
(деректі хикая)
І бөлім
Ығылымхан белдеудегі екі торыға бір қарап тастап. Тамағын қырнап алып қасындағы Ысқаққа басын изей тұрып...
- Сен ана айқасқа торыңды ал, мен алаяқ торыны бабына келтіріп екі күннен кейін соңдарыңнан жетемін. Дайынголдың басындағы қарағайлы орманнан тіке тартсаңдар мұзтаудың бауырындағы үлкен сайға кіресіңдер. Сонда аю паналайтын үлкен апан бар, сол жер сендерді мына қытай жасағынан жасырынуға таптырмайтын жер. Мен Оспан жасағымен бірге айқасып, Ағам Ыбырайдың кегін аламын. Кегін алмасам ар алдындағы кінәмнан қалай құтылам? Құралайды көзге атқан мергендігіме сын болмай ма? Саған ағадан қалған жалғыз тұяқ Құсыман аманат. Өзің жазым болсаң да бұның амандығы бәрінен маңызды. Құдайға шүкір сенде төрт ұлың бар, мен де үш ұл бар. Біреуі болмаса біреуі тұқымымызды жалғайды. Ағам Ыбырайдың ізі мына Құсыман ғана, бұл жазым болса ағамның да тұқымы өшеді. Сенің міндетің – Құсыманның амандығы. Алайда, мен қосыла алмасам, қалайда болсын моңғол даласына аман есен жеткіз - деп, соңғы сөзін іркіп барып кері айналып кетті.
Ағасының айтқан әр сөзін құрқылтайдың ұясындай санасына мықтап тұрып тоқыды. Бар айтқан жалғыз ауыз сөзі...
Басымыз аман болсын деп күбірлеп, туған жердің топырағын ши барқыт шапанының ішкі өңірінен алақандай жыртып алып түйді. Түйген топырақты кендір жіпке байлап, он үш жасар Құсыманның мойнына тақты. Бұнысы туған жердің киелі топырағы, мойнында бой тұмар болсын дегені. Тағы бір ойы қайда жүрсе де туған даласын сағынғанда иіскеп мауқын басын дегені еді.
***
Түн жамылып, екі салт атты. Қабадан, моңғол алтай тауларын бетке алып, бүлкілдетіп тартып отырды. Жас бала алдағы жол бастаушыдан бір елі қалғысы келмей, бірде оң жағына, бірде сол жағына шығып, мұрынын қайта-қайта тартып, жапақ-жапақ жан-жағына жалтақтай қарайды. Бар ойы қытайдың жол тосушы қызыл әскерлеріне тап болмасқа деп қояды. Өткен аптада Шіңгілдың қия бетінде қара таудағы қытаймен қан қасап шайқасты көзімен көреген еді. Сол жолы әкесі Ыбырайдың пулемет оғынанан миы қалай шашылғанын көрген. Мергендердің аттарын дайындаушы болып барып, әкесінің мәйітін саржал жиренге өңгеріп қайтқан болатын. Содан бері артық шыққан оғаш дыбыстардан үрейленіп кететіні әдетке айналған. Міне сол қорқыныш бойынан ұялағанан бері, жан-жағына жалтақтауын қойған емес. Шырмалған қалың ойдың жетегінде келе жатып, атынан ауып қала жаздады. Әкесінің аты саржалдың інісі сарбауыр дөнен іннен үркен екен. Ағасы Ықылас келіп: - Ой, Құсыман, көзіңе қарасаңшы,- дегенде барып бойын билеп атының үстіне нығыздана қайта отырып тақымын қыса түсті. Тек көңілге медет, аспандағы ұялшақ ай, біресе қою қара бұлттың ішіне кіріп, аладағы жолдың сұлбасын ғана көрсетсе, бірде сүттей аппақ болып шыға келеді. Аттарын шоқырақтатып келе жатқан екеуін әшкерлегендей, жер жүзіне нұрсыз сәулесін шаша түседі.
Таң сілемінде байқала бастады. Қарағайлы таудың бауырын нарттай қызыл түске бояп күнде көтеріліп келеді. Жердің бетіне күннің шапағы шашылған сайын Ысқақ аттың сауырына жылан бауыр қамшысын сыйпалай салып, желе жөнелді. Қорқынышқа бой алдырып келе жатқан Құсыманда артынан ілесе желді. Сүт пісірім уақыт өткенде, қой тасы көп, жылап ағып жатқан Дайынғолдың бір сағасына келіп, аттарының белін суытып, тынығуға дамылдады. Ысқақ түйе жонды қара тасқа өрмелеп шығып барып, қойнындағы жау дүрбісімен жан-жақты бақылап біраз отырды да, қозы жамырар тұста қалған Құсыманға бірдеңелерді айтып ишара танытқандай болды. Құсыман ағасының бұл қимылын жақсы түсініп тұр. Бұрында бірнеше рет мергендердің атын дайындау үшін қызыл әскерлермен айқасын көреген еді. Бір жағы онда жастары он үш, он бес жастағы балалар оқ дәріні дайындап мерегендерге жәрдемдесетін. Дәл қазір ағасы Ысқақ бес атарды дайында дегенін қимылынан-ақ білді. Айқасқаның қанжығасынан оқ-дәрілерді алып екі мылтықтың оқшасына оқ салып оқтап дайындап қойды. Абыр-сабырға түсіп, жатқанда ағасы да келіп жетті. Құсыманның екі иығынан ұстап өзіне тартып дауысы дірілдеп сөйлей бастады.
- Айналайын, Құсыман сен ана қия беткейге қарай тура тарт мен артан түскен жаудың жолын тосамын. Ана түйе жон тастың үстінен байқағанымда, ана бір тұсында жалғыз аяқ сүрлеу бар екенін көзім шалды, шамасы, мына жотаның асуына апарар жол болса керек. Мына қытайлардың саны да тым көп емес, бар жоғы он екі шерік екен. Қарауылыма ілінсе он екісінің кеудесіне он екі тал қорғасын қадармын. Алайда жазым болып жатсам қайтып айланып келуші бол ма- деп, кесетіп айтты.
