1490

САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВ. МӘЖНҮН ТАЛ

1

Ол кезде Бағдан аты шыға қоймаған жас суретшілердің бірі ғана болатын. Көркем училищені бітірген соң бірер жыл осы Алматы қаласында қызмет істеді. Бір үлкен суретшінің көлеңкесінде жүріп салынып жатқан сарайларды, жаңадан ашылып жатқан ресторандарды өрнектеді. Бір ғажабы – көп идеялар мұныкі болса да, сол идеяларды бұл өзі өз қолымен жүзеге асырып жүрсе де, атақ-абырой жаңағы үлкен суретшінікі болып шығатын. «Өрнектеріңде тапқырлық бар екен. Жақсы. Ұнаттық», – деген жылы сөздер де, газеттегі ресми пікірлер де жаңағы үлкен суретшіге арналатын. Неге екенін кім білсін, о да: «Жоқ, бұл жұмыс менікі емес, Бағдандікі еді», – деп жатпайды. Бәрін де өзіне қабылдайды. Тіпті оңаша бір сәттерде де бұған келіп кешірім сұрап көрген емес. Содан ба, Бағдан да басында: «Бұл қалай?» – дегенімен, кейін келе көндіге бастаған-ды. Өйткені ана суретшінің бедел-атағы болмаса, ондай мақтаулардың болмайтынын бұл да білетін.

Өстіп жүріп жатқан еді. Бір ретте Жамбыл қаласына жол түсті. Сол сапардан әсерленіп қайтқаны сондайлық, келе салып үш-төрт айдың ішінде «Айша Бибі» деген үлкен полотно жазды. Өзі де ойлаған жоқ. Жұрт дүрілдетіп әкетті: Біз Бағданның талантын білетін едік. Оның сарай, ресторандардағы қолтаңбасынан қабілет-қуатын танып, бағалаушы едік. Міне, сол ұғымның айғағындай болып жас дарын жаңа бір қырынан танылып, жарқ етті.

«Айша Бибі» – Бағданның тұсау кесері болды. Осыдан кейін оның аты жиі аталды. Даңқы жайыла бастады.

Бағдан бір әдемі қызға үйленді. Бала сүйді. Бір сөзбен айтқанда оған кәдуілгі қала тұрғынына лайықты тірлік құруға жол ашылды.

Бағдан көлденең жүрісті білмейді. Ермегі де, қызметі де өзі қуған осы өнер. Сол себепті көп жазады. Жазғандары айқай-шусыз өтеді. Артық мақтап жатқан ешкім жоқ. Сонымен қатар, шұқшия жамандап, сынайтындар да кездесе бермейді. Күнделікті күйкі тірлік секілді: дұрыс екен, қабылдайық. Ұсыныс осы. Жазған дүниелері бәлендей кедергі-кілтеңге соқпай өтіп жатқан соң, Бағданның тұрмыс күйі де жөнделіп қалды. Аз жылдың ішінде қатардағы үй – дүние құрап, енді дәулетті семьялар тобына кірді. Басында үлкен суретшілермен кездескенде именіңкіреп жүретін жұбайы Сәлима да енді қаракөлден тон, норкадан бас киім киіп, «мен кәне, қайыссыңнан кеммін» дегендей, төрге қарай ұмтылыңқырайтын болды: әңгіме жаста емес, сіңірген еңбекте, талантта. Таланты зор адамдар қашанда жұрт көңілінде екенін ол жақсы біледі.

Бір ретте Бағданға тағы бір жол түсті. Ол тұңғыш рет суретшілердің Бүкіл одақтық съезіне делегат болып сайланды. Қайтар жолда жұрт самолетпен аттанып жатса; Бағдан асыға қоймады: Съезд әсерлерін саралап жүйеге келтірейін деді ме, әйтеуір билетті поезға алды. Шынында да осынысы ақыл болған екен, жол үстінде болашақ шығармаларының жайын ойлап, әр түрлі эскиздер жасап, біршама іс тындырып тастады.

Поезд Жамбылға келді. Бағдан бой жазайын деп сыртқа шығып еді, осы вагон алдында бір топ жастар тұр екен. Кімдер екенін бұл танымаса да біреулері бас изеп амандасқандай болды. Әрі өтіп бара жатқанда: «Мынау Бағдан ғой. Қазіргі суретшілердің ішінде ауызға жиі ілініп жүргені», – деген сыбырды құлағы шалып та қалды. Бағдан артына бұрылып қараған жоқ. Жай езу тартты да әрі өтіп кетті: талай жерде талай-талай естіген, құлағының еті үйрене бастаған сөздер. Сөйтсе де құдай тағала бұған талант беріп, былайғы жұртты өзіне аздап болса да табындырып қойғанын шүкіршілік еткендей, көңіл шіркін марқайып, мерейі үстем болып, жүре берді. Өзіне деген осы бір өз ырзалығымен біршама перронда жүріп купеге келсе, қарсы орында жайғасып жатқан бір қызға көзі түсті. Шамасы әлгі топ осы қызды шығарып салған болу керек, Бағдан кіргенде бұл да сыпайылықпен бері бұрылып сәл жымиып сәлем етті.

– Қысылмаңыз, жайғаса беріңіз, – болды Бағданның алғашқы сөзі.

– Рақмет, – деді қыз естіртер-естіртпес етіп. Содан кейін жонын бермей, бір қырындау тұрып, төсек-орнын реттеді. Бағдан: «Ибалы қыз екен, әдептісін қарашы. Танымайтын адамы болса да жонын берудің жөн емес екенін жақсы біледі», – деп ойлады.

Қыз сыпайылығы ештеңе көрмеген ауыл қызының ұяңдығы емес екен. Оған көп кешікпей-ақ Бағданның көзі жетті. Сапарлас көрші жайласып болған соң, Бағданға тура қарап:

– Жолым болады екен. Сіз менің түсімде де көрмейтін адамымсыз ғой. Міне, көрмейсіз бе, бір купеде баратын болдық, – деді оқыстан.

Қыз сөзі екі ұшты: даңқты адаммен кездесіп танысқанына ғана қуана ма? Әлде сол даңқты адаммен танысқандығының үстіне бір купеде бір күн Алматыға дейін оңаша баратынына қуана ма? Түсініп көр. Бірақ Бағдан болам деп әлі бола алмай келе жатқандықтан ба, алғашқы ұшқа көбірек ден қойды. Айна алдында өзін-өзі тамашалайтын сұлуларға ұқсаңқырап:

– Сіз мені қайдан білесіз? – деп сұрады. Қыз жымиып күлді.

– О, сізді білмейтін жан бар ма! Сізді не надан, не болмаса, көзі шын көрмейтін соқыр ғана білмеуі мүмкін. Ал менің көзімнің барлығына сіздің көзіңіз жетіп отырған шығар деп ойлаймын.

Жұбайы Сәлима секілді даңқ деген дертке аздап болса да, өзі де шалдыға бастаған Бағданға «менің көзім», «сіздің көзіңіз» – әзіл болса да ұнай қойған жоқ. «Қалай десең де ауыл-үй арасынан шыққан қыз балалар қанша әдепті болғанымен өстіп әзілдерін «тұздықтаңқырап» жіберетін әдеті емес пе?» – деген жұбату тауып, оның өз қаруын өзіне қолданбақ болды:

– Ал менің көзімнің барлығына сіздің көзіңіз анық жете ме? Қыз тайынбады:

– Анық жетеді.

– Дәлел?

– Көзіңіз болмаса суретті қалай сала аласыз. Керең композитор музыка шығарады дегенді естігем. Себебі «внутренний голос» деген бар. Қазақша қалай десем екен? «Жады» деген дұрыс. Өйткені кейбіреулердің «ішкі дауыс» деп аударуында түк мағына жоқ. Ал соқырдан да суретші шығады, көзі жоқ адам да сурет салады екен дегенді естісем құлағым керең болсын.

Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді: айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды.

– Енді таласпайсыз ғой? – деп қыз тіктеп қарады. Жанарында ұшқындап тұрған от бар секілді. Сыйлауы болғанымен «жасы үлкен, даңқы зор» екен деп қаймығуы жоқ.

Жоқ, Бағданның таласқысы келді: ең алдымен «жады», «жадында» сөзі дұрыс емес. «Көкірегі», «көңілі» – деген жөн. «Көңілі ояу», «көкірегі ашық» деген бар емес пе. – Атам заманда естіген дыбыстың кейде көңіліңе оралып, құлағыңа ызыңдап тұратыны болады ғой. Сол секілді ертеде бір көргеніңді де көзіңді жұмып, көз алдыңа келтіре аласың. Олай болса, соқырдың да сурет салуына болады. Соқырлар қоғамындағы басырлардың істемейтіні жоқ. Соның бәрі көкіректің ояулығы. Бағдан қызбен осылай таласқысы келді. Бірақ таласпады. Өйткені бір ұлы композитордың ең ұлы шығармасын керең кезінде жазғанын білгенімен, соқыр суретші болған дегенді естіген емес-ті. Оның үстіне даңққа бөлене бастаған жолында туған шамшылдығы, кіділігі болмаса, қанша дөрекі айтылды десең де қыз әзілі мұның өз пайдасына шешіліп жатыр ғой. Іркіліп қалған Бағдан жаңағы от шашып тұрған өжет көзге қайта қарап еді, достық, татулыққа шақырып тұрғандай көрінді. Қаймықпай тік қадалған көзде жылылық, әдемілік, өзіне тартар сиқырлы күш бар екен. Құдіретті күш. Осыны сезінуі-ақ мұң екен, жігіттің арқасы мұздады: әлгі бір кесірлі ойдың жетегінде кетіп бірдеме деп тастаса суретші деп мақтан тұтып, бір купеде келе жатқанын дәреже санаған қыз алдында ақымақ болып қалатын еді ғой.

– Әрине таласпаймын. Өйткені сіз мені қандай білсеңіз мен де сізді сондай білемін, – деді Бағдан. Бірақ мұнысы балалардың ойыны секілді екенін өзі де анық түсінеді. Түсіне тұра айтты. Сөйтсе де әсерсіз де шықпаған секілді. Қыз «қайдан білесіз?» – дегендей таңырқай қарады.

– Сіз Әспетсіз.

Қыз кейпінде әлгі сұрақ: Иә, ал сосын?

Бағдан мүдіріп қалды. Өйткені жаңағы бір топ жастар арасында:

«Әспет, ренжіме, өмірде не болмайды. Әспет, барған соң хат жаз», – деген секілді сөздерді естіген соң. «Сол Әспет дегені осы шығар», – деп төтелеп жібергені болмаса басқа не біледі? Қыз кейпіндегі таңырқаумен сұрақ өте берді:

– Атымды әлгі шығарып салғандардан естідіңіз ғой. Әйтпесе мені қайдан білейін деп едіңіз, – Қыз өңіне жанағы бір жылылық қайта оралды. – Ал мен болсам сізді көбірек білем. Сіз салған «Айша Бибі» көпке дейін біздің үйдің төрінде ілулі де тұрған.

Бағдан бойындағы даңқ құмарлық әрі қуантып, әрі шошытып тастады.

– Heгe көпке дейін? Қазір ше?

Әспеттің жүзінде реніш көлеңкесі жүгіріп өткендей болды.

– Ол бір ұзақ хикая.

Неге сұрадым деп өкінді ме, әлде қыз реніші әсер етті ме, Бағдан күрсініп қойды. Әспет бірақ тез жадырады.

– Неге күрсіндіңіз?

– Өзім де білмеймін, – деп Бағдан күлді.

Қыз іркіліп қалды. Сол сәтті пайдаланды ма, Бағдан оған қабақ астынан ұрлана қарады: Бір ғажабы – басында жүре көз салғанда он жеті-он сегіз жасар қыз секілді болып көрінген Әспет, байқаса, енді жиырмалардан асқан әйел екен. Суретшіге тән қырағы көз бірден таныды: өңінде әжім болмаса да, балалық пәктік, наушалық емес, құрсақ көтерген, өмір көрген әйелге тән іздер жатыр. Сөйтсе де тартымды кескін. Осы төңіректің қазақтарына тән дөңгелек бет, қысық көз торы емес, ат жақты, қыр мұрын, ақ сұр. Тағы бір байқағаны – өңінде бір мін, дақ жоқ. Түп-түгел әлдебір асыл заттан құя салғандай. Тік жарлауыт та емес, жә болмаса кемерсіз өзен жағасындай жайпақ та емес, әдемі біткен қабақ, астындағы көздерде ыстық құмарлық та, тентек ашу да бар. От пен мұз ебін тауып қатар қонғандай.

Ал ана парасатқа біткен әрі кең, әрі биік маңдайдан иегіне қарай жіңішкере түскен екі жақ мысқалдап өлшеп тең соққан зергер қолынан шыққан секілді. Сондай мінсіз. Осы әдемі келбетке орай дене бітімі де жарасты. Шығыңқы кеуде, биік мықын, аш қарын. Күнәлі бір ой: тыржалаңаштап картина жазар ма еді! Қанша мақтаса да қайта дәуірлеу кезіндегі жалаңаш мадонналар Бағданға ұнай бермейді. Ол әйелдердің бар сызық-линиялары, қимыл-қозғалыстары қанша жұмсақ болғанымен қарын бітімдері сарықарын әйелдердікіндей шығыңқы келеді. Бір досының бір әдемі талдырмаш келіншек көрсе: «Аш белінен қысар ма еді!» – деп тамсанатыны Бағданның есіне түсті. Аш бел! Қыпша бел! Құмырсқа бел! Шіркін, қазағың да сұлулықты тани білген-ау!

Кенет қыз даусы шықты:.

– Ал қалай, Бағдан аға, зерттеп болдыңыз ба мені!?

Қанша білдірмеймін десе де Бағдан сезімін сұңғыла қыз сезіп қалыпты.

Табиғатында сыпайы Бағдан:

– Кешірім сұраймын, – деп қысылыңқырап қалды.

– Кісі мүсінін зерттеу сіздердің машықтарыңыз емес, кәсіптеріңіз ғой. Ерсілігі жоқ. Машығы бар да, кәсібі жоқ біреу болса, сазайын берген болар едім.

Қыз жауабы тағы оқыс. Тапқырлық пен білгірлік те, тентектік те бар. Қараған үшін де сазайын бермек! Бірақ қараудың да қарауы бар ғой: жай ат үсті қарау... көз ала алмай қызыға қарау... ішіп-жеп тесіле қарау... өліп-өшіп құмарта қарау... тағы, тағы қараулар. Әспет жауабына қарағанда Бағдан қарауы да жай әншейін қарау емес, сондай бір ерсі сынай қарау болса керек. Жігіт соған қысылды. Қызық – жаңа ғана жасының біршама үлкендігімен, атының зорлығымен мысы басып тұрған Бағдан енді қыз ырқына түсіп, пұшайман болып қалғанын өзі де байқаған жоқ. Сол қолайсыздықтан шыққысы келді ме:

– Мен алыс сапардан келе жатқан адаммын ғой. Ресторанға барып тамақ ішсек қайтеді? – деді.

– Аға шақырса неге бармайын, барам.

«Неден болсын тайынбайтын пәле ғой мынау», – деген оймен Бағдан орнынан көтерілді.

 2

 

Бір жақсысы, вагон-ресторанда кісі аз екен. Қолайлы деген бір столға келіп, әуелі Әспетті отырғызды да, Бағдан өзі қарсы бетке жайғасты. Ол енді сақтаныңқырап көз салып еді, таң-тамаша: әлгінде ала көлеңкелеу купе ішінде ескі өңділеу сияқтанып көрінген Әспет мына жарық ресторанға келгесін бе, әйтеуір құлпырып кеткен. Манағы қырағы көз байқаған сұлулық нышандары мына жерде суретші түгіл жай адамның өзі де байқай алатындай көзге ұрып тұр. Көзі қоңыр емес, қап-қара, мөп-мөлдір. Қаны тереңде жатқан аппақ балғын өң. Аппақ. Қап-қара. Осы ақ пен қара керемет үйлестік тауып, бірін-бірі аша түскен, айқындап құлпырта түскен. «Апырау, құрсақ көтерген әйел» деген ұғым қайдан келді осы маған», – деп ойлады Бағдан.

– Ал не ішесіз?

– Сіз не қаласаңыз, соны... – деді Әспет.

– Мен арақты қалаған болар едім...

– Жоқ мен арақ ішпеймін. Жиіркенем.

– Жиіркенем?

– Иә, жиіркенем. Ішкен адамдардың ақымақтығын көріп тойғанмын.

– Енді не? Шампан?..

Әспет ойланыңқырап барып:

– Жарайды. Көңіліңіз үшін... бір фужер. – Бокал да, немесе орыс тілін шала білетін, бірақ «білем» деген көкірекпен сирек қиын сөздерді қисайтып айтатын кейбіреулердің фужоры да емес, фужер. Әрі екпінді «е» әрпіне салып әдемі айтты. Бағданның бұдан түйгені

– Әспет орыс тілін жақсы біледі. Оның үстіне қаланың білімдар қауымының жақсы дәстүрінен де хабары бар. Сыпайылап шампан ашқан жігіт жаңағы білімдар қала қауымының ғұрпы бойынша әуелі өз бокалына бірер тамызып, содан кейін шампанды қыз бокалына аса мөймілдетпей, толтыра құйды. Әспет бұл кілтипанды да біледі екен. Ырзалықпен басын иіп жымия күлді.

– Рақмет, аға...

– Ал, таныстық үшін, Әспет. Сіздің келешегіңіз, бақытыңыз үшін...

Қыз өңі өзгеріп кетті.

– Не келешек, не бақыт бар дейсің енді...

– Жап-жас басыңызбен мұныңыз қалай? – деп таңданды Бағдан. Әспет «өзім де білмеймін» дегендей, иығын қақты. Бағданның ойына манағы «Айша Бибі» туралы әңгіме тағы оралды. Көпке дейін ілулі тұрған картина неліктен алынып қалған? Неліктен ол бір ұзақ хикая? Қызды мына бір ауыр халден шығарғысы келді ме, жігіт енді әңгіме тақырыбын соған аударды.

– «Айша Бибі» не, ұнамады ма? Неге алып тастадыңыздар? Қыз тағы да сұраққа оқыс сұрақпен жауап берді:

– Шыныңызды айтыңызшы, «Айша Бибі» өзіңізге ұнай ма? Жігіт қыз қаруын тағы да өзіне жұмсады.

– Сізге шe?

– Шынымды айтайын ба?

– Шыныңызды айтыңыз.

– Шынымды айтсам, бұл картина маған мүлде ұнамайды.

