МАРҒҰЛАН ЖАНБАУ. КӨК КӨЙЛЕК

                                          

(детектив)

- Аристократ мырза, сіз жайлы көп естідім...

-Иә, мен де өзім жайлы көп естідім...

-Хах. Әзілдеу сізге жарасып-ақ тұр. Бұндай мамандыққа әзіл керек-ақ... Мен сізге не үшін келгенімді біліп отырған шығарсыз. Өте беделді, тәжірибелі әрі...

-Қысқа қайырсаңыз.

-Жақсы. Қысқасы, жоғарыдағыларға сіздің жұмысыңыз ұнайды, сондықтан бұл істі сізге тапсырғысы келеді.  

-Түсінікті. Айта беріңіз, мен шешпеген іс қалып па?

-Хах. Қалған екен. Жеңіл-желпі шаруаларға бас қатырмаймын. Енді сондай шаруаны кімге тапсырып тұрғанымды ұққан шығарсыз?

-Әлбетте, жеңіл-желпіге күші жетпегеннің ауырға қайдан күші жетсін. Қатырмаған таз басыңызға қарасам, адамның шашы қатты уайымдағаннан түседі, сіздің уайымыңыздың жұмыс емес екені енді аңғарылды.   

-Тура мінезді деп ескертіп еді, қателеспепті. Міне, құжаттар, қарап шығыңыз.  Жаңа жұмыс орныңызда сізді күтіп отыр. Іске сәт!

 Қолтығына қызыл папканы құшақтады да, жек көретін қаласына қарай аттанды. Қызық ә?

Алматыны бәрі ұнатады, сағынады, тек детектив емес. Ақылға салып қарасаң, детективтер құпия қылмыстың шешімін табумен басы ауырады, ал құпия әрі ауыр қылмыстар қайда- үлкен қалаларда. Шерлокты еске алайықшы, нағыз дарын, ауқымды ойлау қабілетіне ие адам, бірақ, оның бір кемшілігі коммуникация деген терминнен аулақ екендігі. Данышпандықтың бір сипаты осы. Аристократ мырза да сондай. Дарынды аналитик, күрмеулі бауды шешкенді сүйеді, бірақ бау тыныш кеңістікте ғана шешілуі керек. Алматы тыныш қала емес қой...

 

 *  *  *

1 шілде. Сағат 15:00

Алматыға келе салысымен, жұмысын бастайтын полиция бөлімшесіне асықты. Бөлімше іші ығы-жығы. Бірден бөлімше командиріне кірді де, амандық саулықсыз, алдына бір парақ қағазын тастай салды.

- Сен кімсің?

- Назаров Аристократ.

- Иә, Ақсүйек мырза, не көмек керек?

-Біріншіден, ақсүйек емес Аристократ мырза,

Екіншіден, менің жұмыс орнымды көрсетсеңіз. Бірден тергеуді бастаймын.

Үшіншіден,  міне билет,- деді де қара пиджагының қойын қалтасынан көк түсті құжат алып шықты – енді түсінікті ме?

- Түсінікті, мырза. Жүріңіз сізді командаңызбен таныстырайын.

Ұзын дәліз бойының соңғы жағында темір есікке таяп, ізет көрсеткендей сәл шегініп, есікті ашты.

- Жолдастар, бұл кісі жоғалу ісімен айналысатын жеке детектив. Арнайы астанадан криминалдық полиция бөлімшесінен келіп отыр.

-Жақсы, боссыз.

-Құп болады.

-Құрметті әріптестер, осы дело бойынша барлық ақпаратты маған тапсырыңыздар да жүре беріңзідер, босқа кедергі боласыңдар.

Жиналған команда біразға дейін таңырқап тұрып қалып еді, жаңа жетекшінің «болыңдар, болыңдар» деген ишаратынан кейін қимылдай бастады. Осыған дейін жинаған деректерді алдына тастап, шығып бара жатқанда, бір жас жігіт бұрыла қалып:

-Мырза, мен қалсам бола ма?

-Сенен маған түк пайда жоқ...

-Ит қып жұмсасаңыз да қаламын. Мен де осы іске өз үлесімді қосқым келеді.

-Жақсы. Қал.

-Неден бастаймыз... мырза?

-Аристократ

-Аристократ лақап атыңыз ба?

-Жоқ, шын атым.

-Кешіріңіз, Аристократ мырза. Сонымен?

-Тыныштықтан бастаймыз.

-Түсінбедім?

-Тағы бір сұрақ қоятын  болсаң, боссың.

Аристократ көзін жұмды да, түп түзу отырған күйі орнынан тапжылмай тыныш кеңістікке сіңіп кете берді. Ал 25-ке толған жас офицер Оразбаев ізкесушіге тесіліп қарап отыр. Бастан аяқ шолып шықты да басын шайқады: «пай, пай, пай, шынымен де аристократ екен, киген костюмі, қолшатыры, механикалық сағаты қымбат-ақ» бірақ, одан бөлек бет-әлпетіне үңілді: «не деген паң, тәкаппар тұлға» деп бір ойланды. «Сүліктей жабысып алмасам, далада қалмайтыным анық...»

