Күздің соңғы күндерінің бірі еді. Сырттан сібірлеп жауған жаңбырдың дыбысы құлаққа шалынды. Сабыр шал кемпірімен таңғы асты үнсіз ішті. Алдына қойған бір кәсе шайды сораптамақ болған райынан қайтып, жылдам ішіп, кіреберістегі киім ілгіштің жоғары жағынан сырты былғары құлақшыны мен есіктің түбіндегі күндегі орнындағы қайыс қамшысын қолына алып, сыртқа бет алды.
- Әй, шал-ау... Сәл аялдасаңшы... Мына дорбаны ала кет. Қарның ашқанда өзек жалғарсың... Тіпті, бүгін мал жаятын күн емес. Шықпасаң, ешкім ренжи де қоймас.
Сабыр кемпірінің сөзін жүрдім-бардым тыңдап: «Қой, кемпір, қайдағыны айтпа. Ең соңғы қой кезекті абыроймен атқарайын», - деді.
Өмірлік серігінің «Соңғы демесеңші, келесі жылы да бағасың» деген сөзін естімеді.
Балқия кемпір белін байлап алған шәлісінің етегін көтеріп, ішінде айран құйылған торсық пен бауырсақ салынған кенеп дорбаны қолына ұстата қойды. Шалының дорбаның аузын ашпаған күйде, ішіндегі тамаққа қолын тигізбестен кешке үйге алып кіретінін де біледі. Білсе де білмегендей, әр жолы осылай шығарып салады. Көңілін қалдырмау үшін алды. Әйтпесе күн ұзақ қойдың соңында жүргенде асқа тәбеті шаппайды. Шөлдесе, ауылдың сыртындағы мал бағатын жайылымда бастау бар. Суы мөлдір, тұнық, мұздай. Ішкенде аңқаны кептірген ыстықты басып, көзді шырадай жандырады. Жаз күндері керемет енді. Күздің салқынында судың да қажеті шамалы. Дегенмен кешке өрістен малды ауылға қайтарып, қоралағаннан кейін жеген тамақ пен күрең қызыл шәйдің орны бөлек.
Сабыр шал сыртқа шыққанда сәл тіксініп қалды. Ауадан бөтен ызғар сезілді. Әдеттегі салқын емес, өзгеше жат суық леп бетін қарып өтті. Жоғарыға көз салды. Аспанды қара қошқыл қалың бұлт торлапты. Жаңбырдың тоқтайтын түрі көрінбейді. Күн райы ұнамады. Өзімен өзі сөйлей бастады:
- Амал нешік... Міндеттен жалтаруға болмайды. Қанша қалды ғой дейсің. Бір-екі күнде қар жауатын сыңайлы. Алғашқы қар түссе болды, ешкім малын далаға жібермейді. Биылғы жылғы соңғы кезек болар...
Алдымен кілетке бас сұғып, ер-тоқымын алып, атын ерттеп, міну үшін қора жаққа бара жатқанда оң тараптағы иттің үйшігіне қарады. Кәрі төбет үйшігінен шықпады. Шал бұған біраз кейіді:
- Осы үйдің иті де қартайған ба, апырмау?.. Елдің иттері сияқты не иесі сыртқа шыққанда жүгіріп келіп, аяққа оралмайды, не бейсеубет жүрген мал, жүргіншіге үрмейді. Мал баққанда еріп жүрмесе, мұның иттікке де сәні жоқ екен ау... Қой, ертең бір күшік іздестіріп, асырап алайын.
Лапастың астында түнімен тұрған жылқы иесін танып, осқырынды. Шал сұр атын ерттеп мініп, ауылдастары қойды жайылымға жіберу үшін жиналатын жерге келді. Қойларын бәрі отарға қосып болған сияқты. Әудем жерде тұрған бір-екі шалды көзі шалды. Біреуінің ауылдағы жасы үлкен Аман қария екенін таныды. Атынан түсіп, қол беріп амандасты. Екіншісі өзімен құрдас Сансызбайға бас изеп, атына қайта мінді.
