Меруерт Алтынбек. Тазару
Біз достармыз. Досым деп ел-жұртқа көрсетіп таныстыра алмасам да қолын қысып ризашылығымды білдіре алмасам да, оның ниетінің риясыздығына сенемін. Біздің қарым-қатынысымыздың өзі де достық сөзіндей дерексіз. Жер бетін былғаған күңгірт ниеттерден жерінген көңілім, ендігі, жан қанағатын қиялдың қайнарынан іздеуге көшкен....
Ол кірген бойда кілт тоқтап тұра қалды. Суы шүпілдеген құты көтерген бұлшық-бұлшық білектері мен иығынан түскен сабалақ қоңырсары шаштары-өңіне сиқырлы мән сыйлап тұр.
-Мен сені зарыға күттім, неге кешіктің?- деймін оған тесіле.
Ол жауап қатпайды.
-Айтсаңшы! Қашанғы төземін? Құтқар мені!
-Неден?-дейді әдейі жанды жеріме тие. Дауысы сондай ұлы әрі аздап қорқынышты...
-Рухани абақтыдан.
-Төзімді бол. Түбінде сенім мен табандылықтың алмайтын қамалы жоқ.
-Ой, не деген ақыл! Бұл сөздері мен өзіме-өзім күніне мың рет айтамын. Біреуден кеңес сұрасам да айтары осы. Сені сиқыр әлемінің өкілі ғой. Қысыр сөзбен алдарқатпай нақты көмектесер деп ойлап ем!... Мен сөзімнің тыңдалмағанына күйінемін! Дүние ешкімнің меншігі болмаса да оның жайқалған бағына емін-еркін кіріп, көңіліміз қалаған жемістен татып көре алмайтынымыз қаншалықты әділ деген ойға қаламын. Бұл бақтағы әрбір жемістің кілті біреулердің қолында. Олардың көңілін таба алмасаң-қоңырауды қанша бассаң да саған есік ашпайды!... Адам балассының бәрі бірдей абсолюттік әділ болмыс иелері емес. Сондықтан, қай саланың да қай өнер-ғылымның да тағдырына кімнің де болса үкім шығаруына жол берілмеуі тиіс! Баршаға бірдей мүмкіндік берілсе ғана адал бәсекелестік орнайды. Ал, күріш пен күрмекті уақыттың өзі ақ ажыратып алады. Кезінде, ұлы физик Ампердің өзі де көзі тірісінде лайықты атақ-абыройын ала алмады. Жеке өмірінде де түсіністік болмапты. Өмір сүруден әбден жалыққан ғалым өлген соң қабірінің басына «Ақыры, жаным тыныш тапты-ау!» деген жазуды іліп қоюды өтініпті. Бірақ, оның айналасындағылар марқұмның өтінішін орындап, өздерін әшкере еткілері келмеген екен. Өз қақысына қол жеткізуге, тіпті, оның өлімі де көмектесе алмапты... Не себепті, адамның қақысы адамға тәуелді болуы тиіс?! Ал, өзгелердің қақысын жейтін қақыұрлаушыларға қарсы заң неге жоқ?!...
Ол баяу қимылдап, маған жақындап келеді. Шаралы жасыл көздерімен аймалай қарайды. Қарасынан -адамға тән ұлы сезімдердің жиынтығы ұшқын атады. Жаныма келіп, бояу жамылған сіп-сирек шаштарымды сипайды. Марқұм әкем сипап жатқандай әсерге бөленемін. Тебіреніп жылап тұрғанымды көрсетуге қымсынып, жүзімді төменге сап көлегейлеймін.
-Жыла, жылап ал. Жаныңның жасын іркіме-дейді.
Оның алақаны бесігімде тербеткен анамдай. Өзім бір кездері көзім ғана емес жүрегім де жасаурайтынын білмей тұрған шақтардағы уанбай жылаған сәбидеймін. Бір сәтке түсіністікке қаншалықты зәру боларымды әлі біле қоймаған кезімдегідей балалық бейғамдыққа бой алдырдым.
-Мына су неткен су?-деймін оның сұйықтыққа толы құтысын нұсқап.
-Бұл-өмір суы. Өліп бара жатқан қақыларды тірілтуге арналған. Бірақ! Бірақ, мөлшерден асыра қолданса- адамның қасиеті қашып, құтырма індетке шалдығады...
