
Әкім Тарази екеуміз түбі бір-бірімізден ажырап қалатынымызды санамен қабылдағанымызбен, қай жылы, қай мезгіл, қай күн, қандай жаста, тіпті бір-бірімізді алдымен кім тастап кетеді, біздерді ажырататын өмір ме, өлім бе, оны да білмедік. Әйтеуір екеумізге ортақ бір қатерлі өткелдің күтіп тұрғанын сезетінбіз. Күндердің күні туғанда біріміздің алдымен жол бастайтынымыз рас еді.
1993 жылдың 14 қарашасында емханаға түскен екен. «…Клизма. Ертеңнен бастап уколға дайындық. Тәте! Уайымдай берме, 93 жасқа дейін жасаймын», – депті. Аузына Құдай салған болар, тоқсан үшке қараған шағында дүниеден өтті. Қызығы, «93 ке дейін» депті, 93-ке келемін демепті. Айтыла салған сөз ғой деп ойласам керек, бұл жазбаны өзі қайтқаннан кейін жақында ғана оқыдым, таңғалдым…
Мен жылдар бойы қауіп-қатермен өмір сүрдім деуге болар. Әуелі әкесі Үртай атамның жасынан (елу алтыдан) аман өтсе екен деп тіледім, сонан соң анасы Әбима апамыздың (алпыс жеті) жасынан аман-есен өтуін тіледім, сосын Әшім даммулла атамыздың (сексен үш) жасынан асса екен деп тіледім. Осы тілектердің орындалғанына екеуміз де шаттанып ғұмыр кештік. Тоқсанға жеткенде ел-жұрты ортаға алып, торқалы тойын жасады. Риза болды. Балалар да есейді. Ол да, мен де шын бақытты едік.
«Көке! Енді қандай өткел бар алдымызда?» – дегенімде, «Төле би бабамның жасы тұр – тоқсан үш! Сол жастан аман өтсем, Жамбыл тәтемнің жасын сұрарсың», – деп әзілдеп қоятын. Үш жүздің төбе биі болған Төле би бабамыздың жасына келуді бұйырған екен, тәубә дейін.
«Әкімім ұзақ жасаса екен, бақытты болса екен, өзі сияқты сабырлы, салиқалы ұрпақтары болса екен» деген жалғыз ғана тілек болды. Мұндай тілекті ана ғана баласына тілеп, дұға жасайтын болар. Әкімнің өмір сүру тәсілі, таңдауы, тіпті тамақтану дәстүрі ешкімге ұқсамайтын. Сонымен қатар жалғыздықты жаны қалайтын, көптің ішінен тез шаршайтын. Бұлыңғыр күндерінен айыққысы келетіндей кейде отырып, бос кеңістіктен қарманар жол іздей ме, оңаша қалғанда маған таныс емес бір әуенді ыңылдап салатыны бар еді. Бұл әнді ол жиі айтатын. Ән орыс тілінде, мұңлы еді. «…Голова стало белою, что с ней я поделаю. Ты моя любовь
последняя – боль моя…» Сарыны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Тихон Хренников деген композитордың жеке басынан өткен тағдыры деуші еді.
Әкімнің жасы елу төртте, мен болсам, жиырма үштемін. Жасым кіші болса да ол кісі мені «тәте» дейтін, мен ол кісіні «көке» деп кеттім.
Сезім – ойдан жүйрік, ақыл мен санадан озық, сана мен ақылдың үкім шығаруын күтпейтін ұшқыр. Найзағай жарқ етіп ұшқын атқанда сезімді тежеу мүмкін болмас. Тағдырдың сынынан қаймықпай ғұмырын найзаның ұшына іліп, басын бәйгеге тігер сәт. Сол жолда не өлер, не өнер. Обал ма, сауап па, білмедім…
Біз кездестік… Көп арасынан ол мені танып қалды, мен де оны таныдым. (Бұл жерде «танымалдық» мағынасында айтып отырған жоқпын) Адам ретінде екеуміз бір-бірімізден қашып та көрдік, қоғамның жат көзқарасынан, сын-пікірінен, өсек-аяңынан жасып та көрдік. Біздің кездесу құштарлық емес еді, көрсеқызарлық та емес еді. Біздің кездесу бірін-бірі көп іздеген, ақыры тапқан, тауып алып, қайтадан бір-бірінен қашқан, «қайтадан адасып көрелік, бәлкім, енді қайтып кездеспеспіз де…» деп шешіп, уәде байласқан, шешімін таппай, қайта қауышқан кезеңдерден тұрды. Шынын айтқанда, бізде билік болмады. Тағдырға билік жүргізе алмадық.