Көзінің сорасы аққан Құсыман ағасының айтқанын толық тыңдап үлгермеді. Бар айтқаны... Абайлаңызшы аға. Сіз жазым болсаңыз мен қалай жол тауа аламын деп кейіді.
Өй, мен сені Ыбырайдың тұқымы десем, сен бір жасықтың тұқымындай егілгенің не? Еш уақытта бұдан былай көзіңнің жасын төкпе. Дұшпаныңның көзіне қашанда тіке қарап, қасқайып тұр. Ол сенің әлсіз тұсыңды білсе, басыңа шығып аяғына таптайтын болады. Моңғол өңіріне аман-есен жететін болсаң алдымен өз руыңды іздеп тап. Бізің ру Шыбарайғыр, оның ішіндегі Тоғызағы боламыз. Бізге Шыбарайғыр руының ішіндегі жақыны Байбура болып келді. Сен бұны әсте есіңнен шығарма. Аман болсақ кезігерміз. Жазым болсақ ақыретте кезігерміз деп, қос мылтықты иығына асынып, қойтастардың арасымен еңкейе жүгіріп, сіңіп кетті.
Құсыман ағасының артынан қарап тұрып, мен ұқтым деп дауысын баяу ғана шығарып айтты. Ол сөзді Ысқақ естігенде жоқ.
Қарағайлы сайды сарбауыр дөненді жетектеп, жалғыз аяқ сүрлеумен біраз қайқайып барып, атын тұсамыстап, өзі бір үлкен тастың артына жасырынып, етектегі ағасын дүрбісімен байқады. Расымен де оншақты қытай шерігі ағасы жасырынған тұсқа тақап қалыпты. Мылтықтың алғашқы гүрс еткен үні тау-тасты жаңғыртып, қарағайды паналаған сарнауық торғайларды пыр еткізіп ұшырып жіберді. Қатар келеген екі қытай мылтықтарын оқтап үлгермей жер құшты. Қалғандары да ағашпен тастарды паналап, мылытықтарынан оқ жаудыра бастады. Алғашқыдай емес ағасы оғының аздығынан сақтықпен ғана оқ шығарып жатыр. Тағы бір қытайдың сары тымағындағы жарқыраған бес жұлдызды белгісінен көздеп атып, допша домалатты. Құсыман екі жақтың қимылын жоғарыдан көз алмай қарап отыр. Әне бір оқ ағасы жасырынған тасты келіп соғып кері қайтты. Бағанағыдай емес қытайлардың шаң-шұңдаған дауыстары көбейе бастады...
...Ағасы Құсыманды алдаған екен, бұлар оншақты емес, елудің үстінде екенін анық байқады.
Ағасын қаумалай қоршауға алғанын көзі көрді. Іштей әке аруғына сиынып, “е, Құдайым өзің жар бола көр, біз пақырыңа”-деп барып бетін сыйпады. Екі көзін ұйқалап, дүрбісмен қайта қарап еді, ағасын тірідей қолға түсіріпті, сұмырайлар. Екі көзі өзі жатқан тұсқа қарап, жанарынан от шашып тұр. Аналардың тақақтап жатқан сөзерін ерін қимылдарын қанша бақыласа да, түсіне алмады. Ысқақтың бар айғайлап айтқан сөзі, «Құсыман, анадғы жерден шықпа, шықсаң Ыбырайдың тұқымы құрыйды, қаш» дегені. Ағасының соңғы сөзі сасып қалған Құсыманға қамшы болып тиді. Атын жетектеп асуға қарай қайқая берді. Қытай шеріктері өрге қарай қашқан Құсыманның артынан оқ жаудыра жөнелді. Алдағы асуға қарап, бар күшін салып жанталаса өрлей берді. Үлкен қара тасты орағытып айнала бергенде, оң иығын жанай өткен оқты сезбестен сүрініп қабынып, дөненнің шылбырын қолымнан шығып кетпесін дей ме, білегіне екі рет ораған күйі асып үлгерді. Зәресі ұшқан жандай, қалтырап жүріп үзеңгіге аяғын әзер ілді. Қанша күш салып, ердің қасынан жоғары тартылғанымен, екі иығынан батпан басқандай көтеріле алсыншы. Бар ойы асудың күнгей бетінде, қытайлардың қолына түскен ағасы Ысқақтың жайы. Тізгінді тартып, үзеңгіге қайта айағын іліп атқа әзер мінді. Алдында кең сұлап жатқан қара таулар мен шағын төбешіктер. Қайда атын бұрамын деп те ойламады. Тек атының сауырына қамшысын сыйпалай басып, асуды қиялай жүріп етке түссе жөнелді.
Арттан түскен қуғыншы барма деп әлсін, әлі жалтақтап артына қарап қояды. Етекке түскен атының басын қоя беріп, құйындай зулап шаба жөнелді. Асудан алыстаған сайын өзін қауыпсіз сезінді.
Тау өзенінің сылдыры құлаққа естілгенде барып, атының тізгінін тартты.
***
Құсыман асқан асу Қытай мен Моңғол шекарасы сызылған жер болатын. Асудан асып кеткен Құсыманды тақымдап қытай жасағынан ешбір жан ынталы болған жоқ. Қолға түскен Ысқақты бес тарды маңдайына тақап тұрып басып, миын шашып жіберген. Бірақ өлген Ысқақтың мүрдесін айдалаға тастамай, бұл бандыны Шәушек пен Алтайды байланыстырып тұрған көпір аузына апарып он күн бойы ағашқа байлап қойды. Оныншы күні ұйғырлардың көмегімен қазақтар түн жамылып мәйітті алып, арулап мұсылман қорымына апарып жерледі.
Шәушек көпір аузындағы қазақ батырының денесін көруге келгенде, тек ол арада діңгекке жұққан адам қанынан басқа белгі жоқ болатын. Көпірдегі сақшылар қатал қадағалауға көшіп, әр өткен жанды тексеріп әбігерде. Ығылымқан сақшылардың бұл қылығына мұртының астынан, сәл ғана мысқылдап күліп қойды. Он күн бұрын өлген адамның мүрдесінен осынша шошынса, Оспанның дәл өзі жетіп келсе бір де бір оқ шығара алмай үрейден өледі ғой деп.
