ТАЛАПТАН АХМЕТЖАН.МҰҢ

«Бастарыңа келген бір ауыршылық қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіріп жібереді».

(Құран Кәрім. 42-Шура сүресі, 29-аят).

 

   Не өңі екені, не түсі екені белгісіз. Біреу атын айтып, айқайлап шақыратын сияқты. Өңі дейін десе, өзінің қайда екені беймәлім. Кеңістік те, өзі де жоқ. Бәрі буалдыр. Бәрі тұман. Түк түсініксіз. Түсі дейін десе, айқайлаған дауысты, сытырлаған дыбысты ап-анық естіп жатыр.

– Тасқын!

   Міне, тағы да ап-анық естіді – Дарынның даусы. Бұл қайдан жүр? Мынау толассыз сытырлаған не дыбыс? Өңі ме, жоқ түсі ме? Қайда жатыр өзі?

– Тас-қы-ы-ы-н!

   Селк етіп, шошып оянды. Бөлме іші алакөлеңке. Сырттағы электр жарығының сәулесі терезе алдындағы ағаштардың қалың жапырағы арасынан ұрланып әрең сығалайды. Терезенің сыртқы темір жақтауына жаңбыр тамшылары толассыз ұрғылап жатыр. Құлақ етін жеп, барабандай сартылдап тұрған сол екен. «Әлгінде мені шақырған Дарын ба? Шынымен соның даусы ма? Жеті түнде не іздеп жүр ол?». Орнынан ұшып тұрып, жүгіріп терезе алдына барды. Сыртта жаңбыр құйып тұр. Терезені ашып, мойнын созып төменге қарады. Ауладағы биік ақ теректердің арбиған бұтақтары үшінші қабаттағы терезеге дейін жетеді. Соның қалқасынан ештеңені де анық ажырата алмады.

– Дарын, сен бе? – деді Тасқын дауыстап. Тым-тырыс. Жүрегі дүрсілдеп кетті. «Дарын! Дарын! Дарын!» – деп тағы қайтара дауыстады. Үн жоқ. Әлгінде атын айтып шақырған кім болды екен? Түсім дейін десе Дарынның дауысын ап-анық естіген сияқты еді ғой. Бұл не жұмбақ? Қараптан-қарап жүрегі бір түрлі суылдап, дегбірі қаша бастады. Асып-сасып, жығылып-сүрініп жүріп, қолына ілінген киімдерін иығына іле салып, жүгіріп далаға шықты. Үйтки соққан жел әсерінен екпіні күшейген жаңбыр басқа-көзге сабалап тұр екен. Оған қарауға мұрша жоқ. Өз еркі өзіне бағынудан қалған. Әлдебір түсініксіз сезімдер иірімдей иіріп, жаңқа құрлы көрмей қақпақылға салып, дедектетіп, сүйрелеп әкетіп барады.

    Дарын жатақхананың іргесіндегі ықшам ауданда тұрушы еді. Сол маңда әлі бұзылмаған ескі үйлер өте көп. Соның ең бір сұрықсызы да, сиықсызы да Дарынға бұйырған болатын. Шатыры бір жағына қисая бастаған, терезесі төмен, өзі жермен-жексен, сонау Сталин заманында салынған қырық құрақ ескі үйді Дарын былтыр ғана сатып алған. Тасқынның аяғы аяғына жұқпай, солай қарай ұшып келеді. Асфальт төселмеген қара жолдың миы шығып жатыр. Ойдым-ойдым шүңқырдың бәрі көлкіген су. Оған карайтын, жол таңдайтын мұршасы жоқ, қызыл асықтан шылпылдата су кешіп, дедектеп жүгіріп келеді.

      Тасқынның көз алдынан Дарынның бейнесі кетер емес көлбеңдеп. Өң мен түстің арасындағы жаңағы шақырысын неге жорырын білмей дел-сал. Дарын ауырып, қысылып жатқан сияқты. Мұны іздеп, мазасызданып жатқан сияқты. Бес жыл бір бөлмеде түрған, студенттік шақтан бірге келе жатқан сыралғы досы ғой. Бұлар институт бітіргелі де сегіз жылдай болыпы. Одан кейін жеті жыл тағы да бір пәтерде тұрған. Дарын былтыр үйленген соң Сәбира екеуі осы үйге көшіп кеткен. Үйі Тасқынның жатақханасынан онша қашық та емес. Күн аралата келіп-кетіп, араласып тұрады. Дарын мен Сәбира екеуі таңның атысынан күннің батысына дейін «Борохолкада». Сөмке сатады. Тасқын болса суреттерін «Алматы Арбатына» апарып қойып, содан түскен азын-аулақ ақшаға жан бағып жүр. Қазір суретке қызығушылар да аз. Көз майын тауысып, таңды таңғы ұрып салған жұмысын болымсыз ақшаға сатып алғысы келетіндерін қайтерсің. Суреттері шетелдегідей жақсы бағаланса ғой, онда әжептәуір жақсы өмір сүруге болар еді. Үй сатып алар еді, үйленер еді. Отызға келгенше жұмысшылар жатақханасының аядай бөлмесінде жүргеніне кейде қорланады тіпті. Дипломы шабаданның түбінде сарғайып жаткалы қаш-шан… Жүмыс жоқ…«Жә, қойшы соны ойлай бермей! Дарын! Сен мені шақырдың ба? Әлде… Сәбираның кұшағында шырт ұйқыда жатырсың ба? Жын қаққандай жеті түнде ербиіп жетіп келгенімді көріп, көзің атыздай боп жүре ме?».

     Дарынның қақпасы ашық тұр екен. Үйінің есігі де шалқасынан алаң-ашық. Шатырдан сорғалаған судан аула іші көлкілдеп кетіпті. Бір сұмдықтың болғанын сезгендей жүрегі суылдап, екі аяғынан әл кетіп, бастырмай қалды. Дәрмені кұрып, есіктің тұтқасынан ұстаған күйі теңселіп біраз тұрды. Үй іші тас қараңғы. Іштен күлімсі сыз иісі білінеді.

