– Оқырман сізді Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Құндылықтар академиясының, «Қыр баласы» ҚҚ Басқарма мүшесі, драматург, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, аудармашы, алаштанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, эссеист, балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген жазушы ретінде таниды. Бүгінгі сұқбатымыз шығармашылық һәм ғылымдағы жолыңызға арналады. Сондықтан ең әуелгі сұрағымды мынадан бастасам, «жазушы деген көп жазатын емес, көп оқылатын адам» деген сөз бар, ал сіздіңше, жазушы қандай болу керек (қабілет пен таланттан бөлек)? Сондай-ақ, өзіңіздің тұрақты сүйіп оқитын авторыңыз кім?
– Мен бірнеше жанр бойынша қалам тербеймін. Оның ішінде проза, драматургия, алаштану, әдебиеттану, әдеби сын, аударма, көсемсөз, эссеистика, мемуаристика, балалар әдебиеті бар. Әр жанрдан қажетті дүниелерді өзіме алып отырамын. «Жазушы көп жазатын емес, көп оқылатын адам» деген пікірмен бір жағынан келісем, бір жағынан келіспеймін. Келіспейтін себебім, Л. Толстой ‒ өте өнімді жазған жазушы. Сол секілді Оноре де Бальзак та көп жазған, соның бәріне «Адамзат комедиясы» деген ортақ атау қойғанын білесіз. Аз жазған авторлар да болған, әлбетте. Мәселен, өмірден ерте өткен Рюноскэ Акутагава. Оның 2-3 кітапқа ғана арқау боларлық новеллалар тудырған. Бірақ, көлемді болса да, аз болса да аты аталғандардың бәрі тарихта қалды ғой. Енді өзімнің сүйіп оқитын авторларымды айтар болсам, бұлардың қатарында: Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Т. Әлімқұлов, Т. Айбергенов, А. Сүлейменов, Д. Исабеков, М. Мақатаев, М. Мағауин, Е. Жақыпбек, Т. Шапай, Е. Ашықбаев, Қ. Шолақ, Е. Раушанов, Г. Салықбай, Е. Жүніс, т.б. бар. Ал, әлем классикасынан Хорхе Луис Борхес, Карлос Фуэнтес, Алехо Карпентьер, Кобо Абэ, Юкио Мисима, Владимир Набоков, Умберто Эко, Орхан Памуктарды сүйіп оқимын. Жалпы өзім жазушы бойынан талант, қабілетпен қатар еңбекті бірінші орынға қоямын. Өйткені, еңбекқорлық болмаса, жазушылық та жоқ деп ұғам. Бұл ‒ өнерге де, өмірге де, ғылымға да ортақ құндылық.
– Ғылымдағы және шығармашылық жолды таңдауға не себепші болды?
– Бұл ‒ әдебиетке, ғылымға деген сүйіспеншілік. Жазғанды, оқығанды жақсы көрем, құмартам. Біз енді әдебиетті әуесқой дүние ретінде қарайтын кезеңнен өттік. Көбісі әдебиеттің қиын сала екенін түсінгенде кетіп жатады. Әдебиетте қалай келу емес, қалай тұрақтап қалу маңызды.
– Жазу барысында қандай дүниелерге ерекше мән бересіз?
– Құрғақ сюжетті аса ұнатпаймын. Әр шығармада, әр материалда оқырманға бір хабар, бір идея жеткізуге тырысам. Егер идея болмаса, онда көркем шығарманы да жазудың керегі жоқ деп ойлаймын. Адамның жаны мен санасы терең дүние екенін білесіз. Ал, оған әсер ету оңай емес...
– Көркем туындыны жазарда нақтылы жоспармен жүресіз бе?
– Иә, ең әуелгіде жоспар болады. Ол санамда пісіп-жетіледі. Сосын оны қойын дәптеріме түртіп аламын-дағы, сол бойынша ойланып-толғанып жүрем. Өйткені, құрылым болмаса тағы қиын. Дайын болды-ау дегенде ғана жазуға отырам, ал артық-кемін аямай қысқартам.
– Сіз шығармаңызға қажетті деген материалдарды қайдан жинайсыз?
– Прототип те, сюжет те өмірден алынады. Мен өмірлік материалдарды алыстан іздемеймін. Өзім көрген, өзім түйсінген, жүрегімнен, санамнан өткізген дүниелерді көркем шығармада қолдануға тырысам.
– Әдеби шығармаларыңызды қалай өңдейсіз? Жазу барысында көңіліңізге олқы деген тұстары бірден өшіріледі ме, әлде кейін қайтып ойыңызға түрткі болу үшін сақтап қоясыз ба?
– Алдыменен, бәрін түгел жазып алам. Екіншіден, үстінен тағы бір сүзіп шығам. Үшіншіден, олқы деген тұстарын алып тастаймын. Өзді-өзіме сыни көзбен қарағанды жақсы көрем. Ұнамаған жерлерін қырнап-жонып тастаймын.