Өмір деген – көркем дүние. Шыңғырған шындығы да бар, көлгірситін сыпайылығы да бар. Біздің шындығымыз – екеуміздің бір адам болып жаратылғанымызда. «Менің жаным – сенің кеудеңде» дейтін, маған Әкім Тарази.
«Біз екеуміз…» дедім, ол кісі тоқсаннан асқан шағында.
«Біреу түсінді, біреу түсінбеді… Біреу күлді, біреу сенді… Біреу тілекші болды, біреу кектенді. Біреу алты аласы, бес бересі болмаса да еңісте тұрып, еңіреген болып кіжінді. Бірі жала жапты», – дедім. Сонда Әкім Тарази маған: «Екеуміз – бір дене, екі қолмыз. Бір денеде екі қол болмаса, дене зардап шегер еді. Егер бұ жалғанда сені кездестірмесем, зардабын тартқан болар едім», – деді. «Менің Әкімім бұл сөзді 2024 жылдың 8 мамырында айтты» деп жазып қойыппын.
«Мен сізді о баста балалықпен жақсы көрдім», – дедім Таразиға.
Ол: «Оның рас! Әуелгіде балалығыңмен жақсы көрдің, сосын даналығыңмен жақсы көрдің!» – деді.
Әкімнің айтатын әр сөзінде астар жататын. Мен әсіресе соңғы уақытта әр әңгімесіне құлақ түріп, ұзақ сырласатын болдым. Оның ойы да, пайымы да суреткерге ғана тән еді. Бос сөзді жақтырмайтын, бос әңгімеге құмартпайтын. Бірде күнделік жазып отырғанымда жаныма келді. Мен Габриэль Гарсия Маркес пен жары Мерседес екеуінің қалай кездескенін, Чарли Чаплиннің Уна О’Нейлге үйленердегі айтқан сөздерін Әкіміме айтып, көңілін көтеруге тырыстым.
– Жұмыс істеп отыр екенсің ғой, кеттім, онда! – деп, бөлмеден шығып бара жатты.
– Көкө, күнделіктегі жазбамды оқып берейін бе? – дедім.
– Оқышы! – деді.
– «Иә… Махаббат дегеніңіз – ерлік. Сүйгені үшін жанын беретін, жанын бергеннен дауа табатын – ерлік. Махаббат – есепсіз сүю, ессіз сүю. Осы жолда құрбандыққа бас тігу, барын салу. Өмірдің қызылды-жасылды әсіре қызығын талақ етіп, өзге әлемде жан сауғалау. Махаббат – рухани қалауың. Махаббат қана ілгері жылжытады. Махаббат – эволюция. Даму, жетілу, өркендеу. Махаббат – тоқырадым, құрыдым, жоғаламын, топыраққа айналамын деген энтропияны теріске шығаратын рух, күш! Махаббат – ешқашан айнымау, бірге күліп, бірге жылау… Дүниеден өтіп бара жатып та, жалғаннан жалғызын іздеп аласұру. Қасірет шеккен сәтте де жылап тұрып, сүйгеніне құмарту».
– Керемет! – деді бұрылып бара жатып, – Әйел болсам, жылар едім…
Ол бөлмеден шығып бара жатқан еді, жүгіріп барып, арқасынан қапсыра құшақтай алдым да жотасынан құшырлана иіскедім. Риза болып, мейіріммен күлімдеп тұр. «Бүгін күн ерекше әдемі болып тұр екен…» – дейтін мұндайда. «Күндердің бір күнінде осылай құшақтауға да зар болып қалмайын ба?..» – дедім құлағына сыбырлап. Менің осындай оқыс қылықтарымды ол терең сезінетін, басу айтқандай маңдайымнан сүйіп, елжіреп сабырға шақыратын. Оның ішкі жан дүниесінде сол сәт не болып жатқанын, қандай қопарылыстарға төтеп беріп келе жатқанын менен артық ешкім ұқпаған болар… Мені көп дайындады, ақыл айтты. «Чувствую приближение…» – деді дастарқан басында отырып.
***
Адамның табиғатының ерекше жаратылыс екенін, сыры мен жұмбағын Әкім Тарази арқылы ұғындым. Ол өмірбаянының әр деталіне терең мән беретін. Менің туған күнімнің 14 қазан, 1964 жыл екенін білгенде біраз уақытқа дейін таңғалып жүрді.