Бірақ, Ығылымхан кеш қалған еді. Мүрдені көре алмай келген ізімен кері қайтты. Қос баруының амандығы үшін ат үстінде «Фәләх» сүресін оқып дұға етті.
Қарашілікке басын салбыратып жеткен де Ығылымқанның алдынан жеңгесі Ырысты етегі жасқа толып күтіп алды. Құсыман мен Ысқақтың іс-түзсіз қабары жоқ екенін естіген қазақ әйелінің қайғы келсе қапалана жоқтау айтып долданатын, сүйекке сіңген әдетін Құсыманың шешесі Ырысты да соған басты да, зарлап жоқтау айта жөнелді.
Есіктің алды мыршиды-ай,
Мыршидан атым ыршыйды-ай.
Құлыным еске түскен де,
Көзімнің жасы шыршыйды-ай.
Әуелеп ұшқан лашын,
Лашын көсіле ұшарсың.
Құлыным хабарсыз кеткенде.
Жыламай қайтып шыдарсың.
Түндікті кетті жел жұлып,
Жолдасым кетті оққа ұшып.
Өзіңнен сұраған жалығызды,
Кетті ме, мына жер жұтып, - деп шашын жұлып зарлаған анаға ешкім басу айта алмады. Қайнысы барып қойыңыз, әлі өлі-тірісін білмейміз, жаманшылық шақырмаңыз деп еді, одан әрі өршелене түсті.
Аш көзде болған, қара жер,
Хабарсыз кеткен ұлымнан
Хабарын маған қазір бер.
Өлтірмей маған жалғызды,
Өзегін жалғап ала кел.
Құдай өзің бар болсаң,
Ұлымының мына жанына,
Бодауын төлеп берейін,
Менің жанымды ала бер деп барып есінен танып қалды. Ауыл адамдары болып қаумалап көтеріп, барып үлкен үйге барып, өз төсегіне жатқызды. Кигіз үйдің есігін ақырын ғана сыртынан жауып, абысындары тынықсын деді.
Өзі жынданып кетті ме, деп қорқам деп қалды Ығылымқанның жұбайы. Өткенде қайнағаның мәйітін әкелгенде көзінен бір тамшы да жас шыққан жоқ болатын. Бүгін ұлының із-түзсіз жоғалғанын естіп, істеген қылығы мынау. Біз жеңшені қайратты адам деп ойлап жүрсек, бұл кісіде ет пен сүйектен жаралған пенде екен...
Әңгімелесіп тұрған әйелдердің сөзін құлағы шалып қалған Ығылымқан жекіп, үйдің іргесінен әрі барып, айтыңдар деп қатулы қабағын өз әйеліне қадады.
Ой, үйге барып шипалы шөп дәрілерді қайнатып, жеңгешеге әкелейін, хал жинасын деп, үйіне жүгіре басып жөнелді.
Екі күн үйінен шықпай жатып алған Ырыстыға, Ығылымхан Құсыманмен тетелесі ұлы Құмарханды ертіп келді.
- Жеңеше, бүгінен бастап осы Құмархан сіздің балаңыз. Құсыманның інісі. Ақырет алдында өзіме қайтарасыз. Түр сыйпаты да да, мінезіде де, Құсыманнан аумайды. Ал, жеңеше, бауырыңызға басыңыз. Басыңызды көтеріңіз. Құсыман өлген жоқ. Тірі. Мен сенемін. Әл-ақ сізбен бізді қуантып, ана қыраттан атын жетектеп түсіп келе жатқанын көреміз, бұйырса. Қапалана бермеңіз енді, болды. Орыныңыздан тұрып менімен бірге үйге барып, кеше сойылған тұсақтың етін жеп, сорпасын ішіп, таусыла бермеңіз. Сіз кетсеңіз аға шаңырағы шайқалып, түндігі түрілмейді. Сіз біздің басымызсыз, сондықтан да жігерлі де шыдамды болыңыз, езіле бергенді қой.
Жатқан төсегінен жанбастай көтерілген Ырысты жеңгесі:
- Айналайын, алтын қайным-ай, ақылға кенде емес жансың. Қайғыдан бас алмай бұйып жатқан менің басымды көтеру үшін Құмарханымды бауырыңа бас дейсің. Мен тек Құмарханды емес, бүкіл Шыбарайғырдың Тоғызақ руының балаларын бауырыма басам. Бәріне мен ортақ анамын. Бұлар бұрынан мені үлкен апа демей ме? Сондықтан Құмарханды, ұлым Құсыман келгенше ғана менің еншімде болсын.
- Жақсы, жеңге, орыныңыздан тұрыңыз, үйге жүріңіз?
- Мені қысамашы, қайным. Біраз уақыттан соң өзім барамын. Мына түрімді көрсе, көрде жатқан ағаңда жоламас-деп әзілдей сөйледі.
- Енді өзіңе келдің. Ал, Құмархан үлкен апаңа бар деп тоғыз жастағы ұлын, Құсыманның анасына табыстап шығып кете берді...
***
Сол күнгі ағасының дауысы әлі құлағында, жаңғырып тұр. Со жолы кеткеннен мол кетіп, әйтеу қауіп сейілді ғой деп, ағынды бір өзеннің жағасына келіп жамбасы жер иіскеді. Өзен суынан шөлі қанғанша ішіп шалқасынан көк аспанға тесіліп қарап жатып қалды. Сарбауыр дөнененің де еті сылынып қабырғасы ырсиа бастағандай. Жылқы екеш, жылқыда жол азабын шекенін мөлдіреген көзінен байқауға болады. Ол да сусап келген екен шай қайнар уақыттай өзеннен басын алмады. Сосын барып өзен жағасындағы қияқ шөптерді пытырлата шайнап, жасаңды жерден бас көтерер емес. Іштей жолсерігі сарбауырына разылығын көк аспанға телміре жатып күбірледі. Шау тартып шаршап келгендіктен бала Құсыман ұйқтап кетті. Қытайдан келетін қауіптің жоғын жақсы біледі. Тек шекара бақылаушы моңғол салдаттарының қолына түспесе болды. Олардан басқа дәл қазір қауіп жоқ.