– Шығармашылық жолыңызда қандай қиындықтар болды? Олармен қалай күрестіңіз?
– Ең бастапқыда қаржылық қиындықтар туындады. Бұл – классикалық жол. Үйленіп, отбасылы болған соң әдебиетпен айналысасың ба, әлде отбасыңды асырайсың ба деген мәселе тұрды, алдымда. Дилемма десек те болады. Бірақ, Алланың жәрдемімен екеуін де қатар алып жүрмін. Бәріне де уақыт табуға тырысам. Шынайы берілген, өз ісін сүйетін адам ғана әдебиетте, ғылымда қалады деп есептеймін.
– Осы кезеңге дейін сізге қандай тәжірибе жаныңызға жылу сыйлайды?
– Алғаш рет драма жазғаным әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қиналдым, түнімен ұйықтамадым. Бірақ, бір жақсы шығарма сұлбаланып келе жатқанын сездім. Бұл 6 мамыр, 2016 жыл болатын. Осы уақытты ешқашан ұмытпаспын. Кейіндері сол драмам Алматының бір театрында сахналанды, көрерменнің ықыласына бөленді.
– Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушы ретінде балалар әдебиетінің барынша өркендеуіне кішкентай болса да түрткі болар қандай факторларды атап өтесіз?
– Балалар әдебиеті деген ол – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Сондықтан сіз балаларды ғана емес, ұлтты тәрбиелеймін деген ниетпен, оймен жазсаңыз, көркем туындыңыз әлдеқайда өнімді, өтімді болады деп есептеймін.
– Бір сұқбатыңызда: «Бізде саяси тақырыпқа барсаң міндетті түрде билікке қарсысың, ал діни тақырыпқа қалам тербесең діндарлар қатарына қосып қояды» деген ой білдіріпсіз. Осындай сырттай тон пішетін кісілер қазір де, болашақта да кездесе берері мәлім. Десек де, мұндай көзқарастар сіздің тақырыптық тұрғыдан еркін көсілуіңізге қаншалықты тұсау болады?
– Иә, өстіп сырттай тон пішу бар. Өйткені, көбісі сіздің шығармаңызды толық оқымайды немесе сізді толық білмейді. Бір-екі сұқбатыңызды я бір-екі материалыңызды оқығаннан кейін сондай үстірт пікір айтады. Мен адаммен сөйлесерден бұрын ол туралы азды-көпті ақпарат жинаймын. Сондықтан, әуелгіде, бір дүниені сұрамас бұрын ол туралы толығырақ білген дұрыс. Мен үшін тақырып деген шартты дүние. Тақырыпқа қоғамдағы белгілі бір көкейкесті мәселе деп қана қараймын. Мен тақырыпты емес, тақырып мені тауып алады.
– Алдағы 2-3 жылда қандай шығармашылық және ғылыми жоспарыңыз бар?
– Негізі, жоба-жоспарымды көп айта бермеймін. Өйткені, бәрі ойдағыдай орындалғаннан кейін ғана елмен бөліскенді қолай көрем. Әзірге бәрі құпия боп қалсын, уақыты туғанда ести жатарсыздар.
– Биыл, 2024 жылы жарық көрген метароманыңыздың «Мұтылған» аталуы мен тарихтағы Мұтылған, яғни Шәкәрім арасында байланыс бар ма?
– Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мытылғанның өмірі» атты толғауында: «Жаралы жаным шықсын деп / Қара жер мені жұтсын деп / Өлген соң елім мұтсын деп / Атымды қойдым ‒ «Мұтылған» деп жазады. Бұл ‒ қиналыстан, ішкі толғаныстан, жанның қысылғанынан шыққан сөз. Мұтылған ‒ ойшыл Шәкәрімнің псевдонимы. Романымда қазіргі қазақ қоғамы туралы айтылған-ды. Сол себепті, «мұтылған» деген атауды, қазақ үшін таныс ұғымды тағы бір жаңғыртып, оған басқаша реңк, мазмұн дарытқым келді.
– Метароманыңыз шығармашылық жолыңызға қаншалықты әсер етті?
– Жазушы, ақын, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі Нұржан Қуантайұлы «қазақ әдебиетіндегі тұңғыш метароман» деп баға берді. «Мұтылған» ‒ тынымсыз ізденістен туған көркем шығарма. Себебі, онда жаңалық көп: сюжет өрбітуде, кейіпкерлер жүйесінде, баяндау тәсілінде, құрылымында, стилінде, т.с.с. Осы нәрсенің барлығы қоғамдағы, адам санасындағы түрлі түйткілдерді ашып көрсетуге қызмет етуге тиіс. Романымды жазарда саналы түрде классикалық жолдан қашуға тырыстым. Себебі, біреудің сәтті көшірмесі я эпигоны болуды қаламадым...
– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Отбасыңызға амандық, денсаулық, қуаныш және жұмысыңызға табыс тілейміз.
– Рақмет!..
Әңгімелескен: Ризуан ЫРЫС, жас әдебиеттанушы,
Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты.