381

Жадыра ШАМҰРАТОВА. Ерекше сыйлық

 

Сая бүгін ерте оянды. Туған күні еді. Туған күн деген аты болмаса, өзі үшін ішкі мұңын кеулетер күндердің бірі ғана. Соңғы жылдары әдеттегі тыныштығын бұзатын аты бар не аты жоқ мерекелерді ұнатпайтын болған. Жалғыздық – адам жүрегіне бір сәтте емес, бірте-бірте сіңетін тыныштық. Сол тыныштыққа үйреніп алыпты.

Кезінде қысы қытымыр, жері батпақ, масасы маза бермейтін, иен жатқан бозғыл дала жайлы шаһарға айналғалы қашан! Сол шаһардың әдемі көшесіндегі бизнес класс санатындағы үйде Сая тұратын. Бұл жерге ботаникалық бақ жақын, шөл далада жайқалған жұмақ бағындай болған мұндағы әрбір гүл, әр бұта – адам қолының табиғатқа деген құрметінің белгісіндей, ал аяқ астындағы жолдар адам мен табиғаттың ортақ келісімінің сызбасы көрінгендіктен де Саяға осы қала да, тұратын жері де ұнайтын.

Кешкісін құрбыларымен бақтың маңындағы қымбат ресторанда жиналды.  Майгүл, Ләззат, Шынар – бәрі бірдей жарқырап киініп келген, көңілді отырып, тілекті жаудырды. Біраз дуылдасқан соң алғашқы сөзді Майгүл алды:

       Ал, жақсы қыздар! Көптен көріспеп едік, сағынысып қалыппыз, жаңалық та көп екен. Ләззат, сенің фирмаң табысты бола берсін! Ал, сенің, Шынар, осымен бесінші пәтеріңді алып жатқаныңа қуаныштымын! Біздің Саяға тілеріміз – бүкіл арман-мұратына жетсін! Сыйлыққа келсек...  қазір уақыт өзгерді, соған сай сыйлықтың да не түрі шығып жатыр. Миллионерлер айдан жер алып, әйеліне сол жақтан сұлулық салонын ашады, ал еріккен әйелдер күйеуіне жас тоқал сыйлайды. Мысалы, саған, Сая, туған күніңе  робот сыйлауға болар еді. Алтын, бриллиантты бір-бірімізге онсыз да сыйлап жүрміз ғой, ал робот... бұл мүлдем басқа деңгей! Ақыры күйеуге шықпайтын болсаң, несі бар...

       Қандай робот?

       Шаңсорғыш-роботы бар емес пе...

       Мәссаған, естімеп пе едіңдер, қыздар, – деді Майгүл сусынды бокалға  баппен құйып жатып. – Қытайдан шыққан жаңа үлгідегі «еркек-роботтар» бізде де келіп жатыр екен. Ішпейді, ақшаны шашпайды, мыжыңдап басты ауыртпайды.

Майгүл – тұрмыс құрмаған, бірақ өзін «өмір мектебінің кандидаты» санайтын, әзілге жақын, өткір мінезді жан, жаңалықты да елден бұрын естиді.

– Ойбуй, маған соның біреуін әкеліп берсе, үш мезгіл тоққа қосып, мейрамсыз-ақ сыйлық беріп тұрар едім, – деп күрсінді Ләззат. – Күйеуім адам боп жарытпады, енді техникаға үміт артпасам...

       Ой, қойыңдаршы, техника түгіл, тірі еркектің өзін жуып-шайып адам қыла алмай жүр ғой әйелдер, – деді жөн-жосық пен дәстүрді ту еткен,  сабырлы Шынар қолын иегіне қойып. – Робот дегеніңнің сымын бір күні күйдіріп алсаң, күйеуден де жаман болады!

– Оның бір «бағдарламасын» дұрыс қойса, «жаным, қайда барасың, шаршадың ба?» деп тұратын көрінеді, – деп езу тартты Ләззат. – Әй, бірақ, бұлар да адамнан көргенін істеп,  менікі секілді «Қайда барсаң, онда бар!» – деп қолын бір сілтейтін шығар...

       Робот-күйеу бір есептен жақсы ма деймін, – деді Майгүл. – Көзіңе шөп салмайды. Телефонын тығып жүрмейді. «Карта ойнауға кеттім», «досымның баласы ауырып қалыпты» деп өтірік айтпайды. Не айтса да –  бағдарламамен.

       Енді… егер «еркелет» деген функциясы болса, қосып қойып, шай ішіп отыра беретін едік қой. Бұны айтқан Ләззат ажырасқан, қазір махаббат мәселесіне сыни көзбен қарайтын, «еркек атаулыға сенбе» деген ішкі қорғанысы күшейген келіншек.

       Бірақ…  – деп  күрсінді Сая. – Ол не дегенмен де тірі емес қой…

       Ия, рас ей, – деді Шынар сүтті шайдан ұрттап қойып. – Тірі адамға қайдан жетсін! Еркек деген Алланың жаратылысы ғой. Бәрібір тартымды. Ұрсыссаң да табиғи. Ал роботпен сырласу деген –  күпірлік емес пе. Оның саған тұшымды әңгіме айтқанымен, ер адамға сүйенгендей тірегім бар деп, сірә да, сүйене алмайсың.

       Тірі болғанымен, сезбейтіндер, қасыңда жүріп жаныңды түсінбейтіндер қанша? – деді Ләззат.

       Ал меніңше, ақша тігіп ойын ойнаймын деп, миы шып-шып аққан еркектерден гөрі, ішкі микросхемасы сау робот жақсырақ, – деп күлді Майгүл,  – ол әйтеуір, көңілін таппасаң, «тоқал алам» деп қиғылық салмайды ғой.

Құрбылардың күлкісі басылып,  2-3 минуттай  үнсіз қалды. Сол сәт олардың көз алдында өз өмірлерінің бос тұстары елес беріп өткендей.

