МАҢҒЫСТАУҒА САҒЫНЫШ
(Светқали Нұржан ағама)
Біздің дала — аумаған сағымды бел,
Сіздің дала — сарнаған сарынды жел.
Маңғыстауға келіп жүр маңғыстағым
Жанымды шер, басса да сауырды тер.
Көшсе екен деп кеудеме көне дала,
Ұмай болып түсіме енеді Ана.
Шақпақ ата басынан шақырайған
Шұғылаға шомылғым келеді, аға!
Оңбайды екен өмірде ісі құтсыз,
Болмайды екен жігіттің іші үмітсіз.
Ғұмырымда көрмеген Маңғыстауға
Бұл недеген сағыныш түсініксіз?
Өркеш-өркеш үстірттің белестері,
Көмескі еді рухтардың кеңестері.
Шерқалада шежіре жазатындай
Ен далада ерлердің елестері!
Жауынгері жаратып жақсы ат мінген,
Бәсі биік, арманы асқақ мүлдем.
Дұшпанына қадалар ажал-жебе
Садағында сардардың сақ-сақ күлген!
Жаудың шебін көрмесе жұқа нандай
Батыр біткен батадан құт алардай.
Сүңгілерін көгіне көтергенде
Сүмбіленің бұлтынан сүт ағардай!
Қанатыңды жасыл құс бір қағып ұш,
О Маңғыстау, мекенсің тұнған ырыс.
Айлы түнін тастардай қақыратып
«Хай зікірін»* сап жатқан бір дәруіш.
Бұл далада сөзің де, ісің ерен,
Бұл далада күркіреп күш үдеген.
Пірмұғанның* тұмарын аманаттап,
Пірадардың пырағы кісінеген!
Самаладан сап-сары саз үдеттің,
Қазынаңды рухани, қазық еттің.
Тарғыл-тарғыл тастарың тәспісіндей
Тариқатын таратқан Әзіреттің*!
Өркешіне мұң артып боз үлектің,
Өлкесіне Бекеттің тәжім еттім.
Пәруананың жас сүртіп қанатымен
Аруананың мөп-мөлдір көзін өптім.
Сұлу сазды шіркін-ай сүйікті етсем,
Ән мен күйді жаныма жиып төксем.
Маңдайынан Біржанның аққан тер боп
«Айдайына» Мұхиттың құйып кетсем!
Аман болса алаң да, алаң жұртым,
Құшақ ашар Маңғыстау маған дүркін.
Ақ аспанға ақ шаңды бұрқыратып
Ақбөкен боп жетермін саған бір күн!
_______________________________________
Хай зікірі* — сопылық ілімдегі зікір түрі.
Пірмұған* — шарап құюшы, яки рухани ұстаз.
Әзірет* — Әзіреті сұлтан Қожа Ахмет Яссауи
МОЦАРТ. РЕКВИЕМ
Көне Вена—ауропа атырабы,
Ескі пәтер ел-жұрттан алыс мүлде.
Ұлы талант талықсып жатыр әні,
Ұлы өнерді қия алмай әл үстінде!
Моцарт еді ол, Моцартты көрге берме,
Жалғыз Моцарт хабардар тың мақамнан!
Құлақтары перделі пенделерге
Періштенің күлкісін тыңдата алған!
Жаны түрме болғанда тәні сүлде,
Алақанын соққанмен қаймана зор.
Ғұмыры оның музыка, ал ішінде
Қуанышты, құдай-ау, қайда мажор*?
Өң бозарған, әл кетіп тән арыған,
Жаратқан да демепті: "жақсы күйде өл. "
Тамшылады Моцарттың жанарынан
Сальеридің уындай ащы минор*!
Өлім-жендет көздеген өтті жебе,
Моцарт енді қалмайды бек күйінде.
Бес сызықтың бойымен бет түзеген
Бесік жыры айналды реквиемге!
Саф әуен деп сазгердің өмірі өткен
Жүрегінен бір кезде «ән» соқпады.
Сұлық түсті білегі керуеттен
Сырғып түсті сақина саусақтағы!
Жаныңды өртеп ғасырдың өрт күйігі
Азалы әнмен төгілер көңіл жасы.
