Ырысбек ДӘБЕЙ. КӨР ҚАЗУШЫ

Бақытты әрі бай Отанды сүю ұлы дүние емес.

Сіз оны әлсіреп, ұсақталып, қорланып, тіпті ақылынан айырылып,

азғындыққа ұшыраған кезінде сүйіңіз. 

Васлий Розанов

 

Бағана басына ілінген шырақтар жарқырып, аумақты анық көрсетеді. Айқыш-ұйқыш релстер екі тарапқа сымдай тартылып, жылан бауырындай жалтырып барып түнге сіңеді. Ескен желеміктен қаңтардың демі сезіледі, бет қаритын ызғар бар. Шағын станцияның әр жер-әр жерінде қысыр кеңес құрып, ұйлыққан адамдар тобы көзге түседі. Тамақ салған ыдыстарын тас қып орап, жылтырап қатқан қар үстіне қойған әйелдередің жағы сембей, әр нені қаузайды. Түрлі сусындар тиеген шағын қоларбасына құйрығын қойып, шұқшиып телефонға тесіліп отырған ересек балалар да тұс-тұстан байқалады.

– Пойыз тоқтайды екен дегені рас болды, – деді қартаң әйел дауысы қарлығып.

– Рас емей, не? Әйтпесе өтетін еді, қанша сағат жүрміз мұнда! Мынаның бәрінің рәсуасы шығатын болды, – деп жастау келіншек жердегі ораулы ала сөмкесін иегімен нұсқап, кеберсіген ерінін жымқырып, аяқтарын бір-біріне соқты.

«Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны». Бала-шағаң жейді. Несіне таусыласың, – деді қартаң әйел.

– Сонша бананды жем қылатындай байдың қатыны дейсіз бе! – деп күлді жастау келіншек. – Осының өзін орталыққа барып, қарызға алам ғой. Қарайып кететін болды.

– Ой, әдірам қағыр! Ердің құны емес, еңсеңді түсірмесейші! Мына дүрбелеңнің сиқы жаман, ел аман болсын...

Күлан кішкентай қоларбасын сүйреп, ұйлыққан топтан ауаша шықты. Қатты тоңғаннан қалтырап та кетті. Қолғаптың ішінен икемге келмей мұздаған саусақтарын қыбырлатып, алақанын аузына төсеп, арба сүйреген қолын жиі-жиі ауыстырды. Шағын ауылдың әр тұсынан үрген иттің дауысы естіледі. Ол вокзалға тақау алаңқайдан кесіп өтіп, тар көшеге бұрылды. Қарсы қалтарыстан бір-біріне сүйеніп, әзер ілбіген екеу өтті. «Несіне жетісіп ішеді екен осылар?». Күлан сәл жүріп барып тоқтай қалды. Артына бұрылып зілсіз ашумен:

 – Әй, қарақтарым! Түрлерің жаман, бір жерге құлап, қоқиып қатып қалмаңдар аязда! Қайтыңдар үйлеріңе! – деп айқай салды. 

Тілін шайнап, былдырлаған екеудің не айтқанын ол естімеді. Басын шайқап, тар көшемен әрі қарай жүрді. Көшенің орта тұсындағы кішірек ауланың ашық аласа қақпасы желмен тербеліп, қиқыл-шиқылы төңіректі тінтеді. «Осыны дұрыстап жауып қойса қайтеді» деп күбірлеген Күлан қақпаны жапты. Қыңсылап кеп аяғына оралған итінің арқа-жонынан сипады.

– Жолдыаяқ, қазір тамақ берем. Сенің Құдайың берейін деп тұр бүгін.

Ол арбаға таңып байлаған сөмкесін алып, үйге кірді. Кіре берістегі көмір иісі қолқаны қабады. Өлеусірей қызарып аздаған шоқ қалған пешке қолын жылтып, ыс торлай бастаған аласа төбені бір шолып өтті.

– Мама, сен бе?!

Арғы жақтан Ермектің дауысы естілді.

– Иә, мен. Пешке от сап қой, өшейін деп тұр. Күн қатты суық.

– Қазір, мама!

