Сыршыл да нәзік, өмірге құштар, өлеңге адал ақын Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» атты лирикалық жыр жинағын тамсанып оқып шықтым.
Ақын: «...Көз жасын күн сүйетін көктеммін – мен...», - деп жырлайды
«...Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге, Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін...», - деп өлең өреді.
«...Кеудемдегі ақиқаттың тармағын, Келем үнсіз өлең қып...», - деп тебіренеді.
«Жанымды оқы, жанымда бәрі жазулы» деп ағынан ақтарылған ақынның әр өлеңінен жанының сәулесі төгіліп тұрғандай. Әдемі әсерге бөленген күйі автормен сырласқым келді. Шығармашылық болмысына бойлап, ішкі әлеміне саяхат жасағым келді. Толқын ақынға бірнеше сауал жолдап жібердім. Көп күттірмей жауап хат келіп түсті. Бірге оқиық, мәртебелі оқырман.
– Толқын Шахарбекқызы, сізге ұнайтын сол бір сәтте қандай сезім бар?
– Мен жалпы, өмірдің әр мезетінен базынасыз бақыт құшып, риясыз шаттыққа бөлене білетін болмыс-бітімнің иесімін. Жаратқанның маған берген ең ұлы нығметі де осы болса керек. Мені баладай қуанту үшін мөлт еткен мөлдір ғаламның өн бойындағы шынайы сәттердің өзі жеткілікті. Сондықтан, маған ұнайтын осы бір сәт – кеудемді қуаныш боп кернеп, өмірге өлең болып төгілген тұп-тұнық әр мезет, өмір жолымда кезіккен жаны жайсаң жақсы адамдар, жүрегіме толқыныс сыйлаған кіршіксіз сезім, алып-ұшып, арманға құлаш сермейтін алғаусыз сенім, қандай қиындық болмасын, жеңіп шығатын ішкі тегеурін мен ақ адал ниетім.
– «...Ақын болу азабын,
Адам болу мұратын,
Сезіндірген бұл жолда,
Сағынышым – қуатым...», - деп жазыпсыз. Сіз қуат алатын сағыныш қандай?
– Мен қуат алатын сағыныш адалдық пен арман дейтін аяулы ұғымдармен егіз секілді. Ақын Төлеген Айбергенов ағамыздың жыр жолдарында кезігетін, «адамның заңғар ұлылығын сен, сағынышымен есепте!» деген қағидатпен тынысым шын мәнінде етене. Соған қарағанда, мен өмірді сағынып сүретін, сарылып күтетін, сүйер болса, жан-тәнімен сүйетін жандардың қатарынан болсам керек...
– Жаныңызға бір мейір жетпейді. Неге?
– Жаныма бір мейір жетпейтін сәттер бар, ия... Жалпы, өмірді, тағдырды бір-ақ ауыз сөзбен, «бір кем дүние» деп бағалаған бабаларымыз көреген ғой. Ойланып қарасақ, айналамызда төрт құбыласы түгел, бақытының базары тасыған, әттегенайы жоқ адамдар некен-саяқ болса керек. Сол секілді, маған бәрін үйіп-төгіп берген Тәңірдің нығметінде бір кем дүние, сол «мейірім мен махаббат» бәлкім. Бұл, әрине, жаны нәзік, жолы нәзік әйел заты үшін, соның ішінде ақын үшін, ең бағалы сезімдер екенін мойындаймын.
– Айтылмаған сырдың бәрі асыл ма?
– Мүмкін, бұл жыр жолдарым, өлең болып, өз-өзіммен тілдескен, өзім жауап іздеп, шарқ ұрған сәттердегі өзіме хәм оқырманға жолдаған риторикалық сауал болса керек.
«Айтылмаған сырдың бәрі асыл ма?» ...Рас, асыл болар?! Бағамдап қарасақ, «Сыр» деп ат қойып, айдар тағылған осынау жалғыз сөздің аманаты да алабөтен ғой. Ол неліктен сыр? Неліктен құпия? Сырыңызды бүкпей айтар ең жақыныңыз кім? Және ең ұлы ақиқат, адамнан жасырғаныңды, Алладан жасыра алмайтының емес пе? Ендеше, бұл сауалдың төңірегінде күмілжитін тұстар жоқ деп айта аламыз ба? Сенімнің көкжиегінде кімдер тұр? Асыл мен арзанның ара жігіндегі алшақтықтар қандай? Бұл әрине, әлі күнге ойланатын сұрақ... Ал, енді сыр жасырғың келмейтін адамыңның болары, кейде, әлемге алақайлап айтқың келетін шаттығыңды айта алмай, сыр-сандықтың түбіне іркуге мәжбүр болатынымыз тағы бар. Олай болса, мені өлең болып толғандырған бұл сұрақтың көп адамның көкейінде жүруі де заңдылық сынды...
