
Күз келгелі қуанышым сейілді. Кешегі шуақты күндер артта қалып, ескертусіз жеткен мезгіл жүректегі жылы ұямды астаң-кестең етті. Жаз лезде өте шықты… Неге екенін білмеймін, төрт маусымның ішінде жаныма ерекше әсер қалдыратыны тек жаз ғана. Егер жазым мағынасыз өтіп кетсе, іштей өзімді кінәлі сезініп, «күзде не істер екенмін?» деген қалың ойға қаламын…
Негізінде сүйікті мезгілім – қыс. Оны тіпті неге сүйетінім әзірге белгісіз. Мүмкін, ақ мамыққа оранатыны үшін шығар – сондай тыныш... Жалпы, суық күнді ұнатқан емеспін. Бірақ жаңа жауған қарды уыстап жегенге не жетсін. Осы тұста сыныптас жігіттер еріксіз еске оралады. Қыздарды қалың қарға омақаса құлатып, тұншықтыратын. Егер жерде құлап жатсаң жігітіңнің пайда болғаны...
Есейген сайын мұндай оқиғалар саны сирей береді екен. Сол ғана өкінішті. Уақыт – әрқайсымызды қашап, түрлі қалыпқа салып, кейде жаншып, кейде бауырына басып та алады. Десе де, жаз бен күзді елемей, қысқа оралғым келеді…
Мені біреу құлатса деймін. Осы сәтте айнала ақ қалаға оранып, бақыттан басым айналып, қар астында тұншығып жатсам ғой, шіркін… Мүмкін, бұл – санама сіңіп қалған сәттердің жаңғырығы. Сағынып отырған да жоқпын, бәрі кеше ғана болғандай. Сағаттар тез жылжығандықтан болар, кеше мен бүгінді жиі шатастырамын. Ешкімді сағынып үлгермеймін. Бес-алты жыл көрмеген таныстарды кенет жолықтырып қалсам да, уақыт салған сағынышты сезіне алмаймын. Жалпы мен біреуді сағындым ба өзі?
Басыма мұндай ойлар жиі келе бермейді, тек бүгін сенбі болған соң төсегімде жатып алып, ананы-мынаны ойлаған түрім. Қалған күндері жұмыстан қолым босамайды. Кейде ойлап қарасам, әріптестерім ғана сағынып, амандығымды тілейтіндей көрінеді. Әрине, сырқаттанып қалсам орныма артық жұмыс істегісі келмейді ғой. Дегенмен, сондай сәттердегі қарым-қатынасты мейірім деп қабылдайтын болыппын. Көп нәрсеге жеңілінен қарап, болмысты қабылдауды үйренген сияқтымын. Жуасыған шығармын, мүмкін өстім… Дәл қазір көрпемді қыпсыра құшып, ойлар ағынына еніп кеткендіктен бе, қиялдан шындыққа ауыса алар емеспін. Көптен бері аяғына жете алмай жүрген романым бар еді. Кітапханаға барып, тыныш жерде соны жазуым керек болған. Бірақ қазір түрегеле қоймасымды біліп, сүйікті Наромды күтіп жатырмын. Ол тілімен түйресе де, төсегімнен тұрғызып алатыны бар. Сол сәт туғанша ой құшағында жата тұрмақпын. Әр сенбі осы…
Бір күні ішкі тыныштық іздеп, ғибадатханаға бардым. Сол жерде Нароны кездестірдім. Мен секілді үнсіздікке бет бұрған адамды біреудің жақтыра қоюы екіталай. Бұл тәжірибемдегі ең баянды таныстық болды. Солай бірге тұрып кеттік, бүгін тура алты ай. Нароның үй тірлігіндегі кішігірім заңдары мені таңғалдырады. Мысалы әр таң сайын шайды тек сол қолымен құяды, оң қолы бос болуы керек, «жағымды энергия осылай айналады» дейді. Теледидардың дауысын әрқашан тақ санда қалдырады: 13, 17, кейде тіпті 21-ге. Себебін сұрасаң, «жұп сандар менің қас жауым» дейді. Ол үй гүлдеріне бұрын ұнатқан жігіттерінің есімін береді. Ал эмоциялы анимлерді көргеннен кейін үш күн әлеуметтік желілерден бас тартады. «Жүрекке де демалыс керек» – деп, өзінше аниме-детокс жариялайды. Бір жолы «Attack on Titan» - ды көріп отырып бас кейіпкер мертіккенде 10 минуттай үнсіздікте қалды, сәлден соң есін жиып ноутбугін көрпе астына тығып қойды. Неге олай істедің деп сұрасам: «Ноутбугімді эмоциялық шоктан тазалап жатырмын» деп жауап берді. Мұндай сәттерде оны түсіну қиын, бір жағынан қызық. Әр әрекетінің артында өз логикасы, өз әлемі тығылып жатады. Біреуге оғаш көрінуі мүмкін, ал мен үшін Наро осындай қалпымен ерекше. Кейде оның шектеулері еркіндік секілді көрінеді. Ол дүниеге өзгеше қарайды. Дәл сол себепті оның қасында өмірдің әр сәтін тереңірек сезіне бастадым. Түсініксіз, тіпті мағынасыз көрінетін ұсақ-түйек нәрселерден де мағына іздеуді үйрендім.
