БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҒБАНЫ

 

(Сын әлемінің сардары ғалым Құлбек Ергөбек - 70 жаста) 

Екінші мыңжылдық басталуға таяу уақыт еді. Кафедраның кезекті мәжілісінде жас оқытушыларға ұстазымыз, кафедра меңгерушісі Әмір ағай Мұсақұлов «ғылыми жұмыстарыңның тақырыбын бір айдан кешіктірмей, бекітуге ұсыныңдар» деп тапсырды. Жыл бұрын сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, ғалым Құлбек Ергөбек ағайдан «Сәбит Мұқанов сомдаған портреттер» деп аталатын тақырып алып, біршама жұмыс жүргізсем де бір шешімге келе алмай жүргенмін. С.Мұқановтың әдеби мұрасын қайтара оқып, тақырыпқа қатысты ғылыми еңбектерді конспектілеп, ғылыми жетекшіме жеделдетіп есеп беріп тұрсам да жұмысқа тереңдей алмадым. Тақырыпқа менің тісім батпады әлде мені тақырып тартпады, белгісіз. Қысқасы, кезекті рет барғанымда ұстаз мейірлі үнмен жай ғана: «Қиын тақырып екенін түсінемін. Еңбектеніп-ақ жүрсің. Десе де, табиғатыңа жақын тартпайтын сияқтысың. Мүмкін, тақырып ауыстырамыз?»,-деді. Екі жылға жуық Мұқановпен «ауырғанымның» бәрі «күйсін» болатын болды-ау» деген ой жылт еткені болмаса, жетекшімнің бұл ұсынысын қуана қабыл алдым.

«Балалар әдебиетінен қалайсың?» деді аздаған үнсіздіктен соң ұстаз. Университетте Өміртай ағай жүргізген бұл пәнді қызыға оқығанбыз. Балалар фольклорынан бастап, бүгінгі балалар әдебиетіне дейін білетінімді қысқаша айтып шықтым. Ғалым асықпай тыңдап алды да бірнеше тақпақты айта бастады:

Ел жатқанда жатпаған,

Мен деп тыным таппаған.

Бақыты үшін баланың

Аман-сау жүр,ақ мамам

немесе

Дала аппақ,

Жапалақтап

Қар жауып тұр тынбастан.

Қалың орман

Қар жамылған.

Маужырайды түнгі аспан,-

деген  жыр жолдарын кім жазғанын білесің бе?

Ал мына өлеңді ше:

Жеп тұр Әсет алманы,

Інісін еске алмады

-Маған да аздап бер,- дейді,

Әсет оған бермейді.

-Кәкей жеуге болмайды,

Айта көрме ондайды!

«Шірік алма»,- деп қойды,

Сөйтті де өзі жеп қойды.

Сынай қарап жетекшім отыр, бала кезден құлаққа сіңісті боп жатталып қалған жолдардың авторын есіме түсіре алмай ұяттан қызарып мен отырмын. Минутқа жетер-жетпес үнсіздікті ұстаздың «Әнуарбек Дүйсенбиев деген үлкен жүректі, көңілі бала, сөзі дана ақын өткен дүниеден» деген сөзі бұзды. Маған солай естілді ме әлде расымен солай ма білмеймін: Құлбек ағайдың даусы сағынышқа, мұңға оранғандай болып шықты. Оның себебі де жоқ емес екен.

Сол күні ағайдан шыға салып жаңа тақырыпқа қатысты материал табу үшін бірден кітапханаға тарттым. Бүгінгідей ғаламтор да, смартфон да жоқ, елдің бәрі кітапқа үңілген көркем заман еді ол. Бір апта ізденіп тапқанымды, конспектілеп көкірек көзіме түйгенімді алып, сол тұстағы облыс әкімшілігінің ғимаратында отыратын Құлбек ағайға тағы бардым. Әдеттегідей ретімен баяндап, туындаған сан сауалды қоюды да ұмытпаған менің бетіме жылы жымиып қараған жетекшім «сен  тақырыбыңды енді тапқандайсың!» деді. Расында да, мені Әнуарбек Дүйсенбиев әлемі ғана емес, балалар әдебиеті саласы қызықтырып үлгерген еді.