* * *
Өзеннің арғы жағалауындағы саябақпен халықты жалпақ көпір жалғап тұр. Жадыраған жазда жұрт бұл жерге сейіл құрып, табиғат аясында дем алуға келсе, басқа мезгілдерде -оңашалануды сүйетін азшылық ой аулауға келеді. Аракідік итін серуендеткен бірді-екілі қара болмаса, өзімен-өзі қалғысы келген адамға кедергі болар ешкім жоқ.
Көпір үстінде жүріп келемін. Ішімде атауы жоқ сезім ұлып тұр. Ол сезімді қалай атарымды да білмеймін. Құлазу да мұңаю да қапалану да, жалғыздық та сағыныш та өкініш те ешбірі жан-дүниемдегі жағдайды дөп басып жеткізе алмайды. Рюкзагымнан арнайы ала келген жамылғымды шығарып, суық сәкіге қабаттап төсеп алдым да отыра қалдым. Бүгінгі күн райы-көңіл гүлдерін жайқалтардай жағымды! Жарқыраған күн тоң боп жатқан қарды ерітіп, жыланша ирелеңдеген жіңішке жылғалар ағыза бастапты.
Сонадайдан екеу көрінді. Өрімдей екендері алыстан-ақ байқалады. Қолдарында бір-бір бөтелке сыра. Аракідік сілтеп қойып әлденені талқылап келеді. Әнебір ауы тізесіне түскен ұзын арығы күйгелектеніп тұр. Менің жанымнан өтіп бара жатып жым бола қалды да бес-алты метрдей арыдағы сәкіге барып жайғасты. Темекі сорғылап, анда-санда сырадан ұрттап қойып отыр.
-Досым, таусылма. Иттің де иесі, құмырсқаның да киесі бар. Сенің де өнеріңді мойындар күн туады әлі!
Масаң тарта бастағанын жарқын-жарқын шығып жатқан даусы әшкерелейді.
Әдеп-ибамды ішкі құмарлығым жеңіп кетіп, көз қиығыммен сығалауға көштім. Экраннан бейнебаяндарын көріп жүрген жас әншіні жазбай таныдым. Білуімше, әнді өзі жазып өзі орындайды. Оның табиғаты бөлек туындыларынан жаралы жанның бұлқынысы байқалады. Долылана шырқаған әндерінен-көзге көрінбес торға қамалған ішқұса жанның жанайқайын сеземін. Ол-шарасыз кейіпте басын салбыратып, жер шұқып отыр.
-Гәкку арнасы да көрсетуге тыйым сала ма деп қорқамын.
-Әй, неткен жансың өзің? Асан қайғы да сендей таусылмаған болар?!-деп, ол білегін досының иығына салып, өзіне қарай тартып-тартып қойды.
- Осы күні бойымды бір үрей билеп жүр. Сахнаға шыққан сайын бұл соңғы шығуым емес-пе деп, уайымдаймын.
-Шашыңды тақырлап алып тастасаң қайтеді?. Сонда, ауыздарына құм құйылады. Концертіңді өткізбей ереуілге шыққандарын да қояр еді.
-Жоооқ, атама! Менің жан қалауым, талғамым, дүниетанымым-өзімнің он үшінші мүшем іспетті. Өзімнен бас тартып, жарымжан болғым келмейді!
- Адамдар жеке көзқарастарын әділдіктің жоғарғы өлшемі деп танып, оңбай қателеседі. Сенің Құдай мен заң шектемеген бостандығыңды, жеке адамдар шектегісі келеді. Олар сені құлату арқылы- өздерін ақылды, маңызды, мықты, сондай-ақ дұрыс адам сезінер еді! Неткен жыртқыштық десеңші!
-Сен мұны ереуілшілердің өздеріне айт! Бәрін жинап ал да баяндама оқып бер! Философияңды сол адамдарға сапыр. Бар-бар! Әйтпесе, сенің іске татымайтын данагөйлігіңнен не пайда?!
Ол қалай тез қызбаланып кетсе солай тез сұлқия қалды. Екі шынтағын тізесіне қойып, Басын төменге салып, он саусағын айқастырып, маңдайына тіреп отыр.
-"Болды, болды батырым! Еңсеңді көтер! Өмірдің мезеттерден құралатынын ескерсек, біздің бір де бір сәтті босқа жоғалтуға қақымыз жоқ! Кел, одан да ән салайық!"-деп, сұрғылт бас киімінің жиегінен сығалаған сарғыш шашы құлағын жауып тұрған келісті жігіт-дөңкиген аяқ киімімен жер тарпып, билегісі келгенін білдірді.
