Айнұр Шәмшеит: «Әдебиет әлемі» хабары – жанның сусары

Адам өзі таңдаған мамандығын жақсы көрсе, істеген ісінен ләззат алса, оны басқалар да сезінеді, ол адамнан қоғамға да пайда мол. Айнұр Шәмшеиттің бала жасынан «тікелей эфирде тыңдарманмен қауышсам, жан-дүниесінде шуағы мол шығармашылық адамдарынан сұхбат алсам,  хабарымды жан тербейтін әдемі музыкамен көркемдеп, өз даусыммен елдің көңіл-күйін көтерер жағымды жаңалық айтып, адамдарды қуанта алсам» деген арман-тілегі болған. Міне, он бес жылдан бері қазақ радиосының тыңдармандары Айнұр Шәмшеиттің даусын тыңдап келеді. Бұған дейін  «Гүлдесте», «Сөйлеу мәдениеті», «Бүгінгі сұхбат» хабарлары арқылы таныс болса, бүгінде «Әдебиет әлемі»,  «Отанды сүю», «Жайдарман» бағдарламалары арқылы тыңдарман көңілінің төрінен орын алған.

Сіздің «Әдебиет әлемі» деген хабарыңызды білеміз, тыңдаймыз. Осы хабарыңызға ықыласыңыз бөлек сияқты?

– Мен бұл хабарды өте жақсы көрем, бірде бастығым «тікелей эфирден уақытың болмай кетті, бәлкім, жабарсың» дегенде де жаптырғым келмеді. Әрбір кейіпкеріме құрметпен қараймын. Хабарды жасаған кезде кейіпкерің  туралы оқисың, іздейсің, жазушы болса жазғандарын оқып, автор болып ой кешіп, осылай  сол хабар дайын болғанша кейіпкерім болып күн кеше бастаймын. Көп кейіпкерім өмірден кетіп қалды. Солардың айтқан әңгімесі ойымда. Мысалы, Рахымжан Отарбаев ағамыздың сол кездің өзінде кітаптары шетелде шығып жатты, шығармаларын оқысаң қандай ғажап жазушы! Шақырғанда келіп, шашын қайырып қойып, «осы жастар не сұрайды дейсің, не айтады дейсің» демей, тыңдарманға ілтипатын, радиоға құрметін көрсетіп жауап берген еді. Жазушының айтқан әңгімесінің көңіліме ерекше әсер еткен бір тұсын келтірейін. Жазушы анасынан ерте айырылып, әкесі тәрбиелеп өсіріпті. Ауылда мектеп болмай, түйеге мінгізіп,  басқа ауылға апара жатқан.  Содан бір күні түйе айдалаға ала қашқан ғой, шошынған әлде құтырған бура баланы жығып кетіп, жазым етуі де мүмкін. Сонда әкесі бар даусымен: «Ра-хым-жааан, қо-рық-пааа, Рахымжаааан!» деп айқайлаған екен. Жазушы осыны айтып отырып: «Алдымнан кез келген қиындық шыққан кезде әкемнің, «Ра-хым-жааан, қо-рық-па!» деген даусы құлағыма келеді» деп еді. Осы әңгімені естіген кезде көзіме жас келді. Сондай бір жан-дүниесі бөлек, әңгімесі әсерлі кейпкерлер болады, мен кейде сол кісілердің әңгімесін тыңдап отырып көңілім босап кетеді, сосын ол кісіге: «сіздің хабарыңыз жақсы шығады, өйткені сіз талай адамның жүрегіне жететін әңгіме айтып отырсыз» деймін. Бұл шынында да солай, жүректен шыққан шынайы нәрсе жүректі қозғайды. Мысалы, жазушы Адам Мекебаев ағамыз ең соңғы рет маған сұхбат беріпті. Ол кісінің үйіне барып жазып алдым, сұрақтарыма ашылып жауап беріп,  көңілінде қатталған көп естелігін айтты. Мен ол кісінің басынан өткен қиындықтары туралы айтқан әңгімесіне әсерленгенім сондай, орнымнан тұрып кетіп жуынатын бөлмеге барып бетімді жуып келіп отырдым. Әйелі қайта-қайта келіп естелік болсын деп суретке түсіріп кетеді, ал бір айдан кейін жазушының қайтыс болғанын естідім, бұл маған қатты әсер етті, қимастық сезім болды.

 

– Ерекше кейіпкеріңіз үшін қуанған кезіңіз болды ма?

