17

ЕСЕЙ ЖЕҢІСҰЛЫ. ЕЗДІҢ ҮЙІ

Тысыр еткен дыбыстан сол екенін сезді. Бір соғатын уақыты да болып қалып еді. Тұмарша не күтіп, не қашып жатқанын өзі де білмей, есік жаққа үрке құлақ түрді. Әккі неме топсасы сынып, шұрық-тесік болған есікті барынша сықырлатпай ашып кірді де, қараңғыға аз-кем бой үйретіп тұрды. Сосын әр жерде дірдек қағып, шашыла ұйықтап жатқан балалардың үстінен аттап-бұттап, қасына жетіп келді. Ұйқысыраған кішкентайлардың біріне кісімісің деп қараған жоқ. Төсекке жетіп үлгермей үстіндегі киімін қалай болса солай лақтыра салып, жалғыз лыпамен қалды. Сөйтті де, Тұмаршаның қойнына күмп берді. Қолы сумаңдап, әйелдің денесін тінткілеп жатыр.

     Тым құрыса мынаған бір қарасаңшы, – деді бақытсыз әйел қасында пысылдап ұйықтап жатқан сәбиді нұсқап. – Ес біліп қалды ғой...

     Осы сен сондайыңды қойшы! Мен жетісіп жүр дейсің бе? Ендігі қалғаны таң алдында баланы уілдеп жұбатып отыруым екен ғой!

     Мен саған құралмын ба сонда? Муляжбын ба әлде, қалаған уақытыңда құмарыңды қандырып, тайып тұратын?

     Аузыңды жап-ей! Тілің шығайын деген екен!

Көрпенің сыртынан дүңк еткізді. Қолы қатты, иығы бәрібір салдырап қалды. Албастыдай ап-арық денесіне тым орайсыз қарын бітіпті. Енді салғыласып береке таппасын түсінген бақытсыз әйел іштен тынды. Жоғары сыныпта оқитын қызы тура төсек іргесінде қымтанып ұйықтап жатыр екен, оянып кетпесін деп көрпені тістеп алды.

Күйеуі шоңқалаңдап жатып шаруасын асығыс-үсігіс бітірді. Аузынан, түгел денесінен сасық иіс мүңкіп, онсыз да сыз иісі орнығып қалған бөлменің ауасын одан әрі тарылтып жіберді. Ол төсек шетінде ыңқылдап біраз отырды. Әр баланың үстінде қалған киімдерін жазбай танып, тез киінді.

     Сорлы неме, осыдан басқа бай іздегеніңді көрейін, сол жерде жарып тастаймын! – деді тістеніп. Қолынан шағын бәкінің жүзі ай жарығына шағылысып жарқ ете қалды. – Мен бәрін көріп-біліп жүрмін. Есігіңнен кім кіріп, кім шығып жатқанын қағыс жібермеймін. Есіңде болсын, өле-өлгенше сен менің қатынымсың!

     Сорлы неме, есіңе түскенде бір келіп саңғып кететініңе мәзсің. Мына балалар сенікі емес пе сонда? Осылардың күні не болып жатыр деп бір ойлайсың ба сен?

     Мен саған айтқанмын, олар менің проблемам емес! Тудың ба, бақ. Менімен жатуды білесің, сақтануды неге білмейсің, а? Оқыған бәле едің ғой, ғалым едің ғой. Осыған келгенде бәрінен мақұрым болып, ай қарап, жұлдыз санайсың. Білем ғой, мен осылай келіп, жыланыңды анда-санда тұншықтырып тұрмасам, әукең салбырап көше кезіп кетер едің.

     О, сорлы, кетші! Көзіме көрінбей жоғалшы. Керемет шаруа тындырып, арғы-бергіні ойлап жүр екенсің.

Ез немеге осы сөз жетпей тұр екен, екі аттап есікке бір-ақ жетті. Енді сыбырға ауысыпты, сонда да тістене ысылдаған дауысы анық естіліп тұр.

     Етегіңе ие бол. Айтқаным айтқан, бөтен біреуге көз сүзуші болма. Сен өзіңмен қоймай, мына қыздарды да үйретерсің сосын.

Тұмарша қолына ілікке нәрсені умаждап ұстап, лақтырып қалды. Қайда-а-ан, ез немесе жоқ болыпты. Есікке сарт ете қалған дыбыстан үлкен қыз селк етіп оянып, еліктей лағындай үркіп, жан-жағына елегізе қарайды.

     Мама, не болды? Есікті біреу ұрды ма? – деді өтірік ұйықтай қалған анасына.

     Жоға, төбеден қар құлады ғой деймін.

     Маған есік ашылғандай болып көрінді.

     Ұйқысырағансың ғой, жат. Әлі таң атқан жоқ.

     Үй азынап кетіпті, мама.

