26

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын: «АҚЫНДЫҚТЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮРЕК ОТЫН ӨШІРІП АЛМАУ»

 «Өлең сергек болуға үйретеді» дейді біздің бүгінгі сұхбаттасымыз, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Шарахымбай. Бөкең – поэзиялық, көркем эссе және тарихи-танымдық тұрғыдағы оннан астам кітаптың авторы. Шығармалары түрік, ағылшын, орыс, өзбек, қырғыз, тағы басқа тілдерге аударылған. Бала кезінде жазушы болатыны туралы әлдебір ішкі тылсым дауысты  естіп, қанаттанған қаламгер сол кезден бастап жазуға бет бұрып, әдебиет әлемінде жемісті еңбек етіп келеді.

–«Күніне бір өлең оқыған адам – адам, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат» депті ұлы Расул Ғамзатов. Сіздіңше өлең деген не?

–Өлең деген сұрақтар мен көп нүктелер. Басқашалау айтсақ, шексіз кеңістік, терең құпиялық, шытырман болмыс...

–Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбектің «Күй – күйзелістен туады» дейтіні бар. Ал, өлең қайдан туады?

–Кез-келген өнердің түп-тегінде ашыну, ширығу, күйіну, күйзелу жатыр. Ал ширығу мен ашынуды ішкі температуралық қысым тудырады. Асан қайғыша қайырсақ, «Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады». Басқаша болуы мүмкін емес. Ширыға, ащына, күйзеле білмеген адамнан шығармашылық тұлға шықпайды. Яки, күйзеліс пен ширығу кез-келген өнердің түп негізі. Өлең кейде таң қалудан да туып жатады. «Бұзықтар өледі пышаққа құлшынып, сұлулар өледі құшақта тұншығып, арғымақ өледі артында шаң қалып, ақындар өледі бәріне таң қалып» демейтін бе еді қадірлі Қадыр Мырза Әлі?! Демек, таң қалуда өлеңнің бір қозғаушы локамативі.

–Бүгінде біреуді таң қалдыру, сендіру қиын деген пікірлер айтылып жүр. Осы пікірмен келісесіз бе?

–Айтып отырғаныңыздың жаны бар. Қазіргі жас буын үшін құндылықтар өзгерді. Кешегі оқырман қызыға оқыған реалистік дүниелер бүгін оқылмайды. Себебі құндылықтарға деген көзқарас ауысты. Бұл мәселемен тек қазақ қоғамы ғана бетпе-бет қалып отырған жоқ, бүкіл әлемнің бас ауруына айналып отыр. Адамзаттың рухани әлемі күн өткен сайын құлдырап, артқа шегініп бара жатыр. Енді бұл регрессті тоқтату мүмкін бе, жоқ па, білмеймін.Мұны түзету үшін әлемнің үздік бастары уайым жеп, қам жасауда деп естиміз. Бірақ, одан жағдайдың жақсарып жатқаны шамалы.

–Мұны кімдер істеп отыр сонда?

–Мұны адамзатты оңай басқаруды мақсат ететіндер істеп отыр.

–Ойыңызды анық жеткізсеңіз?

–Мұны істеп отырғандар – саясат әлемінің ойыншылары, саяси олигархтар. Бұлардың кез-келген бағдарламасы – адамзатқа қарсы бағытталған: неғұрлым күшті болу, жер-жаһанды өз қалауынша бөлшектеп, билеп-төстеу, сөйтіп еш уайымсыз басқару.  Адамзатты басы байлы өзіне тәуелді ету, қоғамды өз дегенінен шықпайтын роботқа айналдыру. Мұндай билеп-төстеушілер үшін рухани байлық, адамгершілік, ізгілік деген ұғымдар мүлдем жат жәрсе. Оларға парасатты ұғымдар қажетсіз. Ал, ізгілік – адамның адам болып қалыптасуындағы ең басты рухани тірек-қасиет емес пе! Ақын-жазушылар адам бойындағы осы қасиет үшін күреседі, осы рухани тіректің барынша кең жайылуына қызмет етеді. Қасиетті қалам ұстағандардың атқаратын  басты миссиясы – осы. Бұл тұрғыда қаламгер мен саясаткердің жолы бір емес.

