БАҚЖАН МАХАШ. ЕКІНШІ КӨЛЕҢКЕ

Көктемнің күні бүгін әдеттегіден шуағын мол төгіп тұр. Қазығұрт асуынан ылдиға қарай жүйіткіп бара жатқан көлік ішінде жүзі солыңқы, көңіл көзіне бір мұң жасырған жігіт тұнжырап келеді. Бұл Жазық еді. Қанша ойланса да сол ойдың түбіне Жазық жете алмады. Анасын ойлайды... Өзін жазғырады.

Жазықтың биыл жасы жиырма бірге шықты. Отан алдындағы борышын қауыс айында ғана өтеп келсе де, өзге жұрт секілді мінезі өзгермеген. Көрші ауылдың иттерінің түні бойы мазасын алар шағында Жазық олай жасамады. Ниетті де емес.

 

*  *  *

Жазықтың жасы жетіден асқан кезі.  Арам суға сылқия тойған әкесі Құлбек аптасына бір рет ішіп, қалған күндерін тек бас жазумен өткізетін. Жаздыгүні алаңсыз көшеде қонып, апталап-айлап үйін ұмытқан кездері де аз емес. Мектепке барғанда: - Жазық, әкең ауыл шетіндегі арықтың бойында, қара талдың түбінде, алкаштармен ішіп отыр. Енді бірде: - Кеше Боташтың келіншегі ұл босаныпты. Әкеңнің сол көрші Боташтың ауласында атұстардың құрметіне тост көтеріп отырғанын көрдім, - деген секілді сыныптастарының сөзіне Жазық басында не айтарын білмей, іштей қирап қалушы еді. Кейінгі уақыттарда ондай әңгімелерге әдемі жауап та тауып алды. Әкесі жайлы кім не айтса да «Білемін» дей салатынды шығарды. Бұл – артық әңгімеден құтылу. Әйтпесе күнде ішіп жүрген әкесінің қай күні қайда түнеп қалғанын Жазық түгілі шешесі де білмейді. «Аң – құсқа таланып өлмесе болды» дейтін Күләш іштей күбірлеп.

Жазықтың шешесінің есімі – Күләш. Құдайдың берген үш ұл, бір қызын асырауды өз мойнына алған. Жазық солардың ең үлкені. Шешесінің қолқанаты. Күләш күйеуінен опа таппаған соң, ауыл ауруханасында еден жуушы болып жұмысқа орналасқан. Одан қалса, жиын өткізген көрші-қолаңның, ауылдағы имандылық асханасының ыдыс-аяқтарын жуып, нан мен майға жетерлік аз-маз нәпақа табады. Бірақ ешкімге қол жайған емес. Ерге бергісіз намысы бар.

Ал әкесінің жүрісі анау... Жә, әке – әке болып жарытпады. Үш ұл, бір қыздың бұл күнде әкесі де, шешесі де – Күләш. Күләш – Тәуелсіздік жылдары Өзбекстаннан отбасымен бірге туған жерге оралған. Сонда ол жиырмаға жаңа толған, ісі тап тұйнақтай, Тәшкен көрген, ылдым-жылдым, пысық қыз болатын. Бірақ, шалғайда тұрып білім алудан сырт қалса керек. Туған жерге оралып, отбасымен бірге егін егіп, соның жемісін пұлдап, өзгелерден артық-кем өмір сүрді. Құлбекпен сол жеміс сатып жүріп танысқан болатын.

*  *  *

Мамыр айы. Күн біршама жылып қалды.  Кеше көрші Игорьдің иті күшіктеп, соның құрметіне Игорьмен дәмдес болған Құлбек бүгін ас үйден бас жазатын сусынын әбден іздеп таппады. Үйде ішетін арақ та қалмағаны ма? Қалғаны несі, артық бір грамм арақ болса Құлбек оны сол күні-ақ өңешінен өткізбей жаны жай таппайды.

Құлбек маскүнем емес еді. Арасында бір тартары ғана бар. Онда да Күләштан мың қайтара кешірім сұрап, шамасы таусылғанда сілейіп құлайтын. Аудандағы жақсы жұмысынан қысқарып қалғалы бері осы қу арақтың құлы. Қырқынан арақпен шығарғандай жаны сүйеді.

Бүгін он бесінші мамыр – Жазықтың туған күні. Онға толды. Құлбектің ол есінде де жоқ. Жазық та құттықтамадың деп ренжімейді. « - Әкем өзі өз туған күнін біле ме екен? Білсе, ол да ішуге таптырмас күн болар оған», - деп ойлайды.

Күләш ауылдық ауруханадан қуанышы қойнына сыймай үйге ентелеп кіріп, Жазыққа екі інісі мен қарындасын киіндіре бер деген болатын. Онысы, қалаға апарып, түтеп кеткен жейделерінің орнына жаңасын алып беріп, Жазықтың туған күнінде зообақ, саябақ, қалада не бар, соның бәрін аралап, бір қыдыртып қайту еді. Ас үйден аузынан от шығардай боп шыққан Құлбек:

-         Төтеннен жиналып қайда бармақсыңдар? - деді.