Ауропада Моцарттың «Реквиемі»
Ал Арқада Біржанның «Теміртасы!*»
«ІНЖІЛ»
В начале было Слово, и Слово было у Бога, и Слово было Бог. Евангелие, 1:1
Кітапхана. Қаз-қатар тізілген кітаптар сөресі
Арулар секілді қымсынып ұялған.
Іңірде Исаның елеусіз елесі
Егесі Інжіл ғой, Иоаннан!
Алғашқы жаралған, "СӨЗ" дейді бәрінен
"СӨЗДЕ" екен біздің жанымыз.
Дүниеге дүреген құдайдың демінен
Жалғыз-ақ сөзде арымыз!
Алғашқы аятты өткіздім ішімнен
"СӨЗ" деген-Құдай ғой аңдаса!
Кім бірақ оны, толықтай түсінген
Ақындар ғана болмаса!
Аудардым сосын, келесі парағын
Аңдадым бәрін күрсініп.
Көзінен түскен Мәриям ананың
Мөлт еткен жасқа тұншығып.
Он екі шәкірт. Нұрлары шарпыған
Он екі айдай құбылыс
Он бірі ерді Ғайсаның артынан
Он екіншісі-Ібіліс.
30 сом күміс-сатқындық бағасы
Сатылды шәкірт, Ібіліс арбасып.
Мойнына артылды, ғасырдың наласы
Асылдың баласын дарға асып!
Он екіншісі жетті, Ғайсаның түбіне
Қара жер үстіне қандары шашылған.
Ібіліс сонсоң кірді де ініне
Иуда арқанға асылған.
Аярлық қылып, жақсыны қыру
Иуда жасаған бәлекет.
Көрсетіп беру, сатқындық қылу
Бір түрлі таныс әрекет.
Отыз жетіде, қанжарын қайраған
Жендеттер сонда елес пе?
Алаштың ерлерін, ажалға айдаған
Сол Иуда-қоғам емес пе?
Інжілді жаптым. Құранды аштым мөрлеген
(Көр енді шындық аңсамай)
Құранда бірақ: "Ғайсаңыз мүлде ӨЛМЕГЕН"
АЛАШ ТА БІРАҚ ДӘЛ СОЛАЙ!
***
Адам ата!
Бес күн жалған берді ме саған опа?
Толқын ойды қозғай ма қайғы желі,
Ішіңдегі боздай ма бала бота?!
Болмады ма бесігің берген бөлеп,
Қызығын сен көрмедің, көрген бөбек.
Есігіне өмірдің егескендей
Ересек боп ендің сен, елден бөлек!
Бала болмай, жаралдың баба болып
Әміріне Тәңірдің дара көніп.
Дауа болып дертіңе келді Һауа
Одан бірақ кетпеді заман оңып!
(Сабағынан бидайдың зауал өніп...)
Екі бетің қызарып қысылғанда,
Періштенің қондырып құсын қолға.
Бал балалық шағыңда батпақ ойнап,
Батпырауық жақсы ғой ұшырған да!
Ата сенен, алайда азап қашқан,
Ғаршы-ағладан естідің ғажап дастан.
Сен ЖҰМАҚТА тудың ғой не дегенмен
Балалар ше көздерін ТОЗАҚТА ашқан:
«жетімдер үйі» дейтін?!
ҚҰЛАН
Жылауық-ақ
Қыздай болып ағады тұма бұлақ.
Ұлары жоқ Ұлытау тұр аңырап
Құланы жоқ қайғырып құба қырат!
Сол құба қыр, құмы бар құланы жоқ
Тағыларсыз болмай ма Тұраным от?!
Жоқ әлде олар безді ме жер бетінен
Сыңсыған ұлар құстың сыңары боп?
(Мұңына мұқым әлем кінәлы боп?)
Кектенді олар біздерге,ауыры осы
Енді олардың болмаймыз кәрі досы.
Құдай үшін адамбыз! Бәлкім бірақ
Құлан үшін кісінің бәрі Жошы?!
Үзілуі мүмкін бе із кенеттен
Күйкі ғұмыр болмасын күзбен өктем.
"Құс қайтарған" Қазанғап, күй тілімен
Қасиетің қалды ма бізге жеткен?
Кие кетіп даламнан,
Жер үсті дау.
Еңіреген құлансыз еңіс мынау!
Келер ме екен күй шалсам Кетбұғадан
Домбырамды әкеңдер теріс бұрау!