Аман ақсақал Сабырға қарап: «Күн райын байқаған шығарсың. Түстен кейін қандай мінез шығаратынын кім білсін. Отарды алысқа ұзатпа. Ауылдың маңында жайғаның жөн. Жаңбырдың арты қарға ұласып бара жатса, бірден қайыр. Мен айтпасам да өзің де бәрін білесің. Біздікі жәй әншейін... айтып үйренген ауыз болғасын айтамыз...» деді.
Сансызбай да жәй тұрмай, құрдасын қағытып қалғысы келіп: «Әй, Сабыр! «Ақмырзаға» жеткен соң «Көкжота» жақын екен деп қойды қалдырып, жас кездегідей қызды ауылды қыдырып кетіп жүрме. Өз ауылың «Бастаушыны» есіңнен шығарма. Кемпіріңнен сөз естіген өз алдына, қойдан айырылсаң қиын болады», - деді.
Сабыр шал: «Итім неге аяққа оралмайтын болды десем, сен бар екенсің ғой...» деді де атын тебініп, отарды ауылдан ұзатып, өріске әкетті.
Ауылдың айналасында жайылым дейтіндей жөні түзу жайылым да қалмаған. Жаз бойғы малдың тұяғынан тапталған жерде осы өңірге тән бетеге, көкпек, селеу, жусан, боз, шөптесін өсімдік ши мен тағы басқа шөптердің бастары жұлынған тұқылдары ғана көзге түседі. Қойлар бір-бірін итеріп, әсіресе түптесіп өскен шиді сүйсініп жеп жатыр.
Ақмырза демекші, ауыл мен Ақмырзаның арасы бір, екі-ақ шақырым жол. Ақмырза – Бастаушы ауылына қарайтын Көкжота бөлімшесіне бара жатқан тас жолдың оң жағында орналасқан ескі қора. Бір кездегі байдың қорасы кейін колхоздастырылғаннан кейін мал фермасына айналған. Айналасында үстерін шөп басқан, белгілері құлап, қоршаулары сынған, кім-кімге тиесілігін ажырату қиын бейіт-қорым көп. Мал жайып жүргенде талай көрген. Бастау да осы жерге жақын ағып жатыр.
Бұл қора туралы алып-қашты аңыз-әпсананы үлкендердің аузынан бала кезден бері естіп келеді. Ақмырза - тегінде адам есімі. Ақмырза деген жиырмадан енді асқан жас, сымбатты, ақылды, текті жігіт ауылдағы бір байдың Қымбат есімді білімді, сұлу қызына ғашық болып, құда түседі. Қалыңмалын төлеп, ұрын барғалы отырған кезде Қымбат қапияда көз жұмады. Ақмырза сүйіктісінің мүсінін тастан қашап, қабіріне ескерткіш қойған соң қайғыдан құса болып, өзі де жедеғабыл бақиға аттанады. Оның мәйітін де қыздың бейітіне бірге жерлейді. Содан бастап бұл жер Ақмырза атанса керек.
Ауылдың көнекөз қариялары Ақмырзаға қатысты тылсым сырға толы оқиғаларды баяндайтын. Солардың бірінде ғашықтардың басы бір молада қосылған күннен бастап ауыл тұрғындары жаңбырдан көз ашпайтын болыпты дейтін. Тұрғындар оны армандарына жете алмаған екі мұңлықтың көз жасына балапты. Толассыз жауған жаңбырдан егін-шөбі шіріп, тоқал үйлерінің төбесінен су тоқтамағанға запы болған ауыл ақсақалдары лаж іздеп, әулие-әмбиелерге жүгінгенде, олар себебін Қымбат арудың басына қойылған тас ескерткішке меңзепті. Соны құлатып, басқа жерге апарып, көмуге кеңес беріпті. Қарулы жас жігіттер тасты қопарып, алыстағы жерді кеулей қазып, ескерткішті жасырған соң жаңбыр да сап тиылыпты-мыс. Қайсыбірін айтсын, аңыз көп.
