„Das Unwohlsein der modernen Mutter“ (Бүгінгі ананың машақаты) кітабынан үзінді
Авторы: Марайке Кайзер
Неміс тілінен аударған Райхан Шалғынбаева, өңдеген – Назгүл Қожабек
Өзім жайында
Өмір – дамылсыз арпалыс, мен сол арпалыстың дәл ортасында жүрмін.
Велосипедпен жүйткіп жүремін, инстаграмда да отырамын. Бір қолыммен баламның нанына май жағып, бір қолыммен tweet жазып үлгеремін. Қолымда камера, құлағымда музыка, ән айтамын, би билеймін, инстаграмда стори жариялаймын, бір сәтім де бос өтпесе деймін.
Телефон қоңырауына жауап бермеймін, бірақ телеграмға жауап жазамын. Хаттар оқылып, дыбыс хабарламалар тыңдалып жатыр. Кездесемін, сүйісемін, жұмыс істеймін, дүкенге барып, керегімді аламын. Кейде шаршап, сырқаттанып қаламын. Сәл ес жиып, бойым жеңілейсе, серуенге асығамын.
Ақша аударамын, ойға шомамын. Төсек қатынасына да түсемін, қарным ашады, түсінгім келеді... бәрін. Сөйлеймін, тыңдаймын, біреудің сөзін бөлетін де кездерім болады, біреу менің де сөзімді бөледі.
Ыдыс жуатын, кір жуатын машиналарды қосамын. Әке-шешеме де қоңырау шалып үлгеру керек еді. Уайымдаймын, өзім тамақ пісіремін. Баламды мектептен алып қайтамын, онлайн тапсырыспен зат алдырамын, әжетхана жуамын.
Сосын тағы... үйді шаңсорғышпен тазалаймын, тіс дәрігеріне барамын. Баламды жатқызып, өзім де қалжырап көз ілемін. Мен де сүйемін, күлемін, жүгіремін. Үнемі осы, бәлкім, жай ғана менің өмірім осы шығар.
Жалғыз менің емес. Өзгелердікі де дәл солай. Балалы құрбыларымды сирек көремін. Көбінесе iMessages, WhatsApp пен Instagram-да қысқа хат жазып хабарласамыз. Уақытымның көбін жұмыс орнымдағы әріптестеріммен өткізеді екенмін. Солармен бірге түскі ас ішуге барамын. Сосын баламның қасында бірге боламын. Сосын нан дүкендегі сатушымен сөйлесемін, төңірегімде үнемі жүретін – сол қарапайым жандар. Әрі көп уақытым уайыммен өтеді.
Балама әділетсіз болам ба деген уайым… Қаражат уайымы. Балама келгенде алаңым көп. Кейде өзімнен: «Осы баланы дүниеге әкелгенім дұрыс болды ма?» деп сұрап қоям.
Дәл бүгінгідей өмір сүре берсек, мына дүние ұзаққа бармасы анық. Климат ауып барады. Жер тоңып, жан күйіп барады. Осылардың бәріне қарап отырып, «Шын мәнінде өзімше өмір сүре алдым ба?» деген уайым да бас көтереді. Көбірек жасай алар ма едім? Жетістікке жете алар ма едім? Басқаша бола алар ма едім?..
Денеме алаңдаймын.
Пәтерім Instagram-дағы мінсіз интерьерлердей емес. Қарнымның терісі де журнал беттеріндегідей тегіс емес. Кейде қызымды ұйықтатамын деп жатып, өзім де қалжырап, ұйықтап қалам. Шаршағанымнан. Әбден шаршағанымнан.
Сондай күйде жүріп, іштей әлі де би билегім келеді, ән айтқым келеді – қайта-қайта, тоқтамай ән салғым келеді. Кейде тырнағымды алып, лак жағып үлгерсем, соның өзіне қуанып қалам. Өйткені сол — өзім үшін жасаған кішкентай болса да маңызды жеңісім.
Иә, мен өз-өзіңе қамқор болу туралы айтылатын дана сөздердің бәрін жақсы білемін. «Бәріне үлгеру міндет емес» деген тұжырым да маған жат емес. Өзіме деген талаптарым орындалмай қалса – дүние күйреп қалмайтынын да жақсы түсінемін. Тырнағымды боямай жүре бергеннен қадірім кеміп қалмайтынын білемін.
Өзгелердің де уайымы менікіне ұқсас, қайғысы да ортақ екенін ұғам. Қателік пен әлсіздік адамды әлсіретпейді, керісінше — тереңдететінін түсінем. Өзгелерге келгенде мен кеңпейілмін, ал өзіме келгенде — қаталдаумын. Өз уайымым өз бойымда ғана. Ішімде. Тыныш қана.
Тек... кей-кейде, тым қысқа бір сәтте ғана – бәрі ұмытылады. Қызымды құшағыма басқанда. Ол маған жай ғана:
«Анашым, бала болған – тамаша ғой!» дегенде,
немесе бейкүнә жүзін бұрып:
«Ана болған да сондай ма, әлде қалай?» деп сұрағанда...
Сол сәтте уайым, күмән мен шаршау атаулы еріп кетеді. Жүрегім тыныстап, жаным жылынады.
Иә, мен ана болғанды жақсы көремін. Мен оны санама салып өзім таңдағанмын. Бала сүю – өмірдегі бақытымның жалғыз шарты болған жоқ. Тек мен осы жолды қаладым. Осы баланы қаладым. Осы азаматтан болсын дедім. Содан кейін тағы бір нәрсені таңдадым – екеуіне де қамқор болсам дедім.
Бар жүрегімді салып, ана болдым. Алайда өмірдің тосын парағы мені басқаша сынады. Тұңғыш қызым – ерекше жан болып дүниеге келді. Сирек хромосома ауытқуы бар болып туды. Сол сәттен бастап мен жай ғана ана емес, мықты анаға айналдым. Тағдырдан ерік сұрамайтын, қайратты болуға мәжбүр аналардың бірі болдым.
Мүгедек баланың анасы болу — тек ата-ана болу ғана емес. Бұл – күн сайын күрескер, қамқоршы, кейде үнсіз жауынгер болу. Қоғамның аяй, кейде үнсіз үрейлене қарайтын тұғырында тұру. Әкесі екеуіміз оған жай ғана ата-ана емес, күтуші, дем беруші, тірегі болдық.
Ақыр соңында... біз оны өмірінің соңғы сәттерінде де қолдадық, қасында болып, о дүниеге шығарып салушылары да болдық.
Тұңғыш қызымның жанында өткен төрт жыл — менің өмірімдегі ең ауыр, сөйте тұра ең маңызды жылдар болды. Ол жайында бұрын жазғанмын. Бөлек кітапта. Алайда сол жылдардың табы менің өміріме де, осы — қолыңыздағы ұстап отырған кітапқа да айнымастай болып түсті.
Мен баласынан айырылған ана нендей күйге түсетінін білемін. Мен дәрменің құрыған шарасыздық деген не екенін білемін. «Бұдан ары көтере алмаймын» деп емес, шынымен де дәрменің құрыған сәт қандай болатынын білемін. Тән жағынан да, жан жағынан да — әлсіреген, жаны тозған, үміті сөніп бара жатқан ананың жан күйі басымнан өткен.
Мен ауруханадағы күндер қалай өтетінін білемін. Сағат сайын үміт пен үрейдің арасында кезек ауып, палата ішіндегі үнсіздік пен аппараттың дыбысы ғана тіршілікті есіңе салып тұрған сәттерді басымнан өткердім. Қызымды ота бөлмесіне әкетіп бара жатқанда... ол қайта ояна ма, әлде оянбай қала ма деп қалтырап, дұға қылғаннан өзге ештеңе істей алмаған сәтімді ұмытқан емеспін.
Жай ана болғаныма ғана емес, осындай ана болғаныма өзгелер мүсіркей, тіпті қорқа қарайтынын да білемін. Көшеде, ауруханада, дүкенде... бөтен көздер, жылы сөз, жаны ашыған сұрақтардың тасасында мүсіркеу үнді сезінемін.
Біреу қызым туралы: «Бұл өзі қалай болды?» деп сұрағанда, мен оның бар болмысын құшақтай сүйіп тұрғанымды білем. Мейлі өзгелер ауруды ғана көрсін, мен оның жанын көрдім. Шынайы, тұтас болмысын көрдім.
Мен өмірдің нағыз құнын білемін.
Әсіресе, тоқтап қалғандай болған өмір қайтадан қозғалған сәті қандай болатынын — жүрегіммен білем. Сол қозғалыс тым баяу болса да, тым әлсіз болса да, оның қайтадан алға жылжығаны — маған үміт, жарық, тіршілік сыйлаған.
Жанымда құлыншақтай құлдыраңдап жеті жасар екінші қызым қалды. Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен ол емес, алайда ол менің күнделікті іс-әрекеттерімде ана болып қалуыма жағдай жасады.
Ана болу мен үшін өзінен-өзі болатын қарапайым құбылыс емес. Бұл – мен мұны парықсыз болып естіле ме деп тәуекелге бел буып жазып отырмын – бұл менің күн сайын алып отырған сыйым. Бұл сөйлемді осы кітаптың кейінірек болатын үзіндісіне деп өзіңізге белгілеп қойыңыз. Менің махаббатым мен көнбістігім әр сөйлемде бар – тіпті бәлкім сіз күте қоймаған сөйлемдерде де бар.
Сонымен: мен ана болғанды жақсы көремін. Маған ұнамайтын нәрсе: балалы адамдардың мүддесіне де, балалардың өз мүддесіне де қызмет етпейтін біздің қоғамның құрылымдары. Адамдарды екі гендерге (еркек/әйел) бөліп, әлі күнге дейін әйелдерге ерлерге қарағанда басқаша көзқарас танытып, еркектерді жоғары бағалайтын қоғам ұнамайды.
Ана ретінде мен мұның бәрін күн сайын сезінемін. Неміс экономика институтының: «Бала дүниеге келгеннен кейінгі жеті жылда аналардың үштен бірінің психикалық хал-жағдайы айтарлықтай нашарлайды» деген дәлеліне таңғалмаймын. Зерттеуге сәйкес, «айтарлықтай нашарлау» туралы айтылып тұр. Сауалнамаға қатысқан аналардың мүшкіл халі – психикалық күйзеліс, күйзелістен болатын және әлеуметтік алшақтау, сары уайымға салынып, мазасыздану және үрейлену сезімдері сияқты – үш сипатта көрінеді.
Мұның себебі неде? Аналар жынысына қарай алалау көреді және жалпы балаларымен бірге тұрып, оларды бағып отырған адамдар да оларды алалайды. Аналар өз ішінде қосымша да алалау ла көреді: жұрт оларды қара нәсілді ана, мүгедек ана, босқын ана, нәсілшіл ана, жалғыз басты ана, қызтеке ана, бір жынысты некедегі лесби ана, бинар емес ана, жас ана, кәрі ана, бала асырап алған ана, қос ана деп ат қойып, айдар тағып, ағаш атқа теріс мінгізіп жібереді.