«1964 жыл, 14 қазан. Бұл менің «Тұлпардың ізі» дипломдық жұмысымның киноэкранға шыққан күні. Атақты кинорежиссер Мәжит Бегалин түсірді. Төлқұжатым бойынша Әкім Әшімов едім, бірақ Әкім Тарази болу арманым болатын. «Әй, Бүлкілбай! Саған жасаған сюрпризім бар!» – деген Мәжкеңнің не айтқысы келгенін түсінбей жүрдім. «Тұлпардың ізі» Автор – Әкім Тарази, 1964 ж., 14 октябрь» деп жарқ ете түсіп еді. Осы жыл, осы күн менің ныспымды да, тағдырымды да басқа арнаға бұрды. 1964 жылдың 14 қазанынан бастап, енді Әкім Әшімов емес, отыз бір жасымда біржолата Әкім Тарази болып өзгердім. Бірақ отыз бірдегі Әкім сол жылы, сол күні өзіне жар болатын бір қыздың дүниеге шыр етіп келіп жатқанын білмеді», – дейтін.
Жастау болсам керек, ол кезде Әкімнің бұл сөзіне аса ынта қойып, мән бермедім. Әкім архив құжаттарының негізінде «Тұлпардың ізі» кинофильмінің нотариальді нұсқасын жасатып кетіпті. Шамасы, тағдырының менімен байланысын отыз бір жасынан бастағысы келсе керек. Менің өзінен отыз бір жас кішілігімнің сыры мен жұмбағын ашып, дәлел тапқан болар.
Маған бірде өзінің жас кезіндегі фотосуретін ұсынды (Біздің заманда қыз бен жігіт бірін-бірі жақсы көріп қалса, фотосуреттерін алмасатын). Суреттің сыртына: «Етжүрегім, арманым, қызығым, Тотона! Егер Сені кездестірмеген болсам, бұл Жалғанға бекер келіппін деп өтер едім! 6.04.1992. Әкім Тарази. Шофер» деп қол қойыпты.
1991 жылдары ата-анамның шешімін күтіп және бір мәрте елге баруым керек болды. Әкімсіз барып, ата-анамның «сойқанын» әуелі өзім көрмекке бел будым, бәлкім, мені енді қайтіп Алматыға жібермейтін де шығар деген күдігіміз болды.
Сондай бір күйзеліс үстінде жүрген сәті болса керек. «Бүгін тәтем кеткелі бірінші рет сыртқа шықтым. Одақтың пленумы. Қызмет. Үйге кірерде қатты қиналдым – терезелер қараңғы. Тәтем жоқ. Ондай өмірдің керегі не?! 18 желтоқсан, 1991 жыл» деп жазыпты күнделігіне.
2020 жылы Қ.Қуанышбаев театрының директоры Асхат Маемировтың ұсынысымен «Бопай ханым» пьесасын жазуға кірістім. Ол кезде Әкімім 87-ге аяқ басқан. Күрделі ота екі рет жасалып, оны бұрынғы күйінен көп әлсіретіп жіберді. Қажырлы, қайратты адам ғой, аса уайымдамады, бірақ менің уайымым молайып, көз жасымды көрсетпей жылап алатынмын. Сондай бір сәтте Әбілқайыр хан ажал құшқан тұстағы Бопайдың жан түпкіріндегі ауыр қайғысын жаздым. Таң алдында жазып отырғанымда Әкім ұйқысынан оянды.
– Жұмыс істеп отырсың ғой, – деді.
– Мына тұсын оқып берейін, қалай келе жатқанымды көрші! – деймін. «…Биігін толқын ұрған жартастай бірде көрініп, бірде көміліп өмір сүрем… Сенсіз өмір сүрем… Сен…с…і…з өмір…р сүрем бе… Сенсіз ғұмыр кешу – тіршіліктің құмарынан ажырау. Сенсіз алыс болжанбайды, жақын көрінбейді. Сенсіз күрес бар, жеңіс жоқ! Әр күнім әртүрлі сыбаға тартар. Сенсіз алдым – құз, артым – жар… Сен кеңейткен жер тарылады, сен тұншықтырған дау өршиді. О, Алланың ерекше жаратқан арыстан жүректі қаһарманы,
Әбілқайыр!»
Әкім Таразиым ойланып қалыпты, үнсіз отырды да:
– Саған мұндай сөздер қалай келеді? – деді. Мен «Бопай ханым» монологының оған ұнағанын байқадым.