Тұмарша ештеңе естігісі келмей, сәбиінің маңдайынан иіскеп, сол бойы қайырылған жоқ. Нәзилә орнынан ақырын тұрып, сыртқа кетті. Киімін шешпей ұйықтапты. Бір бұрым ғып өрген шашын арқасына лақтырып, босағадан ескі галош тауып киді. Кеше бір қап көмір әкелген-ді, қараңғыда түртіншектеп соның аузын ашып, қалақпен шелекке салды. Есікті жай ашып-жапты, іні-сіңлілері жатқан тұсқа бір құшақ суық ауа лап еткенін көріп, тыжырынып қояды. Пештің қирап тұрған аузын сықырлатпай ашып, қоламтаны көседі. Кешегі оттың өлеусіреген шоғына екі жаңқа тастап тұтануын сәл күтті де, көмірді қалақпен жайлап төңкерді.

Пештің тесігінен түскен қып-қызыл сәуле бөлмені әнтек жарыққа бөледі. Тізесін құшақтап, жанған отқа тесілген қызына Тұмарша езіле қарады. Не істей алады бұл?

     Мама... – деді Нәзилә сыбырлай сөйлеп. – Ана сүмелек тағы келіпті ғой. Қарға түскен ізін көрдім...

Тұмарша демін ішіне тарта қалып, басын бүркей түсті. Мына масқарадан қайда қашарын білмей, жанын қоярға жер таппай, бейкүнә сәбиін тас қып құшақтай берді. Екі аяғының арасы осы қазіргі қылмысты жасыра алмастай алаулап барады.

     Мама, содан неге құтыла салмайсың?.. Сонша қиын шаруа ма? Ажырасуға арыз берсеңші.

     Тәйт! Маған ақыл үйретпе! Қандай болса да ол – сенің әкең.

     Сол езді әке қылмай-ақ қойдым! Мама, мен бәрін түсінем ғой, үлкен қыз болдым. Өзіңді де, бізді де алдамашы.

     Сорлы-ау, одан ажырассам, далада қалып өледі ғой.

     Қазір не, хан сарайында тұрып жатыр ма? Далада жүр ғой қаңғып... Көрінген жерге түнеп. Міне, үстінің сасық иісі әлі тұр кетпей.

     Бір үйдің жалғызы ғой. Апам марқұм кетерінде маған қатты табыстап еді. Аманатын орындай алмадым ғой мен сорлы... Азаматты азамат күйінде ұстай алмадым.

     Осы сіздерді түсінбеймін. Немене өткенге қадалып?!. – Нәзиләнің көзіндегі өшпенділік оты пештің қызыл сәулесіне қарығып, жалт-жұлт ете қалды. – Біреудің жалғыз баласы болмақ түгілі, патшаның жалғыз ханзадасы болса да мойнындағы жүкті көтеруге тиіс. Ал ол не істеді? Бізді топырлатып туғызып, өзі ләйліп жүр көшеде.

Тұмарша бойы да, ойы да өскен қызына таңдана қарап, ауыр қозғалып төсекке отырды. Терең күрсінді.

     Мама, маған ұрыспаңызшы.

     Е, неге ұрсам?

     Ол сүмелекті қойныңызға жатқызбасаңыз болмай ма?..

Тұмарша жылап жіберді. Осы сұрақтың жауабын өзі таба алмай жүргелі қаншама жыл? Ез неме сұйықаяқтарға қосылып қаңғып кеткенде екі баласы бар еді, қазір – сегіз бала. Арасы екі-екі жастан. Сонда оның сыртта жүргеніне он бес жылға жуықтапты. Түн баласы ұрланып келіп жүрген алғашқы жылдары бір үміті бар еді. Қазір қандай үміт қалды?

Тұмарша өзінің де, ез неменің де еркінен айырылғанын анық мойындап отыр. Күйеуі сол кеткеннен үйге бір тиын әкелген емес, әкелсем деп тырысқан да емес. Университет бітіріп, әуелі тәп-тәуір жұмыс істеген Тұмарша тіршілігінің кенет жалт бергенінен-ақ сансырап қалған сияқты. Ез неме оны алып қашты, қала маңындағы үйіне келін ғып түсірді. Жалғыз шешесі бар екен, бірінші күннен-ақ Тұмаршаны айналып-толғанып, асты-үстіне түсе үйірілгенде, кейуана жалғыз ұлының нағыз ез екенін біледі екен ғой. «Өмірлік міндетімді атқарып болдым» дегендей, келіні екінші перзентіне аяғы ауыр кезінде о дүниеге кете салды. Тұмаршаның содан кейінгі өмірі өмір емес. Өзі де әке-шешеден жалғыз, барар жер, басар тауы жоқ, иесіз үйде жалғыз қалды. Шешесі барда дүниені шайқап жүрген ез неме сосын түгел болмысын жарқыратып көрсетіп, отбасы, әйел, бала бағу деген түсініктен мақұрым екенін күн сайын ұқтырып кете барды.