Бұрын жұрт рухани құлазыса керек дүниесін кітаптан іздейтін, қазір кітаптан рухани нәр іздейтіндер аз. Бұл нені білдіреді? Адамзат баласының рухани азғындау алдында тұрғанын білдіреді. Оған мысалдар жеткілікті. Ендеше осы рухани азғындықтан, кері кетушіліктен адамзатты аман сақтап қалатын бір құтқарушы болу керек емес пе? Сіздіңше ол кім болу керек?

Кітап! Иә, мұндай зор көлемдегі рухани құлдыраудан адамзатты тек кітап қана құтқарады. Өйткені, философтардың айтуынша, адам – Құдайдың кітабы, тағдыр – Құдайдың жазуы. Киелі кітаптар көнеден бар әлдебір рухи тылсым құпиялардың сақтаушысы. Ал бүгінгі кітаптар – өмірдің сол рухи тылсым құпияларын ашу көздерінің шексіз қайталануынан туатын қарапайым, барынша жеңілдетілген нұсқасы. Ал, жазушы осынау көне кітапта сақталған Құдай сөзін қастерлеудің , жазмышты кие көрудің дара өкілі.

–Қазақ үшін «ақын» деген ардақты есім. Ақындық жолға қалай келдіңіз?

–Мен өзім адамзаттың «алтын бесігі» саналатын қасиетті Қазығұрт елінің тумасымын. Осы өңірдегі Қақпақ ауылында туып өстім. Менің арғы бабаларым өскен-өнген, мыңғырған мал айдаған бақуатты кісілер болыпты. Олар тапқан-таянғандарын өздері жамбасына басып, ішіп-жей бермеген, ауылдан мектеп салдырған, Ташкенттен мұғалім алдырып, бала оқытқан. Осының бәрі елде аңыз болып тараған. Ескіше хат таныған, бірнеше тілде сөйлеген. Шарақымбай атамыз қалада оқып жүргенде Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ермекбай Қарсақбаев, Қажымұқан Мұңайтпасұлы сияқты атақты кісілерге жақын жүріпті. Әкеміз Жұмын алдымен бухгалтерлер дайындайтын жоғары курсты, сосын Шымкент Пединститутының тарих факультетін тәмамдаған. Өткен ғасырдың 60-жылдары елімізге белгілі тұлға Қалаубек Тұрсынқұловпен бірге Қаратас аудандық жастар ұйымын басқарды. Кейін отбасылық жағдайға байланысты ауылға оралып, өмір бойы колхозда бас есепші қызметін атқарды. Әкеміздіңбойында жақсы қасиеттер көп еді. Ақын-жазушылармен көп араласты. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, Тұтқабай Иманбеков, Қаныбек Сарыбаев, тағы басқалар біздің үйдің құрметті қонақтары еді. Қызметін Келес аудандық жастар комитетінің нұсқаушысы ретінде бастап, кейін Шымкент облыстың жастар ұйымына, сосын республика жастарына жетекшілік жасаған Өзбекәлі Жәнібековпен де сыйлас болды, ол да қонақ болған үйде. Олардың әр келгені біз үшін үлкен той. Тіпті бірнеше күн қонып та қалатын. Анамыз оларың жейдесін жуып, жағаларын ағартса, біз шалбарларын үтіктеп, аяқ киімдерін мұнтаздай етіп тазартып қоятынбыз. Анамыздың жайған дастарқанынан дәм татқан осы ақын-жазушылардың көбі кейін қазақ әдебиеті мен өнерінің классиктеріне айналды. Әкеміз осылардың көбімен жанашыр дос болды. Соның арқасында үйімізден халқымыздың жақсылары мен жайсаңдары үзілген емес. Біз солардың қолына су құйып, батасын алып, шарапатына бөленіп  ержеттік. Одан жаман болғамыз жоқ. Біз үшін бұл өнеге, тағлым мектебі болды. Бұдан асқан қандай университет болуы мүмкін?! Әкеміз шығыс шайырларына еліктеп өлең де жазыпты жас кезінде. Әкеден қалған жақсы өнегенің бірі – кітап оқу еді. Ол кісі кітапты көп оқитын және үйде кісі қызығарлықтай кітап қорын жасады. Бір бөлменің екі қабырғасы түрлі жанрдағы кітаптарға толып тұратын. «Алдыңғы арба қайда барса, кейнгі арба сонда жүреді» демекші, біз де әкемізден көргенді істедік, кітап оқып өстік, келе-келе жазуға ден қоябастадық. Жоғарыда аты аталған ұлылардың батасын алдық. Сөйтіп жүргенде жазушы болсақ деген арман жылт ете қалды. Әкем, әрине менің агроном, колхоз бастығы болғанымды қалады. Бұл кезде мен болашақта кім болатынымды таңдап қойған едім.