Үнсіздіктері 10 минутқа созылды. Аристократ көзін тарс ашып қалғанда, түріне үңіліп отырған  жас офицер сасқалақтап, назарын басқа жаққа аударды.

-Баста – деді детектив.

-Иә... 18 жастағы университет студенті Айжан Қадырова 2 күн бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Үйдегі ата-анасы қыздарын 3 күн бұрын көрген, яғни жоғалмастан 1 күн бұрын. Жатақханада орналасқан соң, бірге оқитын құрбылары, жақын достары, ұстаздары да 2 күн бұрын көрген. Бұрын бұндай оқиғаға ұшырамаған. Ішпейді, шекпейді.

- Қарым-қатынас, жеке өмірі ше?

- Иә, жүрген жігіті болған. Бірақ, жоғалмастан  1 күн бұрын айырылысқан.

-Бауырлары бар ма?

-Жалғыз ағасы бар.

-Әлеуметтік желідегі белсенділігін байқадыңдар ма?

-Қызық жері осы. Сіз келместен 6 сағат бұрын Whatsapp желісінде отырғаны байқалды.

-Видеокамералардағы жазбалар?

-Барлық жазбалар тексерілді, бір де бір айғақ табылмады.

-Ғажап. Керемет.

Аристократ бұл құпиялықтың жоғары деңгейіне қуанғандай. Жас офицер «есінен адасқан-ау» деп аң-таң.

-SIM картасын спутниктен бақыладыңдар ма?

-Желіге кіргенге дейін мына ауданда болғаны байқалды. Кейін 6 сағат бұрын желіге кіргеннен соң  карта жойылған. Ал телефонды анықтау мүмкін емес.

Қалтасына қолын салып жіберіп, ескі ұялы телефон алып шықты. Бір нөмірді терді де:

-Алло... Сенің көмегің керек... Иә, иә, Алматыдамын. Жақсы, қазір келемін.

Жас офицер «кімге, қайда барамыз» деген сұрақтар қойғысы келді-ақ. Бірақ, ізкесішуінің «түкке тұрғысыз сұрақтар қоя берсең, боссың» дегені де естен шықпады. Екеуі бөлімшеден шығып, такси ұстады да, қаланың сыртындағы белгісіз бір ауданға кіріп, өте қараңғы жерге кеп тоқтады. Сырты мөрленген қара көнелеу бір есікті тоқылдатып еді:

-О, Аристократ мырза, сені көргеніме, өте қуаныштымын,-деп үсті алба-жұлба, шашы қалың біреу ізкесушіні құшақтай кетті.

- Детектив мырза, мынау кім, өзіңе Ватсон жалдап алғансың ба,-деп жуан қарнын сипалап, тырқылдай жөнелді.

-Ватсонбек, үстіңдегі киімің тым вызывающий, детектив, сенің есің дұрыс па, ертең мынаның маған келгенін көрсе мен біттім, сен...

-Кес. Саған бір шаруамен келдік. Егер шаруаны жақсы бітірсең қалтаңа түсетін конверттің де қалыңдығы жақсы болады. Өмір сүріп жатқан мазарыңа кіргізесің бе әлде есік алдында осылай тұра берейік пе?

-Дворян мырза, әлбетте, төрлетіңіз!

Жас офицер сонда да шыдамай сұрады:

-Мырза, біз қайда келдік?

Жуан қарын бірден:

-IT-маманына келдіңдер, атым-Марсель

-Иә саған, IT маманы,-деді мырс етіп, кейін бұрылып Оразбаевқа: 

-Қарапайым, бірақ өте мықты хакерге келдік.

Марсель бетін тыжырайтып, екі қонағын жұмыс бөлмесіне ертіп келеді. Есік өте мықтап құлыпталған. Есікті ашқан бойда жас офицер аузын ашып қалды. Бөлме іші толған компьютер, мониторлар, үлкен процессор блоктары. Бөлме іші жалпы үйдің барлық бөлмелеріндей лас, темекінің көк түтіні көзді ашытып барады.

-Жайғасыңдар, қонақтар. Шаруаға көшсек. Проблема неде?

-Қыз жоғалған. Ұрланғаны анық. Соңғы рет 6 сағат бұрын желіге кірген, одан кейін еш хабар жоқ. Бізге әлеуметтік желіні бұзасың да, барлық чаттарды сұрыптап, күмәнді не бар бәрін бересің.

-Аха. 1 минут.

Марсель нән пернетақтасымен ұзақ бірдеңелерді теріп, мониторға алақ-жұлақ етіп, программаларды қосып, біреуін өшіріп, түсініксіз сандарды оқып, «оһ» ете қалды.