Енді әйел тұңғышының сауалына жауап таба алмай отыр. Ең жаманы, осы тірлікке Тұмаршаның өзі де әбден бой үйретіп алғанында болып тұр ғой. Езді араққа құмарлық ұйығынан құтқарсам деген алғашқы жылдардағы талпынысының бәрінен түк шыққан жоқ. Ол аздай, күйеуі карта ойнауға көшті. Анасы жанын жалдап жүріп салдырған ақ сарайдай үй қарыздың бодауына кетті. Содан бері осы ауылда пәтерде тұрып келеді. Баласы аз кезде көп жерге сыятын еді, сегіз жылдан бергі панасы – осы лашық. Онда да Құдай қарасып тұр. Лашықтың иесі де кетер жағына кеткен. Ауыл шетіндегі жыртық үйге содан кейін бас сұққан кісі жоқ. Әйтеуір оқу жылы басталарда мұғалімдер келіп, мектеп жасындағы бес баланың кем-кетігін бір түгендеп кетеді. Тұмарша балаларын сабақтан қалдырған емес. Лашық үшін ешкімге пәтерақы төлемейтіні ғана көңілге медеу, әйтпесе баяғыда қаңғып қалар еді.

Нәзиләсі ұқыпты қыз болып бойжетіп келеді. Қырық жамау үйге бауырларын жұмылдырып, жамап-жасқап қоятын да сол. Кеше ғана өзінен кейінгі ұлға «ертең пештің аузын жасап қой, әйтпесе ыстан уланып өлеміз» деп қатты тапсырып жатқан.

Тұмарша болса әлдебір елес қуып, өзінің осы тіршілігіне әбден батып, тіпті туннельдің жарығын іздеуді де қойған. Жыл аралатып бала туған соң жұмыс дегенді ұмытқалы қашан... Ай сайын балаларына берілетін жәрдемақы ғана жанын сақтап тұр. Сүйек мұжып, ет жеп өспеген байғұстары да әлжуаз.

Шынында да, ез немені неге қуып жібермейді осы? Ойланып көріп еді, қорқады екен. Ол ұрады. Көрпенің сыртынан салып қалғанда, сүйегі салдырап қалатынын өзі де біледі. Әлде... әйелдің әлсіздігі ме? Жоқ, ол ешқашан құшақ аңсаған емес. Бір кездегі бәденінен жұрнақ қалмаған. Төңіректегі елдің бәрі «байсыз бала тапқыш» дейтінін де естіген. Бірақ мән берген емес.

Сөйтсе, бұл бейбақ өзін «аманатқа адалдық танытып жүрмін» деп санайды екен ғой. «Мына сорлыға екі шоқып, бір қарамасаң адамдықтан кетеді. Бір атадан қалған жалғыз ғой» дей беретін енесінің сөзі күн сайын құлағында бірнеше рет жаңғырып ызыңдайды. Сонда адамдықтан кетірмегені қайсы? Жүр, әні, сол ез неме әр төбенің басында.

Ол да осы тірлігіне әбден үйреніп алған. Қыс болса, көпқабатты үйлердің жертөлесін паналайды. Жазда сәл басқалқа болса болды. Бірақ қанша жерден ит болса да, үйіне қаңғыбас достарының біреуін ертіп келген емес. Бүгінгі сөзінен байқады ғой, ол қыздарының жаман өсуінен қорқады.

Тұмарша Нәзиләға жасқаншақтай қарады. Осы отырысымен өзінің ештеңе өзгерте алмайтынын ұқтыра қарады. Қыз да анасының дәрменсіз күйін жақсы түсінді. Сәлден кейін бірінен соң бірі оянған бауырларының әбігеріне араласты да кетті.

 

***

 

Үйдің құлаған дуалынан мойнын соза үңіліп тұрған жас жігітті көріп шошып кетті. Басындағы орамалымен аузын да қалқалап есіктің алдына шыққанда, бейсауат қонақ ауланы шола қарап кіріп келеді екен.

     А-а, кешіріңіз, сіз Тұмарша апайсыз ба? – деді ол қолын ұсынып.

Тұмарша сезіктене қарады. Бұл кім, не керек өзіне? Үсті-басы тап-таза, жып-жинақы жігіт бұл үйге тіпті үйлесіп тұрған жоқ.

     Иә, менмін...

     Сіздер туралы досымнан естіп едім. Жағдайларыңызды өз көзіммен көріп қайтайын деп.

     Сіз кімсіз?

     А-а, таныстырмаппын ғой өзімді. Менің атым – Жауһарбек, блогермін.

Тұмарша тіксіне қарап, шегініп кетті. Блогер дегендердің тіміскілеп әркімнің үйін бір аралап жүретінін, түптеп келгенде өз мүддесін күйттейтінін естудей-ақ естіген. «Біздің бейшара кейпімізді жұртқа көрсетіп ақша таппақ қой» деген ой санасына орнап, есіктің алдынан жылжымай тұрып алды.

     Апай, қорқып тұрсыз ба? Қорықпаңыз, мен алаяқ емеспін. Жұрт айтқандай қиналып өмір сүріп жатырсыздар ма, соны көргім келеді.

     Бізге ешкімнің көмегі керек емес.

     Жоға, апай, жарылқап тастаймын деп тұрғаным жоқ, әншейін көрем де шығам.