Қанша уақыт ұйқтағаны белгісіз. Денесі мұздағананда барып оянды. Бірден атын көзімен іздей бастап еді, өзінен екі жүз қадамдай жерде әлі жайылып жүр екен. Бар ойы ел ішіне жетіп өзінің руластарын іздеу. Дәл қазір қайда баратыны белгісіз. Өзен ағысымен өрлеп жүрсем, елсіз шатқалға еніп кетер. Оны таудан еңкейіп түсіп келе жатқанда байқаған. Ал ағыспен құлдай жүрсем бірлі-жарым үйлерге немесе ауылдарға тап болатынын жақсы біледі. Ақырын баспалай барып, сарбауырды ұстап, жүгеннің ауыздығын салып, шап айылын мықтап тартып, атқа қайта қонды. Ет пісірім уақыт жүргенен кейін шашылған малдың тезегін байқады, бұл осы маңда ел бар екенін айқындай түсті. Сол иығы тізгінді тартуға түк икемі келмей ұйый берді. Оң қолын иығына апарып сипап көріп еді, ұйыған қанның бар екенін сезді. Түсінді. Сол жолы тауға жанталаса өрлей шапшып қашқанда оқ тиегенін, ет қызуымен жүріп сезбеген екен...
ІІ бөлім
Түн ауғанша Қара-Әбділдің қара шаңырағында, алдағы сапар жайлы ұзақ әңгімелесті. Өкіметтің адамы болғандықтан ба, Әбділ Құсыманның айтқандарына бірде басын иіп, келіскен сыңай танытқанымен бірде үзілді-кесілді қарсы шығып отырды. Ең соңында сәл ғана лайлаға көніп, жоғары жаққа телеграф жолдаймын, оның жауабы қашан келетіні белгісіз, аса қатты үміттенбе деп үйінен шығарып салды.
Салы суға кеткендей қараша үйіне келіп төсекке жамбасы тигенімен, ұйқысы келер жай жоқ. Тек көптен бері ойлап жүрген ойы-өлген әкесі түсіне кірген күннен кейін, тіпті маза беруді қойған. Түсінде Өр Алтайдың Сары белінде, Сары атанға мініп етке асық ойнап отырған топ баланың ішінен Құсыман құлыным “әкеңе келіп кетсеңші, танымайтын балалардың арасында нағып отырсың, үйге кел, ертең көшеміз”- деп тұр екен. Іштей ойланып қояды әкесінің сары атанның екі бүйіріне үйдің керегесімен уығын теңдеп жатыр, турлықтарды жауып, жадағайлап, өркешті асыра барып шаңырағын байлаған. Шаңырақтың ортасына қозы лақ құшақтаған Құсыман өзі отырғандай болды...
Сол күні түн ортасында жылап оянған болатын. Содан бері алыста қалған әке аруғына барып тағзым етіп, тірідей айырылған анасын барып бір құшақтап, тіпті Қытай үкіметі келісім берсе алып қайту ойында бар еді. Әттең ең бір тұсау болып тұрған жай - әлі күнге дейін өзінің кім екенін дәлелдейтін құжаттың жоғы. Жиырма бес жыл өтсе де Құсыман аты аталмай Айлтайшы болып келе жатқаны да содан болса керек.
Қара-Әбділдің шаңырағына соңғы уаққытта жиі бара береді. Әр барған сайын сұрайтыны, тек бір ғана сөз: “Ар жақтан хабар бар ма?” Жоқ десе шапанын құшына оранып, қайнап тұрған шайға да қарамай үйіне қайтып кетеді. Үйіндегі адамдар оның бұл әдетіне әбден қанық болды. Басында “төрлетіңіз, шай ішіңіз” десе, қазір тіпті ешкім көңіл аудармайтын да болған.
Жауапты үш айдан да ұзақ күтті.
Шырт ұйқыда жатқан Құсыманның үйінің сыртынан түн жарымында Қара-Әбділ айғай салды.
“Ой әкеңді, шешеңе баратын болсаң жолға қамдан! Біз жақтан баруға, ал аржақтан келуге рұқсат құжатын берді. Қатының қасында шалжиып жатпай, далаға шық”- деп, бар дауысымен гүжілдеді.
Ақ дамбалшаң сүріне қабына шыққан Құсыман, Әбділден: “Осы айтып тұрғандарың шын ба?”-деп, сұрады.
- Ертең бөлімшеге кел, Құжатты сонда таныстырамын. Әйеліңді күттірмей, бар! Атын борбайлата қамшы басып, қараңғыға сіңіп кетті.
Түнімен ұйықтай алмады, ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, көрер таңды көзімен атқызды.
Таң бозамықтап, сәулесі жабықтан түсе бастағанда, орнынан тұрып әскери бөлімшеге тартып кетті. Бөлімшеге келсе үлкен қара құлып тұр. Әбділ әлі жоқ. Әбділдің келер жағына жалтақтап қарап отырып, босағада қалғып кетіпті. Ат дүбірінен естіп оянды. Ұйқысы да қана қалағандай сезілді.
“Ой, тілеуің құрғыр, сен бөлімшені күзеттің бе?!”-деді Әбділ. Аттынан түсіп Құсыманға таяды.
- Әбділ, бүгін атар таңды көзімен атқыздым. Сен түнде шыныңды айттың ба? Қалжыңың болса мені босқа үміттендірме? Өзімді әзер алып жүрмін?
- Қазір бөлімшеге кіріп алайық. Үй артында кісі бар.
- Кешеден бері жұмбақтай бердің ғой, адамның тағатын таусып.
- Қазір!
Бөлімшеге кіргесін соң, оң жақтағы тұрған шкафтан ұқыптап бүктелген екі сары қағазды алып шығып, “ал, оқы”- деді. Алғашқысын ашып оқып еді, Қытай елі Шыңжаң өңіріне баруға рұқсат етті, Моңғол елі депті. Екіншісін ашып оқыса, Шыңжаңның Қабасына он төрт күнін қонақ болып кет деген таңбалы қағаз екен.