– Дарын! – деді дауыстап. Үні дірілдеп әрең шықты. Ішке қарай кіруге әлдеқандай күш жібермей түр. Қорғасындай зіл тартқан аяғын әрең көтеріп, босағадан аттады. Тым-тырыс. Сипалап тұрып есіктің артындағы түймешікті іздеді. «Дарын қайда? Сәбира қайда? Есік неге шалқасынан ашық жатыр? Жарық неге жоқ?». Түймешікті тапты-ау әйтеуір. Жарықты қосуға жүрегі дауаламай біраз тұрды. Жарық қосылса біреу өзін бас салатын сияқты. Маңдайына сұп-суық тер шықты. Түймешікті ұстаған саусағы дірілдеп кетті. Сонда да әл-дәрменін бойына жиып, түймешікті басты-ау әрең. Үй іші жарқ етіп ақ сәулеге шомылды. Көзі бірден төр алдында бүрісіп, қырын қарап отырған Дарынға түсті. Қолында мылтық. Ұңғысын маңдайына тіреп алыпты. Сол қолымен мылтықты сығымдап ұстап алған. Оң қолының бас бармағы шүріппеде. Қимыл-қозғалыс жок. Тас мүсіндей сіресіп қалған. Кісінің кіргенін, жарықтың жанғанын аңғармаған секілді. Тасқынның төбесінен біреу тастай суды ақтара салғандай денесі мұздап сала берді. Бір сөз айтудың, бір адым алға басудың өзі қиямет-қайым. Үй ішін өлім есірігі жайлап алғандай. Төр алдында шашылып жатқан патрондар да, оң жақ босаға тұстағы жиналмаған үстел үстіндегі самсаған бос шөлмектер де, үйдің сол жақ қабырғасын түгел алып тұрған, Дарынның өз жүрегін жарып шыққан «Жантәсілім» атты картинасы да демін ішіне тартып, тағатсыздана ажал күтіп тұрғандай. Тасқынның көзі картинадағы жас жігіттің жанарымен шарпысып қалды. Үрей үялаған тірі көз…Өңменінен өтіп барады. Оң қолымен басын таянып, бүрісіп отыр. Саусақтарының арасынан сорғалаған қан өңірін жуып кеткен… Жігіттің өмір мен өлімнің арасындағы ішкі арпалысын Дарын қалай тап басқан. Осы сәтте картинадағы жаралы жігіт Дарынның өзі боп көрінді Тасқынға…Дәл қазір анау картинадағы көрініс өмірде қайталанайын деп тұрғандай…Жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін анық түйсінді. Ақыл-санадан, сезім-түйсіктен айрылып калғандай күйде. Екі көзі шүріппедегі бас бармақта. Не дерін, не істерін білмей тұр. Дарынның иә өлі, иә тірі екені белгісіз. Аяғынан әл кетті. Аттай бере сылқ ете түсті. «Дарын!» – деп атын атамақ болып еді, үні шықпады. Бұдан ары не болғаны анық есінде жоқ. Көз алды тұманытқандай болды ма-ау. Еңбектеп қасына барды ма-ау. Шоқиып қасында отырдыма-ау… Әлден уақта екеуінің көзі түйісіп қалды. Бір-біріне тесірейе қарап отырған сәтте есін жиды. Дарын да сол кезде барып өз-өзіне келгендей болды. Әуелде көзі шыныдай жылтырап қана көрінген. Біртіндеп сәуле жүгіре бастады. Жан бітті. Сәлден соң көзі сөйлей бастады.

Дарынның көзі: «Сені ең соңғы рет көріп қалғым келді».

Тасқынның көзі: «Таста мылтықты, Дарын! Таста!».

Дарынның көзі: «Өмірде еш мән қалмады!…».

Тасқынның көзі: «Ақымақ болма! Ал саусағыңды шүріппеден!».

Дарынның көзі: «Мені қинамашы, Тасқын!».

Тасқынның көзі: «Өтінемін сенен, шүріппеден алшы саусағыңды!».

   Дарынның көзінен бір тамшы жас ытып шықты. Бас бармағын ақырын шүріппеден алып, баяу жылжытып әкеліп, бармағының сыртымен кірпігіне ілінген жасты сүртті. Осы кезде Тасқын Дарынның қолындағы мылтықты көз ілеспес шапшаңдықпен жұлып алды. Ол төрдегі киіздің үстіне басымен сүз

   Терезеге артылдай соғылған жаңбыр дыбысын енді ғана естіді. Сырттағы жел күшейе түскен. Ашық тұрған есіктен суық жел сумаңдайды. Қолына мылтық тиген соң, бойына қайрат біткендей. Орнынан атып тұрып, қарсы бөлмеге қарай жүрді. «Сәбира аман ба екен?» – деген суық ой жон арқасын мұздатып өтті. Жарықты қосты. Оң жақтағы төсек бұзылмаған қалпы тұр. Сәбира үйде жоқ екен. «Екеуі ренжісіп, Сәбира кетіп қалған шығар» деген ой келді. Патронын алып, қалтасына салды да, мылтықты апарып шифоньердің артына тықты.

    Дарын басын көтерместен төр алдында бүктүсіп әлі жатыр. Солқ-солқ жылайды. Тұла бойы безгегі қысқан жандай қалш-қалш етеді…

     Тасқын қайтып келіп Дарынның қасына тізе бүкті. Анау жерден басын көтеруден, бұл оған тіл қатудан корқатын сияқты. Осылай қанша отырғаны есінде жок, бір кезде Дарын сүйретіле орнынан тұрды да, тәлтіректеп тұрып қалды. Бұл да тұрды. Бір-бірін жаңа көргендей қадала қарасты. Ол мұны бас салып құшақтады да, тағы солқылдап қоя берді.

– Қой, сұңқылдама! – деді Тасқын ашу шақырып. Дарынның білегінен мытыпұүстап, сүйрегендей боп сыртқа алып шықты. Жаңбыр әлі құйып тұр.

– Сен тұра тұр, мен киімдерінді алып шығайын! – деп үйге кіріп кетті де, Дарынның плащы мен шляпасын алып, жарықты өшіріп, қайта шықты.