– «Ең бақытты әйел менмін жердегі», - дейсіз. Сіз секілді ең бақытты болу үшін не қажет адамға?
– Менің бақытым, ол адамдарға рисыз сене білетінімде, есепсіз сүйе алатынымда, өзгелер үшін шын қуанатын әр минутымда, сәбиімді құшқан, сүйгенімнің тынысын сезген сәттерімде болса керек. «Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар, дәл мендей биік ұша алмас!» дейтін жыр жолдарым да бар бұл тұрғыдағы.
– «...Өлеңді сүйген жүректе жатыр бар кінәм. Өлең боп соққан жүректе ғана бар кінәм...», - дейсіз. Бұл – өзіңізді ақтап, өлеңді кінәлау емес пе?
– Біздер, ақындар қауымы, қалыпқа сыймайтын, кей қағидаттардың аясынан тыс ғұмыр кешетін, аласұрып, аңсар құшып, кейде, тіпті, айналасынан, ет жақынынан да жырақтап үлгеретін жұмбақтау жаратылыс иелеріміз ғой. Сондықтан, кейде өзіңді-өзің жұбату үшін, кейде тағдырға дат айту үшін, солай ақталған болармын, кім білсін?... Алайда, өлеңнің кінәсіз екені анық.
– «Сүйген сәттің әр мезеті – тағылым», - дейсіз «Сүйеді екем...» өлеңіңізде. Тағылымы мол ол қандай сезім?
– Мен үшін тағылымы бөлек бұл сезім, мені әркез адалдыққа жетелейтін, нәзіктігімді арттыратын, бойымдағы ізгілік атаулыны еселейтін, рухани өсуге, пейілдің тазалығына баулитын ең кіршіксіз сезім деп білемін.
– «...Әр күн сайын
Бақыт кейпін безбендеп,
Ғұмыр кешу, бәлкім, біздің мықтылық?...», - дейсіз. Өзіңіздің мықтылығыңызды неде деп ойлайсыз?
– Менің мықтылығым, бәлкім, тағдыр жолымда сын сағаттар туғанда, тура жолдан тайқып кетпегенім, шарқ ұрып, сергелдеңге түскен сәттерімде сынып кетпей, отбасым, Отанымды сақтап қалғаным, аласапыран күндерімде де өлеңнен алыстамағаным, өзіме, сезімге, жүректегі жыр дейтін құдіретке адал болғаным болса керек.
– Адам сағынғаны үшін жазықты бола ала ма?
– Адам сағынғаны үшін жазықты емес. Мұны мен мүмкін, кеш ұғындым...
– «...Қарашықта – сол баяғы сағыныш,
Жүрегімде – сол сұрақ...», - дейсіз. Жүрегіңіздегі сол сұраққа жауап таба алдыңыз ба?
– Жүрегімдегі сол сұраққа енді ғана, яғни, осы күндерде шынайы жауап тапқандаймын. Жүрегіме тыным таптырмаған, кеудемді кернеген, жан-тәнімді құлазытқан сан жылдардың өтеуіндей етіп, Жаратқан маған ең сұлу сезімді тарту етті. Сүйінуге, сенім артуға, жалындап жану мен өлең боп от құшуға мүмкіндік берді. Тағдыр кейде жолдарды тоғыстырады екен, төзіміңе тәбәріктей етіп, тамашасы мен тылсымын ұсынады екен. Жанарымдағы күллі сұрақтың жауабы бар, ендеше.
– «Өмір, бәлкім, ұғынғанға – үндестік...», - дейсіз «Үмітім бол, тек қана» өлеңіңізде. Сіздің жаныңыз үндесетін әлем қандай болуы керек?
– Менімен ұғысатын әлем, ол өлеңнің еншісіндегі ең аяулы сәттер болса керек.
– Адалдықтың құнын немен өлшейсіз?
– Адалдықтың құны адалдықпен, адамдықпен ғана өлшенеді, әркез.
Мейлі, маған мың жерден мың адам келіп, «Ғұмыр – жалған, өмір болған соң, сатқындық пен опасыздық қатар жүреді, адалдық пен арамдық та солай» деп уәж айтып, ақталса да, мен сенетін адалдық бар. Ол сондай кіршіксіз, тап-таза. Жанымның нәзік діріліндей, Жаратқанымның әміріндей, менің алғаусыз көңілімдей, баладай пәк сенімімдей, ең сұлу, ең әдемі, ең тұнық. Ендеше, адалдық дейтін құндылықпен егіз, сол сенімнің иесі аман болғай!
– Ең аяулы мезеттерді жоғалтуға не себеп болады?
– Тағдырым себеп болды. Жазмышым дейінші...
Жастығымды, сенімімді тәрк еткен жылдар мен өкінген кездердің еншісінде де Тәңірдің ұлы әмірі бар деп тәубе айтамын мен бүгін. Жаратқанның аса мейірімді, аса құдіретті хәм жанашыр екенін жадымыздан шығармасақ, нығметі де сансыз ғой, ұғынғанға...
– «...Жанымның кессем-дағы әр бөлшегін,
Жауабын таба алмаспын бұл сұрақтың...» дейсіз бір өлеңіңізде.
Сонда да жаныңыздың әр бөлшегін сөйлетіп, жауап табуға тырысайықшы:
Кім әлсіз?
Кімдер биік?
Кім қуатты?
– Кім әлсіз? Кешіре алмаған адам әлсіз. Кім биік? Дүниеге байланбаған, ар тұнығы лайланбаған, адалдығын, арманын, өзге жылтыраққа айырбастамаған адам биік. Кім қуатты? Пейілі таза, тілегі таза, шындығын жоғалтпаған, жалғандыққа жаны қас адам қуатты.
– Адалдығыңыздың, ғазал жырыңыздың айнасы не?
– Сезім.
«Ғұмыр деген шын сеніп, шын сүйінген,
Адалдыққа ынтызар сәттер ғана» дейінші, бұл сұрағыңызға жыр жолдарыммен жауап қатып...
– Күнтізбе, күнделік, дәптерді парақтағанда қандай ең ізгі сәттеріңізді іздеп тапқыңыз келеді?
– Күнтізбеге тәуелді ғұмырда, жоғалтқан құндылықтарымыздың аз емес екені анық: Қайтадан қауышқым келетін ең ізгі сәттерім, таңдайымда дәмі қалған балалық бал дәуренім; Әжемнің айналайынын естіп, ертегісіне елжіреген қайталанбас ғажайып күндер; Әкемнің өмірден озбаған, маңдайымнан иіскеп, өлең жазған әр сәтімді мақтан тұтқан сәттері; «Өзімнен аумай қалған ақылдым!» деп арқамнан қаққан алақаны. Қимайтын, ең ізгі сәттерім – жанымыздан жылыстауға асық жастық дәурен болса керек.
– Жаныңызға нені сүйеніш етесіз? Арыңызға нені сүйеніш етесіз?
– Жаныма жұбаныш, ғұмырыма сүйеніш болатын ең ұлы бақыт – балапандарым, ұл-қызымның амандығы деп ұғынамын. Сіз бен біз сүйетін ұлы Отанның іргесі сөгілмесе, ел аман, жұрт тыныш болса, туған тілдің ертеңі еңселі болса деген тілек жүректің төрінде. Арыма сүйеніш болар қуат, ақындық дейтін арда ғұмырда жұрт жақсы көріп, оқитын ойлы жыр жазып күн кешсек, абырой биігіміз аласармаса, өзім жырыма мәңгі муза еткен адалдық ұғымына сызат түспесе, сертімнен айнымасам, сол бақыт.
– Толқын Шахарбекқызы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін мың
«...Ар мұраты болмаса – Темірқазық,
Ай астында жүріп-ақ адасасың...», - дегеніңіздей, адастырмас жұлдызыңыз жарқырай берсін. Жанының нұры жоқтар қажытпасын. Жаныңыз сергелдеңге түскенде жүрегіңізге дем берген Өлең өлмесін.
– Сөз соңында, Еламан, өзіңізге де шығармашылық шалқар шабыт тілеймін. Тау-тасы тұнған тарих өлкеңіздің даңқында тұлғалардың есімі менмұндалап, бақытты ғұмыр кеше бергейсіздер! Сол өлкеде елмен етене тойлайтын мерейлі сәттеріңіз көп болғай! Ертіс-Баян өңірінде өмірге келген жырларымның болғаны қазақтың қаламгер қызы ретінде мен үшін де зор қуаныш екенін жасырмаймын. Бүгінгі күн – ертең тарих екені анық болса, сол тарихи сәттердің, тағылымды мезеттердің куәсі болып күн кеше берейік. Өлең дейтін ең аяулы серігіміз ғұмырлы болғай!
Сұхбаттасқан Еламан ҚАБДЛӘШІМ,