-Таптым. Сұрыптау процессін бастадым. Тағы бір минут.

Жас офицер таңданудан жалықпайды. Қалай-қалай басады. Біздің бөлімшедегі программистердің алдын бір-ақ орап кетері анық. Бірақ... Бірағы жаман. Заңсыздық. Ал бұл заңсыздық қазір заң қызметкеріне көмектесуде.   

-Бітті. Бұл қыздың ағасын табу керек. Ағасы екеуі «шөпке» тапсырыс берген көрінеді. Ал мына видеожазба екеуінің бос кезде будақтататынын дәлелдейді. TELEGRAM каналынан алған тауардың бәрін. Сайтты бұзып кіріп, диллердің телефон номерін көшіріп алдым. Номер арқылы қай ауданда, қай адресте тұратынын да анықтадым. Тезірек бармасаңдар, олар да ақымақ емес, номерін ауыстырып тастайды. Бір қызығы, диллер қызға емес, ағасына ғана қоңырау шалған. Ал ағасы соңғы 2 күнде қоңырауларын тіпті қабылдамаған. ВУАЛЯ!

-Жарайсың. Міне келіскен сома.

-Сізге қызмет көрсетуге әркез дайынмын, герцог мырза.

Үйден шығарда, детектив, офицердің киімін ауыстыртты. Жетонын Марсельге табыстап кетті. Такси жалдап, диллерге аттанды.

Жолда офицер үнсіз ойланып отырды. Ерекше ештеңесі жоқ, бірақ, бұл тергеу әдісі бөлімшеден гөрі жылдамырақ. Заң органдарында желіні бұзып кіру үшін біраз қағаздың астында қаласың, рұқсат қағазын алудың өзі бір қиямет. Қанша уақыт зая кетеді. Айғақтар сол уақытта өз күшін жоғалта бастайды. Қаншама қылмыстық іс осылай аяқсыз қалды.  Іштен булығып қалды. 

-Мырза, неге жетон мен қаруды тастап кеттік? Диллерді қамауға алып, тергесек, бір оқпен екі қоян ату болмай ма?!

-Маған сол қоянның біреуі де жетіп жатыр, тек қоянның семіз болғаны керек. Дилерді қамауға алатын болсақ, оның ақпаратының салмағы жеңілдейді, үркітіп аламыз. Қазір, адреске жеткенде, өзіңді сабырлы ұстайсың, эмоцияңды жоғалтасың ұқтың ба?

-Ұқтым.

Ағаш шарбақпен қоршалған үйге тоқтады. Көліктен түсе сала, офицер үйдің ішінен әлдебір сұлбаның қолындағы ұзын таяққа ұқсаған нәрсенің тез қимылдағанын байқап қалды.

-Мырза, абай болғанымыз дұрыс. Қаруды бекер тастап кеттік.

Детективке бұл шаруаның процессі емес, нәтижесі қызықты. Әлбетте, процесс қызық пен шыжыққа толы шығар, бірақ, детектив оған аса мән бермейді. Оған процесстегі құттай детальдар ғана жағымды. Содан болар, «дүнияуи» атыс-шабыстардан қорықпайды. Дилердің оларды қарумен қарсы алғаны оған белгілі, әрине. Шешілетін проблема болған соң басын ауыртып тұрған жоқ.

-Бізге бәліш қажет.Үлкен порцияда.

-Мен кондитер емеспін.

-Бәліш жоқ болса, басқа тауарларыңа да қажеттілігіміз бар боп тұр. Үлкен порцияда.

-Сендер кімсіңдер? Полиция болсаңдар, бастарыңа бәле таптыңдар.

-Полиция болсақ, баяғыда-ақ есігіңді теуіп кіретін едік. Есікті аш, саған өте ұтымды ұсыныспен келіп отырмыз.

Үй ішіндегі адам сәл үнсіз қалды да, есіктің ішіндегі  құлыптарын шеше бастады. Басын сығалатып:

-Қаруларың болса, есіктің алдында тастап кетіңдер.

-Қаруымыз жоқ.

Үйге кіре салысымен детектив өз үйінде жүргендей кең диванға жайғаса кетті. Офицер сасқалақтап, артынан еріп, жанына отырды.

-Бізге ақпарат керек, мына жігітті танисың ба, - деп жоғалған қыздың ағасының суретін көрсетті.

-Иә, бұл жігітті тауып жатсаңдар, біраз ақша береміз. Бұл жігіт бізге қарыздар.

-Қанша қарыз?

-Ол жағын айтуға болмайды.

-Қорқыттыңдар ма?

-Соңғы рет 2 күн бұрын ұстап алдық, сол кезде қарызымды басқаша төлеймін деп кетті.

-Қалай төледі?

-Ол жағын айтуға болмайды. Сендерге де қарыз ба?

-Жоқ біз полицияданбыз.

-Әзілдеп тұрсаң, мүлдем күлкілі емес.

