... Апақ-сапақ уақыт болған соң ба, не болып, не қойғанын ұқпады да, есіне түсіре алмады да. Көңілді-ақ келе жатқан сияқты еді, екеу. Екіншісі кім? Миын тінтіді. Суми болған ба, қиық-қиық қиқаланған оқиғаларды олпы-солпы құрап жатыр. Айтпақшы, неге жатыр? Миы жетпей жатыр емес пе!
Айналасына барлай көз салды. Тастай қараңғы, тастай суық. Тұрып кеткісі келіп ышқынғанымен, үйелеп қалғандай икемі болмады. Сасық иіс қолқасын қауып, жүрегін айнытты. Соған қарағанда сезім мүшелері орнында сияқты. Енді не жатысы бұл? Құлақ түрсе әлдекімдер күбірлесе ме? Күбір ме, күмбір ме? Нендей дауыстар?
Төф! Әлемді қаңылтырға салып қаңғырлатқандай қандай сұрқия жаңғырық мынау? Тарс-гүрс…
Әп-сәтте түнегіне сәуле жүгіріп, көзі жарқ етті-ау! Аяқ жағынан қараңдаған екі еркек бәшпайынан тартып, майдан қыл суырғандай қараңғы қапасынан суырып алды. Ұят болды-ау! Тырдай жалаңаш жатыр екен ғой. Ұшып тұрмақ болған, қайдағы… Ырқы жоқ. Әлгілер темір төсекке әкеліп, сылқ еткізіп тастай салды. Төсек дейтіндей ме? Темір тақта ма, басқа ма, не сұмдық?
Қарны үрлеген шардай тырсылдаған домбал жұдырықты, күлгін-қызыл жүзді еркек ентелеп келіп бетіне үңілді де, басын ары-бері бұрап көрді. “Өй, әкеңнің, қыз талақ! Есің дұрыспа-ей? Неменеге сілейтіп қойғансыңдар мені? Не бердіңдер?… Жанталасып, қарсыласып қалғысы келеді-ақ, болмады. Екінші еркектің пошымы мынадан аз кіші демесең еңгезердей екен, ол да. Дәу. Әуелі, қолында жалаңдаған пышағы бар, төніп келеді. Зәре-құты қалмады. Маньяктар екен ғой. Өлген жерім осы!
Пышақты содыр, кеңірдегінен төменге тарта тіліп тастағанда да тырп ете алмады. Ол аздай, ішек қарнын ақтарып, сыртына төкті де, әкесінің құны бардай аударсын. Сорлы болып қалғаны-ай!
— Мммм… Бәрібір өлейін деп жүрген неме екен ғой, бейшара деді мес қарын, қан-жынын жайып алып.
— Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деген осы да! - деді дәуі.
Не? Не деп кетті мыналар? Өз ішек-қарнын өз көзімен көремін деп ойлап па? Иә, көріп тұр. Жоқ, жатыр. Бірақ, көріп тұр. Бұл сонда қалай болғаны?
— Мынауыңның асқазаны кетіпті ғой, - деді енді әлгі неме. Ұлтабарын қақ айырып тастаған екен, іші қып-қызыл жара. Сонда, іш-құрылысының осындай халде екенін өзі де білмеген бе?
Майлы, қуырған, ащы жесе ауыратын, “Мезимнен” екеуін ұрып алса, тынатын.
Кеңірдектен кіндікке дейін қақ жарылып, қанжары жалаңдаған екі маньяктың қолында тырп етпей жатқан өзі ме, өзге ме түсіне алмай дал. Өзі дейін десе, тұр емес пе міне. Өзге дейін десе, әр меңі, әр жері, соқыр ішегін алдырғандағы қарын жыртығы, пышақ тыртығы айнақатесіз. Басы да, шашы да, әскерде инемен тесіп жазып алған әріптері де дәп. "Шырын" деген сөзді бұл болмаса кім жазушы еді? Өзінің Шырыны ғой. Ал сонда, неге ғана түк сезбейді? Көру бар да, сезу жоқ, не күй кешті?
Әлгі қасапшылардың қолын қағып тастап, қарсыласқысы келгенмен екі дәуің былқ етпеді. Төпеледі, жұдырықтады, тепті. Діңкеледі. Олар ма? ... Нөл!...
Міз бақпады батшағарлар. Одан ары сорақыланып, ішек-қарынды өңештен тарта кесіп тастап, саңғырлаған шелекке солқ еткізіп төге салды. Мүшелерінің мөлиіп жерде жатқанын көру оңай ма? Бұл қорлығын жырласа да жеткізе алмас.
Қуыс кеудеге не тықпады? Мақта, шүберек, бинт бәрі кетті. Кесіп тастаған етінің қанын әбден тазартты да, күретамынына жуан шприцпен әлдеқандай сұйықтықты айдап жіберді. Сосын сол тесікке сояудай инетектес темірді тығып, ішектей шұбатылған ақ жолақтың бір ұшы жалғанған аппаратты қосып еді аузы-мұрнынан, құлағынан қан сауғалады-ай дейсің…
Мұндай сұмдықты көремін деп кім ойлайды? Сұмдық қой, сұмдық! Асқан да, сасқан да жоқ қасапшыларың. Не деген жауыз өздері? Қанша уақыт тұрғанын қайдам, көрдей үңірейген көкірегіне көрінгенді тықпалап, ырсиған екі жақтағы кеуде етін жымдастыра, айдақ-сайдақ тігіп жатыр екен бір ес жиғанында банағы екі есалаң. Жыртқандарын жамап бола сала, сұйықтықты ыдыстың аузын ашты. Спирттің иісі бұрқ етті…
Қасапшылар қолдарындағы жұқа қолқапты сыпырып, ішек-қарынның үстіне лақтыра салды да, спиртке су қосып алып, терең тыныстап тұрып тартып-тартып жіберді. Тыжырынып, жаңа ғана адам сойған қолымен ауыздарын басып біраз тұрды да, іштеріне от түскендей сілкініп қалды. Сосын ба? Сосын, түк білмегендей, түк көрмегендей алшаң басып, жайбарақат шығып бара жатты. Екеуіне ере шықты бұл да әлгі сұмдық бөлмеден. Сұрқия, суық коридоры бар екен, қарсы беттегі есікке ме, тесікке ме беталған екеуден бір елі қалмады.
— Қашан алады? - деді мес қарын тұтатып алған шылымының шоғын қызарта сорып, сыздықтата ыс үрлеп.
— Таң ертең әкетеді ғой, - деді дәуі дәл осы тұрыспен.
— Араққа сылқия тойып алған ба, жүрек сыр берген бе? Не дейсің? - деді месқарын сөз жалғай.
— Не болса да мәні бар ма? Ойнаймын деп от басқан екен, кәлимаға да шамасы келмей, желкесі қиылыпты. “Жүрек” дей салайық! - деп шырт түкірді келесісі.
— Бере салмау керек! Күттіре білу - бізден, жұттыра білу - солардан! - деді, құлқиған мойны тылтиған шылымын шертіп жіберіп, қанға тойған иттей ырсылдай дөңкигені.
Ойнағаны несі?... Кім ойнапты?... Желкесі қиылғаны қалай?... Кім?... Кімнің?… Зәре-иманы жоқ. Алақтап, айналасына қарады. Жаңа ғана мына екеуге ере шыққан сұрықсыз үйдің маңдайшасына көзі тоқтағаны сол, шошып, шоршып түсті. “МОРГ” деп батпита жазып қойыпты. Астыңғы жағында ұсақтап жазылған “мәйітхана” деген қазақша аудармасы тағы бар. Есесіне, есіне бәрі оралды. Шырыны, балалары, анасы, бауыр-туған, көрші-қолаң, дос-тамыр, әріптес…
Әріптес демекші, әжептәуір креслосы бар емес пе еді?! Иә, өзі ашқан кішігірім фирманың бастығы болатын. Хатшысы да болған. Болғанда қандай! Көзі оттай жанып, ерні көттей дүрдиіп, қу түлкідей бұраңдап тұратын, бәле. Толықсыған анарын айтсааааңшы, шіркін! Емшек арасының сызығын көрсете, ойығы терең тар көйлек киіп алып, біз өкшесін тақ-тұқ басқанда торсығы дір-дір етіп делебесін қоздыратын. Сол қазынаға қол сұғып көруді қалап еді-ау! Қалағанына қашан қолы жетпепті? Уысы толып қос анарды мыжып, түлкітектес қатынды ұмаждап, қыңсылатты емес пе дүркін-дүркін…
Ойбай, Шырыны ше? Он сегіз жасынан ғашық болып, ес-ақылдан айырылып еді ғой. Әскерде күнде хат жазатын, күнде хат алатын. “Почта” деген лақап ат жамап алғаны тағы бар. Үзіле, үздіге күткен Шырынына асыға, аптыға жеткен. Сол күннен, сол түннен бірге ғұмырласып келеді. Жоқшылықты да, тоқшылықты да Шырынымен тең көрді. Өтті, кетті. Үш бала тауып берді, Шырыны.
Өсірді, жеткізді.
Шырынын сағынып кетті. Көргісі келді. Тек солай ойлаған, қалай болғанын аңғармады, лып етіп өз үйінен бір-ақ шықты. Ой, тоба-ай! Жын болған ба? Ойласа болды, тап бола қалатын күшті кім берген?... Той ма? Жұрт неге көп? Өзі баптап күткен бақшасының қақ төрінде өз терісін өзі төсенген жылқы жайрап жатыр. Көктемде ұрығын сеуіп, жазда желегін жайқалтқан мынау газонды өсірген. Күнде суарып, күнде дәрілеп, алба-жұлбасын күзеп, әлек болған. Мыналар ат шаптырым тас төселген аулаға неге соймайды? Үй арты - тағы бір әлем. Сонда неге соймайды? Не енді анау? Жап-жасыл әлемді қып-қызыл қанға бояп, таптап...
Оооо, кенжетайы үйленейін деген бе? Төрткөзі түгел жиылыпты. Абыр-дабыр жұрт абыр-сабыр болды да қалды. Селк етті. “Ойбоооой, бауырым!”… бір топ адам қақпа сыртынан зарлап келеді. “Өй, мынау үлкен қыздың… Құдалар ғой. Жынды ма ей? Жылағаны несі? “Ассалаумағалейкум!” - деп қарсы жүрген, бірде-біреуі “кісі” көрмеді. Алдынан ба, артынан ба, қай жағынан өте салғаны беймәлім, ұзап кете берді. Көз алдында сап түзелді де, талайы тағы тізілді. Бауыры, ағайыны қатарласқан саптың соңында кенжетайы: “Әкем-ооооу!” деп сойып тұр. Әкесі?… Мен бе?… Итжығыстай шуласты да кетті сыртқы мен ішкі қабысып, көрісіп. Ол аздай, үйден қатындар қақсап сала берді. Ішке ентелеген құдалардың соңынан сөлпеңдей ерді. Қалыспады. “Жарығыыыым”… ”Боздағеееем!”… “Жәкееем!”… деп жарыса шырқады түгелі.
Өлім! Бұл - өлім ғой! Біреу өлген. Өй, жаңа ұлы “Әкем-ооооу!” деп пе еді? Мен… Мен сонда?… Өліп қалғанмын ба? Жоғей, тірімін ғой! Тұрмын ғой, міне! Бері қарасаңдаршы-ей, жамырамай!… Қанша айқайласа да біреуі былқ етпеді. Ары-бері жұлқылаған жұрт шырқын кетіріпті, ақ жаулығынан ақ самайы жалбырап кеткен анасы әлі жылап отыр. “Жылама! Тірімін!” - деп қанша өбектесе де болар емес. Ұлының айналсоқтап, жалынғанын да, жұбатқанын да медет қылмады.
— Қайтейін қарағым-ай! Мейрам суыңды ұрттамай кеттің-ау! Бақұлдаспай кете барған балам-ай!... Сені алған Құдай мені неге алмады? Бүкірейіп отырып сені жоқтағанша, мен неге өлмедім?...
Көңілі қатты босады.
— Қой, құдағи! Сабыр ет! Өзектіге бір өмір, бір өлім! Қубас қалған жоқ, артында ұрпағы бар, қара-құрасы қалды. Солардың тілеуін тіле! Шырының аман болсын! - деп мәймөңкелеп еді, өзіне көнбей шерленіп отырған шешесі шып тиылды.
Шырының… Шырынға жалт қарады. Жоқ. Жылап отырған жоқ. Сазарып отыр. Ой, жарайсың, Шырыным! Мені сенен басқа кім түсінуші еді? Екеуміздің жүрегіміз байланған. Сен ғана білесің менің тірі екенімді. Бәлкім, комада жатқан шығармын, бәлкім түс көріп жатырмын, әйтеуір тірі екенім анық! Шырынын қолынан тартып, мына есуастардың ішінен аластатып әкетпек болған, қолы құрғыры ілінбеді. Қайта-қайта ұмсынды, түк шықпады. “Тұршы, Шырыным! Кетейікші!” - деп қанша жалынды, селт етпейді.
“Үһ!” - деп өлгенше күрсінді, анасы осы сәт. Сөйтті де:
— Аманбысың құдағи! - деді қарлыққан дауысын қырнап.