-Әнші жігіт түбі көрініп қалған бөтелкесін сәкіге қоя салып ұшып түрегелді.
Жанарымның ұшқынысың жүректегі жарамсың.
Менің үшін туғансың, қарағым-ооооу!
Құшағымда аялайын гүлдеріндей даламның,
Сүйем деші, сүйем деші, аяулым-оооу!
Екі жігіт әндете билеп жүр. Көздерін жұмып алып, қолдарын ербеңдетіп, жын ұрған бақсыдай бар дүниені ұмытқан.
Оны қатты аяп кеттім! Жүгіріп барып құшағыма алғым келді. Бауырымдай басынан сипап жұбатқым келді. Бірақ, олай ете алмадым. Сол баяғы жұрт не ойлайды деген жасықтық. Дұрыс еместердің жағынан көрініп қалып, масқара болам ба деп үрейлену. Қызық, ізгі ниет шынайы сезімдерімізді жасырып, немқұрайлылық бетпердесін қашанғы киіп жүрер екенбіз?... Ақырында, оның жарасын жеңілдету маған бұйырмаған деп ақталуға тырыстым. Орнымнан көтеріліп, жамылғымның қарын қағып-қағып рюкзагыма салып алдым да көпірге беттедім. Арт жағымнан қоқыс жәшігіне екпінмен тиіп тарс-тарс етіп шытынаған бөтелкелердің дауысы шықты. Ішім әлем-тапырық дейін десем бұл сөз ішкі сезімімді дөп баса алмайды. Аты жоқ сезіміме ат қою үшін, бәлкім, бір күні жаңа сөз ойлап табармын. Сөйтіп, әлем халықтары сол сезімді қазақ тілінде айтатын болар...
Айра-жайра көңілімді реттеу үшін досымды көруім керектігін түсіндім. Түсінгенім сол ақ, көз ұшында көрінген қараның досымның нақ өзі екенін жазбай таныдым. Беліне бір құты суын байлап алып, бұлшықеттері ойнақтап, қадамын нық басып келе жатты.
-Армысың, досым!
-Армын, бармын!
-Арқа-жарқа әңгімелеспегелі көп болды.
-Саған қажет болғанымды сезіп келе жатырмын деді ол нұрлана жымиып.
Екеуміз көпірдің жақтауына шынтақ тіреп тұра қалдық. Мұз айдынының соңғы күндерінде коньки теуіп жүрген бірен-саран жұрт-азық іздеп жөңкіген құмырсқаларға ұқсайды.
-Мені-адамдардың адамға ұқсамайтындығы алаңдатады. Бірі байлық-мансап жасап, сауық құрғанына мәз. Басқа ештеңеге бас қатырып, алаңдамайды. Екіншісі, айналасына үстемдік жүргізіп, басқаларды алақанында ұстау үшін небір зұлымдыққа барады. Бұлардың шабақтары-үйдегі, жұмыстағы тирандар. Ал, ірілері-Жер бетін бағындыруды көздеп, әлсіз елдерге әлімжеттік жасап, соғыс тудыратын тарихи тирандар. Миллиардтаған халық сол бірді екілі тирандардың тойымсыз эгосын қанағаттандыру үшін өз жандарымен өте ауыр құн төлеуге мәжбүр... Адамдардың ендібірі миларын бір-бір кітапқа айырбастаған діндарлар. Олар- дүниенің күл-паршасы шығып, жоқ боп кетсе де Құдайдың жазуы, ақырзаман деп, шүкіршілік айтып отыра береді. Айта берсең адамнан өткен ақымақ та аяр тіршілік иесін табу қиын. Тіпті, жыртқыш аңның өзі құрбанын аш қалмау үшін ғана өлтіреді. Ал, адам деген-жыртқыштан өткен жауыз... Жер бетінде жарық әлемнің қамын жеген естілер тым аз! Эх, адам болсам мен мәңгілік өмір сүрудің формуласын табуға әрекеттенер едім!
-Ол мүмкін бе?!-дедім, көкейімді тескен ең басты әрі ауыр сұраққа қобалжып.
-Әрине!
Мен оның бет-жүзіне мейірлене қарап тұра бердім. Ол да маған қарап тұра берді. Екеуміз де жымиып тұрдық. Қанша тұрғанымызды есептемеппін. Бір кезде ішектерім ұлып, қарным ашқанын сездім.
-Ал, бостандық ше, рух сана, сөз бен ой бостандығын айтамын!-дедім, оны неліктен көргім келгені есіме енді түсіп.
