58

Қуат Бораштың қысқа аллегориялық әңгімелері

 

1.     СҮРБОЙДАҚ

 

Асқар жігіт ағасы жасына жеткелі жалғыздықты шындап сезіне бастады. Жасы қырық бесте. Сүрбойдақ. Қабығы қарға аунаған түлкінің жүніндей жылтырап тұрса да мейіздей кеуіп кеткен былтырғы соғымның қазысы сияқты қақшиып тұр. Атынан ат үркитін әйдік қаржы компаниясында менеджер. Жалақысы бір басына жетіп артылады. Өзінен ештеңені аяп көрген емес. Біраз жылдардан бері қаланың қақ ортасында даңғарадай пәтерде тұрады. Соңғы үлгідегі брендтік киім киеді. Қолында швейцариялық «Rolex» сағаты. Бағасы өте қымбат. Кейде соны зілдей қылып таққысы да келмейді. Бірақ ол әлеуметтік статус. Тамақты мейрамханалардан тапсырыспен алдыртады. Сырттай қарағанда «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ». Әттең, көңіл сынық.  

Жексенбіні иттің етінен жек көреді. Өйткені уақыт өтпейді. Сөйлесетін ешкім жоқ. Қазіргі жалғыз досы – меңіреу тыныштық.  Өмірдегі достарының бәрі біртіндеп ізім-ғайым болды. Ешқайсымен ұрысқан жоқ. Араздасып айырылыспады да. Бәрі уақыттың тегеурінді толқынында жағадағы құмдай шайылып кетті. Қазір қайда жүргендерін де білмейді? Бірі — қалаға, бірі далаға, бірі молаға кетті...

Жалғыз досы болса да меңіреу тыныштық тырс етіп дыбыс бермейді?  Сол үшін де тыныштық емес пе?! Атшаптырым бөлмеде әрлі-берлі сенделіп жүр. Есерсоқ адамдай еденді тепті. Қабырғаны ұрып көрді. Біреуі ләм десейші? Ақ былғарымен қапталған жұмсақ диванға барып отырды. Ол да мылқау. Қолындағы «Rolex» сағатын шешіп қасына қойды. Енді жын ұрғандай сағатына тиісті.

– Сені қымбатқа сатып алғанымды қайтейін, — деді ол тірі адамға ашуланғандай тістеніп. — Енді өмірдің қалай өтіп жатқанын  аяусыз еске салып, ең қымбат уақытымды ұрлап жатсың. Ақыр аяғында міне, жападан жалғыз отырған түрім мынау?

Кенет түйсігінде әлсіз сигналдар еріген түйіршіктердей көпіршіп, талшықтары арқылы тарап, әлдебір белгі берді. Мәссаған. Оны сағаты естіп тұр. Тіпті жауап қатты. Ол – сағаттың тілі арқылы Асқармен тілдескісі келген «уақыт» болатын.

– Асқар, кейінгі кездері сен өткен күндерің үшін мені көп кінәлайтынды шығардың? Біле білсең, саған бәрін бердім емес пе? –деді Уақыт. – Жастықты, бақытты, байлықты.. Ал сен оны ешкіммен бөліскің келмеді? Бәрін болашақ әйелің, балаларың тартып алып қоятындай қорықтың?

– Мүмкін… – деді ол ақырын. – Бірақ мен өзімді жақсы көремін. Ол қылмыс емес қой?

Уақыт жауап қатпады. Үндемегенге басынып алатын әдетімен Асқар енді батыл сөйлей бастады. 

– Сонда да сен маған қарызсың? Менен көп нәрсе алдың. Оның орнына не бересің?

Мен ешкімге қарыз емеспін, деді Уақыт. Керісінше, сен маған қарыздарсың.

Асқар абыржып қалды. Уақытты босқа өлтірмейін деп пәтер алды, мәшине мінді, мінсіз қызметін атқарып жүр. Неге қарыз емес?

 Ол қандай қарыз?