Менің көзқарасым – ақыл-есі түзу, ақ нәсілді, queer және cis* әйелдердің бірі болып қалыптасқан көзқарас. Бұл – өзін гетеросексуал қарым-қатынаста таныған, екі бала тауып, соның бірінен өлі айырылған ана бола жүріп қалыптасқан көзқарас.
* «Queer» – жыныс және/немесе гендер кімдігі жалпы көпшіліктен бөлек адамға қатысты қолданылатын ортақ атау; ал «cis» – адамның гендерлік кімдігі дүниеге келгендегі жынысына сәйкес келетінін білдіреді.
Мен – жоғары білім алмаған жұмысшы отбасынан шыққан әйелмін. Бұл да менің өмірге деген көзқарасым мен өмірдегі тәжірибеме ізін салып кеткен фактор. Біздің екінші қызымыз – әкесі екеуіміздің арамызда, әрқайсымызбен кезек тұрып келеді. Біз оны бірге, бірлесіп тәрбиелеп жатырмыз.
Осы кітап менің жеке тәжірибемнің, өміріме түскен салмақтың және қоғамдағы ана болуға қатысты көзқарастардың нәтижесі болып дүниеге келді. Журналист көзқарасы мен қоғамдағы әділетсіздіктерді ашып көрсетуге деген ұмтылыстан туды. Бұл – алалаудың алуан түрлі қырын көрнекі етпек талпыныс. Әрі осы еңбегім әлі өзге де аналардың көзқарасына сүйеніп жазылатын талай кітапқа жол ашады деп үміттенемін.
Өйткені ата-аналар – әсіресе, аналар – қоғамдық және саяси дискуссияға сирек қатыстырылады. Әдебиетте де, өнер мен музыкада да, медиада да әйелдердің дауысы тым бәсең естіледі. Қазірдің өзінде ер адамдар жазған кітаптар көбірек басылып, ірі бұқаралық ақпарат құралдарындағы қоғамдық пікір мақалаларын негізінен ерлер жазады. Галереяларда көбіне ер суретшілердің көрмесі өтеді, ал фестиваль сахналары ер адамдардан құралған топтарға бұйырады. Саясаттың тізгінін әлі күнге ерлер ұстап отыр.
Ер адамдар – ойланатын, жазатын, музыка шығаратын, сурет салатын, өнер көрсететін тұлғалар. Ал әйелдер болса – бала бағу, қарттарға қарау, үйін ұстау, төңірегіндегілерге қамқор болу сынды ақысы төленбейтін әлеуметтік міндеттерді арқалаған жандар.
Феминист авторлар бұл мәселелерге он жылда бір емес, ондаған жылдан бері назар аударып келеді. Тағы да Виржиния Вульфті еске алайық: ол 1929 жылы жазған әйгілі «Өз бөлмең» деген эссесінде әйел адамның мәдениет аясында толыққанды кейіпкерге айналуына не қажет екенін ашып көрсеткен еді. Ол бөлмені – рухани тыныштық пен еркіндіктің нышаны деп сипаттайды. Адамның жалғыз қалуға, ойлануға мүмкіндігі болғанда ғана сол ойларын көркем туындыға айналдырып, мәдениетке үлес қоса алатынын түсіндіріп береді.
Вульф көтерген тақырып бүгінде бұрынғыдан да өзекті. Аналар қоғамдық ортада өзін көрсетпек түгілі, әлеуметтік жағдайына алаңдап, күнделікті күйбеңге бас қатырудан босай алмайды. Олар жұмыс істейді, отбасына қарайды, баласын өсіреді, арасында достарымен араласып үлгеруге тырысады, тек солардың ортасында өз-өзінен айырылып қалмауға, өзіне қамқор болуға талпынады.
Ақыры уайым жайында сөз қозғадым екен, айта салайыншы: мен бұл кітап туралы айтқан сәттерде көп жағдайда жұрт менен «Ал әкелер туралы не дейсіз?» деп сұрап жатады. Жауабым – жоқ, бұл жерде әкелер туралы арнайы әңгіме жоқ. Өйткені мен отбасы мен жұмысты қатар алып жүргеннің қиындығы туралы жазғанда, оны әйелдерге ғана қатысты шектемей, ата-ана ретінде барша адамға ортақ мәселе деп қарастырамын. Дегенмен, аналарға тән қосымша жүк пен көрінбей қалатын, сөйте тұра өмірлік маңызы зор жайттар бар – олар туралы алдағы тарауларда кеңірек айтсам деймін.
Әкелер туралы қоғамда көбінесе: «Үлгі бола алмайды, сол себепті асыраушы рөлімен ғана шектеледі» деген пікірлер айтылады. Тек мен бұған келісе қоймаймын. Әкелерден де үлгі алуға болады.
Жазушы Тилл Раетер бір жазбасында былай дейді:
«Бала күтімі бойынша демалыста, жарты күн жұмыс істеп жүрген кезімде маған өмірдің бұл кезеңінде не күтіп тұрғанын – биліктен айрылу, мәртебеден қағылу, әріптестерден алшақтау сынды жайларды түсіндіріп берген – әйелдер болды. Сонымен қатар, бұл тығырықтан шығу жолдарын да – елемеу, басқаша әрекет ету, өз жолыңды табу, айтқаныңнан қайтпау – көрсеткен солар. Бұл – маған шынайы қолдау болды».
Бұл кітап өмір сүру салтымызға, таңдау еркіндігіне, оның мүмкіндігі мен шектеулеріне арналған. Автор Анна Менке «Жұмысбасты аналар мен әкелердің 'Таңдау еркіндігі' ме?» деп сұрақ қылып ат қойған еңбегінде былай дейді:
«Кейінгі жиырма жылда жоғары білімді, ақ нәсілді, әлеуметтік жағынан ортадан жоғары таптан шыққан әйелдердің эмансипациялық жетістіктері негізінен тек ақылы еңбекке араласумен шектеліп қалғандай».
Алайда теңдік деген – әйелдердің жұмыс істеуіне «рұқсат ету» ғана емес. Ол – қоғамның барлық саласында әйелдердің толыққанды көрінуі, дауыс беруі, шешім қабылдауға араласуы. Бұл – шынайы теңдік.
«Ана болу» деген кітабы арқылы Шейла Һэти бұл рөлдің терең символдық мәні бар екенін еске салады:
«Ана деген – саяси дәреже. Ол – таңғажайып күш пен өмірлік қуатқа толы, біз әлі толық пайдалана алмай жүрген әлеует. Бұл дәреже әлемді өзгерте алатын қуаты бар.
«Ана болуды» саяси дәреже деп қабылдауды өзім мағынасы зор әрі ақылға қонымды деп білемін. Өйткені отбасы, еңбек нарығы мен әлеуметтік саясат аналарға қалай әсер ететінін күнделікті көріп отырмыз. Бұл құбылыстар бір-бірімен тығыз байланысты. Егер «Ана болуды» саяси санат деп қарастырсақ, аналардың дауысы – қоғамға айрықша маңызды екені анық болады. Бұл дауыс саясатта да, әдебиетте де, музыкада да, бұқаралық ақпарат құралдарында да естілуге тиіс. Ана болу – саяси дәреже.
Бұл кітапта мен қазіргі заманғы ана болу феноменіне назар аударамын. Дәлірек айтқанда: бүгінгі таңда ана болған қандай-ды? Ол қай саяси жүйелерде мүмкін болады? Бүгінде ана болуда қаншалықты еркіндік бар, ол өзін-өзі тануға мүмкіндік бере ме?
Ана болып біз қалай еңбек еткіміз келеді? Жұртпен қалай араласып, қарым-қатынас құрып, сүйіспеншілікке бөленіп, бала күтімін ортақ бөлісіп, балаларымызды шығарып салып, қарсы алып, өз қабілеттерімізді дамытып, өнермен шұғылданып, бақытты болып, шынайы өмір сүргіміз келсе, соның бәрін қалай істейміз?
Осы сұрақтар осы кітаптың өзегіне өрілген.
Сондай-ақ, иә – сіз мұқабада көріп тұрған жемпір туралы да сөз болады. Сіз оны киіп көргіңіз келе ме?
Бұл кітапты жазып шығу үшін маған тек өзіме ғана тиесілі, жан тыныштығын табар жеке бөлме қажет болды. Бұл бөлме маған әзір күйінде ешкімнің сыйы болып келген жоқ – мен оны сұрауға, талап етуге, қайта-қайта дауыстап тілеуге мәжбүр болдым.
Дегенмен, маған орындық әкеліп қойған адамдар табылды. Бөлменің қабырғаларын бояп, маған жеңіл-желпі ас пісіріп берген жандар да болды. Сол қамқорлық пен қолдаудың арқасында бұл бөлме – менің шығармашылық, ой кеңістігіме айналды. Бұл – маған уақытша ғана тиесілі болса да, тыныс алуға, жазуға, ой түюге мүмкіндік берген бір сәттік баспана болды.
Тек мен бұл бөлмені өзіме берілген ерекше артықшылық деп білемін – өйткені аналардың көбіне мұндай бөлме бұйыра бермейді. Бұл – өзгелердің қолы жете бермейтін, тек белгілі бір әлеуметтік қолдауы немесе жағдайы бар әйелдерге ғана бұйыратын мүмкіндік. Ал менің жүрегімде бір сенім бар: егер әлемде әр анаға осындай бөлме бұйырып, олар ол үшін күресіп, тіленіп, қайта-қайта сұрауға мәжбүр болмаса – онда бұл әлем анаға да, балаға да, барша қоғамға да әлдеқайда әділеттірек, мейірімдірек болар еді.
ДЕНЕ
– Оһ... – деді ол.
Екеуіміз менің төсегімде, жалаңаш, бір-бірімізге тым жақын жатқанбыз. Ол менің үстімде еді. Бірнеше сағат бұрын ғана алғаш жолыққанбыз. Алайда бұған дейін ұзақ уақыт бойы хабарласып, тіл қатысып жүріп, әр сөзімізбен бір-бірімізге жақындай түскендейміз. Мен оны көрмей тұрып-ақ, жүрегіме бір алапат сезім ұялаған болатын.
Барда отырғанда балаларымыз жайлы әңгіме өрбітіп, өзара бір түсіністік тапқандай болдық. Енді міне, менің төсегімде, менің үстімде жатып, ол:
– Оһ... – деді.
– Оһ дейсің бе? – дедім мен шошып кетіп.
Екеуіміз де үндемей қалдық. Мен бойымды тартып, аздап көтерілдім де, көрпені тартқылап, қымтанып алдым.
– Қарнымды айтып тұрсың ба? – дедім.
Ол тосылып қалды. Дауысы кекештеніп:
– Иә... тек мұны жаман ниетпен айтқан жоқпын, – деді.
– Аһа... – дедім. – Иә, түсінікті.
«Оһ».
Аһа.