Тұмарша кісі танитын адамдай блогердің бетіне бажайлап қарап алды да, есікті жүрексіне ашты. Арғы жақтан сабаққа жасы жетпеген үш бала, екіншіде оқитын ұл қозыдай жамырап қоя берген. Жауһарбек басқаша бірдеңе күтсе керек, әр заты ескі болса да, ішкі сылағының кей жері жалаңаштанып қалса да, жалпы жинақы бөлмеге таңдана үңілді. Әлсіз шам жарығына көзін үйрете алмай біраз тұрды. Содан соң ғана әр тұста үрпиіскен төрт баланы байқап, құшақ жая ұмтылды.

     Тө-ө, нағыз батырлар мен сұлулар осында екен ғой! – деді еміреніп. – Мына балалар қазақтың баға жетпес байлығы ғой. Ертең-ақ ел тұтқасын ұстағалы тұр ғой.

Блогердің шектен тыс еркінсіп кеткені аса жасанды көрініп, Тұмарша қолын қақпайлай берді. Жауһарбек байқаса да мән бермегенсіп, жерде отырған кенжекей Самалды көтеріп алды.

     Қандай тәтті бала өзі! Әлде қыз ба? – деп даурыға сөйлеп, сәбидің маңдайынан иіскеді. Сосын кенет есіне әлдене түскендей қалтасынан телефонын алып, асығыс терді.

     Иә, сол кісілер екен. Мен сол үйдемін, тез келсеңдер жақсы болар еді, – деді аз-кем амандықтан соң тұтқаның арғы жағындағы адамға.

     Бізге ешкімнің керегі жоқ. Кімді шақырып жатырсыз? – деді Тұмарша үрейленіп.

     Қорықпаңыз, апай. Достарым ғой. Сіздерге аз-кем сыйлығымыз бар еді...

     Бізге сыйлық керек емес дедім ғой...

     Тү-үу, апай, неге қорқа бересіз? Келмес бұрын біз сіз жайлы естіп-білдік, жағдайыңызға қанықтық. Сегіз балаңыз бар екен, өзіңіз жалғыз бағып отыр екенсіз. Соны көзімізбен көріп, балаларыңызды бір қуантып кеткіміз келеді.

Айтып ауыз жиғанша есіктен бейтаныс қыз бен жігіт «ассалаумағалейкүм, қайырлы күн» деп ене берді. Қолдарында үлкен-үлкен екі сөмке бар. Ақтарып қалғанда, бір бұрышқа ұйлығысқан балалардың көзі жайнап сала берді. Жауһарбек пен достары әр баланың атын да біліп алған екен, «мынау саған, мынау саған» деп бәрінің қолына сыйлық ұстатты. Әкелген тәтті-дәмділері қаншама! Манағыдай емес, Тұмарша да үрейден сәл арылып, әр сыйлыққа еміне қарап, бой үйрете бастаған. Жауһарбек мектеп жасындағы бес балаға бес телефон әкеліпті, байғұс әйелдің көзі атыздай болды. Осынша қымбат нәрсеге әуреленіп...

Көп ұзамай-ақ Жауһарбек үй иесінің өңіріне шағын микрофон қадап қойып, біраз нәрсеге қанығып алды. Қонақ қыз әккі екен, балаларды да, Тұмаршаны да әр тараптан түсіріп, үйдің іші-сыртын таспалап біраз әбігерленді. Соңында Жауһарбек бейбақ әйелді иығынан құшақтап тұрып:

     Қазақ елі, ендігі үміт сіздерде! Осынша баланы өмірге әкеліп қана қоймай, ешкімге қол жаймай жалғыз өзі бағып отырған ана қандай құрметке де лайық деп ойлаймыз. Видео соңындағы сілтеме арқылы өтіп, қолдан келген көмектеріңізді аямасаңыздар, бір қазақтың шаңырағын бақытқа шомылдыра алар едік, – деп тоқтады.

Блогерлер кеткен соң жалғыз төсекке бүк түсіп жатып, Тұмарша күні бойы жылады. Алдымен өзін аяп жылап еді, артынша сөгіп жылады. Университетті аяқтаған кезіндегі өрлігі қайда? Жасы қырыққа жетпей-ақ жер бауырлап, жұрттың қабағына қарап, сорлы өмірді қайдан тапты? Езге қор болған күндерінің өтеусіз өте шыққанына налып жылады.

Кешке Нәзиләсі, үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы келгенде ғана еңсе көтерді. Оларға бәрін айтып, блогерлер әкелген телефондарды ұсынды. Ұлдар қатты қуанғанмен, Нәзилә бір бұрышта тұнжырап отырды да қойды.

Сөйтіп күндер өте берді. Нәзилә өз отбасының ТикТокта жүргенін көрсетіп тағы жылап алмағанда, Тұмарша блогер дегендерді сол бойы ұмытып кете берер еді. Қырық бес секундтық видеоға әлгі пысықайлар бәрін сыйғызып үлгеріпті. Тұмарша өзінің үркектей берген түрінен қысылып, видеоны қайта көрген жоқ.

Араға бір түн салып ез неме тағы келді. Тағы да сыбдырын сездірген жоқ. Бекітулі есікті қалай ашып ала қоятынын қайдам, сумаңдап кіріп келгенде Тұмарша селк етіп оянып кетті.

     Өлтірем, шешең! – деді ез бейбақ әйелдің тамағына бәкісін тақап. – Мен саған көрсетемін жап-жас жігіттің құшағына кіргенді. Балаларыма сыйлық әкеп тастағаны ғана жаныңды сақтап тұр, әйтпесе бауыздай салар едім.

Тұмарша қыңқ дей алмады. Өзі өле қалса, аяғын енді басқан Самалының күні не боларын ойлап қорықты. Не де болса үндемей құтылуға бекінді. Ез айбат шегіп, тісінің арасынан лоқ еткізіп түкіріп салды да, келгені қалай тез болса, сонша жылдамдықпен көзден ғайып болды. Бұл жолы зорлаған жоқ.

 

***

 

Араға бір жарым ай салып Жауһарбек келе қалсын. Өзі көңілді. Ескі таныстардай есіктен қуана аттап:

     Мен сіздерді киноға шақыра келдім, – деді. – Апай, балаларға бар жақсысын киіндіріңізші. Сегіз баланы да ертіп алыңыз. Қазақша бір жақсы фильм шығыпты, жұрттың бәрі ағылып жатыр. Билетті әзер таптым.

     Інім, сенің тез арада кеткенің жөн, – деді Тұмарша қыстығып. – Әйтпесе сені де, мені де өлтіреді.

Жауһарбек кірпігін де қаққан жоқ.

     Ол енді сіздің маңайыңыздан да жүре алмайды, – деді тік қарап. – Оны заң әкелік құқынан айырып тастаған.

     Қалайша?

Әйелдің күңіренген дауысына таңырқай қалған Жауһарбек біраз уақыт дағдарып тұрып қалды.

     Өткенде қасымызда жүрген қыз – Қазақстандағы балалар омбудсмені, апай, – деді сосын. – Осы үйден шыға салысымен құжаттармен айналысып, күйеуіңіздің он бес жылдан бері сіздерге ешқандай қараспағанын, көше қаңғыбасына айналғанын дәлелдеп арыз түсірді. Сол арыз күні кеше қанағаттандырылды. Ол енді сіздің күйеуіңіз емес.

     Сонда біздің тағдырымызды сыртымыздан шеше бересіздер ме?

     Кешіріңіз, апай, қимайтындай несі бар ол адамның?

Тұмарша көмейіне кептелген «ол бір үйдің жалғызы ғой» деген сөзді жұтып алды да, тағы жылап жіберді. Анасының көз жасын көрген балалар бір бұрышқа ұйлығысып қалыпты. Естияр төртеуі состиып әр жерде тұр.

     Апай, енді алаңдайтын ештеңе жоқ. Ештеңеден қорықпаңыз. Біз жағдайыңызды толық білеміз. Ол келсе, полиция сөйлеседі. Одан да бір серпіліп келіңізші. Бала-бала деп ешқайда шықпай, қатты шаршап жүрсіз ғой.

Тұмарша сәл ойланып тұрып, тез келісті. Сенбі болғасын, балаларға сабақ жоқ. Қашанғы үрейдің ұйығына түсе береді? Тез барып келеді. Әрі кетсе, үш сағат жұмсар.

Бар жақсысын киіп, тойға бара жатқандай даурығысқан сегіз бала ерекше көңілді. Тіпті Нәзилә да суық жымиысының арғы жағына сүйсінісін жасырып, іні-сіңлілерін киіндіріп, тез жинала қойыпты. Дуал сыртына тоқтай қалған шағын автобусқа бәрі қуана отырысты. Әуелде жақын жердегі сауда үйіне бет алған сияқты еді. Бірақ Жауһарбек әлдебіреумен сөйлесті де, қаланың екінші бетіне жол сілтеді.

     Апай, досым билетті сол жақтан тауыпты. Айыпқа бұйырмаңыз. Кино біте сала әкеліп тастаймыз, – деп тыныштандырды.

Зәулім сауда үйіне бұрын келіп көрмепті, балалар да, Тұмарша да таңдай қағып қарай берді. Залға кірмес бұрын Жауһарбек пен досы оларды жақсылап тамақтандырды, таңсық тағамның біразын алып берді. Балалар шат. Ол аз болса, әрі-бері аралатып жүріп, бәрін киіндірді. Ескі-құсқының бәрін тастап, жұтынып шыға келген балапандар тоқшылық үйінің өскіндеріндей жайнап кетіпті.