Бірер сағаттан соң күннің райы одан бетер бұзылып, аспан тұнжырап, сібірлеп жауған жаңбырдың соңы енді қиыршық қарға ұласты. Қар түйіршіктерінің үдеуімен айнала бір демде ақ түтек боранға айналып, жел ұйытқи соғып, дүние әлем-тапырық болып кетті. Қойшы уақыттан ұтылғанын, кеш қалғанын, мүмкіндіктен айырылғанын түсінді. Абзалы, бағана таңертең кемпірінің сөзіне құлақ асып, малды өріске шығармауы керек еді.
Қойлар маңырап, қайыруға көнетін емес. Дауысы қарлыққанша айғайлап, ауылға қарай бағыттағанымен, отарды енді басқара алмады. Жел айдаған жануарлар Ақмырза қорасын бетке алып, ығып бара жатты.
Денесі дірдектеп, тоңа бастады. Үстіндегі сулығы да пана болмай кетті. Малмаңдай су болған киімі күннің суытуымен мұз сауытқа айналып, темір сияқты қатайып, икемнен айырып, қозғалысын шектеді. Қасы мен кірпігін қар басып, мұрнының астына жіңішке мұз сүңгісі қатты. Оны алып тастауға көтерейін деген қолы көнбеді. Көзі көруден қалды. Астындағы атының жүгенін қолынан шығармай, қатты ұстап келеді. Бойында жаны бар демесең, тірі өлік сияқты. Қапелімде алдынан шыққан біреу көрсе, шошып кететіндей қорқынышты кейіпке түсті.
Сабыр шал өзінің адасқанын бар болмысымен түсінді. Табиғаттың алдындағы дәрменсіздігін мойындап, басқа түскен тағдырды қабылдап, енді қарсыласпады. Боран қайда айдаса, аты да солай қарай ілбіп келе жатты. Ол бір кезде құлағанын, көз алдындағы дүниенің астаң-кестең болғанын сезді.
Қанша жатқаны белгісіз, бір сәтте, өң мен түстің арасында, қайдан шыққандары да беймәлім әдемі жас қыз бен көрікті жігіт пайда болып, жерден тұруына көмектесіп, аттың үстіне қайта мінгізді. Жүздері ерекше мейірімді екен. Киген киімдері де нұрдан жаралғандай: нәзік, жұмсақ, жағымды. Сөйлеген дауыстарын естіген жоқ, алайда екеуі үйлесіммен әрекет етіп, жігіт артына мінгесіп, шалды құлап қалмауы үшін демеп, қыз жүгенді ұстап, атты жетектеп келе жатты. Айналадағы көк майса шөп, алқызыл түсті шұғынық, қашғаргүл, шырайгүлдер, қанық қызыл түсті қалампыр, қызғалдақ, раушангүлдер, әсем сары түсті бақытгүл, баршынгүл, лалагүлдер, ақ түсті нәркесгүл, түймедақ гүлдері бұлардың алдынан екіге жарылып, жол ашылды. Жолға жасыл қалы кілем төселгендей. Түрлі түсті қанаттарында қайталанбайтын нақыштар бейнеленген көбелектер де бір гүлден екінші гүлге қонып, көріністің сұлулығын арттырып, көңілге қуаныш сыйлады. Алып ағаштарда қонақтап отырған сан алуан көркем құс құйқылжытып ән салғанда бақыттан басы айналды. Әудем жерден сыңғырлап аққан мөлдір бұлақтың сылдыры естілді. Күн нұрын барынша төккенде аспанда жаңбырдан кейінгі кемпірқосақ орнады.
Сабыр шал аң-таң. «Өлген екем» деп ойлады. «Жұмаққа түсіппін ғой» деген ұры ой сумаң етті. Артынша онысын «Осы мен жұмаққа лайық па едім?» деген оймен жуып-шайғансыды. Бала кезде жетімдік тауқыметін көп тартқанын, жастығын колхоздың ауыр жұмысын атқарумен өткізгенін, біреудің ала жібін аттамағанын есіне алып, осы сый бәлкім сол үшін берілген шығар деген пенделік ойға қайта түсті.
