АЙБАР РАМАЗАНОВ. ҚАБАҒЫМДА ЖАҢБЫРДЫҢ БҰЛТЫ ҚАЛҒАН...

Құрметті оқырман, сіздерді тағы бір жас ақынның жырларымен таныстырғалы отырмыз. Оның өлеңдеріндегі үздіксіз үздігу, аяулы аңсар оқырманды нәзік мұңға жетелейді. «Күйінеді дегенмен жүрек тұсым, Жиіледі бірақта сағынуым...» немесе «Жанарым да күн құсап күле алмайды, Қабағымда жаңбырдың бұлты қалған» деген тармақтардың көңілге әлдебір сезімдерді қайта оралтып, жүрекке жылы тиетіні жасырын емес. Айбардың алғашқы топтамасы оқырмандардың ойынан шығатына сенеміз. Жас ақынға жыр жолында сәттілік серік болсын!

Qalamger.kz

 

*  *  *

Амансың ба, жақыным, жатқа

айналған?!

Керек кезде қасымнан таппай қалған…

Хабарлама жазбайсың жауап қылып

Көгершін де келмеді хат байланған.

 

Білмедім не ойың бар, жоспар қандай?

Қасарыса бересің қас болғандай…

Сен басқаның қолынан ұстағалы

Менің мұңды жүрегім бос қалғандай.

 

Жүрегімді жауратпай жылдам жүріп

Келші енді… Санада тұрғанда үміт.

Құдіретті махаббат бастайықшы

Жұмыр етті сезімге құрбан қылып…

 

Тек екеуміз қалғандай жерде бөлек.

Қосылғанда қызғаншақ ел не демек?..

Дұшпандардың іштерін күйдіріп бір

Сезім бастап жіберсек елден ерек…

 

Дос түгілі сүйсінер күндес ел де

Сезім болса, сергелдең күн кешем бе?

Махаббатты көп көрген Қазақстан,

Біздің де із қалсыншы бір көшеңде…

14.01.2022

 

*  *  *

Бәрі тыныш, үнсіз үй, үнсіз ғалам,

Кеше ғашық, ал бүгін кімсіз маған?

Кімсіз маған?

Жай ғана таныстармыз

Ал танысым, есен-сау жүрсіз бе аман?

 

Осы болса тағдырым маңдайда бар,

Сезім де жоқ жүректе шамдай жағар.

Бақытыма балаған ару қыздың

Жай таныс боп қалғаны қандай жаман.

 

Жай таныс боп қаламыз енді екеуміз,

Қосылмаған қос бейбақ пенде екенбіз.

Бірімізге біріміз жара салып

Сол жараны өзгеге емдетерміз.

 

Сезім өшті, сол беті жалындамай,

Жалғыз күтіп отырмын таңымды арай.

Көп болыпты өзіңе жазбағалы

Айтшы, ботам,бұл күні  хәлің қалай?

 

Хәлің жақсы, жаманын сезе алмадым,

Өз ойларың бар білем өз арманың.

Сенсіз бүгін далада тағы отырмын

Тағы күтіп таңымның бозарғанын.

 

Бірақ жалғыз, сен жоқсың тағы бүгін,

Сен жоқ кезде жанымның жарымы мұң.

Күйінеді дегенмен жүрек тұсым

Жиіледі бірақ та сағынуым.

 

Сағынғанда жыр жазам саған арнап,

Бейнең сенің қойғандай сананы арбап.

Ақылға емес жүрекке көп сенуші ем

Ал жүрек кеткен екен баланы алдап.

 

Осы болса тағдырым маңдай да бар,

Сезім де жоқ жүректе шамдай жағар.

Бақытыма балаған ару қыздың

Жай таныс боп қалғаны қандай жаман.

 22.09.2021

 

*  *  *

Көздегі мұң,

Мен ақынның алдамшы сөздерімін.

Күлкім бекер, білемін шынайы емес

Мүмкін бе екен менің де өзгеруім.

 

Күлкі жалған,

Шын күлкіні мұң келіп сүртіп алған.

Жанарым да күн құсап күле алмайды

Қабағымда жаңбырдың бұлты қалған.

 

Өтірік түр,

Неге екенін білмеймін өкініп тұр,

Сырларыма бойлаған кейбір адам

Құрбаныма айналған өтіріктің.

 

Суайт жанмын,

Иә мен, тым өтірік сыр айтқанмын.

Жылар кезде жын соғып, күлкі қысып

Күлер кезде талайды мұңайтқанмын.

