ӘДІЛЕТ СЕРІКҰЛЫ. МЕН ОТЫРМЫН ӘЛЕМНІҢ БІР ЖЕРІНДЕ...

 КӨЛ БОЙЫ

Көл бойында көде болған секілді,

Онда салқын төбе болған секілді.

Көлден түнде жел тұрғанда бетеге,

Өркеш болып өре тұрған секілді.

 

Көде беті көл шайқалған секілді,

Жел келгенде мол жайқалған секілді.

Көш алдында қажып келген бабама,

Көз алдында жол шайқалған секілді.

 

Көл бойында төбе болған секілді,

Онда қалың көде болған секілді.

Күн түбінен өрістерді кешіп кеп,

Менің бабам өре қонған секілді.

 

Сайға бармай, қыр отырған секілді,

Соның бəрі тірі отырған секілді.

Етегімен қарындасым дөңгелеп,

Үй тіккендер ұмытылған секілді.

 

Көл бойында төбе болған секілді,

Көлден қалың көде болған секілді.

Мені сонда бастап апара алмайтын,

Жоғалған бір көне жол бар секілді.

 

МОЛА

 

Бір төбенің үстінде құлақ қалған,

Мезгіл өтіп жел жағы құлап қалған.

Жолай өткен сол маңнан мүсәпірге,

Моладан алыс емес суат болған.

 

Бірнеше ғасыр өтіп жас шағына,

Қала берген әр қырдың бастарына,

Келушілер жете алмай астарына,

Көне бөз таңып кеткен тастарына.

 

Бұл жерде ел күн кешкен бие сауып,

Бұл белде шүлдірлескен түйе сауып.

Ауылдарын бұл төрден көшерінде,

Тақия етіп жөнеген кие салып.

 

Елі кетіп жұрттарда киік қалған,

Төбелерде томпайып бейіт қалған.

Өлгендерге осылай биік қалған,

Төбелерге келгендер кейіп қалған.

 

Бой көрсетіп боз қырдың жыңғылдары,

Көз ұшында бу сағым бұлдырлады.

Не сыр айтпай, біздерден жасырдыңдар

Үндемейтін, даланың тұрғындары?!

 

Бұл белде қарындастар дөңгелеген,

Бұл жерде қарлығаштар төрге кірген.

Еріндерді қыр желі тілгілеген,

Ебі желін қыр елі күнде көрген.

 

Орамалын өрнектеп кестелеген,

Орған шөбін құрғатпай дестелеген.

Бір жақсылық нәрсені үйренгендер,

Бір жақсыны ізінен өкшелеген.

 

Қайда көне адамдар Дала көрген,

Бұрында да жоннан ел мола көрген.

Сапарларда қарайып шыға қалса,

Атын бұрып қашанда қона жүрген.

 

Қарауытып жондардан доғаланған,

Қырлықтардан біздерге мола қалған.

Жалғыз мола жапанда жобаланған,

Маң далада жалғыз Ай қораланған!

 

Тоқтатады еріксіз солар сізді,

Әр төбеде үзілген тұмар бізді…

Біз жоғалған тарихтан оларды емес,

Жоқтайтындай жойылсақ олар бізді.

 

 ШАҢДЫ СИМФОНИЯ

І

 

Туған жер, сенен жырақ кеткеніммен,
Туған ел, сенен жылап кеткеніммен...

ІІ


О, бағаналар, бағаналар, 
Сендерде бір мағына бар, 
Мені өсірген жолдардағы,
Бағандарға сағына бар. 

Бағаналар сөйлейді желмен бейне,
Еміс хабар естимін елден кейде.

Ебелектер жүгіріп елесімде,  

Ес ішіне өседі ермен кейде.  

 

Бағандарда қарғалар отырады,
Барлық жерде даланың бақырағы.
Жалп еткізіп ұшырып қарғаны жел,
Мені туған жеріне шақырады.


Үнсіз ғана тұрған бар бағаналар,
Байқаған кісіге онда мағына бар.
Бағанада қарғалар отырғанмен,
Басқадай көрінеді маған олар…

Бағанада қарайып қарға отыр,

Бағандарда қартайып, қалғып отыр.
Қолтығына тұмсығын сұғып алып,

Желде менің боз далам мүлгіп отыр.

 

Көтеріліп шыққан күн қызарады,

Көкжиекте бағандар ұзарады.

Бағаналы боз қырға қарадым да,

Бақылап тұра бердім ұзақ оны.

 

МҰНАРА

 

Бір көне мұнара бар жол бойында,

Кесек таспен қаланған қыр бойына.