Арада бірнеше апта өткенде ол менің қарнымды – босанған әйелдің бойына тән, терісі созылып, сызат түскен тұстарды – суретке түсірді. Сол сәтте мен өзімді сүйікті жанның көзіндегі асыл бейнедей сезіндім. Қарным да сондай күйде еді. Тек сонда да «Оһ» деген сол бір сөзді ұмыта алмаймын.
Оһ – сенің денең ананың денесіне ұқсайды...
Оһ, бұл не деген тосын күй!
Мұндай тосындықты түсінгім де келмейді. Әйтсе де, оны ұғынуға тырысамын. Бұған себеп – айналамызды қоршаған жалған сұлулық үлгілері болар, бәлкім. Журнал беттері, кино, Instagram – бәрінде де мінсіз, аққұба, түксіз, теп-тегіс, жасандылығы көзге ұрып тұратын тәндер қаптаған. Ол адамдардың бойына ана болғаны еш әсер етпегендей. Аяғы ауыр кезде қарны өсіп шығар, алайда көп ұзамай ол қайтадан сұлулық стандартына сәйкес қалпына келе қалады.
Теледидардан берілетін бір реалити-шоудың жұлдызы София Вегас өз суретінің астына Instagram-да былай деп жазыпты: «Біз, әйелдер, сылтау айтуға қақымыз жоқ. Балалы болдық па, тамақты дұрыс ішіп, спортпен шұғылданып, бой-бітімімізді қалпына келтіруіміз керек».
Уфф.
Алайда Вегастың денесі – тек спорт пен тәртіптің нәтижесі емес. Ол төсін үлкейткен, мұрнын өзгерткен, тіпті екі қабырғасын алдыртып тастағанын да ашық жазды. Мұндай әрекет – Instagram-дағы танымал әйелдерге қоғамнан болатын қыспақтың салдары.
Аналар – капитализм әлдеқашан өз нарығына айналдырып алған сала. Босанған соң әйел – бұрынғы қалпына келіп, күйеуінің көзіне қыздай көрінуге тиіс деген талап бар. Milf-Maker деп аталатын фитнес бағдарламалары мен пластикалық операциялар – осыған дәлел. Қынапты тарылтып «некені сақтау» жайлы кеңестердің өзінен жан шошиды.
Зерттеуші Катя Грач MILF-Mädchenrechnung кітабында былай дейді: «Қалыптасқан гендерлік рөлдер мен нарықтық экономика аналарды көзделген тұтынушы топ деп қайта танытып отыр. Әйел аяғы ауыр кезде денесі өзгереді, ал сұлулық индустриясы сол өзгерістен пайда табады». Ол былай деп толықтырады: «Әңгіме үнемі әйелдің еркекке қалаулы көрінуі жөнінде болады. Басқа ештеңе маңызды емес сияқты».
Бұл қияли талап атақты аналарға ғана емес, өзгелердің бәріне әсер етеді. Жақында ойын алаңында бір ана екі жасар ұлына: «Кеттік, анаң сенің кесіріңнен жиналған артық салмақтан арылуы үшін спортзалға баруға тиіс» дегенін көрдім.
Мұндай сөздерден бала санасында дене туралы қандай түсінік қалыптасатынын айтпай-ақ қояйын.
Оның орнына, мен күнделікті өмірде өзім көретін аналардың шындыққа жанаспайтын идеалдарға қарсы шынайы тәнін көрсетуге тырысамын. Instagram-да босанғаннан кейінгі денесін мақтан тұтпайтын, сонда да шын қалпында көрсететін әйелдерді қарап жүремін. Әсіресе, «After-Baby-Body» деген сөзді естісе, жүрегі айныған аналарды іздеймін.
Fuck you, After-Baby-Body!
Көп жаса, дене. Уақытпен бірге жасап, тірі екеніңді көрсет. Көп жаса.
@takebackpostpartum деген Instagram парақшасында «Variations of Normal» деген айдар бар. Мұнда толық аналар, арық аналар, сызат түсіп, салбыраған тері, семіз қарындар – тіпті дәретханада баласын құшақтап отырған ана бейнеленген. Парақшаның иесі – алты баланың анасы Жануари Харше. Ол былай дейді: «Сәбилердің денесіндегі май мен целлюлит оларды сүйкімді етсе, менің де буылтық-буылтық қарным мен целлюлитім мені сүйкімді етеді».
Жазбалар астындағы пікірлер – бұл суреттер оқырманға рух беріп, оларға өз тәнін жақсы көруді үйрететінін дәлелдейді. Қанша адам жазылғаны маңызды емес. Маңыздысы – түрлі дене бітімі көрсетілгені. Адамың денесі – қандай болса да, сол бар күйінде құнды.
Тэсс Холлидэй – өз тәнін мақтана көрсетіп, табысқа жеткен аналардың бірі. Модель, #EffYourBeautyStandards бастамасының негізін қалаушы. Ол аналық сана-сезім көйлек өлшеміне қарамайтынын күнде есімізге салып тұрады.
Бір оқырман оның парақшасына: «Сен менің өмірімді өзгерттің. Сұлулық стандарттарына қарсы күресің маған өз денемді қабылдауды үйретті. Бұл – баға жетпес сый» деп жазған. Холлидэй оған: «Осыны сол үшін істеп жүрмін ғой» деп жауап берген.
Күн сайын көзімізге көрінетін бейнелер бізге әсер етеді. Жануари Харше: «Бөгде әйелдің денесін сүйсіне көрсем, өз денеме де солай сүйсіне қарай аламын» дейді.
Осылайша түрлі дене бітімдерін түйсініп іздеуді қолға алдым. Кейде бұл аяқ астынан да болуы мүмкін. Мысалы, «Қыздар» телесериалын алғаш көргенімде Лена Данһэмнің жалаңаш тәніне көзім түсіп кетіп, кенет: «Бұл – мен ғой!» деп ойладым.
Алғаш рет өзімдікіне ұқсас тәнді – сол күйінде, боямасыз – теледидардан көрдім.
Бұған дейін мен фильмдерде де, сериалдарда да өзімді танымаған едім. Бұл – алғаш рет болды.
Лена Данһэм өзінің Not That Kind of Girl деген кітабында бір жас қызбен кездескенін еске алады. Ол қыз Ленаға: «Сіздің денеңізді көргенім маған маңызды болды. Бұл маған өз-өзіме сенімділік берді» деген. Мен де онымен жолықсам, дәл осылай дер едім.
Бір жағынан, бақыттымын. Себебі менің денем – әлі де сұлулық стандарттарына азырақ болса да жақын. Ақпын, бойым 1,80, киім өлшемім – 46. Тек өлшемім осындай болғаны кесірінен мен көп киім топтамасынан тыс қаламын. Сол жүйкеме тиеді. Жұртқа айтсам: «Сен семіз емессің ғой!» дейді.
Семіз сөзінен неменеге қорқамыз? Адам түсінетін тілмен айтсам: менің денем – интернет-дүкендер мен киім брендтеріне – «тым үлкен», «қисық», «қалыптан тыс».
Бұл – қалып бар деген сөз, ал мен сол қалыпқа сай емеспін деген сөз.
Ал маған солай болса, онда өзін көрсете алмай жүрген қанша әйелге қалай болғаны? Қара нәсілділерге ше? Мүмкіндігі шектеулі әйелдерге ше? Олардың денесі медиада тіпті сирек көрінеді.
Тіпті медицина да: «Алдымен арықтаңыз» деп, науқастың өзін емес, дене пішінін емдеп әлек. Көмек керек пе? Алдымен денеңді қалыпқа салып әкел.
Өз денемді жарамды деп қабылдауға көп уақыт жұмсадым. Бұған балаларым дүниеге келгені ықпал етті. Босана салғанда, ваннада, жалаңаш, қан мен нәжіс, тер мен сүт араласқан нағыз өмірдің ортасында жатқан сәтте мен өзімнің нағыз денеммен қауыштым.
Бәріне шыдадым. Денем де, жаным да шыдады. Екеуіміз енді ешкімнен қорықпаймыз.
Германиядағы әйелдер киімінің орташа өлшемі – 42, тек бұл қоғамда қабылданған өлшем деген сөз емес. Теледидарда да, жарнамада да, ең танымал дүкендер мен бренд сөрелерінде де қабылданған өлшем ол емес. Оның орнына күн сайын төңірегімізде көпшілігіміздің қолымыз жетпейтін арман болып қалатын идеал өлшем, сәнді мүсін өлшемі қаптап тұр. Яғни нөл мен ары кеткенде 38-өлшемнің арасынан аспайды. Нөлдік өлшем деген – шамамен сегіз жасар қыздың белі.
Бұдан шығатын қорытынды: әйелдің бәрі дерлік өзін «тым семіз» сезінеді. Олар киімінің өлшемін тарылтып тастайды, түскі астан бас тартады, фитнеске жазылады, диета ұстап, спортпен шұғылданады, кеспеден бас тартып, көкөніс жейді. Мен – бақыттымын, не ішемін, не жеймін деп алаңдамай, тамақ талғамай жей беремін. Капитализмдегі қоғамға араласқан әйел ретінде мен мұны шынымен ең алдымен бақыт деп білемін. Таныстарым арасында тамақ ішу тәртібі бұзылмаған бір де бір әйелді білмеймін.
«Мәдениет әйелдің сымбатты болуына сүйенсе, онда бұл жерде әңгіме әйелдің сұлулығы туралы емес, оның мойынсұнуы туралы болғаны. Диета ұстау – әйелдер тарихындағы ең тиімді саяси тыныштандыратын құрал; білдірмей есінен адастырып жіберген жұртты басқарған оңай» деп жазады Наоми Вулф 1990 жылы Der Mythos Schönheit (Сұлулық туралы аңыз) журналында.
Әйелдер мен әйел пішінді денелер тек мойынсұнып қана қоймай, мүмкіндігінше аз орын алуы керек – бұл әйелдердің қоғамның барлық саласында алатын әлеуметтік орнына ғана қатысты емес, сонымен бірге олардың нақты физикалық тұрғысына да қатысты. «Феминист ретінде мен қоғамда өзіме орын алуды үйрендім. Әйел ретінде арық болып, назарға ілінбегенім дұрысырақ» деп жазады автор Эмилия Смечовский. Қоғамдық көлікте manspreaden, яғни талтайып, бір өзі екі бірдей орынды алып отыратын, бар даусымен даңғырлап, егжей-тегжей сөйлескенді жаны сүйетін, сүйкімді қозы қарыны бар еркектерден айырмашылығы (айтпақшы, денесінен ұялып қорсыну қай жынысқа да ақымақтық).
Ер адамдарға кеңістік иеленуге рұқсат етіледі, ал әйелдер денесіне берілетін кеңістік шектеулі әрі шектеулі бола береді де. Жұрт неғұрлым көбірек алалау көрген сайын, олардың кеңістігі де соғұрлым тарыла береді. Ақ нәсілді еркек алатын кеңістік Қара* нәсілді трансгендер әйелдікіне қарағанда көбірек. Әр алалау жағдайында кеңістік әлеуметтік тұрғыдан кішірейеді, сөйте тұра айқындала да түседі. Адамдардың бір-бірімен шатасуына ықпал ететін, сондай-ақ олардың кеңістігіне, беделіне әсер ететін түрлі кімдік ерекшеліктері бар.