– Енжарлығың үшін қарыздарсың. Жар сүюді – кейін деп, дүниеге ұрпақ әкелуді – ертең деп, еңбегімді еш еттің.

  Оны енді бәрібір қайтара алмайсың ғой?

– Мен қайтарып берген жағдайда да сенен қайран жоқ. Мүмкіндік берсе де сен сияқты енжарлар бәрібір ештеңе істемейді? Сол өмірін қайтадан сүре береді. Ештеңеге жанын қинағысы келмейді. Мойнына жауапкершілік алудан қорқады. Сол күн, сол пәтер, сол жалғыздық… Өйткені сендер өзімшілсіңдер.

– Сен неге көпке топырақ шашасың?

– Мен тек сен сияқтыларды кінәлап отырмын. Дәл қазірдің өзінде мыңдаған адамдар сен сияқты өткеніне өкініп, өмірді қайта бастағысы келеді. Бірақ солардың бәрі жексенбі күндері осылай түк бітірмей, менің түпкі мәнімді түсінбей құр босқа өткізе береді.

Сонда мен бәрінен кеш қалдым ба? Үміт – сенің досың емес пе?

– Кеш деген ұғымды ойлап тапқан сен сияқты адамдар. Менде тек «қалды» немесе «қалмады» деген өлшемдер ғана бар. Ал, үміт жігерлі адамдар жағында жүреді.

  Сонда менде қаншасы қалды?

Уақыт тағы үнсіз қалды. Шот тастарын қағып, бірдеңені есептеп жатқандай тырс-тырс еткен дыбыстар естілді. Асқардың өмірінің қалған бөлшегін өлшеп тұрған тәрізді. Әлсіз сигнал қайта оралды.

– Сенің өміріңді жаңа арнаға түсіруіңе жетеді екен. Тек тезірек қимылдау керек.

–Тезірек дейсің бе? Білесің бе, мен жексенбіні жек көремін. Дүйсенбіден бастасам қалай болады? – деді Асқар.

Уақыттың мейірлене күлгені сезілді.

–Дүйсенбіде тек жұмыс аптасы басталады. Ал, өмірдің әрбір бастамасы күнтізбеге байланбау керек. Жаңа арна – дәл бүгіннен, нақ осы сәттен, жексенбіден басталады...

Түс болып қалған екен. Қарыны аша бастады. Тамаққа тапсырыс беру керек. Қолына «Rolex» сағатын қайта тағып алды. Зілдей екен...

 

 

2.     ЖАРЫҚ ПЕН ҚАРАҢҒЫ

 

 Жарық – мектепте жұмыс істейтін мейірімді қос мұғалімнің жалғыз қызы. Жарық десе – жарық. Ұяңдау жүзінен ұдайы нұр шашып тұрады. Ұстаздардың аядай ұясының ұлағатын көріп өсті.  Кішкентайынан іңкәрліктің тұнық тұмасынан қанып ішті. Үнемі ізгілікті іздеп жүреді. Қайырымды іс жасаған күні жаны жадырайды. Өзі талдырмаш, нәп-нәзік. Қанатымен су сепкен қарлығашқа ұқсайды. 

Жарық мектепте де, университетте де жақсы оқыды. Нәзіктігіне қарамай қайсар мінезі бар. Сол мақсатшылдығының арқасында кей жігіттердің жігері жете бермейтін көлік саласының мамандығын игерді.  Өңірлік темір жол бөлімшесі білімді маманды бірден  жұмысқа қабылдады. Ұжымға бірден сіңісті. Қызметті ұршықша үйірді.  Көп ұзамай сол мекемеде кадр бөлімінің басшысы болды.   

Оған адамдармен жұмыс істеу өте қызықты, тіпті зор жауапкершілік. Жан-жағына жақсылық жасауға да мүмкіндік мол. Әлбетте, жақсы мағынасында. Өзгелермен білгенімен бөліседі, шама-шарқынша үйретеді.  

