Ерік НАРЫН:«Сен – өткен күндерің жасап шыққан мүсінсің»

Павлодар қаласында басылып, таралатын «Найзатас» әдеби-көркем журналының жас тілшісі Саяжан Қайдар ақын, «Мөр» жинағының авторы, Ж.Тәшенев атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері, Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасының редакторы Ерік Нарынның шығармашылығымен танысып, ақынға бірнеше сауал жолдаған еді. Ақынның жауабын бірге оқиық.

– Ерік аға, сіздің ақындық сапарға  – Абай жолына түсуіңізге алғашқы баспалдақ болған өлеңініз есіңізде ме?

– Менің есімде жоқ екен. Осы сұрағыңыздан кейін есіме түсіргім келіп отыр. Қызық! Әйтеуір 13 жасымда шимайлай бастағанымды білемін. Айтпақшы, мен 13 жасыма дейін күнделік жазғам. Онда бала жүрегіме түскен қаяуды, мұңды, әлдекімдерге деген ренішімді, қуанышымды жазып отырдым. Міне, солай басталып еді. Қазір ойласам, жазамын деп жазбаппын. Басқа балалар сияқты доп теуіп, көше кезіп жүр едім. Әдебиет түгілі басқа да сабақты оқымайтын қатардағы бұзықтың бірі едім! Неге осы жазуға құштар болғанымды өзім білмеймін. Алғашқы жазған өлеңімді тапсам, шіркін! Бала Еріктің кеудесін қозғаған, қозғамақ түгілі жазуға алып келген нендей мұң екенін білер едім, түсінер едім! Адам жазуға оңғаннан келмейтінін жеке басым түсініп келемін...

 

–2019 жылы өзіңіздің өлең жинақтарыңызды бір кітапқа жинақтап шығардыңыз. Жинағыңыздың атауы ерекше. «Мөр» деп атауыңыздың басты себебі неде?

–Тұңғыш кітаптың салмағы ауыр болады деуші еді. Әдебиетте өз таңбам, мөрім қалсын деп, ырымдап қойдым. Меніңше, сәтті шықты! Бірақ, кейде ішіндегі өлеңдер ұнамай қалады!

 

–Қазір Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасында тележурналист болып қызмет атқаратыныңызды білеміз. Журналистика мен ақындықты қатар алып жүру қиын ба? Шығармашылық жай-күйіңіз қалай?

– Телеарна ма, газет пе, айырмасы жоқ. Екеуі де өлең жазуға керекті ішкі қуатты жұтады. Өткен ғасырдағы ақындар секілді қаламақымен өмір кешу деген жоқ қазір. Жұмыс керек-ақ!

– Байқауымша өлеңдеріңізде лирика басым...

– Өлеңдерімнің барлығы дерлік сағыныштан жазылған. Мен көп сағынамын. Адамдарды, сәттерді аңсаймын...

 

– Серік Ақсұңқарұлы сіздің шығармашылық ізденістеріңізді елден ерекше деп бағалағанын білемін. Аға буыннан, оның ішінде өзіңіздің үлгі тұтар ақын ағаңыздан осындай оң пікір есту қандай сезім сыйлайды? Осындай бағаға лайық болу үшін не жазу керек? Қандай айқын болу қажет?

– Бұның салмағы ауыр. Солай айтқан екен, сол деңгейден түспеу керек. Бірақ, өлең жаза алмай қойған күндері алаңдап кетемін.

 

– «Топан мұңның тербелсін толқынында, ақ желкені жыртылған жүрек-кемеңізді» кірлетпей, жасытпай, мұқатпай қалай сақтап келесіз?

– Кірлеген де шығар?! Жаратқанға аян! Тап-таза болса әулиеге айналар ек. Бірақ, қоқыс басқан жүрекке өлең қонбайтынын білемін.

 

– Өлеңдеріңізде қоштасуды көп жазады екенсіз. Өміріңізде қоштасу көп болды ма? «Қош бол!» деп айтып, КЕТУ мен «Қош бол!» деп айтып, ҚАЛУ-дың қайсысы ауыр?

– Иә, қоштасулар болды. Ғашығыммен қоштастым. Соның өзі қайда жатыр. Өзіме ең жақын жанды көре алмаған адаммын. Қолынан ұстамадым, құшақтамадым, тілдеспедім. Бұл енді басқа әңгіме...

– Ақындарда замандастарына, қаламдастарына сыр ашып, жыр жазу дәстүрі бұрыннан бар. Сіз Азамат Шохшин, Ерзат Ермағамбет, Шыңғыс Мұқаев, Жоламан Әйткен сынды азаматтарға өлең арнапсыз. Өлеңдеріңізді оқып, кейіпкерлеріңіз жайлы іздеп, таныстым. Әрқайсысы өз орны, өз жолы бар жандар екен. Сол жырлардың бірінде: «...Жүректе өлген естелікке өмір бер, Беттеспейтін шындығыңмен беттесіп...», – дейсіз. Менің білгім келетіні – сіздің жүрегіңізде өлген естелік қандай? Беттеспейтін шындығыңыз не?

– Бұл жолдарда көп дүние жатыр. Сол естеліктер, шындық – сенің нақ болмысың. Көбі содан қашады, кеудесіне жерлейді. Жерлейді, жоқ қылмайды. Содан адамдардың көбі өзін жоғалтады. Сен сол өткен күндерің жасап шыққан мүсінсің. Өзіңнен қашпа! Жүректе өлген естелікке өмір бер дейтінім сол! Шындығыңмен табыс! Бірақ, бұл ақындарға ғана келетін секілді?! Шығармашылыққа түк қатысы жоқ адамдарға «бұл тема өтпейді»!

 

– «Кеудеңіздегі шөлдеп жүрген жаныңызға, қаңғыған дауыл алып кете беретін будақ бұлттар» не? Сол бұлттардың «нөсерінен» не күтесіз?

– «Көп керек емес, Алматыға да, маған да, сәл ғана мейірім, аз ғана шуақ жетпейді-ақ». Бұл – Есенғали Раушановтың өлеңі. Менікі де осы жағдай! Несін жасырайын!? Сәл ғана мейірім, шуақ жетпейді. Нөсер дегенім сол – мейірім! Бұлттар  – жақын адамдарым. Дауыл дегенім  – тағдырдың кейбір сәттері.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Саяжан ҚАЙДАР,

«Найзатас» журналы