–Сонда қалай таңдап қойдыңыз?

–Сегізінші әлде тоғызыншыда оқып жүргенімде бір түсті жиі көретін едім. Көзімді жұмсам болды үнемі аспанда ұшып жүремін. Жалғыз емес, ақ қанатты парақтардың қоршауында.  Бұл қалай деп қарасам, менің де иығыма қос қанат бітіпті деймін.Біресе қара түнек бұлттардың үстінде ұшып бара жатамын, біресе жарқыраған жұлдыздардың арасында жүремін. Біресе найзағай жарқылдарынан зәре құтымқашады. Қанатты достарым қалып қоймады ма екен деп жан-жағыма алақтап қарасам, олар түк болмағандай қатар ұшып келе жатады. Осы кезде «Сенің бұл өмірдегі мақсатың жазушы болу» деген өзімнің ішкі дауысымды, әлдеқайдан бір жаңғырып жеткен арманымның үнін естігеней болдым. Бұл одан кейін де бірнешерет қайталанды. Содан бастап жазуға шындап ден қойдым. Алматыға оқуға келгенде менің қолымда жазуға толы оншақты қалың дәптерім болды.

–Ол дәптерлеріңіз қазір қайда?

–Өртеп жібердім. Ашу үстінде қолжазбаларымды қалай отқа лақтырып жібергенімді байқамай қалдым. Сондағы өлеңдерімнің айқайлап шыңғырып жатқаны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Енді бәрі кеш...

–Ақын Фридрих Шиллер шабыт шақыру үшін жұмыс үстелінің тарпасына құрт түскен алмаларды салып қоятын болыпты. Шіріген алмаладың өткір иісі оның қиялына қанат бітірген, содан шабыт алатын болған. Сіз шабытты қайдан аласыз?

–Құстың ұшуға қалай дайындалатынын көріп пе едің?Ұшардың алдында мүлде өзгеріп кетеді. Қанатын қомдап, жерден көтерілген сәті тіпті ғажап көрініс. Шабыт та сол сияқты нәрсе. Шабыт – әрдайым өзіңмен бірге жаныңда жүреді, бірақ құбылмалы құбылыс. Кейде кенеттен пайда болады. Ұстап қалсаң, қиялыңа қанат бітіреді. Ұстай алмауың да мүмкін. Шабыт шақыру үшін кейде ұзақ дайындалуға тура келеді. Ондайда өзіңнен өзің дегбірің қашып, жер-дүниеге сыймай аласұрып кетесің: ішкі дауысыңды, өлең ырғағын, мәтін кілтін іздейсің. Кілтін таппай күйзелесің. Жалпы, шығармашылық азапты жұмыс, қажырлы еңбек, жүйкеге түсетін салмағы ауыр. Ол – оңашалықты, тыныштықты, жалғыздықты сүйеді. Өлең – жанның бұлқынысы, сананың сілкінісі ғой. Күй таңдамай жаза беретіндер болады, мен ондай қаламгерлердің қатарына жатпаймын. Мен күй таңдаймын, маған дайындық керек. Ал шабытыма бір мінсем, одан ұзақ уақыт түспеймін.