Ұмытылған сәулетші, салушысы,

Жыпықтап шам білінген көр қойнында.

 

Суық жел аңырайды терезеден,

Қабырғалар... даланың желі жеген. 

Қаламымды сол шамға тұтандырып,

Түні бойы жарық ой мені жеген.

 

Қаламымды жазайын жырға малып,

Қаламымды жырларда жылға малып.

Қаламымды Хафизше бұлғап алып,

Шайыр болып, ғасырдан шумақ алып.

 

Мұнарадан шығады өзек ағып,

Мұнарада жатқандай көзем ағып.

Кешке таман зынданды түн басады,

Мұнарадан түскендей көзім ағып.

 

Жұлдыздар, аспандағы бейіш шығар,

Құдайдан шығып тұрған иіс шығар.

Жер. Бәлкім… Құдай шығар.

Оны ешкім білмеуі тиіс шығар.

 

Қараңғыда жылтылдап судың беті,

Көрінетін секілді Сырдың шеті.

Қараңғыда жыбырлап судың беті,

Жыбырлайтын секілді Шудың беті.

 

Көктем сазы, ойламай жыр жөнінде,

Түсіп қалып әлдене күрмеуіне.

Істерімнің келе алмай бір жөніне,

Мен отырмын әлемнің бір жерінде.

 

Қараңғылық тыйғанша тілді-жақты,

Қара аспанды қақ тіліп жұлдыз ақты.

Мен білмейтін қазақтың даласынан,

Меңіреу түн тағы да кімді ұзатты?

 

Терезеден келеді жел иісі,

Кенеземе келеді көде иісі.

Жастығымнан шығады жар иісі,

Қабырғадан шығады бор иісі.

Жеңдерімнен шығады бала иісі,

Аулалардан шығады жол иісі.

 

Қызыл гүлдер қызғалдақтар сияқты,

Арасында бір сұлу бар сияқты.

Шилі өзеннің бүйірі шәншіп ақты,

Біреу салған қамалда əн сияқты.

 

Сары гүлдер сарғалдақтар сияқты,

Арасында жау қызы бар сияқты.

Әлденеге ағын су шоршып ақты,

Тас тастаған ағысқа сол сияқты.

 

Осы қырда қамыс бар жарға жақын,

Мұнараға ағады жылға жақын.

Ескен желмен сары қамыс суылдаса,

Ен далада  жалғыз жауға жақын.

 

Жоғалтылған бір жарық күн көрдің бе,

(Осында болып өткен дүр көрдің бе).

Жеңгелердің иісі сіңген гүлге,

Жейделердің иісі сіңген көлге.

 

Жерді таптап із салып етігімен,

Әр гүлді түртіп өтіп етегімен,

Бикеш бір жүретіндей, жел тұрғанда, 

Көрінбей қалатындай бетегеден.

 

…Құбырлардың буына сіңіп қалдым,

Терезенің сырына сіңіп қалдым.

Вокзалдардың шуына кіріп бардым,

Перрондарды сағынып тұрып қалдым.

 

Түзде қалған қорған бар көнелерден,

Қарауытып көрінген төбелерден.

Кез болғанға далада жалғыз жүріп,

Ескі қамал төбедей түрегелген.

 

Қабырғалар жылдарға кертіледі,

Бір қыз бар ары жағында ертедегі.

Мамығынан аққудың көрпелері,

Терезеде орамал бүркенеді.

 

Елес болып ескі өмір қамау көрген,

Біреу тағы шығар деп алау көрген

Таяй бердім қамалға адам жүрген,

Терезенің алдына таман жүрген…

 

Жалған-ай! 

Жазың қандай, қазың қандай.

Құмартамын жасырған қызың бардай.

Міне осылай түндер де, күндіздер де,

Өтіп жатыр бұл жерде жазудан жай.

 

Қоңырайып тауда тұр көне қорған,

Әмірші жоқ, бұл жерде оны құрған.

Көрінеді шыңырау терезеден,

Мұнараның саялы жолы болған.

 

Қала өмірі, сырттағы дала өмірі,

Тас жолға құлап жатқан қар өмірі…

Жыпықтаған жел қағып шам өмірі

Мұнда да әлдекімнің бар өмірі.

 

Менде де әлдекімнің жаны бардай,

Өмірінің бітпеген мәні бардай.

Мені бірде қамалдай тастап шықса,

Айналаның бәрінде тағы бардай.

 

Тас қамалдың ішіне үңілер ме ең,

Тас қамалдың ішінде түңілер ме ең?

Жан болса, егер жалғанда мұны көрген,

Күңіренген қамалды тірі көрген...