***

– Тасқын, сұрамашы… Ештеңені де сүрамашы менен…Қаңғытшы мені… Айдалаға… Иесіз кұла түзге… Адам аяғы баспас кұмға… Шөлге… қаңғыртшы мені!… Мен… мен…Әкесінің аузын ұрайын ит тірліктің! Тасқын! Сен ғана түсінесің мені… Түңілдім бәрінен…

– Дарын, жүр, барға кірейік, – деді Тасқын оның сөзін бөліп. Ол бетіне бедірейе қарап тұрып-тұрып, үнсіз келісімін білдірді. Екеуі жатақхананың іргесіндегі түнгі барға кірді. Подвалда орналасқан түнгі бардың іші бозамық сәулеге шомып, мүлгіп түр. Қаба сақалды бармен жігіт темекісін будақтатып өзі жалғыз отыр екен. Бұлар төрдегі үстелге барып жайғасты. Көп ұзамай алдарына бір шөлмек «Қазақстан» коньягі мен жеңіл-желпі тамақ келді.

– Саған Оқас туралы айтып па едім? Айтқан жоқпын ба? Аһа, онда айтайын,..–деді Дарын бір-екі рүмке коньяк ішіне кеткен соң барып тілге келіп. – Оқас – бала күнгі дос қой. Тоғызыншы сыныпқа дейін бір партада отырдық. Оқас сері еді. Оқас сөзге шешен еді. Бойы сұңғақ, өңді, болайын деп түрған бозбала еді…Тасқын өз ойымен өзі арпалысып кетті де, оның не айтып отырғанын ұқпады. Оқастың не катысы бар? Әлде өз-өзін алдандырғысы келіп отыр ма? Сәбира қайда кетті екен? Мына ессіздің өз-өзіне мылтық кезенгені несі? Не көрінді көзіне? Бұл бармағанда жағдайы не болар еді? Мұны Кұдай айдап апарған шығар…

– Аһа, сол Оқас тоғызыншыны бітірген жылы жазда асылып өлді… (Тасқын селк ете түсті. Ойы бөлініп, еріксіз Дарынның сөзіне құлақ қойды). Асылып түрған жерінен өзім ағытып алып едім…– Дарын рүмкесін сығымдап үнсіз отырып қалды. Маңдайындағы қос әжімі тереңдей түскендей көрінді. Самай шашы ағара бастапты.

– Негe асылып өлгені жөнінде алып-қашпа сөз желдей ескен. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік – бір Кұдайдың өзі білсін. Менің білетінім – ауылдағы бір жесір қатынға Оқас жиі барғыштап жүруші еді. О қатынның жасы отыздың жуан ортасында болатын. Аһа, қаншалықты дос болсақ та о қатын туралы Оқас маған жақ ашқан емес. Елдің айтысына қарағанда сол түні ол жесір қатынның үйіне қонған екен. Түнде ана қатын Оқасты қойнына алған, дейді… Бұрын әйелмен болып көрмеген бозбала ғой… Аha, төсек рахаты дегеннің не екенін қайдан білсін...Қысқасы қатынды қанағаттандыра алмаған… Түннің бір уағында әбден көзі қарайған қатын: «Сен еркек емессің, бүйтіп қор болғанша асылып өл!» – деп Оқасты басқа-көзге сабалайды… Оқас үйден қашып шығады. Шыққан бойда үйіне келеді де, қорасына кіріп, асылып қалады…– Дарын көзіне түскен бұйра шашын ширатып үнсіз отырып қалды.

– Дарын, қойшы осындай әңгімеңді! – деді Тасқын ызғарлы үнмен, – Бір дұрыс сөз шыға ма сенен бүгін? Жоқ па? Не болған саған?

– Тасқын, тыңдашы…

– Тыңдамаймын! Сәбира қайда? Не болды сендерге тағы да?! Ұрыс-керістерің бітпейді екен осы! Түсіндірші маған!

– Сәбира кетті… Енді келмейді…

– Неге? Не болды сендерге? Есің дұрыс па сенің?! Мылтықты қайдан алдың? Әй, мылтықты қайдан алдың деймін саған!

– Сатып алдым…

– Қайдан?

– Оны не қыласың?

– Әй, өз-өзіңе мылтық кезеніп… не көрінді саған! Бағана мен келмегенде не болатын ең? Кұдай сақтады қайта! Неге өйттің? Әй, неге өйттің деймін саған! Бұрылма, бері қара! Түсіндірші!

– Түсінгің келсе…Оқы мынаны! – Дарын төс калтасынан екі бүктелген жуан конвертті алып шықты да, үстелдің үстіне тастай салды. Тасқын конвертті қолына алып, бүктеуін жазып, жазуына үңілді. Сыртына «СӘБИРАҒА!» деп баттитып жазып қойыпты. Конвертті ашып, ішінен он шақты бетке жазылған хат алды. Дарынның маржандай жазуы… Хат «Сәбира!» - деп басталыпты.

   «Мен бүгінгі жанжалдан кейін саған бәрін де ашып айтуды парызым деп санаймын. Сен ештеңені де түсінбестен байбаламға бастың. Карлығаға тіл тигіздің. Мені «екіжүзді», «алаяқ» деп сөктің. Сәбира! Сен неге менің сөзіме құлақ қоймадың? Тіпті ит болсам да соңғы сөзімді тыңдауға тиіс едің ғой. Өйткені сен бәрін де білуге тиіссің. Түсінесің бе, түсінбейсің бе, оны өзің білесің. Мен мұны сенен жасырайын деп жасырған жоқпын. Жанымдағы бітеу жарам еді… Бүгін сол жараның аузы ашылды… Оған өзің куә болдың… Мен ақталайын деп отырған жокпын. Себебі сен бұл жолдарды оқып отырған кезде мен «еш адвокаттың үкімі жүрмейтін» жақта болармын…

    Жә, саған түсінікті болуы үшін бәрін де басынан бастайыншы.

