МЫРЗАТХАН ТҰНЖИРАҰЛЫ. ҚОҢЫЛТАҚСЫП ОТЫРАМ ҚОҢЫР КЕШТЕ...

  

ӨЛЕҢСОҚҚАН...

Ұстап мініп көңілдің қашағанын,

Не дүлеймен жарыстым асау арын.

Жұмбақ-Құдай ашсам да құпияң көп,

Рауағаш ніліне өлең тасаладың.

 

Қоңыр жел өлең шомдап арқасына,

Қом шешкен бітік-балбал жартасына.

Қоңылтақсып отырам қоңыр кеште,

қонбаса өлең жанымның жаңқасына.

 

Теріңнен өлең аңқып заула дөнен,

Кезесем оқпанында жауға берен.

Күннің күміс кірпігінен мұң үзіліп,

Жесір айдың үрпінен саулады өлең.

 

Қажеті жоқ басы артық бояманың,

Жақтырмас жампозым-ай, ой арамын!

Ер жастап ен далада мызғып кетсем,

Өлең соғып өрекпіп оянамын!...

 

*  *  * 

Жаңарды тартып еді баршын бір ән.

Буалдыр мұнардан аршылды маң.

Сен келдің қайтқан құстай, аяулым-ау,

Қуаныштан ши емес, тал сындырам!

 

Сен де мені сағындың, сан ойладың.

Бір кешсем деп бақыттың арай бағын.

Көріскеннен болар-ау сағынысып,

Тіптен сұлу болғансың қалай, жаным?!

 

Бақтар-бақтар, алғайсың сүйіншіңді...

Сылдыр бұлақ сыңғырлы күйім сынды.

Көңілімнің әйнегі мың қыраулап,

сен кеткелі шытынап миым сынды.

 

Осындай жай-күйімді аңдарсыз ба?

(Жалғыздықтан ұрынған жандар сызға!)

Аң-таң қалде мен тұрмын күнәһардай,

Жұмаққа кіріп кеткен аңдаусызда...

 

Қиял, шіркін, дәнекер біраз ойға:

жүрегім жарылардай мына жайға!

Жарылса,«махаббат символы» деп

тапсыр, жаным, әлемдік  мұражайға...

 

АРУАҚТАР КҮҢІРЕНЕДІ

Кінияз, кәні, айла қылмай ма,

мүсіркеу сұрап Мұсадан?..

Алтын Ордам-ау, айбарың қайда,

Ығыңа аю жусаған.

 

Алтынмен аптар жағы ызып бөзді,

Буына балқыр бабалар.

Елеусіз бұтақ ағызып көзді,

Қараңсың!, —деумен қаралар.

 

"Дем тартқан алмас қылышың" қайда,

майырған оны қай найсап?!

«Боданың қайда?  »

«Ұлысың қайда?»

Боданың шықты айғай сап...

 

Қобыландының Әбілқайырлар,

Қапысын тапса...

жау жайрар.

Сарай жағалап жалын шайырлар,

"Мен құл" да болған  шаужай-лар...

 

Қусақта қурап абызың қалды,

Сүйегін мүжіп ит пен құс.

Қай Құдай сенің арызыңды алды?!

(Басқаға сенсек биттерміз!)

 

"Шашырап шыққан хандар" емес пе?

Халықты қылған көсеуіш.

Кеженесі кер сардар егеске,

Өнері тапқан— төсеніш!

 

Милыққа жақын тасы тигенде,

Айналып кеткен дәурен бе?

Патшаға хандар басын игенде,

Күймеген не бар кеудеңде?

 

Салтыңның шата көбесін сөгіп,

Сақсыры қанға толғанда-ай...

Құл-құтандар (құтырып) төресін көміп,

Сорқұдық  қонды сормаңдай.

 

Көрмеді ұйқы ерлерің қанша,

Түс көрсе басы домалап!

Қойдай құның болды ма сенің,

Өрттеп бір кетсе қоралап?!

 

Хандар бір киген қамқа тоңдардай

Замана түсі оңған-ды.

Батыр болса да аңғалды оңғармай,

Шолжитып қойдың Зорманды

 

Кердең ғасырлар, саған айтамын,

Көлгірсіп бүгін алжыма.

Мүлікті...

Арды...

Құдайымды да,

Салғансың талан-таржыға...

 

Құндасаң ғұрпым құрым киізде

Қоңырсыр уақыт шоғынан...

(Құтылдық дейміз Құдая, тәуба

Дию мен мыстан, долыдан.

 

Өзі емес бұлдыр елесін ала,

Шүкірлік!

Жоқ та басқа айла!)

Бабам түсімде ұлы денесі ғана:

—Мақұрым ұрпақ, бас қайда?!

 

АТ ЖАЛЫНДА АТҚАН ТАҢ

Алтайды келді таң сызып:

сұлбасы да бөлек қой,

бояуы қанық ерек қой-

Тәңірден түскен кенептей.

Көген көз күз мөлтілдер,

Саумалға толы көнектей.

Аңқайып аузың қалады

сансырап бастан жел өпке ой.

Бас суретшісі Тәңірдің—

таңым екен. Кәмілмін!

Бас суреткер Абай да

таңдай шебер болуға

«екі тууы» керек ғой!

 

Шашасы шыққа жуынып,

сауырда көбік кілкиді.

«Есенқоңырым" ілбиді,

“темірқазық жастанған”

кербез басын шұлғиды.

Шылдырлаған ауыздық,

Түрлентіп салар мың күйді.

Қыраудан салған арқан күз...

Шолпылы сұлу Шолпан қыз

Жамылып жарық мүлгиді.

Емексиді жүрегім,

күн астынан шығардай,

Күнегей қыз. Күнбибі!

 

Көк аспан тұтас тәжісі,

Тауы мен тасы тақ болған,

Тағының бірі ем бапталған,

күміс Аймен күптелген,

алтын Таңмен апталған.

Айкезбе ғұмыр-жігіттік,

қойнынан ару аттанғам!)

Шәлкездеу шадыр өмірге,

Шәлісін таққан мақпалдан,

Ағытқан көңіл ілгегін,

Япырай, неткен нұрлы едің,

Ат жалында атқан таң!