Қандай шаруаны бастамақ болсам да, қандай ұсыныстар алсам да алдымен Әкім Таразимен келісіп алатынмын. Ол: «Ойлан, асығыс шешім шығарма!» – дейтін. Немесе «Ойланайық! Асықпа!» – деп ұзақ жүріп алатын. Менің шыдамсыздығым, асығыстығым ол кісіге ұнай бермейтін, «Тым ақкөңілденіп кетпеші, өтініш!» – деп сабама түсіріп қоятын. Режиссер Болат Атабаев М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің драматургиялық нұсқасын жазуыма өтініш білдірді. Болат Дулат Исабековке, Бикен Римоваға, Әлия Бөпежановаға, бәріне ұсыныс жасаған екен. Бәрі әртүрлі себеппен бас тартқан. Болат болса, М.Әуезовтің 100 жылдығы келе жатыр деп, жаналқымнан алып қоймады. Содан келісімімді беріп, «Қаралы сұлуды» қолына ұстаттым.
– Көкө, Болат мәз болып жатыр, менің жазған нұсқам ұнапты, – дедім Әкімге. Ол үндемеді.
– Қанша күнде жаздың?
– Он күнде!
– Бұдан былай он күнде пьеса жаздым деп ешкімге айтпа!
– Неге?!
– Жұрт пьеса жазуды оңай деп ойлайды, пьеса жазудан өткен қиын жазу жоқ, есіңде болсын! – деп қайырып тастады.
Адам өзін тыңдай алғанда ғана – адам! Өзіңнің ішің өзіңе айқын, өзіңнен өзің ұялып, өзіңді-өзің сынай аласың. Осы сезім ақиқат жолынан алшақтата қоймайды. Біз бір-бірімізге сын айта алатын едік. «Қатты айтасың, адамның көңіліне қарамайсың», – деді бірде өкпелеп. – Өзіңе қоятын жоғары талапты жұрттың бәріне қоя бермегін. Ондай талап бірінің қолынан келеді, бірінің қолынан келмейді»
Үйге келсем, Әкімнің дауысы шығып, әлдекіммен әңімелесіп отырғандай болды. Үйге келген кім екен деп қарасам, қолына Сайын досының (Мұратбековтің) кітабын ұстап отыр екен, жалғыз өзі. Шамасы
Сайынымен сөйлесіп отырғанға ұқсайды.
«Сен мені кешір. Биыл 80 жылдығың. Ешкімнің елейтін түрі жоқ сені, ал менің қолымнан не келсін? Бұрынғы шама жоқ, Сайыным. Сенің 80 жылдығың аталмай қала ма деп, уайымдап отырмын», – деп ұнжырғасы түсіп, көзі жасаурап отыр екен.
– Не болды, Көкө?
– Келдің бе?.. Сайыннан кешірім сұрап отырған түрім ғой.
– Естідім, уайымдама! Сайын ағам туралы мақаланы өзім жазамын, Университетте шығармашылық кешін өткіземіз. Ертең ректор Айман Мұсаходжаеваға кіріп шығайын. Қолдайды, саспа! – деймін көңілін жұбатып.
– А-аа… Сөйтемісің?.. – дейді күндей жадырап, – Сені маған Құдайдың өзі берген ғой. Сайынымды қатты уайымдап жүр едім, жаным тынышталып қалды ғой, түһ! – дейді арқасынан жүк түскендей.
