309

РОЛЛАНМЕН ӨТКЕН ҮШ КҮН

 

2018 жыл, ақпан айының 19-ы болатын. Әдеттегідей жұмысымда жүргем. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың көпшілікпен байланыс және іс-шаралар бөлімінде істейтінмін. Кітапханашы қыздардың біреуі келіп: «Қуаныш, сені директор шақырып жатыр» деді.

Бірінші қабаттағы директордың кабинетіне кірсем бір-екі бөлім меңгерушілері де бар екен. Директор — Талғат Қайыркенұлы Ыбыраев деген жасы алпыстан асқан кісі. Қарсы орындыққа жайғасқанымды күтіп отырған директор бірден:

– Қуаныш, сен ақынсың ғой, Роллан Сейсенбаевты білесің бе,– деп сұрады.

– Білем.

— Білсең сол кісі ертең Көкшетауға келеді екен, университетте өтетін конференцияға қатыспақ. Көкшетаудағы қалың оқырманмен кездесу өткіземіз. Мәдениет басқармасының бұйрығы солай. Кездесу кешін өзің өткізесің.

– Білгенде былай ғой, мен ол жазушының көп шығармаларымен таныс емеспін, қалай болар екен, –дедім қашқақтап. Шынуайтында мен Роллан Сейсенбаевты мүлде оқымаған едім. Мектепте бірге оқыған құрдасымның есімін Роллан Сейсенбаевтай болсын деп — Роллан қойыпты. Әкесі — Қайыржан деген шал. Қайтыс болған. Ол кісі менің әкеммен құрдас болған соң марқұммен қатты қалжыңдасатынмын. Үйінде шәй ішіп отырғанда ұлының есімі жайлы солай дегені бар.

— Қалай болса да, басқа лайық адам жоқ, қазір хабарландыру береміз, дайындал – деді Тәкең шарасыз күйде.

Құрдасымның әкесі туралы ойым бөлініп кетті. Иманды болсын.

Директор кабинетінен шыға сала абонемент бөліміне бардым да Роллан Сейсенбавтың «Қазақ елі немесе даралық пен дербестік үшін жанталас» және бірнеше шығармасы топтастырылған «Өзімді іздеп жүрмін» деген екі кітабын алып үйге тарттым. Әйеліме: қазір шәйларыңды ішіп алыңдар да сосын менің мазамды алмаңдар, мен дайындалуым керек дедім. Бір бөлмелі пәтерде тұратындықтан басқа амал жоқ еді. Кешкі сағат бесте отырғаннан таңғы беске дейін тапжылмай отырдым. Арасында темекі шегуге тұрғаным болмаса басқа дүниеге көңіл бөлгенім жоқ. Роллан шығармалары көңіл бөлдірмес те еді. Құныға бердім, құныға бердім. Лондондағы Абай үйіне барғандай, я болмаса Толстойдың «Ясная полянасында» бірге жүргендей әсердемін. Мен Роллан ағаның реквиемдеріне, немесе шығармаларындағы кейіпкерлеріне, жазу стиліне, жазушылық құдіреті жайлы әңгімені ұзатпай-ақ қояйын. Қысқасы таңғы беске дейін екі кітапты да оқып бітірдім. Екі көзім удай ашыды. Темекімді шегіп келдім де, сағат 6-ға дейін бір сағат конспекті жасадым, қоятын сұрақтарымды дайындадым. Сосын барып ұйқыға кеттім. Түсімде де кітап кейіпкерлері иектесе керек, екі көзім қып-қызыл болып шаршап ояндым.

Кітапханаға келген соң алағұйын бір күйде жүрмін. Қалай болар екен?! Екі-ақ кітабын ғана оқығанымды сезіп қалып ұят болмаса неғылсын. Үлкен залда бәрі дайын, оқырмандарға арналған орындықтар қаз-қатар тізілген, төрде автор мен жүргізуші яғни менің орным. Енді Роллан Сейсенбаевтың келуін күттік. Түскі 14:20 -ның шамасында күткен мейманымыз да келді-ау. Қасында Шоқан Уәлиханов университетінің проректоры — Аманай Асылбайұлы дейтін ағамыз. Бірден директор кабинетіне кіргіздік. Онда жергілікті зиялылардан біраз адам жиналып қалған. Ер көңілді адам екені Сейсенбаевтың кіріп келгенінен-ақ сезілгендей еді! Жағалай амандасып алған соң, директорға қарап:

— Вискилерің бар ма, –деді қатқыл дауыспен.

Ашығын айту керек біздің басшы кітапханадан бұрын ескерткіштерді қорғау орталығында, одан бұрынырақ мәдениеттен алыстау салаларда қызмет еткен адам болатын. Ақын, жазушы деген халықпен әңгімесі жараса қоймайтыны белгілі еді. Жөпелдемеде сасып қалды. Бірақ, бойын тез жинақтап:

– Қарапайым кітапханашының қалтасына виский ауырлау ғой, коньяк бар, – деді қызарақтап.