Пәтер іші үнемі күнгірт тартып тұрады. Біз көшіп келгелі осы. Мүмкін мұның бәрі үйді көлеңкелеп тұратын көкшіл жалюзиден шығар. Бұндай сезімдерді Наро байқай бермейді, ол үшін бөлме іші таза, сүйікті гүлдері жайқалып тұрса жеткілікті. Кейде гүлдері күн көзін көрмей қалай өсіп жатыр екен деп қаламын... Мен оған талай рет жібек перде алайық деп айттым. Ол көнбеді. «Жерде сөлбіреп тұратын перде неге керек?» – дейді. «Қысқалауын алсақ та болады ғой» – десем, тағы бір сылтауын айтып, бетін бұрып әкетеді. Бірде «Күн көзін сағынып жүрмін» – деген бір ауыз сөзім дау туғызды. Сол сәтте ол: «Қанағатсыз екенсің, менің жылуым саған аздық ете ме?» – деп ренжіді. Содан бері бұл тақырып екеуміздің арамызда қозғалмайтын болды.
Әдетте Наро үйге кірер алды есікті кілтпен тарсылдатып барып ашады. Бұнысы «мен келдім» дегені. Қазір де сол дағдысынан жаңылмай, кілтті тесігінде біраз ойнатып барып ашты. Сырт киімін шешіп, қолындағы сөмкесін асүйге апарып, жолай алған тәтті бәліш пен тауық сорпасын үстелге қойды. Кейін бірден терезені ашып, түннен қалған дастарқан үстіндегі қоқымдарды бір сүртіп өтті. Осы кезде ғана қол жуу керектігі есіне түсіп, жуынатын бөлмеге қарай жүгіре кірді. Қолын жуып болған соң, айна алдында өзіне тамсана, масаттана біраз қарап тұрды да, үстіндегі шілтері көйлегін шешіп, суға түсті. Әдетінше, басын жуған жоқ, оны аптасына екі-ақ рет иіс сумен майлайды. Суға түсерде таза киім алуды ұмытып кеткені есіне түсіп, жалаңаш күйде жатын бөлмеге тоңазып кірді. Мен теріс қарап, өтірік ұйықтағансып жатқанмын.
– Қарама, жалаңашпын! – деді.
Сөзін анық ести алмай артыма бұрылып едім, бір қолымен кеудесін, екінші қолымен күнтимесін жауып тұра қалды.
– Қарама дедім ғой саған, – деп қылымсыды да, төрдегі шкафты ашып, ішінен өзіне лайықты киім іздей бастады.
Мен Нароның бұл әдетіне әлдеқашан үйреніп кеткем. Ол үйде жалаңаш жүргенді ұнатады және әрдайым өзін сұлу екенімді айтып отыруымды қалайды. Қазір де оның оймақтай жамбасына көзім түсіп кетті.
– Толықсыған секілдісің, – дедім.