- Мына құтыда-өмір суы бар. Білесің ғой! Бұл-өлген қақыларды тірілтеді. Құтыны ашып, ішіндегі сұйықтықты ауаға сілкіп-сілкіп жіберсең, бостандық желі соға жөнеледі. Жел тамшыларды айдай әлемге таратады. Бірақ, абай бол! Желдің өтіне кеудеңді керіп көп тұрушы болма. Бостандық желі өтіп кетсе соңы жақсылыққа апармайды... Ол енді артына бұрылмастан көпір бойлап кетіп барады. Жалбыр шаштары мен буылтық-буылтық білектеріне сүйсіне көз тігіп аз-кем тұрдым. Сосын, құтыны ашып, бар күшіммен сілкіп-сілкіп жібердім. Ауада жел билей бастады. Әлгінде ғана жарқырап тұрған күннің көзін бұл жауып, аспан күңірене жөнелді. Жүзімді желге тосып мен тұрмын. Көп ұзамай бет-жүзіме жел айдап әкелген қиыршық тамшылар тие бастады. Қанша тұрғаным есімде жоқ. Бір кезде жел бәсеңсіп, қиыршық жаңбыр шелектеп төккен нөсерге ұласты. Жаға-жеңімнен іші-қойныма су кіріп, малмандай болдым. Су-су болып үйге бара жатып, жабылғалы жатқан дүңгіршекке соқтым. Бұл жолы да газет беттерінен өз аты-жөнімді таба алмадым.
* * *
Содан бері үш жылдан астам уақыт өтті. Аспан денелерінің кезекті ауыс-түйістерінің әсері ме, әлде, тағдырым солай ма менің де айым оңынан туды. Шығармаларым басылымдар мен интернет порталдарында жарық көре бастады. Жылдар бойы басылып-жаншылып еңкіш тартқан үміт-сенімім еңсесін қайта тіктеді. Жарыққа шығуды зарыға күткен жазбаларымды жинақтап, алғашқы кітабымды шығарып үлгердім. Үй жұмыстарын атқарып жүріп, Гәкку арнасынан баяғы әнші жігіттің жаңа әндеріне тыңдаймын. Алқын-жұлқын би билей жүріп, мұңды деуге де көңілді деуге де келмейтін әуенді жанын жеп шырқайды. Қазір оның жұлдызды шағы!
Үйреншікті көпірмен саябақтан қайтып келемін. Ерте көктемнің өкпек желі қойнымды қуалай бастаған соң, күртемнің сырмасын мойнымды қылқындырардай етіп барынша сырып қойдым. Үнемі келіп отыратын өз сәкіме келіп жайғастым. Сол жылдары ішімде ұлып тұратын удай ащы сезім ұмытыла бастаған. Құтылғаныма қуансам да ол сезімнің атауын ойлап таба алмағаныма өкінемін. Іргесінде әлі де болса қатқақ қар жатқан тал ағаштардың жаңа бүршіктеп келе жатқан шыбықтарына қарап шабытым ояна бастады. Ұялымның экранына жаңа парақ ашып қойдым бір өлең жазып жіберейін деп, мөлдіреген көңіл-күйімді миыма жалғап жіберіп, сүйкімді ойға баттым. Әуелі ырғақ, сосын, тармақтар, әрі қарай шумақтар ағыла бастады көкейімнен. Тез-тез жазуға кірістім.
* * *
Бастапқыда, оны қатты аядым! Әкесі тастап кеткендіктен оған екі есе көп мейірім беруім керек деп шештім. Әйтеуір, асырап баға аламын. Не киемін не ішемін демейтін болады. Бұл да бір дәтке қуат. Дегенмен, баланың психологиялық жайлылығын қамтамасыз ете аларыма күмәнім бар... Ұлымды ойлап алаңдасам да, күйеуімнің қайрылмай кеткеніне жүрегім қарс айрылып, аса қатты қайғырғам жоқ! Жастайымнан бақытты болуды ер-азаматпен бірге болу деп емес, өз жан-дүниеммен келісімде өмір сүру деп түсінген екенмін. Меніңше, бақыт деген-адам жанынын тәуелсіздігі. Өзімен-өзі бақытты бола алған адам ғана шын бақытты! Ал, жарасымды ерлі-зайыпты деп- екі тәуелсіз жанның ұрпақ жалғастыру мен жеке арман-мұраттарына жету мақсатында бір-біріне қолдау көрсету үшін бір отбасына бірігіп, бір-біріне қамқоршы тірек болуын айтамыз. Біз екеуміз де бір отбасы болуға тырыстық. Бірақ, бола алмадық. Өзі кетіп қалмағанда мен ол жұпта тең дәрежедегі серіктес болмай, құрбанның күйін кешер ем. Бар-жоғы күмәнді жұмаққа бару үшін есіл ғұмырымды сұрықсыз бояумен бояр ем. Мұсылманша көйлек киіп, ыстық күнде басымды биттетіп, орамалмен тұмшалап жүрер ем. Онымен бірге ықылассыз намаз оқыр ем. Құдайға серік қоспайын деп, тірі жан иелерінің суретін салудан бас тартар ем. Жазуға сұранып аласұрған жан толқыныстарым шайтанның арбауына баланып, көңіл зынданының тұтқыны боп қамалып жатар еді. Есесіне, Аллаға мадақ айтатын уағыз өлеңдер жазар ма ем?... Яғни, өз қақымды Алла мен күйеуімнің қалтасына салып беріп, рух бостандығы жоқ ерікті құлға айналар ем. Жо-жоқ! Жоқ, мен ешқашан құлдықтың қалыбына сия алмас едім! Бәрібір шыдамас едім! Бәрін тастап кетер ем!...Ал, мүмкін, перзентімнің қамы үшін шыдамасқа да шыдап, өзімсіз-ақ өмір сүре бере ем... Кім біледі? Тастап кетіп ол бізді өз бейнесіндегі орасан зор дұшпаннан құтқарды!... Оның менің дүкенімнен ақша ұрламақ болғанын көріп қойған күні-ақ арамыздағы жасанды махаббат морт кесілген.
Әкесінің тастап кеткеніне қайғырмайтыным үшін баламның алдында өзімді кінәлі сезініп, өзіме-өзім «мысықтілеу!» деп ұрсып та қоямын!. Ұлыма әкесін жоқтатпау үшін не істеуім керек деген сұраққа жауап таба алмай дал болам. Қолымнан келері оған әке маххабатын қоса беруге тырысу болды... Ол да ойымды оқып қойғандай ұйқы көрмей күні түні шыңғырып жылай беретін болып алған. Қашан аяқтан тұрып, жүріп кеткенше қолымнан түспеді өзі. Өздігінен жүріп-тұра алатын хәлге жеткенде де менен бір елі ажырамады. Үнемі қолынан ұстап жетектеп жүруімді, алдыма алып өз қолыммен тамақ беруімді, құшақтап отырып мультфильм көрсетуімді, жәй ғана құшақтап отыруды, құшақтап ұйықтауды талап етті. Тіпті, әжетханаға да бірге алып кіріп, тіземе алып отыратын болғам. Ол қаламаса дәретханаға да кіре алмаймын... Шолжаңдығы өтпей қалса долданып, үй ішін астаң-кестең етеді. Тәрбиелейін деп, еркелігіне шектеу қойсам- табанда ауырып қалып, мені ұжданымның алдында күнәһар етеді. Жасы екіден асқанша оның ережелеріне мүлтіксіз бағынып келдім. Сырт қарағанда тым балажан гиперқамқор анамын. Бірақ, Ана болу мені толыққанды бақытты ете қойған жоқ... Ұлыма деген орасан зор махаббатым, оның басты қамқоршысы ретіндегі парызымды терең сезінуім, өлшеусіз аяушылық сезімдерім ғана аналық міндетімді бұлжытпай орындауыма сеп болды. Мені қажытқан ұйқымның шалалығы да тыныш отырып тамақ іше алмауым да, ваннада буым бұрқырап, алаңсыз шомыла алмауым да емес-ті. Мені азапқа салған өзімнен алыстап кеткен өзіме жете алмай аласұруым еді.
* * *
Жазуға кіріскенім сол, Еділжан мультфильм көріп отырған телефонын тастай сап, жаныма жетіп келді де ноутбугіма жармаса кетті.
-Тиіспе, Еділжан!
Бала жыламсырап жүріп, пернетақтаны жанкештілене ұрғылай берді.
-Тиіспе деймін, сындырасың! Бір ноутбугімді жарамсыз еткенің аздай екіншісіне кірістің бе?
Еділжан бұл кезде ноутбуктің миын шайқалтып та үлгерген.
-Жетер енді! Сені туғаныма да екі жылдан асса да жаныма әлі тыныштық бермейсің! Сен менің тек өзіңе ғана тиесілі болғанымды қалайсың! Сол мысықтілеу ниетіңмен мені өзіңнің
құлақкесті құлыңа айналдырдың! Жетер енді! Бостандығымды бер
маған! Бостандығымды бер, Еділжааан!-деп, айғайға басып, оны итеріп кеп жібердім!.
Мұндайды күтпеген ол еденге отыра қап бар даусымен бақырып жылай жөнелді.
Қып-қызыл боп боталаған көзімен маған өршеленіп, кінәлай қарайды. Әбден өзіме зарыққан
мен оны жорта елемей отыра бердім. Балам менен жұбату күтіп, жылауын
үдете түсті. Енді, ызаланып, өзін-өзі тоқпақтай бастады. Сонда да міз бақпадым. Болмаған соң қатты
ашуланып, қолына түскен затты лақтырып, қиратуға көшті. Айна алдындағы құмырада
тұрған гүлді алып еденге лақтырды. Суырмадағы ине-жіп, дәрі-дәрмектерді шашып тастап, шұбатылған сымдарды уыстап ұстап, менің бетімнен, басымнан сабалап ұрғылап жатыр.
Мен жанымда тұрған кітаппен бетімді көлегейлеп алдым. Өзі күткен ықылас
мен назарға қол жеткізе алмаған соң, Еділжан мықтап ызаға булықты! Әлгінде өзі
лақтырып кеткен телефонды алып, бар күшімен қабырғаға атып кеп жіберді!
Екпінмен соғылған телефонның экраны кұл-талқан боп, шынылары еденде шашылып жатты.
-Құдай-ай, не жаздым?! Сені туғалы сатып алған нешінші телефоным бұл? Тоғызыншы ма, оныншы ма? Сен бар жерде сау дүние жоқ! Не ұйқы не күлкі жоқ, тіпті, өзім де жоқпын! Сен бар жерде тек сен ғана барсың! Менің қаным басыма шауып, көзім қарауытып кетті! Жанына жетіп барып, қақ төбесінен жұдырықпен түйіп-түйіп кеп жібердім! Ол демін ішіне тартқан күйі көкпеңбек боп қатып қалды да жерге етпетінен құлап жатып алды. Бірақ, менің ашуым басылудың орнына үдей түсті. Ендігәрі менің қақыма қол сұқпайтындай етіп тәрбиелегім келіп, жылап жатқан баланы төмпештей бердім, төмпештей бердім. Аяушылығымнан жұрнақ та қалмады. Бұлқынып, қашып кеткісі келсе де жібермедім. Онсыз да қарлығып қалған даусы өксіктен булығып шықпай қалғанда ғана оны босаттым. Мең-зең боп, жазу үстеліме келіп, ноутбугыма үңілдім. Әлі де болса ашудан дірілдеп отырмын. Ештеңені елемеуге тырысып, ойыма не келсе соны жаза бастадым. Артынша есік қоңырауы естілді. Есітпегендей отыра бердім. Ал бала қарлығыңқы даусымен «Аш, аш!-деп, есікке қарай жүгіре жөнелді. Бұл оның өмірінде алғаш анасынан безіп, өзгелерден араша сұрағаны.
-Еділжан, а Еділжан! Майма қайда?-деген көрші әйелдің даусы естілді. Бала еңіреп, есік аузында тұр. Есікті екпіндете ұра бастады.
-Мәрзия, а Мәрзия!
-Мәрзия, үйдемісің?!
-Сонда баланы жалғыз қалдырып кеткен бе?
-Қой, ондайы жоқ еді ғой!
-Дүкенге кеткен болар.
Мұның бәрін айтып жатқан бір дауыс.
-Мама, мама ұрды, ұрды!
Тарс-тұрс, тарс-тұрс! Бұл дауыстар маған жеті қат жердің астынан шығып жатқандай көмескілене естіліп жатты. Ештеңеге мойын бұруға құлқым жоқ. Көңілім босап, саусақтарым ноутбук парағына сөздер тізіп жатты. Бірнеше жыл өмірге кеткен есемді қайтарып алғым кеп жанталасып жазып жатырмын, жазып жатырмын. Тіпті, не жазып отырғанымды бағамдай алар емеспін. Әйтеуір, жазып жатырмын. Арқамды кішкентай жұдырықтар тоқпақтап, шашымнан тарта бастады. Жаңа ғана жеген таяғын ұмытып кеткен екен ғой, жүгермек! Көрерсің бәлем, енді еркелетпеймін сені! Бұдан былай саған билігімді жүргізетін боламын!