— Онда сол коньягыңнан құй!

Роллан Сейсенбаев жайғасып отырған соң, қасына таман барып:

— Аға, Көкшетауға, біздің Мағжан шаңырағына қош келдіңіз! Бүгін Сізбен сұхбат жүргізетін мен болам, атым — Қуаныш, осы кітапхананың қызметкерімін, – дедім батылданып.

Сол жердегі ағаларымның біреуі:

— Бұл ініңіз де қалам ұстап жүрген жігіт, ақын,— деп қалды.

Роллан Сейсенбаев жалт қарап, күлімдей берді. Сосын менен көз алмаған қалпы:

— Ақын болсаң темекі шегетін шығарсың, әкел болса!

— Сіз мұндай темекі шегесіз бе білмеймін, бұл да сол коньякпен қарайлас темекі ғой, – дедім «Winston» деген арзан темекімді шығарып.

Алып, езуіне қыстырған соң, оң қалтамдағы шақпақты алып тұтатып бердім. Сол кезде қаламыздағы әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин:

— Қуаныш, ағаңмен бірге сен де тарт бір темекі, Роллан Сейсенбаевпен бірге темекі шеккем деп ертең айтып жүресің, – деді күліп.

Мен де танауымды құрт жеп әрең тұрғам. Біреуін алдым да езуіме қыстыра беріп, бастығыма қарадым. Оның түрі – «енді сен қосылып кабинетті мүңкітпесеңші» деген түр еді.

– Басеке, кешіріңіз,— дедім де, темекіні бұрқ еткіздім! Сосын қолымдағы телефонымды Мерген досыма ұстатып, суретке түсіріп жібер дегенді ымдадым.

Біз отырған орнымыздан тұрып, оқырман залына келгенде залдың лық толы екеніне қарап қайран қалдым. Жәй уақытта хат жазып жүріп әрең алдыратын студенттер ғана емес басқарма басшыларынан бастап, Көкшенің күллі зиялысы осында екен. Мәскеуде Жазушылар одағында табаны күректей 25 жыл қызмет еткен, Лондонда өз қаражатына Абай үйін ашқан, тіпті Президентке де ақылшы болған Роллан Сейсенбаевты көруге асыққан елдің қарасы қалың. Ду қол шапалақпен тік тұрып құрмет көрсетті. Елдің алдына кеп жайғасқан соң, тізгінді алдым. Түндегі оқыған екі кітап миымда сайрап тұр еді. Оның үстіне екі тостаған коньяктың буы бар. Айтпақшы мана Роллан ағаны ол тұрғыдан да жалғыз қалдырмағам. Бірінші оқыған кітабым бірнеше кейіпкердің тағдырымен шектелетін повесть, роман емес реквиемдер мен жазбалар жинағы болатын. Қоятын сұрақтар да жан-жақты әрі Роллан ағаның өз басына қатысты. Әр жылдары болған әр алуан оқиғаларға байланысты, сол кітаптың аясында дайындағам. Қойылған сұрақты мұқият тыңдап алды да Роллан аға:

— Қуаныш, сен мұны қай жерден оқып алғансың?! Мен өзім де ұмыта бастаған екем,– деп алды да, сұраққа қарай ойысты. Келесі сұрағымды қойып болғанда:

– Қуаныш, ты меня поражешь! Сен оны қайдан білесің,— деді сұрағыма сұрақпен.

— Енді, Аға, оқыдық қой, — деймін. Екі кітапты ойлап қызарақтап бара жатқанымды өзім сезем.

– Ау, Көкшетаулықтар, мынадай білімді, оқымысты баланы қайдан тауып алып келгенсіңдер?!, – деп таңырқаған кейіп тантты да, сұраққа ынта-шынтасымен жауап берді.

Айналасы бір жарым сағаттан артық уақыт отырғанда біраз дүниенің басын шалдық. Роллан ағаның әңгімелері де Ел мен Жерге, Ұлы адамдарға қарай ойыса беретін. Жиылған жұрт та дән риза еді. Роллан ағаның сөзінен кейін басқармадан келген басшылар мен қосшылардың маған деген көзқарасы да өзгеріп бара жатқанын көздері айтып тұрды. Оқырмандардың сұрағы, Ел ағаларының тілегі дегендей дәстүрлі мезіреттерден кейін кешті аяқтап қайтадан директордың кабинетіне келдік. Кітапхананың атынан иығына жапқан шапанымызды сол жерде отырған бір ақсақалға жауып кетті. Манағыдай емес темекіні де еркін бұрқыратып, әңгімелесіп отырмыз. Аманай Асылбайұлы Роллан ағаға қарап:

— Аға, облыс әкіміне кіреміз деп едіңіз ғой, уақыт жақындап қалды жылжи берсек қалай болады, — деді ақырын.

