз жүрсем алдында.

***

 

Үмітіңді ақтармын мен қалайда,
Мен жыласам сен жылама жарай
ма?
Тағдырым ғой күйе - күйе қаландым,
Өр
Əселхан қайта туды алайда.

Енді көшім тұралап бір қалмас шын,
Қап түбінде жатпас екен алмас қын.
Жаратқанға тəубе дедім күрсініп,
Дарын берсе қалай ақын болмаспын.

Мейлі мені менсінбесін адамзат,
Мейлі мені өзге жүрсін жамандап.
Аман болшы асыл анам бағыма,
Адам болғың деген сөзің аманат.

Тірі болсам алғыс алам халқымнан,
Тірі болсам аттап өтпеймін салтымнан.
Үкілеген үмітіңді ақтармын,
Жан анашым қымбатсың сен алтыннан.
        

***

 

Сен маған күн сыйладың жарық əлем,
Алғасың алғашқы рет қолыңа əрең.
Кішкентай сəбиіңді бауырыңа ап,
Жанымның бөлшегі деп таныған ең.

Сен маған өмір сыйлап жетеледің,
Кешірдің көп болса да қателерім.
Құлыным үмітімді ақтарсың деп,
Таң сайын жол жүрерде бата бердің.

Сен маған бəрін бердің керектінің,
Жаныма қайрат берді өр екпінің.
Кең болсаң кем болмайсың кешір күнім,
Ешкімнен кек алма дет кенет бүгін.

Сен енді мені ойлап шаршамағын,
Бақыт қой күлімдеп бір қарсы алғаның.
Мен үшін үлкен бақыт амандығың,
Өтінем бар айтарым қартаймағын