110

Шархан Мұхаммед-Қанапия. Құдайға еркелеп көп күнә жасадық

***

 

Жырық табан, тірліктен құрып барам,

Күліп маған, қарашы тұнық ғалам.

Айнала да айналды айдалаға,

Сасық мүдде, баяғы шірік қоғам.

 

Түсінбеген екенмін, түк ұқпаған,

Бөлмелер көп, есігін құлыптаған.

Астаң-кестең болады ғұмыр неге,

Бақытыңа қалғанда қырық қадам.

 

Ойға еге болалмай сынық санам,

Десе де, мұңымды ішке тығып қалам.

Беретіндей тағдырым тағы бірде,

Жанымдағы жарамды жұлып маған.

 

Ызғырық мұң кеудемді жылытпаған,

Жібек бола алмайды түбіт маған.

Табытына тигенше тақтай дене,

Бақытынан мәңгілік үмітті адам.

 

Тағдырының тұзағы құрықтаған,

Қасат қарда қасқырдай ұлыпта алам.

Құдайымды сағындым ұлықтаған,

Құдайымды сағындым ұмытпаған..

 

Пәтуалы пәлсапа

 

Тұмса түйе тағдырым,

Қойнауыңа қол салсам ба, құлаштап.

Лепес сәттің ләззәтті сандығын,

Құр алақан кім ашпақ!

 

Раушан бақтың жаңбырын,

Иіскесем қанар еді-ау құмарым.

Дігер болған күңіренді сабырым,

Жұбатар деп сірә, кім?

 

Алагеуім көңілім,

Сағым қуған түзгі ғайып ерендей.

Өзегімде өңі суық өлі мұң,

Бір ғажапқа сенердей.

 

Өксимін де өкірем,

Қынай белде құтырынған бурадай.

Шырағымды сөндірмеңдер өтінем,

Үмітімді уламай!

 

Көшелерден көшпей жыр,

Адалдықты табамын деп шарқ ұрмақ.

Көп пенделер бетпердесін шешпей жүр,

Зәңгі есектей аңқылдап.

 

Әбігермен әрленеміз әрине,

Қу тірліктің сауығымен сасыған.

Күллі бақыт шолақ екен фәниде,

Шолақ сайдай тасыған.

 

Моншақ мұңым төгілген,

Таңырқатқан таңның кербез шығындай.

Бір жалт етіп, көрінші бақ көгімнен,

Түндік ашқан сұлудай.

 

Ғазал жырға малти берем ғұмырды,

Қайманаға қара жағу не теңім.

Құмға жазып, өшіремін жырымды,

Жер оқыса жетеді...

 

***

 

Оо менің жадымдағы жарылысым,

Сен қайсы алапаттың тамырысың.

Баянсыз болған шақта бақ-ырысым,

Тағдырға жетпей қалды тағы күшім.

 

Оо менің жарық кеудем жаны мүсін,

Сен осы болмысымның барымысың.

Бес күнде кірге малып ит көйлекті,

Ешкімге жүргенім жоқ жағу үшін.

Жаратқанның көзіне көріне ме?

Жанымды жаншып жеген жалынышым.

 

Оо менің тірліктегі сабылысым,

Сен қайсы рахатымның дамылысың.

Құлаштанған жаңғалақ арманым-ай,

Тыраштанған тарихта қалу үшін.

 

Оо менің таутекедей тағы күшім,

Сен жарқ еткен жанардың шағырысың.

Күлдірем де, жүремін бүлдірем де,

Өз қайғымды жасырып қалу үшін…

 

Түн...

 

Бейіштен самал ескендей,

Қанбазарындай қалың жұрт.

Таң ататынын ескермей,

Түн қызығынан табылдық.

 

Оранып мұңға от кеуде,

Құмарың кетер төске өрлей.

Інінен шықты көп пенде,

Іңірде шайтан көшкендей.

 

Сәулесі солғын сәт қайғы,

Күнәдән күңгірт үркімей.