Роллан аға:

— Бауырым, мен ешқандай әкімнің қабылдауына бес минуттан ерте бармаймын! Анау костюміңнің жеңін қайырып қой, сағатыңды көріп отырайын уақыты болғанда өзім айтам, — деді. Сосын әңгімесін сабақтап:

— Бұл ақымақ мені қабылдағысы келмепті. Мен содан бірдеңе сұрау үшін келіппін бе?! Көкшедей Абылайдың еліне аз күн болса да басшы боп отырған соң, сәлем берейін, елдің бір мәселелері болса жеткізейін деп ойлаймын да. Сосын ана жақтан, (аға сұқ саусағын жоғары көтерді) «қабылда» деген соң барып түсініпті. Даусында кейіс бар. Сағат беске таман Роллан аға арқамнан қағып жылы қоштасып облыс әкіміне кетті. Ол кездегі облыс әкімі — Мәлік Мырзалин болатын.

Ертеңіне телефоным безілдеп қоя берді. Қарасам Аманай Асылбайұлы екен:

— Қуаныш, қалың қалай?!

— Жақсы, Аға! Өздеріңізде бәрі дұрыс па?!

— Сені Роллан ағаң іздеп жатыр. Тез университетке кел. Қазір конференция басталады.

— Жұмыстамын ғой, аға.

— Қазір, онда қайта телефон соғам, —деді де тұтқаны қоя салды Әужәкең.

Бес минуттан кейін қайта телефон соғып:

— Қуаныш, Роллан ағаң мәдениет басқармасының басшысына айтып, сені үш күнге жұмыстан босатты. Үш күн менің қасымда болады деді. Тез жет!

Салып ұрып университетке барсам, күтіп тұрған адамдардың бірі ректордың кабинетіне бастай жөнелді. Кірсем Роллан аға, ректор — Әбдімүтәліп Әбжаппаров, тағы бір проректор — Темірхан деген толық денелі жігіт отыр екен. Амандасып болған соң, Роллан аға ректорға қарап:

— Қуаныш Оспан деген азамат. Танисыздар ғой,– деп сұрады. Ректор үндемеді.

— Танымайтынын түсінген Роллан аға:

— Неге танымайсыңдар?! Өте білімді жігіт, талантты ақын! Өз азаматтарыңды танымағандарыңыз ұят екен,–деді бастырмалатып. Мен ыңғайсызданып қалдым. Әйтпесе «талантты ақын» деп мінездеме беретіндей Роллан аға әлі менің өлеңдерімді тыңдап, не оқып та көрген жоқ қой деп ойлап үлгердім. Жайлап жан-жағыма назар аудардым. Аумағы кең кабинет екен. Жиһаздары да жұтынып тұр.

Бұрын кіріп көрмеген жерім. Бұл университетте оқымағам, егер осы оқу орнында білім алсам ректордың кабинетін ертерек көрер едім деймін ішімнен. Көзім үстел үстінде тұрған вискиге түсті. Әрине, бұлардың жағдайы кітапхананың жағдайынан жақсы болуы керек. Роллан ағаның басын жазып отырғанға ұқсайды.

— Кел, жаным, айналайын, отыр. Роллан аға қасынан орын беріп, виски ұсынды. Тартып жібердім. Бірақ, осы шіркінің ұнамайды маған. Бұрын бір-екі рет дәмін көргенім болмаса, осыған мас болып көрмеппін. Ағы дұрыс еді. Тағы бір-екі рет өңештен өткізген соң, университеттің акт залына бардық. Мұнда да толған адам. Роллан аға сахнадағы призидиумға көтерілді. Мен алдыңғы қатарға кеп жайғастым. Бір-екі баяндама оқылған соң, маған ымдап белгі берді. Шық дегені. Мен залдан шыққанша, ол кісі де сахнадан шығатын есіктен шығып келе жатты.

— Кеттік.