Бұл сөзім оған майдай жағатынын білсем де, өзінше қыр көрсетіп:
– Қарамасаңшы, ұяттан жұрдай екенсің, – деді күліп.
– Әлі тұрмағансың ба? Кітапханаға баратының қайда?
– Енді барамын.
– Үйді де жинамапсың. Тым болмаса кір киімдеріңді жусаң болмай ма? – деді сәл ренішті үнмен.
– Үлгеремін ғой... Үлгермесем де ештеңе етпейді.
– Әрине, өзің білесің ғой, – деді бейқам кейіппен асүйге қарай бұрылып.
– Наро, тоқташы! – дедім орнымнан кішкене көтеріліп.
– Не болды?
– Мен өзгергенмін бе? –дауысым бәсең шығып, өз-өзіме сенімсіз күйде сұрадым.
– Білмеймін, бұрыннан осындай секілдісің. Күңіреніп, құлазып жүресің. Стилің сондай, мүмкін жазушы болғаныңнан шығар.
– Жоқ, мен басқа едім...
– Қандай едің?
– Дәл сен секілді... – дедім, көзім оның көлеңкесінде қалып.
– Мен секілді? Жо, жоқ екеуміз мүлде ұқсамаймыз. Оны өзің де жақсы білесің ғой.
– Білмеймін. Маған екеуміз бір адам секілді көрінеміз...
– Түріңе қарашы, әлі жатырсың. Орныңнан тұрып, жуынып-шайынсаңшы. Түскі ас әзірлеп жіберейін. Екуміз жақсылап тамақтанып алайық. Жақсы ма? – деді жымия қарап.
Ол ылғи солай дейді. Сұрақ қойсам, жалтарады, қуланады... Сүйріктей саусақтарымен су шашын, арлы-берлі желіп өтіп, денесін тік ұстап асүйге бұрылып кетті. Мен де оның жетегіне еріп, жуынатын бөлмеге кірдім. Кіре берісте Нароның іш киімі жатыр екен. Қарауға болмайтынын білсем де, еріксіз қолыма тиді. «Бұл менікі емес пе?» деп қоямын ішімнен. Шатастым... Наро шешіп кеткен іш киімді өзімдікі деп ойлағаным қалай? Ойым быт-шыт. Бұдан ерте құтылмасымды біліп, суға секіріп түстім. Душта көзімді жұмып, ұзақ үнсіздікте қалдым. Ештеңе ойламауға тырыстым. Басқа адамша жуындым. Кеудемді өзгеше ысқыладым. Тәнімді құштым. Өзімді сүйдім... Сүлгімен жеңіл сүртініп, денемді асықпай кептіріп алдым. Шашымның әр толқынын баппен тарай бастадым. Айна алдында ұзақ тұрып, өз бейнеме көз тастадым. Жүзімде бір нәзік жарқыл пайда болғандай көрінді. Шашым жұпар иіс аңқып, табиғи қалпымен жайқала кетіпті. Бетіме жеңіл макияж жасап, өзіме жарасымды далапты таңдадым. Киімімді мұқият киіп, айна алдында бір айналдым, бәрі үйлесімді, жағымды. Қимылымда сенімділік, жүрісімде жеңілдік бардай. Кішкентай сырға, білезік бәрі де ұқыптылықпен таңдалды. Есікті ақырын ашып, сыртқа қадам бастым. Наро әдеттегіше аниме көріп отыр екен. Маған таңғала қарады. Қас-қағым сәтте үнсіздік орнады. Оның жанарында таңданыстың ізі байқалды, осындай бейнеде мені алғаш көруі.
– Құлпырып кетіпсің...
– Рахмет! – дедім қысқа ғана, көз ілеспес жылдамдықпен аяқ киімімді киіп жатып.
– Қайда жиналдың?
– Асығып тұрмын. Кітапханаға кетуім керек.
– Тамақтанып барсаң болмай ма?
– Жоқ, қажет емес!
– Түс ауғанша төсегіңнен тұрмай жаттың, енді неменеге асығып қалдың? – деді ренжіген күйде.
– Тез кетуім керек!
– Саған не болып жүр?
– Ештеңе!