Бағданның төбесінен жай түскендей: дүйім жұрттың аузында жүрген, «талантты суретші» деген атақ әперіп, мұны даңққа бөлеп келе жатқан картина мына бір шөп желкеге ұнамайды. Кім өзі бұл соншама?! Бағдан қыстығып ашуланыңқырап қалды. Бірақ құдай берген төзімділік артық сөзге жіберген жоқ. Бірдеме десе Әспет тұрады да жүре береді. Сонда не ұтады? Кейінгі сәтте ақылға салып сабасына түскен жігіт:

– Е, сол ұнамағандықтан екен ғой алып тастағандарыңыз. Бірақ, ұнамайтын картинаны көпке дейін іліп қойғандарыңызға қайранмын.

– Алып тастаудың себебі мүлде басқа.

– Соны айтпайсыз ба ендеше?

– Бұл жерде айта алмаймын.

Бағдан қайтсе де Әспет жүрегіне кілт тапқысы келді.

– Олай болса неге ұнамайтынын айтыңыз.

– Айту үшін қояр шартым бар.

– Қойыңыз.

– Неге ұнамайтынын дәлелдеуім үшін жұрт болып мақтап жүрген, сізге даңқ әкелген картинаны мен сынаймын ғой. Ал сын атаулының сіздерге жаға бермейтінін мен жақсы білем. Шартым – бұл жерде суретші Бағданнан азамат Бағдан биігірек тұрса екен деймін.

Бағдан Әспетке қарап еді, суретшінің қырағы көзі тағы да дөп басты: қыз кейпінде жырынды қулық бар: шыдасаң, шыда, шыдамасаң, өзің біл. Бағданға манағы күдік тағы оралды; «Жоқ, мынау құрсақ көтерген әйелдің өңі». Кенет жігіт күлді. Бар шаруа соған ғана тіреліп тұрғандай, өз ойының болымсыздығына күледі. Бұл күлкіні өзінше қабылдаған Әспет те езу тартты.

– Жақсы, көндім... – деді Бағдан.

– Көнсеңіз, бірінші сұрақ: Жұртқа мәлім Айша Бибі күмбезінің қазір бір-ақ қабырғасы ғана қалған ғой. Ал сіз бүтін күмбез етіп шығарыпсыз. Неге?

Манадан бері мына қыз бүлдірмесе жарар еді деп көңілі төп болып отырған Бағдан қуанып кетті. Талайлар қойған, жауабы дайын сұрақ бұл.

Айша Бибі сегіз ғасырдан астам уақыт бойы халық жүрегінде. Оған деген ел махаббатын тот баспақшы емес.« Менің күмбезім бүтін болып шықса, оны халық махаббатының ойып алған үлгісі деп біліңіз. Қай суреткердің болса да қиялдауға еркі бар. Бұл – символ.

Әспет, тегі, автордың бұл түсіндірмесін естіген болса керек, сықылықтай күлді.

– Ал сонда сіз неге сүйендіңіз? Жоқ үш қабырға мен төбені қайдан таптыңыз?

Бағдан сәл қабақ шытты:

– Оу, сіз менен емтихан алмақсыз ба? Одан да айтам деген сыныңызды айтыңыз.

Әспет жауабы бұл жерде де орнықты:

– Бұл емтихан емес, автордың түпкі ойын түсіну. Ал, автор ойын түсінбей айтылған сынның бәрі жаңсақ. Сыншы мен шығарма тіл табыса алмайды ондайда.

Бағдан отырып қалды: мына қызбен ойнауға болмайды. Өйткені Әспет сөзі қай өнер иесінің болса да сыншыға қояр бірінші талабы.

– Ә, онда айтайын: Аңызға сүйендім.

– Қандай аңыз?

– Тектұрмас деген батыр... Айша Бибі сұлу қалыңдық. Тектұрмасқа жетуге бір күншілік жер қалғанда сол күмбез көтерілген жерде, қаза болған...

– Екеуі де арманда кетті десеңізші?..

– Иә, арманда кеткен, – деп Бағдан күрсінді. – Сонда ел сүйген батыр халқын жинап ғасырларға аңыз боларлық күмбез соққан. Соған орай разы болған халқы да Тектұрмас қоныстаған тауды Тектұрмас тауы деп атапты.

Әспет алдындағы шампан құйылған бокалды ерніне апарып болар-болмас таңдайын жібітті де:

– Міне, ойыңыздың мешеулігі осында, – деп қойып қалды.

Бағдан қызарып жүре берді. Жүрегі лүпілдеді. Тұра беріп шапалақпен тартып жіберсе қайтер еді?! Жоқ жолдас суретшім, сабыр, сабыр ет. Сен ел адамысың. Кім біледі, осы ресторанда отырғандардың ішінен де өзіңді танитындар табылып қалар. Жол-жөнекей кездескен әйелмен шатасып, ақымақ болма. Мүмкін есі ауысқан біреу шығар. Жұрт күлкі етеді. Ашуын осылай ақылға жеңдірген Бағдан сәл кідіріңкіреп барып:

– Құлағым сізде. Айта беріңіз – деді сабырлы қалыпта.

– Ойыңыздың мешеулігі, – деп, Әспет баса қайталады. – Мұның несі Айша Бибі? Бұл Қозы Көрпеш – Баян сұлу емес пе?!

Бағдан шалқая отырды. Тағы да қан тепті ме, шекесі шықылдап, көз алды буалдырланып кетті. Қарсы бетте еңкейіңкіреп отырған Әспет мүлде бұлдырап алыстап бара жатқандай: Ұйықтаса түсіне енбеген ой. Қыз даусы тағы естілді:

– Бар айырмашылығы: Анда Қозы, Баян болса, мұнда Тектұрмас, Айша, анда күмбез тағылық стильде шошақ болып келсе, мұнда Орта Азия стилінде жұмырлау. Бары осы. Не жаңалық айтқыңыз келді осымен? Картинаңызды көрген адам қандай ой түймек?

Бағдан есін жиды. Біреу-міреу өз шығармалары жөнінде бірдеме дей бастаса, ішінде жатқан, жай жатқан емес, барған сайын даусы нығыздалып келе жатқан ала күшік – дыбыс беріп ақырын болса да шәуілдей бастайтын ала күшік бұл жолы үндемей қалды. Неде болса шыда, Бағдан. Айтсын.

– Картинаңызда ой жоқ қой. Махаббат жоқ. Күмбездің өзін көрмей, картинаңызды көрген адам жақынырақ үңіледі де: «Е, әлгі, Айша Бибісі осы екен ғой» дейді де жөніне кетеді. Қозы мен Баянның ұлылығы – ол екеуінің арасындағы асыл махаббатқа тікен болып көлденең түскен зұлым күш – Қарабай, Қодарлар бар. Ал Айша болса, ғашығына келе жатып күншілік жер қалғанда дертке шалдыққан. Сөйтіп қосыла алмаған, арманда кеткен! Осы да сөз болып па? Өлімнен қашқан Қорқыт қайда олай болса? О да өлген еді ғой. Өлімді азалай беретін болсақ, күніміз не болмақ? Бір нәрсеге мен құдайдай сенем: егер осы күмбездің енді қайтып ашылмас жұмбақ сырында әлеуметтік бір мән, не халықтық бір трагедия жатпаса, құр өлім үшін қалдығының өзін жұрт тамашалайтын сұлу күмбез соғылмаған да болар еді. Керек десеңіз мен әлгі Қозы мен Баян күмбезін де жай ғашықтарға арналған күмбез дей алмаймын. Халық арман қуалаған әманда. Сол арман жолында ұлы-ұлы хикая-дастандар дүниеге келген. Сол дастандарды еңіреп тыңдаған ата өз қызын лақша бақыртып, ұнатпағанының қанжығасына байлап жібергенде қолы қалтырамаған. Оны сіз да білесіз. Өйткені арман арман да, күнделікті тірлік күресі бір басқа. Фольклор халықтың сәби кезінде туған. Ал бүгінгі күннің адамдары сол фольклорға табынып, Айшадан Баянды жасамақ болса, онымыз сәбилік емес, надандық.

Бір ғажабы – басында бас асауша тулаған Бағдан көңілі мынадай ұтымды ой-пікірлерден кейін бір тыныш халге түсті: айта берсе екен. Тыңдай берсем екен. Рас, Бағданға ауыр-ауыр сөздер де айтылды. Мүмкін ондай сөздер басқа біреудің айталық, өзі тұстас ер адамдардың бірінен шықса, көнер ме еді, көнбес пе еді. Ал мына сөздер қыз аузынан шыққандықтан ба, ащы болса да пәк, таза ойлар секілденді.

Әспет мүдіріп қалды. Әлгі бір ашуланған кезінде шалқая отырған Бағдан сол қалпынан қозғалмаған екен. «Иә, жалғай бермейсіз бе», – дегендей жоғары қарап еді, көзі қыз көзімен түйісе кетті. Керемет, манағы қап-қара көздері үлкейіп алған. Аздап ішкен шампанның әсері ме, тереңде жатқан қан тамырлары бері теуіп аппақ өңі сондай нұрлы, жарқын. Жаңағы «айта берсе екен, тыңдай берсем екен» деген жігіт ұғымын растағандай татулыққа, достыққа шақырған келбет. Ойламаған жерден оқыс кездескен қыз туралы сезім-пікірлерінің тоқтаспағанынан ба, дәл осы сәтте орныға бастаған жігіт көңілі суретшінің қырағы көзінен: «Неңді көріп отырсың, бұл әлі тұрмыс көрмеген пәк адам ғой, ал сен құрсақ көтерген әйел», – дейсің деп реніш білдіргендей болды. Бар қиын сәттерден аман өтіп, не айтылса да пайыммен тыңдауға бел байлаған Бағдан жүзіне тағы да күлкі жүгірді.

– Иә, айта беріңіз.

Бір кереметі – манадан бері Бағдан бақылаған бір жай: қаншама талап қойып, мінін ашып, сын айтса да, қыз қабағына кірбең ілінбегені. Қыз сөзінен пәктік барын аңғарғаны да содан болса керек. Қыз да жымиды.

– Сіз неге күлесіз? Әлде тілі жаңа шығып келе жатқан сәби сөзін қызықтайтын үлкен кісі секілді мазақтап, отырсыз ба мені? – деп еркелей сұрады.

– Құдай сақтасын. Сөзіңізде ащы шындық бар, – Бағдан столға қайта үңілді. – Ал алып қояйық.

Қыз енді хрусталь болмаса да, шыны бокалдың сирағынан ұстап Бағдан бокалына нұқыңқырап, назбен соғыстырды.

– Мұны хрустальдің сыңғыры деп ұғыңыз, аға.

Бағдан күлді. Түсінер ме екен, түсінбес пе екен дей ме, әзілі әйтеуір астарлы.

– Сіз купеге келіп жайласқаннан бастап мен шыныдан хрусталь сыңғырын іздегенмін. Ал таза хрустальдың өзінен шыны дыбысын да ести алмай отырған мына сіз, ғой.

Әспет алғашқы рет сылқылдай күлді де:

– Аға, байқаймын, қу екенсіз, – деп сұқ саусағымен еркелей нұсқады, – шыны деп отырғаныңыз сонда мен ғой.

– Кім біледі, хрусталь да шығарсыз. Қайтсе де сіз секілді балақандарды алдауға жететін қулығымның бары рас.

– Ал қақпаныңызға түспесем ше? Түспеуге жететін қулық менде де бар болса ше?

– Қайда барам дейсің, түсесің ғой, – деп «сенге» қалай көшкенін Бағданның өзі де байқамай қалды. Қыз қабағына кірбең ілінді.

– Кімді болсын құртатын нәрсе, өстіп өзін-өзі алдарқату ғой. Ал өнер адамы үшін өзін-өзі алдарқату өлімнен де жаман.

Бағдан Әспетті сөзден жеңгісі келді.

– Өлімнен де жаман? Өлімнен жаман да бірдеме бар ма екен?

– Ойбой, ағасы, сіз тіпті мені шынымен бала санайсыз ғой деймін. Сөзіңіздің сыңайы солай. Басқаны былай қойғанда кейде жер басып тірі жүрудің өзінің де өлімнен жаман болатыны бар. Талантты деген, қолынан іс келетін өнер адамы болмай жатып болдым десе, толмай жатып толдым десе, соның салдарынан артына түк қалдырмаса, жай ас ішіп аяқ босатардың өзі болса ол тірліктің өлімнен несі артық?!

Бағдан жеңілгенін іштей мойындады да «әзіл ғой» дегенді танытып:

– Ал, Әспет, алып қояйық, – деді. Әспет қолы бокалға бармады.

– Рақмет.

Бағдан шылбырдың ұшын берсе түбіне жармасар кейбір мезілерге ұқсап, сөзді қор өтіп, өтінішін қайталамады. Өзі шампанға ернін тигізіп, бокалын столға қойды. Қайтсе де осы қызды сөйлету қызық.

«Ой, жоқ...», «махаббат жоқ...» Бағданның Әспетпен таласқысы келді. Махаббат жоқ?.. Махаббат болмаса, онда, ана қирамай бүтін қалған маңдайшада ұзақ өлең ұшығы: Аспан... Бұлт... Аруана дүние... – деген сөздер қалай жазылған. Аруана дүние? Қандай құдіретті сөз тіркесі! Бүгінгі заманда осындай құдіретті сөзді қай құдайың айта алып еді?! – Бірақ сөзуар қыздан именгені сондай, тағы бірдемені бүлдіріп алармын деп жалтара тіл қатты.

– Жақсы. Пікіріңіз дұрыс дейік. Сіздіңше, Айша кім сонда?

– Айша ма? Айша қайтсе де ақылды, сұлу әйел. Айша – атақты ханның ханшасы. Айша – атақты ханның анасы. Айша – күйеуі өлгеннен кейін хандықты өз қолына алған тақ, тәж иесі. Мына күмбезді кім салдырса да бір-ақ мақсаты болған: Қайтсе де ел ішінде Айша беделі арқылы өз әмірін жүргізу, өз үстемдігін нығайту. Сағым қуаламаңыз сіз одан.

«Шынында да сөзінде жан бар-ау», – деп ойлады Бағдан. Әспет сөзін жалғай берді:

– Содан кейін картинаңыздың фоны ұнамайды маған. Әлдебір адамдар, машиналар. Бұл не? Бүгінгі заман мен өткен заманның тіл табысқаны демексіз ғой. Қандай арзан, – деп тоқтады да, содан әрі дауыс ырғағын өзгертіп кекей, шеней сөйледі. – Ана тұмсығы көрінген жеңіл машинаңызды да түсінем: Айша Бибіге тауап етушілердің ішінде әкімдер де бар. Ал алыс қырқадан көрінген электр линиясы: міне, біздің өмір осындай! Соны паш етіп тұр. Егер Айша сорлы: «Мың жылдан кейінгі ұрпақтарым қандай болар екен?» – деп кетсе, міне, көрсін қандай екенін!

Мына сықақ Бағданның шымбайына қатты батты. Тұрып жүре берсем бе екен деп бір ойлап еді, ана заказын өзі берген шампан есіне түсті. Төлеу керек қой, сол ұстап қалды. Ашу үстінде:

– Байқа, шырақ, мен беделді суретшімін. Тіл тигізе бастадың, – деп салғанын өзі де білмеді.

Әспет сәл мүдірді де:

– Тіл тигізді десеңіз, ғафу өтінемін. Бірақ мына пікіріме айтар дауыңыз бар ма? – деп сұрады.

Бағдан дауласа алмады. Қанша шамданса да қыз сөзінде жан бар.

– Бедел! Беделді суретші екеніңізді жақсы білем, – деп қыз сөзін әрі жалғады. – Бірақ бедел әперген, даңқыңызды шығарған шығармаңыздың сиқы мынандай болып тұр ғой. Бұл не сонда? Бұл сонда беделіңіздің жалғандығы болып шығады ғой. Шын таланттылар көбіне далада қалып, кейде беделге жай пысықтар ие болып кететіні де болады. Өйткені беделдің жарым-жартысы лақаптан тұрады: пәлен екен, түген екен. Өйтіпті, бүйтіпті... Міне, бедел осы, Бағдан аға. Пікір таласында бедел сізге қару бола алмайды.

Мынау бір пәле. Қайда салса да тіліп шығады. Бедел туралы айтқанына қалай қол қоймассың. Әу баста бұл өзі қол астында істеген аға суретші ше? Ой мен қыл қалам мұныкі, атақ оныкі. Осы ретте бір қызық оқиға есіне түсті. Бірер кісімен бірге қала ортасындағы жаңа ғана жөндеуден шыққан бір ресторанға барған. Жасыратыны жоқ, қабырғаларындағы бұрынғы бұл салған өрнектер тамаша еді. Ал мына өрнектерде жан жоқ, сәби баланың қолынан шыққан суреттер секілді. Мұның осы ойын растағандай жаңағы өзімен бірге еріп келген үлкен кісі мұрнын тыржитты:

– Ана пәленшекең салған бұрынғы өрнектер жақсы еді ғой. Мынасы немене?...

– Ол өрнектер пәленшекеңдікі емес, мына менікі болатын. Мен салғанмын, – деп анықтады Бағдан. Сонда ана кісі:

– Әй, шырағым, не былжырап тұрсың? Мені білмейді деймісің!

Бұл ертегіңді басқа жерде айт! – деп кесіп тастаған.

Әне бедел. Жә, болмаса, жасы да, таланты да сенен әлдеқайда төмен бір пысықтарды ал. Бағдан ойлап отырып сондайлардың он шақтысын санады. Бедел алудың әдісін тапқандар. Жазғандары орта қолды жай плакаттан аспаса да, көбіне солар бұрын аталып жүреді.

Бағдан ашуы тағы тарқап кетті. Соны байқаған Әспет те жымиып күлді. Даусында мұңды еркелік бар.

– Бағдан аға, сіз маған ұрыспасаңызшы. Келіспесеңіз, пікір таластырыңыз. Әйтпесе маған ұрсатын адамдар сізсіз де табылады.

Соңғы сөзді Әспет неге екені белгісіз күрсініп айтты. Содан ба, Бағдан жүрегінде оған деген әлдебір аяушылық пайда болды. «Осыным не, жұдырықтай балаға реніш білдіріп... Қайта айта берсін. Бірі болмаса бірі сабақ болар. Мүмкін, мұның айтып отырғандарында жұрттан естігені де бар шығар». Өз ойын осылай түйген Бағдан қызға тағы да шампан ұсынды.

– Алыңыз. Бас-аяғы бір-ақ бокал. Әлі орталаған да жоқсыз.

– Соның өзін де сізбен бірге отырған соң ғана іштім, – деді Әспет. Суретшіні ренжітіп алдым ба деген қулығы, әлде шыны сол ма, әйтеуір қайта иілгені хақ.