Қайда деп сұрамайсың ғой. Ере бердім. Ректордың кабиетіне кеп, бір-бір тостаған вискиден алдық та, темекі тұтаттық. Темекіні күлсалғышқа тастаған соң, аға:

— Барайық, ұят болмасын — деп қайта келген ізімен кері аяңдады. Орны-орнымызға жайғасқан соң, ректор ортаға таман шақырып, Роллан Сейсенбаевқа Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің Құрметті Профессоры атағы берілетінін айтты. Иығына мантиясын кигізіп, қолына куәлігін табыс етті. Халық қошеметі дуылдап кетті. Сөз кезегінде Роллан аға қысқаша алғысын білдірді де:

— Менде мұндай атақ көп қой —деді жымиып. Баяндамасын да көп созбай орнына отырды. Мен оның қарапайымдығына таңғалдым. Ол маған қайта ым қақты. Қысқасы — конференция біткенше біз ректордың кабинетіне үш барып, үш келдік. Сосын түскі ас. Түстен кейін студенттермен жеке кездесу ұйымдастырылды. Онда Роллан аға темекісін бұрқыратып отырып сөйледі. Одан кейін тағы да виски. Бұл жолы ректордың уақытын алмайын деді ме, проректор Темірханның кабинетіне ауыстық. Мұнда сейфте дайын тұр екен. Бұл жолы бізге университеттің мұғалімі, жыраулар поэзиясынан сабақ берген менің ұстазым – Сәбит Жәмбек қосылды. Сәбеңнің де ақаң дегенде тартынбайтынын жұрт біледі ғой несін жасырайын. – Ал, кеттік, — дегенде Сәбең екеуміздің тостағанымыздың түбі көрініп қала береді. Байқап отырған, Роллан аға:

– Әй, екеуің, қызық екенсіңдер. Бұл арақ емес виский ғой. Оны ішудің өз мәдениеті бар, түбінде кішкене қалдырып отыру керек! Алқаш емеспіз ғой, ёлки— деді темекісінің күлін сілкіп.

— Күнде ішпеген соң қайдан білейік,– дейміз, иығымызды қиқаң еткізіп. Бірақ, түбінде қалдыруды ұмыта бердік.

Қыстың күні тез батады. Роллан ағаны қонағүйіне апардық та, үйге қайттық. Кетерде:

— Қуаныш, ертең сағат 11-де осында бол, күтем. Мына Тайынша ауданында жасы жүзден асқан апа бар екен, соған барып қайтуымыз керек, —деді.

Таңертең номеріне келсем, ағам күтіп отыр екен.

— Бас қалай?, – дейді.

Жетісіп тұрмағанын өзі де біліп отыр ғой.

— Бүгін Тайынша ауданындағы апаға бара алмайтын болдық. Денсаулық жарамайды білем. Белге салқын тиіп қалған ба, шойырылып тұр, — деді қабағын кіржитіп. Енді байқадым, Роллан аға белін қалың шарфпен орап алыпты.

— Онда бүгін не істейміз?

— Бүгін бе? Бүгін кешегі кеште болған анау екі музейдің директорына барамыз. Телефон соқ. Дайындалсын.

Телефонымды алып әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралинге қоңырау шалдым.

— Нұраға, ассалаумағалайкум!

— Уай, қалың қалай, Қуеке, —деді Нұрбек ағам күнделікті жайдары қалпында.

— Қал жақсы. Роллан ағамен Сіздердің музейге бармақ боп отырмыз. Нұрбек ағамның бір жақсы көретін сөзі бар еді. Ол тәуліктің қай уақытында хабарлассаң да, «не ішесің, не жейсің?» дейтін әдеті. Оны Көкшетауда бәрі біледі.

— Не ішесің, не жейсің?

Тап бастым.

— Виски. Кеше естідіңіз ғой.

— Болды. Гүл қылам. Дайынбыз. Қай уақытта келесіңдер?

— Оны біраздан соң айтам.

Телефонның контактілер тізімінен Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры — Құдайберлі Мырзабектің номерін іздедім:

— Алло, ассалаумағалайкум!

— Уағалайкумассалам!

— Бүгін Роллан аға Мәкеңнің музейіне кіріп шықсам дейді.

— Қай уақытта?

— Оны біраздан соң айтам. Сіздер қамсыз болмасын деп алдын ала хабарласқаным ғой. Дайындалсын деп айтқан.

— Дайындалғанда не істеу керек?

— Шәй қойып, бір виский алып қойыңыздар.

— Вискиің қымбат қой. Коньяк болмай ма?!

— Енді оны өздеріңіз біліңіздер.

Телефонды басып қойдым да, Роллан ағама қарап:

— Бәрі дайын, Аға.

— Әй, сол музейге барып не істейміз?! Осында отыра берейікші. Денсаулық болыңқырамай тұр — дегенше болған жоқ, есік қағып кешегі проректор Темірхан мен ғалым Сәбит Жәмбек кірді. Темірханның қолында бір табақ ет! Қазы-қарта, жал-жая келген соң қайда асығамыз, дастарқанды жайып жіберіп, Темкең әкелген төрт бұрышты шишаның қақпағын бұрай бердік. Ұзақ отырдық, мен музейлерге бармайтын болдық деп айттым.