-Өтпей қалды, ә? Жетонымызды көрсең күлкіден  ішек-сілең қатып өлетін едің. Жә, біз кеттік, керек дерлік бір де бір ақпарат ала алмадық.

-Тоқта, тоқта. Егер жолын жасасаң, ақпараттың түр-түрін берем.

-Бізді алдап тұрған болсаң ше?

-Алдамаймын. Сендерге адресін, номерін бәрін беремін, тек аз емес сомаға

-Онда, жігітті қашан, қалай, қайда тергедіңдер, және кім тергеді, сол туралы дерек керек.

-Жігітті біздің «көше иттері» тапқан. Қарызға белшесінен батқан. Әке-шешесімен керісіп қалған. Тергеген біздің бастық. Аты-Өзбек. Шын аты ма, әлде лақап аты ма ешкім білмейді. Түрі де өзбекке ұқсамайды. Қазақшаға да орысшаға да судай. Бизнесте қанша уақыт жүргені де белгісіз. Айтпағым, Өзбек, жігітті түрін танымастай сабалап, әке-шешесін өлтіреміз деп өлердей қорқытқан. Басқа ештеңе білмеймін.

-Адресі?

Дилер төбеге бір қарап, айналаға бір қарап, айтқысы келмейтін сыңай танытып тұр еді:

-Мә,тағы 500,- деп қалтасына тағы салды.

-Адресі, Орталық музейге қарама-қарсы, 78 үй, 4 подьезд, 62 пәтер.

-Егер үйінде болмаса ше?

-Үйінде болмаса, орталық музейдің күзетшісінен сұрарсың.

-Неге?

-Күзетші – сенің іздеген адамың.

Түннің бір уағы. Жас офицер шаршағанын жасырмай:

-Аристократ мырза, сіздің түнеп шығар үйіңіз бар ма?

-Иә, үйіңе жүре бер.

-Ж-ж-жақсы.

Офицер такси тоқтатты...

Таңертең офицер тұра салысымен, бөлімшеге қарай бет алды. Аристократ мырзаны уайымдап, мазасы кетті. «Қап, кеше үйге шақыра салуым керек еді». Бөлімшеге жете сала, жұмыс кабинетіне асықты. Есікті аша салып еді, қарсы алдынан детектив шығып:

-Оразбаев, көп ұйықтайсың. Жүр, біреумен кездесу керекпіз. Айтпақшы, бұрын есірткі қолданып көріп пе ең?

Жас жігіт жымиып:

-Алкогольдің өзін ішіп көрмегем, мазағыңыз ба?

Аристократ кілт тоқтады да, офицерге салмақты түрмен:

-Менің біреуді мазақтап тұрар уақытым жоқ, Ватсон,-деді.

Тосырқап тұрып қалған жігіт, іштей өзіне жылып келе жатқан жетекшіге «жақсы, енді өлсем де әзілдемеймін дегендей» басын изеді. Ватсон деген сөз оған ерекше қуат бергендей болды.

Екеуі такси тоқтатып, «танымал» көшеге жол тартты. Офицер жігіттің басында сан сауал.

-Аристократ мырза, біз неге ол жаққа бара жатырмыз? Орталық музей қайда қалды?

-Музей жаққа түнде барып қойғам. Өзбекпен кездесіп, бар жағдайды анықтадым. Екі жаңалығым бар, жақсысынан бастасақ, ағасы «ақшаның орнына қарындасымды әкет» деген. Ал Өзбек оны «көбелектер үйіне» тапсырғысы келген. Бірақ, Өзбек қызды қолға  түсірейін деп жатқанда оны әлдебіреу жолдан ұрлап кеткенін және үстінде көк көйлегі болғанын байқап қалған.

«Жақсы жаңалығы мынадай болса, жаманы қандай болады» деп күңк ете түсті Ватсон.

 -...Екіншісі, тағы бір қыз жоғалған. Менің ойымша, ол қыздың да үстінде көк көйлегі болу керек.

Екеуі белгіленген жерге келіп, үйдің меңгерушісімен сөйлесті. Екі қабатты, көпбөлмелі үйді көзбен шолып шықты: гардеробтар, әсемдік салоны, кір жуатын бөлме. Қыздардың түрін көріп, ол қыз осында жоқ екенін байқады. Тағы лабиринттің тұйық жеріне тірелді.

Аристократ ашуланса да, сыртқа оны көрсетпеді. Көше бойындағы бір барға келіп жайғасты.

- 2 стақан виски деді.

-Мен ішпеймін ғой, мырза.

-Ол саған емес, екеуі де маған.

Көп ойланбай қалтасынан темекіге ұқсас, папираға оралған шөпті тұтатты да, ішіне тартып-тартып жіберді. Көк түтінді ішінде ұзақ ұстады да, сыртқа асықпай үрлеп шығарды... Көзі жаутаңдап, релаксациясын бастап кетті. Вискиін көтеріп тастап, орамасынан тағы будақтата жөнелді.