Бағдан оқыс бір шындықты ашты. Байқап қараса кездескеннен бері үш-төрт сағат уақыт өтіпті. Содан бері сөйлеп жатқан мына қаршадай қыз. Ал Бағдан болса, анда-санда ашу білдіргені болмаса, аузын да апшаған. Жасының үлкендігі қайда? Көп көргені, көп білетіні қайда? Бағданның ойына өзінің Югославия сапарындағы бір оқиға түсті: соны айтқысы келді. Ішкі есебі – көп жерлерді аралағанын танытып, үстемдік алмақ. Әрі жол-жөнекей Әспет пікіріне дау айтып мін де тақпақшы. Бағдан еңкейе отырды.

– Білесіз бе, Белград қаласында қазіргі заманғы өнер музейі бар екен...

Қыз елең ете қалды.

– Қазіргі заманғы өнер музейі дейсіз бе? Ал, иә?

– Ең алдымен, музей үйінің өзі қызық. Қабырға, төбелердің бәрі кілең шаршыдан тұрады.

– Ә, Кубизм деңіз... Пикассо ғой.

Бағдан: «Мына пәле қайда салсаң да алдыңды орайды ғой», – деп ойлады.

– Иә... сол Кубизм... Пикассо. Музей – ұзақты күн айтсаң да таусылмайтын хикая. Әңгіме – баққа айналып кеткен музей территориясындағы екі-ақ туынды туралы. Бірі – «Хаос», екіншісі – «Гармония». Кісі бойындай гранит тұғырда тұрған не дейсіз ғой? Бір ретпен бір-біріне пісіріп қосқан никель шеңберлер...

– Шеңберлер?.. – деп таңданды Әспет.

– Иә, шеңберлер. Никельді пісіру тым қиын ғой. Қосқан жерлері бадырайып тұр. Бұл «шедеврдың» аты «Гармония». Ал музейдің екінші бетінде дәл сондай тұғыр. Дәл сондай шеңберлер. Жалғыз-ақ айырмасы қалай болса, солай пісіріліп қосылған. Оның аты «Хаос». Басқаны былай қойғанда, өнер қасиетін тани білетін менің өзім күлдім де өте бердім. Кенет дауыс шықты.

– Біраз аялдап қарамадыңыз ба?

Жалт бұрылсам көк шөпте жамбастап сақалды біреу жатыр.

– Қарайтындай не бар мұнда?

– Ой салады. Мен ертемен тұрып осы жерге келгенімде басымда түк ой жоқ еді. Miнe, қарап жатырмын. Қилы-қилы ойлар шырмауда.

Мен сәл бас изеп әрі өтіп кеттім. Бірақ жаңағы сөз есімнен кетер емес. Бір айналып қайта келіп ұзағырақ үңіліп едім, өмірдің ащы-тұщысы жайлы ойлар мазалай бастады. Осы күні сол сапарды еске алсам, көңіліме бұрын оралатыны – өнерге түк қатысы жоқ жаңағы қоспа шеңберлер...

– Ал сосын?..

– Не, сосыны бар?! Кейде біз өнер туындыларын көзбен оқысақ та, көңілмен оқи алмаймыз...

Бар болмысымен ұйып тыңдаған Әспет оянып кеткендей болды.

– Сіздер ойлауға мүмкіндік қалдырмайсыздар ғой.

– Неге қалдырмаймыз? Тек оқи біліңіздер.

– Сіз егер Айша Бибінің құламай қалған қабырғасын салсаңыз, мен «Қалған қабырғалары мен төбесі қандай болды екен?» – деп ойланар едім. Ал сіз ғасырлар бойы шешілмей келе жатқан жұмбақтың бәрін шешіп, сырдың бәрін ақтарып қойып тұрсыз ғой... Нені оқимын? Не жайында ойланам?

Бағдан жауап таба алмай қалды. Әспет өз ойын жалғай берді.

– Шишкиннің кәдуілгі «Қара бидайын» алыңызшы. Осы картинаның құдіреттілігі ана теңселе төгіліп, пісіп тұрған қара бидайда ғана деп ойлайсыз ба? Тіпті олай емес. Ондай картинаны сіздер де жаза аласыздар. Оның тағы бір сиқыры арғы фонында.

Бола бастаған қай суреткерді алма, өз дүниесінен басқаның бәріне салғырт қарайтындығынан ба, Бағдан ол фонды айқын қалпында көз алдына келтіре алмады.

– Бергі бетке қара бидайдың сыбдырын естігендей болып тамсана қарасаңыз, арғы фонға қолыңызбен көзіңізді қалқалап, өкшеңізді көтеріп, мойныңызды соза қарайсыз. Неге? Себебі елеусіз бір дөң асқалы тұрсыз ғой. Сол дөң астында не бар екен деп қарай-қарай көзіңіздің талатыны содан. Бергі ернеуден тіпті айқын басталған қара жол да бара беріп бұрылып кетеді. Соған қарап: бұл жол қайда апарады екен, деп сұрау қойып білмекке құмартпаймын деңізші. Ал сіздер болсаңыздар егіні жайқалған теп-тегіс егістіктің дәл ортасына шашты, шашсыз біреулерді әкеп салып қоясыздар. Ол жөнінде не ойлау керек? Бидайыңыз да жақсы. Адамдарыңыз да тамаша. Кілең қайраткерлер. Шабуға жарай ма? Қанша центнерден аламыз? Әңгіме осы. Бас қатырар не бар онда?

Бағдан қабағын түйді.

– Не қыл дейсіз сонда. Ашылар Америка баяғыда ашылған.

– Шын ізденгенге ашылмаған Америкалар әлі де бар.

– Қалай де, бұл пікірге қосыла алмаймын, – деп Бағдан дауласа кетті.

Әспет мүдірмеді.

Бүкіл жазушы қауымы болып көркем әдебиеттегі Америка баяғыда ашылып болған деп шулап жүр еді. Маркес келді де роман жазудың жаңа жолын тапты ғой.

Бағдан нығарлаңқырап айтты:

– Оныңызды қойыңыз, Маркс еш уақытта да роман жазып көрген емес.

Әспет ішегі қатқанша күлді.

– Маркс емес, Маркес. Габриэль Гарсия Маркес. Колумбия жазушысы. «Сто лет одиночества». Оқыған жоқсыз ба?

Бағдан ақымақ болып қалғанын сезінді: оның бір кемшілігі – қолына түскен шығармалар болмаса, іздеп, індетіп жүріп ештеңені оқымайтын еді. Соған қыз алдында ұялды да:

– А, Мар...кес?! – деп білетін адамша мән бере айтты.

– Байқап отырмын, Бағдан аға, бәрібір, Маркесті оқыған жоқсыз, білмейсіз.

Бағдан тағы да қабағын түйді:

– Сіз өзі кімсіз?

– Өзіңіз айттыңыз ғой, Әспетпін, – деп қыз сылқылдай күлді.

Байқаса, Әспет кейпінде сенгіштік пен жылылықтан басқа, жаңа ғана қатты сөз айтып, жасы, жолы үлкен ағаны ренжітіп алдым-ау, деген күдіктен нышан да жоқ екен. Соған орай:

– Бағдан аға, тамақ алсаңызшы, – деп қыз қолын ілгерірек ұсыныңқырап столға салды. Саусақтары түп-түзу, тым салалы екен... Көңілдің тереңінде жатқан әлдебір түсініксіз, әзәзіл сезім жігіт қолын көтере берді. Ырық берсе, қыз қолының үстіне салмақ. Алда-жалда Әспетті ренжітіп алса, жұбату да оңай: суретшіге адамның қай мүшесін болса да зерттеуге ерік берілген ғой. Оны мынадай білімді қыз сөкпеуге тиісті. Бірақ табиғатында сыпайы Бағдан әрі асқан жоқ,

– Қолыңыз неткен нәзік, саусақтарыңыз қандай салалы еді! Пианистка емессіз бе?

Әспет жымиып күлді де, қолын тартып алды.

– Жоқ. Пианистка болу бізге қайдан келсін. Бірақ өнерді жақсы көрем. Актриса болғым келеді.

Қыздың бұл өзі жөніндегі бірінші сөзі.

– Ал, иә?

– Консерваторияның актерлік факультетіне бара жатырмын...

– Ә, онда сәтті сапар болсын.

– Рақмет.

Кездескеннен бергі екі көңілдің үндестік тапқан бір сәті осы ма, екеуі де кідіріп қалды. Сол үнсіздікті әуелі Әспет бұзды.

– Бір машығым да бар еді...

– Қандай машық?

– Жақсы картиналардың репродукцияларын жинайтынмын, – деп Әспет ашыла сөйледі.

«Е, жақсы картиналарды жинаса «Айша Бибі» де жаман болмағаны ғой, – деп, далбасалады қыз сөзі шымбайына батқан суретші.

– Бірақ ілулі тұрған жерінен неге алып тастады екен?».

– Е, содан екен ғой, өнердің бұл саласында ешкімге дес бермейтініңіз...

Әспет рақаттанып, балаша мәз бола күлді. Пілдей суретшінің апшысын қуырып тастағанына дән риза.

– Бірақ бұл машығыңызды өткен шақта айтып отырсыз. Қазір не, жинамайсыз ба?

Қыз кейпіне кірбің ілінді.

– Жинамақ түгіл, жинағандарымның қайда қалғанын да білмеймін...

– Неге? Әспет күрсінді.

– Бағдан аға, оны сұрап қайтесіз. Есіме алсам құр жанымды жегеннен басқа пайда жоқ. Әрі мына жақсы сапардан келе жатқан сізге де көңілсіз әңгіме айтып мазаңызды алу лайық емес.

«Қара, мазаны алмайтын адамның түрін!» – деп ойлады Бағдан.

– Тамағыңызды алыңыз. Кетейік. Менің түсетін уақытым болды.

– Қалайша? Алматыға бармайтын ба едіңіз? – деп сұрады қызды Алматыға бара жатыр деп түсінген Бағдан.

– Мына Шуда бір шаруам бар. Алматыға кейін барамын.

Көп кешікпей поезд Шу станциясына келіп тоқтады. Өз творчествосы туралы қаншама артық-кемді сөз айтылғанымен бұл жігіт «ал кеттімі» жоқ, қай құбылысқа болса да әріректен тереңірек үңіліп қарауға кабілет-парасаты жете бастаған, соның жақсы-жаманын айырып ала алатын халдегі суретші еді. Сол себепті суретші Бағданның ат өтті ренішін азамат Бағдан соншалықты білімдар, ойға жүйрік, пікірге мығым өжет қыз алдында жығып берді де, Әспетті шығарып салды. Қоштасарда тұңғыш рет қолын ұстады. Жып-жылы, жұп-жұмсақ. Қанша салалы десең де жігіт алақанына сүңгіп кеткен кішкене қол дүрс-дүрс соққан жүректің өзіндей, тамырлары лүп-лүп етіп біршама тұрып қалды. Босанбақ болып болмашы қарсылық жасап еді, оған жігіт алақаны көнген жоқ.

– Ең болмаса, мені осы қызықтан айырмаңыз.

– Поезыңыз жүріп кетеді ғой, – Әспет мұны сыбырлап нәзік леппен айтты.

– Алматыда қайда тоқтайсыз? Іздеп барайын... Қыз қолын босатып алды да, басын шайқады.

– Керегі қанша?

– Өзім де білмеймін. Әйтеуір кездескім келеді.

– Жоқ, Бағдан аға, қажеті жоқ. Мені сіз іздеуден гөрі, сізді мен іздеп табу оңай ғой. Реті келсе өзім хабарласармын...

Поезд қозғала бастады. Жұмбақ қыз қол бұлғап қала берді.

 3

Ғаламат! Кездесу деген әр қилы екен ғой. Бір кездесу бар: сондай сыпайы. Сондай сұлу. Әңгімелестің, әзілдестің де. Қабақ шытқан бірің жоқ. Қоштасуың да сондай әдемі. Тіпті аты-жөндеріңді айтыстыңдар. Адрес, телефондарыңды берістіңдер. Поезд жүре берді. Купеге кірдің. Кіре салысымен газетке немесе кітапқа үңілдің, не далаға қарадың. Жаңағы адамыңның тіпті көлеңкесі де жоқ көңіліңде. Көзден таса – көңілден ғайып. Бейне бір кездеспеген, сөйлеспеген, бірге отырып дәм де татыспаған секілдісің. Зым-зия. Ал мына кездесу мүлде бөлек: таласа келді де, кетерінде жөнін де айтпады. Кереметі – сабырлы деген Бағданның өзі қол жұмсап та қала жаздады. Сөйткен жігітің енді қоңылтақсып, жүдеңкіреп қалды. Әлгінде ғана қарсы отырған, қарсы отырып алып, мұның бар болмыс-қасиетінің борша-боршасын шығарған сұңғақ бойлы талдырмаш қыз көңілдің ойранын шығарып кеткендей. Даусын сағынды. Тостағандай қара көзіне, аппақ мінсіз келбетіне қарағысы келді. Бірдемені ести алмай, бірдеңені көре алмай қалған секілді. Естігісі, көргісі келеді. Бауырын әлі жаза алмай келе жатқан поездан қарғып түсіп, қуып жетсе... Сөйтіп ертең-бүрсігүні Алматыға бірге келсе...

Бағдан терезеге қарады. Поезд әлі қаладан шығып болмаған екен. Кілең бір жалаң қабат аласа үйлер айналып артта қалып жатыр. Әне, ана бір ақ үйдің қалтарысынан сұңғақ бойлы бір қыз шықты. Қолында қол чемодан. Ақ өңін ашатын ақшыл көк көйлегін қуалап жел соғады. Қыздың құлын мүшесі ап-айқын. Кетіп барады. Қайда бара жатыр? Жігіт оған жауап таба алмады.

Осы бір алабұртқан көңілмен Бағдан Алматыға келді.

Сәлима мен кішкентай Алданы қуана қарсы алды. Алдан «папалап» мойнынан қысып алса, жиырма шақты күн көріспеген Сәлима ол жер, бұл жерімен сүйкеніп, сағынғандығын айқын танытады. Үйге келді. Тап-таза. Жып-жылы. Өз үйі, өз ошағы. Егер осы үй болмаса, мына Сәлимасы, Алданы болмаса, Бағданның күні нешік? Жауап орнына Бағданның арқасы мұздады. Қарсы алған қошеметті достармен тамақ ішілді. Бір қуаныш – «Огонек» журналының соңғы санында Бағданның «Есіл бойында» деген картинасының репродукциясы жарияланған екен. Жұрт қолдан-қолға жүгіртіп соны тамашалады. Тағы бір картинасы бір жиналыста бір үлкен басшының аузына ілігіпті. Ол да үлкен қуаныш, дәреже. Өйткені ондай адамдардың аузына екінің бірі іліге бермейді. Шіркін, осы бір жақсы лепес, қошемет сөздерді Әспет естісе... Мынадай керемет достары, Алдан секілді нәсілі бар екенін өз көзімен көрсе... Сәлима секілді жары бар екенін... – Бағдан мүдіріп қалды. Кенет көз алдына үйіріліп қалып бара жатқан жалаң қабат үйлер, сол үйлердің арасында кетіп бара жатқан сұңғақ бойлы бір қыз елестеді. Қолында кішкене чемодан. Кетіп барады. Қайда бара жатыр? Соған жауап іздегендей бұрыла қарап еді, мойнынан қысып құшақтап алған Алданының қолы жазылып, ұйқыға кетіп бара жатыр екен. Енді түсінді, оң жағында осы бір сәтті тамыршыдай аңдып жатқан Сәлима жаңа толысып пісіп, бар ләззаттың құдіретін түгел игеріп құныққан жастық қызуымен бері аунап түсті. Тұла бойы дертіп тұрғандай.

– Самолетпен келмей... Сағындырдың ғой, жігітім...

Көңілінде бір көлеңкесі болғанымен ары таза келген жігіт жар алдында ұялған жоқ. Аз уақыт па, көп уақыт па, сағыныш құмарлар тарқаған кезде әрі, өз төсегіне қарай жайыла түскен Сәлиманың даусы шықты:

– Самолетпен неге келмедің деймін?

Не сұмдық? Бағданның көз алдында: Жалаң қабат үйлер. Ақшыл көк көйлегін жел қуалап кетіп бара жатқан қыз...

– Қайда бара жатыр?..

– Кім қайда бара жатыр? – деп сұрады Сәлима. Бағдан үндемеді.

Бүгінгі күніне, Бағданға, Алдан секілді баласы барлығына дән риза, осыдан артық пәлендей ештеңені тілей бермейтін Сәлима байғұс түсінген жоқ... «Жолдан шаршап келді ғой, дем алсын», – деп көрпесін бүркенді. Ал өз әйелінің қасында жатқан Бағданға әлдене жетпейді. Не жетпейді? Кімді іздейді ол? Өз әйелі, Сәлиманың қасында жатқан Бағданға неге екені белгісіз Әспет жетпейді. Алабұртқан көңілі Әспетті іздейтін секілді.

Баурап алған осы ойды арқалап ол ертеңіне машинасын тұтатып, гаражынан шығарды да шеберханасына барды. Жиырма шақты күн көрмей сағынып келген өз шеберханасы. Таныс иіс. Әр қилы бояулар иісі. Бағданның өз иісі. Кеше әлдебір қиялдың шалығына бой алдырып жолдан келгенде қожасын сағынып күтінген жып-жылы, тап-таза үйін көріп: «Бұл үй болмаса күнім не болар еді?» – дегенде, Бағданның арқасы мұздап еді. Бүгін мына шеберханасында сол сезім қайта баурады Кім білсін, ол үйі болмаса, өлмейтін де шығар. Қиындық көрер. Азап шегер, жүдер де. Бірақ өлмес. Ал мына шеберханасы болмаса, өліп қалатыны айдан анық. Бұл қасиетті мекен. Бұл оның бар болық, мазмұны. Бұл – оның нақ өзі.

Бағдан кірген бетте ең алдымен қыл қаламды ұстады. Неге екені белгісіз, мұрнына апарып иіскеп қойды. Кебіңкіреп, бояу иісі кетіңкіреп қалған екен. Бір-екі тюбиктен бояуды сығып шығарды да, араластырыңқырап жіберіп, мольбертте тұрған полотноның жабуын көтерді. Ар жағында әлдебір сызықтар, адам кейіптерінің нобайы. Солардың әр жерінен қыл қалам ұстаған қолы жорғалап кетті. Енді бір сәтте тоқтап қалды. Сап еткен ой: Бұл суретке Әспет қалай қарар еді? Бағдан ойланып қалды. Әспет?! Бұл кім өзі? Жын ба? Пері ме әлде? Ойланбастан жаңағы нобайды мольберттен ағытып алып еді, астында мұның ертерек кезде жазған «Егін даласы» деген картинасы шыға келді. Бағдан әуелі шошып қалды: Жаңағы жайқалған егін ішінде жалтыр бас бірey тұр. Енді есіне түсті: салуын салса да картинаның бірдемелері ұнамайтын өзіне. Соны жөндесем бе деп, қайта жазсам ба деп іліп кеткен. Кенет Әспеттің «Қара бидай» туралы айтқаны есіне түсті де күлді. Рас екен-ау. Ойлауға пұрсат бермейді екенбіз. Бағдан съезге кетер алдындағы ойынан тез айықты да, картинаны мольберттен жұлып алып есікке қарай лақтырды. Әспетті неге іздейтінін енді тапқандай: Сәлима өмір серік болса, Әспет ой серік. Өмір серікке Бағдан зәру екен. Содан болса керек, Сәлиманы шеберханаға бұл шақырмайтын. Сәлима да келем дей қоймайтын.