 

Осындаймын,

Айтар болсам бір мезет тосылмаймын.

Керек болса жауың да бола аламын

Керек болса тым жақын досыңдаймын.

 

Жалған жаным,

Ақиқатты несіне армандадың.

«Жалған сөйлер жан»,- депсің біреулерге

Бәрі өтірік ендеше алданбағын

 

Мен егерде,

Сенбес едің осылай демегенде.

Бір шынымды айтқаным осы болсын,

Ендігәрі, жарығым, сене берме!

 03.09.2021

 

ҚАЙРАН АУЫЛ, САҒЫНДЫМ!

Қайран ауыл, сағындым, сағындым-ау,

Бұл күні мұң баспайтын жаным қырау.

Ағайынға ат басын бұрғым кеп жүр

Күйбең күннің қалдырып бәрін мынау.

 

Қайтқым келіп жылу жоқ тас қаладан,

Жалғыз қалып жанарды жасқа малам.

Шаршадым мейірімсіз жүректерден

Шаршадым қабат-қабат баспанадан.

 

Мұңды көздер, көңілсіз даңғыл, көше,

Көпшілігі жіберген тағдырға есе…

Ауылға аттанар ем, ал қаланы

Бүгін-ақ қалдырар ем, қалдыр десе.

 

Көңілдегі мұң-уайым, шер-наланы

Жоғалтатын жанашыр ел болады.

Қалада жүргенімнен, әлдеқайда

Жақсы еді кезіп кетсем кең даланы.

 

Алдыңа ақ пейілдің арнап бәрің,

Тамаша ғып тағдырдың тармақтарын.

Орысты көргенімнен көшелерде

Өрісте мың есе артық мал баққаным.

07.03.22

 

*  *  *

Ойламаған бір күні…

Саған барам,

Сен мені шығарғанда мүлде есіңнен.

Сезімді сол баяғы тәмәмдаған,

Сөз етем екеумізге мұң кешірген.

 

Естеліктер айтамын ойымда бар,

Ақтарамын жасырған сырларымды.

«Керемет», -деп көпшілік мойындаған,

Оқимын саған жазған жырларымды.

 

Жеңілдік махаббатпен күресуде,

Дегенмен лайық болдық жеңіске біз.

Сол кездерді, жарығым, білесің бе?,

Білгің келсе, айтамын келіссеңіз!

 

Түк қалмайды сол кезде жасыратын,

Баяндайын, кел бері…Қасыма отыр.

Сол арада өткенді өлең қылам

Сол арада оятам ғашық отың.

 

Сол күндерді еске алып ұмыт қалған,

Мен сезімді жырлаймын бүгіп қалған.

Мұң-наласын айтамын сол жігіттің

Кездесуге қашан да күліп барған.

 

Мұң тұрса да жүректе, күлер шебер,

Жақсы жолдас шығады білем, сенен

Кездесуге мен барам, сен де келші

Жігітің он минутқа жіберсе егер…

       23.11.2021

 

*  *  *

Ақырын қадам басып, баяу жүріп,

Бастағы бақыттарың баянды ғып,

Ерке қыз бен бозбала келе жатыр

Бір-бірін ғашық қылып, аяулы ғып.

 

Нұрландырып қаланы жастар әлгі,

Жан бітті көшеге де тас қараңғы…

Қос ғашық күбір-күбір әңгіме айтып

Елемеді өмірді, басқаларды…

 

Екеуі сөйлеседі, сырласады,

Жас жігіт өлеңімен үн қосады.

Сұлу қыз жымияды, сәлден кейін,

Көңілін маужыраған мұң басады.

 

Себебі, арналмаған өлең оған,

Мінезі де жоқ екен көне қалар…

Ренжігенін көрсетпей бұртияды

Ал жігіттің көңілі елең-алаң…

 

Бозбаланың бой бермей жүрегі енді,

Алайда түк білдірмей жүре берді.

«Саған арнап жаздым деп жаңа ғана»

Оқып берді бұрынғы бір өлеңді.

 

Өлеңі шыға келді мұңды жарып,

Аруы келе жатыр мың бұралып.

Басқа қызға арналған шумақтарға

Бойжеткен риза болды шын қуанып.

 

Дейді ол: шын сезімді баяндаймын

Өлең оқып, жыр жазып аянбай жүр

Жалғыз қыздың өлеңін сол бір жігіт

Көп сұлуға оқуың қоя алмай жүр.