Қызғалдақ қыздар қаптайды,

Қырдағы қызыл түлкідей.

 

Ібіліс жиып үйірін,

Төзімді таптап топадай.

Күндізгі көрген мейірім,

Өліп кеткен бе о тоба-ай!

 

Баурайды көзді көріктер,

Сезімім қайда, сілімтік.

Зымырап жатыр көліктер,

Тыныштығыңды тірілтіп.

 

Бейбастар тола құжынап,

Ләззәттың сырын ұғынбай.

Көшелер жатыр ұзын-ақ,

Ұстаның тартқан сымындай.

 

Сыңарын тауып соқыр мұң,

Соғымдай сырын сүрлеген.

Жарық астында отырмын,

Жарығы сөнген түнменен!

 

Құштарлық...

 

Өмірді нұрдың тамшысы дер ем,

Өмір дегенің жыл құсы.

Әкемнің қайыс қамшысыменен,

Анамның әсем күлкісі.

 

Өмір дегенің таным бедері,

Түйір бақ мың даладағы.

Жарыңның сені жаным дегені,

Сәбидің іңгәләғаны.

 

Жаныңа салар жарасыменен,

Өмір дегенің сый ұлы.

Дұшпандарыңның табасы менен,

Достардың адал пейілі.

 

Табайық көктің қадірін жерден,

Мөлдір көздердің асылын.

Таңбалап тайға тәңірім берген,

Тағдырым ұлы ғашығым!

 

Өлместей болып орна бүгінім,

Өзіме мәлім өткенім.

Жоғала көрме жорға ғұмырым,

Жоғалтатыным көп менің!

 

Өзегімдегі шілденің демі,

Өзеуреп өткен әттеңім.

Бағасы биік күндерімдегі,

Бағаланбаған сәттерім!

 

Ажалдан пенде қашқақ демеші,

Сағатым жетсе барармын.

Өмір сен мені тастап кетпеші,

Ал мен өзіңе адалмын!

 

Жалған өмірдің жорығындағы,

Бағыты басқа балаңмын.

Бақытсыздардың тобырындағы,

Мен ең бақытты адаммын!

 

Көктемге құшақ гүл беріңдерші,

Қамшыдай ғұмыр сағым ғой.

Өмірді сүйіп  үлгеріңдерші,

Өлетініміз мәлім ғой!

 

Кітап

 

Кітап жанның тыныштығы, кітап ардың тынысы,

Пиғылыңның дұрыстығы, рухыңның ырысы.

Кітап ойдың тазалығы, жүрегіңнің пәктігі,

Махаббаттың ғазал үні, сезімдердің шаттығы.

Кітап тәннің жанашыры, қарашығы көздердің,

Адалдықтың қалашығы, дүңгіршегі сөздердің.

Кітап нұрдың шұғыласы, айдың сынық сәулесі,

Хэмэнгуйдің құбыласы, Толстойдың тәубесі.

Кітап қиял ұршық түбі, адамзаттың тозбасы,

Табиғаттың қырсықтығы, көк аспанның көз жасы.

Кітап жұпар көктем гүлі, жүрек жазған көркемдеп,

Ақыр заман жеткен күні, соңғы кітап өртенбек…

 

 

Алматы

 

Алматы менің қалам, сенің қалаң,

Үміт сорлы. Кей күні сенім қараң.

Ірбі  бұлттан ақ тамшы үзілгенде,

Ақтарғандай болады шерін маған.

 

Алматы біздің қала білесің бе?

Күрең күзбен арналған күресуге.

Ғұмырлық естеліктер жасырынған,

Бір сәттік қуаныштың үлесінде.

 

Қымсынбай жаңаруға жұрты құмар,

Қыбыр еткен жәндіктің құлқыны бар.

Құлшылықтың пенделік пердесінде.

Тіршіліктің тырнаған тыртығы бар,

 

Алматы да тарих бар, зобалаң бар,

Адамдары өлмеген молалар бар.