«Тек одан да сорақысы, – дейді ғалым Эмилис Ройг, – бұл кімдік патриархат, капитализм және нәсілшілдік немесе отаршылдық деп аталатын қыспақ жүйелері арқылы жасалып, іске асады».
Қисынға салсақ: патриархат болмаса, әйелдерге қыспақ жасалмас еді, капитализм болмаса, ақшасы жоқ халықтың қадірі кетпес еді, отаршылдық пен нәсілшілдік болмаса, Қара нәсілді және ақ нәсілге жатпайтын терісінің түсі бөлек халықтардың қадірі кетпес еді.
Эмилия Ройг былай дейді: «Мен Қара нәсілді әйел болып дүниеге келмеймін, бірақ бұл жүйелер мені осылай болуыма мәжбүр етеді». Ройг біздің айырмашылықтарымыз бейнеленген иерархияны сипаттап, былай дейді: «Біз өзгешелік туралы емес, төмендету туралы айтып отырмыз». Демек, белгілі бір кімдік сипаттары бар адамдарды осы жүйелер де, сонымен бірге, осы жүйелердің ішінде өмір сүріп жатқан адамдар, яғни біз де, тек өзгеше деп бағалап қана қоймай, төмен санаймыз. Соның салдарынан алалау көріп, зардап шеккен адамдардың кеңістігі тарыла түседі.
Түнде қолына кілтін ұстап үйіне бара жатқан әр әйел, қараңғыда саябақтан жалғыз өтпейтін әр әйел мұны біледі. Қазірдің өзінде балаларымызды, қыздарымызды сол үрейді сіңіріп тәрбиелеп жатырмыз. «Ешкімнің сенімен сөйлесуіне жол берме, ешкіммен бірге жүрме, саябақтың ортасындағы жолдың орнына осы жолмен жүр» – дегендей сөйлемдерді кішкентай қыздар өзімен жасты кішкентай ұлдарға қарағанда әлдеқайда жиірек естиді. Өйткені бұл айтылғандар оларға күнделікті аса қажет. Мұны қорыққаннан көпшілік алдында өз қалауын көп көрсете бермейтін оғаш адамдар біледі.
*Қара – саяси ұғым. Бұл ұғымға ерекше көңіл аудару үшін кейбір авторлар осы Schwarz сөзін сын есім болса да, үлкен әріптен жазады.
Мұны қорыққанынан әлдебір көшелерде, қалаларда және орындарды жүруге батылы жетпейтін, нәсілшілдіктен зардап шеккен адамдар біледі. Мұны әлдебір ғимараттарға кіре алмайтын не ымдап қана сөйлесуге душар, мылқау, іс-шараларға, телебағдарламаларға және концерттерге қатыса алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар біледі. Олар бар жерде қағажу көреді, арнайы орындардан немесе ақпарат құралдарынан шет қалады. Сенің бұған қатысың жоқ, саған мұнда кіруге болмайды. Тіпті бұл көбінесе «солай айтылмаса да» – нәтижесі солай.
«Біздің денеміз – біздің "өзіміздің" ең кішкене кеңістіктері» дейді автор Мари Һехт. Әйелдердің "өзі" шектеледі. Біз оны осылай үйренеміз, бұл – біздің өмірімізге тиесілі, оның бір бөлігі. Кеңістік ер адамдарға тиесілі, еркек еместерге қанша кеңістік беретінін солар шешеді. Сол кеңістік еркек еместерге қаншалықты қауіпті боларын да шешетін – солар.
Өмірдің қай саласында да әйелдерге кеңістік жетпей жатады. Кэролайн Криадо-Перес өзінің «Көрінбейтін әйелдер» кітабында біз ер адамдар өздеріне, яғни еркектерге деп жасаған әлемде тұрып жатырмыз дейді – және оның цисгендер емес, яғни гендерлік кімдігі туған кезінде белгіленген жынысына сәйкес келмейтін қызтеке еркектерге қалай ықпал ететінін түсіндіреді. Мысалы, олардың жол апатынан өлуі қаупі жоғары. Ондаған жылдар бойы апат сынақтарына қолданылатын манекендер жасауға салмағы тым ауыр емес, тым жеңіл де емес, бойы тым ұзын не қысқа емес, орташа ер адам үлгі болып келді. Ең көп қолданылатын манекеннің бойы 1,77 метр, салмағы 76 келі, бұлшықет массасы мен омыртқасы еркек адамдардың бұлшықеті мен омыртқасына тең. АҚШ-та әйел манекен 2011 жылы ғана шыққан – бұл жердегі «әйел» дегеннің мағынасы да дүдәмал, анықталмаған.
Көбіне кішірек еркек манекендер қолданылатын. Манекендер мен адамдардың денесіндегі бұлшықет массасы, сүйек тығыздығы мен омыртқалар арасындағы қашықтығында айырмашылық бар. Автокөліктің қауіпсіздік белдіктері не толық кеуделі денелерге, не аяғы ауыр денелерге сай әзірленбеген, сондықтан көп адам қауіпсіздік белдігін дұрыс тақпай, апат бола қалса өліп кетуі қаупі бар.
Бұл ақпаратты дәлелдеу үшін жүзден астам мысал келтіруге болады, бұл – солардың біреуі ғана. Криадо-Перес өзінің 500-ге жуық беті бар кітабында бұлардың көбін атап өтеді. Ол ерлердің бетіне арналған және әйелдерге тура келмейтін, таққанда сырғып кететін тыныс алу маскалары туралы, ерлерге ғана сыналған, сондықтан әйелдерге ешқандай әсер етпейтін не тіпті оларға зиянын тигізетін дәрі-дәрмектер туралы, тіптен әйелдерді шамадан тыс зардап шектіретін салық жүйелері туралы жазады. Әйелдерде ғана болатын не әйелдер ағзасында басқаша көрініс табасын аурулардың көбі шала зерттелген. Мысалы, жүректе болатын инфаркт ауруы: бұл дерт әйелдерде бірден анықталып, диагноз қойылмайды, өйткені бұл аурудың классикалық белгісі – шаншу көбінесе жүрек маңайында сезілмейді. Кеуде тұсы қатты ауырғанның орнына қарынның үстіңгі бөлігінде, жауырын тұсында, желкеде жағымсыз сезім пайда болады да, оның белгілері инфаркт емес, қыжылға ұқсап келеді.
Криадо-Перес сипаттайтын нәрсе – зерттеулер әдетте тек ер адамдарға қатысты жүргізілгені салдарынан болатын гендерлік деректер алшақтығы, экономика, медицина немесе әлеуметтану саласындағы зерттеу алшақтығы. «Еркекке тән дүниенің бәрі әмбебап деген болжам – гендерлік деректер алшақтығының тікелей салдары» дейді ол.
Автор осы олқылық арқылы әйелдер өмірдің барлық саласында неге көрінбей қалатынын түсіндіреді. Бүкіл Жер бетіндегі халқының жартысы әйелдер бола тұра, олар ер адамдарға қарағанда әлдеқайда аз кеңістік алады.
Эссесінің аяғында автор Мари Һехт кеңістікті қалай пайдаланатынын сипаттайды. Ол тротуарда жаттығады екен. Көңілі жабырқап, ешнәрсеге зауқы соқпайтын «жаман» күндері өзіне кеңістік алу қиын болатынын, содан кейін оған күші жетпейтінін жазады. Өйткені қоғамның күштілеріне оңайы әрі табиғи нәрсе – рухы түсіп, езілгендерге күш көрсету. Һехт тротуар бойымен жүріп өтіп: «Бұл жолы ешқайда бұрылмаймын» деп ниеттеніп, әлеуметтік өзгерістің бір бөлігі болғысы келетінін айтады. Сол себепті ол бір ер адаммен соқтығысып қалғанда, ол ер адам оған: «Неге менің жолымды бөгейсің?» деп гүрілдейді. «Мен оны елемеймін, тек: `Неге жолдан сен кетпейсің?` – деп ойлаймын. Дәл осыны мен айқайлап оның бетіне айтуым керек еді».
«Оһ» деді дәрігер екі аяғымның ортасында отырғанда. Босанғаныма төрт-ақ күн болған , осы орындықтың үстінде екі аяғым екі жаққа кетіп қоңыздай домалап жатқаннан гөрі өзіме жөні дұрысырақ жағдайды елестетер едім. «Оһ, – деді ол тағы да, – бұған ота жасауымыз керек-ау». Аз уақытқа басым істемей қалады да, көтенішек жарылған (геморрой) дегенді естігенде, қайта есімді жиып аламын. Осы уақытқа дейін ондай нәрсе барын білмеппін. Көтенішектің шығар аузындағы бұл түйіндер көбінесе босанғаннан кейін шығатынын да білмегем. Олар толғақ кезінде қатты күшенгеннен шығады екен: ұйыған қан тамырларды бітеп, батып ауыратын түйін болып қатып қалады. Кейінгі күндері қатты қиналғаным сондай, арт басып отыра да алмай қалдым. Бала емізгеннен жарылып кетіп, жанымды көзіме көрсетіп ауырған емшек азабы аздай.
Менің денем аурумен бинго ойнайды, бұйырса, бір аурудан арылуға таяп қалдым.
Дәрігер сүйектің тұсына жан кетіретін дәрі салғанда, «Аааһ!» деп айқайлаймын. Төбеге тесіле қарап: «Шынымен түгім қалмады-ау» деп ойлаймын. Балам ота жасайтын бөлменің бұрышында тұрған бесікте түк болмағандай мамыражай ұйықтап жатыр. Мен өзімді басу үшін сөйлеп жатырмын. Аурудан не ұяттан көңілім басқа жаққа аусын дегенде істейтінім – ананы-мынаны айтып, өзімді алдаусырату. Осы жолы екеуін де сезіп жатырмын: тәнім ауырып, өзім ұялып барам.
Сонымен, ота жасап, көтенішектің шығар аузындағы түйіншекті алып тастайтын (жан кетіретін дәрі салса да жаныңды көзіңе көрсетеді) дәрігердің әңгімесінен білгенім –әр үшінші науқасы жаңа босанған ана екен. Ұялғаным аздап басылды. Қаладағы ең жақсы проктологтар ұсынған босануға дайындық курстары қайда қалды? Оргазмға бөленіп, яғни құшырланып босану жайлы айтатыны ше?
Тіпті одан да қызықты тақырыптар бар: етеккір, геморрой, лохия, яғни босанғаннан кейінгі апталап шығатын қан. Толғақтың өзі жан төзбейтін азап – әрі оған байланысты болатын физикалық құбылыстардың бәрі де өте ауыр. Мысалға апталап шығатын қан-жынды айтайық: іштегі нәрестеге жағдай жасау үшін бойыңа жиналған нәрсенің бәрі – қан, жатырдың шырыш қабаты, қағанақтың қалған-құтқаны – енді қайта сыртқа шығуға тиіс. Оның бәрі шыққаны – ана аяқ-қолын бауырына алып, денсаулығы қалпына келе бастағанының белгісі. Ал өзіңіз босанғаннан кейін баланың жолдасын көрдіңіз бе?