–Қазіргі жаңа қазақ әдебиетіне оқырмандардың неге көңілі толмайды?

– Біз өзі бір қызық уақытта өмір сүріп отырмыз. Қоғамдағы қай саланы алсаңыз да алаяқтар мен жолбикелерге толып кетті. Бұл тенденция әдебиет саласын да айнаалып өткен жоқ. Алаяқтардың шектен шыққаны соншалық, мәдениет пен әдебиет әлемін жаулап алды десе болады. Біріншіден, руханият саласын басқаратын дөкейлердің арасында әдебиеттің иісі мұрнына бармайтындар өріп жүр. Арасында Абай мен Мұқағалиды тірі деп есептейтін жарыместер бар десем сенер ме едіңіз?Осындайлардың кесірінен тонналаған қағаз ысырап болып жатыр, есіл қаржы желге ұшып жатыр. Екіншіден, әдебиет бизнес көзіне айналды. Бүгінгі ақын-жазушылардың көпшілігі әдебиетке табыс табудың, танымал болудың, жеке имиджін қалыптастырудың көзі деп қана қарайды, солай есептейді. Осындай шала сауатты, кем таланттар шын жазушыларға мән үйрететін, сын айтатын, кеңес беретін болды. Керек десең өзі дым жазбай-ақ жазушы, драматург, ақын атанып жүргендер де баршылық. Плагиаттың көкесі осы емес пе?! Әдебиетті түсінбеуге болады, кешірімді, менсінбеуге де болады, онда да кешірімді. Кещелікті кешірмеуге шарамыз жоқ. Ал енді киелі өнерді қорлау кешірілмес күнә... Осындайда  Антон Чехов еске түседі: « Біз бүгінде жаза білу дегенді ақ қағаздың бетіне сөйлемдерді толтыра білу деп жүрміз. Ал, шын мәнінде жаза білу дегеніміз – сол сөйлемдердің ішіндегі жарамсыздарын сыза білу» деп ескерткен еді-ау, жарықтық. Қолдан келсе, жазбағанға не жетсін?!

–Сіздіңше қазіргі қазаққа қандай әдебиет керек?

–Қазаққа бір-ақ әдебиет – көркем әдебиет керек. Социалистік реализм, сыншыл реализм, өндіріс тақырыбы, ауыл тақырыбы деген жасанды, жамау-жасқау теоремалардан бойды аулақ салсақ, кәнеки. Бізге Шекспир, Достоевский, Толстой, Лондон, Әуезов, Айтматов жасаған әдебиет керек. Олардың жасаған әдебиеттің бәрі бір-ақ әдебиет, ол – көркем әдебиет. Бізге керегі де осы әдебиет! Шығарма – сыншылар үшін, немесе әдебиет теоретиктері үшін жазылмайды, оқырман үшін жазылады. Оқырман оқыған кітабынан өміріне ғибрат алады.

Осы орайда бір мәселе: қазір әлемде әдеби номадизм (көшпелілік) дәуірі басталды. Сөз, ой, идея, форма, мәтін, пішін бір тілден екінші тілге, бір халықтан екінші халыққа оңай көшіп жүре беретін заман келіп жетті. Енді бұл процесті тоқтату мүмкін емес.

–Абай сынаған қазақ бізге жақсы таныс. Содан бері не өзгерді?

–Сенесіз бе, ештеңе де өзгерген жоқ. Әлі біреуге жалтаңдаған жаутаңкөз қазақ, шәкірт қазақ, тобыр қазақ, даукес қазақ. Мұның бәрі неден? Сауатсыздықтан. Сауатсыздық бар жерде ұрлық-қарлық болмай тұрмайды. Бұл жерде мен ой мен сөз ұрлығы, мәтін, идея ұрлығы туралы айтып отырмын. Сауатсыздық дегеннің бір аты жабайылық, мәңгүрттік. Бұл мәселеде де біз сауатсыз қоғамның туын ұстаушылар болып қалып отырмыз. Әсіресе жеке авторлық құқымызды қорғауға келгенде тым әлжуазбыз, біліміміз жетпейді.

Қазақстанда мемлекет заңын мойындамайтын, заңнан, моральдік кодекстен биік тұратын адамдар барда, Қазақ елі, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ұшпаққа шығады дегенге сенбеймін.

–Өлең былай жазылу керек деп ешкім үйрете алмайды. Сіздің өз өлеңдеріңізге деген көзқарасыңызды білсек деп едік?

–Меніңше, өлең – ақынның жеке көзқарасы бола алмайды, болған да емес. Мысалы менің өледерім енді менікі емес, оқырман еншісіндегі мүлік. Себебі өлеңнңің өмір сүретін жері – оқырман жүрегі. Оны қабылдау, қабылдамау ырқына енді солар ие. Сондай-ақ ақынның көзқарасы – ұлттық көзқараспен де шектелмейді, оның аясы біз ойлағаннан әлдеқайда кең әрі терең. Айтайын дегенім, поэзия – халықтық болу керек деген пікірмен келісемін, бірақ қарапайым жазамын деп қарабайырлыққа дейін төмендеуге болмайды. Өлең – жасампаз құбылыс, сондықтан да соңынан ерген халықтың алдында бастамашы болып жүруі керек.

–Жасыратыны жоқ, соңғы кезде біз жүздген қазақ оқырмандарын жоғалтып алдық, бүгін де жоғалту үстіндеміз. Сөз қазақ әдебиетін оқитын оқырман туралы. Айтыңызшы, біз оларды қайта оралта аламыз ба? Мүмкіндігіміз жете ме оған?

–Бұл – қазақ әдебиетіндегі өткір мәселенің бірі! Бүгінгі таңда орыс әдебиеті былай тұрып, ағылшын, фрацуз, неміс, испан, түрік, қытай тілдеріндегі әдебиетті аудармасыз-ақ тікелей еркін оқи беретін оқырмандар көбейді. Енді олардан «қазақ оқырманын» жасау оңай емес. Ол-ол ма бұрын екі тілді жазушыларымыз бар деп мақтанатынбыз. Бүгінде үш тілде бірдей жаза беретін интеллектуалдар пайда болды. Мысалы, Зәуре Баталова деген қарындасымыз үш тілде де – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірдей еркін жазады. Мұндай интеллектуал жазушылар арамыздан көптеп шығып жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын оралдық бір жас жазушы ағылшын тілінде кітап жазыпты дегенді естіп, таң қалғанбыз. Бұл процестің жалғасатыны айдан анық. Өкінішке орай бұл үрдістен біздің толқын кеш қалды. Айтпақшы, әңгіме қазақ оқырманы туралы еді ғой. «Өзгеге көзін сүзіп» кетіп қалғандар қазақ оқырманы болып қайта оралу үшін қайтпек керек? Ол үшін не істемек керек? Бұл өте ауқымды мәселе. Оған мемлекет араласпай бір шешімін табады деп айту қиын.

–Соңғы кезде өмірімізге жасанды интеллект дендеп кіре бастады. Сіздің ЖИ-ге көзқарасыңыз қалай?