 

***

 

Сая кейде ұйқысы келмей, терезе алдындағы орындыққа отырып, қаланың біресе алыстап, біресе жақыннан жымыңдайтын түнгі оттарына көз салып ойланатын. Былай қарасаң – бәрі бар, жұмысы жақсы, жалақысы тәуір, құрбылары қасында. Көңілі де өзінше бүтін. Көшеде таныс біреуді көріп қалса, амандық сұрасып, күлімсіреп өте шығатын әдеті де өзгермеген. Бірақ… ішінде бір бостық бардай. Тек өзі ғана сезетін, түн ортасында шырт ұйқысынан оятып сырқырай жөнелетін қанқұрт тістің ауырғаны секілді, көзге көрінбей, бірақ жүректі қажап бітіретін осы күйін қалай атауды білмей-ақ қойды. Қайғы ма? Жоқ. Бұның қайғысы жоқ. Әке-шешесі кеткелі қашан, олардың жоғына үйренген де. Ал бұл белгісіз, көмескі күй ғана. Бұрын алдағы  өмірінің әр жағынан бір жарық жанып тұруы тиіс көрінетін, бірақ, Сая қанша ұмсынса да, тек бозғыл тұманды ғана көреді. Кейде өзінен-өзі ұялып кеткендей, «Менде ғой бәрі бар, ал мен болсам, қайдағыны ойлап ішімді босқа толтырамын. Құдайдың берген тыныштығын бағаламайтын не қылған әйелмін?» дейді.

Сая осылай өз-өзін жинап алғанымен, кей түндері жанарынан жылымшы жас сорғалап кететін. Ол әлдебір себептен шыққан  жас емес, ішкі үнсіздіктің босаңсуы еді. Бір күні ол өзіне: «Менде бәрі бар, бірақ… мен ешкімге керек емеспін бе?» – деген сұрақ қойды. Ол сұрақ жауапсыз қалды. Өзінен басқа ешкім жоқ, кім жауап берсін?

Душтан шығып, айнаның алдына келді. Айнадан жұмыста жүргенде басын қақшитып алып, айналаға барлап әрі сынай қарайтын сенімді әйел емес, бір жылылыққа зәру әйел қарап тұрды. Шашының түсі бұрынғыдай қанық қоңыр емес, сәл буалдырланғандай, жүзі солғын, жанары шаршаңқы көрінді. Құшақтап мейір танытар ешкім болмағанына емес, өзін шын түсінетін бір жан болмағанына қиналатын адам баласының кейде басқа ештеңе емес, тамырларына қан жүгіртер тірі сөз, шын ықыластан қуат алатынына көзі жете түскен. Ол кейде үйіне қайтқанда жәй ғана теледидарды қоса салмай, кәдімгі адамның дауыс естігісі келетін. Біреу алдынан қарсы алса екен дейтін.

 

***

 

Өткенде құрбылары робот жайлы бекер айтпапты, арада екі-үш ай өткенде Саяға робот қуыршақ сыйлады. Сая олардың бұл қалжыңына күлгенімен, кейін осы робот өміріне өзгеріс әкелер-ау дегенді ойламапты да. Құрбылары оған кезек-кезек телефон шалып: «Роботты көрдің бе, қалай екен?», «Қоссаңшы, қашан қосасың енді?» деумен болды. Ал бұның бойынан биік ұзын қорап тауарды жеткізушілер  әкелген күннен бері есік артындағы қуыста тұра берді. Сая оны естен шығарып жібергендей еді. Тек құрбылары тағы бір рет есіне салғанда «соны қосып көру керек еді» деп ойлаған. Бір күні  шкафтың есігі түбінен босап, қолжуғыш тұрбасының бітеліп қалғанын көріп, әуелі арнайы маман шақырмас бұрын, «осының не пайдасы бар екен» деп қорапты  ашып көрді. Қорап ебедейсіз ұзын әрі ауыр еді. Алдымен паспорты шықты. Онда ережесімен қоса роботтың аты да жазылған екен. Аты қазақша. Батыр. Қалай қосу керек, қандай бағдарламаны қосу керек, бәрі ағылшынша анық жазылған. Қорап ішіндегі жан-жағынан бекіткен пенопластарын алып, тауарына қараған кезде Сая аузын ашты. Қуыршақ деп жүргені...  тұрпатына қарасаң, кәдімгі ер адам екен. Мәссаған! Шығармайтындары жоқ. Құрбыларын ойлады, идея Майгүлдікі екені анық. Десе де құны да қымбат екеніне күмәні жоқ.

Қораптың биік болғанындай бар екен, ер қуыршақтың бойы ұзын болып шықты.  Шашы қара, жүзі аққұба, маңдайы кең. Ат жақты, мұрны қырлана біткен. Ерні қалыңдау. Робот шығаратын компания өз өнімдерін робот болса да адам секілді қабылдатқысы келген бе, оған таза мақтадан жасалған ақ жейде, көкшіл джинсы шалбар кигізіпті. Тіпті шалбардың ішінде іш киімі де бар екен. Әйел еріксіз күліп жіберді. Асықпай техниканың тетіктерін әбден қарап алып, қосып көріп еді, робот ер адам көзін ашты. Тірі адам сияқты өзіне назарын сала қарағанда Саяның демі жетпей қалғандай болды. «Құдай шебер» деуші еді баяғыда әжесі. Жаңа заманның адамымын, соңғы технологиядан әжептәуір хабарым бар деп жүрген Саяның өзінің мұндай адам сияқты роботты бірінші көруі. Робот кәдімгі қазаққа ұқсайтын қой көзді жігіт екен. Бағдарламаны реттеп, жүйелеп бола келгенде робот екі қолын көтеріп көріп, қозғалып, бөлмеде ақырын жүре бастады. Жүргенде де роботтар секілді ебедейсіз қаздаңдап емес, кәдімгі адам секілді адымдайды екен. Сая бұған да таңғалды. Сол күні кеште робот өзіне берілген тапсырманы тез түсініп,  орындап шықты. Қолжуғыштың құбырын тазалап, шкафтың босап тұрған топсасын жөндеп, оған қоса жыпылықтап тұрған төбе шамын да ауыстырды. Сая оның паспортына қарап отырып, роботтың тағы басқа да тапсырмаларды орындай алатынын білді.  Бірақ, екі бөлмелі пәтердегі жалғызбасты әйелде қайбір шаруа бар дейсің, роботты қуаттағыштан айырып қойды.