Киініп, ішкі бөлмеден шыққан Ермек:

– Ойбу, мама! Қатты тоңып қалған жоқсыз ба?! Бетіңіз қызарып кетіпті. Қазір газға шай қойып жіберейін, сосын жағам отты, – деп қолына шәйнек алды. – Пойыз жүрмейді деп айттым ғой сізге, ертерек қайтпадыңыз ба!

Ол Ермектің жұқалтаң жүзіне қарап: 

– Біреу жүреді, біреу жүрмейді деген соң кетпей тұрып қалдық. Сонша тамаққа да обал, иттің жемі боп, – деп баяу күрсінді. – Арғы күні әлгі кредиттің де несі келеді...

Күлан жуынып-шайынып үстел шетіне келіп отырды. Шай демдеп, тықырлатып от жағып жүрген Ермекке:

– Шайға кел, балам! Андағы жердегі сөмкені ала келші! – деп дауыстай сөйледі.

Бір кесе ыстық шайды үрлеп ішкен Күлан сөмкеден пакет тола пирожки, пластмасса ыдыстардағы бұқтырылып пісірген ет пен картопты шығарды.

– Азғантай-ақ жылтыңызшы, мама, – деді Ермек. 

– Неге?

– Түсте де жегем.

– Пойыз жүрмесе, әлі бір апта жейсің, – деп күлді Күлан. – Холодильникке салам да, күнде шетінен жылтып берем. Жолдыаяқ үшеуіміз осыны қаужал қыламыз енді.

– Бірер күнде пойыз жүре қоймайтын секілді, қиын боп жатыр.

– Осыған әкелді ғой өздері. Бір күн пойыз тоқтап еді, өткен-кеткен пойызға тамақ сатып, күнін әзер көріп отырған мына кішкентай ауылдың жұрты малы жұтап, ақ таяғына сүйеніп қалған бейбақ қойшыдай күйге түсті, – деп Күлан күрсініп жіберді. – Әкең марқұм тірі болғанда сені бір жерге орналастырар еді, әттең. Дұрыстау бір жұмыс табылғанша өткендегі Нұрлан көршінің ұсынысынан бас тартпауың керек пе еді.

Ермек шайға шашалып қалды. Аузы-басын сүртіп, басын шайқай берді.

– Неге басыңды шайқайсың?

– Ой, мама! Қойыңызшы, енді көр қазбағаным қалып еді. 

– Қаз, не бопты! “Есектің артын жусаң да мал тап” демей ме! Нұрлан ескі болса да машина алып алды, табыс деген сол.

– Ол жұмыстың да оңып тұрғаны шамалы. Нұрлан ағамен сөйлескем.

– Не дейді? 

«Жұмақ жолы»деген көр қазуды заңдастырып алған компания ғой оның жұмыс істеп жүрген жері. Мен оны сізге жақсылап түсіндірейін. Үш-үштен бірігіп, онда пәленбай адам жұмыс істейді. Яғни, үш адам бірігіп көр қазады.

– Ал?

– Компания план қойып қойған. Үш адамның бір айда қазатын көрі жиырмадан аспаса, айлықтарынан ұстайды.

– Астапиралла! Не дейді!?

– Адамдардың өлімін тілеп, мазарат күзетпей-ақ қояйын. Мына ковит деген бәле тарағаннан бері пландары жақсы орындалатын бопты, машина мінгені сол ғой, – деп Ермек қосулы тұрған теледидарға елеңдей қарады. – Тоқтай тұрыңызшы, қанша мың террорист дейді? Естімей қалдым.

– Не дейді?

– Елімізге өте көп террорист шабуылдапты. Олар жаман. Жарады, қиратады. Оншақтысының өзі бір қаланы тікесінен тік тұрғызады.

– Құдай сақтасын.

Алыстан ұлыған иттің дауысы естілді. Созылып барып үзілген зарлы дауыс сәтке тынып барып қайта қоздайды. Терезеге елеңдей қараған Күлан:

– Мынау біздің Жолдыаяқ емес пе? – деді.

– Жоқ, ол жаңа есік көзінде жатқан. Алыс көршілердің бірінікі, өз басына көрінсін. Айтпақшы, мама!  