Иығымнан жұлқылаған қол Еділжандікіне ұқсамады. Жалт қарасам екі полиция қызметкері мен көрші әйел тұр. Түк естімейсіз ғой өзіңіз!-дейді ыржалақтап.
-Не болды саған, Еділжан?!-деген көрші әйел оны көтеріп алды. Өзім де енді байқадым. Баламның бет-аузы, аяқ-қолы қызарып, күлгіндене бастаған. Екі көзі домбыққан. Ал, тас төбесі таяқтан ісіп кеткен.
-Балаға неге өшіктіңіз? -деп сұрады жүзі сұсты екінші полицей.
-Ол мені бостандығымды тартып алды.
Үшеуінің сұраулы жүздері өзгермеді.
-Тез жиналыңыз! Бөлімшеге барамыз.
Бұл уақытта әбден зорыққан Еділжан көрші әйелдің қолында ұйықтап қалған екен. Оны диванға әкеп жатқызды.
-Жүріңіз деймін сізге!
-Баланы уайымдамаңыздар. Қазір әжесіне хабар беремін. Өзім тамағын беріп, әжесі келгенше бас-көз болам-деп, көрші әйел Еділжанды еркінси көтеріп әкетіп бара жатты.
-Қайда барасыз?-деген полицияға-«Әзірге, менің үйімде бола тұрсыншы»- деді.
-Әуелі, құжат толтыруымыз керек. Жеке куәлігіңізді беріңіз. Мен жазудан бас көтермей отыра бердім. Әкемнің ақысы қалғандай жазып жатырмын, жазып жатырмын. Не жазып отырғанымды өзім де түсінбеймін. Бір кезде қарулы екі адам екі жағымнан желкелеп тұрғызып, сүйреп әкетіп бара жатты. Мен қалып бара жатқан ноутбугіма қол созып, жанұшыра шыңғыра жөнелдім. Құдай-ай, жазғандарымды сақтап та үлгермедім-ау!
-Бетім-ай, баласын емес ноутбугін қимай барады!-деген көршімнің даусында мені есінен адасты деген мүсіркеу бар еді.
Полицей көлігінің терезесі бұлт арасынан шыққан күнге шағылысып, кабинаға жарық сәулесі түсіп тұр. Бетімді ыстық нұрға малып, терезеден сыртқа қарап отырмын. Тротуарда қол ұстасқан тыр жалаңаш қыз бен жігіт кетіп барады екен. Жұрт оларды суретке бейнеге түсіріп әуре. Кейбіреулер бастарын шайқап, еріндерін жыбырлатып ұрысып барады. Ал, біреулер, тіпті, елемейді де. Көлік жалаңаштарды артқа тастап, зуу етіп өте шықты. Аяқ астынан аспанға бұлт үйріліп, ауа көлеңкелене түсті. Артынша жаңбыр сіркірей бастады. Көз ұшынан қаптаған адамдар көрінді. Жақындай келе топ екіге жарылып кетті. Әйелдер мен ерлер екі бөлек топқа жиналыпты. Ортада күйеу жігітше қара костюм ақ жейде киіп, көбелек галстук таққан сымбатты жігіт тұр. Қолына қалыңдық киіміндегі сабалақ сары итті көтеріп көтеріп алған. Микрофон ұстаған қыз бен жігіт кезек-кезек сөйлеп, әлденені түсіндіріп жатыр. Жүргізушілер қолдарын көтеріп қап еді күйеу жігіт итпен, ал, әлгі екі топ еркегі еркегімен, әйелі әйелімен екеуара жабысып, сүйісе жөнелді. Айнала қоршаған жас пен кәрі оларға қол шапалақтап қошемет көрсетіп тұр. Ал, бәзбіреулер бұларды балағаттап тілдеген кейіпте еріндерін сүйреңдетіп, мұрындарын тыржитып барады. Көлік зуылдап, бұл көрініс те артта қалды. Бұл уақытта жауын үдей түскен. Ара-тұра найзағай жарқылдайды. Жауын жуған терезеден бір отырып бір тұрған сұлбалар қылаң берді. Жақындай келе бұлардың жол шетінде намаз оқып отырған жандар екендігі белгілі болды. Арасында жасөспірімдер мен төменгі сынып оқушылары да бар. Қыздары шұбатылған ұзын көйлек киген, бастарын орамалмен тұмшалап алған. Ұлдардың бастарында тақия. Үстерінде ұзын жеңді кең етекті діни жейде. Ересек ерлердің шұбатылған сақалдарымен қаңғыған мысықтар ойнап, құстар шоқып жатыр. Сақал иелері ештеңені елең қылмай намаз оқып отыр. Бір кезде аспан жақтан құлақ тұндырар қатты дауыс шықты. Сұп-сұр ауаға от тұтанғандай болды. Әп-сәтте гүрілдеп кеп найзағай сарт ете қалды! Кабинадағылар түгелдей көзімізді жұмып алыппыз. Көзімді ашсам көлік жол шетінде тоқтап тұр. Жай оты намазхандар саялаған діңі жуан кәрі ағашқа түскен екен. Ағаш сынып түсіп, намаз оқып отырғандардың кейбірін жарақаттап кеткен секілді. Ал, жарақаттан аман қалғандары әлі де намаз оқып отыр.