– Не жасырғаның бар?
– Не жасырушы едім?
– Бірдеңе болғаны анық...
– Бұлай қыстай алмайсың, сұрап тұрғаның менің жеке өмірім болуы мүмкін... – дедім салқын үнмен.
– Жеке?... Мен білмейтін қандай жеке өмір ол?
– Әр нәрсені айтуға міндетті емес шығармын. Бір үйде тұрғанымыз болмаса екі бөтен адамдармыз.
– Жарайды, солай-ақ болсын. Ашуланбашы... Аяқасты өзгеріп шыға келгеніңе қайранмын. Десе де, сені сөгуге хақым жоқ. Сөзіңнің жаны бар. Екеуміз аты да, заты да бөлек жандармыз. Тек... Бірге көп уақыт өткізген соң бөтен емес шығармыз деп қалдым. Шекараңнан өтіп кетсем кешір...
Кері жауап қатпадым. Асықпай, салқынқанды күйде сөмкемді иығыма ілдім. Кіреберісте тұрған айнаға бір көз тастап, шашымды саусақтарыммен түзеп өттім. Үстімдегі киімімнің қыртысын қолмен жазып, есікке беттедім. Наро отырған жаққа қараған да жоқпын. Есіктің тұтқасын ұстап, кілтті бұрадым. Бір сәт кідіріп, терең тыныс алдым да, сыртқа шығуға әрекет еттім. Бұлай қипақтап жүруімнің түп себебі – Наро. Иә, дәл өзі. Тағы да сұрақ қойғанын күткендей болдым. Айтылмай қалған дүниелер көп еді. Ішімде тұншығып жатқан ойлар екі бүйірімді қысып, тынысымды тарылта бастады. Бір ауыз сөз жетіспей тұрды...
– Саған бөтен емеспін ғой, қайсібір мұң-мұқтажыңды келеке етіп едім... Неге бұлай ауыр сөйледің?!
– Кешір. Өзім де түсінер емеспін, бойымда бір өзгеріс пайда болған секілді.
– Не болғанын айтпайсың ба?
– Айта алмаймын.
– Сенбейсің бе?
– Олай емес, тек түсінбейтіндей көрінесің.
Наро үнсіз қалды. Бұл үнсіздік құлағымды жарып бара жатқандай... Тағы да әдейі істеді. Мені осындай күйге түсіруге шебер. Айқайлап, бар ашуын шығарса ғой деп едім, бірақ ол үн қатпады. Қандай жағдай болса да, ашуға бой алдырмайды. Дауыс көтеріп, опай-топайлатып жүретін мен ғана. Ол бәрін ақылмен шешеді, ешқашан қателескен емес. «Сезімге ерік берме, ақылыңды ғана таңда», – дейтін ол үнемі.
Көндіктім. Не айтса, соны бұлжытпай орындайтын болдым. Бұрынғыдай алып-ұшып тұратын, елпілдек қыз енді жоқ. Айналамдағы адамдарды өзіме жақындатпай, сырттай ғана бақылайтын болдым. Наро дұрыс айтыпты: ешкімге сенбеу керек екен...
Эмоцияны өлтіріп, ақылға жүгінген сайын ішім біртіндеп босап жатқанын аңғардым. Ал қазір ішімде ештеңе қалмаған сияқты. Боп-бос... Күлмеймін. Қазір мені ештеңе таңғалдыра алмайды. Айналамда не болып жатқаны маңызды емес, бәрі жай ғана бірсарынды қозғалыс. Сезім болмаған жерде ауырсыну да жоқ. Күтпейсің – демек, үміттенбейсің. Сенбейсің – демек, алданбайсың. Жақсы көрмейсің – демек, жоғалтпайсың. Таныстарымның күйзеліп, күйіп-пісіп жүргенін көргенде мүсіркей қарадым. Өзімде ондай қайғы жоқ, рақат. Өмір – бейтарап. Иә, осылай өмір сүру оңай. Оңай, бірақ, бос...