– Ау?

– Дос балалар звондады. Бір-екі күнде бітетін үйдің ремонт жұмысы бар екен орталықта. Ертең ертемен солай шығайын деп отырмын.

– Қоя тұрсаң қайтеді, балам. Пойыз тоқтады, жағдай қиын секілді. Жаңа тағы бір бәлелер кепті дедің. 

– Алаңдамаңыз, орталық жақын ғой. Барам да келем. Тура кредиттің уақытында бұл да жақсы болды... 

* * *

   Күланның телефоны безілдеп қоя берді. Ол экран бетіне үңілді де, асығып-аптығып телефон алды.

– Алло, балам! Аман-сенсің бе? Кештен бері сені ала алмадым. «Жетіп алдым» дедің де жоқ болып кеттің.

– Мама, біз енді жақсы өмір сүреміз бұйырса. Жақсы өмір сүреміз, мама! Шеруде жүрмін. Мұндағы халықты көрсеңіз, теңіздей толқиды...

– Шеруің не, балам?! Балам!..

Телефон дит-дит етті де, үзіліп кетті. Күлан бір отырып, бір тұрды. Үйдің ішінде ары-бері жүріп, байыз таппады. Терезеге келіп, сыртқа құлақ түрді. Жел азынап тұр. Алыстан ұлыған иттің дауысы естілді.

– Әй, мынаның жағы бір сембеді ғой, жағың қарысқыр! Қара басыңа көрінсін, бұралқы неме!..

* * *

Күлан көрер таңды көзбен атырды. Күре жолды қанша тосса да, орталыққа апарар көлік болмады. Құлазыған қара жолға қарай-қарай кешті де батырып, тізесі дірілдеп амалсыз кері қайтты. Шілдің боғындай шашыраған шағын аулды шарлап, әр үйдің есігін қақты. Жалынып-жалпайып жүріп көлігі бар қарт шопырды көндірді. Ертесі түс қиған мезгілде орталықтағы ауыл таксилері тоқтайтын алаңқайға келіп кідірді. Төңірегі түгел базар, қайнап жататын аумақ тып-тыныш. Ауадан ашқылтым күкірт иісі мүңкиді.  Анда-санда қиыс шеттегі үлкен көшеден әскери машиналар мен патрульдік көліктер жүйткіп өтеді. Күлан қатты келіп, шиқ етіп тоқтаған машинаға қарап аңырып тұрып қалды. Іштен атып шыққан Нұрлан оған қарай далбақтап жүгіріп келеді.

 – Апа, жүріңіз, машинаға отырыңыз! Болыңыз тез, апа!

Күланның жанына жүгіріп жеткен Нұрлан оны қолтықтап ала жөнелді.

– Ой, айналайын! Не болды?! Ермекті іздеп келдім. Оны көрмедің бе?

– Сосын айтам. Тез машинаға отырыңыз, – деп Нұрлан машинаның артқы есігін ашты.

Жабағы мұртын ақ шалған, дембелше келген Нұрланның өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Қанталаған көзі бұлаудай болып ісіп, мұрнын қорс-қорс тартады. Дөңкиіп келіп рөлге отырды да, көлікті орнынан оқыс қозғады.

 – Мені қайда апарасың?

– Ауылға.

– Ауылы несі! Әзер көлік тауып, қазір жетпедім бе! Ермекті іздеп келдім. Айтсаңшы енді, оны көрдің бе?!

Күлан иығы солқ-солқ етіп Нұрланның егіліп жылап келе жатқанын ту сыртынан сезді. Қаладан шыға берістегі кең жолдың шетіне тоқтаған Нұрлан:

– Адамдар қойша қырылды. Көр емес, траншея-акоп қаздық. Тұмшалап орған мәйіттерді сонда көмді. Біреуінің беті ашылып қапты, көрдім... – деп рөлді құшақтап, еңкілдеп жылады.

– Жұмбақтамай айтшы, қарағым! Кімді көрдің? Ермек пе? – деді Күлан дауысы дірілдеп.

Оның ұмсынып, Нұрланның иығынан тартпақшы болған қолы сылқ етіп түсіп кетті...