Тыйым салынған етеккір тақырыбы тыйымнан тақырыпқа баяу дамып келе жатқанда, апталап сорғалап жүретін қан әлі де біз айтпайтын нәрсе болып келеді. Бір түрлі жағымсыз. Сауығып кеткеніме қуанып масаттанғанның орнына, туыт ана маған жаялық берді. Даладай өлшеміне, пішініне қарап оған серфинг тақтайы деп ат қойып алдық. Қазір енді етеккірге арналған сүйкімді өнімдер шығып жатқанда, лохияға да арнап біртіндеп сүйкімді заттар шығаруға болады ғой – бәлкім, оларды ұялып, жасырудың қажеті жоғына ықпал ететін болар. Неліктен біздің өз денеміз өзімізге соншалықты ұнамайды?
Неге жас қыздардың көбі бойжетіп келе жатқанда алғаш сұйық аққанда іш киіміне хош иісті гигиеналық төсеме салады? Өзінің күш-қуаты мен денсаулығы дұрыс екеніне қуанғанның орнына соған қымсынады. Ол аққан сұйықтың қышқылдығы сондай, ол матаны ағартып жібере алады! Қуанып шаттанғанның орнына, бұл жуса кетіп қалатын дақтардан қысылып, оларды жасыруға тырысады. Жалпы, мәселе мүмкіндігінше әсерлі болып көріну туралы (сымбатты сөзінің синонимі ретінде қолданылады). Әрі кез келген (ақша жетпеген, ауырып тұрған, қабыл алмаған) жағдайда әсерлі болып көрінген жөн.
Өнімдер мен өткізілетін іс-шаралар, бағдарлама мен жоспарлар, көмекшілер мен жалған жарнама жасап шатастырушылар – тізім шексіз ұзын. Маркетинг бөлімдері бізге қалайда өнімін өткіземін деп бойымыздан қандай бір артық-кем, ақау табуға болатынын ойлап түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмейтін сияқты: құстың саңғырығынан бетке арналған маска, ұлудың сілекейінен крем жасап, қынапты булайтын, суықпен емдейтін, ерінді ине салып үлкейту, ботокс, балауыз сынды дүниелерді жарнамалайды да жатады. Ал мұның бәрі неге керек?
Fuckability үшін, гетеросексуал еркектер төсектес бола алсын деп жасайды. Fuckability ұғымы алғаш рет Голливудта қолданылған, алайда қазір бар жерде қолданылып, таралып барады. Аналар да төсектес бола алатыны айдан анық – тек олар бұл үшін біраз тер төгуге тиіс. Мысалы, ақша мен уақыт керек. Ауыру тағы бар және кейде ұят мәселесі де кедергі. Айталық бейтаныс біреуге ыстық балауызбен әурет жеріңіздің түгін жұлдырамын деп, галоген жарықтың астында тізерлеп, бұтыңызды ашып отырсаңыз, нендей күйде болар едіңіз?
Мен автор Катя Грачтан ер адамдар смартфонға дикпик (жыныс мүшесінің суретін) өңдеп әуре болмай-ақ жолдап жүргенде, неге әйелдер өз денесінде көп нәрсені өзгертуге тиіс деп ойлайтынын сұрадым. Оның жауабы былай болды: «Мәселе әйелдерді бағынышты, ал еркектер үстем деп білетін патриархал қоғам құрылымында жатыр. Үстем болсам, мен ешкімге ұнайыншы деп тыраштануға мәжбүр емеспін. Жұрт мені осы бар күйімде қабылдайды не қабылдамайды. Бағынышты болсам, үнемі бәсеке күйінде жүремін, сондықтан жұрттан озайын деп, өзімді баптаймын. Бұл иерархияға, яғни төмендегілердің жоғарыдағыларға бағыну тәртібіне байланысты. Иерархия болып ұйымдасқан жерлерде бәсеке көп. Бәсеке менің өзімді өзгелермен салыстыруым керек деген сөз. Мен иерархияның жоғары жағында тұрсам, ештеңе істеп, басымды қатырудың қажеті болмайды». Сонымен, дикпик суреттері – жай ғана билік пен биліктегілердің белгісі ғана.
Ал өз билігін асыра пайдаланатын ер адамдар көп. Олар, әрине, өзге денелерге баға береді. Мысалы, менің денеме. Сөйтіп мен интернетте танысқан бір цисгендер еркекке жағажайдағы креслода демалып отырған фотосуретімді жолдадым. Сол фото өзіме ұнайтын. Мұнда біздің (соңғы) әңгімемізді ұсынамын:
Ол: «Қолтығыңның түгі өсіп кетіпті ғой».
Мен: «Тыңда, мен саған бірдеңе айтайын: ересек әйелдердің бәрінің қолтығында түгі болады. Сюрпрайз».
Ол: «Алайда әйелдердің 65 пайыздан астамы түгін қырып жүреді. Сюрпрайз».
Мен: «Иә, өйткені олар солай істеу керек деп ойлайды, әйтпесе сен жазғандай пікірге қалар еді».
Ол: «Елестетіп көрші, мен сенің тырнағыңның қабыршақ-қабыршақ болып кеткен бояуы туралы айтсам, сен бәлкім соған жымиып күлер едің».
Осы тұста мен «әңгімені» аяқтадым. Жоқ, бұған мен жымиып күлмес едім. Ең дұрысы ортан терегімді көрсетер едім. Менің денемнің сұрауы жоқ, іздеуі жоқ деп пе едің. Менің денем сұрамастан сын айтатын ешкімнің ойыншығы емес. Бұл жай дене емес.
Аяғың ауыр кездің өзінде-ақ денең үстем дегеннен гөрі көбірек бағынышты болады. Германияда бала алдырғанның жазасы бар. Қазір әлдебір жағдайларда ғана: мысалға, ұрықтан жаралатын іштегі нәрестенің бойында біздің қоғамының әлеуметтік нормасына сәйкес келмейтін бірдеңе бар деген болжам үлкен болса, онда баланы алдырып тастайды. Басқа жағдайда аяғы ауыр әйел іштегі шарананы дүниеге әкелуге тиіс.
«Ең бастысы, сау» дейді, яғни, ең бастысы – нормаға сай деген сөз. Ең бастысы, біз өзіміз ойлап тапқан санатқа сай келуге тиіс. Мысалы: ұл ма, қыз ба? «Сонда не болады? Қыз бола ма, ұл бола ма?» Аяғы ауыр әйелдің бәрі де осы сұрақты біледі. Бұл сұрақ неге керек? Жауапта отбасының болашақ өмірі туралы не айтылуы керек? Мен көбінесе: «Адам болса екен» деп жауап беретінмін. Жалпы, жауап бергендей болсам.
Зерттеулердің бәрінде аяғы ауыр әйелдің өзіне де, іштегі нәрестеге де әлдебір санаттар белгілеу керек делінеді. Қаупі жоғары жүктілік. Қыз. Ұл. Бойы. Салмағы. Иә, денсаулық маңызды, әрине. Тек сол санаттар шынымен сондай маңызды ма, олар туралы біз үнемі сұрап тұруға тиіспіз бе? Олар біз адамдарды сынауға қолданғымыз келетіндей санаттар ма? Біреу бізді сынасын дейтіндей санаттар ма? Аяғы ауыр әйелден хал-жағдайын сұрасаң, қалай болар еді?
Медициналық және технологиялық жетістіктер дені сау, қалыпты адамдар анағұрлым көбірек дүниеге келсін деп қам жасайды. Дені сау және мүгедек болмасын дейді. Бұл ретте қолданыста жоқ қауіпсіздік ұсынылады. Мүгедектердің 87 пайызы тумысынан ондай болған жоқ, жүре мүгедек болған. Әйел аяғы ауыр кезде қолдан келгенше бәрін тиянақты зерттеп тексергеннен өмір бойы ауырмайды және мүгедек болмайды деген кепілдік берілмейді. Дегенмен, бұл әйелдер көретін қыспақты арттырады. Аяғы ауыр әйел ретінде нормаға сәйкес келу қыспағы. Қарын өлшемі дұрыс, салмақ қосуы орташа, аяғы тым ісіп кетпеген болуы керек. Аяғы ауыр адам қандай болуға тиіс деген нақты түсініктер бар.
Unguter Hoffnung (Рақымсыз үміт) деген мәтінінде Лара Фрицше аяғы ауыр әйелге таңылатын сұлулық идеалы мен аяғы ауыр кезде тамақтану тәртібін бұзған аналарды зерттейді. 2013 жылы ғалымдар сол зерттеуге қатысқан 739 аяғы ауыр әйелдің әр төртіншісі салмақ қосып аламын және дене қалпым өзгеріп кетеді деп қатты қорқатынын анықтаған. Әр он әйелдің бірі тамақтану тәртібін бұзып, кейбірі тамақ ішпей ашыққан, қайсыбірі шамадан тыс тамақ ішкен, бірі құсқан, енді біреуі іш жүргізетін дәрі ішкен, ішегін шайғызған не шамадан тыс жаттығу жасаған. Әр он бесінші аяғы ауыр әйел тамақтану тәртібі бұзылуының қанша белгісі болса, соның бәрін басынан өткерген.
Балалы бол, тек азып-тозбай, сүйкімді болып көрін. Немесе сәл ғана, сырттан қарағанда. «Аяғы ауыр әйелдер қай жерде де кездесіп қалып, сүйкімді болып көрінгісі келсе, бір-біріне арт жағынан қарағанда әлі де аяғы ауыр емес сияқты көрінесің деп сендіреді» деп жазады Лара Фрицше.
Аяғы ауыр болғанын көрсетпеу үшін бала дүниеге келгеннен кейін де фитнеске барып, тамағыңа көңіл бөліп, көп қимылдау керек. Бала анасының ішінен шыққанымен, анасының бойында оның ізі қалмауы керек. Фрицше әйелдердің өз денесіне риза болғаны кем де кем дейді. «Спорт, тамақтану, төсек – бәрі әйелдердің өзінің жақсы қасиеттері мен қабілеттерін саналы түрде тәрбиелеп жетілдіруіне немесе өз ісі дұрыс екенін дәлелдеп беру мақсатына көбірек қызмет етеді. Торықпа, әсерлі бол. Ләззат алма, байсалды бол. Сенімді болмасаң да, қауіпсіз болсын».
Осы мақаладан кейін әйелдер аяғы ауыр кездегі басынан өткендерін, болжалды ережелер мен күту тәжірибесін жазған #Мен жүкті болдым хәштәгі шықты.