«Ананы жазып жатырмын», «Мынаны жазып жатырмын» десе, «е, жақсы» дейтін де қоятын. Нені жазып жатыр, қалай жазып жатыр? Сәлиманың онда шаруасы жоқ. Әйтеуір жазса жақсы. Әйтеуір жазғаны өтсе жақсы.

Осындай бір сырды ашқан Бағдан үйге келсе де, шеберханасына барса да, телефон шылдырласа, жүгіріп барып, трубканы өзі алатын болды. Хабарласамын деп еді. Телефон соғып қалар деп күтеді. Апта өтті. Ай өтті. Келер жылдың көктемі келді. Алабұртқан көңілі басылып, көңілдегі Әспет суреті көмескілене берген... Сол көктемнің бір әдемі күні түс әлетінде тағы бір телефон шылдыры шықты. Дағдылы шылдырлардың бірі шығар деп ойлаған Бағдан:

– Әй, Сәлима, трубканы көтерсейші, – деп дауыстады.

Трубка көтерген Сәлима әуелі: «Бұл кім?» – деп тіксініп сұрады да: «Білмеймін, бір әйел, сені сұрайды», – деп телефон трубкасын Бағданға ұстатты.

– Бағдан аға, бұл менмін ғой, – деген дауыс шықты. Сондай жылы, сондай таныс, бірақ сондай алыс дауыс. Қапелімде «бұл кім еді» дегендей Бағдан тоқтап қалды.

– Мен Әспетпін ғой...

Күте-күте сарғайғаны ма, әлде ойламаған жерден қуанғандығы ма, Бағдан даусы ерсі:

– Ойбай-ау, қайда жүрсің, шырағым-ау?

– Бағдан аға, кездесе аласыз ба менімен?

– Неге кездеспейін. Кездесе алам.

– Ендеше далаға шығыңызшы, – деп Әспет кездесер көшелердің түйілісін айтты. – Күтем.

Бағдан тез киінді. Мойнына асылған Алданға да қараған жоқ.

«Қайда барасың?» – деген Сәлимаға, «Радиодан даусыңды жазам деп еді, көп күттірді ғой», – деп қосыңқырап жіберді де далаға жүгірді.

Былтырғы Әспеттің өзі. Түк өзгермеген. Көйлегі де баяғы ақшыл көк. Чемоданы да сол. Бағданның сағынғандығы сондай, жақындап құшақтағысы келіп еді. Әспет салқын кейіппен қолын алға тосты.

– Бағдан аға, мені Жамбыл қаласына алып бара аласыз ба? Сұрақтың оқыстығы сондай, Бағдан алды-артын бағдарлай алмай қалды.

– Апара алмасаңыз қиналмаңыз. Бірақ турасын айтыңыз.

– Неге апара алмаймын. Апара алам...

– Менің бүгін кешке сол қалада болуым керек еді... Ертеңгі күні кеш болады.

Бағдан басқа сөз қатпады. Гаражға келіп машинасын тұтатты. Үйге келсе, Сәлима жұмысына кетіп қалған екен. «Айтпай кеткенім жөн болмас», – деп телефон соқты. «Мен тығыз бір шаруамен Жамбыл қаласына кетіп барамын. Екі-үш күнде оралам. Алаң болма».

Сәлима байғұс: «Онда не бар еді? Неге бара жатырсың?» – деп жатпады. Жалғыз-ақ айтқаны: «Жолға сақ бол. Байқап жүргейсің». Бары сол. Сәлиманың бір кереметтігі ұсақ емес. Күйеуінің ізін бағып, жолын аңдыған күні жоқ. Ерте кел, кеш кел, аман келсең болды. Кейде түннің бір уағына дейін жұмыс істеген Бағдан: «Шаршап отырмын, шеберханада қона салайын», – деп телефон соқса:

«Шәйнегің бар еді ғой, болмаса шай қайнатып ішсейші», – деп қамын ойлап, қамқорлық жасағаннан басқа түк айтпайтын. Кей жолдастарының әйеліне ұқсап, қайта тексеріп, немесе кезекшімен хабарласып, шеберханасында ма, қасында кім бар – деп қазбалап жатпайды. Осы кеңдіктің арқасында олар тату, ұрыс-қағыссыз тірлік етіп келе жатқан жандар еді. Бағдан әйелінің осы кеңдігін тұңғыш рет пайдаланды да, суыт жүріп отырып түннің бір уағында Жамбыл қаласына кірді. Неге келе жатқанын әлдебір ойға батыңқырап, көңілсіз отырған Әспет айтқан жоқ. Өзі айтпаған соң Бағдан сұрамады: әйтеуір қыз өтінішін орындаған соң, неге келе жатқанын білуден келер-кетер не бар.

Әспеттің айтуымен кішкене «Жигули» машинасы қаланың шет жағындағы жұпынылау бір там үйдің алдына тоқтады.

– Бағдан аға, мен бір нәрседен қысылып келе жатырмын, – деді Әспет машинаның есігін аша беріп.

– Қысылма. Айт, – деп Бағдан енді «сенге» көшті.

– Бұл қалада машина қоя алатын, түнеп шыға алатын мүмкіндігіңіз бар ма?

Бұл мәселені Бағдан әлдеқашан шешіп қойған еді, осында өзімен бірге оқыған Маусымбек деген досы болатын. – Театр суретшісі. Алматыдан соған телефон соққан-ды, күтіп отыр.

– Бар болғанда қандай! Әспет қуанып кетті.

– Ертең онда сізді мен осы арада күтем... Сағат екілер шамасы... – деп қалып қойды.

– Жақсы, Әспет. – Кішкене машина зымырай жөнелді.

Маусымбек расында да үй іші болып күтіп отыр екен. Бірге оқығанымен мәдениет пен өнер орталығынан алыстау облыстық қалада тұрып жатқан Маусымбек бұл күнде аты шығып, өзінен көш ілгері озып кеткен досын тамақ үстінде әңгімеге тартып, ананы-мынаны сұраған еді, жолдан шаршаңқырап келгендіктен бе, әлде жұмбақ Әспеттің мына жұмбақ жайын ойлап мазаланды ма, әйтеуір Бағдан шешіле қойған жоқ. «Не шаруамен келдің?» – деген сұраққа да: «Творчестволық жолымның бір ұшы мына, Айша Бибіге байланысты ғой. Соның бір детальдарын көріп қайтсам ба деп едім», – дей салды. Әңгіме осымен бітті.

4

Ертеңіне басқа ешкіммен кездесуді қалай қоймаған, бөтен ермегі жоқ Бағдан уәделі жерге айтылған уақыттан ертерек жеткен еді. Машинадан шыға беріп, арғы беттен үйіне қарай келе жатқан Әспетті көрді. Үстінде жөнсу киім, қолында күрек. Бағдан қарсы жүрді. Бір қадам калғанда Әспет айнала берді де, басын төмен салып тұрып қалды. Күрегі қолынан түсіп кетті.

– Не болды, жаным? – деді шошып қалған Бағдан. Әспет тіл қатпады. Көз жасына булығып тұрғаны дірілдеген тұла бойынан анық сезіледі. Тебіреніп кеткен Бағдан тағы тіл қатты:

– Айтсаңшы, Әспетжан, не болды? Кім жәбірледі? – Осы сәттегі риясыз жігіт сезімі: жәбірлеген біреу болса, қолында өлу.

Әспет тез түзелді.

– Бағдан аға, ғафу етіңіз, мен қазір... – деп күрегін алды да, үйге қарай жүгіре жөнелді.

Біршама уақыт өтті. Машина төңірегінде әрлі-берлі жүрген Бағдан Әспет жайын ойлады: күрегі несі? Киген киімі неге жөнсу? Бақша салмайтын шығар? Жер қазбайтын шығар? Ойлап-ойлап таба алмады. Айдан-анығы қайтсе де жанын жегідей жеген бір қайғысы бар. Әйтпесе өр мінез әлі танысып болмаған, жақындаспаған адамының алдында әлсіздік көрсетпесе керек еді ғой.

Жігіт көзі мына бір жөнсу үйде. Шырпымен қоршалған аула. Сол ауланың көне дарбазасы қисайып, кішкене қақпасының шабақтары түсіп қалғанына қарағанда күтімі жоқ үй. Жалғыз-ақ көңілге тоғы – аула ішінде көктемнің мына дер шағында гүлдеп жапырақ жайған алма ағаштары. Әріректе қою көлеңкелі бір бәйтерек. Түбінен сылдырлап арық ағып жатыр. «Әспетпен бірге демалып отырар ма еді?!» – деп армандады Бағдан. Сол кезде Әспет үйден шықты. Әлсіздік көрсетіп алған әлгі бір сәттің әсерін басқысы келді ме, күліп келді.

«Күлгеніңмен қайғыңның барын көріп тұрмын ғой, жасырмай айтсаңшы одан да», – дегендей Бағдан қыз көзіне тура қарады. Қыз да қаймыққан жоқ:

– Бағдан аға, Айша Бибіге барып қайтсақ қайтеді?! – деп өтінді жымия күліп.

Айша Бибі! Бұл күмбез әу баста Тараз, жүре келе Әулиеата кейін Жамбыл аталған осы бір ежелгі қазақ қаласының іргесінде көне заманның бізге, бізден кейінгі ұрпақтарына сыйлап кеткен гүл шоғы секілді-ау, шіркін! Бағдан бұл жерге қанша рет келмеді! Қанша рет сынып түсіп қираған кірпіш-өрнектерге үңілмеді. Соның бәрінде де керемет бір сезім билейді оны. Атақты Самарқанд өрнектерінен үш жүз жыл бұрын, жер дүниеге даңқы кеткен Тадж-Мақалдан бес жүз жыл бұрын тұрғызылған. Селжук жұртының аузымен құс тістеген сұлтаны – Санжар батыр күмбезімен тұрғылас, бұл күмбез сақталып қалған бір қабырғасының өзімен-ақ құрылыс пен сәулет өнерінің небір кереметтерін көзімен көріп, қолымен жасап, таң қалудан қалып бара жаткан бүгінгілердің өзін де табындырып, бас игізбей қоймайды ғой. Көнелік жағынан бері, көлем жағынан кіші болғанымен сәулет өнеріндегі сұлулықтың бұл үлгісін Периклдің көрегендігі, Фидийдің даналығымен тұрғызылған Парфенон мен Эрехтейоннан әсте кем дей алмайсың. Жалғыз-ақ өкініші – «қолда барда алтынның қадірі жоқ» – алтынды алтын дейік, жақсыны жақсы деп бағалай білейік, – деп біліп айтқан тілі жүйрік, қолы шабан халықтың кеш қимылы өте қымбатқа – үш қабырғаға түсті. Киелі күмбездің қираған кірпіштері табынып, тәуап етуге келгендердің, әуесқойлықпен жай тамашалауға келгендердің қолдарында ғана кеткен жоқ, іздейтін көз болса, ол кірпіштер күмбез төңірегіндегі бүгін оты маздап жанған, бірақ ертеңгі оты қалай жанары белгісіз тоғышарлар үйлерінің пеш қабырғаларынан да табылып қалар еді-ау. Әттең не керек!.. Амал бар ма, қайтсе де қалған кірпіші жиналып, құламай тұрған қабырғаның шыны қалпақпен жабылғанына да шүкіршілік жасап, дәтке қуат санайсың ғой.

Әспет те, Бағдан да тіл қатқан жоқ. Күмбезді үнсіз жүріп үш айналып шықты да, машинаға отырды. Мүмкін осындайда үндеудің керегі де жоқ шығар. Үн қатып, сөйлеп тұр ғой Айша Бибі. Сегіз жүз жыл бойына сөйлеп тұр. Адам баласын сұлулыққа мегзеп, татулыққа, достыққа шақырып тұр. Қасиетті осы жерге келген көңілі ояу адамдардың үндемей қалатын себебі де сол Айша Бибі үнін тыңдағандықтан болса керек. Ол үнді әркім өзінше естиді. Өзінше ұғып, өзінше көкірегіне ұялатады. Соған уақыт керек болса керек-ті. Кішкене машина бұрылып асфальт жолға түсті. Алда: «Міне, мен қандаймын!» – деп, Айша Бибіге қыр көрсеткендей көк түтінін будақтатып Жамбыл қаласы көрінеді. Одан әрі ел аузында аңызға айналып кеткен Тектұрмас тауы. Жолда суы тобықтан келмесе де дүрліге ағатын Аса өзені. Сол өзенге дейін үнсіз келген Бағдан машинаны ірке жүрді де көпірге жете бере кілт бұрылып жоғары салды.

«Қайда барасыз?» – деп Әспет сұрамаса да Бағдан өзенге жақындап келіп, шөптесін көгалды бір жерге тоқтады да:

– Аздап тынығып, демалайық. Тамақ ішейік, – деп машинадан шықты.

Әлгіндей болмай брезент жайылды. Машина артындағы тағамдар, ішімдіктер алынды. Аздап шампан ішкендіктен бе, Әспет көңілденейін деді. Бал-бұл жанған екі беті сондай нұрлы. Екеуі суға түсті. Асты құмды, тасты келген өзен ағынына бой бере алмай жығыла жаздаған бір сәттерде Әспеттің Бағданға сүйеніп қалған да, Бағданды құшақтай алған да кезі болды. Соның бәрінде де жігіт сабырлылық танытып, қызды сүйеп қалды, демеп жіберді. Бас жоқ, көз жоқ жармаса кеткен жоқ. Соған разы болды ма, кім білсін Әспет бір сәтте судан шығып күнге қыздырынып жатқан Бағданның қасына келді де:

– Бағдан аға, жылан жегім келіп кетті, – деді.

Бағдан жаңсақ естідім бе деген болса керек, қадағалап қайта сұрады.

– He жегім келді дейсің?

– Жылан... жылан тауып беріңізші.

– Қайтіп жейсің?

– Шикідей де, пісілей де...

Жоқ, Әспет ойнап тұрмаған секілді.

– Табылса іздейік, – деп Бағдан орнынан тұрды.

Екеуі енді судан өтіп арғы жағаға шықты да қатарласа отырып өзенді өрлей салды. Бет алды тау. Соған дейін бұрқырай көктеген кең жазық қайқаң көкпеңбек. Біреуі екеу, екеуі төртеу болып өніп, өрбіп көбейіп жатқан тірлік. Көктемнің жылы лебімен жеткен әр қилы шөп иісі мұрынды қытықтайды. Олар құм аралас тасты жағамен едәуір жүрді. Алда аласа қабақта жалғыз тал тұр. Қаралы әйелдің жаюлы шашы бейнелес шашақты майысқақ бұтақтарын иіп төмен салып жіберген...

– Мына талдың атын білесіз бе? – деп сұрады Әспет жақындап келгенде.

– Білем. Плакучая ива... Әспет күлді.

– Жоқ, қазақша не дейді?

– Естіген емеспін. Жылауық тал дейтін шығар? – деп Бағдан ағынан жарылды.

– Білмесеңіз, біліп қойыңыз. Мұны қазақтар Мәжнүн тал дейді.

– Мәжнүн тал?.. Ғажап!..

– Табылған ат емес пе?

– Табылған ат болғанда қандай! – Бағдан енді байқады, Мәжнүн тал түбі қою көлеңке, әрі көктемнің ерте шағында су жүретін өзекше, жұп-жұмсақ таза құм. Біршама жер жүріп, үсті-басы құрғап, енді қызына бастаған екеудің демалуына сондай жайлы орын. Манағы жұпыны үй алдындағы түбінен арық ағып жатқан бәйтерек көлеңкесінде Әспетпен отырып демалар ма еді, деген арманды сезім дүр етіп қайта оянды.

– Әспетжан, көлеңкеде отырып демалсақ қайтеді? – деп Бағдан қыздың қолынан ұстады.

– Шаршап қалдыңыз ба? – деді Әспет жымиып.

Бағданның өз байлауы бойынша Әспеттің мұның алдында назданып әйелше сөйлегені осы.

– Шаршамасақ та... Ең болмаса, кейін айта жүру үшін...

– Мейлі... ырқыңыз білсін...

Екеуі тал түбіне келіп отырды. Бағдан айналаға көз салды. Қол созым жерде дүрліге ағып жатқан өзен. Машина біршама алыста қалған. Төңіректе қыбырлаған пенде жоқ. Сөйтсе де секемшіл жігіт көңілі дәл басты. Тал түбі жат көзден таса, ойда екен. Осы бір жағдай әл берді ме, қасында тым жақын, алған деміне дейін сезіліп, кеудесі мен бөксесінен басқа жерінің бәрі жалаңаш отырған Әспеттің арқасына Бағдан қолын салды да, өзіне қарай тартты. Қыз бейғам отырса керек, әуелі түк қарсылықсыз қисая кетті де, келер сәтте барып түзелді.

– Бағдан аға, керегі қанша?

– Керегі қаншасы несі? Мен сені жақсы көріп қалдым ғой, Әспет. Әспет құмды шұқылады.

– Мен сізді ендеше бұрыннан жақсы көретінмін...

– Олай болса, бөгет болып тұрған не?! – деп жігіт еркінірек қимылдап қыздың аш белінен алды. Жүрегі дүрсілдеп, аяқ-қолы дірілдеп кетті. Әспет бірақ көнген жоқ.. Қаттырақ күш салып, жігіт құшағынан босап шықты да, жылжып әрірек барып отырды.

– Бір сәттің әлсіздігіне бой алдырып, арзанға бармаңыз, Бағдан аға. Биік болыңыз.

Қызық. Қазіргі заманғы машиналардың алдыңғы әйнегін тазалайтын щеткалар керемет жұмыс істеп тұрып, машинаң сазға батып қалғанкезде, мотордыңбарқуат-күшідоңғалаққажұмсалатындықтан тоқтап қалатыны болады. Мына жерде Бағданның да жаңағы щетка секілді бір нүктелері істемей қалды.

– Олай болса неге алып келдің бұл қалаға? – деп төзімі таусылған жігіт бұрқ етті.

