
1. Шығармада мәлім болған бүкіл деректерді жеткізіп, қылмысты ашу үшін із кесуші мен оқырманға тең мүмкіндік туғызу қажет.
2. Қылмыскердің қарапайым адамдарға ұқсамайтын өмірлік философиясы, ойлау логикасы, тіпті, принципі де бар. Мысалы, қалта тонауды кәсіп қылған ұрылар еш уақытта да кісі өлтіруге бармайды. Мұндай деректерді білу - өте маңызды.
3. Махаббат тақырыбын араластыруға болмайды. Детективте оқырманды басқа нәрсеге алаңдатпай, қылмыскер мен із кесушінің арасындағы ойынға айрықша назар аударған абзал.
4. Өз ісіне берілген із кесушілер мен тергеу ісімен айналысатын кәсіби мамандардан қылмыскер жасауға болмайды.
5. Оқырманды сендіру үшін қылмыс бұлтартпас дәлелдер мен логикаға сүйеніп ашылуы тиіс. Кездейсоқ жағдайда оның бетінің ашылуы мен қылмыскердің өз күнәсін оңайлықпен мойындауына жол бермеген дұрыс. Жазадан құтылып кетуі үшін қылмыскер соңғы мүмкіндігі қалғанша күресуі тиіс.
6. Детективте, барлық дәйектерді ықтиятты зерттеп, ұсақ-түйек детальдарға шейін мұқият қарап, қылмысты ашу үшін бар өнерін салатын із кесуші, міндетті түрде болуы тиіс. Із кесушіден терең ойлы философ жасаудың қажеті жоқ. Ол бар-жоғы өз ісіне жан-тәнімен берілген - кәсіби маман.
7. Детективте міндетті түрде кісі өлімі болуы тиіс. Бұл детективтің - ең басты шарты.
8. Детективтік шығармада қылмыс жасарда болуы мүмкін емес жағдайлардың орын алуына жол бермеу керек.
9. Детективтік туындыда қылмысты ашатын бір ғана із кесуші болуы тиіс.
10. Қылмыскер оқырманға мінез-құлқы таныс, шығарманың бас кейіпкері болуы қажет. .
11. Детективте үйдегі қызметшілердің бірін қылмыскер қылып шығаратын оңай тәсілге бармаған дұрыс.
12. Қылмыскердің де сыбайласы болуы мүмкін екеніне қарамастан, оқырман назарын ең басты, жалғыз қылмыскердің іс-әрекетіне аудару қажет.
13. Детективте құпия қылмыстық топтар болмайды. Детектив дегеніміз, оқырман мен жазушы арасындағы инттелектуалдық ойын.
14. Кісі өлтіру де, оны зерттеу әдісі де ақылмен түсіндіріп, ғылыми тұрғыда негіздеп бере алатын қисынға сүйеніп жазылуы керек.
15. Детективте зерек оқырман кімнің қылмыскер екенін шығарманы оқу барысында тауып қояды. Жақсы детектив бір жағынан өз түйсігін тексергісі келген оқырман үшін жақсы сынақ. Детектив адамның ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететін, әлемдегі ең көп оқылатын - бірегей жанр.
16. Детективте әдебиеттегі модернистік, постмодернистік ойындарға жол беруге болмайды. Онда бәрі қарапайым, айқын, түсінікті болуы тиіс. Сондықтан да ірі суреткерлер детектив жазбайды.
17. Қылмыскерден қолы қанға малынған жауыздың бейнесін жасауға болмайды.
18. Қылмыстың құпиясын қайғылы жағдаймен немесе қылмыскердің өзіне қол салып өлуімен түсіндіруге болмайды.
19. Детективке халықаралық интригаларды араластырып, қылмыскерден Отанына опасыздық жасаған шпион жасауға болмайды.
20. Детектив жазушы бәріне мәлім қарабайыр шешімдер мен идеялардан қашуы керек.
Амангелді Кеңшілікұлы