– Әрине, ерекше кейіпкерлер көп. Олармен сұхбаттасқан сайын өзің үшін жаңа бірдеңе ашқандай боласың, танымың кеңейеді. Өзінің көңіл-күйін ұстайтын адамдар болады, кездескен жақсылық-қуаныштарын бір сәтте сызып тастайтын адамдар да кездеседі. Өлімнен басқа проблеманың, қиындықтың бәрі де шешілетінін әлдеқашан түсініп қойған адамдар бар. Маған ақырын жүріп көп іс тындыратын, сонысын «мен сүйтіп едім» деп айтып жатпайтын қарапайым адамдар ұнайды. Сондай кейіпкер тапсам қуанамын. Мысалы, «Кітап ал» деген дүкен бар, соны ашқан жігіт көпшілікке танымал емес, бірақ ол кісінің еңбекқорлығы керемет. Ол оқушы кезінде араб тілін телеарнадағы он бес минуттық хабардан үйренген, кейін университетке араб тілі мамандығына түскен, бүгінгі күні арабтың жақсы дүниелерін қазақшаға аударып ұсынып отыр. Мектеп оқулықтарын да жазған. Сол кісіден арнайы Алматыға барып сұхбат алдым, бірақ ол кісіні халық тани бермейді, ал біз оларды танытсақ жеңіске жеткендей боламыз. Меніңше, осындай адамдар тұлға дәрежесіне көтерілуі керек. Мен кейде хабарыма кейіпкер іздеп танымайтын ортаға, тіпті ауылдағы чаттарға да кіріп кетемін. Кейде көпшілік тани бермейтін жақсы ақын-жазушыны тауып аламын, жақсы өлеңді насихаттағым келеді, меніңше, бұл да әдебиетке бір мысқал қызмет болмақ.

 

– Жалпы жұртшылықтың радиоға көзқарасы қалай?

– Бүгінгі таңда Шалқар радиосына шығып жүрмін. Күнделікті «Жайдарман» құттықтау бағдарламасына өте көп құттықтау келеді.

 

Жасаған хабарыңызға қатысты сын естисіз бе?

– Ондай болды. Бірақ, мен оны қабылдамадым. Өйткені ол «сен мені жеткізіп мақтамадың» деген сын болатын. Ол кісі менің хабарды қалай жасағанымды, кем-кетігін білдірмей жіберуге күш салғанымды сезінген де жоқ. Ел алдында керемет тұлға сияқты көрінгенімен, бірақ радиоға келгенде қалай болса солай сөйлеп кетті, соның өзінен жақсы дүние шығаруға тырыстық. Бәрібір жұмысым өзіме ұнайды, мысалы, телевизияда қонақты біреу шақырады, сұхбатты басқа біреу алады, монтажды басқа біреу жасайды, бізде олай емес, басынан бастап өзің жүресің, екі апта ойланып, жазып, өзің толғатып шығарасың, өзің суретші, өзің дизайнер, өзің оператор, көзге көрінбейтін шаруасы көп, бірақ ләззат беретін жұмыс.

 

Студент кезден өлең, мақала, әңгіме жазыпсыз. 2012 жылы «Тағдыр сыйы» атты кітабыңыз шығыпты. Алғашқы шығармаңыз көлемді екен.

– Ия, ол шығарма Ақан деген бала туралы, оны сәби кезінде бір әйел есік алдынан тауып алған, сол Ақан қиындықтардан қалай өтті, сол туралы болды. Лаура Орынбекова деген мұғалімім де кейіпкер ретінде сол шығармада жүр. Студент кезінде көбіне махаббат, қиындықтан қалай шығу туралы  жаздым.

 

– Махаббат дегеніңіз түсінікті, ал қиындықты жеңу деген тақырыпқа баруға не әсер етті, әлде бұл өз өміріңізге қатысты ма?

