118

ҚОҢЫРАУ ҮНІНДЕЙ КҮМБІРЛЕГЕН ҒҰМЫР

\

«Ұстаз – мәңгілік шырақ. Ол сөнсе де, сәулесі жоғалмайды.»

(Халық даналығы)

Ол – ұстаз. Ол – ана. Ол – басшы. Ол – қаламгер. Ол – қазақтың қайсар қызы. Ол – қазақтың қара өлеңінің келіні. Оның дауысы – қоңырау үніндей. Жүрісі – ұстаз жолындай нұрлы. Ғұмыры – білім шырағын жаққан мағыналы тіршілік.

Тарихта тағдырмен тұтасып, заманның рухына айналған тұлғалар болады. Олар – уақытпен бірге жасамайды, уақыттың өзін жасайды. Сондай саңлақ жандардың бірі – Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева. Оның ғұмыры – жүректерде жаңғырып тұратын қоңырау үні секілді. Шәкірт санасына сәуле, қоғам санасына серпін сыйлаған ұстаз бейнесі – бүгінгі білім мен руханият кеңістігінің жарқын жұлдызы.

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – қазақ білімінің қарашаңырағы. 1903 жылы іргесі тасы қаланған бұл оқу ордасы – Алаш ардақтыларының ізі қалған қасиетті мекен. Осы шаңырақта 1992 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан Шағангүл Алдамжарқызы – сол ұлы тарихтың жалғасы. Ол – білім мен тәрбиені ұлттың болмысынан ажырамас құндылық деп қабылдайтын, ұрпақ үшін өмір сүруді миссиясына айналдырған жан.

Мекемені тек басқарып қоймай, оның жан дүниесін, болмысын, рухын терең түсінетін ұстаз:

«Ауласындағы ағашына дейін маған рух береді», – деуі жай сөз емес, жүректен шыққан шындық.

Әуезов есімін иеленген оқу ордасында қаламгер мұрасына деген құрмет ерекше. «Әуезов мұражайы», «Ең үздік Әуезовші», «Әуезов сыны» сынды жобалар – ұлт рухын бойға сіңіруге бағытталған тың бастамалар. Бұл тек естелік немесе танымдық іс-шаралар емес, ұрпаққа рух сыйлайтын алаң.

Басшы ретінде де, ұстаз ретінде де ол ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды алдыңғы қатарға қоя білді. Оның бастамасымен дүниеге келген «Ұлағат» ұлттық тәрбие бағдарламасы бүгінде ел көлемінде танылып отыр. Бұл бағдарлама – тәрбиені ұлттық рухпен өрген, ұрпақтың рухани иммунитетін қалыптастыратын бірегей жоба.

Шағангүл Алдамжарқызы үшін қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің өзегі. Мұхтар Әуезовтің әйел болмысы туралы толғамдарын басшылыққа ала отырып, ол қыз баланың ішкі мәдениеті мен рухани тазалығына ерекше көңіл бөледі. Колледж қабырғасында нәзік жандылардың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен киім үлгісі – тәрбиелік жүйенің ажырамас бөлшегіне айналған.

Сонымен бірге, білім алушылардың бойына ұлттық мәдениет пен патриоттық рух дарытатын «Менің елім – Қазақстан», «Шәкен жұлдыздары», «Наурыз аруы», «Бір шаңырақ астында» фестивалі сынды жобалар – колледждің тәрбие алаңын кеңейтті. Мұның барлығы – ұлт ұстазының жанкешті еңбегінің нәтижесі.

Колледж қабырғасында 34 атаулы дәрісхана мен бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, білім мен ғылымның сабақтастығы жолға қойылды. «Ес–Аймақ» рухани орталығының бой көтеруі – тарих пен келешекті жалғаған өрелі бастама. Оқу ғимараттары мен жатақхана кешендері күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.

Шағангүл Алдамжарқызының бастамасымен жарық көрген «Алаштың білім ордасы» (қос томдық), «Алаштың тұңғыш білім ордасы», «Қалдырған ізің мәңгілік» жинақтары – ұлттың тарихи жадын жаңғыртатын, болашаққа бағдар болатын рухани мұралар.

Шағангүл апай – шығармашылық пен парасаттың жарасымын тапқан тұлға. Өмірлік жары – мемелекеттік сыйлықтың иегері, қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов. Бұл – рух пен рухтың табысуы. Көкірегі ояу, жүрегі сергек қос тұлғаның шаңырағында қазақтың жаңа рухани кеңістігі қалыптасқандай.

Шағангүл апайдың өмірібілімге, тәрбиеге, ұлт болашағына арналған шынайы миссия.

Қоңырау – білімнің бастауы.

Ұстаз – жол сілтейтін шырақ.

Шағангүл Алдамжарқызы – осы екеуінің үндестігіне айналған тұлға.

Оның ғұмыры – қоңырау үніндей күмбірлеп, ұрпақ санасында мәңгі жаңғыра бермек!

Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