    Мен оныншы сыныпқа көшкен жылы жазда Оқас деген досым қайтыс болғанын білесің. Өте намысқой бала еді. Бір қатынның ауыр сөзіне бола асылып өлді. Неге асылып өлгенін саған жыр ғып талай айтып едім ғой. Оқастың мезгілсіз дүние салуы әкеме қатты батты. Өйткені Оқас екеуміз кішкенеден бірге өскен дос едік. Әкем Оқасты да өз баласындай жақсы көретін. Мен де Оқас сияқты ойнақтап жүріп от баса ма деп қауіптенді ме, әлде төсегімнің басына балет бишілерінің, сұлу қыздардың жартылай жалаңаш суреттерін жапсыра бастауым себеп болды ма, білмеймін…Әкем бір күні моншадан қайтып келе жатып: «Сен енді бала емессің. Ойланатын кезің келді. Қарлыға жеңгеңнің жалғыз отырғаны бізге сын. «Жесіріне ие бола алмады» дегізбе елге. Асан ағаңның шаңырағына енді сен ие боласың!» –  деді түйеден түскендей дүңк еткізіп. Әкемнің мінезі қызық еді. Өзінің айтқаны болмаса айқайдың астына алатын кызба болатын. Бірақ қайтымы тез еді. Мына сөзді шешемнен жасырып айтып келе жатқанын сездім. Ол шешеммен мүлдем ақылдаспайтын. Екеуміз дос сияқты қарым-қатынаста болдық. Менімен қатты қалжыңдасатын. Бір қиын жағдай басына түссе менімен ақылдасатын. Сондықтан да мен әкемнің көңілін қалдырмауға тырысатынмын. Сері жігіт еді, шіркін Домбыра, мандалина шертетін. Баян тартатын. Тойда асаба болатын. Шешем тойға өзін жалғыз жібермейтінін білген соң, үнемі мені қасына ертіп алатын. Келіншектермен қатты қалжыңдасатын. Әкеме келіншектер де өте үйір еді. Қылмыңдап, бұраңдап, әкемді өздері айналдыратын…Бала болсам да бәрін сеземін. Бірақ өтірік түк сезбеген боламын. Әкемнің істейтін жұмысы табиғатына кереғар сияқты көрінетін. Ондатр шаруашылығында бас бұғалтыр еді. Таң қалатынмын. Жұмысы анандай. Өзі мынандай. Ішінде қайнаған энергия…Қалай шыдап есеп-қисап жүргізіп отырады екен деп. Ішетін. Сөйлегенді жақсы көретін. Шынын айтқанда, марқұм анамды сүймейтін. Қалай қосылғандарын білмеймін. Талай жылағанын көрдім. «Кетем, кетем», – дейтін. Шешемді де ішімнен аяймын. Өзім де оңашада жылаймын. Әкемді де аяймын. Кейде ыза болып: «Кететін болсаң кетсеңші, шешемді де кинадың. Мені де қинадың. Өзің де қиналдың» – дейтін едім. «Сендерді қиып қайтып кетемін?», – деп әкем басын сығымдап отырып қалатын. Әкемнің бір әдеті бар еді. Бір ішкенде бір-екі аптаға жоғалып кететін. Бір қызығы біздің үйдегі Құтжол да сөйтетін. «Ит иесіне тартады» деген рас-ау. Кұтжол да шынжырын үзіп қашып кететін. Бір аптадан соң кір-кір боп, шаршап-шалдығып қайтып келетін. Иә-иә, әкем де сөйтетін. Бір-екі жетіден соң кір-кір, алқам-салқам боп өзі келетін. Сақал-мұрты өсіп кеткен. Аласа дөңгелек үстелдің басында шай ішіп отырамыз. Ондық май шам өлеусірей жанып тұрады. Әкем алты айрығынан тер ағып шай ішіп отырады. Орамалы мойнында. Сонда шешем былай деп жырын бастайтын: «Ұят жоқ, аят жоқ. Ұяттан бұрын туған…Мына балалар жетілді. Ендігің не қаңғыс бұл?» – деп. Әкем тамағына тойып, әбден тыңдап алған соң, шешем ішіндегісін түгел шығарып болды-ау деген кезде жайбарақат дауыспен: «Мен халықтың ұлымын. Халық үшін туғанмын», – дейтін. Сонда шешем ызадан жарылардай долданып: «Ендеше кет бар халқыңа! Халқың бала тауып берсін саған! Кіріңді жусын. Тамағыңды істесін. Бар! Халқыңа бар!» - дейтін. Иә-иә, әкем үндемей құтылатын.

   Сол күні кешкі астан соң әкем маған: «жүр!» - деді. Қайда жүр деп тұрғанын ішім сезе қойды. Көңілімді қорқыныш жайлады. Бірақ «жоқ!» деп айта алмадым. Әкем екеуміз көше бойлап келе жатырмыз. Бір кезде әкем маған:

– Балам, сен маған ренжіме, мені дүрыс түсін. Қарлыға жеңгең жалғыз қиналып жүр… Бұдан ары шыдай алмауы мүмкін… Жас қой…Жастық шыдата ма…Оның үстіне өзі де жатқа қиятын жан емес. Көрік десең – көркі, ақыл десең –ақылы бар. Мен кісі танысам, екеуіңнің бір-біріңе ішің жақын. Сен енді бала емессің. Он алтыға толдың. Бәрібір көшеден үйренесің ғой...Аталарымыз «он үште отау иесі»деген. Жеңгең сенен жеті-ақ жас үлкен. Әлі-ақ төсек теңестіріп жібереді… – деді. Маған әкемнің бұл сөздері сондай тұрпайы естілді. Шошып кеттім. Тура қашқым келді. Әкеммен сырлас болғанмен, қалжыңдасқанмен аузынан дәл осындай сөз шығады деп ойлап көрмеппін. Менің санама сыймайтын іс қой бұл. – Есің дұрыс па? Есің дұрыс па? – дей беріппін.

– Дұрыс! – деді әкем. – Сөзді қой! Бүгін сол үйде қаласың!

    Тасқын хаттан көзін алып, Дарынға карады. Ол қолы лып-лып етіп сурет салып отыр екен. Дарын қалтасынан блакноты мен қарындашын өмірі тастамайтын. Және де қолы тыныш отыра алмайтын әдеті еді. Кез келген жерде блакнотына бірдеңе сызғылап отыратын. Казір де темекісін құшырлана сорып қойып, бірдеңе шимайлап отыр. Тасқын көзін қайта хатқа аударды.