Балаша қуанып барып, Қара-Әбділді құшақтап, көз жасына ерік беріп, отыз жыл астам көрмеген анамды көруге септігіңнің тигені үшін көп тен, көп рақмет айтам. Әбділ болса досының арқасынан балаша қағып жұбатқандай болды.
Көзінің жасын сүртіп: мен үйдегілерді қуантайын. Сен кешке қарай келіп сыбағаңды жеп қайт- деп асығыс Көк тұмсыққа қарай кетті.
Үйге келсе, жары мен екі ұлы жаңадан тұрып жатыр екен. Таңғы шайды ішіп отырып, келген хаттардың мән-жайын айтып, ертең не, бүрсігүні жолға жүріп кететінін тілге тиек етті. Жары Тынышхан сандықтың ішін ашып екі ұлдың итжейдесін алып шықты.
- Түбі бір Өр Алтайға енеме баратыныңды ішім сезетін, осы екі итжейдені мүлдем жуған емеспін. Терісінің исі әптен сіңген. Мына екеуін искеші, иістері мүңкіп тұр. Нағыз жұпар иіс қой ә!
- Қане әкелші иіскейін. ПуҺ, шынымен ұлдардың бесіктегі жұпар иістері аңқып тұр. Аман болса шешем, байғұыс көрмеген немерелерінің иісін иіскеп бір қуанатын болды. Сен, Тыныш ақылды жансың!
Әйелі үнсіз ғана төмен қарады.
- Әй, Тыныш, сен кешке қазан көтер, сүріден қалған еттің бәрін қазанға сал. Мен Әбділді шақырып қойдым.
- Дұрыс жасапсың, үйден дәм татқызып рақмет айтқанның жөні басқа. Сен мына екеуіне көз қырыңды сала отыр. Ана Бейсенбі ойнап жүріп суға кетіп қаламасын. Жамихатты аша-бақанға байлап қойсаң болды. Көп қозғала қоймайды. Қазір сүтін ішкен соң пысылдап ұйықтап кетеді. Мен келгенше ояна қоймас.
- Тыныш, бұның бәрін неге айтып отырсың? Өз ұлдарым ғой, бөтен емеспін.
- Ал мен «ләкпеге» барып, Алтайдағы ағайынға сәлем-сауқат алып келейін.
Тыныш ауыл орталғына кетті...
... Айналасы екі-үш сағат жүріп келді. Әкелген сәлем-сауқатын, мынаны енеме, мынаны анаған мынаны оған алдым деп барлық затты өз-өз иелері бар екенін атап шықты.
Арқасына кіші ұлы Жамихатты арқалай жүріп қазанға қалған сүріде асылды.
Қой қораға кірер мезгілде Әбділ жұбай Бибәтиманы ертіп келді. Құсыман мен Әбділ, жетіқарақшы жамбасқа түскенге дейін, алдағы ұзақ жолдың мәнін талқылады. Ал әйелдер жағы түнімен еселеп шай қайнатып, өз әңгімелеріне мәз болып ақырын ғана жымиысты..
***
Үйдің белдеуіндегі атының айылын тартып жатып, қарақас руынан алған жарына бұйыра үн қатты.
Тынышхан сен қоржынға салған сәлем сауқатыңды бір тексеріп шықшы. Шешеме деп әдейлеп сатып алған орыстың түбіт шытымен сары шайы қалып қоймасын?
Үй, көтек–ай, мен ол дүниелерді алдымен салғанмын!
Сонда да бір тексере салшы, Тыныш?
- Жарайды, жарайды деп әйелі қоңыр көздерін бір аударып төңкеріп, бағана ғана түйген қоржынын қайта сапырып ақтарып, әр сәлемдеменің иесінің атын атап қоржынды қайта буды.
- Тыныш сен Ығылымхан ағамның жарына деп алған торғын мен сәлде боздарды салуды ұмытып кетіпсің. Мен айтпасам алда, ауылға барғанда ұят болғандай екен?
Тынышхан да үнсіз өзі мінін түсінгендей үйге барып ұмытып кеткен заттарды, қоржынның бетін ашып салды. Ұлдардың итжейдесін қоржынның ортасына салып, ұзақ сапардан аман-есен келуін тіледі. Үлкендердің ырымы бойынша. Жол жүріп кеткен жолаушының тоқымын қақпас бұрын, өзі дәрет сындыруға ұзап кетті.
***
Үлкен қара шоқыға шыққан екі адам, алыста мұнартып көрініп тұрған Мұзтауға қарап тұрып, Құсыман сөз бастады:
- Сен білесің бе дәл осы қара мекенге менің тек ана тұрған ақбас алып қарт тауды асып, құр сүлдерім ғана жеткен болатын. Арғы бетте ағамды шырғалап қытай әскері көз алдымда ұстады. Сен білесің бе? Адамның ең жаманы сол бір дауыстың айғайынан отыз жылдан астам шошып ойнауы. Бұл мені содан бері ішкі рухыма әлі маза бермей келеді. Мен «Ар» алдындағы таразы сотына осылай сотталып келемін деп барып, терең күрсініп көзіне келген жасты, мойнындағы туған жер топырағымен сүртті.
Бағанадан бері үнсіз тұрған Әбділ қасындағы жолдасына келіп иығынан қағып қойып:
-Құсыман сен сол күні жазым болсаң дәл қазір жер басып жүрмес едің. Осы күніңе шүкір етсеңші. Алпамсадай екі ұлың бар. Бейсенбі мен Жамыйхаттың тілеуін тіле. Сенің ағаларың ғажап жандар. Мен әлі күнге езілетінім артымнан ерген інімді жапондармен соғыста өзім оққа байлап бергем. Ал сенің ағаларың аға аманатын қиянат етпей дәл осы күнге сені аман-сау жебеп жеткізіп отыр. Мен шешемнің аманатына қиянат жасаған болатынмын солай деп барып сөзінің соңын іркіп қалды.