        28.03.2022

 

*  *  *

Эх, Өскемен…

Бағым болдың ба, сорым болдың ба,

Неге ұмтылмайсың көңілді аулауға?

«Ускаман» болып сүрінген кезде

«Өскемен» боласың жолым болғанда…

 

Есімің өстіп құбылып лезде,

Ойым қаланы жығылып, кезген

Салқындау уақыт болады бірақ

Кезім болмады жылылық сезген.

 

Неге соншама суық қаласың?

Естеліктерден ұмыт боласың…

Төрт қабырғаға тығылам күнде

Көңілімді көшең жылытпағасын.

 

Көңілсіз көше, жабырқау адам,

Саған жолыққан жаным садағаң!

Қуанған көпті көре бермеймін

Бірақ, Мұңлықтың әнін таба алам!

 

Көріндің ба әлде түнеріп маған?

Күлкіммен саған тіреліп қалам…

Жымисаң қайтеді сонда Тәңір де

Бақытыңды еселеп жіберіп қалар…

 

Қайғымен бөлек қаңғырып кетер,

Қала соғырша әңгүдік па екен?

Күлмесең күлме, ауылға кетсем

Мұңымның бәрің қалдырып кетем…

11.12.2021

 

 ҮНСІЗ-ҮЙСІЗ

Кешкілік кез. Ұяға күн кіргенде,

Қала шуы күй болып күмбірлеуде.

Біреу отыр үн-түнсіз, арасында

Жөтеледі, қысып қап құрғыр кеуде.

 

Тағдырынан жетеді-ау көрген ісі,

Көрге айналған секілді төрдегісі.

Бағанадан көтеріп күйінішпен

Арақ толы босады шөлмек іші.

 

Арақ емес, толды іші нала-мұңға,

Қалың қайғы орныққан қабағында.

Жүзіңде ізі де жоқ күлкісінің

Өкініш бар бірақта, жанарыңда.

 

Еш мейірім күтпейді өткен елден,

Қанында жоқ сияқты көпке елеңдеу.

Алайда, жүзіңдегі шер-уайымға

Қарап тұра алмайды-ау көп бөгелген.

 

Үнсіздікте секілді тегін емі,

Жат қоғамнан жатырқап бөлінеді.

Қоқыс жақтан бағана тауып алған

Қатқан нанды көңілсіз кеміреді.

 

Көп ойландым мұңлыққа қарап тұра,

Көшеге көңілсіздік таратты ма?

Мен де кеттім үндемей үй жағыма

Ол да кетті тұрағы коробкаға...

17.04.2022

 

*  *  *

Тіріміз, дүниеде әлі бармыз

Сондықтан кезігерміз, жолығармыз.

Өмірде сырласайық, сыйласайық

Өлеңде ақындардың көбі жалғыз.

 

Махаббат өткізейік тап бір аңыз…

Сезімді бірақ, неге жат қыламыз?

Өміріме неліктен сыймай жүрсің?

Өлеңге сыйып кеткен аққұба қыз.

 

Бақыт толы секілді өткен кей күн,

Сол күнді көңілдегі көктем деймін.

Сен жаным «Ләйлі» болып күн кешпеші

Мен бірақ,»Мәжнүн» болып кеткендеймін.

 

Доста білмей іштегі дүрбелеңді?

Осылай күнде келді, түнде келді…

Жарығым, мына өмірде сен аман бол!

Сен болмасаң арнаймын кімге өлеңді?

10.04.2022

 

 

ЖАЛЫН

Ортада жанған баяу от,

Көрінген сенің көзіңнен.

Жігіт тұр қызын аялап,

Аса бір нәзік сезіммен.

 

Біріне-бірі үйлесіп,

Соларда көптің жанары.

Сезімнен тәтті күй кешіп,

Тереңге бойлап барады.

 

Ақтарған біраз жан сырды,

Гитара үні сызыла.

Тағы да жұптар бар сынды,

Қараған талай қызыға.

 

Сезімнің күші қысқарған,

Алдыға қойған ұятты.

Назардан мүлде тыс қалған,

Екеуміз ғана сияқты.

 

Сайрап тұрғанмен ой мейлі,

Алмады тілім күй таба.

Екеуміз үшін сөйлейді,

Алты шек қоңыр гитара.

 

Айнала дел-сал…тыныштық,

Елестеп тұрған сағымдай.

Сезімім саған тым ыстық,

Алаулап жанған жалындай.

19.07.2021