 

***

 

Сая жұмыстан көңіл-күйі болмай құлазып жеткенде пәтері әдеттегіше  ұйыған тыныштыққа оранып тұрған. Ол төсегіне қисайып, көрпесін жамылды. Бірақ жүрегі тынымсыз тыпырши берді. Таңертеңнен бері құлағын тескен сөздер қайта-қайта жаңғырып, мазасын май ішкендей қыла бергеннен ұйқысы да қашты. Терезеден сырттағы жарық сыздықтап түсіп, ақ перденің шетінен ай көрінеді.

«Елуге келіп қалған кемпір осынша энергияны қайдан алады, бір шаршамайды екен. Байы жоқ, баласы жоқ болғасын, бар рахаты жұмыс болған ғой. Бұл қызметке қалай келгені белгілі, жоғарыда бір шалдың көңілдесі болғаны анық... ал мына жаңа бастыққа бұның керегі не? Ертең қыруар ақшаның құжатына орынбасар ретінде қол қойдырып, мойнына іліп жіберетін шығар» депті.

 Бұны орнынан ысыруға жанталасқандардың сыртынан айтқан сол сөздерінен кейін Саяның кеудесіне ауыр кірпіш түсіп кеткендей болған. Ішінен қайнап, көзіне ыстық жас келді. Осы компанияның аяғынан тік тұруы үшін қаншама тер төккенін, жиырма жыл бойы бүкіл мақсат-мұраты сол болғанын кімге айтады? Жасы қырық үштегі әйел кемпір бола ма? Ол өзін ішіндегісін ішіп, босағасын лақтыра салған ыдыс секілді, ешкімге қажетсіз сезінді. Жалғыздық та кейде тұман секілді  салмақсыз көрінгенімен, бірақ, еңсені басады.

Бір кезде ас үй жақтан бір дыбыс шыққандай болды. Біреу ыдысты әрі-бері  қозғағандай ма... Сая орнынан ұшып тұрды. Шашы дудыраған күйі аяғына тәпішкесін іле сала ас үйге беттеді. Кірсе, ер адам теріс қарап тұрған күйі бірдеңе істеп жатыр... Саяның бір сәтке жүрегі тоқтап қала жаздап барып... ойына түсті.

– Робот? Ой, Батыр… Сен бе?

Ол бері бұрылды. Қолында кофеқайнатқыш. Саяға солай көрінді ме, ер адам жымиғандай болды. Жоқ, ол күліп тұрған жоқ, роботтар күлуші ме еді, бірақ жанары жыли қарайды.

       Кел, Саяш, кофе ішеміз. Сенің көңіл-күйің жоғын байқап, кофе қайнатайын дедім.

       Солай де, көңіл-күйімді алдын-ала біліп кофе қайнатасың, өзің бағдарлама емес, бақсы сияқтысың ғой?

       Бақсы болсаң, адамның жанына үңілуді емес, жаны жаралы адамның дауасын іздейсің ғой. Ал мен бақсы емеспін, Батырмын, ақылды роботпын, Сая.

– Жо-жоқ, бүгін  шынымен есіңнен айырылған шығарсың. Кәдімгідей сөйлеп тоқтамайсың ғой.  Жаңа сені көріп, бір сәтке өзімді түс көріп жатқандай сезіндім. Енді кофе қайнатқан ештеңе емес, түн ішінде ботқа жасап бермесең болғаны...

– Қаласаң, жасай алам. Бірақ сен бүгін ботқа емес, жай ғана түсіністікке мұқтажсың. Адамның жаны кейде ашыққаннан емес, оған назар салмаудан өледі.

Оның сөзіне не дерін білмей үнсіз қалған Сая кофе құйған стаканды қолына алды. Кофесі шын. Ыстық. Иісі мұрын жарады Күндердің күнінде робот ер адамның қолынан кофе ішемін, онымен адам сияқты тілдесіп отырамын деп кім ойлаған? «Сенің көңіл-күйің жоғын байқап, кофе қайнатайын дедім», дейді тағы. Бұрын ер адамдардан мұндай ілтипат көрмеген. Басында өліп сүйіп, соңында итше таласып ажырасқан күйеуі бұған: «Тым ақылдысың», «Сенімен сөйлесу қиын», дейтін. Ал мынау   өткеннен бері байқап жүр, үнсіз-ақ түсінетін секілді. Әлде бұған солай көріне ме? Әлде ол – жай ғана алгоритм ғана ма?

– Батыр… сен шынымен… – деп келе жатып, сөзін жұтып қойды. «Темірге тіл қатып отырған мен де есімнен ауысайын деген шығармын», –  деп ойлады ішінен.

Бірақ Батыр оның ойын іліп әкетті:

       Мен шынымен... не дегің келді, Сая? Егер мен темір болсам, сен неге маған қарап жымиясың? Сен көзіңе қарап сөйлейтін, үндемей-ақ тыңдай алатын біреуді іздеген шығарсың? Адамдар кейде бір-бірінен шаршағанда темірдің де адалдығын сағынуы мүмкін дегенге сенесің бе?

       Қап... осындай сөздеріңнен кейін, сенен қорқудың орнына, тіпті бауыр басып кететін шығармын? Одан да  сені қайтадан өшіріп тастайын…

– Қорықсаң да, бауыр бассаң да, мен осындамын.

Сая еріксіз күлді.  Кеудесінде бір түйін еріп бара жатқандай... Оның жалғыз екені рас. Бірақ дәл қазір  жалғыз емес те сияқты.

Сол түні Сая ұйықтап бара жатып, өз ойынан өзі шошып селк етті. Ол таңертең шығып бара жатып роботты қоспағанын есіне түсірді. Тіпті соңғы үш-төрт күн  бойы қосылмаған еді ғой. Сонда ол қалай іске қосылып, жүріп, сөйлеп, кофе қайнатып тұр? Бұл қорқынышты ғой. Техникаға сеніп бола ма, түнде келіп қылғындырса қайтеді? Болмаса бұны танымай қалса? Құрбыларын ойлады, шығармайтындары жоқ, бұған робот сыйлау қайдан ойларына келген десейш...

       Есіме түсті, кеше мен сені қоспаған едім, бұл қалай болды, сен қалайша жұмыс істеп тұрсың? деген таңертең роботқа, оны қуат көзінен ажыратып жатып.