-         Қалаға, - деді Күләш көзінің қиығымен тіксіне қарап.

-         Қалаға баратындай ақшаң бар ма?! Маған бес мың таста дағы, қайда кетсең онда кет, - деп Құлбек іштей қуанса да, сыртына білдірмей состиып тұра берді.

Қырсыққанда Күләш:

- Саған берер дымым жоқ, қажет болса жұмыс істеп тап та, не ішкің келсе соны іш! У іш маған десең, ууу! – деп шаңқ ете қалды. Ішіндегі сан жылдық ыза, азап, ашудан шыққан сыздауығының өзегі жарылды. Құлбекке бұл күтпеген жауап еді. Бұған дейін қажетін алып әбден дәнігіп алған. «Саған тіл бітіпті неме...» - деп Құлбек гүр етті де, балаларын жетектеп есік алдына шығып бара жатқан Күләштің сөмкесіне шап беріп жармасты. Майдан басталды.

         Күләштың бұған шамасы жетпесі анық. Өзі де сұңғақ бойлы алпамсадай бәле. Сөмке ішінде отыз мың айлығы мен еңбек демалысына шыққандықтан төленетін алпыс мыңға жуық ақша бар екен. Сөмкеден айырылса, өмірінен айырылатын сияқты. Онсыз да жыл он екі ай алған айлығының жартысынан көбін талассыз Құлбек алып отыратын. Жазықтың туған күнінде бір қыдыртайын деп еді, ол жоспары да қазір көзден ұшқалы тұр. Бұл жолы өліспей беріспеймін деп шешті. Балалар сыртта қалып, екеудің майданы ескі үйдің қонақ бөлмесінде жалғасты. Шаң-шұң айқай, «өлтір мені, саған ақша жоқ, өлтірсең аларсың» деген Күләштің ащы дауысы сыртқа естіліп жатты. Жазық ішке кірейін десе, екі інісі мен қарындасы ботадай боздап тұр. Кірмейін десе, бірдеңенің болатынын сұмырайы сезіп тұр. Қайтпек керек?!

Бауырларының жасын сүртіп, жаздық үйге кіргізді де, өзі үлкен үйге кірмек боп бекіді. Жүрегі шыдамады. Әкесінің ожырайған жүзіне қарауға тіксінетін ол мынадай майданда қалай ара түспекші? Әлде қолыма ілінген бірдеңемен сап қалсам ба екен...Бірақ...Әкем ғой?.. Жазық есік алдында қаққан қазықтай тұра берді. Амал таба алмады. Қорқыныш бойын дендеп барады. Анам аман болса екен...

Айқай – шу басылған сияқты. Бір мезетте үйден көзі шатынап, шекесінің тамырлары бүлк-бүлк етіп, адам өлтіргендей қолдары дір-дір етіп Құлбек ентігіп шықты. Есік алдында тұрған Жазықты көрді де, қабағы тырысқан күйі қақпадан белгісіз бағытқа бет алды. Енді қауіптің жоғын сезген Жазық үйге ентелеп кірген болатын. Жазықтың да сұмырайы бекерден бекер секемденбейді ғой. Еденде басынан қара қан сорғалап, екі өмірдің арасында жатқан анасын көргенде, сірескен күйі тұрып қалды. Етегін жас жуып кетті. Өлді. Өң мен түсін ажырата алмай отырғанында «Айнаш... Айнаш...» деп Күләш ақырын ғана тіл қатты.

         Жазық кенет есін жиып, көрші Айнашты шақыру үшін сыртқа жүгірді...

 

*  *  *

Арада  он бір жыл уақыт өтті. Бүгінде Жазық ержетті. Өзінен кейінгі бауырлары да Жазыққа қарап бой түзеп, ойы бала  болса да бойы сұңғақ боп өсіп келеді. Жазықтың шешесі соңғы майданнан кейін жарымжан болып қалған. Кейде сандырақтап әрдеңені бір айтады. Кейде ұлдарын танымай қалады. Түн ортасында оянып сыртқа қарай қашады. Ал, әкесі сол кеткеннен қайта оралмаған.

Кейде Жазық өз-өзін ынжықтығы үшін жазғырады. «Сол күні қорықпай ішке кіргенімде ғой... Құлбек деген ит неменің басынан оқтаумен бір салғанымда ғой... Анамды арашалап өлімші хәлден алып қалғанымда ғой... Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді»... деп өзін сан рет табалады. Өзенге ағып «өлемін» деп бірнеше рет тырысып көрді. Батылы жетпеді. «Өлім де қолымнан келмейтін неткен ынжықпын...» деп одан сайын азап шекті.

Жазық барлығына өзін, өзінің қарғыс атқыр туған күнін кінәлайды. Сол күні анасы туған күн деп аптықпаса, ештеңе өзгермес те еді. Қаласы құрып кетсін!

Жазықтың жүзі соңғы кездері тағы солғын тартып жүр. Жазықтың жанын жеген жазғыруы – он жасқа толғандағы туған күнінен қалып кеткен «екінші көлеңкесі» секілді еді... Қашан арылар екен?..