Содан «Егемен Қазақстан» газеті «Классик» деген мақаламды қос бетіне көлдей етіп жариялады. Талдықорғаннан Сайын ағаның қарындасы Майра ризашылығын айтып телефон шалды. Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин телефон шалды. Астанада Ұлттық Өнер университетінде Сайын ағаның шығармашылық кешін өткіздік. Ине шаншар жер болмады, Сайын Мұратбековтің көзін көрген зиялы қауым, оқырман жұрт қаптап келді. Сайын Мұратбековтің туған бауыры мен қарындасын Майраны Астанаға шақырттым, ол кісілер де келді. Таңғалғаным, Әкім Таразидың достарына деген адалдығы. Біреу білсе, біреу білмес, Қабдешке де, Қалихан, Рамазан, Сайынға да жанын салып, беделін салып Мемлекеттік сыйлық алып беру үшін аянбағанына куәмін. Өзі күлетін, «Достарымның бәріне көмектестім, бірақ өзім Мемлекеттік сыйлықты солардың бәрінің соңында алдым», – деп. Достарының бәрі Әкімнің алдында өмірден озды. Барлығының кетіп жатқаны жанына ауыр тиді, жалғызсырады, сағынды. Жиырма жылға жуық араласпай кеткен досы Қабдеш Жұмаділдің Астанаға келгенін естіп, маған: «Қазаныңды көтер, Қабдеш келген екен, үйге шақырамын!» – деді. Мен «екеуі қалай кездесер екен, не деп сөз бастар екен» деп ойладым. Көптен көріспеген достар құшақтарын айқастыра амандасып, шұрқырасып жатты. Әкімнің кабинетінде өздері жеке қалып, бірінің тізесіне бірі қолын қойып, енді бірде бір-біріне қарама-қарсы қарап, әңгімелері таусылмай ентелей ұғыса түсіпті. Байқағаным, Қабдеш аға Әкімге «Сіз» деп сөйлейді екен. Екеуі дастарқан басына келгенде Қабдеш аға: «Жағдайыңыз жақсы екен, қонысыңыз құтты болсын!» – деді. Алғашқыда екеуі де үйірін енді тапқан тұлпардай жанаса, сағыныса қарасқан. Ұларбек Нұрғалым айтқандай, «Қызық екен… Екеуі бірін-бірі шекесінен құлағына дейін аймалады-ау…»
Сол жолы араларына түскен суық сызаттар жібіп, бәз-баяғы қалыптарын қайта тапқандай. «Бес тапалдан сіз екеуміз ғана қалдық. Баяғыда айтқан едіңіз, есіңізде болса. «Қазір ұялас күшіктей бір-біріміздің үйімізде түнеп, күн құрғатпай бірге қуанып, бірге күйініп жүргендеріңнің бәрі де өтеді. Өзгересіңдер, бір-біріңді көрместей боласыңдар, тіпті араласпай кететін күндерің де болады» дегеніңізде біз жәттә келіп, шамданып, сізге қатты ренжіп, қызылкеңірдек болып дауласқан едік, есіңізде ме?.. Әулие екенсіз, айтқаныңыз дәл келді. Бір Алматыда тұрып, нашарлап жатқан Сайынның көңілін сұрап бара алмадым, үйіне…» Қабдеш аға алдында тұрған судан ұрттады. Бұл сөздерге Әкім аса мән бермегендей жауапсыз қалдырды. Қабдеш аға сөзін қайта сабақтады:
– Мен қарап жатпай біраз басылымдарға сіздің де атыңызға қатты-қатты сөздер айтып жібердім, оқыған боларсыз…
Ұлаш екеуміз (Ұларбек Нұрғалым) демімізді ішке тарттық. Қос суреткердің әр сөзін қалт жібермей аңдып, бағып отырмыз.
Әкім жымиды да қойды. Қабдешке қарап басын изеді.
– Оқыған жоқпын. Естідім… – деді Тарази.
– Ә-ә… Естіген екенсіз ғой… Сол баяғы мінезіңіз, өзгермейсіз! – деді Қабдеш.
– Қарындасың ғой, ағалап… Саған зәм-зәм судан құйыпты, алып отыр. Роза балалармен былтыр қажылығын өтеген, алдыңдағы су зәм-зәм… – деді Әкім әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып.
– Зәм-зәм деймісіңдер, ішейік онда… Бұдан гөрі қарындасым бір жүз граммды құйғанда жөн болар ма еді, – деді Қабдеш аға әзілдеп. – Бірақ сіз дамолланың ұрпағысыз… – Қабдеш аға бірде желпініп, бірде саябырлап, бірде арқаланып, бірде қалыпқа түсіп, бірде қалыптан шығып отырғандай көрінді. – Рамзай (Рамазан Тоқтаров) айтушы еді, «Біздің кеменің капитаны Әкім!» – деп… Біздің басымызды біріктіріп жүретін сіз едіңіз. Бәрі де өтті өмірден, кетті… Кемеде қалған сіз бен біз…
Екеуінің сол сәті, әңгіме екпіні, бір-біріне қараған, түсініскен, іштей ұғысқан, кешірген, бірін-бірі жамандыққа қимаған жүздесулері көз алдымда. Бұрынғы жастық шақтарын, албырт, ақ көңіл адал шақтарын бір-бірінен іздеп отырғандай көрінді. Әкім жиырма жылғы салқындықтың сызын жүрегімен жылытқысы келді ме, әлде мынау жалған дүниенің уақытша тұрғындары екенін ұғынып, түсініп, қадам жасады ма?.. Әлде ендігі кездесудің сәті бола бермейтінін алғыр санасы сезіп, қоштасып тұрғандары ма екен, онысын маған айтпады. Меніңше, «Кеме капитаны» достарының соңғы жұрнағына да кеме капитанының мәртеб есімен жауап қатқысы келді. Достың қадірі қандай сәтте де, сын сағаттарда да дос деп бекінді. Ұлы Алпамысқа: «Қабдеш ағаң саған нағашы болады, балам, иығына шапан жап!» – деді, жып-жылы бауырмал капитанға тән дауыспен. Алпамыс шапан жапты, мен де жеңгейге жеткізерсіз деп кәделі шапанымды ұсындым. Өйткені келесі жылы ел болып тойлайтын Қабдеш ағаның 80 жас мерейтойы келе жатқан болатын.