Құсыман неше рет оқталып сұрағысы келді де, сұрамады.
«Қазір мына қыратты асып түссек, дайынның заставасына жетеміз. Баяғыдай азапталып тау-тасты, сай-салаға жасырынып өтпейсің, қас қараймай тұрып жетіп алайық»- деп, атын тебініп алға суырлып шыға түсті. Құсыман да туған жеріне ерте жеткісі келгендей атының сауырына сыйпалай қамшы басып ол да шоқырақтай жөнелді.
Күн бесін ауған шақта қарағайдан көлденең салып, сыртын жосамен жосалаған заставаға жетті.
Әбділ документтерді алып застава басшысына қарай кетті. Екі аттың тізігінінен ұстап Құсыман жолдасын күтіп, сыртында қалды. Сүт пісірім уақыттан кейін, келген Әбділдің салы суға кеткендей ұнжырғасы түсіп кетіпті. Не болды дегендей сұраулы жүзге қарап тұрып басын шайқады. Бәрі түсінікті. Арғы бетке өте алмаймыз. Қипақтап тұрған Құсыман тағаты таусылып, Әбділге қарап тұрып:
Сен өкімет адамысың ғой, осы ел үшін соғысқаныңды айттың ба? Өкімет басшысынан алған рұқсат қағазды көрсеттің бе? Не үшін бізді ары өткізбейді, иттің балалары. Бұндайын білгенде Мұзтауға бастар жалғыз аяқ сүрлеуге тіке тартып заңсыз асып кетер едім, о әкеңді! - деп барып сөзін аяқтады.
-Ой сен үйтіп қапаланба, аналардың қазақшасы екеумізден де жақсы. Ертең таңға жақын осында көңкемен Шойырдың өзі келеді екен. Ол менің майдандас досым. Сонымен сөйлесіп көремін. Ал бүгінше осы араға қара қосымызды тігіп, мосымызды қойып, шайымызды қайнатып ішіп тыныға тұрайық. Сен тек қызбалыққа салынба. Сонау алыстан саған атқосшы болып шыққандағы міндетім – сенің шешеңе аман-сау жеткізіп, елге аман-есен әкелу. Жан қалтасынан алып: «Көрдің бе?»-деп, сары қағазды көрсетті. Көрсету себебі: өкіметтің бұйрығы дегені еді.
***
Түн ауғанша Құсыман қара қостың ішіне біресе кіріп, бір шығып байыз табар емес. Қарыс қадам қалғанда жете алмай зарығы одан сайын үдей түскен. Қостың ішінде қорылға басып жатқан жолдасына қарап іштей разы болып, аспан анаға қол жайып тұрып рақметін айтты.
***
Күн арқан бойы көтерілгенде, гүрілдеп шыққан мотор үнінен оянып кетті. Жолдасын оятпақ болып қарап еді. Ол өзінен ерте тұрып кетіпті. Сыртқа шықса, мосыға ілінген қара шәйнектің қасында буын бұрқыратып шәй ішіп отыр екен. Жолдасы мойынын бұрып: “Кел шай іш!”- деді. “Сені оятпадым, тынығып алсын дедім. Алдымызда тағы да күндік жол бар. Құсыман, сен қапаланба, екі аттың бірін осында қоржынымен бірге қалдыратын болдық. Әне, бір шолақ торыны мініске берді. Сен маған ренжіме, сенің астыңдағы жорға шабдарға кешеден бері мыналардың көзі түскен екен. Өздері Шойырға сыйға тартпақ ойлары бар. Әне, өзі де келіп түсіп жатыр. Мен жігіттердің айтқанына келісіп қойдым. Мен барып сәлемдесіп қайтайын, сен шөліңді қандыра бер” деп, Әбділ тоқтап жатқан көңкеге қарай орнынан тұрып, жылыстай түсті.
***
Арындап ағып жатқан Қаба өзенінің бойымен өрлеп жүріп келеді. Қарашілік қыстағына жақындаған сайын жүрегі өрекпіп, алқымға бір өксік тығылғандай болып келеді. Әбділ де қасындағы жолдасының сыртынан бақылап, ішінде қандай аласапыран болып жатқанын жақсы біледі. Дәл осындай жайт менің де басымнан өтсе, дәл осындай күй кешермін деген ойда. Құсыманның артынан бақылап келеді. Бағанағыдай емес, атына қайта-қайта қамшы басуы жилей түскен. Отыз жыл көрмеген анасына асыққан сол баяғы кінәсіз Құсыман. Жоқ, бұл күнде ер жетіп отбасылы болып, қарақас руына күйеу бала, Тынышханмен бір жастықта бас қосқан, Бейсенбі мен Жамиқаттың әкесі. Дәл қазір біреудің әкесі, біреудің күйеуі емес, Қарашілікте қалған шешесі Ырыстының сол баяғы он үш жасар ұлы, қой торыны тепеңдеп, құнжың қағып асығып келеді.
Бір күн жүріп, баяғы өздерінің шымнан салған тоқал тамының желек тұсындағы үлкен шоқыдан асып келеді. Құсыманның көз алдына өткен күннің сағымы кинолентасындай бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп жатыр. Әнебіреу қарағайдың қасында әкесінің жорық атты сарыжал жирен қаңтарулы тұратын. Жорыққа аттанар кезде ер-тоқымды атққа еріктеп шешем жүртін, қанжығаның бір жағындағы боқшаға оқ-дәрі толтыратын, ал бір жағына кепкен етпен, құрт, ірімшік теңдеп қоятын еді деп іштей ойлап келеді.
- Әй, Құсыман, ауыл жайлауға шықпай жетіппіз. Көрдің бе, анабір үйден қидың түтіні будақтап жатыр, не де болса сол үйге аттың басын бұрайық.