Өз ойының тым биік тұғырындағы ақылды, сыпайы, сабырлы деген Бағданның ашуға бой алдырған мына бір кейпіне Әспет таңдана қарағандай:

– Сонда не, бір сәттік нәпсі үшін ғана шақырған екен деп ойлайсыз ба?

Түзелер Бағдан жоқ.

– Енді не үшін!?

– Онда тым арзан ойлағансыз, Бағдан аға. Мені қойшы, ерік берсем, балтыры қотыр, басы таз болса да еркекпін деп кеудесін қағар надандардың кез келгені жәбірлеп кете алады. Ал сізге не болған? Мен сізді еркек емес ер деп танып едім ғой. Сіз осы арзан ойыңызбен өз бағаңызды төмендетіп алып тұрғаныңызды байқамайсыз ба?

Машина әлі саздап жатыр. Щетка жұмысқа қосылған жоқ.

Алдыңғы әйнектің кірі қалыңдай түскен. Бағдан түкті көрер емес.

– Сондағы ойың не? Мені өзіңе біржола қаратып алу ма сондағы ойың? Қатын-баламды тастауым керек пе мен сонда?

Әспет көтеріле беріп жүресінен отырды. Енді ол Бағданның үстінен қараған секілденді.

– Бағдан аға, не айтып кеттіңіз? – деп қыз таңдана сөйледі. Даусында зіл де, ашу да жоқ. Оқыстан суға батып тұншығып бара жатқан кісінің дәрменсіздігі ғана сезіледі.

– Егер менің бар есебім – сізді өзіме біржола қаратып алу ғана болса, онда менің ойым жаңағы сіздің ойдан да арзан болып шығар еді ғой.

Машина саздан шығып кеткен секілденді. Щеткалар тырс-тырс ұрып, кір басқан әйнекті тазалай бастады. Өзіне енді келген Бағдан қисая кетті: мен не істеп қойдым осы?

– Бағдан аға, сіз мені мұнда алып келгеніңізді бұлдайсыз ба?

Бойы суынып сабасына келген Бағдан енді көзін жұмып, жұмсақ құмда созыла түсіп тыныш жатқан қалпы, салмақты қызға сала сөйледі:

– Өзіңіз қалай деп ойлайсыз?

Бірақ Әспет оған тура жауап бермеді. Өз ойын әрі жалғады.

– Менде бір арман бар. Тегі, орындалмайтын арман.

– Айта беріңіз. Құлағым сізде... – деп жігіт қайта «сізге» көшті.

– Дүниедегі ең кішкентай адам мен болсам... Менен басқалардың бәрі үлкен болса... Мен кішкентай болып еркелесем... Олар менің қай еркелігімді болса да көтере білсе... Ал шындап келгенде, мен кездестіргендердің бәрі кішкентай, құмырсқа секілді табанда жатады... Үлкені де, ақылдысы мен білімдісі де өзім болып шығамын...

Көзін жұмып шалқасынан жатқан Бағдан мына сөзге қарсы дау айтпақ болып қозғала берейін деп еді, өзіне төніп, жақындап қалған Әспетті демінен сезді де қимылсыз қалды. Рас екен, қыз ерні жігіттің бетіне жабысып шөп етті де, бұл қарманғанша болмады, қайта алыстап кетті.

– Сау болыңыз, Бағдан аға...

Бағдан жауап қатпады. «Қайда барар дейсің, қайтып келеді ғой», – деген оймен біраз жатты. Айнала тып-тыныш... «Қайда екен?» – деп бір кезде басын көтеріп көзін сығырайтса Әспет ұзап барады екен.

– Әспет, жылан іздемейміз бе?

– Ойнап айтқам. Жылан жейтін жерік емеспін, Бағдан аға.

Көп болса машинаға барар. Мұны сол жерде күтер... – Бағдан шалқасынан жатқан қалпы көзін ашты: аспан көкпеңбек. Сол мөп-мөлдір көк аспанның бір қиырында бір-екі ақша бұлт қалықтап барады. Кенет Айша Бибі күмбезінде жазылған ақын сөздері жадына оралды: Аспан... бұлт... Аруана дүние... Аруана дүние! Ғажап! Ана тазалық татулыққа, достық пен ірілікке шақырып тұрған Айша Бибі күмбезінің іргесінде, мына ашық аспанның астында, мына Аруана дүниеде Бағдан оқыстан өз болымсыздығын сезінді. Бар күнәлы ойлардан күрт тазарып ұшып түрегелді.

– Әспетжан! Әу, Әспет!

Қараса машинаға барып киініп алған Әспет асфальт жолға жетіп қалған екен. Бағдан тұра жүгірді.

– Әспетжан, өтінемін, тоқтаңызшы!

Жігіт даусын естіді ме, естімеді ме, Әспет бұрылмастан үлкен жолға шыққан бетте қолын көтеріп, бір машинаны тоқтатып мінді де, көзден ғайып болып жүре берді.

Бағдан айдалада құлазып жалғыз қалды. Әлдене жүрегін тырнап өткендей, бұрап ауыртқан секілді. Қай жерден мүлт кетті? Көңіл күйінің қай пернесі қате, теріс басылды? Сырт қараса бәрі де дұрыс секілді. Келгені де, Айша Бибіге барғаны да, бұл жерге отырып демалғаны да, бәрі-бәрі дұрыс. Қателік, қызға қол салуда... Оның несі қателік? Өкпелейтіндей онда тұрған не бар? Оны өзіне бір жәбір санайтын болса, онда мұнда неге алып келді? Кенет Әспет жауабы есіне түсіп, Бағдан шошып кетті. «Мен сізді еркек емес, ер деп танып едім ғой», – Бағдан ойланып қалды: Бұл не сөз? Ері несі? Еркегі несі? – Бәрі бір емес не? «Ер», «еркек» – деп жіктеп, біріне-бірін қарама-қайшы қойып айтса, бәрібір болмағаны ғой. Көмескіленіп бара жатқан бір жай: ертеректе, бұл оқып жүргенде даңқы жер жарған бір ақынмен кездескені бар еді. Сонда сол ақын өзінен бұрын өткен бір ақын туралы тамсаныңқырап: – «Ер кетіп еркек қалған бұл заманда...» – деп қалай тауып айтқан. Осындағы «еркек» – «самец» деген мағынада. Бұл ақыннан бұрын ешкім қолданған емес», – деп еді. Бағданның есіне сол оқиға түсті. «Ер», «еркек» – деп бөліп айтса, Әспеттің де соны білгені ғой. Оқығаны ғой. Бағдан көзі бір шындыққа жеткендей: ол шындық – өзінің аз оқитындығы. Өзі қуған өнерден басқаға мойын бұрып, құлақ сала қоймайтындығы. Білімді қызға өресі жетпей, дөрекілік көрсетіп алғаны да содан болса керек. Егер қыз жүрегіне тереңірек үңіліп, көңіл күйін нәзігірек түсінгенде қайда баратын еді. Көнетін еді ғой... – Бағдан өз ойынан өзі шошыды. Ал көнді, онда не болды? Мұның өзін үлкен баласындай аялап алақанына салып отырған Сәлима қайда қалады? Жалғыз ұлы Алданының күні не болмақ? Көнбегенінің өзі дұрыс болды. Бағдан күрсініп қойды. Қанша «дұрыс болды» дегенмен мына құлазып қалған көңілді жай жұбату, өзін-өзі алдарқату екенін ар жағы жақсы түсінеді. Тағы да сұрақтар қамалады: Осы қыз күрек ұстап қайдан келді осы? Мұны көріп жылағаны несі? Қанша толғанса да жауап жоқ. Жайлап машинасына келді. Шашылып жатқан дүниелерді жинап бұл да жолға шықты. Әлгі Әспет мініп кеткен жерге келіп, машинадан түсті. Тұңғыш рет кеудеде қызғаныш оты пайда болды.

Мінгізіп әкеткен машинадан қызғанды. Ішінде отырған адамдардан қызғанды. Ішкі дүниесі жидіп жүре бергендей. Тағы машинаға отырды. Жүріп келеді. Ойлап келеді: қайда бармақ? Алматыға тура тартса қайтеді? Жоқ, Маусымбекке барғаны жөн. Жөн десе де көңіл шіркін дауаламайды. Әлде манағы қираған дарбаза алдына барып Әспетті сол жерде тосса ма екен? Шықпай қойса ше? Түн тұрады, күн тұрады. Әйтеуір бір шығуға тиісті ғой үйінен. Үйі? Үйі ме екен сол үй ең алдымен? Үйі болса «үйге кір» деп неге айтпады? Осылай қамалаған ой жетегінде Бағдан көп көшелерді аралап бір жерге келіп тоқтады. Байқаса, манағы Әспет шыққан үйдің нақ өзі. Жігіт әрі қуанып, әрі шошып қалды. Қуанатыны – Әспетті кездестірермін-ау деген үміт шырағы. Қорқатыны – қанша десең де бұл жұмбақ үй. Бір сойқан шыға келіп: «Манадан бері кімді аңдып, кімнің жолын тосып тұрсың?» – деп тұра ұмтылса не қылмақ?

Осындай аласапыран ой қамалаған Бағдан ұзақ тұрса керек. Ымырт үйіріліпті. Кішкене терезелерден шам жарығы түсті. Саңылауы жоқ шілтерлерден қараңдап әлдекімнің бастары көрінді. Кімнің бастары? Айырып болар емес. Үйге кіруге жүрегі дауаламайды. Ақыры ойлап-ойлап Маусымбектің үйіне қайтып келді. Ол байғұс құрақ ұшып жатыр: Кешіккенге кетіп қалған шығар десем...

Бағдан жауабы қысқа:

– Өнер азабын өзің білесің ғой, Маусымбек. Айша Бибіге байланысты жаңа бір шығармам бар еді. Сол картинаның кілті табылмай... – деп мүдірді. – Шаршап келдім, достым. Арағың болса әкел, құй. Көріспегелі көп болды ғой. Ішейікші бір.

Арақ та табылды. Тамақ та әзір. Бағдан сілтей берді. Алматыдан келген беделді дос сілтеп жатқанда Маусымбек те қарап қалмады.

– Байқаймын, студент кезіңде аузыңа лимонад та алмаушы едің, кісі болайын деген екенсің, жігітім, – деп мәз бола тартады.

Сонымен түн ортасы ауды. Бағдан Маусымбекті қасына отырғызып алып шешіле сөйледі. Оның бір-ақ қорқынышы бар: бұл сөйлемесе, Маусымбек әйелінің қасына кетеді. Бағдан жалғыз қалады. Жалғыз қалған Бағданды күндізгі оқиға келіп торлайды. Жұмбақ Әспеттің жұмбақ қылықтары еске түседі. Бағдан содан қорықты. Сағат үш болды. Шаршаған Маусымбек есіней бастады. Соны көріп, мұны жалғыз қалдырып, бөлек бөлмеге кетіп қала ма деп қорыққан Бағдан:

– Сағындым ғой, достым, құшақтасып бірге жатайықшы, – деді. Маусымбек атақты досының мына бір ыстық сөзіне майдай еріп:

– Ұмытпағаныңа рақмет, достым, – деп қайта-қайта шөпілдете сүйіп көз жасына ие де бола алмай қалды.

Сағат төрт болды. Сағынысып көріскен екі дос диванды жазып төсекті кең етіп салды да, құшактасқан бойы ұйқыға кетті.

5

 

Бағдан ертеңіне кеш оянды. Бұрынырақ тұрған Маусымбек шай жасап күтіп отыр екен.

– Ұйқыны сілтедің, достым.

Ала көңіл болып келіп, осыншама алаңсыз ұзақ ұйықтағаныңа әрі қуанып, әрі қысылыңқырап қалған Бағдан тақырыпты басқаға аударды.

– Біздің замандас қайда?

– Таң атқалы қашан. Жұмысына кетті. Қоштаспақ болып қарайлай беріп еді, бөлмені отарбаша сілкінтіп жатып алдың ғой. Сонсоң сәлеміңді өзім айтам деп қоя бердім.

Бағдан сағатына қарады. Күндізгі он екі.

– Ал менің де жүруім керек...

– Кейінірек жүрерсің. Тамақ салып қойдым. Аздап бас жазайық.

Мүмкін замандасың да келіп қалатын шығар...

– Жоқ, Маусымбек, бір минут тоқтауға мүмкіндігім жоқ. Сен де жұмысыңа бар, – деп Бағдан беті, қолын жуып, бір кесе шай ішті де, жалынған досына қарамастан қош айтысты.

Бұл жолы: «Қайда барсам екен?» – деп Бағдан тіпті ойлаған жоқ. Салып отырып кешегі таныс үйдің алдына келді. Келуін келсе де үйге кіруге бата алмай ұзақ тұрып қалды. Жаңа Маусымбекті ала келіп, соны жіберіп алмаған екенмін деп те өкінді. Бірақ қайтып барудың орны жоқ... – Ілгері жүріп, қайта кейін оралды да, машинасын жолға қарай бұрып дұрыстап қоя бергенде жүгіріп бір бала өтіп бара жатты.

– Әй, балақан, қайырыла кетші, – деп дауыстады Бағдан машинадан шығып жатып.

Қайырылған бала сондай тәрбиелі екен.

– Сәлеметсіз бе, ағатай

– О, көп жаса. Атың кім?

– Көпжасар.

– Көпжасар? Өзім де біліп айтып тұр екенмін ғой. Ал қай үйденсің?

Көпжасар көрші үйді нұсқады.

– Мынау үйден...

– Ал мына бір үйде кім тұрады? – деп Бағдан қисық дарбазалы үйді көрсетті.

– Ақдәулет тұрған....

– Неге тұрған? Қазір қайда? Бала жауабы келте.

– Сотталған...

«Не үшін?» – деп сұрағысы келіп Бағдан мүдіріңкіреп қалып еді, Көпжасар:

– Арақ ішеді. Төбелеседі, – деп анықтап қойды.

– Ал әйелі қайда?

– Әйелі Алматыда.

Бағданның жүрегі бір түрлі сазып жүре берді: Әспет болғаны ғой?!

– Атын білмейсің бе? – деп сұрады Бағдан жүрегін басып.

– Неге білмеймін. Білем. Аты – Әспет...

Бағдан аузын аша алмай қалды. Шаруа бітті деп ойлаған бала жөнеле беріп еді. Бағдан даусы қайта шықты.

– Ал, қазір кім тұрады?

– Ақдәулеттің әпкесі – Алтын...

– Жалғыз тұра ма?

Көпжасар жақындап келді де, біреу-міреу естіп қалмасын дегендей сыбырлай сөйледі.

– Ақдәулеттің бір жарым жаста баласы болатын. Соны асырап алған еді. Енді жоқ.

– Жоғы қалай? – деп сұрады Бағдан түсінбегендіктен.

– Алдыңғы күні өліп қалды.

– Өліп қалды?..

– Иә өліп қалды, – деп Көпжасар жүгіре жөнелді.

Бағданның өн бойы мұздап, жүрегі шымылдап жүре берді. Неге өйтті, өзі де білген жоқ, тұрған жерінде отыра кетті. Жай соққандай. Бала мен байдан айырылған жаралы әйел екен ғой Әспет. Қалай түсінбеді? Қалай аңдамады? Бір дауыс ақталғандай болды: Өзі жайлы түк айтпады ғой. Қалай түсінесің! Қалай аңдайсың! Бір дауыс Бағданға үкім шығарғандай болып естілді: Надансың, Бағдан. Надан емессің-ау, топассың. Жол бойы бір ауыз тіл қатпай, күрсінумен келді. Сонысы айтқаны емес пе! Күрек ұстап келе жатып солқылдап жылады. Сонысы түсіндіргені емес пе! Егерде сен топас болмасаң, өткен жылы күзде осы Жамбыл вокзалында Әспетті шығарып салғандардың:

«Әспет, ренжіме, өмірде не болмайды!» – деген сөздерінен-ақ Әспет басында бір қайғының барын сезген болар едің ғой. Ең болмаса, «Айша Бибі» картинасының қабырғадан алынып қалуы: «Ұзақ бір хикая», – демеп пе еді. Сен оны өзіңнің өзімшіл де күдікке толы секемшіл көңіліңе бағып: «Ұнамаған соң алып тастаған ғой», – деп жорығансың. Әне, надандық қайда! «Ұзақ бір хикая», – деп күрсініп айтса, ұнамағандығы емес, басқа бір себебі болғаны да, боған да үңіле алмадың ғой. Топастық болмаса бұл не?

Жер сыз екен, соны сезген Бағдан түрегелді. Өзін-өзі «надан», «топас» деп қанша жерлесе де өнер адамының бәріне тән бір әлсіздік осы жерде Айша Бибіге байланысты тағы бел алып кетті: Дегенмен неге ұзақ хикая? Соның сырын ашса, осы үй ғана аша алады. Тағы бір дауыс: оның бос далбаса. Қайтсең де қаралы қалған, өзің жәбірлеген Әспетті тап. Аяғына жығыл. Кешірім сұра. «Әпкесі жалғыз» деген бала сөзі қамшы болды ма, Бағдан ақырын жүрсем айнып қалармын дегендей, қаттырақ басып келіп шабақтары түсіп қаусап тұрған қақпаны ашты...

Алдан жуантық келген аласа бойлы, қысық көз орта жастағы әйел шықты. Алтын дегені осы болса керек.

– Кіріңіз, – деді ол қысылыңқырағандықтан есік көзінде тұрып қалған Бағданға.

– Жоқ, мен бір сәтке ғана...

– Бір сәт пе, екі сәт пе, келгеннен соң есік көзінде тұрмаңыз. Былай шығыңыз.

Байқайды, Алтын дегені дұрыс адам. Бағдан төргі бөлмеге өтті. Жұпыны үй. Жұпыны темір кереует. Қабырғаға көнелеу кілем ұсталған. Үстін кір басқан көне диван. Стол, орындықтар да сәннен әлдеқашан шығып қалған ескі дүниелер... Бірақ Бағдан көзі оларға емес, ауыз үй, төр үйлердің қабырғаларындағы жиі ілініп, кейін алынып қалған картина-суреттердің айқын сақталған таңбаларына түсті. «Осының бір жерінде Айша Бибі де тұрды-ау бір кезде», – деп ойлады Бағдан.

Келе салып, отырмай жатып жалаңаш қабырғаларға сүзіле қараған Бағдан мінезін ерсі санады ма, үй иесі үн қатты:

– Ал, шырағым, жай жүрсің бе?

Бағдан алдымен «жай» деп қалды да тез түзелді.

– Маған Әспет керек еді...

– Әспет кетіп қалды ғой...

– Кетіп қалды? – деп таңданды Бағдан. – Қайда?

Әйел: «Денің дұрыс па өзіңнің», – дегендей сұрана қарады.

– Қайда болушы еді, Алматыға. Таңғы алтыдағы автобуспен кетті.

– Апыр... рай, ә?..

