18

САМАРҚАН ҺӘМ ШАХИ ЗИНДА ӘПСАНАСЫ

 

Салтанаты мен сәулеті бөлек Самарқанның баяғысы ел жадынан өшпейтін аңызға айналған.

Ес білгеннен құлағымызға сіңген «Самарқанның көк тасының еруі» әлемге жылылықтың орнауын, қаһарлы қыстың сағы сынып, шуақты көктемнің үстемдік құрғанын білдіреді.

 Ежелгі қаланың тарихы Ескендір Зұлқарнайын есіміне қатысты басталады. Әйгілі қолбасы бұл қаланы бағындырған. Соның айғағындай күні бүгінге дейін Ескендір әулеті саналатын тұрғындар бар.

Біздің заманымыздың ІҮ ғасырында Марканд деген атпен белгілі болғанын тарих жазады. Сол кезде қазіргі Орта Азияның біраз бөлігін, Ауғанстанды, Пәкістанның батысын, Үндістанның солтүстігін, Шығыс Түркістанды қамтыған, көне замандағы төрт күшті империяның бірі болған Кушан патшалығының ірі сауда орталығына айналған.

Б.з. ІҮ-ҮІ ғғ. Түркі қағанатының құрамындағы Соғды мемлекетінің астанасы болған екен. ХІІ ғасырда қидандар жаулап алған. ХІІІ ғасырдың басында Хорезм шахының билігіне өткен. Ал, 1220 жылы Шыңғыс хан әмірін жүргізген. ХІҮ-ХҮ ғасырларда даңқты Әмір-Темірдің билігіндегі Мәуреннаһр мемлекетінің астанасына айналды.

 ХҮ ғасырдың басында Шайбани мемлекетінің құрамында болса, ХҮІ ғасырдың аяғныда Бұхар хандығының иелігіне өтті.

ХІХ ғасырда, дәлірек айтқанда 1868 жылы Ресей империясы жаулап алды. Бұдан кейін кеңес империясының пәрменінде болып, 1924-1930 жылдары сол кездегі Өзбекстанның астанасына айналады. 1938 жылдан бастан Самарқан облысының орталығы болған әйгілі қаланың 2500 жылдығы 1970 жылдың қазан айында тойланған.

Ежелгі жазбаларда «Семізкент» деген атауы тағы бар. Зеравшан өзенінің аңғарында орналасқан сәулеті бөлек ғажап қаланың қақпасынан енгеннен ежелгі дәуірлерге сапарлап кеткендей боласың...

Шапқыншылықтан қираған Афрасиаб қаласының орны қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде. Бұл жерде қазір қала тарихының мұражайы орналасқан. Асқақ қалпынан танбаған Шахи-зинда ғимараты пенденің ғұмыры өткінші болғанымен, рух мәңгі деген ойды мегзейтіндей. Сәулет өнерінің тағы бір тамаша үлгісі – Бибі-ханым мешіті жадымызда жатталған, көркем әдебиетке арқау болған тарихи әрі аңыздық оқиғаны еске түсіреді.  Бүгінде бұл қалада машина жасау зауыты, бірнеше театр және жоғары оқу орындары, жеңіл өнеркәсіп фабрикасы, химиялық комбинат бар.

Біздің 2022 жылдың сәуір айындағы Самарқанға сапарымыз «Ұлы Жібек жолының тарихи топонимиясын ғылымдар тоғысында зерделеу» атты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен мақсатты бағдарламалық жоба аясында жүзеге асты.

Іссапар жоспарына сәйкес Самарқан қаласындағы және уәлаяты көлеміндегі тарихи орындарға саяхаттар жасалды.

Алғашқы күні Гүр-Әмір кесенесінде, Регистанда, Бибі ханым мешітінде және кесенесінде, Шах-и-Зинда тарихи кешендерінде зиярат жасап, олардың тарихы, топоноимиясына қатысты әңгімелер жүргізілді. Үлкендерден естіген Самарқанның көк тасы осы ғимараттың ауласында тұр екен...