   «Мені итергендей болып Карлығаның ауласына кіргізді. Жеңгем құдықтан су алып келе жатыр екен. Шелегін құдықтың ернеуіне қойып, бізге қарап состиып тұрып қалды. Өңі сұп-сұр боп кетті. Осы сәтте қолындағы шелегі ішке құлады да, құдықтың бұранда білігі шыр айналып жатты…Сол көрініс өмір бойы менің көз алдымда қалып қойды…Үшеуміз отырып шай іштік. Шайдан соң әкем Қарлығаға қарап: «Қарағым, Дарынжан осында қалатын боп келісіп келді. Ағасының орнын жоқтатпайды енді...Кәне, қолдарыңды жайыңдар, батамды берейін!», – деді. Жеңгем ақырын ғана күрсінді…Екеуміз де сенімсіздеу кейіпте қолымызды жайдық. Әкем: «Орнында бар оңалар» деген. Екеулеп Асанжанның түтеткен түтініне ие болыңдар, карақтарым! Атадан жалғыз еді. Ғұмыры қысқа болды. Соңынан ерген мына жалғызын бөтеннің бетіне жаутаңдатпайық деген тілек қой менікі. Шаңырағын шайқалтпаңдар, боталарым! Айнашқа әрі аға, әрі әке бола біл, балам! Бір ошақтың тағдырын саған сеніп тапсырып отырмын. Әзірге даурықтырмай-ақ қояйық. Той деген ешкайда кашпас… Келесі жылы мектебінді бітірсең…Оған дейін үйренісіп дегендей… Ең бастысы екеуіңнің тілеуің бір жерден шықсын! Алла жолдарыңды оңғарсын Бақтарың ашылсын, балапандарым!» деді. Әкем осыны айтты да, «Әумин!» деп бетін сипап, тез шығып кетті».

– Тасқын, кәне мынаны алып қояйықшы! – деді Дарын. Тасқын хаттан көзін тайдырып, досына қарады. Шынын айтқанда ол бүгін Дарынды мүлдем танымай отыр. Бұл білетін Дарынға мүлдем ұқсамайды. Өзі де, сөзі де бөлек. Тышқан мұрнын қанатуға дәті бармайтын жаны нәзік суретші жігіттің өз-өзіне қол көтеруіне не себеп болды екен? Неден түңілді? Сәбира кайда кетті? Мына хатты неге жазған? Бұдан он-он бес жыл бұрын өткен жайды несіне қайта жаңғыртып отыр? Сәбираға мұны айтудың не қажеті бар? Түсінсе бүйырмасын.

– Мынауың бір бітпейтін роман ғой, Дарын! – деді Тасқын рүмкесін қағыстырып жатып, – Тоқ етері не, не айтпақсың сонда?

– Жо-жоқ, асықпа. Тамағымызды жібітіп алайық дегенім ғой. Оқи бер. Түсінесің…

   Тасқын қайтадан хатқа көз жүгіртті:

    «Жеңешемнің үш жасар Айнаш деген қызы бар еді. Ол төр алдында ойнап отырған. Бізбен ісі жоқ. Қарлыға жеңешемнің бетіне қарай алмаймын. Басым салбырап, мінді кісіше төмен қарап отырмын. Жеңешем әкем кетіп қалған соң қыстыға жылады. Менің де еңсемді ауыр мұң жаншыды. Бұрын байқамаппын, мына үй Асан ағам дүние салғалы күңіреніп түрады екен ғой. Жалғыздықтың зарлы үні сыңсығандай сезілді. Мен алғаш рет жеңешемнің жан күйзелісін шын түсінгендей болдым. Асан ағамның орны үңірейіп тұр…

   Асан деген кім деп отырсың ба? (Иә, мен саған Асан ағам жайлы ештеңе айтпап едім. Себебі оны айтсам ескі жараның аузы ашылар еді…) Ол әкемнің туған ағасының баласы ғой. Мектеп бітіре сала үйленіп еді. Айнаш қарындасым дүниеге келген күні әскерге шақырылған. Ауғанстанға кеткен… Бір жылдан соң қаралы хабар алдық, Содан бері екі жыл бойы Қарлыға жеңешем қара жамылып жалғыз отырған. Жасы – жиырма үште. Ажарлы келіншек еді. Аққұбаның өңдісі болатын. Асан ағамның жылынан кейін-ақ сөз айтушылар жиілеген. Бірақ ешқайсысына мойын бұрмай қойыпты деп естігемін. Женешемнің бөгде біреуге күйеуге шығуын іштей өзім де қаламайтын едім. Бірақ оның соңы осындай жағдайға келіп тірелер деп ойламаппын. Ойымнан бір нәрсе шықпай отыр. Қалай бірге жатамыз Кеше ғана жеңеше деп жүрген адамымды енді калай аяқ астынан жарым деп бауырыма басамын? Көз қиығыммен ұрлана Қарлығаға қарап коямын. Неткен сұлу боп кеткен! Үстіндегі қара көйлегі ашаң жүзіне қалай жарасып тұр. Мойыл көзден аққан жас кайғының, касіреттің жасынан гөрі ішкі бір буырқаныстың, бүркеткен куаныштың жасына ұқсайтын сияқты. Мен тұңғыш рет Қарлығаға әйел деп қарадым. Әйелдің иісін сезіндім. Оның отырысынан, қимылынан жігіттің нәпсісін қоздыратын бір сиқырлы сыр байқадым.

      Айнаш ұйықтап қалды. Біз бір-бірімізге тіл қатыса алмай үзақ отырдық. Жеңешем жарықты да қоспады. Ымырт үйіріліп, қараңғы түскен сайын менен дегбір қаша бастады. Жеңешем анда-санда жеңіл ғана күрсініп қояды. Ол Айнашты оң жақта түрған ағаш төсекке жатқызып, үстелді жинап тастаған соң төр алдына жерге төсек салды. Маған сыбырлағандай ақырын ғана: «Шешініп жата ғой!» деді өте бір жұмсақ үнмен. Мен оның көзінше шешінуден ұялдым. Соны сезсе керек, бірдеңені сылтауратып сыртқа шығып кетті. Мен дір-дір етіп шешіндім. Дір-дір етіп көрпенің астына кірдім. Мені өзгеше бір күй билеп әкетті. Денем бір суыды, бір ысыды. Қорқып жатырмын. Қазір не болатынын ойласам жүрегім атқақтап аузыма тығылады. Бір кезде Карлыға кірді. Қараңғыда құманды сыңғырлатып жуынды. Мен жеңешемнің әр қимылын бағып жатырмын. Қарлыға төсекке жақындады. Аяғының тықыры білінбейді. Тек суысылдаған көйлегінің дыбысы ғана естіледі. Көйлегін шешті. Жаныма жақындады. Мен қорқып жатырмын. Әйелдің тұтқыны сияқтымын. Өз еркім өзімде емес. «Ұят-ай» дей беремін ішімнен. Менің жанымнан баспалап өтіп, Айнаштың төсегіне барды. Уһ… Көрпені ашып, сықырлатып төсекке жантайды. Менің жаныма жатпағанына әрі қуандым, әрі ренжідім. Ішім алай-түлей боп кетті. «Қарлыға мені жақсы көрмейді…» деп ойладым. Алғаш рет мен оны бөгде біреуден қызғандым. Кімнен қызғанғанымды өзім де білмеймін. Түннің бір уағына шейін жеңешем екеуіміз де дөңбекшіп жаттық. Ол жиі-жиі күрсінеді. Менің денем от боп күйіп бара жатыр. Түн ортасында жеңешем шыдай алмады білем, «уһ!» деп өзек жара күрсініп, орнынан ұшып түрды да, жүгіре басып сыртқа шығып кетті». – Тасқын, ық! Ық!…Саған Сәбира айтты ма бар деп? – деді Дарын. Ықылық ата бастапты. Мас бола бастағанының белгісі. Тасқын оның ықылығын ғана естіп, не айтып отырғанын түсінбей:

–  А-а? Не дейсің? –  деді жалт бұрылып. – Қайдағы Сәбира? Не деп отырсың өзің? Маған ешкім ештеңе деген жоқ. Сәбира қайда деп мен сенен сұрап отырмын ғой. Неге айтпайсың? Ренжісіп қалдыңдар ма тағы?

    Дарын ештеңе естімегендей меңірейіп Тасқынға тесіле қарады. Анда-санда ықылық атып қояды. Көзі кіртиіп, өңі сұрлана бастаған. Темекісін үсті-үстіне будақтатады. Көк түтіннің арасынан сығырая қарап отырып:

    – Ық! Ол барып айтпаса сен қайдан білдің, а?! - деді мойны былқ-сылқ етіп. Тасқын бәрін түсіндіріп жатқысы келмеді. Иығын қиқаң еткізді де, қайтадан хатқа көз жүгіртті:

     «Жеңешем кешіккен соң жаланаш етіме Асан ағамның пенжағын іле салып, сыртқа мен де шықтым. Ол есік аузындағы баспалдақта бүрісіп төмен карап отыр екен. Үстіне халатын желбегей жамыла салыпты. Мен қасына отырдым. Түн жып-жылы еді. Ай жамбастап бара жатқан. Дала тып-тыныш, мүлгіп тұрған. Жеңешем менің иығыма басын сүйеді. Мен оның иығына қолымды асып, құшақтап өзіме тарттым. Қарлыға бауырыма тығылды. Ол да қалтырап отыр екен. Мен де дір-дір етемін. Осылай қанша отырғанымыз есімде жоқ, бір кезде жеңешем: «Тоңдың ғой, жүр, үйге кірейік», - деді. Мені қолымнан жетелеп төсегіме дейін ертіп әкелді. Үстімдегі ағамның пенжағын шешіп, орындықтың арқалығына іліп жатып: «Ағаңның пенжағы саған дәл боп қалыпты», - деді үні дірілдеп. Мен жеңешемнің қолынан ұстадым да, өзіме қарай тартып: «Кел, бірге жатайықшы», – дедім. Қарлыға не дерін білмей дағдарып біраз тұрды. Сосын халатын шешіп, орындықтың арқалығына іле салды да, көрпені ашып, жаныма жатты. Алқына тыныстайды. Менің де жүрегім аузыма тығылып жатыр. Қарлыға маған бірдеңе айтты. Мен ештеңе естіген жоқпын. Сенесің бе, Сәбира, бойым шоқтай кызды. Карлыға менің қолымнан ұстады. Өзі солқылдап жылап жатыр. Бойым мұздағандай болды. Жалаңаш тәнімнен сипалады. Қолы мақпалдай. Қайта жандым. Өз еркім өзімде емес. Еркімді Қарлыға билеп алған. Қазір буындырып өлтірсе де қарсыласа алар емеспін. Ақырын өзіне қарай тартты. Мен Қарлығаға қарай жақындай түстім. Тәніміз тәнімізге тиді. Жас келіншектің тұла бойынан керемет бір хош иіс аңқиды. Денесі барқыттай. Құшағымыз айқасты. Ақырын бетімнен өпті. Бір кезде тұла бойымды тұтандырып, ернімнен құшырлана сүйді. Сол сәтте төбе құйқамнан бастап табаныма шейін шымырлап бірдеңе жүгіріп өткенін сездім. Естанды халде жатырмын. Мас сияқтымын. Бойыма әлдеқайдан ерен күш біткендей. Мен оның торғын денесін, сәл ғана тершіген маңдайын сипалап келіп, өрсерпіген омырауына қол салдым. Әйелдің ыңырсыған, делебеңді қоздырар сиқырлы үні шықты. Енді ол былқ-сылқ етіп әлсіреп қалғандай болды. Осы қылығы мені одан ары өршелендіре түсті. «Сүйші, сүйші, жаным!» – деді Карлыға үздігіп. «Алла-ай! Рас па, түсім емес пе?» – деді даусы дірілдеп. Мен отқа түскен майдай еріп, балқып бара жаттым…

    Дарын қағаздан басын көтеріп, қолына орталанған коньякті алды. Қолы қалтырап, рүмкелерге төгіп-шашып әрең құйды. Бағанағыдай емес, денесі былқ-сылқ етіп, тілі күрмеле бастаған. Бармен үстелдің үстін сүртіп, босаған ыдыстарды жинап әкетті. Тасқын Дарынға таңырқай қарады. Рүмкесін қолына алып:

– Әй, Дарын, мына шимай-шатпағыңды Сәбираға көрсетуші болма! Ұқтың ба! Ақыма4! Сен кімге жазып отырғаныңды ескермеген сияқтысың. Есіңде болсын, әйелдер мұндайды ешуақытта кешірмейді! - деді мырс етіп.

– Маған енді бәрі бір…– деді Дарын көзі тұманытып отырып. – Кәне, алып жібер! Кел, ішейікші, Тас…

     Тасқын рүмкедегі коньяктан бір ұртады да, қайтадан үстелге қойды. Екі көзі хатта:

    «Сәбира! Мен Қарлығамен үш апта бірге түрдым. Сөге көрме, қызғанба да, мен үш апта бақыт дегеннің не екенін шын сезіндім. Үш аптадан соң Қарлыға ауылдан көшіп кетті…Бір күні мектептен келсем, Қарлыға құдық басында жылап отыр екен. Менімен сөйлескісі де келмеді. «Үйіңе кайт! Шешең қайтсын деп жатыр…» деді. Мен екі өкпемді қолыма алып, жүгіріп үйге келдім. Есікті аша бере іштегі шаң-шүң дауысты естіп тұрып қалдым. Әкем мен шешем тағы да ұрсысып жатыр екен. Көбіне мұндайда мен іркілмей кіріп баратынмын. Менен ұялғандарынан көп ұзамай басылатын. Бұл жолы жанжалдың себепшісі өзім екенімді біліп тоқтап қалдым.

– Ауылдағы жесір атаулыны адақтап түк қоймағаныңмен тынбай…Енді баланы бұзайын дедің бе? – деп шешем шаңқылдап жатыр екен.

– Оу, не көкіп отырсың өзің? – деді әкем.

– Әй, анау апасымен жасты қатынның қойнына апарып жас баланы неге саласың? Ол қатынға бұл ауылда одан өзге еркек…

– Әй, оттама деймін саған, Қарлыға Дарынның әмеңгері! Сол үйдің ендігі иесі Дарын! Айнаш түрғанда Қарлығаны қаңғытып жіберуге біздің қақымыз жоқ! Обал болады. Жетім-жесірдің көз жасына қаламыз…Оларда енді сенің шаруаң болмасын!

– Шаруам болады! Болғанда қандай! Әмеңгері несі? Ол қайдан шыққан заң?!

– Атам қазақтың заңы!…

– Давай, қысқарт! Мен сенің «әмеңгер-сәмеңгеріңді» білмеймін. Ондай феодалдық заңдарың келмеске кеткен! «Жеңгесіне көмектессін. Жалғызбасты әйелге қиын ғой», - дегенге өзімше жаным ашып барсын десем. Сенің ойың жаман екен ғой. Ол әлі үйленетін жасқа жеткен жок! Мектебін бітірсін! Оқуын оқысын! Баланың бағын байлама! Ондай қатын табылмай қалар деп пе едің! Байсырап отырса күйеуге шықсын ана албастың! Ешкім қой деп отырған жоқ қой оған. Жас баланы бұзып… Бар, алып кел баланы! Әйтпесе сотқа беремін мен ана қаншықты!…Айтпады деме!

    Мен осы сөзді естіген соң, үйге кірмей кетіп қалдым. Басым ауған жаққа қарай жүре бердім. Өзімді алғаш рет қанаты қиылған құс секілді сезіндім. Сәбира, мен Карлығаны жақсы көріп қалған екем. Шешемнің оны сотқа берем деген сөзінен қатты шошындым. Мектептегі балалар да, мүғалімдер де менің Қарлығаға қосылғанымнан бейхабар еді. Шешем сотқа берсе бұл құпиямыз жұртқа жария болуы мүмкін. Мені сөзсіз мектептен шығарады. Баламын ғой ол кезде, Қарлығаны соттап жібереді екен деп қатты қорықтым. Не істерімді білмей дел-сал күйге түстім. Оның бәрін айтып жеткізе алмаймын саған, Сәбира! Сен оны бәрібір түсінбейсің! Қалай киналдым десеңші! Алғаш рет сол күні темекі шектім. Күні бойы өзен бойын кездім. Ойымнан Қарлыға шықпай қойды. Мен күні бойы күбірлеп Қарлығамен сөйлесіп жүрдім…Кеш бата алыстан Карлығаның үйін торуылдадым. Биік бәйтеректің бұтағына шығып алып, сыртынан Қарлығаның жүріс-түрысын, іс-әркетін бағумен болдым. Сол түні Қарлығаның қорасының төбесіндегі шөпке түнеп шықтым…

     …Қарлыға басқа ауылға көшетін болды. Мен көшірісуге бардым. Қарлыға менімен сөйлескен жоқ. Жүктерін буып-түйіп дайын отыр екен, мәшине келгенде тезірек тиеуге асықты. Мен оған сөз айтуға бата алмадым. Не деймін? Қал деймін бе? Мені де ала кет деймін бе? Қыстығып әрең жүрдім. Бір кезде ауыр қазанды әдейі аяғыма түсіріп алып, соны сылтауратып өкіріп жыладым. Одан не пайда, бәрібір Қарлыға аялдаған жоқ, кете барды… Мен каңыраған үйде жападан-жалғыз қала бердім…

    Әкем көшірісуге бара алмады. Қарлыға көшетін болыпты дегенді естігенде қатты қиналған. Әкем намысшыл кісі еді ғой. Шешеме өкпелеп теріс қарап жатып алған болатын. Ас та ішпеді. Сөйлеспей де қойды. Содан әкем айықпас дертке ұшырады. Арада алты айдан соң 47 жасында әкем қайтыс болды…

     Сәбира! Соңғы кезде менің араққа тым үйір боп кетуімнің бір себебі осында… Менің мойнымда екі адамның көз жасы бар. Бақытты ете алмадым оларды. Енді бұған сенің көз жасың қосылайын деп отыр. Ғафу ет, сені де бақытты ете алмадым. Мені сүйетініңді білемін. Бірақ… Мен адастым… Қалай өмір сүру керек екенін білмей қалдым. Өзімді де, сені де қинай бергенше кетейін деп шештім…Қош! Бақытты бол.