Барлығы өзгерісте, тек мен ғана уақыттың ішінде тоқтап қалғандаймын. Айналамдағылар бақытты болуға талпынып жатыр. Оларға қарап, өзімді жат сезінемін. Бәрі жасанды. Бәрі мағынасыз. Кейде өзімнен: осылай өмір сүргенім шын өмір ме, әлде тек тіршілік ету ғана ма? – деп сұраймын. Жауабы жоқ. Болса да, өзімнен жасырып қаламын. Бояусыз, үнсіз өмір жасанды дененің көлеңкесі іспетті. Шатастым. Бір кездері Наро айтқандай, ақылға ғана сүйеніп өмір сүріп көрдім. Бірақ ақыл тек тыныштық қана бере алды, ал адамды алға жетелейтін жүрек қой...
Наро мен үшін ерекше әлем. Қасында жүріп көп нәрсені түсіндім, анығында өзімді, өзімнің сезімдерімді таныдым. Бірақ, енді онымен бірге тұрғым келмейтінін ұқтым...
– Сағат қаншада келесің?
– Кешір Наро, мен енді келмеймін.
– Келмегені қалай? Өзіңнің не айтып тұрғаныңды түсінемісің?
– Жоқ. Түсінбеймін.
– Егер ашуыңа тисем кешір, өкпелеп қалдың ба?
– Наро, өтінем, мені босатшы...
– Ендігәрі бұлай деме. Жүрегімді ауыртасың!
– Қателескім келеді... – дедім.
Ақымақ емес қой, не айтқым келгенін бірден ұғынды. Оның көзіне қарап едім жылап тұр екен. Қала алмайтынымды ұғып, артыма бұрылмастан сыртқа беттедім. Бұл мен үшін аяқталған бір кезең еді. Үзілген жіптей... Сол сәтте анық түсіндім: өмір тоқтамайды.
Уақыт біреуді алып кетсе, біреуді алып келеді. Біреу үшін бір нәрсе аяқталса, екінші біреу үшін жаңа күн туады.
Кеш кіріп үлгеріпті. Қала үні баяулап, күңгірт әуезге айналғандай. Мұның бәрі менің ішкі әлемімнің жаңғырығы іспетті. Кітапханаға қарай аяңдап келем. Алыстан қарауытып көрінді. Терезелерінен сызылып түскен жарық қана оның іште тіршілік бар екенін аңғартады. Қанша рет осында келіп, өзіммен сырласқым келгені есіме түсті. Қақпа алдына тоқтадым. Кенет… бір демнің маған қарай жақындап келе жатқанын сездім. Жүрегім біртүрлі қатты соғып кетті. Әлдебір таныс леп, таныс иіс… Иығымнан әлсіз діріл жүріп өтті. Қақпаны ақырын итеріп ашып, ішке ендім. Өз көзіме өзім сенбедім. Көзіміз түйісті. Уақыт тоқтап қалғандай. Біз бір-бірімізді үнсіз қарсы алдық. Бұл сәттің туатынын екеуміз де сезіп жүргендейміз. Тек, қашан екені білгісіз...
– Мезгілсіз сәтте пайда болсам, айып етпе... Дәл бүгін көрісіп қаламыз деп ойламадым, – деді тосылып. Жылдар бойы ішінде бұғып жатқан ойлар су бетіне қалқып шыққандай. Даусында бір үміт жасырулы.
– Ештеңе емес. Мен жай кітапханаға келгем, – дедім бойымды тез жинап. Күтпеген кездесуден жүрегім атқақтап тұрса да, сыр бергім келмеді.
– Түсінем. Айтпақшы, мұнда келіп жүргеніме жарты жылдай болды. Сені байқамадым ғой... – жанарымды аңди қарап сұрады.
– Келетін сылтауым болмады, – дедім қысқа қайыра. Сол сәтте өзіме де өтірік айтып тұрғандай болдым.
– Сылтау? – сәл түсінкіремей тұрды.
– Жазбай кеттім, – дедім жай ғана.
– Айтпақшы... – есін жинап үлгермей, кенет ойы тағы да ескі естеліктің ізіне сүрініп бара жатқандай көрінді.