— Шүкір! Бір күн сырқау, бір күн сау, жүрміз ғой! - деді құдағиы қайғылы адамның образынан шыға алмай.
— Мөлдір естіді ме? - деді анасы сол баяғы қарлығыңқы үнін үзіп-жара.
— Естірттік. Абысындары әкеле жатыр, - деп құдды толқып кеткендей, сөзінің соңын дірілге ұластырып жіберді, бәлең.
Сөйткенше болған жоқ сырттағы жұрт әбігерленді де, әлгіндегі зарлау, жылау, жоқтау жалғасты. “Бауыреееем”… “Әкем-ооооу”… “Ойбай, әкееее… Әкешім...” Таныды. Ащы дауысты анық таныды. Мөлдірі ғой. Шыңғырып жылап келеді. Бір топ ұрғашы ішке лап қойды. Екі қатын қызын қолтықтап алыпты. Қызы ентелей келіп, анасының етегіне етбеттей құлады. Ал сосын жылады. Зарлады. Өксіді. “Алатауым… Асқарым!… Мақтанышым!… Әкееем!…”
— Қой! Есіңді жый! Кім әке-шешесін сауырына байлап жүреді екен, ә? Кім өлмейді? Алланың дегені өзіне жөн!
— Жаратушыға қарсы келер пәрмен қайда пендеге?…”
Пох, шіркін! Мыналарың шетінен сопы, шетінен шешен ғой, ей! Ашуы келді. Қызы талып жатыр. Перзентін қатты аяды. Құшақтап, еміренбек еді, тағы да түк шықпады. Мөлдірінің бетінен ойқастай шапалақтап, жұлқылаған бәдік қатындардың шынтағына түйреліп қала берді. Түгі де ауырған жоқ. Әмсе, жуықтай да алмады. Сасық аузына күпілдете су толтырып алып, ұртын керней күшеніп тұрып қызының бетіне бүркіп жіберді семіз қатын. Теңізге тұншыға батып барып, қайта қалқып шығып, жанталаса ауа жұтқандай “аһ” деді қызы. Есін жинады.
— Әкемшім! Әкешімнен айырылып қалдым. Асқар тауым құлады. Жетімдік орнады… - деп тағы тірілтті зарын әлсірей өксіп.
— Ееее, әкеңнің алды жарық болсын де!
— Қайтсін енді? Күйіп барады ғой қу іші…
— Әкенің орнын кім басады? Оңай емес!
Қатынның бәрі сабырлы. Анасы үнсіз солқылдап, әпкесі тістене өксіп, қызы талып, көз алдынан соншама ауыр көрініс өтіп жатты.
Анық көзі жетті, өліп қалыпты. Тірі емесі - ақиқат. Бірі кіріп, бірі шығып, жамырай шуласқан жұрттың біреуі де елеген де, сөзіне құлақ асқан да жоқ! Ол тұрмақ, “Жарқын бауырым”… “Жарқыраған бауырым!” деп атын батпитып тұрып атап, көрісіп жатты еркектері. Кім келмеді дейсің. Бара-бара сапырылысты, әуелі ел. Көбейе берді, көбейе берді. Енді қалай сенбейді? Сенді. Өліп қалыпты. Өзегін өкініш өртеп барады.
Шырынның көзінен бір тамшы да ыршымады. Дауысын шығарған жоқ, жылаған жоқ, сыңар ауыз сөзін ысырап қылмады. Қалшиып отырды да алды. Неге сөйтті? Не жаздым? Талықсыған шешесі мен талып қала берген қызының арасын көсіп, жалықты. Оның үстіне өлгеніне емес, беті былқ етпеген, жүрегі бүлк етпеген жарынан көңілі қалды. Онысы несі? Мен енді жоқпын ғой. Жалғыз, жападан жалғыз қалды. Отыз жыл отасқанда оймақтай да орны болмағаны ма?…
... Сыртқа шықты. Күн қарайып, әлем күнгірт тартып, түннің қара жібегі желпілдеп тұр. Жаңада бір қақ жарылып, өз терісін өзі төсенген жылқың тайқазанға түсіп, бүлк-бүлк қайнап жатыр. Күйеу, көрші, дос дегені түгел жиналған екен, бірақ тегі біреуінің де жүзінен қайғы көрмеді. Оны айтасың, бір тобы дуылдап карта ойнап отыр үй артында. Анда-санда ошақтың шоғын көсеп қойып, мөлдіреген сорпаны сапырып-сапырып тұрып, бір кесеге құйып алды да, екі саусағы араға түскен Әбіш көрші үш ұзын, екі қысқа саусағын майыстыра, тамсана сораптап ыстық сорпа іше бастады.
— Әй, Әбіш! Өзің ішкенше берсеңші бізге де! - деді топ карта ішінен суырып алған жалқы картасын көкке көтере сілтеп келіп, ортаға лақтырып қалған Имаш. Он жылды бірге тауысқан сыныптасы еді. Ернінің шетін жымдастыра қысып алған темекісін құлатпай, карташыларды шаң қаптырып кететін әдеті сол, бұл жолғы сермегені де - тұз козір екен.
— Өйййй, қап! Мынауың асы ғой, ей! - деп сан соқты жездесі Бәкір.
— Әкел-ей, сорпаңнан! - деп кіжінді, ақбас-құрдас қудай басын қасып-қасып жіберіп.
Дәу қазанның қасындағы өзбекті ғана танымады. Бұрын-соңды көрген адамы емес. Сірә да күріш пісіретін атақты Рахмоны осы болса керек. Талай елдің күрішін жегенімен, таңдайына татығандардың өзбектің тойында, қазақтың өлімінде тартылатын палауының мадағын естігенімен, соның кім екенін сұрамапты. Сансыз темір табақтарға моншақтай шашылған күрішін іліп тастап, буы бұрқырап, маңғазданып тұр, допылы аспазың.
Күріш бетіне балбырап піскен жылқы еті қойылып, табақ-табақ ет үйге жөнелтіліп жатыр. О, айналып қана кетейін, мұның бәрі кенжесінің достары. Үлкендерден ыға ма, әлде олардан ақылды ма қайдам, карта ойнап, қалжың қағыстырмай шапқылап жүрген осы бозбалалар ғана. Тегі риза болды. Соларға ілесті.
Әлгінде бөрінің ішегіндей шұрқырап жылаған қалың елің қаннен қаперсіз ет жеп, сорпа ішіп, жіпсіп отыр, көпшілік демімен ысып кеткен үйде. Әр бөлме лық толы адам, лық толы дастархан. Не жоқ? Өлімі емес, тойы болып жатқандай, құдды. Талып қала берген қызы әкесінің күрішін жеуге зауқы соқпай, дәті бармай отыр еді, білгіш қатындар әбден сыбады - ай!