Қап-қараңғы зал балалардың мысын басып тастады. Кенет зор дыбыс шаңқ етіп, үлкен экраннан фильмдердің шағын жарнамасы тізбектеле жөнелгенде, кішкентай Самалға дейін тәнті болып, көздерін ашып-жұмды. Артынша «Бауырлас» қоғамдық қоры ұсынады» деген жазу жарқ етті де... ошақ басында отырған әйел көрінді. Тұмарша өзін таныды. Жүдеу өңінде тағы үрей тұр. Бұрышқа тығылған төрт қарғасының көзінде де үрей. Сынған дуал, түскен сылақ. Аузы кетілген пеш. Пеш үстінде ескі шәугім. Артынша таныс дауыс саңқ етті. «Құрметті көрермен, бүгінгі фильмді бастамас бұрын, «Бауырлас» қорының тағы бір акциясы сәтті аяқталғанын сүйіншілегіміз келеді. Жаңа ғана сіздер жағдайына қанық болған отбасының аяулы анасы, батыр ана Тұмарша ханым бүгін ортамызда отыр. Қор атынан сіздердің көздеріңізше ерекше сый ұсынғымыз келеді. Ол сый – кішкентай Самалға!» деп көтеріңкі дауыспен сөзін тәмәмдаған Жауһарбек экран шетінен енді ғана тұтастай көрінді.

Тұмарша ештеңе түсінбей жан-жағына қарады. Зал іші лық толы екен. Жауһарбек пен балалар омбудсмені жарық жағуға белгі берді де, бұлардың қатарына көтерілді. Қолдарында үлкен қорап бар. Тұмаршаға ортаға шық деп ымдады. Тұмарша қатты қысылды. Сөйтсе де елдің алдын әзер кесіп өтіп, Самалын уілдеген күйі ортаға шықты.

     Тұмарша апай, мына қорапты ашу үшін үлкен балаңыздың біреуін шақырыңыз, – деді Жауһарбек.

Шеттеу отырған Ақтынысы қолын көтеріп алыпты, соны шақырды. Сегізінші оқитын бала ылдым-жылдым қимылмен қорапты ашып жіберді де, су жаңа велосипед алып шықты. Жауһарбектің ымдауымен қарындасын отырғызды да, жұрт алдында әрі-бері бір-екі рет айналдырды. Өзі риза. Жұрт та самарқау қол соғып, пыш-пыш әңгімеге бой ұрып отыр.

     Сигналын шылдырлатып көрмейсің бе? – деді Жауһарбек Ақтынысқа мейірлене қарап.

Ақтыныс сигналдың шүріппесіне қолын апара берді де, қайта тартып алды.

     Не көрдің, Ақтыныс? Не бар екен онда?

Ақтыныс сигналды сыңғыр-сыңғыр еткізіп алып:

     Кілт, – деді.

     Ненің кілті ол?

     Білмеймін.

     О-о-ол – сіздердің жаңа үйлеріңіздің кілті! – деп айғай салды Жауһарбек.

Аңысын аңдап тына қалған жұрт дүрілдеп кетті. Зал ішін шарт-шұрт шапалақ кернеді. Тұмарша да, Нәзилә да, естияр балалардың ешқайсысы да сене алар емес.

Фильм аяқталғанша Тұмарша көз жасын көлдетіп жылады да отырды. Киноны көріп жарытқан жоқ. Соңғы эпизод аяқталып, жұрт орнынан дүрк көтерілгенде ғана өзіне-өзі келді. Көрермендердің бәрі құттықтап, тіпті кейбіреуі көрімдік деп қолын ақша қыстырғанда да Тұмарша басын изегені болмаса, көп ештеңе түсіне қоймады.

Жауһарбек бәрін ұйымдастырып қойыпты. Сегіз баласын жетелеген ананы осы маңдағы ауылдың ортаңғы көшесіндегі үйге әп-сәтте жеткізді. Алдынан шашу шашып апалар қарсы алды. Тұмарша жылап тұрып үйдің лентасын қиды. Бөлме-бөлмені аралатып таныстырып жүрген Жауһарбекті інісіндей жақсы көріп, қасына келген сайын рақметін айта берді.

 

***

 

Жаңа ауылға бұл отбасы тез үйренді. Мектебі де құшақ жая қарсы алды. Төртінші тоқсаннан кіріссе де балалар сабағын ақсатпай, анасын да ұятқа қалдырмай еркін оқып кетті. Мың болғыр Жауһарбек кейінгі үш кішкентайға балабақшадан да орын тауып берді. Ол аз ба, Тұмарша да сол балабақшаға аспаз болып кірген.

Олардың кинозалда отырып үй алған видеосына сүйсінбеген адам жоқ. Тіпті Тұмарша да омбудсмен қыз сыйлаған жаңа телефонының жадынан қайта-қайта тамашалай береді. «Бақытқа шомылу деген осындай болар. Өмірімде бірінші рет!» дейді өзіне-өзі.

Ал үй – керемет! Кейін білгендей, «Бауырластар» қорына бір жарым ай ішінде бүкіл ел осы үйге ғана емес, ішкі-сыртқы жиһаздарына да молынан жететін қаржы жинапты. Бұл – қордың жағдайы төмен отбасыларға сыйлаған бір мың үш жүз бәленбайыншы баспанасы екен.

Аз күнде балалардың да өңі кірді. Нәзиләнің қабағының астынан кетпейтін мұң сейілгендей. Биыл ол оқуға тапсырады. Күн сайын таңертең өз бөлмесінен қуана шығып, айнаның алдында керіліп-созылып, тоқ бұрымын ерекше нәшпен өретін тұңғышына ана байғұстың көзі тояр емес.