Артына мінгескен жігітке бұрылып, қарауға құрысқан мойны илікпеді. Одан бір қора қойдың қайда қалғанын сұрайын деп оқталғанымен, сөйлей алмайтынын да түсінді. Өзі сөйлегісі келгенімен, тілі күрмеле берді. Міңгірлеп тұрудан ұялып, райынан қайтты.
Қыз бен жігіт шалды аппақ, кең сарайдай бір үйге жеткізіп, есікті ашып енгізді де: «Ата, демалыңыз, еш алаңдамаңыз. Біз бәрін реттейміз», - деді. Бұл сөзді қыз айтты ма, әлде жігіт айтты ма, белгісіз. Әйтеуір естіді.
«Нені реттейсіңдер, айналайындар?» деп еді, даусы тағы құмығып, аузынан сөз шықпады. Екеуі көзден ғайып болған соң өзі де талықсып, ұйықтап кетті.
Сабыр шалдың кемпірі Балқия күннің алай-түлей болғанын көріп, шалы келмеген соң бір жаманшылықтың болғанын түсінді. Кешке дейін қол қусырып, қарап отыра алмады. Беліне байлаған шәлісін басына тағып, үстіне күртесін киіп, аяғына кебісін іліп, көрші жігіт Таңатардың үйіне жанұшыра жүгірді. Таңатар тракторист. Жиырма екі-жиырма үштер шамасындағы, біртоға мінезді, жаман әдеті де жоқ, момын жігіт. Сәбет үкіметі кезінде орта мектептің сегізінші класынан кейін үлгерімдері төмен оқушы ұлдардың көбісін аудан орталығындағы СПТУ-ға жіберетін үрдіс болған. Бұл да сонда барып, оқуды бітіргеннен бері ауылда трактор айдайды. Одан кемдік көрмеді. Табысы жақсы. Өмір бойы қуықтай тоқал үйде тұрған анасы Пәтимаға ақ кірпіштен шатырлы үй салып берді. Мал деген анау, қораға сыймай жүр. Бұдан артық не керек? Енді бір шүйкебас әкеліп, шешесінің қолын жылы суға малса, болғаны.
Балқия кемпір екі өкпесін қолына алып, әрең тыныстап, Таңатардың үйіне жақындады. Ауланың сыртында тұрған көк тракторды көріп, көңілі сәл орнына түсті. Есікті ашар ашпастан, Пәтиманы дауыстап шақырып: «Әй, Пәтима! Пәтима деймін! Ұлың үйде ме?» - деді. Ешкім үн қатпаған соң есікті ашып, үйге бас сұқты. Үйдің іші ала көлеңке екен. Дәлізден Пәтима емес, түскі асқа келген Таңатардың өзі бой көрсетіп:
- Апамның басының сақинасы ұстап жатыр. Бұлтты күндері осылай дімкәстанып қалады, - деді.
- Айналайын, Таңатар... апаңды оятпа. Демала берсін. Маған сенің көмегің керек болып тұр. Қой кезекке кеткен атаң боранда адасып кетті. Сенен басқа ешкім жоқ. Тракторыңа мініп, Ақмырза жаққа барып келші. Атаңды тауып әкелші, айналайын... Қарт адам, бір жерде құлап, мертігіп қалды ма екен... Басыма мың түрлі жаман ой келіп жатыр. Боран сәл саябырлай бастады. Трактормен барсаң, еш қорқыныш жоқ. Сөйте ғой, балам. Үйлену тойыңның бауырсағын өзім пісіріп беремін, бұйыртса...» деді.
Таңатар сөзге келместен, үстіне киімін киіп, Балқия кемпірмен сыртқа ілесе шықты. Тракторын оталдырып, жолға түсті. Балқия ерні күбірлеп, ішінен дұғасын оқып, шығарып салды.
Ауылдың адамдары да алаңдап, қой өрістен қайтатын жолға көз тігумен жүр екен. Бағанағы ақсақал, қарасақалдар жиналып, ақылдасып, ауылдың мықты, елгезек деген оншақты жас жігітін жинап, іздеуші топ жасақтап, Ақмырзаға жөнелтіпті. Бір баланы үйге жұмсап, бұл жайында Балқия апаға хабар бергізді.