Үй иесі: «Енді не дер екен?» – деді ме, үнсіз қалды. Енді не айтудың жөнін таба алмаған Бағдан көп қиналып барып:

– Ал жақсы, апасы... – деп орнынан тұра берді.

– Иә, шырағым, Әспет танысың ба еді?

– Иә, танысым... Былтыр консерваторияға келіп түсем дегенде... – деп ар жағында тағы не айтудың жөнін біле алмай мүдіріп қалды.

Үй иесі іліп әкетті:

– Е, бір жігіт түсірем деп уәде беріп еді, қолынан келмей қалды, – деп еді. Сол сен екенсің ғой, шырағым.

Суға кеткен тал қармайдының кері.

– Иә, сол мен...

Үй иесі жібиін деді.

– Иә, шырағым, сенен жазық жоқ. Барыңды салыпсың. Көнбеген ана шұбар бет көрінеді ғой?..

– Иә, сол... жеңгесі. Ұмытпасам, сіздің есіміңіз осы Алтын ғой?..

– Иә, Алтын... – Алтын жадырай түсті. Бағдан өзіне-өзі келе бастады.

– Әспет сізді аузынан тастамап еді сол кезде. Алтын десе, алтын... Туған анам секілді. Осында келгенім сол кісінің арқасы... Шынтуайтқа барғанда інісін емес, мені жақтайтын... Жассың әлі, оқы... кісі бол... балаңды мен асыраймын... – Сөзі осы.

– Рас, рас... – деп Алтын көзін сүртті. – Бір өтірігі жоқ. Оны інім деп қалай жақтайын, ісі қисық болса... Мұны келінім деп қалай жамандайын, ісі мен мінез-құлқынан бір мін таппасам... «Адам – сыйлағанның құлы» емес пе. «Қарына тартпағанның қары сынсын» деген – білімсіздіктен туған сөз, шырағым.

Өзі қу болмаса да, оңай жерден қулық жасап, ол қулығы ойда жоқта жүзеге асып кеткен соң, Бағдан еркінси сөйледі:

– Соншама не бүлдірді Ақдәулет, алып қалуға болмады ма?

– Ойбой, шырағым-ай, алып қалмайық дедік пе. Әспетжан екеуміз жақсысын асырып, жаманын жасырып, кірісіп-ақ бақтық қой... Болмады ғой.

Бағдан білетін адам секілді:

– Сонда да ішуін қоймады?.. – деп қойды. Алтын көзіне тағы жас алды.

– Қоймады ғой, байғұс бала... қоя алмады. Жай ішіп келсе бір сәрі. Дүниені қырып-жойып келеді ғой. Әспетке болысасың деп тіпті маған да тіл тигізуге дейін барды. Ал ол байғұста түк жазық жоқ. Жұмысына уақытында барады. Уақытында жұмысынан келеді. Содан кейін зарығып Ақдәулетті күтеді. Алданына қарайды.

Бағдан шошып кетті.

– Алдан?!

– Иә, Алдан еді аты. Мен қойып едім ол атты. Он сегізімде тұрмысқа шықтым. Екі ай отаспастан соғыс басталды. Күйеуім майданда қаза болды. Содан кейін бала сүймек түгіл жар құшағы дегенді де көрген жоқпын, шырағым. Әкеміз де майданнан оралған жоқ. Соғыс басталған жылы іште қалған осы інім Ақдәулет еді. Бұл дүниеге келісімен анамыз да дүние салды. Сосын мен осы балаға ана орнына ана болып отырып қалған едім... Әйтеуір он кластық білімім бар ғой. Әуелі колхозда есепші болдым. Содан бастауыш класқа сабақ та бердім. Жеткіздім, адам еттім. Осы Жамбылдағы су шаруашылығы институтын бітірді. Обалы нешік, жақсы бітірді. Жақсы оқығаны сондай, соңғы курсында ғылыми командировкамен Москваға да барды. Сол жолы ғой Әспетжанмен кездескені. Ол онда МГУ-дің философия факультетінің екінші курсында оқиды екен. Оқуын тастап Акдәулетіме еріп келді. «Бір жылға академиялық демалыс алдым. Келер жылы қайта барып түсем ғой», – деп келген. Қайдан түссін, «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демей ме, келер жылы нәрестелі болды. Жөргек иісін сезбеген басым алданышым болсын деп атын Алдан қойып, бауырыма салып едім, міне, одан да айрылып қалдым. – Алтын солқылдап жылап жіберді. Жалғыз қалған әйел тағдыры әсерлендірді ме, әлде Әспет тағдыры батты ма, Бағданның да көзіне мөлтеңдеп жас келіп қалды.

– Сабыр етіңіз...

– Сабыр етпегенде не шарам бар?! – деп Алтын енді бетін шәлісімен басып үнсіз жылады.

Арақ ішсе де, Ақдәулеттің не қылмыс үшін жазаланғанын білмейтін Бағдан тағы жымба жолдады:

– Ақдәулетті ақтап алуға болмай ма өзі?

– Ақтайтындай қылмысы да жоқ қой ол сорлының. Өткен қыста шығарып та алғанмын. Жұмысқа да орналасты. «Енді ішпеймін», – деп ант-су да ішті. Ішуін қойса, қайтып келем деген Әспеттен де хабар келді. Бірақ бәрі зайғы. Інімнің уәдесі он-ақ күнге жетті ғой...

Бар жағдайға қанған Бағдан кетуге бет алды.

– Сөзге алдандырып қалыппын ғой. Ең болмаса, шай ішіп кет, шырағым.

– Рақмет, апасы. Асығыс едім...

– Үй осы, шырағым, жолың түсіп алда-жалда келе қалсаң, қайырыла кет... – деді Алтын. Содан кейін аз кідіріп, ар жағынан төгіліп келіп қалған көз жасын күш салып тоқтатты да: – Әспетжан келінім емес, бірге туған сіңлімдей, несін айтасың, баламдай болып кетіп еді. Сорлы болып қалмасын, көз қырыңды сала жүргейсің... – деп боздап қоя берді.

Не ғажап?! Жағасы жайлау тоқ көңілдің бір күйтін ғана қуалап келген Бағдан да жоқ жерден қасірет арқалап, көз жасына ие бола алмай қалды:

– Алтын апа, өзіңіздей көріңіз. Шамам келгенше көмегімді аямаспын...

Осыны айтып Бағдан орнынан көтеріліп, ауызғы бөлмеге өтті де, тұрып қалды: темір кереует пен бетіне жарықшақ түскен гардероб, сыры тайған этажеркалардың арты толған сурет кенерелері. Кәсіби көз соны бірден шалды.

– Алтын апасы, осыншама көп кенерелер қайдан келген?

– Ой, шырағым-ай ол бір хикая ғой...

– Қандай хикая?

– Әспет келінім жинаған картиналар еді... Ақдәулет мас болып келіп бір кеште талқанын шығарды.

«Осының ішінде Айша Бибі де бар-ay», – деген ой билеген Бағдан:

– Көруге бола ма? – деп сұрады.

– Көргің келсе, көре ғой. Не тамтығы қалды дейсің, бірақ.

Бағдан енді қысылған жоқ, еркінірек басып барды да, біртіндеп көтере бастады. Джорджоне. «Юдифь». – Айқыш-ұйқыш салған пышақ таңбасы. Рубенс. «Телпек киген әйел». – Қиялатын бір тартылған. Рембрант. «Даная». – Көлденеңінен үш тартылған. Репин. «Қаһар Иван және оның баласы». – Пышақ ізі Қаһар Иванның маңдай тұсынан тиіпті.

– Құдай-ау, мынауың құдды Балашов қой.

– Балашовың кім, шырағым? Ақдәулет де, – деді түсінбеген Алтын.

Бағдан түсіндіріп әлек:

– Репиннің Третьяков галлереясында ілулі тұрған осы картинасына қарап тұрып Балашов деген бір орыс офицері: «Сұмырай», – деп қанжар сілтеген ғой...

– Иә, сол Балашовың ендеше...

Бағдан келесі кенерені көтерді: Бағдан Шаймұратов. «Айша Бибі». – Айқұш-ұйқыш жеті-сегіз сызық түскен. Бағдан кенерені қолына ұстап тұрып қалды:

– Ала-бөтен тілгілейтін бұл суреттің не жазығы бар еді?

– Оған кінәлі мен, шырағым... – деп мүдірді Алтын.

– Қайтіп?

– Киепеті соғады. Ең болмаса, мына Айша анаңа қол тигізбе, – деп едім, соған ерегісіп жасағаны...

Бағдан әрі қазбаламады. Қолына жұққан шаңды кетірмек болып, алақанын шапалақтады да, сыртқа шықты.

– Ал сау болыңыз, Алтын апа.

– Сау бол, шырағым...

Екінші үйден айнала бергенде аңдып тұрғандай алдынан жүгіріп Көпжасар шықты.

– Ағатай, тоқтаңыз... Бағдан тежемені басты.

– Ана бала бар ғой бәрібір өлетін еді... Түсінбеген Бағдан:

– Неге? – деп сұрады.

Көпжасар машина есігінен ішіне үңілді:

– Жұрт айтады....

– Жұрт не деп айтады?

Көпжасар біреу-міреу естіп қалмасын дегендей үңіле түсті:

– Алдан бітерде Әспет жеңгем жылан етіне жерік болған...

Бағдан түк айтпады. Естімеген болды да жүре берді.

Қарайлар ештеңе қалған жоқ. Ендігі бет – Алматы. Жүріп келеді.

Ойлап келеді:

Мұны жұрттан артық санаса, артық санап, асыра бағалағандықтан ғана қолқа салған болса, өз жайын неліктен жасырды? «Бағдан аға, менің халім осындай, келе жатқан себебім мынадай», – деп жол үстінде шынын айтса, Бағдан жіберген қателіктің бірі де болмас еді ғой. Сұп-сұлу, тап-таза қалай алып келсе, Бағдан оны дәл солай тап-таза, сұп-сұлу күйінде алып қайтар еді. Неге жасырды? Неліктен Бағдан бұл шындықты көлденең адамдардан естіді? Әлде шынымды айтам деп, сырымды ашып алам ба деп қорықты ма? Бір ғажабы – Бағдан Әспетке шаң жуытар емес. Тереңірек ойлап қараса жаңағы сұрақтарға тапқан жауабы мұның өз пайдасына емес, Әспет пайдасына шешіліп жатқанын анықтады. Осы Әспет зақылеттес адамдар болады – өз басының жайын айтып, шашыла бермейтін адамдар. Ондайлар өліп бара жатса да шағынбайды... біреуге сабыт та салмайды. Мал баққан қазақ аулында туып, мал жайын жақсы білгендіктен бе Бағданның есіне жылқы малы түсті. Осы бір сұлу жануар төрт аяғын байлап-матап, бауыздап жатқанда дыбыс шығармақ түгіл тұяғын да серіппейді. Керемет емес пе? Асылы, шағынбау, мен осындай болып қалдым деп байбалам салып, біреуге міндетсімеу – асылдықтың белгісі. Кім білсін жоқ жерде жүрегі тілгіленіп, көңілі құлазып, кең мұхиттың бір қиырында, апатқа ұшыраған кемеден ұшып түскен секілденіп Бағданның мүсәпір болып қалуы – Әспеттің осы бір мінезінен шығар. Егер ол былтыр кездескен бойда өз халін пәш етіп, бұл мүсіркесе екен, аяса екен деп арзан есеп құрса, Бағдан мүмкін осыншама қиналмаған да болар ма еді, әлде қайтер еді? Данышпан Леонардо да Винчидің «Джокондасы» көрермендерін табындырғанына бес жүз жыл. Осы бір жарты мың жыл бойында адамзат әулетінің оған деген махаббатының айнымай, суымай келе жатқан сыры неде?! Оның сыры Монна Лизаның жұмбақтығында емес пе екен? Сол бес жүз жыл бойы шешуі табылмаған бітімсіз бір дау бар: Монна Лиза күліп тұр ма? Әлде Монна Лиза күлмей тұр ма? Мына кереметті қараңыз. Сол бес жүз жыл ішінде орта есеппен жиырма буын ауысқан екен. Соның бір де бірі жауап бере алмаған сұрақ. Былай қарасаң адамның күлген, күлмегендігін айыруда нендей қиындық бар! Күлген, күлмегеніңізді керек десең бесіктегі бала да айыра алмай ма? Не ғажайып бұл сонда? Бұл ғажайыптың кілті

– Монна Лизаның ішкі дүниесінің томаға тұйық, жұмбақтығында деп біліңіз. Сол себепті Монна Лизаны түсіну өз көңіл күйіңе байланысты. Бір келіп қарадыңыз: Джоконда сізге миығынан күліп жымиып тұр. Айнала беріп қайта үңіліңізші: жоқ, Джоконда жымиып тұрмаған екен, үстіңнен қарап, «неткен сорлы едіңдер», – деп мазақтап тұр екен... Ал түсініп көр... Сол секілді құлай берілген көңілдің де сыры міне Әспеттің осы жұмбақтығында жатыр. Не сұмдық? «Жылан жегім келеді», – деді-ау! Тағы да жерік емес пе екен? Бірақ бұл күдікте негіз жоғына кешегі Әспет айтқан сөздерді саралай келіп көзі жетті: «Ойнап айтқам. Жылан жейтін жерік емеспін», – деді емес пе. Бағдан өзіне-өзі разы болмай бетін тыржитты: Бағдан сен өзің не болып кеткенсің, таза жерден қоқыс іздейсің. Пасықтық қой. Мұның қалай, жігітім?! – Жігіт ойы енді көлеңкеден шығып нұрлы, сәулелі бір жағаға қарай бет алды. Кеше Маусымбек үйінде неге оңаша қалғың келмеді осы? Жалғыздықтан үрейің ұшқан себебі не? Маусымбекті сағынып келген жоқ едің ғой. Сөйтсе де қасыңда қалдырдың. Себеп? Себебі – оңаша қалсаң, Әспетті ойлар едің. Өз білместігіңмен өз жүрегіңе өзің салған жара бар еді. Сол сыздатып ауыртатын еді. Сен содан қорықтың. Ендеше дәл осындай сезім Әспет басында да бар еді ғой. Ол жалғыздықтан қорыққан еді ғой. Өтірік күлгені, Айша Бибіге шақырғаны, суға түскені, жылан тауып бер деп жетелеп кеткені... бәрі-бәрі өзінің ана қайғылы, мүшкіл халін бір сәт болса да ұмыту еді ғой. Қайғымды ұмыттырар, алданышым болар деп, саған қол созып еді ғой. Сен болсаң сол үміттің биігінен табылудың орнына, көп наданның бірі болдың да, саздап аяқтың астында жаттың. Бағдан жүрегі сазып тағы ауыра бастады. Ту сырты шымырлай мұздап, маңдайынан шып-шып салқын тер шықты. Жер табанын суырып, асфальт жолды доңғалағына бүктеп салып, зырлап келе жатқан кішкене машина жолдан бұрыла беріп кілт тоқтады. Сыртқа көтерілген Бағдан кеудесін желге беріп, терең дем алды. Біраз желпініп, олай-бұлай жүгірді де, содан кейін:

– Алматыға барған соң қайтсем де іздеп табуым керек Әспетті, – деген байлам жасап, машинасына отырды.

6

«Табам», – деп, Бағдан қанша қадап айтса да Әспет, бірақ таптырмады. Консерваторияға барғыштады. Кездесіп қалмас па екен деп көше кезді. Әспет жұмыс істей алады-ау деген әр қилы мекемелерде болды. Университет пен институттардың, Ғылым Академиясының үйлерін шарлады. Балалар бақшасына, мектептерге телефон соқты. Бәрінен естілер жауап біреу-ақ: «Құрмантаева Әспет? Жоқ, ондай адам істемейді мұнда». «Өзі хабарласып қалмас па екен?» – деп үйде де, шеберханасында да ұзын шнур жалғап, телефонды қасына да қойып жүрді. Бәрі зайғы.

Бір ретте шеберханада отырған. Жұмысы түскірі жүрмей, бір түсірген бояуы өзіне ұнамаған соң сыпырып тастап, қайта-қайта жазып күйзеліңкіреп отырған-ды. Кенет телефон шылдырлады. Әйел даусы. Бағданның жүрегі тулап кетті.

– Не істеп отырсың?

Бағдан кешеулеп барып айырды: өз әйелі, Сәлима.

– Немене, асық ойнап отыр дейсің бе, жұмыс істеп... – деп ашуланды Бағдан.

– Мен қазір барам, – деп Сәлима телефон трубкасын салды. Бағдан «аманшылық па?» – демекші еді, үлгіре алмады.

Шеберхана маңына онша көп ат ізін сала бермейтін әйелінің мына мінезіне таңданған Бағдан жұмысына қайта кірісті. Арада қанша уақыт өтті, кім білсін, бір кезде Сәлиманың даусы шықты:

– Кәне, қаншығы қайда өзінің?

– Қаншығы несі?

Сәлима бас жоқ, көз жоқ қуыс-қуысты тіміскілей бастады.

– Ау, батырекесі, не іздеп жүрсің?

– Әлгі қаншықты.

– Қаншығың не? Ит не?

– Қой, жігітім, ойынды.

Тату семьяны бұзып, Сәлима екеуінің арасына от жағушы біреу барын Бағдан енді аңғарды. Қай суретші болмасын, өз шеберханасына жазу ниетімен кімді қаласа соны әкеле алады. Аздаған өзімшілдігі, жонып тастайтындай ғана қисықтығы болғанымен, «ал кеттімі» жоқ, алды кең, негізі момын, бар тілеуін бала бақсам, Бағданға қызмет істесем деген ниетке бағындырған Сәлима оны жақсы білетін, жақсы түсінетін. Соны біле тұра, түсіне тұра келіп тұр. Олай болса, азғырынды, өсек әсері ойсаң да мықты. Әуелі шамданыңқырап қалған Бағдан негізі аңқау, сенгіш әйелінің мүлт жіберіп алғанына күлді.

– Ондай сенбестігің болады екен, «қазір барам», – деп телефон неге соқтың? Үндемей келіп үстімнен түспейсің бе! Сен келем деген соң қоя бердім...

Сәлима не дерін білмей аңырып қалды.

– Қойшы, ойының қалмайды екен осы сенің...

– Осындай ойын бола ма? Сенбесің бар, телефон соқпа, барам деме. Аңдып жүр де, үндемей бас. Жөні осы. Теріс деші, кәне?

Үндей алмаған Сәлима терезе жақтағы кушеткаға барып отырды. Сол жайды пайдаланды ма, Бағдан енді аздап ақылгөйсіңкірей сөйледі.