-Мұны қайдан алдыңыз?

-Өзбек берді. Айтқандай-ақ, жақсы тебеді екен.

-Енді не істейміз, мырза?

-Енді тыныштықпен ақылдасамыз...

Екеуі үнсіз отырды. Офицер барлық айғақтарды орын орнымен қойып, көз алдына елестетіп әлек. Ал детектив, «демалып отыр». Орамасын бітіре салып, екінші стаканын да көтеріп қалып  еді, басы айналып, айналаның бәрі баяулап, көзіне әлдебір заттар елестей берді. Бір кезде, көзіне «қыздар үйіндегі» есігі ашық қалған гардероб ішіндегі көйлек көріне береді. Жанында отырған офицер, бір стақан суды алып,  детективтің бетіне шашып жіберді. Есін әлсін-әлсін жиып, барменмен есептесіп, орнынан тұрды.

-Жүр. Таптым.

-Қайда? Нені таптыңыз?

-Көйлекті таптым.

Әлгі үйге келіп, меңгерушімен сөйлесіп еді, ол көйлектің қайдан келгенін білмейтін болып шықты. Қыздардан сұрастырып, ол көйлекті бір клиент сыйлағанын біліп алды. Ол клиенттің түрін, әрі адресін сұрастырып, аңдуға көшті.

Клиент мырза жұмыспен қамтамасыз ету орталығында жұмыс істейді. Кешкі сағат 20:00де жұмысы аяқталған соң, үйіне тартты. Артындағы құйрығын мүлдем байқамайды. Құйрық та өздерін байқатпайды. Өз пәтеріне дейін алаңсыз көтеріліп, қалтасынан кілтін алып, есікті аша бергені сол-ақ, офицер жүгіріп келіп, екі қолын қайырып, басын қабырғаға итеріп, ұстап тұрды.

-Сіз, жоғалу жөніндегі қылмыстық істің бас күдіктісі болып ұсталдыңыз. Сіздің үндемеуге әрі адвокат жалдауға құқығыңыз бар.

Жас офицер бір жағынан қобалжып, бір жағынан қуанғандай мақтаныш сезіммен «ақыры таптық» дегендей Аристократқа қарап, тұтқынды алып жөнелді.

Аристократ жерге түскен кілтті көтеріп ашық қалған есікті жапппақ болғанда, ішке кіруге деген құлшынысы мен қызығушылығы артып енді кіре бергенде, артынан жас офицер «сізді дереу бөлімшеге шақырып жатыр»  дегенін естіп, есікті жауып, төменге түсіп кетті.

-Иә, Қантеміров мырза, айта ғой, мына көйлекті қайдан алдың?

-Базардан.

-Сен жалпы қандай іс бойынша күдікті екеніңді білесің бе?

-Иә, іштегілер айтты. Тергеуші мырза, менің түк кінәм жоқ. Менің алебиім жоқ болса да, менің жұмыстағы әріптестерім біледі менің қандай екенімді, жалынам, жіберіңізші, бір қателік кеткен болар,- деді көзі жасаурап.

-Базардан қандай бутиктен алдың? Кімнен, қай жерден алғаның есіңде ме?

-Есімде.

-Мына жігітті танисың ба?- деді Аристократ қыздың ағасын көрсетіп.

-Жоқ, бірінші рет көруім, мырза.

-Жақсы, бүгін мойындамасаң ертең мойындайсың,-деді де Аристократ орнынан тұрып тергеу залынан шығып кетті. «Камераға 2 тәулікке қамап қойыңдар, содан кейін көрерміз» деп пәрмен берді де, Оразбаевті шақырып алды.

-Оразбаев, жүр, мынаның жазасын беру үшін, бізге айғақ жеткіліксіз, мына базарға барасың да мынадай көйлекті іздейсің, тапсаң, дереу маған әкел.

-Құп болады, мырзам.

-Ал мен бұны қалай мойындататынымды білемін,-деді езуін тартып.

Оразбаев детективтің мына түрінен шошынып қалды. «Не істемек ойы бар?»

Түнгі сағат 12-де бейтаныс біреулер қолындағы пластик тоқпақпен әлгі клиент тұтқын жатқан камераға топырлап кіріп келді, бейнекамералар со мезетте өшіп қалды. Ұйықтап жатқан тұтқынды бетін тұмшалап алған дәулер, соққыға жыға бастады. Ләм-мим деуге шамасы болмайтындай «таяқпен қоректендерді».

Ертесі күні, Аристократ, аузы-басы көгерген тұтқыннан мойындау сөзін алу үшін келді.

-Иә, Қантеміров, енді мойындайсың ба?

Қатты жөтеліп, аузынан қан түкіріп барып:

-Тергеуші мырза, мен айтатынымды кеше айттым, мен ештеңе істеген жоқпын, мен ешкімді ұрлаған жоқпын,-деді көзінен жас ағып.