Алып қойғандары текке қалмасын деді ме, біраз уақыттан соң бір вискийін алып Нұрбек Нұралин, бір коньягын алып Құдайберлі Мырзабек жетті. Мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөкейханқызы мен орынбасары Гүлмира Саматқызы да бар. Бастықтың қолында бір шоқ гүл. Әйел адамның — ер адамға гүл әкелгені маған біртүрлі ерсі көрінді. Келгендер көп бөгелмей, аз ғана шүйіркелесіп отырды да шығып кетті, біраздан соң Темкең мен Сәбең де тұрды. Астау толы еттің екі жағында Роллан Сейсенбаев пен Қуаныш Оспан ғана қалды.

— Бауырым, саған Бауыржан Момышұлымен бір кездесуімді айтайын.

— Құлағым сізде, Аға.

— Бір жылы Совет Одағы Жазушыларының онкүндігі ме, бір жиын боп Венгрияға, мажар бауырларға бардық.

— Содан?

— Содан, белгілі ғой. Әдеби кештер, конференция, жиналыстар, авторлармен кездесулер дегендей. Сондай бір кездесудің соңында қасыма ерлі-зайыпты адамдар жақындап:

— Сіз қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевсыз ғой?!, — дейді.

— Иә,–деймін.

— Сізбен жолығу үшін арнайы келдік. Сізді қонаққа шақырғымыз келеді. Тек бетімізді қайтармаңыз.

— Шақыруларыңызға рахмет. Енді сіздер арнайы келіп шақырып тұрған соң қалай бас тартайын.

— Көп рахмет! Бүгін кешкі 19:00-де осы мекенжайда күтеміз.

Қолыма қағаз берді де кетіп қалды. Сонымен кешкі жетіге қарай такси ұстап айтқан мекенжайларына бардым. Алдымнан құрақ ұшып күтіп алды. Дастарқан жайып қойған, небір-небір тәтті-дәмділер үстелдің үстінде. Әдебиет жайлы әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Менің шығармаларымды оқыған. Әсерлерін, көзқарастарын айтып жатыр. Не үшін шақырғанын өздері айтар деп көрсеткен сый-құрметін көріп күтіп отырмын. Біраздан соң үйдің иесі:

— Құрметті, Роллан Шәкенович! Сіздің біздің үйімізге келгеніңізге өте қуаныштымыз! Біз қазақ халқын қатты құрметтейміз. Осындан бірнеше жылдар бұрын осы Сіз отырған жерде Қазақтың батыр ұлы — Бауыржан Момышұлы отырып еді. Ондай тұлғаның мейман болуы біз үшін — бақыт қой! Ол кісідей өзі батыр, өзі ғалым, өзі жазушы адамды қазақ халқы «сегіз қырлы бір сырлы» деуші ме еді?! Біз ондай адамды бұрын кездестіргеніміз жоқ. Сонда ас ішіп отырып майлық-қағаздан (салфетка) ою ойып еді. Біз Бауыржан Момышұлының шеберлігіне де таңғалдық! Ақыры әйеліміз екеуміз ойлана келе ол кісі туралы кітап жазбақ боп шештік. Жаздық та! Міне, мынау сол кітабымыз,— деп қолыма мұқабасындағы алтын жазулары жарқ-жұрқ еткен үлкен кітапты ұстатты.

Сыртында папаха киген Баукеңнің сұсты бейнесі. Алғашқы бетін ашқанда қошқар мүйіз ойылған салфетка тұр. Толқып кеттім! Сенің халқыңның ұлын ардақтап жатқан адамдарға қалай риза болмайсың!

— Осы кітапты Бауыржан Момышұлына апарып табыс етсеңіз екен. Бұл кітаптан бөлек тағы бір сәлемдемеміз бар, ауырсынбай оны да жеткізсеңіз, — деп бес литрлік Венгрияның атақты «Токая» шарабын ұстатты.

Осындай ақ жүректі тамаша жандармен қимай-қимай қоштасып, Қазақ елінің атынан зор алғысымды айтып аттандым. Бірнеше күннен кейін — Мәскеуге, Мәскеуден — Алматыға ұшып келдім. Аманатым қолымда. Баукеңнің баласы — Бақытжанмен аралас-құралас доспын ғой. Соған телефон соғып алдын-ала біліп алайын дедім. Үйіне қоңырау түсті, бірақ трубканы Бақытжан емес, Баукеңнің өзі алды. Амандасып қал-жайын сұрап жатырмын.

— Сен елде ме едің, —деді даусы күркіреп.

— Иә, Аға, Мәскеуден енді келдім, Сізге жолығуым керек, не үшін екенін телефонмен айта алмаймын – деймін құпиялап. Үйдесіз бе?!

— Онда келгін!

Бірден Баукең үйіне тарттым. Есікті өзі ашты. Бөлмесіне бастап кіріп, жұмыс столына отырды. Амандық-саулықтан соң, қысқаша Венгрияға барған сапарым жайлы айтып:

— Сондағы бір аяулы кісілердің Сізге сәлемін айта келдім, — дедім.