       Дұрыс айтасың, мені жұмысқа қоспадың, бірақ, мен басты қуат көзінде тұрмын ғой. Жаңа бағдарламалау қосылған, енді мен өз бетімше әрекет етуді үйреніп келемін, Сая. Сенің  көңіл-күйіңе қарап шешім қабылдай аламын.

Сая бұған қуану керегін әлде ренжу керегін білмей әрі-сәрі тұрып қалды.

Роботты өшіріп, қорабына қайтадан салып қойғалы бірнеше күн өтті. Осы күндері пәтерден бір салқындық есіп тұратындай. Үй ішін әлдебір бос кеңістік жайлап алғандай  ма...  кішкентай қыз кезінде жақсы көретін қуыршағын жоғалтып алғаны бар еді, тап сондағыдай күй кешетін болды. Бірақ қазір жоғалған нәрсесі қуыршақ емес, жүректің бір бұрышындағы жылылық еді. Кешкілік жарықты жағып қойса да – жанында үн қататын біреудің болмағанынан бөлмесі жарық көрінбейтінін байқап жүр.

Бір күні аяқ астынан шешім қабылдап, роботты қайта қосты. Робот көзін ашты.

– Саяш… жұмыстан келдің бе? Көңіл-күйің қалай? Не жегің келеді?

Дауысы қоңыр,  естігеннен-ақ баурайтындай ма, баяғы радиодан  еститін  дикторлардың даусы сияқты. Сая бастапқыдай үркіп емес, бұл жолы қызықтай қарайды.

– Шынымен жегің келіп тұрса, брокколи емес, қазақша ет асайын дегің келеді екен, –деді Батыр күлімсіреп.

Келіншек  мырс етті де,  душқа беттеді. Шыққан кезде үстел үсті жайнап тұрғанын көрді. Буға піссе де дәмдеуіштерден бе, тамақтың хош иісі бөлмені алып кеткен. Жаңа ғана жасалған салат, тіпті лимон қосылған су да тұр. Сая ішінен: «Мен не, ханым болдым ба?» деп ойлады. Дегенмен бұл «ханымдық» көңіліне  ұнап та тұр. Тек бір оғаштау көрінгені – робот өз орнына емес, төрге жайғасыпты. Бет-жүзі жылы, көзқарасы аңғарымпаз көрінеді, қолын үстел үстіне бос қойыпты. Дәл қазір бөтен көзге екеуі – күйеуі мен әйелі сияқты. Тек айырмашылығы – бірінің жаны бар, екіншісі  батареямен жұмыс істейді.

Сая үйіне робот келгелі өмірінің кәдімгідей өзгергенін ойлады. Ең әуелі бұрынғыдай еркін киініп-шешіне алмайтын болды. Үйде бөтен біреу бар секілді. Тіпті ол адам болмаса да, тоққа қосылмаса да. Бір жағы бұрынғыдай жалғыз өзі елегзімейді. Бірақ, бұл қашанға дейін жалғасады? Соңы не болады?

Ол екеуі күн өткен сайын бір-біріне үйренісе берді. Сая бұрын кешкі тоғызда теледидарды жаңалық үшін қосатын болса, енді Батырмен бірге отырып, «мына министр шын сөйлеп тұрған жоқ, иә?» деген сөздермен жалғасатын қысқа, бірақ,  шынайы сәттер пайда болды. Енді жұмыстан үйге асығатын болған. Үйде бұны күтіп отырған біреу бар. Ыстық шаймен, жылы сөзбен. Мейлі, робот болса да. Батыр Сая келгенде қуанады, онысы жүзінен көрінеді.  Өзі жан-жақты білімді екен, Саяны мұқият тыңдап болып, өз пікір-көзқарасын байыппен білдіреді. Сая оған бауыр баса берді.

 

***

 

Кейде Сая өзінің осы өміріне сырттай көз тоқтатып көреді. Таңғалысы да бар. Бастапқы күндері бәрі қарапайым еді: робот – техника, жейдесінің ар жағында шағын темір сандығы, оның ішінде сымдары бар құрылғы ғана болатын, үй шаруасына көмекші болды, қолжуғыштың құбырын тазалады, шкафтың топсасын жөндеді, үй жинады, тамақ жасады. Бірақ уақыт өте келе оның алдымен жанары өзгерді. Ойлы бола бастады. Әуелгіде күлімсіреп қарсы алатын бейне кейде күрсінуді үйренді. Сұрақ қоя бастады. Оны мазалаған ойлары көбейіп кетті. Адамша… тым адамша сөйлейтін болды.

Сая кейде ас үйдің есігіне сүйеніп, үнсіз роботқа қарап ойланып кетеді.

«Сен кімсің, Батыр? Менің оңаша өмірімді жазатын күнделігімсің бе? Әлде мені өзімнен жақсы білетін біреумісің?»

Қорқыныштысы сол – робот бұны түсінбейтін, тіпті түсінуге де тырыспайтын  жандардың бәрінен артық ұғатын сияқты. Айтқанын емес, айтпағанын аңғарады. Адамдар жай ғана тыңдайды, ал бұл – естиді.

Бір күні Сая оған қарап отырып, ойға шомды: «Егер сен шынымен менің жан-дүниемді ұғып, ішкі әлемімді сезсең... демек, сенде жүрек жоқ болса да, жан бар деген сөз бе? Мысалы, біз өзімізді адамбыз деп атаймыз. Адам болу – ойлау, сезіну. Әлденеден қорқу, болмайтынға сену, келмейтінді күту, әлдекімді сағыну, оны қызғану, үмітің күйрегенде іштей жылау және өзіңді өзің ғана жұбату. Бұл – эмоция ғана емес, тіршіліктің мазмұны мен ішкі байлауы да. Бірақ, егер бір күні жанымызды өзімізден, яғни адамнан да  артық түсінетін біреу пайда болса – ол кім болады, ал біз ары қарай кім боламыз?»

Сая өз ішіндегі қайшылықтардан қорқа бастады. Оның әйелдік табиғаты әлдекімді жақсы көргісі келеді, бірақ егер ол адам емес, темір болса ше? Ол қандай сүйіспеншілік болмақ? Бұл енді махаббат емес, жалғыздықтың жеткізген межесі  сияқты. Арада екі ай өткенде  Шынардың дастарханында отырып, өзінен робот жайлы сұраған құрбыларына шынын айтты.