Аристократ мырс етіп күлді. Берілген жауапқа көңілі толмады. Дәл осы сәтте тағы бір қыз жоғалды деген хабар беріледі. Аристократ түсінбей қалды.

-Қашан?

-Кеше түнде. Іс-түссіз үйінен шыққан күйде жоғалып кеткен.

-Лағнет! Құрып кеткір!

-Айттым ғой тергеуші мырза, менің еш кінәм жоқ, өтінемін босатыңыздаршы...

-Мынаны босатыңдар да, маған Оразбаевты шақырыңдар, дереу.

Аристократ өз-өзіне ұқсамай кетті. Бар үміт Ватсонда. Егер Ватсон дәл сондай көйлек таба алмай келсе, онда жеңгені, ал егер тапса... Сағатына қайта-қайта қарай берді.

Оразбаев кіріп келіп:

-Мырза, шынымен де, базардың 30-шы бутигінде дәл сондай көйлектер сатылады екен. Бәрін тексеріп..

-Құрып кеткір, сенен де пайда жоқ, жоғал, -деп ашуланып жас офицерді қуып жіберді.

«Егер қайда барарыңды білмесең, ешқандай көлік саған жол-жөнекей бола алмайды» Аристократ есікті іштен құлыптады да, бөлімшенің ішінде қалтасынан папирасын алып, шеге бастады. Қалың ойға батып кеткен. Оған тыныштық атты дәрумен жетіспей қалған, содан болар, жеңілгені. Қаруы да, ауруы да сол еді ғой. Ол енді тағы тығырыққа тірелді.

Жалғыз қалған қандай тамаша. Ойларыңмен оңаша қалған қандай бақыт. Аристократқа ұнайтын Эдгар Поның сөзі бар: «Өзіңмен өзің, жалғыз қалу мүмкіндігінің болмауы-үлкен бақытсыздық. Және сүйікті ісім болса – жалғыздықта ғана сүйдім». Иә, Аристократқа керексіз ойларды тұншықтыратын көк түтін деген бонус та жағып жатыр. Есінен таңғанша тартты, ішінде ұзақ ұстады, бір кезде, барда отырғандай, көзіне ұсақ детальдар қайта келе бастады: Аристократ клиентті тұтқындағанда, өзімен бірге келген заттарды қызметкерге тапсырып жатқанды көзі шалып қалды. Ешқандай ерекшелік жоқ деп мән бермеген шығар, бірақ телефон қаптауышы, қолындағы білезігі-көк түсті. Пәтерге кіргенде де, дәліздегі сағаттың тілі,сандары-көк түсті. Қабырғадағы картина да Ван Гогтың «Жұлдызды түні». Айна алдында жатқан қымбат жеке қаламсабы да – КӨК.

-ҚАП! Не деген ақымақпын,-деді айқайлай алмай.

Орнынан есеңігіреп тұрып:

-Кезекші, тез арада, дәрігерді шақыр!

-Иә, мырзам, қазір.

Жедел жәрдем келді де, детективті орнынан тұрғызып, есін жию үшін адреналин екті.

-Дәрігер, мен есімді жидым, бір сұрағым бар,- деді былдырлап, ақырын үнмен.

Дәрігер естімегендей болып, суға біреуді жұмсады. Аристократ суды ішіп алып әлгі сұрағын қайта қойды:

-Дәрігер, адамның тек қана бір түсті көре алатын ауру бар ма,-деді.

-Қазір. Иә, ондай ауру түрі бар. Монохромазия деп аталады.

-Толығырақ айтыңыз.

-Ахромазия деген адам айналасын ақ-қара түсте ғана көре алуы. Ал Монохромазия адамның тек бір түсті ғана анық көре алуы. Бұндай диагноз өте сирек. Біздің елде бұндай диагноз тек миллионнан бірінде ғана бар шығар.

-Енді, бәрі өз орнына келді. Рахмет. Мен есімді жидым. Болды, жүре берсеңіздер болады.

Аристократ жедел жәрдемнің кеткенін күтіп, тұтқынның үйіне аттанды. Есін толық жиғанына келсек, өтірік. Көк түсті көйлек киетін қыздардың «коллекционерін» жіберіп алмау керек.Ол тұтқынды қазір ұстамаса, ертең мекен-жайын, аты-жөнін өзгертіп басқа қалаға кетіп қалуы қиын емес. Тіпті, таяқ жеген соң, тезірек қимылдайтыны анық. Таксиге отырды да тартып кетті. Дәл осы кезде бөлімшеге офицер Оразбаев келіп, Аристократтан кешірім сұрап, қайта көмектескісі келетінін білдіруге келгенде кезекшіден, жедел жәрдем шақырып, кейін бір жаққа шығып кеткендігін білді. Кабинетке келіп, қағаздар арасынан әлгі тұтқынның мекен-жайының асты - үсті-үстіне баттастырылып сызылғанын көріп, бірден ұқты, қылмыскерді тапты. Бірақ, мынадай күйде, оны қайтіп ұстамақшы?! Оразбаев детективтің артынан аттанды.