— Ол қандай кісілер екен?

— Міне, Сізге жіберген сәлемдемелері де бар. Кітапты алып шығып мұқабасын көрсетіп ем, отырған орнынан міз бақпады. Біз болсақ «кәне, кәне» деп ентелей кетер едік қой деп Роллан ағам кеңкілдей күліп алды.

Кітапты қолына алып сыртындағы өз суретіне көз жүгіртіп өтті де, мұқабасын ашты. Алғашқы бетінде тұрған ою-салфетканы көрді де, бірден түсінді. Сосын кітапты жауып, кеудесіне басып ұстады да:

— Мен туралы мұндай кітапты әлі қазақ та, орыс та шығарған жоқ. Анау, алыста жатқан мажар бауырлар шығарып жатыр, ә!, — деп біраз ойға шомып кетті. Сосын маған қарап:

— Роллан, сөредегі анау екі кітапты қозға,— деп бұйырды.

Екі кітапты жылжытып ем, әр жағында екі «портвейн» барматуха тұр екен.

— Құй екеумізге!

Біреуін алып, екі фужерге құйдым. Баукең үндемей фужерді түбіне дейін бір-ақ көтерді. Мен де сөйттім. Бірақ, арзан шарапты ұнатып тұрғам жоқ.

— Құй ана екіншісін де.

— Аға, Сізге ол кісілердің беріп жіберген тағы бір аманаты бар еді. Соны ішкен дұрыс шығар деп, үстелдің астына қойып қойған «токаяны» алып шықтым.

Баукең бас изеген соң екі фужерге толтырмай құйдым.

Баукең фужерді алып аздап ұрттады да:

— Біз мұны ең алғаш Будданы алғанда ішіп едік, дәмі өзгермеген екен деді. Будапешті азат еткенде дегені. Фужерлерді босаттық.

Сосын Баукең телефонның қасына барып, бір номерді терді де, әржағындағы адам «алло» дей бергенде:

— Тыңдап тұрсың ба,— деп гүр етті.

— Тік тұрып, тыңдап тұрмын, Бауке!, — деген дауыс естілді.

— Тыңдап тұрсаң, менде бір аманат арқалаған азамат отыр, аманаты ауырлау екен машинаңды жібер. Сосын әлгілерді шақыр—, деді бұл жолы жайбырақат.

— Сіз киініп шыққанша есік алдында тұрады, Бауке! — деді арғы дауыс. Ол — Рақымжан Қошқарбаев еді. «Қазақстан» қонақүйінде жүрген кезі ғой. Ел жайын, ананы-мынаны әңгімелеп аз отырдық. Баукеңнің кителін алып кигіздім, сосын екеуміз сыртқа шықтық. Есік алдында машина дайын тұр. «Қазақстан» қонағүйіне келсек есік алдында — Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Димитрий Снегин үшеуі күтіп тұр екен. Содан не керек, қонақүйде жатып үш күн іштік қой, —дейді Роллан ағам қарқылдай күліп.

Мен осы кезде батырлыққа, бәлкім сыйластыққа байланысты ма екен бір мақал айтып қалдым. Қандай мақал екені есімде жоқ. Мүмкін мәтел. Роллан ағам жалт қарады да:

— Қуаныш, жаным, мынауың бір тамаша сөз екен,— деді де, орнынан жылдам тұрып айна алдында жатқан бір бума қағаздың (сірә, жазу үшін А4 қағазын бірге үнемі алып жүретін болса керек) бір парағы мен қаламын алды да алдыма әкеп қойды. Бел ауруын да естен шығарып алған сияқты. Сосын:

— Жаңағы айтқан мақалыңды мына қағазға жаза қойшы,– деді.

Мен ыңғайсыздана бастадым. Сүйкеп жазып жатқаныма қарап күліп жіберетін сияқты. «Сіз білмейтін сөзді жазып жатырмын» дегендей, өзі сұрады екен деп жаза кетудің өзі масқара ұят қой. Менің бөгелгеніме қарап:

— Жаз, жаз, мана сен тағы да бір-екі керемет сөз айттың. Оларды да жаз!, – деді сосын ол не туралы сөздер екенін еске салып.

— Сөз арасында кеткен соң байқамай қалған болармын, Аға. Қазір есімде жоқ не айтқаным, — дедім. Нағыз мен қиналған тұс осы болды. Мені ұялтпайын деді ме, Роллан аға әңгіме ауанын басқа арнаға бұра берді. Қағаз-қаламды былайырақ ысырып қойдым. Неткен биік, әрі қарапайым адам еді деп ойладым.

— Аға, Назарбаевқа советник болдыңыз ғой, сол жайлы айтыңызшы.

