
/Әбіштің әлемі және Шерағаңның шекпені/
Көрнекті қаламгерлер Әбіш Кекілбайұлы мен Шерхан Мұртаза. Жылы жүздесу. Аялы алақан. Салмақты сөз. Пердесіз пейіл. Ыстық ықылас. Ағаны ардақтау. Ініге ілтипат. Екеуі де заңғар жазушы. Екеуі де "Егемен Қазақстанның" бас редактары, Жазушылар одағы басшыларының бірі болды. Ақиқатты айтты. Тұлғаларды тірілтті. Қалың оқырманын соңына ертті. Ойлы образдарды өмірге әкелді. Көркем сөзге де, көркем публицистикаға қатар қалам тартты. Екеуі де беделді қызмет істеді. Жұртқа сәулесін көбірек түсірді. Жер түбінде жүрген жас қаламгерлерді қызметке шақырып, жан жылуын септі.
"Шерағаңның шекпені" деген ұғым бар. Талайға таныс тіркес. Талайды табыстыратын тұжырым.
Шерағаңның шекпені -
Шеберліктің мектебі.
Шәкірт біткен қалмайды,
Шекпенінен шеткері -
дегендей, Шерағаңның шекпені - қарым-қабілетті ұштау университеті, көркем сөзді кестелеу колледжі, жазу өнерінің киелі медресесі. Гарвард пен Оксфорд, Сорбонна мен Кембридж үйрете алмайтын қазақы ой өрімін өрбітуге, ұлттық ұғымды иіруге һәм шиыруға, сөлді сөзді кестелеуге осы шекпеннің шарапаты молынан тиеді. Қысқасы, бұл шекпеннің ішіне кіріп шыққан адам біраз нәрсені біліп шығады.
Ал Әбекеңнің шәкірті көп болғанымен шекпені жоқ. Оның есесіне солардың бәрін алақанға салып аялайтын Әбіш әлемі бар. Әбіш әлемі - әсемдіктің әлемі. Әуені де, әсері де бөлек әдемі әлем. Бұл әлем оның кез-келген шығармасында көрініс тапқан. Оның қасиетті табалдырығын аттаған адам тарихтың тереңіне сүңгиді. Парасат патшалығына тап болады. Жыр алыбы Жамбыл көкемнің "Ақылдың кені - данышпан" деген әйгілі өлең жолының шын мәнінде кімге арналып айтылуға тиіс екенін ұғынады. Сондықтан да:
Әбекеңнің әлемі,
Әдеміден әдемі.
Әрлеп жазған әр сөзі,
Әсерлі әрі кәделі, -
әндетіп жібермесіңе әддің жоқ. Әбіштің эстетикалық әлемі талай ұрпақтың тәрбиесінің түтінін түзу ұшырды. Сол түтін әлі қисайған емес. Көлбейген де, көлбеңдеген де жоқ.
Екеуі де шығармашылығын өлеңнен бастады. Бірақ Әбекең де, Шерағаң да поэзия падишаһы бола алмады. Кеудесін жыр буып, жинаққа жариялап үлгерген жас Шеріні, өзі айтқандай, сергек сыншы, талғампаз талант Зейнолла Серікқалиев салиқалы сөзімен, көреген көзімен жасқап, өлең өлкесінен жайлап қана "қуып шықты". Ал Әбіш аға бертінге дейін "беріспей" бақты. Есейген шағында "Дүние ғапыл" деген жыр жинағын жарыққа шығарды. Бәрібір қара сөзден көркем кілем тоқыған қос саңлақтың бағы прозадан жанды. Жанғанда да лаулап жанды. Сол жалын әлі сөнген жоқ. Ешқашан қоламтаға айналған емес.
Ал енді елге белгілі екі ағамның сыйластығы, бір-біріне деген ілтипаты бөлек еді. Мынау ағалық пен адалдықты айғақтап, інілік пен ірілікті әйгілеп, даналық пен даралықты дәріптеп тұрған сәулетті сәт - осының көрінісі.
Амандасып жүрейік!
Наурыз құтты болсын!
Бауыржан Омарұлы