Мысалы, «Umstandslos/Қымсынба» блогында Ева аяғы ауыр кездегі екі «ерекше сәт» туралы жазады: «1. Қарным үлкен екенін маған таңғала айтқан жұмыстағы онсыз да сүйкімсіз әріптесім. (Ойпырай, шынымен бе? Мен ештеңе байқамағандай!) Және 2. Аялдамада менің қарныма қолын қойып, досына өмірдің таңғажайыптарынан үнемі шабыт алып жүретінін айта бастаған мүлде бейтаныс сұрықсыз адам. (Жоқ, рахмет! Мен де сенікіне тиіспеймін – басқа жеріңе, ақымақ!)».
Аяғы ауыр әйелдің қарны – көп адамға ортақ игілік көрінеді. Жұрт оны рұқсат сұрамай-ақ сипай салады; аяғы ауыр әйелдің өзіне көз үйреніп келеді және оған кез келген адам кез келген жерде ақыл айта салады. Сұрақ пен нұсқау, тіпті мысалы, тамақ ішу жөніндегі ақыл-кеңестер аяғы ауыр әйелдердің күнделікті өмірінің бір бөлігі болып кеткен. Шектен шығып кету – әдеттегі жағдай. Аяғы ауыр әйелдің денесіне ең дұрысы не екенін бәрі, шынымен бәрі, білетіндей бола қалады. Аяғы ауыр әйел не жеп, не жемеуі керек екенін де бәрі білетіндей. Аяғы ауыр әйел қалай жүріп-тұрғаны жөн екенін де бәрі біледі. Бәрін дұрыс істеп, керемет аяғы ауыр әйел болуды және жатырында мінсіз бала алып жүруді талап ету – оларға қылып отырған қыспақ.
Тек сізге тосын бірдеңе айтайын: мінсіз бала да, мінсіз аяғы ауыр әйел де болмайды.
Гетеронорматив қалыпқа сәйкес келмейтін (бисексуал, гомосексуал) адамдар бұл қыспаққа қалай төтеп береді? Алиса Третау өзінің «Аяғы ауыр болған – аналар ғана емес» деген тамаша кітабында түрлі көзқарастарды ұсынады. Мысалы, Макс өзінің мәтінінде жедел жәрдем қызметкерімен арадағы мына диалогті сипаттайды:
Досы: «Ол (ер адам) – аяғы ауыр, қан кетіп, ауырып жүр».
Жедел жәрдем қызметкері: «`Ол` (ер адам) дедің бе?».
Досы: «Иә, ер адам».
Жедел жәрдем қызметкері: «Ммм...»
Досы: «Оны қазір сөз қылмай тұра тұрайық, медициналық жағынан қиындық болып тұр!»
Жедел жәрдем қызметкері: «Әрине, әрине ... Ештеңені сөз қылудың қажеті жоқ, жалғыз-ақ сұрақ туады – сіз бұл жерге қателеспей, дұрыс келіп тұр ма екенсіз?»
Қан кетіп зардап шеккен аяғы ауыр адам жедел жәрдем бөлмесіне бармағанда, қайда барғаны дұрыс? Қанша адамға гетеронорматив үлгіге сәйкес келмегендіктен, медициналық көмек шала жасалады не уақытылы жасалмайды?
Cocoon куирфеминист акушерлер ұжымы адамдарды балалы болуға ниеттенгенінен бастап, аяғы ауыр болып, баланы дүниеге әкелгенге дейін және одан кейін баласы бір жастан асқанға дейін қамқорлығына алып, қолдап жүреді. Акушерлердің бірі Имоген Рэй Минтон өз сұхбатында аяғы ауыр болғаны үшін өзін әлдебір «ерекше» құбылыс деп қарастырып, үнемі сол туралы айта берудің қажеті жоғын атап көрсетеді.
Өзі көбінесе жатыр мойыны, ана сүті, баланың жолдасы деген сөздердің орнына өте қарапайым және сонымен бірге өте маңызды Uterus немесе Cervix деген латынша атауларды қолданады. Олар қамқорлығына алған адамдардан өзін қалай атағанын немесе әлдебір нәрсені қалай атағанын қалайсың деп сұрайды.
Жалпы алғанда, мүдделі адамдардың денелеріне қатысты қандай да бір шешім қабылдауын өз еркіне беру керек. Бұл сондай-ақ аса маңызды тақырып – бала емізуге де қатысты: баланы емізе ме, әлде емізбей ме, бірер апта емізе ме, әлде бірнеше жыл емізе ме – бәрінен бұрын, әркімнің өз мәселесі, егер ол сәбиді асырау жауапкершілігін серіктесімен (әйел болсын, мейлі еркек болсын) тең бөліссе, онда серіктесі де соған қатысты шешім қабылдай алады. Сонымен қатар, бұл жерде де жеке бас шешімінің бір қарағанда қандай саяси салмағы бары анық көрінеді. Өйткені бала емізу мәселесіне байланысты әңгіме емізуге ғана емес, билікке де қатысты. «Бала емізу биліктің саясат, экономика, дін, медицина сынды түрлі мүдделерімен бірге жүреді. Мектепке дейінгі тәрбие берудің басқа ешқандай саласы бала емізу сияқты бәсекеге қабілетті емес» деп біледі «Емшектегі бала тәрбиесі: бала емізудің сыни мәдени тарихы» деген кітап жазған ағартушы ғалым Сабина Зайхтер. Мұнда балаға ең дұрысы не екені үстіртін ғана жазылған. Аналардың алдынан шығатын мақсат-мұраттарымыздың бәрінде де ең алдымен саяси не экономикалық тұрғыда ең дұрысы не екені айтылады. Алайда мұны шешетін сәбилер де, ата-аналар да емес.
Дүниежүзілік бала емізу апталығын мен жыл сайын ең алдымен Instagram желісінде өткіземін. Жазбалар #weltstillwoche хәштәгі аясында жарияланады, #stillenistliebe хәштәгі қойылған 50 000-нан астам фотосурет пен мәтін табуға болады. Мен өз арнамнан ылғи бала емізіп жүрген аналар мен олардың сәбиінің көп фотосуретін көремін. Бастапқыда бұл маған қатты ұнап, тақырып қоғамда кеңінен тарап жатқанына қуанып жүргеніммен, кейінірек көңілім жабырқап, одан соң ашуландым. Өйткені бұл жазбаларда бала емізу әр сәбиге ең табиғи және ең жақсы іс-әрекет екенін жаза отырып, баласын емізбейтін кез келген әйел баласына еш жақсылық жасамайды дейді.
Бұдан басқа кейбір баласын емізейін десе де, емізе алмайтындар бар: автор әрі модератор Ниниа Биниас та Instagram желісіндегі сыни әңгімесінде: «Баласын емізе алмайтындар да бар. Мұны сырт көз бекер сынамаса, әсіресе оның себебін нақты білмей тұрып айыптамаса дер едім» дейді. Аника Линдтнер дәл осыны басынан өткеріп, Instagram-да былай деп жазған: «Сәбиіне бөтелкеден сүт беретін аналар дереу ақтала кетуге мәжбүр екенін көп байқадым». Ол қызын өзі жоспарлағандай ұзақ уақыт емізе алмағаны жанына батқанын, кейінірек бұл жағдай оған қайырлы болғанын сипаттап жазды: «Менің серігім кішкентай қызымызға өзі тамақ беріп, оны құндақтауға мүмкіндік алған сәттерін, ал менің тыныққан кездерімді сүйсіне есіне алады».
«Алайда, бұл туралы айтатындар аз, өйткені көбі жұрттың сынап-мінеуінен қорқады» дейді Ниниа Биниас және мұны айтылған көп пікірлер растайтынын біледі. Оның құлағына көп қайғылы хабарлар да келіп жеткен. «Осы мақсат-мұратқа ғана сай болу үшін кейбіреу ойына келгенін істеп жатыр, бұл – барып тұрған ақымақтық».
Босануға дайындық курсында акушерка бізге қалай болатынын қуыршақтың көмегімен іс жүзінде «жөндеп» көрсеткен. «Туғаннан кейін балаңыз емшектің ұшын іздеп, соған жетуге талпынады да, оны сорады» деп түсіндірді ол бізге және өзге сегіз болашақ ата-ана жұбына. Біз көзіміз жайнап, аузымыздан суымыз ағып тамсана тыңдадық. Бала емізу – дүниедегі табиғи нәрсе. Әлбетте баламды емізсем деймін, әлбетте жақсы ана болсам деймін. Маған жұрттың бәрі баланы емізген де, жақсы ана болған да керек, бірінсіз-бірі болмайды деп көп айтқан, мен соған сенгенмін. Содан кейін менің қызым хромосомадағы ақаудың кесірінен мүгедек болып туды, туа сала жансақтау бөліміне түсті. Менің емшегіме жол тапқанның орнына, тыныс алуды үйренемін деп арпалысты. Мен өмірдің шындығына көз жеткіземін деп арпалыстым.
Зымырап апта соңынан апта өтті, осы уақыт ішінде мен төрт сағат сайын емшегімді сүт сорғыш аспаппен «сауып» әуре болдым. «Ана сүті балаға аса құнды» деді олар. Жансақтау бөліміндегі мейірбике, күтушілер мен дәрігерлер, еркегі болсын, әйелі болсын, өзі немесе біз, ата-аналар, қызымыздың асқазанына түтіктен тамшылап барған әр тамшы сүтке қуанып, риза болды. Бір күні акушер: «Ұйықтап ал, сенің жағдайың жақсы болғаны – маңызды» деп жаны ашып айтқанға дейін солай болды. Мен түнде бала емізуге тұрамын деп қойған оятқышты өшірдім де, тұяқ серіппей он сағат ұйықтадым.
Екінші қызым туғаннан кейін мен босану бөлмесіндегі суреттері бар кітапты көргендей болдым: қызым өзі іздеп, емшегімнің ұшын тауып алды да, емгеннің ырымын жасады. Сөйтіп, «кейде босануға дайындық курсында айтылғандай да болады екен ғой» деп ойладым.
Көп уақыт өтпей-ақ, шындық мені өзі қуып жетті. Бір медбике: «Неге қызыңды кеудеңе баспай, төстартқыш тағып алғансың?» деп айқай салды. Менің тыныққым келгені маңызды емес екен. Емшегімнің ұшы қанап кеткенінде де шаруасы жоқ. Өйткені мен емізгім келді ғой, мен, сайып келгенде, жақсы ана болсам деп, бәрін дұрыс істегім келген еді ғой.
«Жақсы ана баласын емізеді» деп әлдеқашан национал-социализм кезінде-ақ айтылған болатын, бұл ұран әлі күнге күшінде. Әсіресе, жоғары оқу орнын бітіргендер ортасында өзекті. Көп адам бала емізу туралы даурықпа сөздер аналарға нақты орын белгілеп беретінін түсінбейді. Баласымен бірге алуына болатын орын. Тып-тыныш, аузын жауып, тілін тістеп отыратын орын. Үндемейтін орын. Ал олар сол орында жұмған аузын ашпай отырғанда, қарым-қатынасы өзгереді. Бала емізу әйел мен еркектің тең қақылы серіктестігін көрсетпейді.