Қолшатырын құшақтап бара жатыр,

Құшағында мейірім жоқ адамдар.

 

Табиғатта тіл қатар түсінгенге,

Тас қалада пенде көп мүсін кеуде.

Айтшы, қалай болады Алматыда,

Көңіліңе қылтанақ түсірмеуге.

 

Үрпек қармен құлайды аралас мұң,

Жағаластым жалғанмен, сан адастым.

Куәгер махаббаттың талайына,

Көзі бар көшедегі кәрі ағаштың.

 

Алматы. Үміт мекен. Бек сенерім,

Көздеріндей көгілдір Көк Төбенің.

Маңдайынан таулардың сүйер едім,

Құшақтауға құшағым жетсе менің.

 

Түйіншек тарам тағдыр, бәрінде бір,

Бәрін де бір арман бар, сағым кеуіл.

Бірін-бірі сүйетін жүрегімен,

Алматы біз екенбіз, жаным менің!!!

 

Өмір

 

Өмір дегенің ақ қара,

Өмір дегенің сәт қана.

Сүйе алмай кеткен суреттер,

Қия алмай кеткен басқаға.

 

Өмір дегенің құрбандық,

Өмір дегенің жылдамдық.

Бөтеннен күту бақытты,

Шекеңнен Құдай ұрғандық.

 

Өмірдің шыңы мойындау,

Өмірдің сыры ой ұрлау.

Өмірдің жаны адалдық.

Өмірдің жауы тойынбау.

 

Өмір дегенің сапар-ақ,

Шуағы сөнбес шапағат.

Өмірдің аты шын сүю,

Өмірдің аты Махаббат…

 

Шер

 

Дұшпанға оқ атып, достарға тас алып,

Көпірік көп сөзбен өтірік жасанып.

Жылаттық ананы, тепкілеп әкені,

Шаш алар сәттерде бас салып, бас алып.

Ағайын-туысты ғайбаттап, әйбаттап,

Жүзіміз құбылды, жалғанды таса ғып.

Жігерсіз жігітпен, қылықсыз қыз шықты,

Жаратқан, жартқан тәніне ақы алып.

Махаббат ол қайда, сен қайда, мен қайда,

Ел қайда екеуге той берген бата ғып.

Бәрі тек күндейі, тілдейді сүрінсең,

Жұрттардың өсегі, құны өлген бос әріп.

Кең дүние адамның, пейілін тарылтты,

Қу ашқа құл қылды, құлқындар қақалып.

Аламан бәйгеден әділдік іздедің,

Арамдық жүр екен сайтандар босанып.

Қоғамнан қалдың да, оздың да, тоздың да,

Қадымдап өсекпен, адымдап аса нық.

Ата-ана тұрады қарттардың үйінде,

Көп жетім жылады көзіне жас алып.

Сүйгенің сенімді өлтірді, сенде өлдің,

Көнесің жазмышқа төзесің тапалып.

Бәрі де бітеді, жалғыздық күтеді,

Кездесу өлгенде, қоштасу дос анық.

Сый көрдің, би болдың, биіктеп бір сәтте,

Үйлендің үй көрдің қуандың рас анық,

Мінез бен алысып, өзіңмен  танысып,

Жауапкершілікті игердің қоса алып.

Перзенттің маңдайын иіскеу бұйырды,

Фәнидің есігін сәбиің аша алып.

Сен бірақ қолыңды, арыңды былғадың,

Үйдегі балаңа харам ас, апарып.

Уақыт зырғуда келмейсің жасарып,

Ес барда ең соңғы, сағатың қашан ұқ.

Ақырет деген ол аяқтың астында,

Кез келді түсінер, көздерді ашалық.

Адам ол шапқылап жығылған құлыншақ,

Өмірлік олжадан азды-көп асадық.

Бәріміз сондаймыз, баладай ұрыншақ,

Құдайға еркелеп көп күнә жасадық.