– Мен фильм түсірдім, – деді сәл мақтанышпен. Даусынан: «бұл жаңалықты ең бірінші болып сен естуің керек еді» деген белгісіз өкініш сезілді.
– Өзің жазған сценарийіңе ме?
– Өзім жазған...
– Құтты болсын! Қалай көруге болады? – дедім шын қуанып.
– Көрсетілімге енді шығады. Сенің романың не болды? Аяқталды ма?
– Солай десе де болады...
– Түсінбедім? – даусында таңданыс пен алаң бар.
– Финалын шығара алмай көп қиналдым. Сол үшін жазбай кеттім. Кейіпкерімді жоғалтып алдым... Саған қарасам керісінше секілді, кейіпкеріңді жолықтырған сыңайлысың, – дедім күдігім жиілей.
– Иә, үйленгелі жатырмын, – деді байсалды түрде.
– Сөзіңде тұрыпсың ғой... – алай-дүлей күйге ендім. Жүрегім дүрсілдеп соға кетті, ал, көкірегімде бос кеңістік пайда болғандай.
– Нені айтасың? – жақынырақ қарады. Көзінде таңданыс, іштей мені түсінуге ұмтылған түр.
– Фильм түсіргеннен кейін үйленем деуші едің... – дедім сәл кідіріп. Осы кезде болашаққа бірге қараған шақтарымыз есіме түсті.
– Рас-ақ... Тойыма келесің бе?
– Шақырсаң егер... – дедім жымиып. Өзімді сырттай жайбарақат көрсеткім келді, сол күйде тұрмын...
– Жылап қалмайсың ба? – тосылып қалды. Маған алаңдағандай көрінді. Жанарымнан жауап іздеді.
– Жоқ! – дедім сенімді түрде. Қанша білдірмеуге тырыссам да, дауысымның ар жағына діріл тығылып тұрды.
– Кешір... – деді қолымды ұстап.
Оның алақаны менікіндей мұздай екен. Сол сәтте ішкі дүниемізде жарық қайта жанды. Ол мені құшақтады... Денем оның жылуы мен иісіне бөленіп, ішімде ұзақ уақыт жиналған сағыныш пен құштарлық тұтанды. Қолдарымен кеудемді сыйпап өтіп, мойнымнан жеңіл иіскеді. Сол сәт мені бүкіл әлемнен бөлектеп, жеке бір ғаламға жетеледі. Тәніміз бір-біріне үйлесіп, тынысымыз тұтасып, құмарлық пен үміттің аралас лебі ақылымызды жеңіп, бір сәтте бір-бірімізге байландық та қалдық.
– Соңғы рет сүйіссек қалай?.. – дедім, есім шығып. Даусым қалтырап, өзімнің не айтып тұрғанымды да толық сезбей тұрдым. Бар ойым осы сәтті тоқтатпау еді.
– Жоқ, Наро! Сен шынайы махаббатқа лайықсың. Мен саған тең емеспін. Кешір...
Ол менің атымды атағанда, өзімді қайта тапқандай болдым. Қорқыныш пен шатасу сол сәтте жоғалды. Көзімнен ыстық жас ыршып түсті. Балаң, сеңгіш, қорқау Наро... Бұл есім мені өткеніммен қайта қауыштырды. Кеудемде жасырып келген сезімім қайта тірілді. Бұл өзімді еске түсіру еді. Бір кездері өз үнін тыңдаудан қалған бейнеммен қайта табысу еді. Бірақ өмір жалғасады. Мен үшін басқа есік ашылады – мен соған сенем.
– Айтпақшы, – дедім кенет. – Қазір тұрып жатқан пәтерімнен көшпекші едім, жүгімді тасуға көмектесіп жібересің бе?
– Әрине, көшіріп қоямын, – деді.
– Олай болса, сау бол! – дедім, жеңіл жымиып. Ішімде бос кеңістік пайда болды. Шынымен де жеңіл жымидым. Ескі мен жаңа арасындағы соңғы көпірді басып өттім.
– Сау бол, Наро! – деді ақырын.
Ол бұрылып кеткен сәтте, ішімнен бір дәуір көшіп өтті. Енді кітапханаға жиі келетін боламын...