– Бізде қазір бәрі бар: бала бар, үй-жай бар. Ақшамыз да бар. Бағданыңның атақ-даңқы өз алдына. Ол қазір халыққа танылып қалған ел адамы. Мүмкін біреулерге татулықпен күн кешіп келе жатқан осы өміріміз ұнамайтын шығар. Арамызға от жағып, араздастырып жіберсек дейтін шығар.

– Жоқ, қайта жақсы болсын дегені.

– Жақсы болсын дегендер осылай жасар ма? Сені маған жаны ашығансып шаптаса – көр соқыр, надандығы. Ал біліп шаптаса – залымдығы. Қайсысы болсын жақсы емес. Өнер адамы қай заманда болмасын өсек сырығының ұшында жүрген. Тоғышарлар өсегінің сырығы. Сол өсектің сойыл соғары өзің болсаң, ол менің ғана емес, сенің де бақытсыздығың ғой... «Жаман айтпай жақсы жоқ», сондай бақытсыздыққа душар бола қалсаң, жаңағы «жаны ашымпаздарың» қол ұшын берер ме саған? Бермейді емес, бере алмайды, беру қолынан келмейді. Көп болса, «алда байғұс-ай», – деп мүсіркейді. Тілейтінің осы ма сонда?

Сөз парқын түсіне білетін Сәлима күрсініп алды да:

– Ана, Әспет дегенің кім? – деп сұрады.

Бағдан мүдіріп қалды: Қайдан естіді? Кім айтты? Тіпті екеуінің кездескенін тірі жан көрген жоқ қой. Маусымбек Әспетті білген емес. Алтыннан шықты деуге, ауыз бармайды. Бағданның кім екені оның түсіне де енбеген. Көпжасар – бала. Қайдан шықты бұл әңгіме? Қайран.

– Неге үндемейсің?

«Сен жұртты танымасаң да, сені танитын көз көп», – деп жорыған Бағдан:

– Білмесем, не деп үндеуім керек? – деді таңданған болып.

– Білмесең, мә, ендеше? – деп, Сәлима бір қомақты қағазды Бағдан алдына лақтыра салды.

Ашып қараса, вагон-ресторанда қызға байқатпай отырып Бағдан жасаған Әспет суретінің эскиздері. Бір эскиздің астында: «Әспет!» деген өз қолы.

– Иә, бұл Әспет, – деді ары таза Бағдан.

– Оның кім? – деп тұрмын ғой мен саған.

Съезд сапарындағы альбомда осындай қырық-елу эскиз болатын. Соның ішінде толып жатқан әйелдер де бар еді. Сол эскиздердің бәрін былай тастап – Әспетті алып келгеніне мүлде қайран.

– Малшы мал бақпаса, аңшы аң ауламаса, жазушы кітап жазбаса, олардың несі малшы? Несі аңшы? Несі жазушы? Сондай-ақ көрген-білген кездескен адамдарымды альбомыма түсірмесем менің қай жерім суретші? Жол-жөнекей кездескендердің бірі шығар?

– Ойнама, шыныңды айт! Бағдан жалтара сөйледі.

– Ана альбом ішінде толып жатқан бейнелер бар. Солардың біріне соқпай, бұл эскизге неге шүйліктің?

– Себеп бар.

– Қандай?

– Екеуің поезд ресторанында бірге отырыпсыңдар.

Жамбыл сапарын біліп қалды ма деп секем алған Бағданның жүрегі орнына түсейін деді.

– Оны кім айтты?

– Кім айтқанын қайтесің. Әспет деген кім деп тұрмын ғой, соны түсіндір.

– Әспет деген бе?.. Соның кім екенін өзім де жөндеп білмеймін. Тегі, сол менің өзім болсам керек, – деді Бағдан салмақты қалпына келіп.

– Ойнайсың, ә?.. – деп жымиды ашуы тарқай бастаған Сәлима.

– Ойын емес, шыным. Байқайсың ба, алдыңғы жылы съезге барып келгеннен бері менің тақырыбым да, стилім де өзгере бастады ғой. Сол – Әспеттің арқасы. Менің көзім ашылайын деді, Сәлима. Тегі, кемелдік келе жатқан болар...

Сәлима біраз үнсіз отырды да, тақырып өзгерді, стиль өзгерді деген соң ба:

– Осы ана жылғы бір картинаң қайда? – деп ашу-араздығы жоқ сұрақ қойды.

– Қайсысы?

– Әлгі «Егін орағы алдында...» деген бе еді? Бірдемелері ұнамайды, жөндеймін деп жүруші едің ғой?

– Ә, ана бір картина ма? Жойып жібергенмін. Сәлима шошып кетті.

– Өзіңді танытатын дүние емес пе еді?

– Бүгін танытса да, ертең құны болмай қалатын шығарма маған қайбір түпкілікті бедел әперер дейсің. Бедел емес, сабынның көбігі ғой ол. Қазір бұрқырап тұрғанымен ертең жоқ. Сен егер ақылды болсаң, менің бойымдағы құдай берген талантты сабын көпіршігіне итермелеме.

Негізгі мамандығы мұғалімдік болғанымен біраз жыл өнер адамының қасында жүргенін танытып:

– Бұл жанрдан неге шошисың? Тек қана портреттер жазып та аты шыққан суретшілер бар емес пе? – деп дауласты Сәлима.

– Ол портреттерде өмір бар. Ол келбеттерден қайғы мен қуанышты да, ақыл-ой, кемеңгерлікті де, ашу-ыза мен күлкіні де, жақсылық пен жаманшылықты да, қулық пен зымияндықты да, бәрін де көре аласың. Олар шын көркем туындылар.

– Е, сен де ендеше солай етіп жаз.

– Жоқ, егінжай ол палитраның орны емес, қалай жазсаң да плакаттың аты плакат.

Сәлима жығыла сөйледі:

– Көзге көбірек түссін, ауызға жиірек іліксін ғой менікі...

– Жоқ, бұл көзге ертең түспейтін, ауызға ертең ілікпейтіндердің жолы. Арзан жол.

Сәлима үндеген жоқ.

Міне, жұбайымен екеу ара болған осы әңгімеден кейін сегіз жылдан астам уақыт өтті. Жылдар қарап жатпайды. Әлденелерді алып, әлденелерді сыйлап жатыр. Аларын опырып, ойсыратып бірден де алмайды. Сәт сайын, сағат сайын күн, ай сайын жымба жолдап алады. Сол алыстың белгісі – самайға ақ кіре бастады. Басында нысана ғой деп жұлып тастап жүрген Бағдан жүре бара әлгі жылы құрғырлардың алып жатқан бірдемелері екенін түсініп, мойынсұна берді. Ақыл-ойдың тоқтасқанын, таланттың қалыптасқанын танытып мұрт қойды. Өзі ат жақты келген өңін ашып, сындарлы ұзын бойына әлдебір сүйкімділік, ірілік сыйлаған қоп-қою, қап-қара әдемі мұрт. Бір күні Бағдан айнаға қарап отырып, сол мұрт арасында да жасырынып жүрген ақ талдарды көрді. «Әзірге жасырына тұр. Қайда барам дейсің, ертең өзің-ақ шығарсың», – деп күлген-ді. Бұл – жылдардың ұрлағаны болса, сыйлағаны әлдеқайда еселі. Алып-алып, есесіне түк бермей қойса қайтер едің? Жастық дәурені өтіп, кемелді кісілік шаққа жеткен Бағдан соны шүкіршілік етеді, ең алдымен ол тағы бір ұл бала көрді. «Айбарымыз болсын деп атын Айбар қояйық», – деді Бағдан. Сәлима қарсы болған жоқ. Бұл – оның өмірдегі табысы болса, өнердегі табысы ше? Атаулы жылдар Бағданның қыл қаламынан ірілі-уақты елу-алпыс шығарма туғызды. Соның ішінде он шақтысы ірі полотно – атақ пен бедел әкеліп, Бағдан даңқын қалыптастырған шығармалар. Бұрынғы «жас суретші» деген анықтама әлдедашан ұмыт болған-ды. Енді Бағдан фамилиясына: «белгілі суретші», «көрнекті суретші», «бетке ұстар суретші» – деген анықтамалар қосарлана жүретін болды. Айла-қулықсыз, өзінің адал еңбегі арқасында көзі біршама дұрыс ашылып, қиқым есеп, халтура дегенге соқпай, екінің бірі дәл басып танып, таба бере алмайтын шеберлік атты жолға адаспай түскен таланты арқасында жеткен анықтамалар ол. Шын надан, шын топас адам «мен топаспын» деп өзінің ондай «қасиетін» ешқашан да мойындамақ емес қой. Бір кезде Аса өзенінің бойында Әспеттен айырылып, күйзеліп қалған Бағдан өзін-өзі: «Надансың, Бағдан, топассың», – деп жерлесе, ол оның топастығы емес, қайта топас еместігі. Қыз жанына терең бойлап үңіле алмай, мүлт жіберіп алғандығына білдірген өкініші ғана болатын. Задында сенгіш Бағдан жақсылық пен жаманшылық жолы қай жерде айырылып, дарын мен дарынсыздықтың, ауырдың үсті, жеңілдің асты дегендердің қай жерде жіктелетінін «білем» деп сеніп айтар болса, ол Әспеттің арқасы. Егер ол бұл күнде даңқты суретші атанса сол даңққа жету жолында екі-ақ рет кездессе де, өнеріне үкім шығарып, жүрегінде лепті таңба, із қалдырып кеткен Әспет әсерінің айрықша екенін айқын түсінеді. Содан ба, жылдар өтіп жатса да, Әспетке деген ыстық сезім өршіп сала бергендей: келіп қалар, телефон шылдыратып қалар, бір жерде болмаса, бір жерде көрініп қалар деген үмітпен күн кешкен Бағданның жолы тағы да Жамбыл қаласына түсті. Бірақ анадағыдай жан баласына айтпай, ұрланып бармады. Ұзақ жылғы жемісті еңбектің түйіні секілдендіріп, сонда ашылған өз көрмесіне шақырылып барды.

Маусымбек бастаған бір топ жас жігіттер қарсы алды. Өнер үзеңгісіне аяқ салсақ па деген дәмелі жастар. Көрме орталықтағы қазақ драма театрының фойесінде ұйымдастырылған екен. Келген адамдарда қисап жоқ. Бағдан шарапаты театрдың өзіне де тисе керек. Бұрын ойналып, ығыр болған спектакльдердің өзіне де келушілер көбейген. Мұның бәрі автордың көңілін аулау үшін өсіріп айтқан сөз емес екеніне көп кешікпей Бағданның өз көзі де жетті: Театр төңірегі қара-құра кісіге толы. Күйкі тірлікте кездесетін әр қилы өмір тауқыметінен біршама биіктеп, көңіл жүдетер ұсақ-түйектің бәрін ұмытып, қошемет пырағына отырып қанаттанып алған Бағдан өзін қарсы алған топпен фойеге кірді. Ар жақтан аздап қиық пен шербидің мәткесіне ұқсайтын сопақ бет әдемі келіншек шығып қарсы алды:

– Бағдан Шаймұратович, хош келдіңіз. Күтуліміз біз сізді. – Көрме директоры Анна Васильевна деген кісі осы екен.

Бағдан рақмет, ырзалығын танытып ілгері өтті. Әр кезде мұның қиялынан туып, мына екі қол арқылы дүниеге келген сурет-картиналарға үңіле қараған жұрт. Бір ғажабы, осы бір «г» әрпіне ұқсас фойенің екі жақ қабырғаларына ілінген сурет-картиналардың барып тоғысар жері – жаңағы «г-нің» шолақ жағындағы кең маңдайды түгел алып тұрған«Айша Бибі» картинасы екен. Картина алдында үймелегендердің қарамы тіпті үлкен. Қолына микрофон ұстаған түсіндіруші сөзі саңқ етті:

– Бұл – қазақ совет бейнелеу өнеріндегі ірі полотнолардың бірі...

Бағдан шегініп кетейін деп еді, Маусымбек оның қолынан ұстап ілгері сүйреді:

– Тыңда қазір не дерін...

– Бұл картинаның құндылығы – өткен заманның бүгінгі күнмен үндесіп, тілдесіп жатқандығында. Картинаның фонына қараңыздар: мыналар, міне, Айша Бибіні көруге барған бүгінгі еңбек адамдары. Ана арғы қырқадағы электр линиясы, жартылай тұмсығы ғана көрінген жеңіл машина. Бұдан сегіз жүз отыз жыл бұрын өткен

Айша Бибі анамыздың түсіне де енбеген жаңалық.

Әрі тыңдауға Бағданның дәті шыдамады. Маусымбек құшағынан жұлқына босанды да, шегініп кетті. Фойенің екінші залына бұрылып, жаңағы түсіндірушіден біраз алыстаған соң, «бұл не болды?» дегендей соңынан ере келген «шербидің мәткесіне»:

– Осы картинаны алып тастаңыздаршы, – деп өтінді. Ештеңеге түсінбеген Анна Васильевна таңырқай берді:

– Ол не дегеніңіз, Бағдан Шаймұратович, бүкіл көрменің көркі ғой бұл картина, қалайша алып тастаймыз?!

Басқа ештеңе деп сөз қатпаған Бағдан далаға шықты. Соңынан ерген Маусымбек пен тағы бір жас жігіттен:

– Машиналарың бар ма, қыдырайықшы? – деп сұады.

– Бар болғанда қандай!

Әлгіндей болмай лып етіп пұшық мұрын бір машина келді. Шоферден рұқсат алып рульге отырған Бағдан ескі жолды ұмытпаған екен, бір көшеден екіншіге, одан үшіншіге, төртінші көшеге өтіп ақыры баяғы үйдің алдына келіп тоқтады. Бірақ дарбаза, қақпа да, үйдің өзі мен қоршауы да өзгеріп, жаңарып кеткен. «Дұрыс келдім бе өзі? – деп күдіктеніп еді, баяғыда өзі Әспетпен бірге көлеңкесінде отырып демалғысы келген терекке, соның ар жағындағы Көпжасар баланың үйіне қарап көңілі орнына түсті. Сөйтсе де, жаңарып, өзгеріп кеткен үйге кіргісі келмеді де, қасында отырған шофер жігіттен:

– Мынау үйде Көпжасар деген бала тұрады. Соны шақырып шыға қойшы, – деп өтінді.

Жүгіріп кеткен жігіт өзінен де зор бір жігітті ертіп қайта шықты.

– Осы үйде Көпжасар деген бір бала тұрушы еді...

– Көпжасар менмін. Сіз кімсіз?

Бағдан не дерін білмей қысылып қалды.

– Бұл ағаң суретші, Бағдан Шаймұратов, – деді артта отырған Маусымбек.

Көпжасар елпілдеп қалды.

– О, сізді білем ғой мен. Кеше көрмеңізде болдым. «Айша Бибі» – тіпті, керемет сондай!

Осындай жөні жоқ жерде өзін пәш етуді жөнсіз деп білетін Бағдан әңгіме тақырыбын тез өзгертті.

– Өсіп кеткенсің, Көпжасар.

– Ағасы, мені қайдан білесіз? – деп сұрады танданған Көпжасар.

– Осыдан сегіз жыл бұрын осы көшеде бір көргенім бар еді... Көпжасар қанша ойласа да есіне түсіре алмады.

– Оқасы жоқ, ал өзің қайда оқисың?

– Осындағы су шаруашылығы институтының үшінші курсында... Содан кейін кілт өзгеріп: – Ағасы, неге отырсыздар машинада? Түсіңіздер, үйге жүріңіздер... – деп өтінді Көпжасар.

– Рақмет, шырақ...

«Ал сонда не тілейсіздер?» – дегендей Көпжасар Бағдан мен Маусымбекке кезек қарап тұрып қалды. Бағдан: «Айтсам ба екен, айтпасам ба екен», – деген толқумен асықпай сөйледі:

– Мына көрші үйде... баяғыда Алтын деген әйел тұрушы еді... Көпжасар іліп әкетті.

– Иә, тұрған. Өткен жылы қайтыс болды.

– Қайтыс болды? – деп Бағдан әрі таңданып, әрі шошып қалды.

– Неліктен?

Ер жетіп, кемелдене бастаған Көпжасар мына үлкен кісі қойған сұрақтың ерсілігін байқады ма, жымия жауап берді.

– Неліктен деріңіз бар ма? Ауырды да дүние салды.

– Ал оның інісі бар еді ғой?..

– Иә, Ақдәулет деген інісі болған. Қазір білмеймін.

– Апасының жаназасына келе алмады ма?

– Жоқ.

«Сұрасам ба, сұрамасам ба?» – деген әлгі толқу Бағданды тағы баурады:

– Басқа жақтан, айталық, Алматы жағынан ешкім келмеді ме?

– Келді, – деп Көпжасар тақ еткізді. – Әспет дейтін келіні болатын... Сол келді.

– Алматыдан ба?

– Ол арасын білмедім, ағасы, Алматыдан емес қой деймін... Ендігі тұрысты артық деп санаған Бағдан:

– Ал, сау бол, Көпжасар, – деп жүріп кетті.

Бағдан үндемеген соң қасындағы шофер бала да, Маусымбек пен оның қасындағы жігіт те көпке дейін ауыз ашпады. Қызық! Әспет, әйтеуір осы Бағдан жүрген жерлерде жүр. Мүмкін ол Бағдан жұмыс істеп отырған кезде шеберхана алдынан талай рет өткен де шығар-ау. Мүмкін жаңа ғана Әспет жүріп кеткен көшені бойлап Бағдан да жүрген болар...

Кенет Бағдан ойын бұзып бір дауыс шықты:

– Аға, сіз қалғып кеттіңіз ғой деймін... Рульге өзім отырғаным дұрыс болар... Қайда барамыз, айтсаңыз болды ғой. Бұл қалада мен білмейтін қуыс жоқ.

Бағдан тоқтап, орынды шофер баланың өзіне берді.

– Әуелі бір азық-түлік магазинінің алдына тоқта. Содан кейінгі бетің – Аса өзені. Мәжнүн тал... білесің ғой?

Шофер бала күлді.

– Бүкіл Аса өзенінің бойында бір-ақ талымыз бар. Қалайша білмеске...

«Әуелі азық-түлік магазиніне», – деген соң ба, Маусымбек көңілденейін деді.

– Е, бәсе... Үлкен қаладан келгендерде сарқыт-сауқат деген болушы еді... Қайдағы бір өліп қалған кемпірді іздеп...

– Алтын деген бір жақсы кісі еді, – деп ақталды Бағдан.

– Ол кісіні мен де білетін едім, – деді Маусымбектің қасында отырған жігіт.

– Ал, иә? – деп Бағдан артына жалт бұрылды. – Сіздің атыңыз кім?

– Осында қала өрнектейтіндердің бірі. Суретші. Аты – Мирас, – деп таныстырды оны Маусымбек.

– Ал, Мирасжан?..

Аға суретші мән беріп, қадала қарағандықтан ба, Мирас мүдіріңкірей сөйледі.