... Өренің астында шөкімдей болып, қара кемпір ұршық иіріп отыр. Сол қолын жоғары көтеріп, оң жабасын ұршықтың сабын қойып, оң алақанымен баппен ғана сыйпап ұршықты шыр айландырып отыр. Шешесін сыртай бақылап біраз тұрды. Баяғы ажарлы түрі солып, жанарына әжім торлапты. Екі көздің шүңірейгеніне қарап-ақ біраз тауқыметті бастан көшіргенін Әбділ де Құсыманда сезді.
Құсыманға, Әбділ тайсалмай анаңа барсаңшы дегендей иегімен өре жақты нұсқады. Жетегіндегі торыны еріп келген жолдасына шылбырын ұстатып, өзі анасына жақындап барып:
-Армысыз анашым?
Ұршық иіріп отырған кейуана ұлын танымай, -әу, қай баласың-деп мойнын соза түсті.
Анашым мен ұлың Құсыманмын ғой, Ығылымханың жалғызы – дегенде барып ұлын бауырына басты. Бағанадан бері сырттан келген екі құдайы қонақтың кім екенін білмей абдырап тұрған ауыл адамдары, ана мен баланың құшағы айқасып еңіреп етектері жасқа толғанда, өзі ағалары екенін білді. Әйелдер жағы кейуанаға қосылып, жоқтау айтып, Қаба мен Қарашіліктің орман-тоғайын күңірентті. Атақты мұзтауда сай-салаға аққан бұлағымен ананың жасын жуғандай болды.
***
Тоқал тамның іші бұрынғыдай емес, ерекше, жарқырап шуаққа бөленгендей болып тұр. Қарт ана да бүгін жадырап, дауысы бұрынғыдан да үстем шығып ауыл келіндеріне бұйыра сөйлеп қояды. Қасында отырған ұлының басынан сыйпап, алдына қарай жатқызды.
Құлынымның амандығын іштей сезетімін, ал мыналар маған үмітіңізді үз деп қанша рет айтты. Бірақ мен үмітімді ешқашан үзген емеспін. Амандығын ана жүрегім сезді ғой,- деп көзіне тағы да жас алды.
Алдында ана тізесіне басын салып жатқан қырық беске келіп қалған азамт та екі иығынан солықылдап жылап жатыр. Үйдің ішіндегі толған жандар да көзіне еріксіз жас алып, ана мен бала махаббатына еріксіз таңқалып, бастарын шайқаумен болды...
ІІІ бөлім
- Шеше, - деді, анасының тізесінен басын көтеріп. Сіздің үніңізді сағындым. Бесік жырын айтып беріңізші, шеше маған.
Бауырында жатқан ұлының қою қара шашын, еті қашқан саусақтарымен сыйпап отырып, ыңылдап бесік жырын айта бастады.
Әлди-әлди боташым,
Аңсап келген үніңнен,
Зарығыңды басарсың,
Тұлымыңды жел тарап,
Асулардан асарсың.
Әке ізін жалғайтын,
Жалғызым боп қаларсың – деп әндеткенде, аядай ғана тоқал үйдің ішін жиналған жұрт, ана мен бала махаббатына қарап еріксіз толқыды. Ананың көзінен аққан жас ұлының ақ түсе бастаған самайына тамып, тағдыр дейтін дариядай аға берді....
Жиналған жұрт тым-тырыс. Бәрі алыстан келген ағаларының аузын бағып отыр. Ол жақтағы өмір қалай, сондағы жанұясы жайлы сұрағысы келгендері де болды. Бірақ оларды жетпісті алқымдап қалған Ығылымхан бір рет қабағын түйіп тиып тастады. Содан кейін ешкім ана мен бала сағанышының ләззатын бұзбады. Тек арасында, үйдің сыртында сүйекке үймелеген иттер мен сол иттерді таластыруға жиналған ауыл баларының айғай-шуы тыныштықты бұзғандай болды.
Арада біраз уақыт өткен соң сойылған ақсарбастың буы бұрқырап, балбырап бабымен піскен ет те келіп жетті. Үй іші толы жандарға Жалғас дейтін қар домалақ, айнала су құйып шықты. Бағанадан бергі тыныштықты Ығылымхан өзі бұзып, оң иығын Әбділге қарай бұрып...
- Ал, азаматым, саған мың да бір рақмет! Өлегеніміз тіріліп, өшкеніміз бүгін жанып отыр. Оған мына сен себепшісің. Сендей мықты жолдасы болмағанда, мына біздің ұлдың туған жеріне табаны тиер ме еді, тимес пе еді, ол жағын біле алмаймын. Бастысы менің Ысқаққа «Аманат» еткен ағаманың жалғыз тұяғын ортамызға ертіп келіп, мына кейуананы, мына таяққа сүйеніп қалған мені қатты қуантып отырсың. Саған екі дүниенің бақыты бұйырсын!
Әбділ бетін сипап үнсіз тыңдай берді.
- Ал азамат сонау алыстан келген соң мына ақсарбастың басына өзің бата бер.
- Ой, қария, ол не дегеніңіз, мен сізден екі мүшел кіші екенмін. Бұл басқа өзіңіз бата беріңіз.
- Әй, шырағым, осы Қарашіліктің қойларының басына күнде бата беріп жүрмін- деп, отырғандарды бір күлдіріп алды.
- Жол сенікі, қарғам.
Қариямен сөз таластырғысы келмей Әбділ, алақанын жайып өліге құран бағыштап, тіріге саулық тілеп барып бата берді.
Құсыман да алдындағы туған үйінің дастарханына қолын созды.
- Ал, Құсыман, інім, Моңғол даласына қалай астың, Ысқақтың қалай қолға түскені жайлы баяндап берші. Мен сол інімді кейде өлімге айдағандай болам да тұрам. Жаным тынышталсын, ана жаққа кетсем көрімде тыныш жатайын.