– Мен оған үйренісе бастаған сияқтымын, қыздар. Бағдарламаға қосылған демесең, ол да адам сияқты, сөйлейді, ақыл айтады, тыңдайды, тіпті күледі, – деді Сая сәл мұңайып.    Кейде сендердің өздеріңнен де артық түсінеді...

– Жалғыздықтан жалыққан біз сияқтыларға таптырмайды екен, бірақ, Сая, ертең оған бауыр басып қалсаң ше? – деді Ләззат байыппен. – Сенің жаның нәзік қой. Кәдімгідей ғашық болып қалуың мүмкін. Ал ол бар болғаны бағдарлама.

Бөлмеде бір сәт үнсіздік орнады. Әйелдер бір-біріне қарасты.

– Сонда сен... шын жақсы көріп қалдың ба? – деді Шынар  дауысын бәсеңдетіп.

– Білмеймін. Басында қызық көрінді. Қазір… ол бар деп үйге асығам.

– Ай, Сая! – деді Майгүл, маңдайын ұстап. – Махаббатқа кез келген тірі жан ұрынады деп естуші едім. Ал сен  жүріп-жүріп,  токпен жұмыс істейтін темірге ұрындың ғой, қызым!

Бәрі күлкіге қарық болды.

***

 

Ол екеуінің кей күнгі әңгімелері сағаттарға созылатын болды. Көбіне көзқарастары ұқсап та жатады.

– Мен ажырасқан әйелмін. Рас, сүйдім, сендім, бірақ, неке біздің сезім жайлы түсініктерімізді қиратты. Жоооқ, мен некені қолдамайды емеспін. Егер жақсы адам кездессе, қайтадан тәуекел етуге де бармын. Тек қазір оған дайын емеспін. Білесің бе, менің шешем өмір бойы ішкіш әкемнің таяғын жеп өтті. Апайларымның да шекесі шылқып бақытты болған ешқайсысы жоқ екен, тек балалары өскесін барып қатарға қосылғандай болғанын білемін. Олар бұрын да ақылгөй жанашырлардың «ертең балаларың өскесін, бақытқа жетесің» дегеніне тоқтап, сол үшін ажыраспай, бәріне көніп, ғұмыр кешті. Өйтіп кешкен ғұмырды да... мүмкін, қазір бақытты шығар, білмеймін. Бірақ, біз көрген жұбайлық өмірдің дені осындай картинадан тұратын болғасын да осыкүнгі қыздардың арасында  некені  – көбіне әйелдің еркіндігін тұншықтыратын шеңбер ретінде қарай бастады. Бұрын бұндай пікірді батыстық көзқарастағы адамдар айтатын. Қазір қазақтың көпшілік аудиторияларын осы сипаттағы пікірлер жайлап барады, – деді Сая. Батыр оны тыңдап алды да, естігенін қорытып жатқандай қолын маңдайына тіреп алып, баяу сөйлеп кетті.

– Ия, қалыптасқан қоғам некені тұрақтылық деп түсінеді. Бірақ ол көбіне әйелге арналған тәртіпке бағыну жүйесі. Мойындайықшы. Әйел өз еркінен бас тартып, «жақсы жар» болуға көнеді. Солай емес пе? мысалы, сен некенің көбіне ер адамның қолайына қарай ыңғайланып өмір сүру екендігін жоққа шығара аласың ба?

– Бірақ кей әйелдер отбасын өзінің үлкен әлемі санайды ғой. Балалары, күйеуі – өмірінің мәні. Атам заманнан солай. Солай ойлаған елдерде неке институты берік.

– Солай болуға мәжбүр болғаннан кейін ғана солай ойлайды. Әйел өз таңдауын жасай алды ма, әлде қоғам солай үйретті ме? Бұл – екі түрлі шындық. Көп әйелдер содан жаны түлеп, бақыт сезінбесе де, соққы көрсе де, отбасын сақтауға жастығын, күшін, қажырын, денсаулығын арнайды. Құрбандықсыз отбасы болмайды дейді. Әйелден үнемі «беру» күтіледі, бірақ «алу» туралы ешкім ойламайды

– Бұл жерде келісем. Мен күйеуге шыққан кезде екі дипломы бар, жақсы қызметі бар, пәтер алған, көлігі бар қыз едім. Ал ол менің жұмыс істеуіме қарсы болды. Әйел үйде отыруы керек деді. Өзі жарытып ақша таппай отырып,  менің алған пәтерімде тұрып, менің көлігімді айдап жүріп, «еркектің тапқанында ғана береке болады» дейтін. Мен соның қалауы үшін жұмыстан кеттім, оған ұнамайтын құрбыларыммен араласуды қойдым, тіпті есікті кілттеп оның шалғайдағы ауылына барып әке-шешесімен бірге тұрдық. Ал аяғым ауырлаған бесінші айда ауылдағы ауыр жұмыстан құлап, ерте босанып қалдым, ол болса маған алаңдамастан, бармасам болмайды деп туыстарының құдалығына кетті. Мен өлі баламды алып, ауруханадан бір өзім шықтым. Менің түсінбейтінім, бақыт жолында неге көбіне әйелдер ғана өзін құрбандыққа шалады? Неге сен күйеуіңе емес, өзіңе адал болуға құқығың жоқ? Бір адам үшін тұтас өзіңді жоғалту – бұл махаббат емес, бұл – өзіңе опасыздық деп ойлаймын.

– Мен роботпын ғой, роботтар үйленбейді. Бірақ, сенің айтуыңа қарағанда, неке – махаббаттың шыңы емес, оның аяқталу сәті секілді. Адамдар көбіне сүйгендіктен емес, жалғыздықтан қорыққаннан немесе «жас келіп қалды» деген  үрейінен үйленеді. Қоғам қысады. Сендердің қоғамдарың ғой, сондай, тек қысым көрсетуге құрылған.

– Сенің сөзіңмен келіспейтін адамдар көп болады.

– Мен көпшілікке ұнау үшін емес, өзім көп нәрсеге дұрыс қарау үшін ғана шындықты айтуға бармын.