Бір ұнамайтыны - іссапары көп. Тарам-тарам шойын жолдың түкпір-түкпіріндегі бекеттерге баруға тура келеді. Тұлпарды тұяғына қарап сынайтын сейістей жергілікті кадрлардың білімі мен білігін тексереді. Талап солай. Жұдырықтай қыз жұмыс бабымен шартарапты шарлап жүріп қатты шаршайды. 

Міне, тағы іссапар. Сар дала, сары сағым, бейтаныс бекет. Пойызбен екінті шамасында әзер жетті. Түскен бойда стансадағы мекемеге соқты. Уақыт оздырмай тексеруді бастап кетпек. Бірақ бір өзі диспетчер, бухгалтер, кадровик болып істейтін қартаң апай жарытымды ештеңе айта алмады. Аузынан сөз шығару қиын. Былжырап тірлігі де өнбейді екен? Бетіне айтып тастады.

Бекетте қонақ үй жоқ екені бесенеден белгілі. Станса бастығы оны шеткерірек тұрған жалғыз үйге орналастырды. Үй кішілеу болғанымен, іші тап-тұйнақтай, жинақы. Өзі сияқты келімді-кетімді кісілерге арнап салынған сияқты. Стансада оқта-текте рельстерді дүрсілдетіп жүк пойыздары ғана өтеді.  Қалған уақытта өлі тыныштық.

Ымырт үйіріліп, қас қарайды. Таңертең ерте тұрып осында жұмыс істейтін оншақты жұмысшымен кеңес өткізу керек. Сөмкесінде мыжылып қалған киімдерін шығарып үтіктеп алғысы келді. Қанша дегенмен орталықтан келіп отыр!  Үтіктің шнурын рәзеткіге қосқаны сол еді, шарт-шұрт етіп ұшқын шықты. Бір кезде жарық жалп етіп сөнді де қалды.

Қапелімде сипақтап қалды. Тым болмаса шырпы да жоқ. Тым-тырыс. Тек сыртта алыстан өтіп бара жатқан пойыздың өгіздей өкірген дауысы ғана естіледі.

Қырсыққанда қымыран іриді. Зығырданы қайнады. Ашуы сыртқа шығып кетті. 

–Тастай қараңғыға қайдан тап болдым?

–Жарық пен қараңғының қатар жүруі заңдылық қой? 

Жарық бейтаныс дауысқа селк ете қалды. Бекеттің бастығы шығар деп ойлады. Бірақ төңіректен қыбыр еткен жанның дыбысы естілмеді. Ойпырмай! Шынында да ешкім жоқ? Сонда дауыс қайдан шықты? Жарық жыртқыш құстан тығылған шөжедей үрпиіп қалды.

–Бұл кім?

– Қорықпа, — деді дауыс. –Мен қараңғымын.

– Бұл… мүмкін емес, - деді Жанар сенер-сенбесін білмей. – Қараңғы сөйлей алмайды.

– Тек қатты қажеттілік туған кезде ғана сөйлеседі, деді бейтаныс дауыс. – Бірақ сенімен кездесу маған өте қиынға соқты.

– Неге?

– Біле-білсең, бала кезіңнен сенің кеудеңде үнемі бір шам жап-жарық боп жанып тұрады. Ал қараңғы жарыққа қатты жақындай алмайды емес пе?

– Ал қазір қалай жақындап тұрсың?

Жанар жан-жағына түсінбей тағы да алақтай қарады. – Осы сен мені тәлкек қып тұрған бекеттегі біреу емессің бе?

Бір уақ үнсіздік орнады. Бөгде дауыс үзіліңкіреп барып сөзін қайта жалғады.

– Шынымды айтсам, мен сенімен үшінші мәрте дегенде әрең сөйлесіп отырмын. Ол ұза-а-қ әңгіме. Тыңдасаң?