Едәуір үнсіздіктен соң:

— Рижий Алмаз, Бақытгелді деген жігіттерді білесің ғой?

— Иә, білем.

— Солар сияқты менің Мұхтар деген інім болды. Батыр еді. Қысылтаяң уақыттар болды ғой. Мен оны шет елге де жібердім. «Туған жерде болмасам жүре алмаймын» деп қайтып келді. Осы билік сол інімді де құртты. Мен сосын кеттім ол жерден. Қинала жауап бергенін көріп, ары қарай қаузап сұрағам жоқ. Көңілін ауламақ болып:

– Аға, 9 млн данамен кітабы шыққан адам өзін қалай сезінеді?!

— Кезінде Ақселеу Сейдімбектің маған: «Роллан, қазақ сені әлі де дұрыс оқыған жоқ. Сен болашақта оқылатын жазушысың» дегені бар еді.

Сәл үнсіз отырды да:

– Өзің туралы айтшы. Мен сұрамаппын ғой, айтпақшы Қай ауылдың баласысың? Әке-шешең бар ма? Әкең қай жылғы?

— Бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы, Жасқайрат деген ауыл бар, Аға. Әке-шешем бар, сол ауылда тұрады. Әкем Сізбен құрдас деуге болады 1947 жылғы. Ауылым осы жерден 400 шақырым. Тәуелсіздік алған жылдары Солтүстік Қазақстан облысына қосты, соның салдарынан облыс орталығынан шалғай жатқан біздің ауылдар шашылып қалды.

— Менің Виктор Астафьев деген жазушы досым «Қазақ халқы Даласын өлтіріп алмауы керек» деп еді. Ауыл өлсе – Дала да өледі ғой. Бұлар соны өлтіргісі келіп әуре –деді әлдекімге кіжініп. Ол ауыл қазір бар ма?

— Ауыл бар, бірақ баяғы күйі жоқ. Жыл сайын таздың басындай сиреп барады.

— Таздың басындай деймісің?! Сенің сөз саптасың ұнайды, жаным. Көптен жазасың ба?!

— Жоқ, Аға. Мен студент боп келген 2005 жылдары бір-екі өлең жазып, облыстық мүшәйрадан жеңімпаз болып, республикалық байқауға қатыстым. Сосын мүлде жазбай, айтысқа қатысып жүрдім. Қайта жаза бастағаныма осы бір-екі жыл болды.

Биттің қабындай бір кітапша шығарғанбыз. Оным қазір өзіме ұнамайды. Кейінгі жазғандарымды топтап, бір жинақ шығарсам ба деп ем биыл.

— Сен маған сол өлеңдеріңді жинақтап бер! Электронды поштама сал жарай ма?

— Салайын, Аға. Егер алғысөзін өзіңіз жазып берсеңіз тіпті тамаша болар еді. Көп керек емес, жарты бет қана сүйкей салсаңыз жетер еді.

— Жақсы, айналайын, я тебя понял! Бірақ бір айдай күтесің. Қыртылбай ақындар көп қой. Мен алғысөз жазбайтын адаммын. Мен классиктер туралы ғана жазам, Абай, Шәкәрім, Әл-Фарабиларды ғана жазам. Түсіндің бе?!

— Асығыстық жоқ, Аға, онсыз да жазға барайын деп тұрған сияқты.

— Мен сенен мана сұрайын деп ем, ұмытыппын. Елде манағылардан басқа кім бар?! Төлеген Қажыбай қайда? Кеше де, бүгін де көре алмадым.

— Ол кісі сырқаттанып қалып, әзірге ешқайда шықпай жүр. Үйінде.

— Менен сәлем айт Төкеңе! Ұмытпа, жарай ма?!

— Айтам, Аға, ұмытпаймын. Онда Сіз демалыңыз, Аға, күн де батып кетті. Шаршаған шығарсыз деп, — мен орнымнан түрегелдім. Роллан аға орнынан бірге тұрып, бағана Сәуле Бөкейханқызы әкелген әсем гүлді менің қолыма ұстатып:

— Үйдегі келінге апарып бер! Роллан Сейсенбаев берді деп айтпа, өзім сен үшін сатып алдым деп айт, келін қуанып қалсын! Ұқтың ба?, – деді.

— Жоқ, Аға, керісінше қазақтың классик жазушысы Роллан Сейсенбаев берді деп айтам!