-Астғапуралла!
-Ойпырмай, мыналар өле ме қайтеді?!-десті полицейлер.
Фанатизм деп осыны айт!-деген даусым шығып кетті менің де.
-Құлап жатып сүрінгенге күлді деген осы!- деп, алдыңғы орындықта отырған полицай маған қарап тағы да ыржалақтай жөнелді.
Маған оның мазағы түк те әсер етпеді. Өйткені, мен өзімнің ұлы ақыл-ой иесі екендігімді білемін. Ал, өзіне нық сенімді адам ешбір мазаққа шамданбайды. Мен идеяларымды өзіммен бірге көрге ала кетсем-руханият бір ғасырға кешеуілдеп, әлем орасан зор шығынға ұшырайды деп қоямын ішімнен.
Көлік жүрісін жалғастырды. Терезеден көптен көрмеген таныс бейненің аспанда қалықтап жүргенін көзім шалды.
-О, досым!-деп, айғайлап жібердім. Алдағы екеу маған алая қарасты. Досымның менің жаралы жанымды емдеуге келе жатқанына күмәнім жоқ. Көлік терезесінен оған көз алмай күлімдеп қарап отырмын. Бірақ, ол мен жаққа мойын бұрмайды. Маған желкесін беріп, желге қарсы бағытта ұшып барады. Ол ақырын алыстап, түймедей болды, сосын, иненің жасуындай, сосын, қоңырқай сары нүктеге айналып, ақырында, жоқ болды... Онымен бірге жел айдап әкеп жатқан «Желкеуде, Желкеуде!Сен аурусың! Бәрің де аурусыңдар»... деген сөздер де бара-бара бәсеңсіп барып, тына қалды.. Кенет, көңілім алабұртып сала берді. Жан-тәніммен артымда ең аяулы адамым қалып бара жатқанын сезіндім. Оған дереу баруым керек!
-Көлікті, тоқтат!-деп, есікті ашпақ боп, тұтқаға жармастым. Бірақ, есік құлыптаулы екен.
-Қайда қашпақсыз? Заңнан қашып құтыла алмайсыз!-деді, қабағы қатулы полицей.
-Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің!-деді екіншісі маған бұрылып қарап, ыржалақтап.
Мен терезеден секіріп шығу үшін, көліктің артқы орындығына екі қолымды тіреп жатып алдым да, екі аяқтап тұрып бар пәрменіммен терезені теуіп кеп жібердім! Әйнектің ортасы опырылып түскен соң шет-шетін тепкілеп сындыра бастадым. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, есікті ашты да қолыма кісен салмақ болды. Мен, екеуін екі жаққа лақтырып жібердім де ытқып шығып, қаша жөнелдім. Аяқ астынан бойыма біткен тегеурінді күшке таңданып, сүйсінуге ойымда орын қалмады. Бар ойым Еділжаныма тезірек жетіп алу ғана. Зулаған көліктерді жолда қалдырып, аяғым жерге тимей жүгіріп келемін. Аяқасты желаяқтың нақ өзі боп кеткеніме де таңданбағаныма таңдандым. Бақсам, мені артымнан жел айдап, желкелеп келеді екен. Бір кезде оң жанымнан, әлгі қос жалаңаш жүйіткіп өте шықты. Сол жағымнан сүйіскен бір жыныстылар қағып-соғып, зуылдап барады. Артымнан жеткен намазхандар баса-көктеп, таптап кете жаздады. Ал, күйеу жігіт пен қалыңдық иттің біреуі оңға біреуі солға қарай қаңғалақтап, ұшып барады. Жел айдаған бәріміз бір жаққа асығып барамыз.