– Тыңдамағанда қайда барам? Айдала, жапандағы жалғыз бекет…

– Жарық, онда сен сегізінші сыныпта құрбың Мәдинамен ренжісіп қалған кезіңді есіңде ме? Сен озат оқушы едің. Мектептің мақтанышы болдың. Сол күндері Мәдинаның оқу үлгерімі аяқ астынан төмендеп кетті. Сен бұл жағдайды оның еріншектігі деп есептедің. Байыбына бармадың. Өзіңді одан жоғары қойдың. Құрбыларыңның алдында досыңды қатты сөктің. Сен алғаш рет кеудемсоқтыққа жол бердің.

– Содан?

– Сол күні сенің кеудеңдегі жарық әлсірей бастады. Мен соны сездім. Сенімен кездесудің реті келгенін түсіндім. 

Жарық таң қалғаннан қасын қақты.

– Онда неге кездеспедің?

Қараңғы күрсінді.

– Сен тағы жолымды кестің.

– Қалай? — деді Жарық мән-жайды тезірек білгісі кеп.

– Үйіңе барған соң сен тынышталып отыра алмадың. Ұятты нәрсе жасағандай жүрегіңді бір нәрсе мазалай берді. Ұзақ ойланбастан кітаптарыңды алып, сабаққа бірге дайындалуға Мәдинаның үйіне бардың.

Қараңғының даусы енді жарықшақтанып шықты.

– Сөйтсе құрбыңның анасы төсек тартып жатыр екен. Мәдина іні-сіңлілерін қарап, ас дайындап, анасына бәйек боп үлгере алмай жүр екен. Сен қатты ұялдың. 

– Ондай жағдайда барлық адам ұялар еді. Сосын?

– Сен кешке дейін Мәдинамен бірге үй жинастың. Қалып қойған тапсырмаларын қайта қарап шықтыңдар. Балаларды ойнаттыңдар. Бір күнге болса да оның жүгін жеңілдеттің. Қас-қабағына қарадың. Кетеріңде Мәдина саған риза болып, бетіңнен сүйіп алды. Сол сәтте сенің кеудеңдегі шам қайта жанды. Тіпті бұрынғыдан да жарығырақ болып кетті. Менің қайта шегінуіме тура келді.

– Екінші рет ше?

– Екінші мүмкіндік сен мектеп бітіретін жылы болды. Сен әкеңе тіс жармай, көрші ауылдағы бір дос қыздың туған күніне бармақшы болдың. Жұмыстан келген әкең сені уайымдап, саған рұқсат бермеді. Сонда сен бұлқан-талқан болып жыладың, сөйттің де әкеңе ауыр сөз айттың. Әкең үн қатпады. Бірақ жүрегі қатты жараланды. Сол сәтте сенің шамыңның жарығы тағы да әлсіреп қалғандай болды.

– Ендеше неге кездеспедің?

– Ол жолы да сен көп ұзамай әкеңнен кешірім сұрадың. Әкеңнің жүрегі жылып сала берді. Ақыры көкең екеуің оның машинасымен бірге барып, құрбыңды туған күнімен құттықтап қайттыңдар. Мен тағы жеңілдім.

– Енді ең бастысын айтшы! Тап бүгін мен қалай сенің құрығыңа ілігіп қалдым?

– Ол былай болды. Сен бүгін пойыздан түсе сала темір жол мекемесіне соқтың. Алдыңнан сол жерде жұмыс істейтін алпысты алқымдап қалған қарт ана шықты. Келген бойда сен ол кісіні бірден қыспаққа алдың. Бір адамның диспетчер, бухгалтер, кадровик болып жұмыс істеуі еңбек заңдылығына қайшы деп ескерту жасадың. Артынша құжаттардың әзір емес екенін көріп оған қатаң сөгіс жарияладың.

– Ол енді менің тікелей жұмысым ғой!

– Егер білсең, ол апай бұл жерде сен ескерту жасаған үш қызметпен қоса ешқандай ақы-пұлсыз жол жөндеуші де болып жұмыс істейді. Ешкім аяқ басқысы келмейтін, таяқты адам қыла алмай отырған бұл елсіз мекенде белі бүгіліп жұмыс істеп жүрген сол апайдың еңбегі керісінше ерлік емес пе еді?