Ал... ез немесі қайтып қара көрсеткен жоқ. Ол, сірә, бұларды таппай қалды. Әйтпесе аянбас еді. Қаны қарайған жауыздың қолынан бәрі келеді.

Жауһарбектің бұларды жаңа үйге жеткізіп, өзі үлкендеу Ақтыныс пен Нәзиләні ғана ертіп, ескі үйден керек-жарақты алып келуге кеткенін Тұмарша енді ғана түсініп жүр. Ездің я өзінен, я тіміскілерінен осылай із жасырған екен ғой.

Мың болғыр Жауһарбек-ай! Жауһар десе жауһар екен! Әуелі тіксініп қарсы алғанына Тұмарша әлі күнге дейін ұялады. Бұлардың жағдайын түзеген соң, Жауһарбек бастаған қор қызметкерлерінің тағы бірнеше отбасын бақытқа кенелткенін ТикТоктан көріп, Тұмарша қатты сүйсінді. «Азамат деген осындай болады екен ғой. Тіл-аузым тасқа, Алла бар тілеуін берсін» деп күбірлей жөнелетін болыпты осы күні.

 

***

 

Қақпаны өзімсіне ашып, нән мәшинеге жол көрсетіп жүрген дәуқарынға Тұмарша таңдана қарады. Ешқашан көрмеген адамы. Өз үйінде жүргендей еркін. Қолымен әр тұсты бір нұсқап, ақыры көліктің қорабынан түрлі құрал-сайман түсірді.

     Сәлеметсіз бе! – деді Тұмарша қорқақтай амандасып.

Ырс-ырс етіп, жирендіре дем алады екен. Тұмаршаны кісімісің деп тұрған жоқ.

     Мен осы үйдің хәзәйінімін, – деді ырқылдап. – Мына суағарды, содан кейін есік алдындағы тақтатастарды алып кетуім керек, өзіме қажет болып тұр.

     Не дейсіз?

     Не естісең сол! – деді дәуқарын айылын жимай.

     Бұл үйдің ендігі иесі – мен! – деді Тұмарша. Іштей «қашанғы бұғына берем?» деп бекініп алғандай. – Құжаты, бәрі өзімдікі.

Дәуқарын мырс етті.

     Жолдан бала тапқыш, жұртқа алақан жайып жүріп қайыр тілейтін сендей сорлыға қайдағы үй?! Соңғы кірпішіне дейін бұзып алсам да ешкім ештеңе демейді. Тұр былай жолдан!

Тұмарша қыстығып жылап жіберді. «Бәсе, қайдағы батпанқұйрық деп едім. Маған біткен нәрсенің бәрі осындай қырсық» деп күбірлеп, шегіне берді. Дәуқарын қолындағы шегесуырғышпен салып жіберердей төніп алыпты.

     Полиция шақырам! – деді Тұмарша тұяқ серпіп өлуге тырысып.

     Маған десең, сегіз бала таптырған сегіз байыңды ертіп кел!

Дәуқарын көліктен түскен екі жігітке қабағымен әмір беріп, суағарды нұсқады.

     Сен состимай, сатының қайда тұрғанын көрсет! – деді Ақтынысқа. Сосын Тұмаршаға бұрылды. – Сен, қатын, еркінси берме, анау екі люстраны, қабырғаға жапсырылған айнаны да алып кетемін. Естімедім деме!

Тұмарша есік алдына топырлай шыққан балаларына қорқынышын сездірмеуге тырысып, үйге кірді. Жауһарбекке хабарласады, басқа амалы қане?

     Барам, апай, барам! Қазір бір шарада отыр едім, шыға сала жетем! – деген жігіттің дауысынан ыза мен ашу сезілмей қалған жоқ.

Түпкі бөлмеде Самалды құшағына қысып, сыңсып жылап біраз уақытын өлтірді. Жаңа ғана асыр салып жүрген балалары енді мына үйді анық бөтенсіп, әр жер-әр жерде состияды.

Сырттан ию-қию дыбыс естілді. Полиция көлігінің қиқуы көше басынан жетіпті. Тұмарша Ақтыныспен бірге сыртқа шыққанда, ырсиып-ырсиып қалған тақтатастардың орнын көрді. Есік алдын жау ойрандағандай. Қақпа сыртына дік етіп тоқтаған полиция көлігіне дәуқарын самарқау көз тастап, тақтатастарды мәшине қорабына лақтыра берді.

     Дәулетжан аға, мұныңыз қалай? – деген Жауһарбекті керенау тыңдады.

     Өзім білем, – деді амандасуға да жарамай. – Сен ит екенсің! – деді Жауһарбекке өшіге қарап. – «Ойбай, жалғызілік әйел, сегіз баласы бар, қиналып жүр» деп жақауратып едің, маңдай теріммен неше жыл салған үйіме жезөкшені әкеп кіргізіп кетіпсің ғой, а?!