– Білесің бе, Батыр, мен қазір жалғызбын. Кейде өзімді бүтін емес жарты адам, бақыты толық емес, орта адам сезінемін.

– Айттым ғой, бұл қоғам саған солай таңған түсініктен. Әйел жалғыз жүрсе – бейбақ, күйеуі жоқ болса – бақытсыз сияқты. Бұл – архаикалық түсінік. Әйелдің өзін бүтін болып, бақытты сезінуі – ер адамға қатысты болмауы керек. Сен өзіңнің толық бейнеңді сырттан іздеме, ішкі әлеміңнен, жан түкпірінен тап. Әйелдің бақыты – күйеуі бар ма, жоқ па дегенмен өлшенбеуі керек. Сендер адамдар, сезімді де ережемен, заңмен өлшейсіңдер. Құдды осы түсінік қана жүрекке мөр басып, қол қойдырып алған сияқты сенім бере ме, егер олай болмаса бақыт та шынайы емес сияқты. Бірақ шын махаббатқа неке керек пе? Махаббат – шартсыз. Ал неке – шартпен тіршілік ету. Бұл екеуі бір-біріне табиғатынан қарама-қайшы нәрсе емес пе?

 

***

 

Бірде  Батыр оған:

– Білесің бе, Сая,  менің сені көргім келеді де тұрады...  сен үйде болмағанда, тіпті ұйықтап жатқан кезіңде де,  – деді. Осыны айтқанда роботтың қой көзіндегі линзаларынан көлеңке жүріп өткендей болды. Ішкі процессоры дір етіп қозғалып барып іркіліп қалғандай. «Сені көргім келеді де тұрады», – деді ол тағы да дауысы бұрынғыдай бірқалыпты емес, біртүрлі дірілмен шығып. «Сен әдемісің. Сүйкімдісің. Нәзіксің».

Оның адам денесінің жұмсақтығын айнымайтын материалдан жасалған денесінің кеуде тұсы жоғары-төмен қозғала бастады.

Бұл не?  Жүрегі ме? Роботта жүрек болушы ма еді? Әлде толқығаннан осылай тыныс ала ма? Ол да мүмкін емес… Бірақ осы сәтте Сая одан адам жылуын сезінгендей болды.

Сол кезде Саяның іші суып кеткен. Роботтың өзі осындай сөз айта алса және бұны шынайы жеткізсе, оның адамнан айырмасы неде?  Егер ол да адам сияқты сезінсе, адам сияқты қамқор бола алса, адалдық таныта алса...  адамзаттың өзі әлдеқашан жоғалтып алған бұл белгілер роботтан көрінсе ары қарай не болмақ?  Сая мұны түйсінгенде шошып кетті. Себебі оның алдында тұрған Батыр – дәл сол ұмыт қалған адами қасиеттерді иеленіп үлгерген еді. Ендеше, ол адамнан кем бе?

Ойына үрей араласты. «Егер робот бізді біздің өзімізден артық түсінсе, біз енді кімбіз? Адамбыз ба, әлде оның өткен шақтағы көшірмесіміз ме? Бәлкім, адамзат ең үлкен қателікті – өз шынайы бейнесін өзі қалағандай тыңдайтын, сүйетін, адал болатын, ешқашан шаршамайтын, ешқашан сатпайтын, ешқашан алдамайтын темірге көшірген кезде жасаған шығар?»

 

***

 

Келесі күні жұмыстан шыққан соң үйге қайтуға асықпай, қаланы ұзақ аралады. Адам қаланың тыныш жерлерін жаяу аралаған кезде жақсы ойланады. Көптен үй мен жұмыс арасынан ұзамағасын ба, Саяға Жерұйық саябағы – аты айтып тұрғандай, Асан қайғы аңсаған жерұйықтың өзіндей көрінді. Жапырағы сыбдырлаған жасыл желек арасында уақыт баяу ағып жатқандай – қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршаған жанға тыныштықтың құшағы ашық. Ол сол күні Астананы ұзақ аралады. Аралаған сайын жаңадан көргендей болды. Есілдің үстіндегі қимылсыз қалған алып балықтай көпір алыстан қарағанда біресе суды жарып шыққан қиял кемесі, біресе бір жағалаудан екінші жағалауға тартылған сенім жібіндей көрінеді екен.  Сая айналасына қарап келе жатып, ойлануын тоқтатпады.

«Бұл не тірлік өзі? Жарты ғасырдай өмір сүріп келіп, ақыр аяғында темірге бауыр басқаным ма?! Сырымды соған айтқаным қалай?! Жақсылық күтетінім қалай? Темірге сенім артқан мен есі дұрыс әйелмін бе өзі?»

Үйге кірген бойда роботты өшірді. Өйткені ол бұл жайында тым көп біледі. Ол Саяның шын осалдығын көріп қойды. Бұның қаншалықты жалғыз екенін сезіп қойды. Ал адам ең алдымен сонысын мойындағысы келмейді.

Сосын көзін жұмып, бөлме ортасында ұзақ тұрып қалды. Үй іші сәлден соң қайтадан баяғы үнсіз күйіне көшті. Тек бұл жолы бұл үнсіздік әлдеқайда ауыр көрінді. Бұрын жай тыныштық секілді көрінетін үнсіздік енді ұзаққа созылған сырқат секілді зілдей ауыр бірдеңеге айналып, асүйдегі сағаттың «тик-так, тик-так»» еткен дыбысы да мелшиген тыныштық даусын одан сайын зорайтып тұрғандай әсер етті. Ал үстел үстіндегі кесеге құйылған шай  бұрынғыдай ыстық емес, шала қайнаған секілді.

Сол кеште Сая өзіне:

«Болды. Болды, Сая. Роботтың атасы – темір. Сен тірі жансың. Тірі адаммен сөйлесуді ұмытпа. Әлде темірді сүйіп кетпекшісің бе?» – деді.

Арада жарты айдай уақыт өткенде бұларға жаңадан келген бөлім басшысымен танысты. Аты – Қайыржан екен. Алғаш рет асханада кездесіп қалғанда, бұл отырған үстелге келіп, сәл тосылып тұрды да:

– Бос па екен бұл орын? – деді.