– Иә, ол жағын ескермеппін. Бірақ апайдың құжаттарды дайындап қоймағаны рас қой.

– Жарық, сен мынаны есіңе сақта! Соңғы кездері сен қызметке тереңдеп енген сайын адамдардардың ішкі әлемінен гөрі жансыз қағаздарға көп шұқшиятын болдың. Сен үшін адам емес, құжат ең басты құндылыққа айналды.

– Неге мені олай кінәлайсың?

–Онда тыңда. Апай кеше ғана қайтыс болған шалын жерлеп, саған құжат дайындауға үлгере алмай қалды. Ол кісі үндемесе де саған қатты қапа болды. Сол сәтте сенің кеудеңдегі шам барынша әлсіреді. Міне, мен осы мүмкіндікті мүлт жібермей дәл қазір сенімен сөйлесіп отырмын.

Осы кезде тықыр етіп есік ашылды. Біреу кіріп келе жатты. Жаңағы қартаң апай екен.

–Қызым-ау, жарық сөніп қалғанын көре сала сені уайымдап, осылай қарай тұра жүгірдім. Қараңғыда қорқып қалған жоқсың ба?

Сол кезде үйде жарық қайта жанды...

 

3. ПЕШЕНЕ. ПЕРІШТЕЛЕР. ПЕЙІЛ

 

Самат – сырын сыртқа шығара бермейтін байсалды, кескін-келбеті келісті сырбаз жігіт. Сүйген жары Жанармен шаңырағын шайқалтпай, ыдыс-аяғын сылдырлатпай, бір-біріне арқа сүйеп ақадал махаббатына кір жұқтырмай өмір сүріп келе жатқанына он жылдан асты. Бір сөзбен айтқанда, айрандай ұйыған тату-тәтті отбасы.

Тек өзекті өртейтін бір ғана өкініш бар. Тағдыр қос мұңлықты баладан тарылтып келеді. Екеуінің табалдырығын тоздырмаған клиникасы, есігін қақпаған емханасы қалмады. Білгіштердің байламынша, шарананың өсуіне Жанардың жатырының шамасы жетпейді. Әр дәрігердің дәметкенін қолына ұстатқан күні үміттің ұшқыны жарқ етіп жанады да, артынша араға айлар салып жалп етіп қайта сөнеді.

Жанар мен Қамар – апалы-сіңлілі қыздар. Екеуі де әке-шешеден ерте айырылып, тағдырдың талай сынағынан сүрінбей өтіп келеді. Жаратылыстарынан әдемі. Қасы-көзі қиылған қос ару қарға аунаған түлкідей құлпырып тұр. Сонда да талайдың сұлулықтарына сұқтанып, ібілістей иектегеніне иліккен емес. Иқсандарына кәміл, имандарына берік. Өмір өстіп өзектесіне сүйеу болуға үйретті.  Бір бауырдың басына қайғы бұлты торласа екіншісінің бауыр еті езіледі.

Қамар қызметте жолы болған адам. Салық органында басшылық қызметте. Аққұба өңді, сұңғақ бойлы, сұлу торы аттай. Тірлігіне тастай, қызметіне құнттай.  Жасы қырыққа таяса да, тұрмыс құру бақыты әзірге бұйырмады. Есейген сайын көзіне бірден еркектердің осалдықтары түседі  Бірі – можантопай жуас, келесісі ішімдікке құмар, тағы бірінің мінезі тасыр.  Әй, құдай-ай, десейші! Уақыт шіркін, уысқа сыймаған судай сусып ағып барады.

Саматтың қайынбикесі Қамарға деген құрметі ерекшеОсы уақытқа дейін шәй десіп көрмепті. Керісінше, сынаққа түссе сырласындай, көңілі мұқалса мұңдасындай етене жақын болып кеткен

Қамар да Саматты қатты сыйлайды. Әсіресе күйеу баласының көркіне көркем мінезіне сай келетініне тәнті болады. Шыншыл, адал, әрбір ісінде жасандылық жоқ. Білімді, іскер. Нағыз жігіттің сұлтаны. Сіңлісінің осындай аптал азаматпен бас қосқанына іштей қуанып, екеуіне тілеуқор болып жүреді.