– Ол кез өзімді-өзім тәрбиелеп жүрген кездер болған. Бала кезімде үйдің алдында бұлақ болатын, әжем маған сол бұлақтың көзін ашсаң жолың ашылады дейтін де, жылда көктемде тырмамен сол бұлақтың көзін ашушы едім. Басқа балалар сияқты мұңсыз өспеген шығармын, оған себеп өз ата-анам менің сәби шағымда қайтыс болып кеткен, мені нағашы әжем тәрбиелеген, нағашы ағам мен жеңгемді папа-мама деп кеткем, ол кісілер жақсы қараған, бірақ, балалар ойнаған кезде маған «сені асырап алған, сенің әке-шешең жоқ» деп тиісіп мазақтайтын. Сол кезде жүгіріп  бұлақтың басына барып жылайтынмын. Бұлақ менің досым сияқты болатын, сұрақтарымды бұлаққа қойып, әңгімемді бұлаққа айтатынмын. Көңілімнің тазалығы сол бұлақтан ау дейм, әлдебір нашар энергия болса сол бұлақ шайып кеткен ау деп ойлаймын. Басымда сондай қиындықтар бар екенін ешкімге көрсетпеу үшін есейіп кеткенше өзімді тәрбиелеп келдім. «Менің қиындығым мен жылағаным кімге керек, мен өзімді алып шықпасам, қолымнан кім жетектейді?» деп содан шығу үшін де әңгіме жазған екем. Мені ата-анам өмірге әкелді де, өздері өмірден ерте кетіп қалды, демек, мен өмірге бір миссия үшін келген болуым керек деп әруақытта тырысумен келемін, студент кезімде Президенттік стипендия иегері болдым, өңірдің депутаты Нұрбах Рүстемов тағайындаған стипендияны алдым. Студенттік кез көп нәрсені үйретті, Б.Саттарханов атындағы «Намыс» қоғамдық жастар бірлестігін құрдық, төрағасы Талжан Райымбердиев деген кісі бізді тәрбиеледі, сайлауға қатысып, бақылаушы болдық, үлкен адамдар сияқты жауапкершілікпен қарадық, «Жасыл ел» студенттік отрядында болдық. Түйгенім, адамдар саған сенді ме, әруақытта сол сенімді ақтау керек. Ондай кезде  өз мүддеңді тықпалау ұят нәрсе, ол сенімге селкеу түсіреді деген ой бізге жас кезден сіңісті.

 

Радиоға деген құштарлығыңыз қашан басталып еді?

– Оқыған жерім Халықаралық қазақ-түрік университеті болғаннан кейін шетелдік студенттермен бірге оқыдық, жатақханада бірге тұрдық. Сол шетелдік жастардың өзі қазақ радиосын жақсы көріп тыңдайтын. Өйткені, біздің бөлмеде қашан болсын қазақ радиосы күндіз-түні қосулы тұрады. Ықылас қойып тыңдайтыным сондай, қандай хабарлар қайталанып кетіп жатқанын, ол хабарлардың авторы кім, кім сөйлеп жатқанын білуші едім. Бір тыңдаған дауысты екінші рет тыңдасам оның кім екені есімде қалатын. Жаңа дауысты да бірден білесің. Кім деген журналист, қандай хабар жасады, қай күні... бәрін дәптеріме жазып қоямын. Оқу бітірген соң бірден радиоға барам дедім, телеарнаға қызықпадым, есі-дертім радио болды. Алматыда ешкімім болмады, Жанар деген құрбым Алматының қызы еді, қалаға үйренісуге, пәтер табуға көп көмектесті, кейін ол туралы «Дос жайлы сыр» деген әңгіме жаздым. Стажировкаға барып жүрдім, режиссер Ақбол апай әр дыбысты, әр сөзді айтқызып үйретеді, екі апта өткенде «мына қыз тікелей эфирге жарайды» дегенде әрі таңғалып, әрі жүрексіндім. Ол кезде тікелей эфирге шығу деген зор жауапкершілік, он сегіз миллион қазақ тыңдап отыр деген ойдан дірілдеп-толқып кеткен сезім болды. Айтқандай екі аптадан соң бастығым мені тікелей эфирге шығарып жіберді, ал алғашқы эфирім өте сәтті шықты. Жұмысымды жақсы көретінім сондай, таңда ерте келіп, кеште елдің соңынан қайтатынмын. Сол кездегі басшы Жүрсін Ерман радионы жақсы көретінімді, жұмысқа қабілетімді бірден байқады, ол кезде өлең жазушы едім, маған өлең оқытатын. Мен әлі күнге жұмысыма сол алғашқы кездегідей сезіммен келем, әсіресе эфир болатын күні сәнденіп, шашымды әдемілеп, сәттік толқынысты сезінетінім бар.

 

Жүз жылдық тарихы бар қазақ радиосында қызмет ете жүріп, кейін уақыт өтіп кейінгілерге естелік айтқанда нені еске алар едіңіз?

– Қазақ радиосындағы ең бір ерекше айтатын нәрсе бар – ол көп ортада жоқ, соны айтайын. Бізде Темірхан Момбекұлы Түркістан деген ағамыз жұмыс істеді, ол кісі бәріне ат қоятын, маған еліктің лағы дейтін. Сол кісі жастарға: «Неге бір-біріңмен амандасып жүрмейсіңдер? Танысаңдар да, танымасаңдар да амандасып жүріңдер, бұл қазақтың қарашаңырағы, амандасу білмесеңдер сырттан келген қонақтар мыналар қандай тәрбиесіз деп айтады ғой, – дейтін. Қазір біз сол ағамыздан естігенді келген практиканттарға айтатын болдық.

 

 

Әңгімелескен,

Жадыра ҒАЗИЗҚЫЗЫ