Келес жағалай біткен көгал шөп жібек көрпедей еді. Қалың қоға арасынан селк-селк еткен құрбақаның бақыраңдағаны, бір-бірінен қашып тұрған он шақты жарқамыстың ішінен шегірткенің шырылдағаны құлаққа ұрғандай, кісіні ұйытып тастайды. Келес үнсіз аққанды білмейді.
- Сенен жасырар нем бар,- дегендей, шәйі орамалдай желпілдеген бір орам жұқашап бұлтқа қарайды, Әселді нұсқап. Аузы кермек татып, асқа зауқы шаппады. Қоңырқай жүзінен күлкі айырылмайтын қыздың алқымы қызарып, жүзінде өкініш пен шарасыздық шарпысып, жауырыны бүлкілдеп үнсіз жылайды. Қыз жыласа, сыбызғы үніндей. Келесті күлкі кернейді. Сондай ызбармен, ағысын күшейтеді. Мұндайда өзен мінез көрсетпей қалмайды. Ал Әселдің тілі байланып, талмаурай береді. Қыз бүгінде үйіне қайтты.
"Ендігі қайтып келуші болма" дегендей толқын Әселді жағаға итереді. Сүрініп жығыла етегін сыға жаутаңкөз қыз көгеріп, сазарып ай жарығымен үйіне келеді. Тұла бойы түршігіп сала берген.
- Қош, Әсел, қош! Бұл маңға қайтып оралма!,- деп бүкіл өзен қайталайды. Су асты шарбақтар шаттана секіріп, ай қараңғысы алтын нұрын төгіп, аспа-тұспа толқындар бір-бірін қуа жағаға жарысып, шоршып ойнаған ірілі-ұсақты балықтар толқынға еркелеп, су беті қазандай қайнап, қызыл шырайлана жөнеледі.
- Менің өмір сүргім келмейді,- деген қыздың жарқыншақ дауысы өзен бойын қуалай алысқа сіңді. Ғұмыры мұндай азап пен мазаққа душар болсам, тәрк еткен жақсы. Қан сөлсіз қаншардай қатып алыпты. Қос жанарынан ышқына соққан жас Келес суын молайтып ағып барады. Кім білсін, Келес тасыса Әсел тағдырластарының көз жасы шығар.
Көзін тас жұма, ақыл-есінен адаса, тұңғиыққа тарта жөнелгенде дырылдақ моторлы қайық көз ұшында көлбеңдей берді.
Жағалауды көмкере өскен нар қамыстар үкілі басын тербеп, ақырын сыбдырлайды. Ақыры қолы қалтырап, шатқаяқтап кері шегінген қыз қалың қоға арасына жасырынды. Қойны-қонышын қуалаған ағыл-тегіл терге қосыла, аспанда ай да суық сәулесін себелейді. Ол бүгін де үміт үзіп үйге оралды. Түнімен үзіліп-жалғанған өң мен түс арасында әбден шаршаған қыз ұйқыға кетті.
- Күнде бұлай сұрқымызды қашырма, келме деймін! Естимісің?- деп өзен де сұрланды. Шөп түбін паналап шөкиіп отырған торғай пыр етіп аспанға кесектей ұшады. Судағының бәрі бас шұлғиды…
Әсел бірінші емес, Әсел жалғыз емес.Бұл маңда оған дейін де қаншама қыз келді, тек бірі де құлақ аспады.
***
Әсел бүгін күндегідей емес. Шабдар бұлттың арасынан жымыңдана түскен күн сәулесі Әсел тұрған бөлмеге кеп құлайды. Қыз ыңылдап әуенге басады.
Күлімсіреп қиыла қарайды айнаға. Өз өзіне сұқтанып, тоймайтындай. Мен жалғыз емеспін, менде өзің барсың, біз біргеміз деп көйлегін ұстайды.Көйлегін тіл қатпайды.
Әсел билей жөнеледі.Жас та болса шерлі, тұйық та болса тұңғиық. Соңғы рет, иә бүгін соңғы рет Келеске барып қайтамын.Қоштасып келемін деді ол.
***
Үстіндегі желдің, астындағы ағынның екпінімен сырғи-сырғи жағалаудың қос кемерін кеміреді толқындар.
- Мен енді бұл маңға келмеймін. Естимісіңдер толқындар, естимісің Келес! Менің өмір сүргім келеді,- деп айғайлады Әсел.
Кәрі Келес бетінде ойнаған асау толқын көтеріліп, алыстан айбарлана, Әсел тұрған жартаспен қоса қарш-қарш қаба кетті. Жартас астында бауырына баласын сала ана кетті. Келес тағы бір қызды жұтты. Кесапатты Келес. Тағы кімді жұтар екен,-десті жұрт. Ақиқатында, оның бар айыбы қорған болғандығы еді…
***
Ақырын ағып Келес тұр...