Медиасауаттылық және жасөспірімдер: жаңа құзыреттерді дамыту

Қанат Әуесбайұлы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты және биыл «Arman-PV» баспасынан  жарық көрген “Жаһандық құзыреттер” оқулығының авторы.

Сұрақ: Қанат мырза, бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі өзекті болып отыр. Бұл жағдайдың алдын алуда медиасауаттылық қандай рөл атқара алады?

Қанат Әуесбайұлы: Өкінішке қарай, өз-өзіне қол жұмсау мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де үлкен қауіп болып отыр. Жасөспірімдер эмоционалды тұрғыдан өте нәзік кезеңде болады және көп жағдайда олар ақпаратты сын көзбен қабылдай алмайды. Әлеуметтік желілердегі манипуляциялар, жалған ақпараттар, және қорлау жағдайлары жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Осы тұрғыда медиасауаттылық оларды ақпараттық кеңістіктегі қауіптерден қорғайтын маңызды құрал. Arman-PV баспасынан жарық көрген «Жаһандық құзыреттер» оқулығы арқылы біз балаларға ақпаратты қалай дұрыс талдауды, психологиялық қысымға төтеп беруді және шынайы деректерді ажыратуды үйретеміз. Бұл дағдылар өз-өзіне қол салудың алдын алуға және балалардың ақпараттық қауіптерге қарсы тұруына ықпал етеді.

 

Сұрақ: Қазіргі заманғы оқушыларға медиасауаттылық пәні не үшін маңызды?

Қанат Әуесбайұлы: Қазіргі ақпарат дәуірінде медиасауаттылық — тек білім емес, өмір сүрудің қажетті дағдыларының бірі. Жасөспірімдер күнделікті интернетте, әлеуметтік желілерде ақпараттың үлкен ағымына тап болады. Бұл жерде олар шынайы ақпарат пен жалған ақпаратты ажыратып, манипуляциялардан қорғана білуі керек. Arman-PV баспасынан жарық көрген «Жаһандық құзыреттер» оқулығы дәл осы мақсатта құрылды. Біз тек теориямен шектелмей, нақты өмірде қолдануға болатын практикалық дағдыларды да қамтыдық. Бұл пән қазіргі жастарға ақпараттық кеңістікте қауіпсіздікпен жүріп-тұруды үйретеді. Бұл оқулықты ARMAN-PV баспасы 5-9 сынып оқушыларына арнап дайындады, бірақ жалпы пән 11 сыныпқа дейін оқытылады.

 

Сұрақ: Оқушылардың заманауи ақпараттық ортада өзін-өзі қорғау қабілетін дамытуда бұл пәннің қандай рөлі бар?

Қанат Әуесбайұлы: Жасөспірімдер тек тұтынушы ғана емес, сондай-ақ ақпарат жасаушы және таратушы да болып табылады. Олар өз ойларын интернетте ашық білдіре отырып, сын мен шабуылға жиі ұшырайды. Сондықтан медиасауаттылық оларға бұл ортада қалай дұрыс әрекет етуді, ақпараттық шабуылдардан қорғануды және жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Бұл дағдылар оқушыларға тек мектепте ғана емес, болашақта да өте қажет болады.

 

Сұрақ: Қазіргі ақпараттық кеңістіктің өз-өзіне қол жұмсауға әсері туралы пікіріңіз қандай?

Қанат Әуесбайұлы: Қоғамдағы өз-өзіне қол салу оқиғаларының артуы үлкен алаңдаушылық туғызуда. «Вертер эффектісі» деген ұғым бар. Вертер эффектісі – бұл бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол жұмсау туралы ақпараттардың көп таралуы салдарынан басқа адамдардың да осындай әрекетке баруына итермелеуі. Бұл құбылыс жасөспірімдер арасында ерекше қауіпті, себебі олар эмоционалдық тұрғыдан әлсіздеу және осындай ақпараттарға ерекше сезімтал. Осы мәселенің алдын алу үшін медиасауаттылықты арттыру және дұрыс ақпарат тарату әдістерін қолдану қажет.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде медиасауаттылыққа ерекше мән беріледі. Болашақ журналистерге ақпаратты сын тұрғысынан талдауды, жалған ақпаратты анықтауды және кәсіби этиканы ұстануды үйрету өте маңызды.

Біз ақпараттық кеңістіктегі қауіптіліктерден балаларды қорғауымыз керек. Сонымен қатар, отбасылық қолдаудың маңызы өте жоғары. Егер отбасында дұрыс қолдау болса және ақпараттық кеңістіктегі қауіптерден қорғана алса, өз-өзіне қол жұмсау деңгейін төмендетуге мүмкіндік бар.

 

Сұрақ: Жаһандық құзыреттер пәнінің осы мәселелердің алдын алудағы маңызы қандай?

Қанат Әуесбайұлы: Қазіргі таңда оқушылар бұл пәнді факультатив ретінде оқиды. Алайда заманауи әлемнің жылдам өзгерістерін ескере отырып, бұл құзыреттердің маңыздылығы артып келеді. Уақыт өте келе, жаһандық құзыреттерді негізгі пән ретінде оқыту қажеттілігі туындайды деп ойлаймын.«Жаһандық құзыреттер» оқулығы оқушылардың сыни ойлау қабілетін, қаржылық және медиасауаттылығын дамытуды көздейді. Бұл дағдылар ақпараттық қауіптерден ғана емес, өмірлік маңызды шешімдер қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл оқулықта адам құқығы, экологиялық мәдениет, өмір сүру қауіпсіздігі және азаматтық пен патриотизм сияқты маңызды тақырыптар да қамтылған. Мәселен, экологиялық мәдениет табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, ал өмір сүру қауіпсіздігі төтенше жағдайларда өзін-өзі қорғауға үйретеді.

Осы дағдыларды меңгерген оқушылар тек мектепте ғана емес, бүкіл өмірінде бұл білімді тиімді пайдалана алатынына сенімдімін.

 

Сұхбаттасқан: Назерке Ербол