     Абайлап сөйлеңіз, ағасы! – Тіктеле қалған полицейге Дәулетжан көз қырын да салған жоқ.

     Суағарымды алып кетем. Маған десе, мойнына су сорғаласын. Ал тақтатастарды жезөкшенің тықылдатып басып жүргені керек емес. Бір байы келіп жаңасын төсеп берер.

Жұдырығын түйіп ұмтыла берген Жауһарбекті полицей тез тоқтатты.

     Сөзіңді қор қылма оған, – деді сабасынан шықпай. – Бәрі заң жүзінде болуға тиіс. Сен қазір бір қол сілтеші, өнбес дауға қаласың. «Заң қызметкерін ертіп келіп итше тепкіледі» деп арыз жаза салады бұлар.

     Сен көсемсіме, бейшара мент! – деп ысылдады дәуқарын.

     Біреудің үйіне басып кіріп, заттарын тонап жатқаныңыз өз алдына, заң қызметкерін балағаттағаныңыз үшін де жауапқа тартыласыз. Осы жерден тоқтатыңыз!

     Бұл – менің үйім, не істесем де өзімдікі!

     Енді сіздің үйіңіз емес. Кәні, құжатыңызды көрсетіңіз.

     Құжатты қайтесің, осы көшеде лағып жүрген кез келген иттен сұрашы, «Дәулетжаннның адал еңбек, маңдай терімен соққан үйі» деп үріп қоя береді.

     Иттер куәға тартылмайды, құжат сөйлейді. Үйді сатқаныңыз рас па?

     Рас. Бірақ мен тақтатасты, суағарды, люстраны сатқаным жоқ. – Дәуқарын айылын жияр емес.

     Баланың сөзін айтпаңыз, азамат. Үйді нешеге саттыңыз?

     Оны саған айтам ба? Бақытсыз мент, менің үйімде ақша бар деп сылтауратып келіп, тонап кетпексің ғой сонда?

     Нағыз ез екенсіз! – деді әбден түңілген Жауһарбек. – «Осы үйді сата алмай жүр едім. Құдай көктен тілегенімді жерден берді» деп қуанған сіз емес пе едіңіз?

     Мен қорға саттым, жезөкшеге емес!

     Кімге сатсаңыз да, енді үй сіздікі емес. Оның сынық жаңқасы да сіздікі болмайды енді.

Осы сәт қақпадан енген шенді жігітті көріп, Дәулетжан қуанып кетті.

     Оу, өзіңіз келдің бе, Бәке? Жақсы болды ғой. «Өз затымды алып кетем» десем, мыналар миымды қатырып тұр.

     Қойшы, Дәуке, баланың ісін істемей, – деп зорлана жымиды прокурор. – Бүкіл елді шулатып не бітіріп жүрсің сен?

     Енді... өз үйім екені рас қой.

     Қайдағы сенің үйің! – Прокурор түсін суытты. – Сен бұл үйді сатқансың, енді еш қатысың жоқ. Тез заттарды орнына қой да, ізіңді суыт.

     Бәке-ау, өзіміз емеспіз бе?

Прокурор оның қипағына мән берген жоқ. Арса-арсасы шыққан ауланы нұсқап, мәшинеден тақтатастарды қайта түсіруге иек қақты.

     Айтпақшы, – деді дауысын созып. – Сен осы үйді сатқан ақшаңнан мемлекетке салық төледің бе?

Дәулетжанның жүні жығылып қалыпты. Екі жігітті дереу қайта жұмсап, суағарды орнына қақтыруға кірісті.

     Мен келгенше бәрін орнына келтіріп қойыңдар, – деді әмірі әлі де біраз адамға өтетінін ұқтырғысы келгендей.

     Қайта келудің қажеті жоқ. – Прокурор дәуқарынның бұл арадан тез арада табан жалтыратуын ғана қалайтынын айқын ұқтырды. – Полицей мырза бар заттың орнына келуін өзі қадағалайды.

Осыны айтып, өзі де сыртқа шығып жүре берді. «Сен бала ештеңені жариялаушы болма. Бізге сенің жарнамаң қажет емес» деп ескерте кетті Жауһарбекке. Дәуқарын да тайып тұрды.

     Осы үйдің ендігі иесі – сендерсіңдер! Кім келсе де қорықпаңдар. Кім не десе де құлаққа ілмеңдер. Сендер жерге қарап тұрсаңдар, аналарыңды, қарындастарыңды кім қорғайды? Жігіт жігіт сияқты болу керек. Әрине, қолға түскен затпен қойып қалыңдар демеймін. Бірақ жігіт адамда сес болу керек, өзінің осы жердің иесі екенін айқын аңғартатын ашу болу керек. Ер адам ез болса, Отанға да жүк. Кәні, енді аналарыңның жылағанын көрмейтін болайын, – деді Жауһарбек кәдімгідей түсін суытып.

Тақтатастарды қайта өрнектеп жатқан екі жігітке көмекке асыққан Ақтынысқа мейірлене қарап қойып: «Балаларым Жауһарбектей азамат болса екен!» – деп тіледі байғұс ана.

 

15:34

25.03.2025