Гөр Әмір – Самарқандағы Әмір-Темір мазары. Орта Азиядағы сәулет ескерткіштерінің көрнектісі. Мұнда Әмір-Темір, ұлдары Шахрух пен Мираншаһ, немересі Ұлықбек жерленген. Сондай-ақ Әмір-Темірдің рухани ұстазы да осындажерленген. Әйгілі әміршінің өз өсиеті бойынша ұстазынан төмен қойылған екен...

Шах-и-Зинда – ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы сәулет өнерінің ғажайып ескерткіші. 20001 жылы Самарқандағы басқа да тарихи орындамен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне кірген.  

Регистан Самарқан қаласындағы ең басты тарихи алаң. ХҮ ғасырдан жеткен сәулет өнерінің ескерткіші. Бұл кешенде үш медресе орналасқан

Регистан кешенінде орналасқан Ұлықбек медресесі – ХҮ ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші. Бұл медресе Орта Азиядағы ірі оқу орындарының бірі болған. Медреседе теология, астрономия, философия, математика ғылымдары бойынша дәріс оқылған.

Шердор медресесі 1619-1636 жылдары салынған. Ұлықбек медресесінен кейіг екі жүз жылдай аралықта салынған бұл оқу орны бірнеше рет қалпына келтірілген. 2001 жылы Шердор медресесі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілген.

Тіллә Қари медресесі 1646-1660 жылдары Ұлықбек заманындағы ескі керуен сарайдың орнына салынған. Тарихи деректер бойынша бұл екі медресені де Жалаңтөс Баһадүр салдырған.

Шароф Рашидов атындағы Самарқан мемлекеттік университетінің «Ұлы Жібек жолы бойындағы халықтардың мәдени-әдеби мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Эркин Раббимоғлы Мусурмановпен фольклор, тарих, топонимия төңірегінде ғылыми ізденістер туралы сұхбаттасты. Сондай-ақ университеттің Классикалық әдебиет тарихы кафедрасының оқытушыларымен сұхбаттасып, Университет музейінде, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолы бойындағы халықтардың мәдени-әдеби мұрасы»  ғылыми-зерттеу орталығында, Халықаралық қатынастар жөніндегі проректордың қабылдауында болды.

Шахи Зинда туралы  айтылатын аңыз-әңгімелер сан  түрлі сауалдарды  туындатып келгені бізге аян.

Сәулетті Самарқанның ерекше сырға толы тарихи ескерткіштерінің бірегейі – Шахи Зинда, яғни «тірі патша» атын иеленген ескерткіш-кешен. Тылсым құпияға, шешуі күрделі  жұмбаққа толы осы кешендегі Шахи Зинда мазары қарапайым пенденің түйсік-түсінігі жете бермейтін Хақ әлемінен хабар беретіндей.. Бұл құпияның бәрі әзиз пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайс-саламның немере бауыры Құсам ибн Аббаспен байланысты.

Әлемге билігін жүргізуді көксеген Әмір-Темірдің заманынан келе жатқан әпсана былай дейді:

Мұхаммед ғ-с.с. немере бауыры Құсам Ибн Аббас пұтқа табынушылармен шайқас кезінде ауыр жараланады. Бір аңыздауда оның басы шабылды десе, енді бірінде жебеден жарақаттанғаны айтылады. Осы кезде Құсам ибн Аббасқа көмекке Қазыреті Қызыр пайғамбардың рухы көктен түседі. Сөйтіп ауыр жараланған Құсам ибн Аббасты ұрыс даласынан алып кетіп, Шағбан құдығына орналастырады. Құсам Ибн Аббас осы құдықтан «тірі суды»  ішіп, қалпына келеді. Өлместің суын ішкен соң ақырзаманға дейін тірілер санатында қалып, «Тірі патша» атанады...

Осы оқиғадан кейін, арада жеті ғасыр өткенде әйгілі Әмір-Темір кезекті бір жорықтан оралған соң, Самарқандағы қасиетті орындарға тағзым етпек болады. Шахи Зинда түскен құдыққа жақындағанда, әміршінің көкейіне күдік, ойына күмән кіріп, былай депті: «Мен тарихи жазбалардан, аңыздардан Шахи Зинданың асыл дініміз Исламнан бас тартып, бүлік шығарғандармен болған соғыста ауыр жараланғанын, сөйтіп осы құдықтан пана тауып, тірі қалғанын оқып, білдім. Менің білгім келетіні – Шахи Зинда шынымен тірі ме, әлде қайтыс болды ма?». Сонда қасындағы серіктері: «Бұл бір Аллаға аян, Алладан басқа ешкім білуі тиіс емес ұлы құпия. Сондықтан сұрағыңызға жауап бере алмаймыз», – деседі.