Дарын. 17 мамыр, 1997 жыл».

   Тасқын түнеріп үнсіз отырып қалды. Көзінде жас. Темекі қыстырған саусақтары дір-дір етеді. Көнілін мүң торлады. Дарынға басу айтар сөз таба алмады. Хатты екі бүктеп, төс қалтасына тез тыға салды. Кабағын жазбастан рүмкесін кағыстырды да, коньягін сыздықтата жұтып отырып: саусақтары дір-дір етеді. Көнілін мүң торлады. Дарынға басу айтар сөз таба алмады. Хатты екі бүктеп, төс қалтасына тез тыға салды. Кабағын жазбастан рүмкесін кағыстырды да, коньягін сыздықтата жұтып отырып:

– Қарлыға кайда қазір? Хабарласа алдың ба? – деді дегбірсізденіп.

– Ық! Ка-қа-қар-лыға…Карлыға жынданып кетіпті! – деді Дарын тұтыға сөйлеп. Солай деді де қолындағы рүмкесін еденге бір қойып, орнынан атып тұрды. Күл-паршасы шыққан хрусталь шынылар тас еденде шашылып жатты. Бармен жүгіріп келді де, басын тоқпақтап өкіріп түрған жігітті көріп, не дерін білмей абдырап түрып калды. Дарынның ащы үні кісінің сай-сүйегін сырқыратты. Көзінен жасы пар-парлап ақты. Қаба сақал бармен үн-түнсіз шынының сынықтарын жинап алды да, аяушылыкпен басын шайқап, бұрылып кетті. Тасқын орнынан түрды да, теңселіп, құлап бара жатқан Дарынды құшақтай алды.

– Та-та-тас-қын, жұбатпашы мені! Аh! Керек емес! Уһ! Бұдан кейін ө-ө-өмір с-с-сүрудің не мәні бар?! Не қызығы қалды?! – деп Дарын түтығып әрең сөйледі, – К-кеше «Барахолкада» Қ-қарлығаны көрдім. Ық! Түрі түк өзгермеген. Тек шашы әппақ қудай. Ық! Үстінде көнетоз п-пальто. «Жол жаққа караймын, сен жоқсың, аяулым!» – деп әндетіп келеді…Мен не болғанын түсінбей қ-қалдым. Ол өтіп кеткенше орнымнан т-тырп ете алмай б-байланып қалдым. Біраздан соң барып с-сөйлеспек боп соңынан жүгіріп едім, Сәбира: «Қ-қайыршыда нең бар?» – деп алдымды кес-кестеп…Аһ! «Ол қайыршы емес. Қ-қарлыға! Қ-қарлыға!» – дедім айқайлап. Қарлыға аты аталғанда екі рет артына жалт-жылт бұрылды. Бірақ м-мені танымады. Уһ! Мойнына сөмке асынып алған. Қайыр-садақа жинап жүр…Сол бойы кете барды…Мен соңынан жүгіруге де, тоқтатуға да д-дәрменім жетпей мелшиіп түра бердім…Мен! М-мен! М-мен кінәлімін!…

– Дарын, жүрші, шығайықшы мына жерден! Сен массың! Саған айығу керек! – деді Тасқын оның қолынан сүйрелеп. Дарын қалтасынан бір уыс ақша алып, умаждаған күйі үстелдің үстіне тастай салды. Ақша әлгінде өзі салып отырған блакноттағы суреттің үстіне түсті. Құдықтың қасында жылап отырған келіншектің мұңды кескінін бобыраған ақша жауып қалды…

– Тас!… Түсінесің бе, м-мен Карлығадан екінші рет…айрылдым ғой. Бірінші рет шешем… Ық! Екінші рет Сәбира… Уһ Шешемнен ала алмаған өшімді Сәбирадан алдым… Кеше кешкісін бірінші рет оған қол к-көтердім…Жылап-сықтап, енді көрместей боп апайының үйіне қашып кеткен. Кетсе к-кетсін!

– Әй, есуас! Сәбираның не кінәсі бар? Қарлығаны осы күнге дейін іздесең қайда қалыпсың! Қайда көшіп кеткенін білген шығарсың? – деді алда келе жатқан Тасқын бардың есігіне жете бергенде артына жалт бұрылып. Дарын басын қақшаң еткізіп көтеріп алды. Теңселіп әрең тұр.

– Іздегем! Іздеп барғам оқуға түскен жылы! Көшіп кетіпті ол ауылдан…Қайда кеткенін ешкім де білмейді. Не қыл дейсің м-маған! Табала! Ық! Ұр мені! Мұрнымды бет қылшы! Иә, м-мен кінәлі! М-мен! Мен! Мен кінәлімін! Ық! Ық! Бітті, Тасқын!…Бәрі де бітті…Мен осы күнге шейін Қарлығамен әйтеуір бір кездесермін деген арманмен өмір сүргем. Қ-қиялымдағы Қарлығаның бейнесімен… сөйлесуші ем…Сол қиялым кеше күйреді Ойпырмай, неге көрдім? Уһ! Шыққыр көзім неге көрді оны! Көрмегенім жақсы еді ғой… Енді үмітім үзілді! Бәрі де бітті! – деді Дарын бардан тәлтіректеп әрең шығып келе жатып.

 

***

Жаңбыр басылған. Шығыс жақтағы тұтасқан қара көк бұлттың етегі түріле бастапты. Таң қызарып келеді. Тасқынның жатақханасы жақтан алқын-жұлқын жүгіріп бір келіншек шықты. Қолында сарғыш орамалы. Қызыл күртесінің алды ашық, етегі делбең-делбең етеді. Шашы дудырап кетіпті.

– Әй, қайда жүрсіңдер? Сендерді іздемеген жерім жоқ қой! Тағы да болып алғансыңдар ма?! – деп айқайлап бұларға ұрсып келе жатқан Сәбира екен…