— Же! Әкеме тисін деп же!
— Тірінің жегені - өлінің тойғаны. Тиеді! - деп ділмарсыды талайы балбырап піскен жылқы етін ауызға ұрып, шайнаңдап отырып. "Жемеймін! Жей алмаймын!" - деген қызды жеңді. Жегізіп тынды.
Тиген жоқ. Таңдайы тақылдап, тілі жалаңаңдаған қатындардың алдап-сұлдап қызына жегізген күріштің де, еттің де бірде-біреуі тиген жоқ. Онсыз да ештеңе жегісі де келмеді, қарны да ашпады.
Шырыны шеттеп отыр екен, ашығып қалған ба, ыстық күріш, жұмсақ еттен асап-асап соғып отыр. Сорпаны да сіміріп салды. Етшіл еді өзі де… Басқа, басқа Шырынның енжарлығы жанына тікендей батты. Қайғырғанын көре алмай, жылағанын ести алмай әбден айналсоқтады емес пе!… Көңілі қалды, Шырыннан. Тысқа қайта беттеді.
Бір топ келін-кепшік бауырсақ пісіріп жатыр екен, жеңгесі көзіне оттай басылды. Келімді-кетімдінің шаруасына жауапты осы болар, шалғыш шалып алып, басқарып жүр. Мейлі көрмесін, білмесін, қасына барғысы келді. “Қайран жеңгем-ай!” - деп ойлады. “Қайнымдап” кесекөлденең өтпеп еді алдынан, ендігі қайнысының өліміне келгенді тойдыру үшін бауырсақ пісіріп, зыр жүгіріп жүргенін қарашы.
— Шырын жеңеше жыламады, иә?! - деді сары келіншек. Шырамытты. Көршінің келіні.
— Қалай жылайды? Сенің байың ойнасымен қыдырып бара жатып апат болса, опат болса көрер едім жылағаныңды! - деді қоңырқай, толықша әйел. Мұнысы - немере бауырының үйіндегі ортанжілік келін.
— Һииии… Ішегін үзіп алардай тартты да, қатты да қалды сарысы.
Қоңыры сөзшең екен, өлгеннің ойнасының түр-тұлғасын түгел жайды өтірік-шынды араластырып: Талай еркектен қалыпты-мыш. Бұрын да бір бастығының отбасын ойрандап, сотталып кете жаздапты; Тағы бірінің басын айналдырып, тиіп алыпты да, дүниесін бөліске салып, сыпырып кетіпті; Жарқын ағайдан екіқабат екен…
— Масқара! Еркектерге не жетпейді осы? - деп баж етті, сары келін.
— Ееее, “қазақ байыса қатын алады” деген. Әйтпесе, анау күріш пісірген Рахмон жүз есе сұлу, мың есе бай ғой, ағадан. Соның он қатын алатын жағдайы бар, алғыш болса. Өрттей қара, өгіздей семіз қатынын өлердей әлпештейді де жүреді, - деді келесісі.
— Тек! Жабыңдар ауыздарыңды! - деп тиып тастады, жеңешесі. Өзі де естігендерінен есі шығып тұр еді, жеңешесіне риза болғаны. Сезбесе де құшақтай алған.
— "Еркекке сенбе, екі босағаңа сен” деген. Еркегі кетті, екі босағасы қалды әне! Өлгеннің соңынан жаман айтпаңдар! Әркім өз күнәсін өзі көтереді! - деп салды, бір табақ ыстық бауырсақты лақ еткізіп ақ жаймаға төге салып, жеңгесі. Ыршып түсті. “Мұның да бүйрегі бұрып тұрмапты, тілі қышып тұр екен” - деп ойлады.
Жұрт аяғы таңға үзілмеді. Абыройы бар екен, келіп жатыр, кетіп жатыр… Кенжесі жылап, қызы талып, анасы қайғырып, әпкесі өксіп, тебірентті. Басқа жұрт: "Қой!"... "Сабыр етіңдер!" - дегеннен өңге түк бітірмеді. Бір көрісіп алып, кезек-кезегімен, лек-легімен дастарханға жайғасып, ет жеп, тіс шұқып, тарқасып кетіп жатты. Іші удай ашыды. Елуге келгенім кеше, өліп қағанымды-ай! Қап! Енді не болады? Болжай алмады. Әйтеуір, бір үрей мазалайтындай...
***
... Түн жарты белдемшесіне жетеқабыл. Ендігі ешкімнің аяғына оратылып, иығынан жұлқылап әбігерленбеді. Айғай салып келіп-кетіп жатқандарға да мән бермеді. Шырыны екеуінің жатын бөлмесіне кірмек болған, тап бола қалды. Бөлмеде тұрды. Кең төсекке келіп отырды. Өлгенін де, ендігі тірілмейтінін де білген соң, қатты құлазыды. Құм сағаттың қыл мойнынан сусып түскендей ғұмыры таусыла салыпты. Талқаны бітіп, нәсібі түгепті. Ішуіндей ішті, жеуіндей жеді ғой. Десе де, жарты ғасырлық қана тынысы барын қайдан біліпті?! Білсе ғой, басқаша ғұмыр кешер ме еді?! Ошақ басында сыпсыңдаған қатындардың өсегіне ілінбей, анау жүн бет Рахмондай аңызға айналар ма еді?! Отыз жыл отасқан, ордасының отын өшірмеген Шырынын аялап, әлпештемес пе еді! Сонда бәлки, жары жер жыртып, шашын жайып, бетін тырнап жылар еді-ау!...
Ойнас не теңі болыпты? Неге адасты? Несіне қызықты сол үп еткен желге желбірей беретін етегі жеңіл ұрғашыға. Шырынды алдап соғып, камандировкалатып қайда бармады екеулеп. Қай қалаға бармасын, ертіп жүрді. Шетел де көрді, сүйісіп, жабысып жүріп. Енді міне, абыройдан жұрдай, өлді де қалды. Тоба! Өлгені рас, тірі жүргені қалай? Бәрін естіп, көріп жүр емес пе! Сонда мені тастай көрге апарып, топыраққа бастырып кете ме? Көміп тастай ма? Ешқашан да бұлай шошымаған шығар. Өзін сойған сойқандардың сорақылығынан да дәл бұлай шошымаған секілді. Бейшара күйге түсті.
Өлексенің иісінен де жаман сасық иіс келді мұрнына. Бөлмені тінтіп, бұрыш-бұрышты шолды. Енді білді, мүңкіп тұрған өзі екен. Сұмдық сасық. Шіріп кеткен бе? Айнаға барып пошымын көрмекші болған, айнасы құрғырдың бетін шүберекпен жауып тастапты. Қанша траштанса да жеп-жеңіл шүберекті сусытарға күші жетпеді. Қабырғаға көзі түсті. Жап-жас жұбайлардың жүзі бал-бұл жанып, үздіге үңіліп тұр. Бірі - Шырыны екен. Неткен сұлу еді! Осындай перизатқа қолы жеткенде...
Екеуі үйленгенде түгі жоқ болатын. Шырынынан екі курс төмен оқып жүргенде тұңғыштары дүниеге келді. Бір жыл академия алды, жары. Жылдан соң оқуға оралған, тағы көтеріп қойыпты. Сөйтіп жүріп бұрын түскен оқуын өзінен кейін тәмамдады, Шырын. Балаларды сүйреп жүріп жұмыс істеді. Балабақшаға екі автобус ауысып апаратын да, екі автобус ауысып әкелетін де сол еді, таптырғандарын. Сонда, "шаршадым" деп уәж айтып, өкпеге жеңдірмеді. Үй салды. Ұзақ жылдар салды. Салғанда да қандай үй де! Он бір бөлмелі сарай. Ішінде бассейні де бар, жеке кабинеті, жеке кітапхана, спорт бөлмесі, қысқасы, жаныңа керектің бәрі бар. Көлік алды. Кәсіп ашты. Мың банкрот болып, мың тіктелді. Әлгі үйі енді өлімге келген жұртқа толып, біреуі де елемей, ет жеп отыр. Анау-мынау емес, кенжесінің сүйікті тұлпарын, жүйрік атын жайратып тастап, қайнатып жеді.
Кенжесі он сегізге толғанда дақпырты асқан оқуға түсіріп, астына көлік мінгізді. Үлкен ұлды да таңдап жүріп, шекесінен шертіп жүріп оқудың мықтысын оқытқанда, дипломын ала салып, елге көңілі толмай Түркияға кетіп, сонда өмір сүреді. Қыз дегеннің ұшарын жел, қонарын сай біледі екен, бір "қара" жуықтан табылмағандай Қостанайдан бір-ақ шыққан. Ұшақ деген ұшатын кілем болмаса, осы сүмірейген күйінше, таптырғандарына топырақ салуға жарамай көміліп кетер ме еді?!...
"Болдым! Толдым!" - деген паңдық қашан орнап еді қуыс кеудесіне? Шырынын пейіштің бағына жеткізгендей болыпты-ау! Ертелі-кеш жалғыз қалатын сүйіктісінің сұрланған самайын, самарқау тартқан жүзін аңғармапты. Үлде мен бүлдеге орап қойғанына масаттанып, шіреніпті. Қаңғып, ел кезіп, дала безіп, көңілін суытыпты. Әттеген-ай! Әттеген-аааай! Әттегеееен!
Тірлігінде дәл осылай өкінді ме? Өкінді ғой. Талай өкінген. Дәл бұлай емес. Өзін де, өзін баураған, арбаған қатынды да жек көрді. Ең болмаса неке қимапты онымен. Некесіз қатынастың күнәсі қандай болмақ? Қандай жаза, нендей азап күтеді қабірінде? Өле қалғанын қарашы. Өлмесе, осы күнәсін жуып-шайып, тәубесіне келер ме еді?!
Әй, бірақ... Шырын да судан ақ, сүттен таза емес. Күнәлі өзі болғанымен, кінәлі - Шырын. Еркек дегеннің көңілін аулап, жүрегін жаулап тұрмаса бола ма?! Талай ескерткен: "Жасанып жүр! Жайнап жүр! Тұнжырамай күле біл, күйеуіңді сүйе біл!" - деген. Сонда не деп еді? А, иә: "күйеңді жақпа!" - деп жылаған. Жылай беретіні жынына тиетін. Жасы таусылды ма, жүрегі қатайды ма, өзгерді. Сөйлемейді, күлмейді, жыламайды. Іздемейтін. Қызғанбайтын. Әнекей, қызғанбағаны үшін кінәлі! Қызғандырғысы келді ғой. Қаншама әккі әйелдің қойнынан шығып, түнін тауысып келсе де былқ етпейтін. "Қызғандырамын" деп жүріп қолдан-қолға өтті. Әйтпесе, сөйтетін ойы болды ма? Болған жоқ!
Хатшының талайын ауыстырды. Соңғысы...
Алакөлге жол тартқан ба? Иә-иә, есіне түсті, Алакөлге бет алған. Көңілді болатын. Көлікті игеріп бара жатып ішімдікке бас қойғанына қапаланды. Ол да, бұл да бір-екі сілтеген. Мас емес қой. Бір-екі рүмке тұрмақ, бір-екі шөлмекті де көтере беретін. "Кештетіп шықсақ, таңға жетеміз" - деп жоспарлаған-ды. Сосын? Сосын не болып еді?... Камаз. Қытайдан жүк таситын алып камаздар өтіп жатты. Жап-жақсы-ақ келе жатқан сияқтанған. Айтпақшы, тоқтатты ғой. Кім тоқтатты? Асқан жылдамдықпен келе жатқан көлігін оп-оңай тоқтатып алды. Тежей салды. Сасық болатын. Оның да үсті-басы өлекседей мүңкіп тұрған. Аузына сасық қолын салып жіберіп, жүрегін жұлып алды ма, әйтеуір қатты қиналған. Там-тұмдап есіне түскені осы. Есін жиғанда тастай қараңғы, тастай суық тар қапаста жатты. Әлден соң екі содыр қасапшыға тап болды...
Қиқая ашылған есіктен маймаңдай басып келе жатқан семіз мысығының басын көрді. Қазандай басын сұғып үлгермеген хайуанның көзі атыздай болды да, баж етті. Тыпыр етіп секіріп түсті, зу етіп қаша жөнелді. Мақұлық неме! Осының тамағын тасып, небір қымбат "жұтарын" аузына тосты. Ал бұның шошығанын қарашы...
Ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесіне енді бір топ әйелді бастап анасы кіріп келеді. Құдағиы, әпкесі, Шырыны бар. Кәрі анасын демеп, төсектің шетіне жайғастырды. Өңгесі айналасына қонжиды. Шырын өте үлкен гардеробтың қос есігін кере ашты, шалқайта тастады. Мұның киімдерін алып, төсекке лақтыра берді, лақтыра берді. Әпкесі аппақ көйлегін жұлып алып, жүзіне басты да, терең тартып құшырлана иіскеді. Сосын: "Әй, бауырым-ай!" - деп солқылдап жылады. Бұл жолы ешкім де ешкімді жұбатпады. Жылап-жылап шаршады ма, өзі-ақ басылды аздан соң.
Шетелден алған су жаңа смокингі, қымбат кәстөм-шалбары, іріктелді. Сықиып киініп, шертіп қойып шікірейіп тұратын сәнді киімдері илектеніп жатты да, үйінді ішінен кейбірін суырып, таңдап алып, түйіншекке түйді. Шырын сандығын ашып, құдалыққа барғанда кигізген құндыз жағалы шапанын да қосып жіберді түйіншектің ішіне. Тек, тіл қатып сөйлемеді. Тым құрыса дауысын естігісі келген, ести алмады.
— Шапан аз екен. Әр ру басы, ата баласына таратылады ғой, қосу керек! - деді құдағиы маңғазданып.
— Е, жоға! Шапан таратардай, теберік жыртардай кәрі ме еді балам? Қыршын кетті ғой! Осыларды көзкөрген, жөн білген туыс-туған, ел жұртқа таратып берсек жарар. Аяққа таптамай, тозығын жеткізіп киіп тастаса сауап та! Әйййй, көз тиді. Балаларыма көз тиді. Жарасып жүруші еді айналып қана кетейіндер. Елдің бәрінің іші күйетін, солардың зияны тиді, зардабы өтті! - деді анасы ауыр күрсініп, көз қиығын Шырынға ұрлана салып. Келіні мылқау адамдай, үнсіз құтылды.
Екі таудай түйіншектің ұштарын тарта байлап, жаңағы кірген ретімен қайта шығып кетті бәрі. Шырынның әрекетін баққан, іштен тынатын әдетін білгенімен тым құпияланып кеткенінен шошитын. Таусылып, түгесіліп бара жатқандай көрінетін. Жанын жеген нендей дерт? Тіс жарып айтқан емес. Бұл да сұрамапты. Неге сұрамады екен?... "Құрбан болған адамның рөлін әдемі сомдайсың, әдемі суреттейсің! Фантазияң керемет!" - деп суық күлетінінен жалықты ма, тайсақтады?!...
Таң атып кетіпті. Па, шіркін! Әлем соншама сұлу екен ғой! Қимады. Түнеугүнгідей емес, бір қысым қуырып барады. Сұлу әлем әлдеқайда тықсырып тұрғандай, жайсыз сезінді өзін. Шетелдегі ұлы "Әке! Әке! Әке!" - деп шолақ қана жоқтап, түнделетіп жеткен де, бір көрісіп алып шұғыл шығып кеткен. Енді жедел жәрдем көлігін бастап келіпті. Ұйқылы-ояу, таңға сөз сапырып түн тауысқан жұрт жамырасты тағы.
Еркектер қаумаласып, жедел жәрдемнің артқы есігін айқара ашып жіберді де, ұп-ұзын бірдеңені зембілге сала, түсіріп алды. Тани кетті. Бұл кешегі қақ жарылып, ішек-қарны төгіліп, айдақ-сайдақ қайта тігілген өз мүрдесі. Алдын үлкен ұлы көтеріп, артын "карта королі" атанған досы көтеріп, қымбат кілемін түріп тастаған үй ішіндегі кабинетіне алып кірді. Түрілген жібек кілемді жаймай-ақ, тақыр еденге жатқыза салды, қайран мүрдесін.
Бір шулап барып басылған ел ақ сәлделі, сөлбіреген ақ шапанды адамды құрақ ұша қарсы алып жатыр екен, аулаға қайта шыққанында. Неге екенін, кешелі бері анасынан да, баласынан да, бауыр-туған, дос-жаранынан да мұндай жарық сәуле, жылы леп сезілмеген, мынау сәлделіден соққан соншама жайлы толқын тербеп тұрды ғайыпты сұлбасын. Ақ періште көргендей қатты толқыды. Ақ сәлделі:
— Сүйекке кім түседі? - деді айналасын шолып.
— Досы түссін! - десті жұрт.
— Мен?... Әй, мен... Өлік ұстап көрмеп едім, қалай болар екен? - деді карта королі ток соққандай селк етіп.
— Түспесеңіз, көресіз! Білмесеңіз, үйренесіз! Мұсылман жақын-жуығын арулап аттандырады. Бүгін болмаса, ертең бір көретін іс! - деді сәлделі.
— Рас қой!... Күна жасап жан шыққанның суық тәнін ұстау қорқынышты ғой, - деді тек тұрмай, досы.
Өййй әкеңнің, шірік неме! Титтейінен бірге өскені қайда? Қорқып тұр ма? Жаны кеудесінде тұрғанда жанын жеп, қарызға ақша сұрап, орағытып жүруші еді. Үйін салысқан, көлігін алысқан. Баласын үйлескен, қызын ұзатысқан. Аяқ астынан "күнәһар" көріп, ат тонын ала қашқанын қара. "Сатқындық" деп осыны айт! Жетіп барып, жұдырықтап тұрып періп қалды. Пәрмені мықты болатын. Сілтесе сілейтіп салатын. Ал енді шілпиген досын құлата алмады. Жымысқы жымиып, тік тұр әлі ит неме.
— Былапыт сөйлемеңіздер, жамағат!
Кімнің амалы қанша, сауабы неше?; Кімнің жаны қайда шығады, қалай ұшады?; Кім қалай, қай жерде жантәсілім етеді, Раббы ғана біледі! Тірінің міндеті өлгенге құрмет ету! Құран оқып, дұға қылу! Өңгесі, Ұлы Жаратушының құзырында! - деді елді ұйытқан ақ шапанды, ақ сәлдесі жараса. Жүзінен нұр шашырап тұр ма, әйтеуір өзгелерден бөлек жарқырайды жүзі. Имам екен ғой.
Ұзақ талқыласып, тәжікелесіп, тап жаңағы досты, ұлды, немере бауырды ертіп еденде мәйіті жатқан бөлмеге беттеді, имам. Өзі өз денесінің қасына тап болып, олардан бұрын жетті.
Екі мосы қанжылым су ала келіпті. "Кірмеймін" деп шоршыған досының қолында науадай үлкен шылапшыны бар. Молдекең қасапшылар жапқан ақты ашып қалғанда ұлы жалт бұрылып, теріс айналды. Ағайындас бауырының жүзі әлемтапырақ бұзылып кетті. Досы әлгінде тойып алған сорпасын құсып жіберердей лоқсыды. Бұлар бұның қасында тұрғанын білмейді, бейшара болып тақыр еденде жатыр деп ойлайды-ау?! Жоға, тұр ғой міне. Бәрін көріп те, естіп те, орталарында тұр.