Әмір-Темірді бұл жауап қанағаттандырмайды. Ол кімде кім бұл құдыққа түсіп, шындыққа көз жеткізуге тәуекел етсе, соған қымбат сыйлық, ғұмырына жететін байлық беретінін айтады. Бұл ұсынысына ешкім келіспеді. Жаратушы Иеге ғана аян шындықты білуге ұмтылып, күнәһар болудан бір сескенсе, құдықты аузымен от бүріккен айдаһар күзетеді деген ел аузындағы әңгіме де олардың үрей-қорқынышын одан әрмен күшейтеді.

Әмір Темірдің қасындағы бір абыз былай дейді: 

– Ұлы билеушім, мен бір кітаптан Шахи-Зинда туралы оқып едім. Бір замандарда жалғыз көзді Дәжжал (Тажал) пайда болып, адамдарды адастырады. Сонда жер астынан Ер Мәді Тажалмен күреске шығады. Ер Мәдінің Тажалды жеңуге күші жетпей, көктен Ғайса (Иса) с.ғ.с пайғамбар түседі. Екеуі бірігіп Тажалды жеңеді. Содан кейін Яжуж – Мажуж деп аталатын тайпалар құмырсқадай қаптайды. Бұларға Ғайса мен Мәдінің күші жетпейді. Яжуж-Мажуж – кияметтің алдында жер бетіне қырғын салатын халық.  Міне, осы тайпа халқына қарсы майдан ашатын Шах-Зинда, ол уақыты келгенде ғана құдықтан шығып, жауды жеңеді, тайпаның бір адамын қалдырмай өлтіреді. Жер беті өлік сасиды. Оны тазарту үшін Ғайса (Иса) с.ғ.с дұға оқиды. Сонда аспаннан қалың құс қаптап ұшып келіп, өлекселердің бәрін құртады...

Бірақ Әмір-Темір бұл айтқандарға илана қоймайды, өз өтінішін тағы қайталайды. Құдыққа түсіп, шындыққа көзін жеткізетін адамды іздейді. Ақыры ол адам да  табылады. Ұлы қолбасшының ұсынысын Хида есімді бір жауынгер құп алады. Хида – ерен күшке ие ерекше батыл жауынгер болатын. Ол билеуші уәде еткен мол байлыққа қызығып, оның ұсынысын қабыл алып, құдыққа түсетінін мәлімдейді.

Әмір-Темірдің жауынгерлері Хиданың белін арқанмен байлап, құдыққа түсіреді. Басында ол төменде қараңғылықтан басқа ештеңе көрмейді. Дегенмен  Хида көпті көрген ақылды жауынгер еді, еш сескенбестен көзін  тарс жұмып, жүгініп отыра қалады. Көзін  ашқанда құдықтың жарық сәулеге бөгіп тұрғанын көреді. Тереңнен бір үңгірді байқап, солай қарай жүреді. Үңгірге жақындағанда оның көз алдында ерекше әлем ашылып, көздің жауын алатын небір асыл тастармен безендірілген сарай тұрады. Сарайдың қасбеті алтынмен апталған. Төрт жағында асыл тастармен көмкерілген төрт тақ орналасқан.

Хида Әмір-Темірмен талай елге барып, небір әсем сарайларды көріп, небір ғажайыптарды естіген еді. Олардың ешқайсысы мына сарайдың әсемдігіне татымайды, ғажайып салтанатының ширегіне де тұрмайды. Мұндай ғажайып салтанат Хиданың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген.