–Жалпы, адам өзі түсінбеген нәрсенің бәріне үрке қарайтын әдеті. Қоғам да солай – өзі түсінбеген нәрсені қабылдай алмайды. Өмірімізге жаңа технологиялардың енуі екіұшты көзқарасты қалыптастырып отыр. Соның бірі – жасанды интеллект.  Көріп, біліп жүрміз, ЖИ-дің мүмкіндігі зор. Бұдан былай еңбек толықтай соған тиесілі болып, адамдардың оған әсері маңызсыз болып қала ма деген ойдың қатты мазалайтыны рас. Әйтпегенде ше?.. Мамандардың айтуынша, ЖИ-дің оқу деректерінің көлемі 45 теребайттан асады екен. Бұл дегеніміз –   15 млд. бетті қамтитын ақпарат. Адам бұл ақпаратты оқып шығу үшін оған шамамен  28 жылдан астам уақытын жұмсайды екен. Бұл деген адамның жарты өмірі. Сұмдық қой! Демек, бұл салада адам ЖИ алдында қауқарсыз. ЖИ барлық сала мамандарын, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бизнес пен қаржы, машина жасау, тағы басқа сала мамандарын өмірден ығыстырып шығарды. Ол ол ма, ЖИ шығармашылық, ой еңбегі, өнер атаулыға да ауыз сала бастады. Қазірдің өзінде сурет салатын, өлең шығаратын, шығарма жазатын «көмекшілер» пайда болды. Алдағы жақын уақытта бұл технологияның шығармашылық адамының ең басты қарсыласына айналуы ғажап емес сияқты. Шет елде қазірдің өзінде ЖИ көмегіне жүгініп жатқан жазушылар бар. Мысалы, канадалық жазушы Стивен Марш осыдан бірнеше жыл бұрын  «Метаморфозалар» романы мен «Автордың өлімі» повесін жасанды интеллектпен бірлесіп жазған. Орыстар Н. Гогольдің өзі өртеп жіберген «Өлі жандар» романының екінші томын жасанды интеллектінің көмегімен жазып шығуға кірісіп кетіпті. Келтіре берсең мұндай мысалдар көп. Тіпті соңғы кезде адамдар оған сенімді ақпарат көзі ретінде қарай бастаған. Мен осыдан қорқамын. Ертең адамдар жаппай ЖИ-дің қызметіне жүгініп, соған бет бұрып кетсе, не болмақ? Оның үстіне ЖИ дәл қазіргі қалпында қалмайды ғой, жан-жақты жетілдіріледі, дамытылады. Оның дамуы әлбетте адамзаттың ойлау қаблетіне әсер етеді, тежейді. Құдай сақтасын, алда-жалда бақылауды қолдан шығарып алсақ ше? Аяғы «роботтар көтерілісіне» ұласып, «адамзаттың ақырымен» аяқталып жүрмей ме деген қорқыныш бар...

–Жас қазақ әдебиеті туралы не айтасыз?

–Біздің қазақ әдебиеті жаңа бір күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Үлкен бір рухани жарылыс үстінде тұрғандай. Әр нәрсенің өз мезгілі бар: пісіп жетілетін, сосын жеміс беретін. Мысалы ұлт тұншығып өлмеу үшін қазаққа жаңа поэзия ауадай қажет. Поэзиясыз қазақ өмір сүре алмайды. Жаңа поэзия қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Соған қуанамын. Проза жанрында да алға ілгерілеушілік жоқ емес.

Біз қазақ әдебиетінің жаңғыратын, қайта түлейтін мезгілінде өмір сүріп отырмыз, бізге жаңа ақындар, жаңа идеялар, жаңа мәтіндер керек деп осыдан оншақты жыл бұрын айтқан едім. Әлі сол ойдамын, енді шегінуге жол жоқ. Артымызда жастардан үміт күткен Қазақ елі тұр. Осы күнге дейінгі әдебиет жалпы көпке арналған таптауырын сөйлемдер жиынтығы болып келді, ол түсінік өзгерді. Ендігі әдебиет белгілі бір саналы топқа бағытталуы керек. Яғни, әдебиет жалпыға емес, талғамы нәзік, талабы жоғары, жаны көркем дегдар жандарға тиесілі жанрға айналуы тиіс. Осындай ақындар мен жазушылар керек бізге де...

                                                                               Әңгімелескен Динара Мәлікова