...Қамар қызметтік талап бойынша ертемен жыл сайынғы медициналық тексеруден өтуге емханаға келді. Құдайға шүкір, ағзасында ақау жоқ екен. Хирург, офтальмолог, гастроэнтеролог,   эндокринолог, кардиолог бірауыздан аттайсың деп аттандырды. Кезек гинекологқа келді. Дәрігер жайсаң мінезді жайдары келіншек екен. Қамармен құрбысындай сөйлесті.  Оның әлі күнге тұрмыс құрмағанына өкініш білдірді.  Әйтпесе әлі де бала көтеріп, ана болуға денсаулығы жарап-ақ тұр екен. 

– Үйленетін жігіттің реті келмесе, текті, дені сау азаматтан бала туып алса да болады ғой. Қазіргі заманда оның ешқандай оғаштығы жоқ. Қазір заман басқа. Сондай шешіммен маған қаралып жүрген біраз қыздар бар, деді гинеколог әйел жанашырлық танытып.

Бұл сөз Қамарды кәдуілгідей ойландырып тастады. Шынымен де неге солай істемеске? Жағдайы жетіп тұр. Ешкімге салмақ салмайды, баланы өзі өсіреді. Тек келешек сәбиінің қаны таза, жаны сұлу болуы керек. Сонда ғана соңынан саламатты әрі салиқалы ұрпақ қалдыра алады.

Бірақ құрғыр ондай асыл тұқымды жігіт қайдан табыла қойсын? Табылды дегеннің өзінде танымайтын адамға өзі барып ұрығыңды берші деп қалай өтініш жасайды?

Екі-үш күн санасының сандығының түбінде жатқан жарамды азаматтардың біразын сұрыптап көрді. Өкінішке қарай, алуан түрлі себептермен ешқайсысы талапқа сай келмеді. Енді не істеу керек?

Жексенбі күні түсте Қамар Саматты сіңлісіне айтпай жасырын түрде кофеханаға шақырды. Күйеу баласына екеуара кездесулері жайлы және онда айтылатын әңгіме хақында Жанарға тіс жармауын сұрады.

Есендік-саулық сұрасқаннан кейін Қамар бір уақ үнсіз ойланып отырып қалды. Бір кезде бойына бар күшін жинап, тоқтамын ірікпей айтуға бел буды.

– Самат, алдын-ала айтып қояйын, менің қазіргі ұсынысым сені шошытады. Бірақ менде ешқандай арам ой жоқ. Тек үшеуміз үшін оңтайлы шешім осы болатынына көзім жеткен соң ғана сені ақылдасуға шақырдым.

– Қамар сұлу, мен саған бөтен адам емеспін ғой? Тыңдап отырмын.

– Айтсам, былай. Ұлы сөзде ұяттық жоқ. Өзің білесің, мен отбасы құратын жастан асып кеттім. Сондай мүмкіндік туса да мен енді өзім қаламаймын. Бірақ дәрігерлер бала көтеріп, босанып алуға денсаулығым жарайды деп отыр.

       Жұмбақтай бермей ашығын айтшы.

       Мен сенен бала туып алуды ұйғардым.

Самат жұтқыншағына жаңа жеткен кофесіне шашалып қалды. Жайшылықта ашулана қоймайтын жігіттің түрі әп-сәтте топырақ түстеніп кетті. Түтігіп сөйледі.

       Сенің есің дұрыс па?

– Айттым ғой, шошыма деп.  Дұрыстап түсіндірейін.  Ниетім нәпсі емес, сенімен төсектес болу үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Қазір ғылым дамыған, ЭКО арқылы да ана болуға болады. Сол үшін маған тек сенің ұрығың ғана керек. Саналы, сұлу, дені сау бала өсіргім келеді. Сенен артық адам көріп тұрған жоқпын.