Хида жан-жағына қарап, ешкімді көре алмайды. Сарайға кіріп, бір есігін ашқанда миуалы, көгорайлы керемет бақты көреді. Мұндай сұлу бақ жер үстінде мүлде жоқ. Бұл – бейіш бағы еді... Хида жемісі төгіліп тұрған ағашқа қол созған сәтте қорқынышты дауысты естіп, қолын тартып ала қояды. Дауыстан шошып, тұра қашқанда бір көгорай шалғынды кеңістікке тап болады. Бұл жерде көргені тіптен ерекше – жүздерінен нұр төгілген үш абыз және оларды қаумалай қоршаған ақ және жасыл түсті киім киген қалың топ... Хида қасында тұрған адамнан: «Бұл ерекше жандар кімдер? Ортасындағы ерекше адам және оның екі жағындағы екі ақсақал кім?»  – деп сұрайды.  Ол адам: «Ортадағы –Шахи Зинда –Құсам ибн Аббас, оң жағындағы – Қызыр ғ-с.с., сол жағында отырған – Ілияс ғ-с.с. Мұнда жүрген адамдардың ақ киімділері – болашақта өмірге келетін жандардың рухы, ал, жасыл түсті киімдегілер – марқұм болған абзал жандардың рухы. Олардың бәрі Құдыретті Иеміздің әмірімен күн сайын осы араға жиналып, Құсам ибн Аббасқа тағзым етіп, қызмет жасайды. Содан кейін өзің көріп тұрған жылқыларға мініп, дүниенің төрт тарабына ұшып кетеді.»

Бір кезде Құсам ибн Аббас Хидаға назар аударады. Хида қорқыныштан есінен танып, құлап түседі.  Құсам ибн Аббас қатты ашуланып: «О , құдайдың құлы, сен бұл құдыққа түсіп, осы араға келуіңмен абзал рухтардың тыныштығын бұздың. Осы әрекетіңмен менің ашуымды келтіруден қорықпадың ба? Менің бұйрығыммен сен осы жерде қалып, жан төзгісіз ауыр жазаға ұшырасаң, сөйтіп тозақтың түбіне кетсең, жер үсті сен сияқты бұл құдыққа түспек болған сәулесіз жандардан ада болар еді», – дейді. Сонда Хида жанұшырып: «О,Қазірет, мені жазалай көрмеңіз! Мен мұнда өз еркіммен түскем жоқ. Жер үстінде Әмір-Темір деген ұлы билеуші пайда болды. Ол күллі әлемді жаулауға бет алды... Мені мәжбүрлеп түсірген сол. Оның әмірін орындамау мүмкін емес», – деп, ақтала  бастайды. 

Құсам ибн Аббас  Хиданы Әмір-Темірдің мәжбүрлемегенін, мұнда оны дүниеге деген ашкөздігі әкелгенін айтады. «Мен сені босатамын. Егер жер үстіне шыққан соң көргеніңді айтар болсаң, өзің соқыр боласың, өзіңнен тарайтын бүкіл ұрпағың  да соқыр болады. Әмір-Темір  сенімсіздік білдіріп, Алла ісіне шек келтіргені үшін Қытайды ешқашан жаулап ала алмайды, өз айыбын осылай өтейді», – дейді.

Сөйтіп Хида құдықтан шығады. Әмір-Темірдің Шахи Зинда туралы   сұрағанына жауап бермей, аяғына жығылып: «Ештеме сұрамаңыз, әміршім! Айтсам, мені өте ауыр жаза күтіп тұр», – деп жалбарынады. Әмір-Темір Хидаға уәде еткен сыйлығының үстіне тағы сыйлық беретінін, күллі ұрпағын сыйлықтан құр қалдырмайтынын айтады. Бұған қызыққан Хида көргендерін баяндайды. Содан кейін көзінен екі тамшы жас тамып түсіп, соқыр болып қалады. Оның күллі ұрпақтары соқыр болып туады. Күні бүгінге дейін көздері соқыр бір тайпа ел бар, олар – сол Хиданың ұрпақтары деседі. Сөйтіп, Құсам Ибн Аббастың бірінші айтқаны орындалады.

Ал, Әмір-Темірге келетін болсақ, Ұлы Әмірші Қытайға жорыққа аттанып бара жатқан жолда, Отырар қаласының тұсында қайтыс болады... Сөйтіп қытайды жаулап алу оның пешенесіне бұйырмайды. Құсам Ибн Аббастың екінші айтқаны осылай айнымай келеді...

Әпсана баяны осылай дейді.

 

Жанат Әскербекқызы