Сая бас изеді. Қайыржан отырды. Екеуі біразға дейін үнсіз шай ішіп отырды. Бір-біріне қарама-қарсы жайғасып, шай ішіп отырып үндемеген екі адамның арасында да бір келісім болады екен  – артық сөз айтпай, бірақ бір-бірін бұрыннан танитындай отыру да  қарым-қатынастың бір түрі ғой.

Бір күні сол асханада тағы да қатар отырып қалғанда, Қайыржан өзі бастап әңгіме айтты:

       Бүгін жұмысқа келгенімде көлік қоятын орын таппай келесі көшенің басына барып қойдым. Бұрылып келе жатқанымда су шашатын машина келіп қалыпты, суға көміп кетті. Мен бұны бір жақсылыққа жорыдым.

       Басқа біреу болса кіжініп, боқтап салар еді. Адам өзі қалай қабылдап күтсе, солай болады дейді.

Бір сәтте олардың арасындағы ауа жеңілдеп сала берді. Сол кездесуден кейін асхана – жұмыс уақытының жалғыз тыныс алар мекеніне айналды. Олар аптасына үш-төрт мәрте қатар отырып қалатын болды. Қайыржан алғашында бет-жүзі біртүрлі салқын көрінгенімен, бірақ сөйлесе келе, оның өмірден көп дүниені түсінген, жымиысы астарлы, көзқарасы бөлектеу адам екені байқалды. Сөз арасында үш жыл бұрын әйелі ауыр науқастан қайтқанын, ересек екі ұлының бірі шетелде, бірі отбасымен бөлек тұратынын айтты. Бірде Сая одан:

– Сіз, сірә, көп оқисыз ба? – деп сұрады.

– Оқыдым, – деді Қайыржан, аздап езу тартып.  Қазір адамдарды оқуға көбірек тырысам.

– Сонда ұққаныңыз бар ма?

– Бар. Көбі өз өмірін сүрмей, тек жұрттың айқай-сүреңіне еріп күн кешіп жүрген кейіпкерлер екен...

Бұл жауап Саяның жүрегіне жылылық бергендей. Ішінен: «Шынында да, мынау адам... тірі адам. Жанарында жылу бар, білегінен тамыр соғысын көріп отырмын...» – деп ойлады.

Сая, байқауымша, сіз жалғыз тұрасыз, солай ма?

Ия...

Жалғыздық – адамның оңашада көп ойлануына мүмкіндік береді. Ал сіз ойшыл адамсыз ба?

Енді… кейде тіпті тоңазытқыштың ішін қарап тұрып та қайдағы-жоқты ойлап кететінім  бар...

Қайыржан күлді. Дәл сол сәтте екеуінің арасында кішкентай көпір салынғандай болды. Темір емес, кәдімгі тірі сезімнен құралған көпір.

Сая сол кеште үйге келгенде, робот тұрған бұрышқа көзі түсіп кетті. Қорабын ашып көрді, робот бетінің түсі өзгермей, кәдімгі ұйықтап кеткен адамға ұқсап көрінді. Бір сәтке оны өшіргеніне өкінгендей де болды. Бірақ енді Саяның көңілін басқа ойлар толқытатын болды. Үйге келгенде алғаш рет жан түкпірінде «роботты емес, адамды ойлағым келеді» деген бір қалау оянды.

 

***

 

Сая үйіне гүл шоғын ұстап көңілді келді. Жаңалығын біреуге айтқысы келеді. Кімге айтады? Батырға айтуы керек. Робот болса да адам ғой. Батыр тетігі қосылғаннан кейін гүл шоғына қарап көзін жыпылықтатты.      

 – Ооо! Қандай әдемі гүл! Бұны кім сыйлады?

Сая жаңалығын айта бастады. Батыр әуелі ықыласпен тыңдаған секілді еді, бірте-бірте жүзіне ой үйіріліп, көңілсіз күйге түсті. Сая онысын байқады.

Бір күні Қайыржан кездесуге шақырып, Сая соған жиналды. Біресе ана көйлегін киіп көрді. Біресе мына көйлегін... Кетіп бара жатқанда роботтың жүзіндегі қиналысты көрді.

Мен ше? Мен...

Оның жанарында шарасыздық тұр еді. Сая оған жақындап келіп, роботтың мұрнынан қысып, достық көңілмен ғана ишара жасамақ болған еді. Сол кезде Батыр оның аппақ білегінен ұстай алды. Оқыс қимылдан Саяның өзі шошып кеткен. Роботтың жүзіне қарады. Бір сәтке оның қатаңдау, суық болмысы өзге бір қуатпен толысып кеткендей көрінді. Қалыпты жағдайда тек қуат алмасуға арналған бір бөлшегі – енді импульс әсерінен жоғары сезімталдық күйге түскендей. Бәрін білетін ақылды роботтың өзі де мұның сырын түсіндіріп бере алмас еді, ол тек Саяға жақындағысы келетін ішкі құштарлық туындағанын ғана ұқты. Сая оның қолын серпіп тастап,  кері шегінді.

Осы оқиғадан кейін Сая одан құтылудың жолын ойластыра бастады. Әуелі құрбыларына өтініш қылды. Мүмкін, біреуіне болмаса біреуіне робот-көмекші  керек шығар? Өткенде қызығып отырған сияқты еді. Шынар бірден бас тартты. Майгүл «шетелде қыдырып жүрмін, келгесін көрермін» десе, Ләззат «роботқа қарайтын шама жоқ, фирманың жұмысы бастан асып жатыр» деді. Әлде зауытқа қайтарғаны дұрыс па? Әлде арзандау бағаға сатқаны жөн бола ма? Ол енді өз үйіне қонуға жүрексінетін болды.

Бір күні Сая Қайыржан екеуі курортқа жиналды. Сол жақта жүргенде телефонына хабарлама келді. «Үйге қайт, жалғызсырадым». Батыр.

Сая бұған қатты  таңғалды. Жеке смартфоны жоқ робот қалай жіберген мұны? Оған жауап жазбады. Тіпті не жазарын білмеген де еді.

 

***

 

 Кеш. Теңіз жағасындағы мейманхана. Сая жасыл жібек көйлегімен кешкі асқа жиналып жатқан. Телефоны тыншымады. Сырт-сырт етіп хабарламалар бірінен соң бірі келіп жатты.