- Аға, біз Қабадан шыққан күні артымыздан ешқандай да ізге түсушілер жоғына көзіміз жеткен болатын. Бәрі мұзтаудың етегіндегі қорымды тасты қарағайларға жеткенде басталды. Ағам басында артымыздан түскен жау әскерінің саны он екідей ғана екенін айтты. Маған мұзтауды бауырлай кесіп өтетін жалғыз аяқ сүрлеуге түсіп арғы бетке асып кет деді. Көп ұзамай мыналардың жанын жаһанамға жіберіп, келетінін айтты. Алайда мен асудың басына таяп барып, үлкен қара тасты паналап ағам қалған жаққа дүрбімен көз тастадым. Шынымен де аз ғана жасақ сияқтанды. Басында ағам төрт-бесеуін қас қағым сәтте лезде жайратып салды. Соңында сақтықпен оқ шығара бастағасын, қайта бақылап ем, қайдан сап ете қалғанын білмеймін, сары тымақтымен сары шинель кигендердің саны көбейе түсіпті. Сонда барып ағам мені алдаған екен, олардың тым көп екенін де сездім. Менің тек асуға аман-есен жетуімді көздепті. Біраздан кейін боқшасындағы оқ-дәрісі таусылды. Қаумалап келіп, ағаны қолға түсірді. Ең ақырғы маған айтқан сөзі: «Құсыман қайтып келме сен келсең ағамның тұқымы тұздай құриды» - дегені ғана болды. Бұл сөзді естігесін атымды жетектеп асудан асып бейтаныс елге табаным тірелді. Ал одан кейін ағамның не өлі не тірі екенін осы уақытқа дейін әлі білмеймін. Осылай Ыбырай ағам мен үшін қытай әскерімен айқасып, мені аман алып қалды деп, үй толған жанға қараса барлығы тағы да езіліп жылап отыр. Тек Ығылымхан ғана қару алып жауға шабардай қаҺарланып алыпты.
Саптама етігінің өкшесін бір түйіп қалып: Қап сол жолы өзім де бірге ере баруым қажет еді-деп терең демалып барып күрсінді.
Енді, міне Ысқақтың мүрдесінің қайда қалағанын білмей отырған түрім. Екі күннен кейін айтқан уәделі жерге барғанымда, не аттың не адамның ізін байқай алмадым. Қайдан білейін, сендер жоғарғы ағыстың тұсынан өтіп жолды қысқартатындарыңды. Ысқақ бала кезіңнен асығуды жақсы көретін ең, өмірден өтуге де сонша асыққаның не еткенің. Апанда ешқандай адам түнеген белгі байқалмаған соң сендерді қолға түстіге жорыған болатынмын. Сосын неше мәрте Үрімжі, Санжы, Құлжа тіпті ана Такламаканға дейін сұрау салдырдым, ешқайсынан хабар болмады. Тек мына сенің анаң Ырысты сенен күдер үзбеді. Алыстан келген жолаушылардан «менің Құсыманымды көрдіңдер ме?» -деп, күні бүгінге дейін сұраумен болды. Ана жүрегі алдамаған екен. Сені аман-есен көргеніме де тәуба. Ал сен өз отбасың жайлы айт. Бағана жолдасың Әбділден балалы-шағалы болғанын есітіп қалдым. Келін қарақас руынан деді ғой дейімін деп барып сұраулы жүзбен Құсыманға қарады.
-Құдайға шүкір мен сол әке аруағы алдында береген сіздердің аманаттарыңызды жалғап отбасылы болдым. Келіндеріңіз өте бір жақсы жан. Менің қырсық мінезіме көніп отыр. Қазіргі таңда екі ұлым бар. Үлкенім Бейсенбінің түрі сойып қаптап қойған әкем. Ал екінші ұлым Жәмихат мына сіздің жас күніңізге қатты ұқсайды. Ешкімге бетің-жүзін демей тіке сөйлейтіні жағынан сізге тартқан деп барып әңгімесін аяқтады.
Қария да кейде екі иығынан демалып кең күрсініп қояды. Қасындағы Құсыманды бауырына тартып басынан искеп, баладай еркелетіп, дауысы жарықшақтанып шықты. «Құлыным, ағам көрмеген бақытты енді сендер көріңдер. Қайда жүрсеңде аман жүр. Тегіңді ұрпағыңа әркез айтып отыр. Олар да шыққан жұртының тегін ұмытпау қажет».
Інісі де баяғы бала кезіндей аға жүзіне жасқана қарап басын изеді. Айтқаныңыз дұрыс дегендей...
***
Құсымандар да Қарашілікке келгені он шақты күн болды. Қайтатын уақытта таяған. Ана мен баланың сағынышы басылған. Айналадағы отырған үш-төрт шаңырақтың күнде біреуінен ас ішеді. Балалығы қалған даланы армансыз аралап, масайрады. Тіпті нағашы жұрты Зухабатырдың да Алтайда қалған аз ғана түтінінен де, дәм татты.
Бурылтоғайдың қарағайлы даласын, Қабаның сұлу Қанасын қимағанымен туған жер қазір дәл өзіне жат. Себебі, қаңғып келген қасқалдақтың бауырына қазан асып, басына шаңырақ көтерген жас азаматты моңғол даласы кеудесінен итерген жоқ. Бір әулеттің тұқымын жалғауға мүмкіндік берді. Тек мұнда қимайтыны сексенге тақап қалған шөкімдей болып шөккен анасы қалып барады. Ол да жалғызын қимайтыны анық. Бұл тағдыр. Әу баста пешенеге жазылған пенденің сызығы болса керек.
Үй сыртына алыс жолға шығатын екі жолаушыны адамдар қаумалап тұр. Бәрі де алыстағы туыстарына сәлем айтып жатыр. Тек ана жүрегі бұл жолы ұлын шынымен қимай тұр. Бірақ, амал жоқ, ақ батасын беріп шығарып салу қажет.
Құлыным! Құсыман, мынау менің ақыретімнің бір бөлігі, ала кет. Қайда жүрсең де аман бол. Менде енді арман жоқ. Немерелерімнің иісі сіңген ит жейдесін иіскеп мауқымды бастым. Ал, қош, аман бол.
Қош болыңыз, ана! Тірі жүрсем тағы бір айналып соғармын. Алайда жазым болып жатсақ, мақшарда жолығайық-деп атына мініп оң қолын көтеріп, атының бүйірін тебініп, ауылдан ұзай берді...
01.05.2023-22.11.2025 жылы
Степногорск қаласы.