Тіпті менің ең феминист құрбыларымның өзі түні бойы сәбиіне қарап, көз ілмесе де, серігі тып-тыныш ұйықтап жатады. «Ол баланы емізуі керек қой» деп ақталады олар. Балаға емшек сүтінен басқа бір тамақ беру ата-ананың алғашқы үлкен қателігі болатындай. Баланың жаман адамға айналуы соған қарап тұратындай.
Бұл, ең алдымен, отбасына қамқор болу міндеті тең бөлінбеуіне соқтырады. Бала емізіп жүрген ана емізбейтін серігіне (әйел не еркек рөліндегі) қарағанда баламен тығыз байланысты, бала оған жабысып алады. Бала күтімі демалысы анасы үшін ұзағырақ («Мен еміземін ғой!»), ал әкесі үшін қысқарақ («Ол/анасы емізеді ғой!») болады. Сөйтіп, бала емізу феминистік қарым-қатынасқа қарсы дәлел болып, бір кездері теңдікке ұмтылған серіктер бала туғаннан кейін әділ еңбек бөлінісінен алшақтайды.
Бала емізу, әлбетте, – махаббатқа толы әрекет, емізетін адам мен бала арасындағы берік байланыс. Мен де екінші қызымды емізіп жүргенде осы сәттерді басымнан өткердім. Тек сол сәттердің ішінде не бар екенін де білемін: шеттету, үнсіздік, кейде тіпті оқшаулану. Иә, бала емізу барлық жерде мүмкін және еркін болуға тиіс. Алайда, баласына басқаша тамақ беретін ата-аналар да еркін болуға тиіс. Олар баласына бөтелкеден, емізіктен және қажет болса, түтікшеден тамақ береді. Кейде басқа амал жоқ болғандықтан, кейде ата-ана емізгісі келмейтіндіктен солай істеуге тура келеді.
Бала емізу төңірегіндегі даурықпа айқай-шу оғаш/бір жынысты және басқа отбасы тұжырымдамасын елемейді. «Бала емізу – баланы жақсы көру» деген түсінік бір жынысты ата-ана жұптары баласына сүйіспеншілік бере алмайды деген сөз бе сонда? Ал патронат және бала асырап алған отбасыларға оның мәні неде? Бала емізу ғана махаббат па? Мен: «Бала емізу – баланы уату» дер едім.
Көп әйелге, әсіресе ақ нәсілді емес әйелдерге, бала емізу – өзіне қолайлы жағдай жасай алатын артықшылығы. Америка Құрама Штаттарында ақ нәсілді аналардың 86 пайызы баласын емізеді, алайда Қара нәсілді аналардың 69 пайызы ғана емізеді. Өйткені оларға бұлай істеуге қолайлы жағдай жоқтың қасы, сонымен қатар олар көбінесе медициналық сақтандыруы жоқ және аналар құқығын қорғамайтын жалақысы төмен орындарда жұмыс істейді. Олар босанғаннан кейін бірден жұмысқа қайта шығуға тиіс. Баласын емізуге уақыт керек, ал олардың уақыты жоқ. Медициналық қызмет көрсетудің нашарлығы Қара нәсілділер арасында ана мен бала өлімі ақнәсілді әйелдерге қарағанда екі еседен астам болуына соқтырған.
Германияда статистика халықтың этник шығу тегіне қарай жиналмайды, сондықтан нақты сандар жоқ. Ұлыбританияда Қара нәсілді аналардың өлім-жітім деңгейі ақ нәсілді аналардікіне қарағанда бес есе жоғары.
Адам таңдауға балама болған жағдайда ғана шын мәнінде еркін шешім қабылдай алады. Айталық, әлеуметтік желілердегі ақпарат арқылы тараған ерекше бір отбасы моделі көзімізге түсіп, бізді селт еткізсе, онда ол бір сәтте бізге идеал болып көрінеді. Басқа ұғымдардың бәрінде үлгі-өнеге жоқ, сонымен бірге ар-ұждан нашар деген ой туады. Жоқ, бұл әрі қоғамның бізге артқан сенімінен басымызды арашалап алмақ болғаннан шыққан жеке бас шешімі емес. Олар осы біздің қоғамымызда, біз оларды бәріміз сезінеміз, олар бізге әсер етеді. Сырттан алалап, масқаралау болмай, ешкімнің ықпалынсыз өзіміз шешім қабылдап, сол шешіміміз өміршең болған жағдайда ғана біз еркінбіз.
Бұл алалау, масқаралау тек ана болу кезінде ғана болмайды. Тіпті ана емес, баласы жоқ әйелдер де – әсіресе белгілі бір (әдетте 35 жастың ортасы) жастан бастап кей нәрсеге төзуге мәжбүр: жұрт олардың баласы жоғын үнемі бетіне басып отырады. «Баласыз екеніңе жаның ауырады, бірақ үздіксіз көсемсіп менің биологиялық сағатым* туралы ақыл айтқан өте, өте жаман» деп жазды атын жасырған интернет қолданушысы.
* Биологиялық сағат, оны ішкі сағат немесе циркад сағат деп те аталады – ұйықтау-ояну ырғағы сияқты дененің табиғи ырғақтарын басқаратын жүйе. Бұл – гендер мен ақуыздар реттейтін және күнделікті ырғаққа бейімделетін күрделі жүйе.
Соған сәйкес, Сара Диель өзінің «Тықылдамайтын сағат» деген кітабында біздің қоғамның қатып қалған ана болу идеалын талдап, ол баласыз әйелдерді де, аналарды да шектейтінін айқын көрсетеді. Маған әсіресе Диельдің әйелдерге ана болғанның маңызы әртүрлі болатынын көрсеткені ұнайды. Кейбіреуге ана болу өзгелерге баласы жоқ болғандай қарсылықтың бір түрі болуы мүмкін. Сара Диель бір сұхбатында өз қалауымен баласы жоқ екенін былай түсіндіреді: «Жеке бас – саяси ұғым және бұл баладан басталады, өйткені бала саясиланған. Бұл сіздің еркекпен немесе әйелмен махаббат қарым-қатынасыңызға әсер етеді. Мұны түсінгенде әжептәуір жеңілейін қалуыңыз мүмкін».
Бұл әдейі қалап болған баласыздық па, әлде қалап тұрсаң да тағдырдың жазуымен керісінше болған баласыздық па – бұл жерде де ақталу мен түсіндіруді қажет ететін қысым бар. Тағдырдың жазуымен болған баласыздық балалы болуға деген ұмтылыс пен балалардың нақты саны арасындағы алшақтықты сипаттайтын Fertility Gap* деген ұғыммен аталады. 1990 жылдары Австрия, Германия және Швейцариядағы 20–24 жастағы әйелдердің бес пайызы балалы болсам деп жоспарламаған, сондықтан олардың жалпы алғанда төрт есесі қазірге дейін ұрпақсыз келеді. Бұл елдерде Fertility Gap әсіресе, ЖОО бітірген әйелдер арасында таңғаларлықтай үлкен – мұның себептерін кейінірек қарастырамыз. Одан кейінгі мәліметтер бір жынысты лесбиан әйелдер де тағдырдың жазуымен баласыз қалатынын көрсетеді.
*«Құнарлылық алшақтығы/кемшілігі» – әйелдердің болса дейтін балалар саны (қалаған құнарлылық) мен олардың нақты саны (құнарлылыққа қол жеткізген) арасындағы айырмашылық. Бұл көбінесе әлеуметтік норма, экономикалық жағдай және ресурстарға қол жеткізе алу сияқты түрлі факторлар әсерінен отбасының болжамды және іске асқан мөлшері арасындағы сәйкессіздікті көрсетеді.
Алайда бұл жерде де мәселе мынада: бала көтеруге, балалы болуға деген ұмтылыс тақырыбындағы зерттеулерде сұхбатқа әдетте гетеросексуал жұптар тартылады да, өмірдің көп шындығы ескерілмей, ашылмай қалады. «Балалы болсам деген ұмтылыс әйелдерге немесе еркектерге ғана тән емес, ол – адами мұрат» дейді трансгендер Банжамин Чарняк, «Аяғы ауыр болған – аналар ғана емес» деген кітабында өзінің алғашқы түсік тастағаннан кейінгі қайғы-қасіретін сипаттай отырып.
Отбасылық саясат шараларының бәрі дерлік әлі күнге дейін консерватив әке-ана-бала моделіне сүйенеді. Жалпы айтқанда, кімге балалы болуына рұқсат етілгеніне келсек:
Германияда қолдан ұрықтандыру жағынан тек үйленген ерлі-зайыпты гетеросексуал жұптарға басымдық беріліп, медициналық сақтандыру қорынан қаржы бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі әйелдер көбіне бір уақытта балалы болуға құқылы деп танылады. Сауалнамаға сәйкес, бала көтермейін деп стерильденген, яғни жатыр түтікшесін байлатып тастаған әйелдер арасында білім алуына кедергі болмасын деп солай істеген әйелдер үлесі 18 пайыз – елдегі орташа көрсеткіштен бес пайыз.
Бала көтеру әлеуметтік тұрғыдан қабылданып, үміт артылып, қалаулы болатын кезең қып-қысқа. Әрі оны жұрттың бәрі бірдей қалай бермейді. Оны жұрттың пікірінен, сұрақтардан және заңдардан көруге болады. Ер адамдар қартайғанға дейін әке бола алады, ал әйелдердің ана болатын жасы шектеулі – менопаузамен ғана шектеліп қалмайды, қоғам қалай қабылдайтынына да қарайды. Сәл ойланып көрейік: менопауза қырықты орталап қалған әйелдерде ғана емес, ерлерде де басталады деп елестетіп көріңіз. Қырықтың қырқасына шыққан соң әйел де, еркек те балалы бола алмайды дейік. Қалай ойлайсыз, біз қалай өмір сүрер едік? Мен білсем, анағұрлым тең дәрежеде өмір сүрер едік.
Балалы болсам деген қалауға қатысты қоғамдағы әңгіме екіге бөлінеді: бір жағынан әйелдер балалы болуға тиіс, бұл табиғат заңы – биологиялық озбырлыққа саяды. Сонымен қатар, әр әйел ана болуды өз еркімен таңдаған, өйткені әйел біткен ана болғысы келеді деген болжам бар. Екеуі де бос сөз.
Британ автор және баласыз әйелдерге арналған Gateway деп аталатын желінің негізін қалаушы Джоди Дэй ата-ана болуға кедергі келтіретін – химиотерапиядан болған бедеуліктің кесірінен ерлі-зайыптылардың қалаған қарым-қатынасы болмауынан бастап кедейлікке немесе заң жүзінде болатын алалауға дейінгі өмірдегі елу жағдайдың тізімін жариялады. «`Баласыздық` деп аталатын бөлмеде "Қаламаймын" және "Қолымнан келмейді" деп белгіленген есіктер ғана емес, басқа да көп есік бар» дейді ол.