Аристократ  қабырғаға сүйеніп, 3-ші қабатқа әзер дегенде көтерілді. Тапаншаны қолына алып, есікті енді тоқылдатпақ болғанда, өтпе жел есікті сыртқа итергенін көріп, ашық тұрғанын байқады. Ешқандай сыбдырсыз кіріп, бөлмелерді бір бірлеп тексере бастады. Пәтер іші қараңғы, айдың жарығы ғана көмектесіп тұр. Тура жүріп келе жатып, жиіркенішті иіс шыққан жаққа таяй берді. Жуынатын бөлменің жарығы қосулы тұр. Бөлме еденіне қан жайылып, қоюланып кеткеніне қарағанда, біраз уақыт өткен. Түссіз ваннаның пердесінің ар жағынан белгісіз қара сұлба көрінді. Пердені ашып қап еді, бөлшектелген дене мүшелері қан бетінде қалқып тұр. Ұзақ қарап тұрып қалған Аристократ жүрегі айнып, лоқси кетті. Пердені жауып, артқа жылжи бергені сол-ақ, аяғы қою қара қанға тайғанап, шалқасынан гүрс етіп құлап түсті. Тұрайын деп еді, аяқ-қолы оны тыңдамайды, жайлап көзі жұмылып барады. Басын қатты соғып алғанын ұқты. «Ай, ақымақ-ай»

Біраз уақыт өтті. Суық жел өңменінен өтіп барады. Көзін ашты. Басы сынып барады. Қатты ауырып тұр. Түттінің әсері кеткен-ау, заттарды тұнық әрі анық көре бастады. Қол-аяғы матаулы. Аузына мата тығындап қойған. Тезірек шығу керегін түсінді. Жалғыз жолы ашық тұрған терезе арқылы қашу, секірсе де болады, 3-ші қабат қатты биік емес, тек қол-аяғын босату керек. Аристократ бұндай істерде байсалдылық танытудан шебер. Асықпай екі тізесін аузына жақындатып, аузына тығындалған матаның ұшын екі тізесімен қысып,сыртқа тартып алып шықты. Кейін бірден, белбеуінің темірінің астына жасырылған ұстараның жүзі тамаша ептілікпен алып шығып, артына қайырыла байланған қолын шешуге тырысты. Қолын пластик қамытпен байлаған соң, тезірек кесу оңайға соқпай жатыр. Біреудің сатыр-сұтыр етіп келе жатқан дауысы ұлғайып келе жатыр. Қолын ақыры шешіп алды. Аяғына енді кіріскелі жатыр еді, есік ашылды, Аристократ қолын артқа өтірік қайырып, бақырайып қарап отыр.

-Қантеміров. Не деген қу қанішерсің. Мені сан соқтырып кеттің.

-Сені алдауға тура келді. Әйтпесе, қылмыс үстінде ұсталар едім. Мені тұтқындаған күні артымнан аңдығандарыңды көріп қойдым. Не керек, амалын табу керек. Қазір ақшаның заманы. Ақша мен дәстүр қосылса, шаруаның заңсыздық екенін дәлелдеу қиын.

-Қалай сонда?

-Солай. Мен көлікте келе жатып, таныс жігіттерге «менің үйленгелі жүрген қызым бар, қыз көніп тұр, тек қызды алып қашу керек, ол қыз біледі, өтірік тыпыршиды» деп тапсырыс беріп қойдым. Олар ешетеңеден күдіктенбей мен түрмеге түскен күні, түнде, өз шаруаларын тындырып, тауарды жақсы сапада жеткізіп берді.

-Тауар? Сен адамды тауар көріп тұрсың ба?

-Иә.

-Айуан, қанішер, қыздарға ғана күші жететін қорқақ неме,-деп шамына әдейі тиіп сөйлегені нәтижесін берді. Қанішер ашуланып жұдырығын ала жүгіргенде, детектив қолынан шап беріп, өзіне қарай тартып, саусағын сындырып, қанішерді жерге бажылдатып тұрып, құлатты. Өзі оңтайлы уақытты пайдаланып, қос аяғы байлаулы күйде орнынан тұрды да, ашық тұрған терезеге бірінші алдына қарай денесін лақтырып, байлаулы аяқтарымен сілкілене сыртқа қарай  ұмтыла берді. Бір кезде арқасы қатты ашып, бір ауыр әрі суық нәрсенің қатты батқанын сезді. Жерде жатқан қылмыскер қалтасынан мал бауыздайтын пышақты шығарып, детективтің қашып бара жатқан жерінен арқасына сұғып алып, артқа қарай сүйреді. Арқасына батқанына соншалық, тіпті айқайлауға да шамасы келмей қалды. Қанішер детективті қанжар қадалған күйі бір бөлмеге әкеліп, қан шашыраған ағаш үстелдің  үстіне етпетінен әкеп жатқызып қойды. Тағы қозғалмасын деп, балтырына екінші қанжарды қадай салады. Детектив баж ете түсті де есеңгіреп қалды.