Бір жақтан тракторға мінген Таңатар, екінші жақтан салтатты он жігіт Ақмырза қорасын бетке алды.
Табиғат не деген құбылмалы. Қар ақырын қылаулап жауып тұрғанымен, боран басылған. Әлгінде ғана жолында кездескен жандыны жойып жіберетіндей қаһарланған дала бұрыннан осындай жатқандай, ешкімге жайсыздық тудырмағандай, ешкімнің мазасын алмағандай, тыныштықтан айырмағандай мүләйім күйге түскен. Таңертеңгі күзгі көріністі енді барлық сипатымен қыс алмастырған.
Иен қораға алдымен Таңатар жақындады. Тракторын өшірген соң қойлардың маңыраған дауысы құлағына жетті. Сол кезде көңіліндегі қобалжу басылып, сәл де болса үміт пайда болды. Ата қойларды осы қораға қайырып әкеліп, қамап, өзі де бораннан бассауғалаған екен деген ой басым түсті. Дегенмен кісі кірмейтін ескі қораға жақындағанда қорқа бастады. Себебі ол да бұл мекен туралы әртүрлі аңыз-әңгімені естіп өскен осы ауылдың тумасы болатын. Қорыққанымды естісе елден, әсіресе жүріп жүрген қызы Гүлшаттан ұят болар деген жігіттік намысы оянып, үрейге бой алдырмай, қол шамын жағып, қораға енді. Бұрын сиыр фермасы болғанын біледі. Кірсе, үлкен ағаш қашада ауылдың бір отар қойы қамалып тұр екен. Бірін қалдырмай тегіс енгізіп, есігін мықтап жауып қойыпты. Атаның бағанға байланып, ауыздығы алынған қара сұр жылқысы да алдына салынған, бүгін ғана шабылғандай иісі бұрқыраған жас пішенді жеп тұр екен. Таңатар пішеннің қайдан келгенін түсінбей, жан-жағына қарағанымен, еш жерден қысқа арналып дайындалған шөпті де немесе оны айырмен әкеле жатқан кезде жерге қалайда түсетін қоқымын да байқамады.
Қой мен жылқының дін аман екенін көріп, көңілі жайланған Таңатар айналасын бажайлап, көрші атасын іздей бастады. Қараса, бір кездері малшылар пайдаланған ескі ағаш төсекте ата жатыр екен. Қасына барғанда демалып жатқанын сезді. Қуанып: «Сабыр ата! Сабыр ата! Тірісіз бе?.. Тұрыңызшы...» - деді. Сабыр шал тіршілік белгісі ретінде көзін ашуға әрекет жасағанымен, онысынан нәтиже шықпады.
Бір кезде ауылдың басқа жігіттері де келіп жетті. Таңатармен қауқылдасып амандасып, бірі қойларды ауылға қайырып, келесілері Сабыр қарияны үйіне, әлде ауруханаға жеткізудің қамына кірісті.
Ауруханаға апару туралы сөз құлағына жеткен Сабыр қария басын шайқағандай белгі берді. Таңатар бірден байқап, жігіттерге трактордың тіркемесінен атаға орын дайындауды сұрады. Алып келген матрастарын жайып, жатқызған соң үстін көрпемен қымтап жапты. Жігіттердің бірі аттан түсіп, қарияның қасына отырды. Тағы бір жігіт қорадағы атты қосақтап алды.
Ауданнан дәрігер келіп, шалдың дені сау екенін, тек салқын тигенін, жақсы күтім жасалып, дұрыс емделсе, тез оңалып кететінін айтты.
Бір-екі күннен кейін Сабыр атаның есіне көрген түсі, әлде барған мекені түсіп, күлімсіреді. Аузына сорпа тамызып отырған Балқия апа күйеуінің жүзіндегі өзгерісті бірден көрді. Осы күннен кейін оның беті бері қарап, жылдам сауығып, қалыпты өмірге оралды.