Енді Самат үнсіз отырып қалды. Аз-кем уақыттан кейін Қамардан ойлануға мұрсат сұрады да даяшымен есептесіп жұмысына тартты. Түске дейін ой қаужап, түртінектеп жүрді де қойды. Екінтілер шамасында бастығынан сұранып ертерек үйіне қайтып кетті.

Үйде жалғыз өзі отыр. Төрт қабырғадан сұрамаса кеңес беретін тірі жан жоқ. Тағдырлы шешімді бір өзі қабылдап қойғысы келмеді. Бір уақ біртүрлі ой келді.  Екі иығындағы періштелерден сұрап көрсе қалай? Көзін жұмып өзі білетін сүрелерді ұзақ оқып отырды. Кенет трансқа түскендей өзгеше күй кешті. Сыбырлаған дыбыс естілді.

Оң иығындағы періште екен.

– Қалың ойға бата бермей, басыңды көтер, Самат! Есіңде болсын, Қамардың ұсынысы құптарлық емес. Ол – сенің қайын әпкең. Көзі тірі әйеліңнің апа-сіңлісіне ұрық шашу – шариғатта ауыр күнә. Жаза басып қалма.

Енді сол иығындағы періште тіл қатты.

– Самат, сен жас емессің. Сенен қалайда ұрпақ қалуы тиіс. Қамар сенің қаны бір қарындасың емес. Оның үстіне өзі ниет білдіріп отыр. Мұнда сенің мойныңа күнә жазылмайды.

Таразының екі басында теңселген ойлар оның тынышын ала түсті. 

Оң иықтағы періште сөзін жалғады.

– Сонда Жанар екеуіңнің үміттерің қайда қалады? Білгенге, үміт – адамды адастырмай алға жетелейтін шамшырақ. Оны өз қолыңмен өшіру – тағдырыңды тұншықтыру ғана емес, өз рухыңды өлтірумен тең. Кейде сынақ уақытпен өлшенеді. Сондықтан сабыр еткеннің сауабы кешіксе де, кеміп қалмайды.

Бұған сол иықтағы періште мысқылдай күлді.

– Сабыр дейсіңдер ме?  Үміт – шуатылған шек емес. Ол да үзіледі. Өмір ешкімді күтіп тұрмайды. Егер бүгінгі мүмкіндік ертеңге шегерілсе, оның орнын өкініш басады. Түсін. Қамар  екеуіңе де жақсылық ойлап тұр. Орталарыңда өскен бала үшеуіңе де бөтен болмайды.  

Самат санасына нөсердей құйылған сандаған сауалға жауап таппай сансырап отырып қалды. Көз алдына Жанар келді. Жылап отырған сияқты.  Көңілін кіреукелеген мұң мен қабырғасын қайыстырған қайғы  көзінен жас боп ағуда.

Кенет кеудесінің түбінен үшінші бір үн естілді. Сөйлеп тұрған өзінің пейілі еді.

– Таңдау бәрібір сенің қолыңда, Самат. Періштелер саған тек жол көрсеткенімен, сол жолды жүріп өтетін өзің екенін ұмытпа. Үрейленіп жүріп үмітті жоғалтуға, асығыстық жасап махаббаттан айырылып қалуға болады. Ең қиыны өз сүрлеуіңді табу. Ендеше, ешкіммен ақылдаспа. Өзің ғана шешім қабылда!

Бір кезде үстіне біреу суық су құйып жібергендей Самат «жоооқ» деп айқайлап жіберді.  Осы сәтте өзін бала жасағыш жансыз құралдай сезініп кетті. Жоқ. Бала – Алланың аманаты, махаббаттың жемісі болуға тиіс.

Осы ойлармен арпалысып жатып, көзі ілініп кетіпті. Түсінде Самат пен Жанар сәби жетектеп саябақта қыдырып жүр екен.