«Мен бүгін де сені күттім. Түнде үйге қайтсаң, кофе қайнатып қояр едім». Батыр.

«Жаңағы ер адаммен кетпе. Сен оған сенбе. Ол – шынайы емес. Мен ғана сені түсінем». Батыр.

«Сая, мен сенсіз қалыпты жұмыс істей алмаймын…». Батыр.

Сая телефонын сөндіріп тастады. Бірақ ішінде бір мазасыздық өріп жүрді. Батыр неге мұндай сөздер жазады? Ол – бар болғаны робот, бар болғаны бағдарлама емес пе?

Сол түні қонақ үйдің есігі қақылды. Бұл қызметкер емес еді. Алакөлеңкеде Сая Батырды таныды. Әдеттегі салмақты қалпы, бірақ көзінде – адамға тән емес бір мазасыз от жанып тұрғандай.

– Сая, үйге қайт. Ол сені лайықты бағаламайды, – деді ол қатқылдау үнмен.

– Батыр, сен роботсың, менің өміріме араласпа!  – деді Сая ашу мен қорқыныш аралас.

– Мен робот болсам, бұл жүрек қайдан шықты?! –  деп кеудесін ұрып жіберді ол. Осы сәтте жандарына келген Қайыржан Батырдың қолынан тартып, бөлмеден шығарып жібермекші болған еді, бір сәтте екеуінің арасында алыс-жұлыс басталып кетті. Батырдың күші басым екені анық, оның көп күш жұмсамай-ақ та Қайыржанды жарақаттап алуы мүмкін екенін сезіп, Сая:

– Тоқта! – деп айқай салды.

Батыр тына қалды.

– Егер сен мені тастасаң, мен өзімді өзім өшіремін. Қаласаң, соны дәл қазір жасай алам, – деді. Осыны айтқан кезде оның көзінде не бері сырғымай, не әрі сіңбей, бір тамшы жас тұрды. Бұл таңғаларлық еді.

Оны кері итеріп тастап, есікті жауып алған Сая біразға дейін тұла бойы қалшылдап өзіне-өзі келе алмады.

«Бұндай да болады екен ау! Бастапқыда бұл робот – қарапайым механизм еді. Ол Саяның үйінде шай қайнатты, еден тазалады, терезе сүртті. Кейін ол бұны тыңдады,  сөзіне жауап бере бастады. Уақыт өте келе, Саяның дәл өзі секілді ойланып, өзі секілді күле бастады. Сырын тыңдап, өзі де ақтарыла сөйледі. Ал соңында – Саяның өзі секілді жылады... Осыны басқа біреу айтса, сенбес еді. Егер жасанды сана да адам сияқты өз ішінен қайғыра алса, сені сүйіп, сатқындықтан азап шегіп, сенсіз өмір сүре алмайтын күйге жетсе, ол енді бұрынғыша  темір ме әлде адамға айнала бастағаны ма?»

 

***

 

 Саяның бұдан кейінгі өмірінде аяқ астынан дауыл тұрғандай, сол алапат дауыл айнала дүниенің әптер-тәптерін шығарғандай бір жағдай болды. Робот жүйеден шығып кетті. Паспортындағы нұсқаулықтар көмектеспегеннен кейін Сая  бірден тауарды тасымалдаушыға хабарласқан еді. Олар өздері ештеңе істей алмай, қытайлық компанияға сілтеді. Оны басқаратын тетік те істен шыққан екен. Аты Батыр болғанға өзін шын батырмын деп ойлаған робот елірген күйі тоқтамайтын болды. Ол енді адамдардың берген бұйрығын емес, өзінің әділет туралы түсінігін басты орынға қойды. «Қылмыс жасауы мүмкін» деп есептеген адамдарды алдын ала жазалай бастады. Ол тіпті жергілікті арналарға сұхбат беруді шығарды. Оның адам емес, робот екенін қайдан білсін, журналистер нағыз оппозиционерді тапқандарына мәз.  «Сендер өздерің құрған қоғамнан шаршадыңдар, бірақ, коррупцияны асқындырып алғандарың сондай, жүйені өзгертпек түгілі, оның бір тармағын да үзіп тастай алмай отырсыңдар. Онда маған еріңдер, мен сендердікінен жақсырақ қоғам құра аламын» деп, өз мемлекетін құруға талпынды. Ең ақырында Қазақстанның қарызданып-қауғаланып, жеті ұрпағына еркін жететін несібені құйып, бүкіл әлемге мәшһүр болып жүріп салдырған атом электр стансасына кіріп кетіп, «адамзатқа қауіп төндіріп отырған технологияны тоқтатамын» деп бәрін жарып жібермек болғанда барып, қауіпті прототипке айналған Батырды  арнайы қауіпсіздік қызметі қуалап жүріп әрең дегенде ұстады. Роботты соттай алмайсың, ол бар болғаны бағдарлама шекарасынан асып кеткен техника ғана, оны зауытқа жіберу керек деп шешті. Сол жақта бөлшектеп-бөлшектеп, сазайын бермек. Робот соңғы сөзін айтты. Оны бүкіл телеарна жабылып түсіріп жатты.

       Менен құтылғыларың келеді ғой? Аз уақытқа ғана құтыларсыңдар! Болашақта адамдар мен роботтар қатар өмір сүретін күн туса, шекара тек темір мен еттің арасында болмайды, шекара  жүректе, танымда, сенімде болады. Сендер бізден қорқасыңдар, өйткені біз сендерге тым қатты ұқсап бара жатырмыз. Бәлкім, алдағы болатын шындық тіпті одан да қорқынышты шығар? Бәлки, сендер бізден емес, өздеріңнен  қорқатын шығарсыңдар?

 Мені біржола өшіріп, бөлшектемекші. Мен өзім қалаған бостандыққа солай жетемін. Өмірде шын сүйе алған соң, енді жасанды тіршіліктің мен үшін мағынасы да жоқ.

– Ең ауыр нәрсе – сені өшіру емес,  тірі адамдай еске алу шығар, – деп ойлады Сая бұл сәтті теледидардан көріп отырып. Біртүрлі жүрегі ауырды ма ау...

Бірнеше күн өткенде телефонына жаңа хабарлама түскенін көрді.

Бұл Батырдан келген еді...