«Арнайы шақырамын, тойға келесіңдер ғой», – деген еді қазақтың көркемсөз өнерінің алыбы. Бірақ бұл олардың соңғы кездесуі екен, Қабдеш аға ойламаған жерден үш-төрт айға жетпей дүние салды.
Әкімнің әдеті бар еді, достарын сағынған кезде, сөредегі кітаптарын аялап қолына алатын, әр бетті аялап ашатын, аялы алақанымен олардың суреттерін сипап, күрсінетін. «Жарықтық, адал еді, досым еді…» – деп күбірлейтін.
Өмірінің соңы деп ойламағанмен, әр күннің қымбатқа айналып бара жатқаны маған белгілі еді. Домбырасын тартып, халық әні «Зәурешті» ыңылдап айтып отырды да жылап қалды.
– Не болды, Көкө? – деймін.
– Кешірші, көзімнен жас шығып кетті. Жылап отырмын. Мұндай босбелбеу емес едім…
– Неге жыладың?
– Білмеймін, кейінгі кезде жылағым келеді…
– Маған ренжіп отырған жоқпысың?
– Жо-жоқ, өзім кейде осылай жылағым келеді.
– Жылама! Жаным! Жарығым! Әкімім… – деп, терезе жаққа қарадым. Оған қайсар, мықты болып көрінгеніммен терезе жақтауына қолымды қойып, дәрменсіздіктен өзім де жылап тұрдым. Мінезге бай, сабырға берік, тау қозғалса, қозғалмайтын, қабағынан талайлар қаймығатын қатулы Әкімім, өжет Әкімім, батыр Әкімім… Неге жылады екен?.. деп күйзелдім. Сол күйзеліс еріксіз жасқа айналып, теріс қарап мен де егіліп тұрғам.
Бұл күні де ұзақ сөйлестік.
– Бірдеңе айтайын дедің бе, неге сонша қарап отырсың? – деді маған.
– Жай… «Сені неге қарттық жеңіп барады? Неге осынша әлсіредің екен?» деп жиі ойға шомамын.
Ол әдеттегідей жымиып қойды да:
– Уақыт қой… Уақыт… – деді.
– Уақыт деймісің… Сенің жастығыңды жәукемдеп, күш-қуатыңды талқандап, жанарыңа мұң салған, сені менен алыстатып, жетелеп кетейін деп тұрған уақытты жек көрем, көкө… – дедім көңілім босап.
– Сен керемет адамсың! – деді Ол жұлып алғандай.
– Осы сөзіңнен бір жаңылмадың-ау, жарығым. Неммен керемет болдым екен, осы мен?.. Несімен керемет екем?! Қойшы…
– Сен болмасаң, мен өмір сүре алмас едім, баяғыда…а…а…а… өліп қалған болар едім. Кетті ғой, небір достарым! Сені көрудің өзі бақыт. Мен осы бақытты сезіндім. Рақмет, саған! – деді баладай қиылып.
– Менімен бірге тұрғалы қайталанып айта беретін, бір жаңылмайтын, бір өзгермейтін, бір жалтармайтын сөзің бұл. Мен оған қарадым, Ол да маған қарап отырған болатын. Екеуге бақыт сыйлаған уақыт дөңгеленіп барып тоқтап қалатынын кім білген…
P.S. Сені жаным жоқтаған кезде күнделіктерді оқимын. Оқимын да өткен өмірді тірілтіп аламын. Тірі дүниеге қайта оралып, уақытты кері айналдырамын. Сондағы бір жазбам көзіме оттай басылды: «…Мынау әлемді кіршіксіз тануға үйреттің. Ұлығы мен кішісі, жақсы мен жаманы, байы мен кедейі, қадірлісі мен қадірсізі жарысқан аласапыран қоғамда өзің басшым болдың. Мен саған разымын, көкө! Мені кеш…»