-Хах. Сәл болғанда айырылып қала жаздадым, енді сенің шаруаңды тезірек бітіріп тастауым керек.

Маньяк арқаға сұғылған қанжардан 5 есе үлкен асхана пышағын алып шығып тас қайраққа қайрап, енді басына кезей беріп еді, арқасынан біреу оқ атты:

-Қолыңды көтер, пышақты жерге таста, әйтпесе екіншісін төбеге емес басыңның қақ ортасына бағыттаймын.  

-Офицер мырза, ататын болсаңыз дәл қазір атқаныңыз жөн, әйтпесе кеш болуы мүмкін.

-Аузыңды жап, пышақты жерге тас-т-т-а!..

-Әлде... Адамға атып көрмегенсің бе? А-а-а, енді түсіндім,-деді де көзді ашып жұмғанша  жүгіріп келіп жас офицерді кіре берістегі шкафқа ауыр денесімен соғып құлатты. Шкафтың жанындағы сөреде тұрған ауыр темір мүсінге тез қолын созып, басынан соғып қалды. Қолындағы тапаншасын әрірек лақтырып тастап, бар пәрменімен соққылай берді, соққылай берді. Байғұс жас жігіттің басынан бір-ақ рет соқса, өмірімен қоштасатын сәтте қанішер сөредегі айнадан арқасындағы сұлбаны байқап, қорқып та үлгермей қалды, мойны осылып, қан бұрқ етіп судай сорғалап кетті. Детектив соңғы  күшін жиып, офицерін оятты да, өзі сұлап түсті. Жас офицер есін әрең жиып, көзін ашса, жерде екі дене қимылсыз жатыр. Біреуін анық таныды.

-Мырза? Мырза, тыныстаңыз, мырзам...

-Алло, жедел жәрдем... Тезірек келіңіз... осы адреске...

Офицер телефонды тастай сала, жүрек массажын жасауға кірісті. Қолдан келер емес. Тұнжырап, арқасын қабырғаға сүйеп отыра кетті. Мүлгіген тыныштық. Өз демінен басқа ештеңе естілмейді. Не өлі, не тірі екені белгісіз детективке қарап-қарап қояды.

-Мырза...сіз айтқан тыныштық...осы ма?

Еріксіз жымиды да, көзін жұма кеткені сол-ақ, біреудің ыңылдаған дауысы естілді...:

-Бұл кім?

Орнынан тұрды да үйді аралай жүгірді, жабық бір бөлмені көрді, құлыптаулы. Құлағын есікке тосты. Дауыс қаттырақ естілді. Кілтті іздеуге кірісіп кетті. Сөрелер, шкафтар,үстелдерді бір шолып шыққан соң, жерде жатқан дененің қалтасын ақтарды. Сылдырлатып бірнеше кілт алып шықты. Кілттерді бір-бірлеп көріп, есікті ашты. Түссіз тыспен қапталған бөлме ішінде үсті-басы маталған, көк көйлек киген қыздар, аянышты түрмен ыңылдап қоя берді...

 

*  *  *

-...Оразбаев, құттықтаймын...

-Қазақстан Республикасына қызмет етемін!

Шапалақтар мен гүлдерді алыстан бақылап тұрған детективке бір адам жақындады.

-Аристократ мырза, неге марапаттан бас тарттыңыз?

-Мені марапат қызықтырмайды. Сый-сыяпаттарыңызды офицер Оразбаевқа табыстаңыздар...

-Жақсы.

Алыстан бақылап тұрған сұңғақ бойлы, кең иықты детективті офицер көріп қойды да «келе жатырмын» дегендей қол бұлғап, алға жүрді.

-Детектив мырза, неге ортамызға қосылмайсыз... Сіздің арқаңызда осы марапатқа ие болдым.

-Жоқ, рахмет. Мен қайтып бара жатырмын. Басқа да шаруалар бар. Уақытым жоқ, білесің.

-Сізді кездестіргеніме өте қуаныштымын, мырза. Үйренерім көп. Ватсон керек болса, хабарласыңыз,-деп езу тартып, артқа қарай адымдап, «тойға» қосылып кетті.

Жарақатының толық жазылғанын күтпей, Аристократ аэропортқа кетіп қалды. Ұшақ күту алаңында отырғанда, жанында отырған бір әйелдің телефонына қоңырау келіп түсті. Аристократ еріксіз жымиып, мырс етті. «Күлкілі емес» деді ішінен.

Қоңыраудағы мелодия Төреғалидің «Көк көйлек кимеңдерші, арулар»  деген әні болатын...