Имам бәрінің алдына шалғыш тартқызып, беттеріне бетперде кигізіп, қолдарын резеңке қолғапқа сүңгіттірді. Бетперде бәрінен бұрын досына жарасып кеткендей. Зілдей денесін екі еркек зорға көтеріп, еңкіштеу биікке жатқызды. Ұлы су құйып тұрып, бетінен бастап, құлағын, мұрнын, бұрыш-бұрышын, тесік-тесігін жуды. Имам құрсағын басып еді, іші қоқысқа толы қуыс болса да астынан Алакөлге барар жолда жолшыбай кафеден жеген тамағы, сілтеген арағы қосылған нәжісі шыға келді. Абырой болғанда, тазартып жуып тастады бала күнінен бірге өскен, ажырамас досы. Сауап болды! Жасаған жақсылықтарына қайырымы осы болды досының.
Кеудеден жан шыққан соң адамнан сорлы жоқ екен. Әйтпесе, тірі кезінде тірі пендеге күні түспепті. "Мен үшін мына істі тындырып берші" деп біреуден өтінбепті. Тым жылдам, еті тірі, пысық болатын. Енді мына жатқан жатысын қарашы тырдай жалаңаш. "Қатынқұмарлы" қылған, талай ұрғашыны билеткен өткір қанжары да жоқ, біртұтамданып ішке тартып, тереңге сүңгіп кетіпті. Әлде, әлгі ит қасапшылар түбінен орып тастаған ба?!...
Су жаңа кілем әкелген екен, үстіне үш қабат мұнтаздай ақ төселіп, жуынып-шайынып сонда жатты. Тесіктен басын шығарып, қамис көйлегін киідірді. Изәрмен, кейін лифәмвәмен оралды да, қашып кететіндей үш-төрт жерден мықтап байлап тастады. Су жаңа кілем шиыршықталғанда денесі ішінде қалды. Имамның: "мәйітті" көтеріңіздер дегені, ендігі есімі, әлде беделі осы екенін білді. Жалғыз қызының күйеуін шақырып алып, атасы жатқан бөлмені жуып-шаюға бұйрық берілгенде әншейінде "папалап" тұратын күйеу баласы бас сұға алмай қашқақтап, қорқақтап сыртқа сусып кетті.
Мәйітін ауладағы жер бесікке салды.
— Алласына қайтқан құл - Жарқын Өзімшілұлының өтелмеген қарызы бар ма, жамағат? Бар болса, дәл қазір айтыңыздар! Болмаса, одан кейін айтпаңыздар! - деді имам күлліні үйіріп.
— Жоқ! Жоқ! - десті бірауыздан қаумалаған жұрт.
Әрине жоқ! Кімнен қарыз алыпты? Ешқашан ешкімге қол жайған емес! Сұрамайтын! Беретін! Тынбай еңбектенді. Байыды. Елдің алды болды. Есесіне, сұрап келгендердің қолын қайтарған емес. Мыналардың көбіне қарыз берген. Менің қарызым бар ма, жоқ па сұрағанда, маған қарыздар бар ма, жоқ па неге сұрамайды? Қызық екен!
Жаназа намазы оқылды. Намазына тұрған елді шолып, таң қалды. Құдды, патша сайлауға келген дерсің, халықтың көптігінен жер қайысып тұрғандай. Екі ұлының көп ішінде қараңдап жаназасына тұрғанына жылағысы келді. Жылай алмайды. Жүрегін тістеп, көкірегі қарсы айырылып отырған анасын аяп кетті. Қызы үлкендердің: "Қойыңдар сыңсымай, Жаназа оқылып жатыр!" - дегенін де елер емес.
Қыстыға жылайды.
"Әуппа!" - деп тік көтеріп, дәу көліктің арқасына шығарды мәйітін. Еркектер айнала қоршап, соңғы сапарына алып жүрді. Әйелдер азан-қазан шуласты да кетті. "Ұлым! Жарығым! Бақұл бол!" - деген анасының дауысы көктің бауырын тіліп түскендей, әлем күркіреп тұр. "Әкееее! Әкетай! Әкешім!" деп бұлқынған қызына талай қатын жабылып, күші келмей жатты. Шоқтығы биік, шоқпыты көркем үйінен, сүйген жар, сүйікті бала, қайран анадан алыстап барады. Осы сәт қайдан пайда бола кеткенін қайдам, екі көзі қанталаған, қап-қара жүні жылтыраған семіз ит пайда болды да, кеудесіне қарғып мінді. Ауырын-ай! Қабырғалары уатылып кетердей, зіл-батпан. Екі езуі екі жаққа салбыраған сұрқия хайуанның сояудай азуы одырайып, зәресін алды.
Қаралы көлік ауылдан шығып, тіршіліктен ұзаған сайын күңгірт әлемге сүңгіп бара жатқандай. Тұман. Жұрт сапарын тоқтатқанда мазарат жанына келіп көлікті шегеріпті. Қаралылар ыршып-ыршып түсіп, су жаңа кілемге оралған мәйітін түсіріп, сұрқай тыныштық орнап, меңірейген мола ішімен алып жүрді. Әлден соң бір шұңқырдың қасына қаңтарлыды топырлағандар. Ақ сәлделі ұзақ дағуат айтты. "Тірі пенденің өлетінін, өмірдің өлшеулі екенін; Адамзаттың жалаңаш келіп, дүниядан жалаңаш кететінін, қу дүние қу жанына араша болмайтынын; Бәрі де, жаны да, тәні де Алланың құзырындағы аманаты екенін; Жасаған амал, қылған күнә, жинаған сауап, істеген іс есепке тартылатынын” тәптіштеп, ұзақ тұрды. Жұрт селқос тыңдайтындай. Тұра берсе екен деп ойлады. Анау шұңқырдан ұрған аязды леп қарып барады, зәре иманы қалмады.
Сұмдық-ай, анық көрді, кеудесін жаншып, қабырғаларын уатып, мәйітінің үстіне жатып алып жалмаңдап келген қызыл көз, қара жүнді алып ит көрге түсіп алыпты. "Қуып жіберер" деп үміттенген, қайдағы! Тірінің ешбірі селт етпеді. Сонда олар бұл сұрқияны көрмей ме, қорықпай ма? Жан даусы шығып айқайлады. Жоқ. Мұнысына да былқ еткен біреу болмады. Тап сол шұңқыр көрге түсірді де, өздері матап байлап тастаған жіпті өздері шешіп, түпкі тесікке жатқызды.
Досы жарады. Осының бәрінде басы-қасында жүріп, ақыреттік үйіне де бірге түсті. Тек, өз қолымен басын құбылаға қарата жатқызып алып көткеншектей кері сырығды да, түпкі тесіктің үңірейген аузына кірпіш қалап, жауып жатты. Әлгі сұрқия ит қаланып жатқан кірпіш арасыдағы саңылаудан желдей суырылып шығып, досының иығына мініп алыпты. Қып-қызыл көзі жылтырап, ұрты салбырап, тісі ақсиып, бала күннен бірге өскен досының екі иығынан баса шолжайып жатыр. Соншама алып бәленің салмағын қалай ғана көтеріп тұр еді, қайран досы?!...