«Балалы болғың келе ме?» немесе «Аяғың ауыр ма?» деп сұрақ қойғанда сақ болған жөн, көп ойланып, абай болған жөн. Бұл сұрақтардың астарында саясат пен жеке бас мәселесі ғана емес, біз ойлағаннан да көп жан жарасы жатыр. Адамдар бұл мәселелер туралы қашан және кіммен сөйлескісі келетінін өзі шешуге тиіс. Әрі жалпы бұл туралы айтуы керек пе, керек емес пе дегенді де өзі біледі.
Осы күні менің құрбым Аннаның шашы тұтас бурыл тартқан және өзі әдемі. Бурыл шашты, жүзін әжім басқан егде актрисаларды көріп: «Беу, шіркін» деймін. Мен де осылай көрінгім келеді. Содан кейін айнаның алдында тұрып, өзімнің бурыл тартқан шашыма қараймын. Ал менің әжімдерім, енді жымиып тұрмасам да, сол қалпы жазылып кетпей, қалады. Бұл енді күлгенде ғана көрінетін әжім емес, бұл жай ғана қырыққа келіп қалған әйелдің әжімі. Ол әйел – мен.
Соны түсіне алмаймын. Мен, бурыл шаш, әжім, 40 жас. Осы жаңа ғана 18 жасқа толып, жүргізуші куәлігін алмап па едім, ақыры өзім шынымен қалаған нәрсені істей алатын болмап па едім? Күні кеше ғана еді ғой, әлде олай емес пе? Денем басқаша дейді.
Бағыма орай, бірнеше жылдан бері шынымен қалағанымды істей алатын болдым. Дегенмен, бойымдағы өзгерістерді енді байқап жүрмін. Өзгеріс бар, оған таңғалғаным емес. Денем өміріммен бірге өзгерді. Жазу үстелі басындағы ой және жазу жұмысынан, үнемі велосипед мініп жүргеннен, күн ашық кезде суға жүзгеннен, кейде билегеннен, көп бүкірейгеннен басқа қозғалыс жоқтың қасы – оның үстіне күш пен эмоция көп жұмсалатын аналық міндетім бар. Екі рет бала көтеріп, босандым, күйзелдім, жыладым, күлдім – оның да әсері бар. Мұның бәрін менің бойымнан көрініп тұр. Қарнымның терісі созылып кетіп, айқыш-ұйқыш жыртылған егіс даласындай терең сызықтар түскені, емшегім салбырап кеткені, тереңдей түскен әжімім мен күннен-күнге бурыл тартып бара жатқан шашым – бәрі-бәрі бойымдағы өзгерістен хабар береді.
Соның бәрі жақсы екенін білсем де, өзіммен қатар және үлкенді-кіші өзге әйелдерді әдемі санап, оларға тәнті болсам да, өзіме де, өміріме де риза болып, бұрынғыдан да жайлы сезінсем де, біртүрлі сезім бас көтереді де тұрады. Ішкі сезімім енді сырт келбетіме сәйкес келмей қалыпты.
Бұл жайттың қоғамдағы жас нормаларына да қатысы бар. Бурыл шаш, салбыраған қарын мен әжім – бұл ерекшеліктердің ешқайсысы менің іс-әрекетімді шектемейді, бұлардың ешқайсысы мені жақсы өмірден сырт қалдырмайды. Өзіме ұнайтын, өзіме пайдалы нәрсенің бәрін істеймін: суға жүземін, билеймін, ән саламын, төсектес боламын, жазу жазамын, сүйісемін, күлемін, сүйемін, түні бойы барларда тойлаймын, баламмен саяхатқа шығамын және кейде жай ғана аяғымды созып жіберіп диванда жатамын.
Иә, әрине, осы күні «бас жазу» ұзаққа созылады. Әйтпесе, іс жүзінде бәрі әдеттегідей. Менің сырт келбетім ғана басқаша көрінеді.
Маған жетіспейтіні – үлгі-өнеге алатын адамдар. Қартайған және көзге көрінетін, әрі қартайғанда да қаншалық жақсы өмір сүре алуға болатынын көрсететін әйелдер жетіспейді. Оның орнына, егде жастағы әйелдер бір сәтте көзден бұлбұл ұшып кетеді. Теледидарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, барлық жерде. Бұл аналарға да қатысты. Аналар еркінен тыс «... әйелі» емес, нендей жағдайда да «... анасы» болады. Көбіне тіпті баласының бала бақшаға бірге баратын жаңа досының телефон кітапшасында өз аты-жөні жазылмайды.
MaLisa қоры жүргізген зерттеуне қарасақ, 30 жастан асқан әйелдер телевизия мен кинотеатрларда барған сайын аз көрінеді екен. 50 жастан асқан әр әйелге көзге көрінетін үш еркектен келеді. Жалпы көзге көрінетін әйелдер болса, олар – жас әйелдер.
Бірнеше жыл бұрын, шашым енді бурыл тарта бастағанда, мен әйелдерге арналған бір ірі журналға қартаю туралы жазайын деп ұсындым. «Өмірдің ақыры таяғаны туралы жазып, оқырмандарымыздың басын қатырғымыз келмейді» деп, олар ұсынысымды қабылдамай қойды. Беу, шіркін-ай. Қазірдің өзінде ойыма «Беу шіркін-ай!» дегеннен өзге ештеңе келмей отыр.
Суретші Аннтон Биат Шмидтің де назарына өнерде де, фотосуретте де егде әйелдер ілінбеген. Әсіресе, күліп тұрған егде әйелдер көрінбейтінін байқаған. Сондықтан ол қазір олардың суретін өзі салады.
«Жалпы әйелдердің портретінен күлкіні тым сирек көреміз, ал егде жастағы әйелдердің портретінде ол тіпті ұшыраспайды да. (...) Біз шынымен де қарттық кезеңде өмірдің құны төмен екеніне, қарттық қайғылы болуға тиіс дегенге сенеміз бе, әлде жай ғана даналық пен қуаныштың үйлесімінен қорқамыз ба?» деп сауал тастайды Аннтон Бийт Шмидт. Даналық пен қуаныштың үйлесімін көрсетуге күліп тұрған бурыл шашты әйелден әдемі бейне бар ма?
Иә, менің бойым мұны маған анық көрсетіп тұр: мен енді жиырмада емеспін. Қырықтан енді асқанда, өмірімнің жартысы өтіп те кеткен шығар. Сонымен бірге өлім де жақындай түседі. Тек өмірдің бұл маңызды бөлігі жай ғана назардан тыс қалуы мүмкін емес. Олай болмауға тиіс. Өйткені одан кейін тура мынандай жағдай болады: мен айна алдында тұрып, бұл жерде бір нәрсе үйлеспей тұр, бірдеңе дұрыс емес-ау деп ойлаймын. Алайда, іс жүзінде бәрі үйлесіп тұр, бәрі жөнімен дұрыс. Жай ғана өзгеріп жатыр. Күнделікті қоштасу мен жаңа бастамалардан тұратын өмір сияқты. Бойыңда да сол.
Демек, толыққанды өмірдің бел ортасы осылай көрінеді. Мен өз бойымды жақсы көруге тиіс емеспін, оның еш әбестігі жоқ. Дәл сол сияқты өзім жазып отырған сөйлемнің бәрін бірдей жақсы көруге міндетті емеспін. (Қуана-қуана шын көңілімнен жазсам да.) Тек мен оны тек жек көрмеуім де керек. Сондықтан мен Body Positivy («Өз денеңді жақсы көр») қозғалысымен соншалықты көп нәрсе бастай алмаймын; ол маған кейде ауыртпалық түсіреді. Кейде өз мінезімді дүлей санайтыным сияқты, кейде өз денемді де сондай-ақ ақымақ деп білгім келеді. Маған ұнайтын ұғымдар мыналар: Body Neutrаlity («Әйтеуір, денең бар ғой») және Body Acсeptance («Денеңді ұнат»). Өз денеме бейтарап көзқарас. Маған бола істеп келе жатқан нәрсесінің бәріне рақмет. Қызмет істеп тұрғанына алғыс. Оны жақсы санап, бәлкім, тіпті бірдей деп есептеу қажет. Ол ақылға қонбайтын сұлулық стандарттарына сай келуге тиіс емес. Көмектесетін бір нәрсе – оны мойындау. «Маған тек осыған рұқсат берілсе деймін. Тек жай ғана өмір сүрген жақсы. Өте жақсы. Менің денеме бейтарап қарау – жек көріп оқты көзбен атып қарағаннан мың есе жақсырақ» дейді автор Мелоди Мишельбергер Body Politics журналында.
Өзіңді-өзің, денеңді де ұнатып, қабылдау – мен үшін жақсы мақсат. Оған қол жеткізу оңай емес, әрине, бәлкім бұл өмірдегі бір парызымыз шығар. Тек мен егде әйелдерді қоғамдық ортадан тыс қалдырғым келмейтіні сияқты, өмірдің ақыры барын да жоққа шығарғым келмейді. Бұл өмірдің бір бөлігі және әр жеке сәтті көркейтіп, құндырақ етеді. Шаш бурыл тартса да, тартпаса да.
«Әйелдер кітап жазғанда, олардың өз денесі де үнемі екі кітап мұқабасының арасында болады» дейді Антониа Баум. Кітап, мақала жазатын немесе сөз сөйлеп, өнерін көрсету үшін көпшілік алдына шығатын әйелдердің басым көпшілігі мұның шындық екенін біледі. Өйткені бұл кезде олардың денесі сөзсіз талқылау нысанасына айналады. Бұл денелерге кейде қауіп төніп тұрады және ылғи сын айтылып, баға беріледі.
Бәлкім, өзін өзгелердің үнемі бағалауынан алшақтату – бұл әйелдер көзімен қарап бағаланған дене үшін жасалатын ең қиын жаттығу болар. Өз денеңнің сыртқы түрінен гөрі оның қалай сезілетінін білген маңыздырақ. «Өзіңізге ұнайтын пішіні бар денені жек көре алмайсыз» дейді автор Иджеома Олуо.
Ал мен бұл жаттығуды өзімізден бастау керек деп нық сеніп айтамын. Өзімізге деген сыни көзқарастан арылуымыз керек. Бәлкім, балаларымыз біздің әдеттерімізді қайталап, сол әрекеттерімізді үйренуіне жол бермейік деп бірдеңе істей алармыз.
Бірнеше күн бұрын қызыммен дәлізде айнаның алдында тұрғанмын. Оған көйлек кигізгім келді. Үстіндегі – мен жақсы көретін көйлек. Маған оның сол көйлекті кигендегі келбеті ұнайды. Ал оған сол көйлекті кигенде өзін қалай сезінетіні ұнаған жоқ. Бір сәт оны көндірмек болдым. (Бұл баланы көндіру өте қиын, тіпті мүмкін емес екенін жақсырақ білсем керек еді.) Сосын ол: «Дене – менікі. Шешім қабылдайтын да өзім» деді.
Бізге де, денемізге де үміт бар шығар дедім.