– Шынында да мен ол кісіні емес, ана келінін білетінмін...

Шаң жуытпай жүрген Әспет туралы әлдебір ерсі, қолайсыз сөз естіп қалам ба деп қорыққан Бағдан жүрегі лүпілдеп қоя берді. Інісін білем демейді, келінін біледі.

– Иә, келіні деген кім еді? – деп Бағдан салқын қандылықпен жай сұрады.

– Келіні – Әспет. Ой, керемет адам еді! Бағдан күрсініп қойды.

– Оның керемет екенін қайдан білесің? Ай, бір бәлең болған-ау, тегі?! – деп әзілдеді Асаға жеткенше асығып отырған Маусымбек.

Бағдан мазасызданыңқырап қалды.

– Ай, Маусымбек-ай, балалармен ойнайсың-ау. Мирас қысылған жоқ:

– Неге білмеймін? Ол кісі бізге сабақ берді ғой.

– Бізге де берген, – деп қосарланды шофер жігіт. – Орысша, қазақшаға бірдей, ағып тұратын.

– Мұрат дұрыс айтады, – деп қостады Мирас. – Мен орыс класында сегізіншіде оқыдым. Ал Мұрат қазақ класының сегізіншісінде оқыған. Әспет апай сөйлегенде біз аузымызды ашып қалатынбыз.

Мына сөздерден кейін Бағдан жүрегі орнына түсейін деді: «Апасы сонда жиырма-ақ жаста!» Мирас тоқтар емес:

– Кейде Әспет апай әдебиет пен өнер, эстетика тақырыбына лекция оқитын-ды.

– Рас айтасың, Мирас. Менің де есімде. Ол лекцияларға сонда қала мектептеріндегі мұғалімдер түгел жиналатын... – деді Мұрат.

Бағдан тағы бір күрсініп алды да, шалқая отырды. «Әлдене дер екен?» –деген түйіткілді көңіл жадыраған сайын Әспетке деген сағыныш туы көтеріліп сала берді; Жаным-ау, неге хабарласпайды?

– Ол апайларың қайда енді? – деп сұрады енді Бағдан жымбажолдап.

Жігіттердің жауабы бұл ретте қабыспай қалды.

– Қайта түсіп, МГУ-ды бітірген соң өзінің туған жері Маңқыстауға барды деп естігем, – деді Мұрат.

– Жоқ, қате. Әспеттің туған жері Маңқыстау емес, Семей жағы ғой. Ол қазір Ақсуат, Тарбағатай, Аякөз аудандарының бірінде болса керек, – деді Мирас.

Осы әңгімемен олар Аса өзенінің жағасына келді. Шынында да кемері аласа мына бір тау өзені осы тұста тым жалаңаш екен. Қай жақтан келіп қарасаң да көзге түсері баяғы жалғыз ағаш – Мәжнүн тал. Машина тура соған бет алып келеді. Арада сегіз жылдан астам уақыт өтсе де, бәрі де Бағданның көз алдында. Әне, арғы беттегі ана ойпаңдау көгалды жерге машинасын қойған. Міне, мына бір жерден қол ұстасып екеуі бергі жағаға өткен... Бұрқырап жатқан қоймалжың лай су да сол қалпы.

– Ал, ағасы, мәжнүн талыңызға келдік, – деп Мұрат машинасын кілт тоқтатты.

Көктемде дүрліге көтерілген дала реңкі қуқыл тарта бастаған шақ. Күн сондай ыстық. Тау жақтан соққан леп жақын жерде лапылдап жанған от қызуындай. Машинадан қарғып түскен жігіттер суға бірден лап қойысты. Ал Бағдан болса, шешінуін шешінсе де бүкіл жан дүниесін баураған сағыныш сезімінің жетелеуімен мәжнүн тал астына келді. Жылдар қылауы оған да белгі берген. Жалбыр шашты бір бұтақтар еңкейе-еңкейе қуарып сынып түсіпті. Оның есесіне жас бұтақтар ұшталып, «кәне, былай тұр, орныңды мен басам» дегендей жайыла еңкейіп келеді.

Бағдан баяғы өз «орнына» келді де шалқалай жатты: Аспан нәлге салғандай тұп-тұнық, мөп-мөлдір. Бар болғаны батыс жақ қияда алақанға салып үрлеп, ұшырып жіберген мақта секілденіп екі-үш шөкім ақша бұлт қалықтап барады.

Құдды бұдан сегіз жыл бұрынғы аспан. Сегіз жыл бұрынғы ақша бұлттар. Тасқа жазылған өлеңнің бүгінгі күнге жеткен жолдары тағы да көңілге оралды: аспан... бұлт... Аруана дүние... Оқыс бір түйін: сегіз жыл дейсің, сегіз жүз жыл бұрын да мөп-мөлдір осы бір аспанда үлпілдеген осы бір бұлттар қалықтаған ғой. Кім біледі, жан тәсілімін жасар алдында Айша ананың бір кезде жер дүниені табындырса да, міне, енді сөніп бара жатқан қара көздері қазақы үйдің қара шаңырағынан дәл қазір мына Бағдан көріп жатқан мөлдір аспанға, ана қалықтап бара жатқан ақ үлпек бұлттарға түскен болар?.. Сурет салып дағдыланбаған, бірақ тіл өнерін дертке балап, көкке көтерген ел осы бір сәтті келер ұрпаққа жеткізіп бер деп дәупері ақынына тапсырған шығар... Дәупері?.. – Бағдан сегіз жүз жыл бұрын өтіп кеткен атсыз ақынға осындай теңеу тапқанына шошынып қалды. Жоқ, шын дәупері ол ақын. Өйткені «...Аруана дүние...» жай ақынның қолынан келе бермейді. Жай тілдің ұшына орала да бермекші емес. Аруана дүние?.. Мал баққан қазақ даласында аруана сұлулықтың төресі. Олай болса, мына қолдан тайып өтіп бара жатқан ыстық дүниеге ыстық іңкәрлік болды ғой?.. Арманды Асан Қайғының аңыз болған желден жүйрік желмаясы да осы аруана. Олай болса, дүниенің ешкімге ұстатпай кететін шолақтығы ма екен аруана? Аруана – туған жерге деген айнымас махаббат бейнесі. Көзін байлап жердің қай түкпіріне апарып тастасаң да, бөтен жерді жерсінбейтін, туған жерін таппай қоймайтын жануар ғой ол. Олай болса жер қиянында тірлік кешкен атақты Бибі өлер сәтінде өзінің туған жеріне апарып қоюды өсиет еткен екен ғой? Мына сиқырлы сөз тіркесінде не сыр, нендей мән бар? Бағдан қалай ойланбаған осыны? Осы жұмбақты шешіп алмай Айша Бибіні қалай жазған? Бағдан шалқайып жатқан қалпы көзін жұмды. Кенет он бойын соғып өткен дауылдай «қайта жазсам» – деген шабыттың жойқын күші баурап әкетті. Бағдан Айша Бибіні қайта жазады. Жоқ, қате, Айша Бибіні емес Әспетті жазады. Айша Бибі Әспеттің фонында тұрады. Сегіз жыл болса да құлақта тұнған таныс дауыс, Бағданның іңкәр даусы

– Әспет даусы. Сонымен не айтпақсың? – деп сұраған секілденді. Жоқ, қате, ең әуелі Мәжнүн тал... одан әрі Айша Бибі, ал одан әрі қол жетпес алыста Әспет... Көзі жұмулы Бағдан жаңағы өзі іңкәр дауысты естір ме екенмін деп тағы да құлақ тікті: жалаң аяқ құм басқан аяқ дыбысы жақындап келеді... Жүрегі тарсылдап соққан жігіт көзін жұма түсті: қазір келеді де, шөп еткізіп мұның бетінен сүйеді. Сонда қайтсе де шапшаң қимылдап үлгереді де, құшақтай алады. Босатпайды сосын. Рас, осы үміт ақталып қалатындай аяқ дыбысы қасына келіп тынды. Мұның бетіне көзін қадап еңкейгені сезілді. Дем алысы естілді. Бағдан құшағын аша берді: «Ал шөп еткізсейші енді». Бірақ шөп еткізген ешкім болмады. Бағдан көзін ашты: өзіне үңіле төніп тұрған Маусымбек екен.

– Ұйықтап қалғанның қай жағысың? Жүр, суға түс. Жігіттер дастарқанды жайып, дайын отыр, – деп Маусымбек Бағданның қолынан тартты.

 7

Сол күннің кешінде кездесуде болып қонақ үйге кеш қайтқан Бағдан түнде қызық бір түс көрді. Дәл өңіндегідей. Аса өзені бұрқырап жатыр. Арғы бетте жарға төніп Айша Бибі күмбезі жарқырап тұр. Бұл жерге қалай келіп қалған? Бағдан соған қайран. Жоқ, қате екен. Айша Бибі келмеген, қайта Аса өзені сол Айша Бибі күмбезінің қасынан өтеді. Қалайша? Тіпті түсініксіз. Бағдан осы бір жұмбақты шеше алмай қиналады. Өзі бергі бетте. Баяғы мәжнүн тал. Шашақты бұтақтары басын бұрынғыдан да төмен иіп көлемді аумақты алып жайылып кеткен. Бағдан соның көлеңкесінде отыр. Қасында... Әспет. Иә, иә, Әспеттің тап өзі. Ап-айқын. Ақшыл өңінде тіпті бір дақ, мін жоқ. Үстіне киген кең етек, ақ көйлегі төгіліп башпайына дейін түгел жауып тұр. Сондай жарасты. Әспет өңін көк көйлек ашады деген ұғым қайдан шықты осы? Әспет өңін ақ көйлек қой ашатын. Сол ақ көйлектей аппақ періште өңінде күлкі бар. Әспет Бағданға қарап күледі. Бағдан қол созды:

– Сағындым ғой, Әспет, келші бері...

Әспет басын шайқап, жылжи бергендей болды...

– Босқа әуреленбе, Бағдан. Ана екі балаңды қайтесің? Сәлиманы қайда қоясың?

Бағдан ұмтылып жүгірген секілденеді, бірақ жүрісі өнбейді.

Әспет жеткізбейтіндей.

– Тоқташы, Әспет! Екі бала өзімдікі ғой. Ал Сәлиманы...

Аққудың сұңқылы секілді бір дауыс Бағдан сөзін естіртпей жіберді:

– Жоқ, Бағдан, қателесесің. Мен өз қуанышымды басқа біреудің қайғысы мен көз жасынан іздемеймін. Meнің бақытым басқа біреудің бақытсыздығында болмауға тиісті.

– Әспет! Аялдашы сәл ғана!..

Әспет аялдамады. О, ғажап! Жалаң аяғымен Асаның ыстық құмын басып біршама жүгіріп барды да, жерден көтеріліп жүре берді. Құдай-ау, Әспет құс емес еді ғой, қалайша көтеріліп, қалықтап кетті? Жоқ, Әспет құс екен. Құс болғанда да құс төресі – аққу екен... Жаңа: «Менің бақытым басқа біреудің бақытсыздығында болмауға тиіс-ті, – деп аққуша сұңқылдап айтқаны да содан. Бағданның «ақ көйлек» дегені де қате. Ақ көйлек емес, аққудың ақ қанаттары екен ғой. Әспет сол ақ қанаттарын баяу қағып барды да, Айша Бибі күмбезін жанап өте берді... Жоқ, жанап өткен жоқ, тура барды. Айша Бибі әуелі сырылып жол берген секілді еді, о да қате болып шықты. Айша Бибі сырылмады. Көтеріле берді. Көтеріле берген Айша Бибі күмбезін Әспет ақ қанатына отырғызды да, мөлдір аспанның сонау қиясындағы ақша бұлттарға қарай самғай барып көзден ғайып болып жүре берді...

Бағдан шошып оянды. Байқаса жүрегі құрғыр тулап, қара терге түсіп қалған. Сағатқа қарап еді, ертеңгі сегіз. Алды да, Маусымбекке телефон соқты.

– Әй, Маусымбек, түнде жер сілкінген жоқ па осы?

– Оны қайдан шығардың?

– Білмеймін... Маған Айша Бибі күмбезі құлап қалған секілді болып тұр.

– Қой оныңды. Айша Бибінің қалған қабырғасы әлі мың жыл тұрады, – деп Маусымбек жұбата жауап қатты.

– Қайдам?.. Барып қайтсақ қайтеді?

– Түс көрудің қай жағысың? – деп күлді Маусымбек. Дегенмен Бағдан өтініп қоймаған соң, ертеңгі шайды ішкеннен кейін, Маусымбек пен Мұрат, Мирас төртеуі кешегі пұшық машинамен Айша Бибінің басына келді. Машина әрірек етекте қалған. Бұлар жаяу көтеріліп үнсіз айналып, құламай тұрған жалғыз қабырғаны зерттеп ұзақ қарады. Күмбез дін аман. Үстіне орнатылған шынылы қалпақтың есігі құлыптаулы тұр. Кейін орнатылған шойын шарбақтар мен тас плиталар төселген аллеялар кеш келсе де, ұқыпты қолдың, қамқор иенің барлығын танытады. Күмбез іргесіндегі тақтайда «XII ғасырда соғылған бұл ескерткіш-мұра Біріккен Ұлттар Ұйымының оқу-ағарту, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО-ның қарауына берілген» деген жазу бар. Күмбез тағдыры енді беделді халықаралық ұйымның қолында. Көңілге тоғы да сол.

Осы бір кезде етекке үлкен автобус келіп тоқтады. Ішінен шулай түскен қырық-елу саяхатшылар жақындаған сайын, сыбырға ауысып, ақыры күмбезді үнсіз айнала бастады.

Айша Бибіні өз көзімен көріп көңілі орныққан Бағдан машинаға мініп жатып қасындағы жолдастарынан:

– Келген сайын байқайтыным – ойнап-күліп дабырласып түскен адамдар Айша Бибі басына келгенде үндей алмай қалады. Себебі неде? – деп сұрады.

Мирас пен Мұрат бұл жайында ойланбағандықтарын танытып жауырындарын қиқаң еткізді. Ал Маусымбек жауабы көңілге қонбайды.

– Қанша көне дегенмен күмбез астында өлік жатыр ғой... Бағдан оларды сынайын деген жоқ еді. Ана екі жігітті аз біледі.

Ал өз жолдасы Маусымбектің сурет салу тәсілі біршама дұрыс болғанымен, әр құбылыстың тереңіне үңіліп, философиялық ой түйіндей бермейтінін бұрыннан сезетін. Айналып келгенде бұл сауалды Бағдан өзіне қойған еді. Соған енді өз жорамал-топшылауын ортаға салды.

– Меніңше, өлік жатқандықтан ғана емес, Маусымбек. Көзі барға көрініп тұрғаны секілді, құлағы, көңіл құлағы барға сөйлеп тұр ғой бұл күмбез. Сегіз жүз жылдан астам уақыт сөйлеп тұр. Жер бетінде ұлылық барын, жер бетінде сұлулық барын, жер бетінде асыл махаббат, тазалық барын паш етіп тұр ғой... Бұл ұлы мұраның басына, келген адам соны түсінеді. Соны түсінеді де тазарып, ағарып қайтады. Биіктеп қайтады.

Ана үшеу келіскендіктерін бас изеп түсіндіріп, үндей алмай қалды. Жаңағы пікірдің жалғасын қуалаған Бағдан да ойда. Асфальт жолмен зырлап келе жатқан пұшық машина Аса өзеніндегі көпірден өтті. Баяғы Әспет екеуі келе жатып бұрылған жер кейін қалды... Әспет... Кенет ой көзі көптен бері іздеп, бірақ таба алмай жүрген бір ғаламат шындықты ашты: Байқаса, ана Әспет пен мына Айша Бибі күмбезінде бір ғажайып үндестік, ғаламат ұқсастық бар екен. Айша Бибі секілді Әспет те ұлылық пен сұлулықтың, тазалықтың иесі. Егер Бағдан Әспет бейнесін жасаймын десе, ол бейнені, міне, осы қасиеттерден іздеуге тиісті.

Жел ызыңын, мотор үнін басып, кенет аққу сұңқылы естілді: мен өз қуанышымды басқаның көз жасы мен қайғысынан іздемеймін...

Мүмкін бұл тіпті аққудың сұңқылы да емес шығар. Көрген түсте Әспет айтқан осы бір мөлдір сөз ұзақ жыл бойы Бағданның өз көкірегінде піскен, сөйтсе де тілге оралып дыбыс болып шықпаған, мұның өз жан сыры шығар?.. Бірақ одан Әспет ұтылып тұрған жоқ қой. Өйткені, ол бұл сөзді өз аузымен айтпаса да, сол шындықты бар болмыс, ісімен танытып, Бағданға қайтсе де мойындаттырып, көзін жеткізіп кетті ғой. Бағдан күрсініп қойды. Көңіл көзі тағы бір шындыққа тірелді. Әспет бұған енді қайтып телефон соқпайды. Әспет бұған енді қайтып кездеспекші емес...

Бағданның жүрегі сыздады. Көңілге медеу болсын деді мe, жазсам ба деп арман еткен әлгі бір түк нобайы жоқ бұлдыр сағым секілді Әспет бейнесін қайта ойлай бастады. Қалай жазбақ? Ұлылық пеп сұлулықты, тазалықты танытар бұл асыл бейне қылқалам ұшынан қай күйде, қай түрде шықпақшы? Кенет Бағданның көз алдына Джоконда келе қалды: қызық. Әспет жалаң аяғымен құм басып, бұдан алыстап бара жатқанда қай күйде кетті осы? Күліп кетті ме? Әлде жылап кетті ме? Бағдан ойлап-ойлап таба алмады. Бірақ таба алмадым деп ренжіген жоқ. Өйткені шын талантты дүниенің өмір мен өлім таласындай болып ауыр толғақпен келетініне оның көзі жете бастаған еді. Бір жап-жақсы әннің өлеңінде «мен сенің құдіретіңе түсінбедім» – деген жол бар. Сол туралы Әспет бір сөз орамында: «Қандай аңғалдық! Түсінсе ол құдірет бола ма? Құдіреттің құдіреттілігі түсініксіздігі мен жұмбақтығында емес пе?.. Неліктен оған таңданып қамығады?» – деп еді. Сол сөзді есіне алды да Бағданның көңілі орнына түсейін деді. Шалқая отырды. Керек десең Әспеттің жұмбақтығының өзі жақсы. Себебі: Әспет адам түсінбейтін құдіреттілікке меңзейді. Егер жұрт ойлап, бағалағандай Бағдан бойында шын таланттың бір сынығының бары рас болса, бір әдемі күні бұл құдіретті бейне Монна Лизадай жарқырай шығып, галереяның бір үлкен залында жұрт көзін сұқтандырарына сене берсе де болады ғой...