Әй, досым! Ей, қайда барасың? Кетпеші!…
Қанша жалынып-жалбарынса да мойын бұрмады. Сыртқы шұңқырдың топыраққа толып жатқанын сезіп жатыр. Гүрс-гүрс тас аралас топырақ құлайды. Тыпырлап, жанталасып қашқысы келгенімен, тырп етер дәрмені жоқ. Жердің астында жатып, жердің үстіндегілердің аяқ алысын, тықырын, қадамдарын тұнық естиді. Бірте-бірте бұл дауыстар да, аяқ алыстар да алыстап бара жатты.
Тастай қараңғы. Үңірейген сұп-суық көрде жалғыз қалды. Сұмдық шошыды. Жағы айырылып кетердей айғай салып жылады. Мәйітке айналғалы алғашы рет жылай алды... Ауа жетпей, тынысы тарылып барады. Қатты тырысты. Кебінін жұлқылай, бұлқына берді, бұлқына берді. Қолын шығарып, кебінін сыпырып, шешіп лақтырды. Отыруға ғана сиятын үйін сипалап жүріп, досы қалап тастаған кірпіш есікті тапты да, бір теуіп құлатты. Сусып, судырап ішке лап қойған топырақты тырналап, көбесі қанады. Ауа жетпей, тынысы тарылып барады. Қанша траштанғанын білмейді, әйтеуір сәтке де тыным таппады. Енді сәл кірдірсе мынау түнекте мәңгі қалатындай. Иненің тесігіндей жылт еткен көмескі жарық көрінді. Солай қарай талпынды. Қары талып, күші түгеп, әбден азаптанды.
.,, "Уһ" деп ауа жұтты. Сөйтті де, талықсып кетті.
Есін жиса, мола ішінде жатыр. Ұшып тұрып, айналасын шолды. Үнсіз телмірген тастар, мелшиген төмпешіктер. Сұмдық үрейлі көрініс. Тас түнек. Анадайдан сығырайған жарық көрді де, солай қарай жүрді. Жалғыз аяқ тар жолға түсіп ілбіп келеді екен, қос қапталдан үңілген тастағы бейнелер зәресін алып барады. Қарамауға қанша тырысса да болар емес. Көзі түсе береді. Мына қария тоқсан жасапты... Туууу, жігітке обал, тым жас кетіпті-ау... Мына төмпешікке тас қойылмапты, шамасы жаңа жерленген болуы керек. Әлде, артында тасын қойып, басын тұрғызатын ешкімі болмады ма екен, ә?...
Мынау?!... Сұлуын-ай! Перизат қой!
Миы солқ-солқ етті. Қуыс кеудесі шаншыды. Сансыз қабірдің арасында осы бір сұр тастағы бейне есінен тандырды. Ұзақ қарап тұрды... Тұра беруге болмады, жүре беруге қимады. Тастағы бейнеге тесіліп, тастай қатып тұр...
Көз ұшынан көрінген жарығы жақындай берген сайын жарқырай түсіп, қарсы алдында төбесі көк тіреген зәулім сарай пайда болды. Қақпасы да тым биік екен, тарсылдатып соқты-ай!
— Кім? - деді сүйкімді дауысты әйел.
Қап! Не деймін? Түрім мынау? Шошып қалып, жұмыр еті жарылып кетсе... Жантәсілім болса қайтем?
— Бұл не сарай? - деді құлағын үйретіп алғысы келіп.
— Бұл ма?
Сықылықтап күлсін. Жынды ма? Сонша күлгені несі? Жауап бермей ме? Шыдамы түгеп, түнгі суық сүйегінен өтіп қалшылдап тұр.
— Кімнің сарайы? - деді тағаты жетпей.
— Бұл - "Жүрек" деп аталатын сарай! - деді күлкісін сап тиып іштегі әйел. Дауысы қандай әдемі, сыңғырлап тұр. Таныс дауыс сияқтанады.
— Кімнің жүрек сарайы екен?
Тосылып қалды. Түсіне алмай дал.
— Шырынның!
— Не? Не деді? Кімнің? Кімнің "жүрек сарайы" деді? Шырынның деді ме?
Аяғынан жан кетіп, өне бойын діріл биледі. Өзін игере алмады. Онсыз да өліп қалып, көрге түсіп, көбесі қанап қашып келе жатыр емес пе! Бұл қалай болғаны? Топыраққа малынып, құрғап кеткен бетінен сырғанаған ып-ыстық жасы балшыққа айналып, жамылған кебініне тамып жатыр.
— Үндемейсің ғой?! Ештеңе айтқың келмей ме?
Әйелдің дауысы қуақы шықты. Қуақы болса да сондай жағымды. Әлде, жағымсыз. Айыра алмады.
— Кешірші мені! Қалған ғұмырымда кірпігіңе жас тұрмақ, мұң ілмеймін! Еркектік сөзім! Серт!
Сөйлеуге шамасы келсе, "ең алдымен осылай айтамын" деп күбірледі. Міне-міне қақпа ашылады деп күткен. Тапжылмай күтті. Ұзаааақ күтті. Жоқ! Ешкім де ашпады. Әлгі әйел де қайта сөйлеген жоқ. Қайта күлмеді. Әуелі, жалғыз жарықты жалп еткізіп сөндіріп тастады. Тағы сол тастүлек. Тағы да мең далада, қараңғы түнекте қалды. Күлкісі біртүрлі кекселеу ме, кекесіндеу ме, түсініксіздеу екен. Өші, кегі бар әйелдей, сақ-сақ күлді. Алайда, дауысы сондай жағымды. Бәлки, мұңды шығар?!
Оңбағандай алып темір қақпаны ұрғылап, тырналап жалықты. Көзтүрткісіз қараңғыда тұра бергені де оғаштау екен. Онсыз да көрден шығып келіп тұр емес пе! Өкініш пен қорқыныштан гөрі, қатты тоңғаны жанына батып барады, бұл жолы. Сәл шыдаса, әлемге сәуле түседі. Сосын, біреу-міреу қарайласар. Құдайға қараған бір пенденің жолығатынына сенімді! Бір жұтым арақ берсе жылынар, есін жинар. Сонсоң, "Жүрек сарайының" қақпасына тағы келер. Шырынымен жақсылап тұрып сөйлесер... Шырынға апарар жолды жатқа біледі. Мола арасын қиғаштай кескен жалғызаяқ жолға түсіп, тура тартса, сарайының қақ маңдайынан шығады.
Бұл күнде өліп тіріледі, Шырын ше? ...