2008 жылы ару қала Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтына ізденуші болып тіркелдім. Қазақ әдебиетінің тарихынан кандидаттық минимум тапсырып, ғалым Серік Қирабаев басқаратын «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөлімінде алдын-ала қорғаудан өттім. Бет-келбетімнен ғана емес сөйлегенім мен жымиғанымнан да ұқсастық тапқан институттағылар мені «Құлбектің сары қызы» атап кетті. Институт директоры Сейіт ағай Қасқабасовтан бастап, Шериаздан Елеукенов пен Серік ағай да солай атайтын. Тіпті Светлана Викторовна Ананьева «Кулбековна» дейтін жылы жымиып. Жоғарыда аталған ұлт әдебиетіндегі мүйізі қарағайдай академиктерден бастап, институт пен М.Әуезов музей үйіндегі қызметкерлер маған тек «Құлбектің қызы» деп ат қойған жоқ, рухани тұрғыдан қолдау көрсетті. Білмегенімді үйретті. Білгенімді ары қарай жетілдіріп, дамытуға бағыттады. Кеңестерін беріп, мені ғылымға баулыды. Арагідік ұстазым қоңырау соғып, хәлімді сұрағанда үнемі «дұрыс қарап жүр ме?» дейтін. Менің «иә, ағай, маған мұнда бәрі сіздің туған қызыңыздай жанашырлықпен қарап, қамқор болуда» дегеніме өзіне тән жымиысымен күлімсіреп, «хабарласып тұр!» дейтін. Ғылыми ізденістен басқа сандаған құжаттарды толтырудың қамымен жүріп, хабарсыз кеткенде ағайым тағы да қоңырау соғып тұратын. Мұның барлығы ұстаздың шәкіртке деген қамқорлығы ғана емес, шопан ұлының шопан қызына деген рухани қолдауы еді. Себебі, ағайымның өзі де жақсылардың шарапатын көп көрген екен. Осы институтта қызмет етіп, кандидаттық, докторлық диссертациясын табысты қорғаған жетекшімнің абыройы осылай маған үнсіз қызмет еткен еді. Алдын-ала қорғау аяқталған соң Серік Қирабаевтың өзіне тән баяу даусымен «Құлбек ұстазың сияқты қағілез екенсің, ғылымға да сондай адал бол» деген бата-тілек сөзі әлі күнге жадымда сақтаулы. Он жылға жуық ізденістің нәтижесі - «Қазақ балалар әдебиетіндегі 1950-70 жылдардағы көркемдік ізденістер (Әнуарбек Дүйсенбиевтің әдеби мұрасы» деген тақырыптағы ғылыми жұмысымды сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атандым.

Қорғау болатын күні арнайы мен үшін жолға шыққан ұстазым отырған пойызының Шамалғанда тоқтап қалуына байланысты диссертациялық кеңес отырысына қатыса алмады. Қорғаудан кейінгі жайылған қуаныш дастарханында кеңес мүшелерінің шәкірті туралы айтқан жылы лебіздеріне көңілі марқайған ұстазыма қарап, қуандым. Шериаздан аға Елеукенов «Құлбектің қызы екеніңді ақтадың» дегенде көңіл толқып, жүрек тебіренді.

«Әнағамның алдындағы інілік парызымды қаншалықты өтей алдым білмеймін, бірақ, бүгін шығармашылығын ғылыми айналымға қосуға қатысты мақсатым орындалғандай боп отырмын. Осы тақыпты ұсынарымды ұсынып алып, қайтер екен деген қауіп те болғанын жасыра алмаймын. Бірақ, еңбек ақталды» деген сөзін Құлбек ағайды жақын танитын жанның бәрі түсінді.

Себебі «ақындар шаңырағы» аталған Әнуарбек Дүйсенбиевтің үйінде талай  қонақ болып, жақсылар мен жайсаңдармен, балалар әдебиетінің белді өкілдерімен дастархандас, сырлас болған Құлбек ағайды балалар әдебиеті сынына алып келген осы рухани ағасы болатын. Белинскийдің том-том еңбектерін сыйға тартып, балалар әдебиетін бағалауға баулыған Әнағасына деген құрметі үзілген емес. Осы салада жазған алғашқы рецензия, мақаласы да Дүйсенбиев шығармашылығымен тікелей байланысты. «Қайырлы таң, балалар», «Ақ қозы», «Гүлзар», Аққулы айдын» жинақтары жайлы жазылған «Автор және «Ақ қозы», «Мейір гүлдеген жүрек», «Айдын беті ақша нұр» атты мақалалары мен қайтыс болғаннан кейін шыққан бүкілодақтық «Детская литература» журналында жарияланған «Добрая душа» атты дүниесі де балалардың сүйікті ақыны  Ә.Дүйсенбиевке арналған.

2003 жылы «Өркениет» баспасынан «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан «Арыстар мен ағыстар» кітабының біріншісі тұтасымен балалар әдебиетіне арналуы, 2021 жылы «Big Dream» баспасынан шыққан «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы парыздың ақталғаны емес пе?!

«Адамның бір қызығы бала деген» кітабында ғалым фольклордан бастап, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы ағартушы ұлт ақындары жалғастыратын балалар әдебиетіндегі Ө.Тұрманжанов, С.Омаров, Б.Соқпақюбаев, Қ.Әбдіқадыров, М.Әлімбаев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Қ.Баянбаев, Н.Әлімқұлов, Ж.Кәрібозин, Т.Дәуренбеков сынды ақын-жазушылардың портреттерін жасап, шығармаларын жанрлық тұрғыдан талдап, саралаған.  

Әдеби жыл қорытындыларында жасаған балалар әдебиеті жайлы баяндамалары, балалар баспасөзі мен оның жай-күйі туралы сараптамалық мақалалары Құлбек Ергөбектің әдебиеттану ғылымында атқарған еңбегінің үлкен бір бөлшегі ғана. Сан түрлі жанрда жазылған шығармаларға әділ бағасын беріп, сынға адалдық танытып келе жатқан ұстазымыз бүгін 70 жасқа толып отыр.

Әдебиеттанушы ғалым-ұстаз, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның, Гуманитарлық Ғылымдар академиясының, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма мүшесі, «Парасат», «Құрмет» орденінің, Президент стипендиясының, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Құлбек Ергөбек ағайымызға мықты денсаулық, мол күш-қуат, шығармашылық шабыт тілейміз.

 

САПАРБАЕВА ҚАРЛЫҒАШ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты