АЛЕКСАНДР МАРУАҰЛЫ. СОҢҒЫ ДЕМІМ ҚАЛҒАНША СҮЙІП ӨТЕМ...

Moonlight


Жағдайыңды сұрады кімдер келіп?
Мына біздің жанымыз түнге жерік.
Біз әлі көрісіп те көрмегенбіз,
Біз әлі дос болып та үлгермедік.

Оны қойшы...Бір күні қауышармыз,
Тағатыңды сол кезде тауысар күз.
Қос ақынға шуағын шашып тұрар,
Алматының аяулы шамы жалғыз.

Жүрегіңді жүрмеші жаралатып,
Жыр оқиық жолдарда бара жатып.
Мына аңғал жігітке сонда күнім,
Алматыны жүресің аралатып.

Бір мұңайып, бір күліп шаттанамын,
Сонда жиі сырымды ақтарамын.

Алматы мен өзіңді қимай тұрып,

Ауыл жаққа бір күні аттанамын.

Ілесе алмай жалғанның көшіне бұл,
Елемейді, өтеді-ау есіл өмір.
Анда -санда қарап тұр Алатауға,
Аңдаусызда түсермін есіңе бір.

 

СЫР

Жүрек кетті қарайып көп өкпеден,
Бәрі де жат, бәрі де бөлек менен.
Қандай жақсы, қатігез тағдырыңнан,
Ажалыңды аяулы өбектеген.

Жылт етеді бір сәуле жүрегімде,
Тіршіліктің тұншыққан түнегінде.
Құрсағынан жұлып ап көрге тыққан,
Босқа налып қайтемін бұл өмірге.

Мен білетін бұл әлем неге мұңлы?
Білмей ме әлде бақытқа бөленуді.
Мен де жүрмін жабырқап бұл күндері,

Жасыма жетпей жатып не көрінді?..

Жете білген жалғанның түбіне кім?
Сандырақтап сан ойлар күніне мың.
Құдіретті қаламнан туған өлең,

Шырайын келтіре ме дүниенің.

Іңір түссе далада сенделемін,
Жалғыз жырым жанымды емдеп едің.
Сен бір күні ғаламға жарқ етесің,
Пешенеме жазылған соңғы өлеңім.
..

*  *  *

«Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген-
Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!»
Ж. Нәжімеденов


Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,
Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?
Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,
Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.

Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,
Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.
Табаныма тас батып, шөңге кірсе,
Өтінемін, оны да суырмаңдар!

Дархан дала дертіме азық болып,
Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,
Майда,жұмсақ құмыңа құласам ғой
Құлазыған сәттерден қажып келіп.

Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,
Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.
Құдіреті тілімнің жетер ме екен,
Қалам алып толғауға өзің жайлы.

Естеліктер сенде өткен есімдегі,
Махаббатты маздаған өшірмеді.
Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,
Алып таулар қозғалса төсіндегі.

Талай адам жаныңды табалады,
Қадіріңді ұқпай жүр неге бәрі?
Тазалықты сендегі сезу үшін,
Көңілімді кірлетпей келем әлі.

Абырой ғой тасыңды арқаласақ,
Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.
Қиыр кезіп кетемін содан кейін,
Бір уыс топырағыңды қалтама сап.

Аспаныңдай сол кезде өр боламын,
Күннің өзі береді жанға жалын.
Білемісің туған жер жан-жарама
Жалғыз ғана жусаның ем боларын.

Толқындары теңіздің қуатты екен
Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.
Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,
Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.

Дауа таппай тірліктен сабылысқан,
Асау сезім өзіңе алып ұшқан.
Ең ұлы өлеңдерді тудырады,
Ең ұлы саған деген сағыныштар
!..

*  *  *

Өмір...Өлім...
Ортасында тұрмын мен,
Бақытым бар,
Баянсызын білдірген.
Түйгені жоқ пенделерге налыдым
Күйбеңі көп тірлігіме күлдім мен.

Жанарымнан тамшы болып тамса мұң,
Күледі екем, күледі екем қанша күн?!
Мен алыстап кетем бір күн жалғаннан,
Ақиқатқа ауған кезде аңсарым.

Сырға толы жермен көктің арасы,
Көпшіліктің көтермейді санасы.
“Алла”-дейді, “Алла”-дейді адамдар,
Ақылымның жетпейтінін қарашы.

Ғалам қызық, көктегі күн, айым да,
(Мынау дүние мүмкін әлде ойын ба?)
Өмір-Өлім, Жұмақ-Тозақ, Құдайлар,
Он алтымда ойран салды ойымда.

Әлем бір күн айналардай мүсінге,
(Құлшылықтың бәрі Құдай үшін бе?)
О, Тәңірім, кешіре гөр, кешірші,
Мынау мендік жазған өлең  -  түсімде...

 

*  *  *

Ғұмырыңыздың бес минутын қия аласыз ба, Мадам?!
Жүзіңізді жүрегім көруді қалайды.
Сырыңызды ашуға ұяласыз ба маған,
Жарайды.

Көбелек қыста да ұшады күнім,
Ақынның жыртылған парақтары боп.
Көңіліңіз неге құсалы бүгін?
Жүрсіз бе әлде жаратпады деп.

Тағдырым
, неге шайқаласың көп,
Сынақтары
ңа сүрініп келем.
Бақытымызды байқамасын деп,
Тәңірден күнде тығылып келем.

Айтылар әлі өлгесін өсек.
Ал адамдардан дұға қалайық.
Жасымызды өмір көрмесін десек,
Жаңбыр жауғанда жылап алайық.

Бақыттың әлі есігін қақпаған,
Жүреді пенде жырлап тек.
Әлемде жалғыз шешімін таппаған,
Қалайық
, жаным, жұмбақ боп...

*  *  *

Жақсылығы жоқ оның көп істеген,
Ойларын да ешкіммен бөліспеген.
Бір Адам бар,
Ол-Менмін!
Менің жазған өлеңімді ойға алып
Қос иықта қиналды періштелер.

Баяу өліп барады күн ақырын,
Мен құшақтап қаламын құба түнін.
Дұғадан соң Құдайдың үнсіздігі,
Күнәдан соң «мөлдір» ой туатынын.
Білемін.

Сұп-суық тамшылардан жанар мұздап
Жолдарымнан бағытсыз табан сыздап,
Ажалымды аңсаймын амалсыздан.

Менің күткен бақытым аялдауда.
Мүмкін бұның барлығы бекершілік
Мүмкін біздің ғаламды ой алдауда.

Мүмкін...

 

*  *  *

Күлімдейді кеудемде сөнбес үміт,
Кейде менде болады пендешілік.
Саған деген ақ қардай сезімдерім,
Көктем келсе кетеді жерге сіңіп.

Бар мұңымды елемей тұрса ғалам,
Тағдырымды ойлар көп тұмшалаған.
Құдіретіңнен мен сенің айналайын,
Қасіретті шектірген мұнша маған.

Маза бермей жаныма бір ақ күдік,
Тыңда бір сәт жүрекке құлақ түріп.
Қою түнде келемін жалғыз өзім,
Сынық айдың сәулесін шырақ қылып.

Шерімді енді кімге ақтарайын?
Бәймәлім өзіңе де, жатқа жайым.
Құлазып өзіңді ойлап отырғанда,
Ажалдай айтпай келші
, аппақ айым.

ЖЕР АНА

Мына күйбең тіршіліктен шаршаған,
Қойнауыңда жатыр екен қанша адам?..
Орындалмай кетті ме екен олардың,
Алатаудай армандары аңсаған.

Баға жетпес сендік сұлу кескінге,
О,
Жер ана!
Жадырап тұр, ескірме!
Айға жетіп тұрса-дағы атағы,
Жусаныңнан биік емес ешкім де.

Сырың маған ашылғанша күтемін,
Қыбырлаған жәндікке
де құт едің.
Жалаң аяқ жүгіремін далаға,
Табаныма кірсе екен деп тікенің

Тауларыңнан биіктік жоқ тең келер
Самалыңнан артық не бар дем берер
Адамдарға керек сендей Сабырлық
Адамдарға керек сендей Кеуделер.

Қорлап жүр ме жүрегіңді кей адам,
Қорғау үшін жанымды да қия алам.
Қадіріңе жетпей тұрып
, Жер ана,
Қабіріңе кіруге де ұялам.
..