Қонағүйден шыққанда Көкшетаудың ақпаны ерекше жылы боп тұр еді. Әлде Роллан ағаның ініге деген жылы ілтипаты ма екен?! Әлде вискиден бе?! Гүлімді құшақтап, Әуезов көшесіне таяй бергенде алдымнан Шахмет Құсайынов атындағы облыстық театрдың жап-жас актрисасы — Қарлығаш деген қыз шыға келді. Бір-екі ауыз тілдесіп, сыңғырлай күліп ұзай берді. Роллан ағаның гүлі — Қарлығаштың құшағында кетті. Жолай әдебиет және өнер музейіне соқсам, мұнда да бір қыдыру Ел улап-шулап отыр екен! Күндіз іс-шара болған, одан соң дастархан дегендей. Орталарында — Төлеген Қажыбай ағам отыр! Ағамның маған бір реніші бар еді, соңғы кезде сәлемімді алмай жүрген болатын. Кіре сала Төлеген ағаның қасына жетіп бардым да, сөзімді бөліп тоқтатпасын деп жылдам-жылдам сөйлей жөнелдім:

— Аға, осы Сіз неге менің сәлемімді алмай жүрсіз?! Әкеңізді өлтірген мен емес –соғыс еді ғой. Алдыгүні Елге Роллан Сейсенбаев келген. Кеш өткіздік, өзі ықыласы түсіп шақырған соң үш күннен бері қасындамын. Сол кісіден жаңа шыққан бетім, Сізге дұғай-дұғай сәлем айтты! Неге Төкең жоқ деген соң, Сізді сырқаттанып қалды деп айттым. Ал, Сіз сәлемімді алмайсыз. Арақ ішейін деп келгем жоқ, Сізге інілік құрметпен жүз грамыңызды құйып берейін деп келдім, — деймін ғой. Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар дегені осы да, әйтпесе сау болсаң бұлай айтпайсың ғой.

— Қазір бәріміз Ролланға барайық, — деді Төкең.

— Ол кісі шаршады. Қазір ұйықтап қалды.

— Онда, сен өлең оқы! Біз тыңдайық! Әлі де қытымырланып отыр.

Төкең сұрап тұрған соң, аянатын не бар?! Оқыдым. Өлең аяқталған кезде Төлеген ағам орнынан тұрды да, жүз граммын көтере ұстап:

— Біз ендеше мынаны Қуаныштың классикалық өлеңі үшін алайық!,— деді де тартып жіберді. Бәрі орындарынан тұрды да:

—Қуаныштың өлеңі үшін, — деп шу ете түсті! Төкең арқамнан қаққанда вискидің соңынан арақ қуып бара жатты....

....Телефон даусынан ояндым. Роллан аға екен:

— Қуаныш, мен қазір Астанаға жолға шығам, сол жақтан Алматыға ұшам. Сендей великий қазақпен қалай қоштаспай кетем?!, – дейді жаймашуақ.

— Қазір жетем, Аға.

Шашылып жатқан басымды әрең жинап алдым да «Достық» қонағүйіне дейін такси шақырдым.

Роллан аға сөмкесіне киімдері мен заттарын салып жатыр екен. Бір шыныаяқ шәй іштік. Сосын ағам қалтасынан ақша алды да айнаның алдына қойып жатып:

— Осы бөлмені жинап, тазалап жүрген қыздар алсын, — деді күбірлеп. Мен тағы да таңғалдым. Өзің жиі жазатын Дешті Қыпшақ даласындай дархан да, кең екенсің-ау!

Роллан ағам кеткен соң, көпке дейін біртүрлі боп жүрдім. Әрине, басқа да біраз кітаптарын оқыдым. Қазір ойлап тұрсам кітапханадағы кеште мені әдейі көтермелеп отырғаны екен ғой. Мына ессіз қоғамда қалам ұстаған бір жастың болса да қадірі арта түссін дегені екен ғой!

Арада үш-төрт ай өтті. Роллан ағам сырқаттанып, ауруханада жатқанына қарамай менің кітабыма алғысөз жазды.

—Шалқамнан жатып жаздым, Қуаныш, — деді телефоннан. Мен айтқандай жарты бет емес, 15-16 беттік ғажап эссе!

Қуанышым қойныма симады. Оған да 6-7 жылдың жүзі болыпты. Көптен бері Роллан ағам туралы бір жазармын деп жүргем.

Биыл Абайдың 180 жылдығын тойладық. Иті мен битіне дейін сол тойдың ішінде жүрді. Бірақ, Роллан ағам көзге түспеді. Өз қаражатын салып Лондонда «Абай үйін» ашқан Роллан Сейсенбаевқа анау тоғызқұмалаққа тігілген көліктің кілтін ұстатса болар еді ғой.

Тоғызқұмалақтың құмалағындай миы жоқ адамдарға не дейсің бірақ?! Ерінің қадірін кеткен соң ғана білген кейіп танытатын тоғышарларға ерегескенде, өзің айтатын Ана-Жердің бетінде ұзағырақ жүрші, Жан Аға!

 

Қуаныш ОСПАН

Дешті Қыпшақ даласы

Көкшетау, 2025 жыл